Одна из причин пристрастия людей к порочному – безделье. Когда б он возделывал землю, занимался торговлей, разве мог бы он вести праздную жизнь?
Абай Кунанбаев

Главная
Открытое мнение
ҚЫЗЫЛ АЛМА. Шыңғыс Айтматов

ОТКРЫТОЕ МНЕНИЕ

27 октября 2017
10350
0

ҚЫЗЫЛ АЛМА. Шыңғыс Айтматов

 

Зайыбына хат жазу жайын ойлап, Исабеков түнімен толғанды. Дүниенің азабы екен, қағаз бетін сөзге айналдыру бір сәрі, сезімге көшіру қандай қиын. Ол әбден дағдарды, әлекке түсті. Жай отырып ойласа, айтары ағыл-тегіл. Енді соны жазбақ боп, қолына қалам алуы-ақ мұң, тығырыққа тіреледі де қалады: неден бастамақ, немен аяқтамақ?

Жо, бірдеңе етіп мұның да амалын тапсын, көңілдегі көп кірбіңді серпіп тастап, ширыға сыр ашып, ақтарылып-ақ қалсыншы бір... Бірақ дәл осы халді анау қалай ұғар? Күйеуінің кеше мойындаған кінәсіз кінәсін шамданбай, шамырқанбай байыптай алар ма? Ерлі-зайыпты екеуі жан түсінбес ырғылжың күйге ұшырағалы, жіпсілең, аласабыр күндер кешкелі қашан! Ұядай жылы үй ішін азынаған ызғырыққа толтырғандай екеуі талай рет қабақ шытысты, бірін-бірі көрер-көзге бейкүнә жәбірлеп, біріне-бірі ап-ашық айыптар тақты. Ізінше, ері өзінше, зайыбы өзінше тұнжыр томсарып, үнсіз ымыраласқандай болды. Кешікпей от басы қайта түтіндеді, ұрыс-керіс қайта басталды. Тағы да түйінсіз толас тапты. Енді бірде тағы да... Ақыры, айықпас әуре-сарсаң екеуін де жалықтырды. Бүгінде екеуі де бір түрлі жібімес тоң көңілді, суық, тұйық, сырт көзге жұптасқан жұбайлар секілденгенмен, іштей өзара аулақ, ажырасқан адамдардай бір-біріне жат. Реніші көп парықсыз жылдар екі көкіректе екі айықпас өкініш, ашылмас мұң қалдырған-ды. Шіркін-ай, сонау бір тұңғыш табысқан тұстағы кіршіксіз көңілдер, ыстық ықылас-пейілдер қандай әсем еді? Қабақтар да қылаусыз, кірбіңсіз болатын. Сол күндер қайтып келер ме, жоқ па?..

Исабеков қатты толқып, өткен күндерін тебірене еске алды. Зайыбының кінәмшыл, күдікшіл құлқы — кейінгі жылдарда кездескен қырсық; оған себепші де мұның өзі, әйеліне сүле-сапа енжарлығы. Көп ішінде кім жоқ. Жұрт алдында әйелін жаңа көргендей ұшып-қонып, құрақ ұшып, әдейі шыбын-шіркей боп жүретін еркектер аз ба? Әлгі қырсықты асқындыра түскен де солар еді. Зәуде бір конақтықта боп, үйге оралған жағдайда әйелі Исабековке:

— Көрдің бе, қандай әйелжанды жігіт? Жұбайынан шығарда жаны басқа екен, — деп, шынымен тамсана сөйлейтін. — Келіншегінен кеш бойы көзін айырмады. Тіпті тізерлеп тұрып шұлығына дейін жөндеп берген жоқ па! Ал, несі кетті содан?

Исабеков әйелінің одан әрі не дегелі келе жатқанын айтпай түсінеді де, оның өкпе-назынан қалжыңдап құтылмақ болады:

— Несіне таңырқайсың? Мүмкін, үйде істеп жүргені түздегі әдеті шығар...

— Иә, қылжақтан басқа не білесің сен!

— Ау, қайт дейсің маған? Немене, саған жарамсақтануым керек пе?

