Одна из причин пристрастия людей к порочному – безделье. Когда б он возделывал землю, занимался торговлей, разве мог бы он вести праздную жизнь?
Абай Кунанбаев

Главная
Открытое мнение
САРЫ КҮЗДІҢ ШАТТАНДЫРАР СӘТТЕРІ АЗ...

ОТКРЫТОЕ МНЕНИЕ

23 августа 2017
4379
0

САРЫ КҮЗДІҢ ШАТТАНДЫРАР СӘТТЕРІ АЗ...

ГҮЛ КӨЙЛЕК

 

Алаулатып қиялының әр-өңін,

Қызыл түспен безендірген әлемін.

Талғамым да өзгеше ме, білмеймін,

Қызыл түсті ұнататын жан едім.

 

Талғамым сол, мүмкін соған сай өрем,

Қызыл түспен тым ажарлы ғой әлем.

Маған салса жердің бетін түп-түгел,

Қып-қызыл қып жасандырып қояр ем.

 

Бір бұлқыныс пайда болып кеудемде,

Сұлулыққа арбалам-ау мен демде?

Бір өлеңді арнағым кеп тұрады,

Қызыл көйлек киген қызды көргенде.

 

Жыр жазамын, бөтен ойсыз, желіксіз,

(Сұлуларсыз мына ғалам көріксіз)...

Сенің қызыл көйлегіңді көргенде,

Қаламымды қолыма алдым еріксіз.

 

Теңеуін де таппай әсем бейненің,

Жыр-шумақтар кестеленіп кейде өрім.

Елеңдетер өң түгілі түсте де,

Сенің сол бір гүлдей қызыл көйлегің.

 

Тыныш таппай өз-өзімнен шарқ ұрып,

Ой түбінен шыға алмаймын малтығып.

Кейде-кейде баз кешемін бәрінен,

Сені мүлдем ұмытуға талпынып.

 

...Шектен шығып кете алмаймын тым ары,

Сөйлесуге жігерім де құм әлі...

Қалғып жатқан сезім кетсе оянып,

Бәріне сол қызыл көйлек кінәлі...

 

*  *  *

Жан-дүнием бірде жаңбыр, бірде сел,

Пендемін бе мәңгі осылай күн кешер?

Көңілімнің қалың бұлты сейілмей,

Ертелі-кеш жаудырады-ау бір нөсер?

 

Тағдырына қоя алмайтын талапты,

Мені бәлкім, әлсіз етіп жаратты.

Жоғалтқаным табылмайды-ау қайтадан,

Кері қарай бұрсам-дағы сағатты...

 

Сырғысам да жоғарыдан, төрден көп,

Ешкім қолын ұсынбайды-ау өрден кеп.

Қарсы алдымнан шығады да жатады,

Қателігім қайта-қайта көлбеңдеп.

 

Ғұмырым-ай, қарайламай желетін,

Болашағым көрінбейтін неге түн?

Бірімін бе тиянақсыз пенденің,

Жоғалтқанын таппай қала беретін...

 

Тар дүние-ай, ажар қашқан, көрік кем,

Әлімсақтан сен осындай болып па ең?

Талпынысым тау қопарар болса да,

Шарасыз қып қалдырасың, неліктен?

 

Шиыр жолда,  бірде — сабақ, бірде — сын,

Менен бақыт аулақ салып іргесін:

Жоғалтқаным аз емес қой өмірде,

Жоғалтарым одан көп боп жүрмесін...

 

АЛЫСТАҒЫ АРМАН

Жанарыма үйірілген шер-мұңды,

Сиретем деп жігерім де болдырды.

Елеңдетіп, алаңдатып өзіңе,

Алабұртып қоясың ғой көңлімді.

 

Кім біледі, сезім мына арсыз ба?

Сергелдеңін аз тартпадым онсыз да.

Адасумен келем әлі арманнан,

Мен қалайша түсіп кеткем жолсызға?

 

Көз ұшында көмескілеу сол жарық,

Жеткізбейді, жетер едім — жол жабық!

Сирек келер хабарыңа алданам,

Қуанамын әлдеқандай олжа қып.

 

«Қарайлашы...» дегенімді тыңдамай,

Сырғып өтті зымыраған жыл қалай?

Қиял қуып, таңды көзбен атырып,

Ойға батып өткен сансыз түндер-ай!

 

Құшағы мен мейірімі тар ғалам,

Таусылмайтын тұзағыңа қармалам.

Мағынасы, мәні қашқан, тартымсыз,

Жырларыммен мен қашанғы алданам!

 

Солғын тартқан әлемімнің шырайы,

Көңілімді қалдырады ұдайы.

Алдамшы өмір, дүние жалған шығар-ау,

Бірақ, менің сезімдерім шынайы!

 

ТАҢҒЫ СӘЛЕМ

Жаңа өмірге бастаған қанша мені,

Шығыс жақтан жетеді таң сәлемі.

Ақ арманға жетелеп әрбір тәулік,

Ертеңіме бастайтын жол сап еді.

