Одна из причин пристрастия людей к порочному – безделье. Когда б он возделывал землю, занимался торговлей, разве мог бы он вести праздную жизнь?
Абай Кунанбаев

Главная
Спецпроекты
Еділбек ДҮЙСЕН

Еділбек ДҮЙСЕН


Алматы қаласы.

ШЫРАҚ

                         

                         (Диптих)

 

І. Түрмедегі хәл. Ақын сөзі

 

                       «Бөгелмей жазып өлем, сен оқып өл».

 

Шалдар сепкен біз-дағы үміт, арман-дүр,

Ертеңінің бұлыңғырлау дерегі.

Секпіл құмды түйрелейді ақ жаңбыр,

Жалаңаштап алмақ болып Көнені.

 

Мен де өлемін,

Ақ жаңбырдай дүр еткен,

Айтып тұр ол дүниенің «бір кемін»

Бәлкім, мені шығар ма деп түнектен,

Терезесін ұрып тұр-ау түрменің.

 

Қанатының сусылына құстардың,

Ілеседі,түрме кезген зар әлгі.

Қабағындай түнеріңкі дұшпанның,

Ажалымның жанарындай қараңғы

 

түрме іші.

Үрей сөйлер ұрланып:

«Жадтан көшіп, мұтыласың» деп тіптен.

Көр ішінде Уақыт жүрер зыр қағып,

Менің атам- Қорқыт шалды көп күткен.

 

Мына шынжыр тарихты еске түсірер

Көп үзілген, көп жалғанған дәмесі

Шіл боғындай шашырамас үшін Ел,

Жындыағысқа қарсы жүздім. Бары осы.

 

Жеңілмедім. Ең дұрысын Ел білер,

Менен соң да құйылады сан ағын.

Қутақырдан құм уыстап, жел жүрер,

Қарағанға жыртып қашып балағын.

 

Шапқы еді туған елдің шырағы,

Толқындары-

Тұрып қалып құз сынды.

Алақанын көкке жайып тұрады

Жаратқаннан бір ұл сұрап біз сынды.

 

 

ІІ. Мінбедегі зар. Ұрпақ сөзі

 

                                    Тәңірі жаққан шамшырақ

                                    Су құйсаң да өшпейді.

 

                                                         М. Дулатұлы

 

Әй, әй, жүрек, әрайна!

Әй, әй, жүрек, әрайна!

Қоя тұршы бір уақ зәрің шашпай маңайға!

Қарғасаң да дүниені, қарға адым жер бастырмас,

Жазса тағдыр- талайға, қолдан келер жоқ айла!

 

Таңжарықтай бабам да, бірде суып, бір ысып,

Өз жерінде тарығып, өзек өртер мұң ішіп

кеткен жоқ па дүниеден, мынау соқыр әлемнің,

жесір жалғыздығымен өле-өлгенше туысып.

 

Бас жарылмай...

Көз шықпай...

Зарды кешіп... жан шыдап,

Жүрегіңнің көз жасы қаламұштан тамшылап

өтсең де бұл жалғаннан! Арман бар ма, шіркін-ай

Жанып тұрса молаңнан Өлең дейтін шамшырақ!

 

Өлең дейтін- көбелек.

Балаласа өңешке,

Нәзік Назым нәфсани Ібіліспен егеске

түсіп кетіп... ақыры, мерт қылар-ау ақынды,

Сосын, сірә, апарар баба көмген белеске...

 

Жыр өлмейді сонда да!

Сөз өлмейді, құлдығым!

(Аққан жұлдыз- ақындар, тескен түннің түндігін)

Жалған сөйлеу маңдайға жазылмас-ау оларға,

Хақиқаттың қылышы кескеннен соң кіндігін!

 

... Беу, Таңжарық! Жан баба!

Демеп жібер мені де,

Тай жетектеп келіп ем Ұлы Сөздер еліне!

Кәусарынан Өлеңнің таңдайыма тамыз да,

Дарияңның басын бұр жүрегімнің шөліне!

 

Ұғынамын жаныммен!

Балаға ауыр бұл майдан,

Тәңір көзі түспесе жазды дейсің жыр қайдан!

Сөз жолына жетекте!

Есімді алдың ендігі,

Сөзің күндіз көмейден, өзің кетпей түнде ойдан!

 

Маған қонды көгершін, жазып тағдыр- талайға,

Азаттықтың ақ таңы нұр төгіп тұр маңайға.

Азаттық бар-  Өзің жоқ!

Тәңір солай жасады,

Тәңір етсе пендеде қолдан келер жоқ айла!

 

Әй, әй, жүрек, әрайна!

Әй, әй, жүрек, әрайна!

 

 

 

             * * *

 

Ай арылттым...
Жыл жеңілттім...
Жол қарап,
Тұнжырайды төбемдегі Ай қорғалап.
Қара тасқа тамып жатыр тағдырым,
Жапырақтың жанарынан сорғалап...

Жапырақтай жүрегің бар гүл- еркем,
Өзіңді ойла!
(мені қойшы... күнелтем...)
Балпаң басып, балағына сүрініп,
Күз келеді күні ертең...

Мұңды тыным.
Түн- күпінің ілгегі
шешілмепті.
Ашылмапты бүрлері.
Жұлдызы жоқ не бір буаз айы жоқ,
Сонша соқыр түн бе еді?!

Сарсылтты ғой...
Қашан атпақ таң сығыр?
...Қырық бір тас санап отыр балшы қыр...
Тылсым тұнған таңдайына түнектің,
Тамып кетті тамшы нұр...

Тұршы, таң атты!..

 

 

 

SCOTOPHOBIA. БЕЗГЕК

Құс жолы бүрлеп төбеңде 
бейне өрік талша.
Бейне өрік талша елітер күйге еніп те алса-
Табаныңнан кеп түнде Өлім қыдықтайды екен,
Мәнсіздігіңнің ішінде кейде өліп қалсаң...

Мен жалықсам да ғұмырдан...
Жол арымаған...
(Жол арығанша шалдықпау жөн еді маған)
Қанша пәруана болса егер шамдалда өртенген,
Соншама үміттерімнің обалы маған...

Білерім осы!
Білгенім- құндағы жырдың. 
Тәлейі шығар бұйыртқан бұл да ғұмырдың.
Оңай деймісің маған да, бауырыма да,
солғанша сору емшегін құрғақ іңірдің?!

Мың жылда бір рет қанбаған Іңірдің шөлі, 
Тынады болып ақыры жырыңның соры.
Іңір мен Таңның ортасын адақтап жүрген,
Шамасы, былай бітеді ғұмырдың соңы:

Ақындық құштар Тәңірлік сезімге ұласып,
Қайыршының да алдында сөзің жуасып.
Күнұзағына ғайып боп, сабыла іздеген,
Артыңда тұрар көлеңкең көзіңді басып...

Иә, осылай!

 

 

Оставить комментарий:
Captcha