Одна из причин пристрастия людей к порочному – безделье. Когда б он возделывал землю, занимался торговлей, разве мог бы он вести праздную жизнь?
Абай Кунанбаев

Главная
Открытое мнение
АҚИҚАТШЫЛ АҒАМА

ОТКРЫТОЕ МНЕНИЕ

01 ноября 2020
886
0

АҚИҚАТШЫЛ АҒАМА

Ағаға баймын. Әр ағамның өз биігі, орны мен жолы бар. Мен бәріне баға бере алмаймын. Бірақ, анығында рухыма тек біреуі  - шын ағам, өз ағам, толыққанды ағам. Қалғандары - тірі, тек ұйқыдан әлі оянбады… Биыл оянбас. Уақыт келмейді, өтті, кетті, бітті! Жіберіп алды... Әрине, есебі бар, әсте сұраламыз.

Ақиқатқа көз жеткізу - жеңілдік. Ақиқатына көз жеткізген соң адамның өмірі, жолы реттеледі. Әйтпесе, бейне бір тұманда жүргендей боласың. Кейін тұман сейіледі. Қай жерде не барын көре бастайсың...
 

Көре бастамағаннан кейін шығар, басқаларына бауыр қазір керек болмай тұр. Олар үшін туғанның, бауырдың құны бір кг картоппен тең. Маған олардан көршілерім Зәмзәгүл тәте мен Бөкен аға жақын... Олардың жан-сарайларына саяхаттап көрмеген соң ақиқатын әсте білмедік.

Оған тұрмысқа шыққан қыз қандай бақытты! деп сан қайталаумен болатын жеңгелерімнің бәрі де. Жүректері қатты қыз балалар мергендер сияқты жақсы азаматты алыстан танып, атып түсіреді яғни бірден баурап алады... Жиі көріп жүрмін. Десек те, таңдау - бізден!

Сыңарым екеумізге дәл ол секілді ешкім ешқашан риясыз, шексіз қамқорлық көрсеткен емес. Біздің ағаларымыздың ішінде бауыр, қарындас деген сөздердің мәнін тереңнен толық тек ол түсінеді, ол сезеді, ол алаңдап, уайымдайды. Қашан қарасаң да, ағалық міндеттерін ойдағыдай атқарғысы келіп жүреді. Жалғыз ниетін көріп-ақ бақыттан басым айналып, жүрегім шымырлап, шын разы боламын. Толқып тұрсам да, ішімнен дереу Шүкір-шүкір, шын шүкір еттім! Ризығы еселенсін-еселенсін. деумен-ақ әдетте шат-шадыман күнім өтеді. Мүмкін мәселе  - міндетте де емес, адамгершілікте шығар... Әйтпесе, көрген тәрбиелері, өскен орталары - бір. Өзгелері аталмыш қасиеттерді тек өздерінің отбасыларына ғана қатысты қолданады ма дейсің. Әр ата-ана ұрпағының бірлік пен бауырмалдықта, түсіністік пен сыйластықта тату-тәтті өмір кешкенін әсте қалайды. Менің де тым аңғал, ауздарын ашса жүректері көрінетін шексіз дархан әке-шешем соны қаламады дейсіз бе?.. 14 құрсақ көтеріп, бағбандар секілді баптап, бастарынан құс ұшырмай асыра өбектеп өсіріп-жеткізіп қызығын көрмей ерте қайтқан анам мен әкем ана жақтан қарап кімге өкпелейді?! Біздерге ме? Қоғамға ма? Өздеріне ме? Уақытқа ма? Заманға ма?

Қай тұрғыдан қарар еді? Сынақ деп қабылдап қана қоя салар ма еді? Әлде ұл-қыздарының барлығының үй-жайлары, күйлері бар, түні-күні елмен бірдей еңбек етіп, аман-сау ғұмыр кешіп жатқандарына алып-ұшып балаша қуанар ма еді? Меніңше, соңғы нұсқасы шындыққа жанасады. Ал кімдерге риза? Қызық... Әрине, мұндайда бас қатырмай көз жұма салып, түк білмегендей, көрмегендей, тіпті өмірі естімегендей өте шығу әлдеқайда ұтымды әрі жеңіл тәсіл емес пе? Табиғатыңнан әсершіл, сезімтал, шығармашыл, одан қалса философ болған осындайда зиян... Жо-жоқ, мән-жайды сараламасам мен өзіме риза болмаймын. Сөз иесі болған соң кейінгілерге сабақ болсын дейсің. Әрі жазу арқылы жазушы өзін емдейді. Менің дәрі-дәрмегім, емім қазір - осы, яғни жазу! Алдымен, бәрібір бір өзімнің жан рақатым үшін жазады екенмін...

Басқа әлем барын білмей барлық 11 жылдық мектептегі әр секундтарын тек оқуға арнаған, қазір де өмірлерінде білімді қақ төрге шығарған қос қарындастарының бұйырса сәті түскен күні жарып шығатындарына аға жүрегі сенеді. Мектеп кезінен бізді жастығына қарамастан өз қасынан тастамай әркез жетектеді. Ананың да, әкенің де рөлін сен теңдей атқардың. Менің анау-мынауға бағынбайтын бай мінезімді, шығармашылық табиғатымды түсінбесең де, жай ғана қасымда болдың. Сол - нағыз шаттық, сол - шын бағалы.