 

Арманымның жалынан келем қармап,

Түнгі ойларды жүрмейтін менен даулап –

Қарсы аламын бүгінгі таң шапағын,

Алыстағы аруға өлең жолдап.

 

Салқын шақтар, тоңдырар, айнала Күз,

Түн баласы көз ілмей ой бағамыз.

Ой бағамыз, не жайлы ойланамыз?

Қалай қарай бастайды сайраған із?

 

Сауалым көп...

Өткенді парақтадым,

Сандалумен текке өтті сағаттарым.

Түн мезгілі жаудырған сан сұрақтың,

Таңнан іздеп көрейін жауаптарын.

 

Әй, шешуі табылмас мың күнде де,

Тілсіз ғалам, мендегі мұңды үрлеме.

Әрі таныс, бейтаныс бір аруға,

Қайта-қайта жыр арнап жүрмін неге?

 

Мейлі, әулие болсаң да, сен көріпкел,

Жауап іздеп мұңыма сенделіп көр.

Жүрегіме өшпейтін із қалдырып.

Муза қызға айналды-ау сол кейіпкер.

 

Шамасы жоқ ғұмырдың қарайлайтын,

Қызық шығар бұл жалған солай бәлкім?..

Таңғы тірлік, күйбеңің басталады,

Уақытың да болмайды мені ойлайтын...

 

Жырдан өзге тартуым бар ма менің?

Бар болса да көрсетпес арман өңін.

Сезімімді суытпай жеткізер ме,

Саған қарай аттанар таңғы өлеңім...

 

ЕШКІМ КЕЛІП КҮРЕСПЕЙДІ СЕН ҮШІН...

Тағдырынан тәлкек көрген едәуір,

Мұңын шақты бір келіншек, жолы ауыр.

— Жастық шағым тіптен бөтен өзіме,

Бақытыма бола алмадым қарауыл...

 

Жігер-күшім болғанменен өте нық,

Жүре алам ба қиындықты көтеріп?

Шалыс басып, адасқандар көп шығар,

Ал менікі орны толмас қателік...

 

Суық еді мен аттаған босаға,

Бақытым да қалып кетті тасада.

Арманымнан, мақсатымнан адастым, —

Осылай деп ақтарылды жас ана.

 

...Таныс мұң ғой, басында бар талайдың,

Бірақ, оған қалай селқос қараймын?

Жұлым-жұлым жүрегіңді жұбатып,

Көңіліңді қайтіп жасқап-жамаймын?..

 

Жан ауыртып ойласам да қамыңды,

Жадырата аламын ба жаныңды?

Төтеп беру үшін мына тағдырға,

Болу керек шығар, мүмкін сабырлы...

 

Батпан-батпан салмағы бар сансыз жүк,

Кейде солай жібереді әлсіз қып.

Арпалысы таусылмайтын өмірде,

Еш пендеге жараспайды қамсыздық.

 

Тағдырыңнан мейлі қорған, қорғанба,

Жете алмай да қалсаң тіпті, арманға,

Мойымау да керек шығар ешқашан,

«Әр нәрсенің қайыры бар» жалғанда.

 

Бәлкім, алда шығар нағыз жеңісің?

Өзгертерсің өміріңнің желісін.

Өз ғұмырың өзіңдікі ғана ғой,

Ешкім келіп күреспейді сен үшін...

 

* * *

Жігер берер сөз бен ақыл күткенмен,

Мұның бірін айтқан жоқпын, тіптен мен.

...Көп ұзамай хабарласты жас ана,

Бір өзгеше көңіл-күймен тіктелген.

 

— Тағдырыма кеткен шығар бір есем,

Әлсіздігім болар соған жүдесем.

Басқаларға міндетімді артпаймын,

Перзенттерім үшін талмай күресем!

 

...Менің ішкі ойымды оқып қойғандай,

Өз жолымен кете барды ойланбай!

Бақытына талпынғаны дұрыс қой,

Өтер-кетер қиындыққа алданбай...

 

САП-САРЫ САҒЫНЫШ

Сағынамын...

Сағынышым сыр емес,

Сейілмей-ақ қойды мына түнек еш.

Сонау шыңның сеңгірінен қол бұлғап,

Саған қарай шақырады мың елес.

 

Сары күздің шаттандырар сәттері аз,

Сезім буып, бола алмаймын текке мәз.

Сен алыстап кетсең-дағы қашыққа,

Саған тіпті білдірмеймін өкпе-наз.

 

Солған сезім...

Солған сары жапырақ,

Сарғаяды жүрегімде жатып ап.

Сен жоқ жерде қыркүйек те көңілсіз,

Сары күздің аурасы да жатырақ.

 

Сарғылт сазбен алмасады жазғы әнім,

Сағынышым, әлсіз шоқ боп маздадың.

Сап-сары күз қозғамады көңлімді,

Сен оқитын ештеңе де жазбадым.

 

Солғын тартар қауыз ашып өскен гүл,

Сырғып өтер сап-сары мұң кешкен жыл.

...Сенің биік талғамыңмен үйлеспес,

Сезім сөніп, от-жалыны өшкен жыр...

Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ

Поделиться:
     
Оставить комментарий:
Captcha