Еңбекқор ағам, сабырлы, төзімді ағам, сен ақиқатты сүйесің. Ақиқатты айта алмайтындар көп қой. Ал сен шындықты естімесең, күйіп кетесің. Шыншыл ағам, Раббымыздың алдында өзіңдей  ақиқатшыл пенделер ең жоғары дәрежеде екеніне сендім. Қасиетті Құранға сүйенсек, шүкір, шебер Алланың алдында қадірлісің, қалғаны маңызды ма? Өзгелердің көңілінен шықпаққа шыр-пыр етіп тырысамыз, олар не дейді екен деп не үшін бәйек боламыз? Анығында, бастысы - рухани деңгейімізді келесі сатыға көтеріп, Алланың махаббатына қауышу!
 

Иманың берік болған соң ғана қатегездік, сатқындық, қиянат көрсең де, дымыңды шығармай, міз бақпастан өттің.  Батылсың. Баһадүрімсің. Кейде бірақ заманыңнан кейін туғандай көрініп кетесің маған. Ал мен керісінше ерте туып қойған сияқтымын ба? Рухың мықты болса, ешқандай қара күш сені ала алмайды! дейтін рухани ұстазым. Соған берік сенемін. Сондықтан, жеңіс  - сенікі.

Еңбегің адал, біл, бар бақ-дәулетке сен лайықтысың. Бақсам, қарапайымдылықты маған өзіңнен үйрену керек еді, аға. Қарындасың әлі де тәккаппарлығын жеңе алмады. Өмірімдегі ақ пен қара таласында ара-тұра тепе-теңдікті ұстай алмай қала беремін. Бірқалыптылық пен тұрақтылықты да өзіңнен үйренсем етті. Талпынып жатырмын, жан аға...

Әділдік бар екенін әркез білші... Әйтпесе, кемшілік кімде жоқ? Әркімнің кемшілігі - өз сынағы. Оны біз көтеріспейміз. Мойындау да ерлік, минусты плюске айналдырмақ үшін тынымсыз жұмыс жасау тіпті ұлылық. Ал жүректің қаттылығы, пейілдің тарлығы, тар ойлау, эгоизм мен көреалмаушылық қасиеттері  - көбіне туа бітетін қасиеттер. Пейіл түзелсе, көңіл де кеңейеді, ал көңілі кең адам қалайда автоматты түрде өзгереді, түбі түзеледі.

Көңіл қалу, өкпе-наз, ішкі реніштерден біздер өз жолымызды өзіміз аяусыз жабамыз. Сосын не болып кетті өзі деп дегбірің қашып ұзын-сонар тоқырауға ұшырайсың. Ол шеңберден шығу оңай емес, физикалық тұрғыдан да оқыстан лезде қартайтып жібереді, денсаулық құрыған соң бітті. Одан да негативке кетірген энергиямызды, игілікке,  ізгілікке жұмсайық. Төңкеріп тастайтындай ашу қысқанда, бірден сабырлық сақтау - қиынның қиыны! Табиғатыңнан сабырлы болмасаң, оған өзіңді ұзақ уақыт жалықпай жүйелі түрде, тұрақты тәрбиелеу керексің. Бәріміз де рухани өскіміз келеді. Ұсақ адамдар тек мін іздеп, қаралықты көре берсе сол ұяларында, сол деңгейлерінде ұя басқан тауық құсап я тот басқан темірдей бұдан бетер қараланып қала береді. Ондайларды тек көр өзгертеді...

Алла  - махаббат көзі! Аға, адамдардың да, Алланың да махаббатына жетейік. Сол ниет бізді алға жетелесін. Бір қалауымыз - пайдалы болу! Иә, қашанда мейірімді, кең, пайдалы болайықшы. Жылулығымызды жан-жағамызға шашайықшы. Өмірде ғажап дүние сонша көп, сол жарқын сәттерді бір секундқа да естен шығармайықшы. Әйтпесе, кей-кейде әуелдегі жұмсақ жүрегімнің қатайып бара жатқанын сезгенде, өз-өзімнен шошимын...


Жақсылықтарыңыздың бірін де ұмытқан жоқпын, бәрі есімде. Сақталып тұр... Әке-шешеміздің рухтары сол үшін де Сізге, әлбетте риза, нұрланған жүректің иесі-жан аға. Дәстүрлі қарындастар секілді пысық емес шығармын, әйткенмен, өзіңді үнсіз қадір тұтатын, сүйетін, сыйлайтын бір бауырың бар. Туған күніңмен! Жан мен тәнің толықтай үйлесімдік тауып, жүрегіңде әркез тыныштық орнасын. Бар болшы, аға!

Көріп тұрсың, күнделікті өмірде өзіңе сіз деп қана сөйлесем де, мұнда жазу мәнеріме сәйкес сен деп кеткен тұстарым кездеседі. Мән бермей өте салыңызшы, аға, жарай ма? Еркелеткен өздерің, болды мені айыптама! десем? Әзілімнің түрі осы ғана. Иә, сен менің әйгілі Мақпал Жүнісоваға тән дәстүрлі күлкімді жақтырмайсың ғой. Қыз балаға жараспайды, білемін. Менде шектеу көп екен ғой, аға... Сонда сол себепті өмірді қиындата беремін бе? Одан да, кез келген кедергіден күліп жүріп, жеңіл өтіп кетпейміз бе?

Тек сол бір балалық қыңырлығыңның қалмағаны ғана өкінішті...

ЖАЛҒАСЫ БАР...


Поделиться:
     
Оставить комментарий:
Captcha
Добавить произведение