— Жоға!.. Қажеті жоқ, қайтесің жарамсақтанып... Бірақ  бар ма сенде сергек сезім, жан жылылығы... Не десем екен... Сүйген адамға, тек бір ғана адамға арналған аяулы пейіл, ықылас деген атымен жоқ. Сүйгенім мені дәл өзімдей сүйсе, шын сүйсе, алаңсыз сүйсе!.. Міне, маған керегі осы ғана. Әйтпесе, тіршілік — рахат емес, азап. Солай емес пе? Сен соны ойладың ба?

— Білмеймін, не деп отырсың осы сен?.. Не деген күйкілік, неге керек осылар?.. Соған біз екеуімізде уақыт бар ма? Күндіз-түні сарылып, диссертация жазып жүрсің. Ал, әлдекім әйелінің шұлығын жөндесін; сенің соны көре қалғандай, соған таңдана қалғандай нең бар! Жарық дүниеде одан гөрі мағыналылау нәрсе болмағаны ма?

— Қойшы, саған сөзім шығын. Сен бірдеңе түсінеді деп отырған менде де ес жоқ.

— Мүмкін. Жоқ, олай емес, ол түсінеді; әйелі не айтып отыр, неге мегзеп отыр, бәрін түсінеді. Әшейін, ашық мойындамағаны болмаса, Исабеков әйелінің сөзінде әжептәуір шындық бар екенін де жақсы біледі.

Әрине, ерлі-зайыптылар бірін-бірге беріле сүюге тиіс. Исабеков те соны қалайды. Жалғыз-ақ, неге екені белгісіз, осы жігіттің өз әйелін қалтқысыз сүйер шағы алда секілденеді. Бұл бір түрлі, сол әсем шақты ылғи аңсап, күтіп жүргендей. Обалы не керек, әйелі де алаңсыз болуға татитын кісі: ақылсыз да, ажарсыз да емес-ті! Оның үстіне, екеуара бір бүлдіршін — Анар, Анаржан бар ғой!..

Исабеков жұрт көзіне өзі емес, әйелі көбірек түскенін ұнатады. Сонда оған өзгемен бірге өзі де сүйсініп, таласа көз тастайды: оның әйелге тән орынды ұяңдығын, ибалылығын, сыпайылығын түйсінеді. Әсіресе оның қимыл-қозғалысы, жүріс-тұрысы әдемі, өзге әйелдерден ерекше, бөлек.  Түзу аяғына біз өкше туфли жарасады, соны кисе кәдімгідей жасара түседі. Кейде ол ғылым кандидаты ма, докторы ма, ылғи бір зиялылар ортасында ұршықтай үйіріле би билейді; жұрт құмарта, қызыға қарайды; сонда оның өзі де әдеттен тыс құбылып, қыз күніндегідей түрленіп, бал-бұл жанып кетеді. О, Исабеков үшін бұдан рахат минут жоқ.

Дегенмен, Исабековтың зайыбын кәдімгі қарапайым қуаныштай табиғи, ешбір есепсіз, ессіз сүюіне әлдене кедергі болады да тұрады. Ол өзінің осы халін іштей түйсінеді; бір түрлі бұлдыр байлауға келеді: осынау көлденең кедергіден аттап өту үшін жанын жаңғырту, сезімін жаңарту қажет тәрізденеді. Сонда ол сонау жастық шағын аңсап, сол тұста аңдаусыз жоғалтып алған әлдебір қымбат дүниесін іздеуді, табуды армандайды.

Ендігі жерде Исабековке қалғаны — өз кінәсін (егер кінә деуге тұратын болса) бұлтақсыз мойындау ғана. Оның жөнін өзі біліп те жүр. Дей тұрғанмен, соның бәрі Исабековтың өзінен гөрі зайыбына жайсыз тиетін түрі бар. Ең қиын жері сол: мұның мойындауы, ағынан жарылуы әйелін сендіре ала ма? Сендірсе, дұрыс шешімге жеткізе ала ма? Қазір бұлар екі бөлек, екеуі екі жақта, кәдімгі ажырасып кеткен адамдар секілді. Ендігі хал не болмақ? Анау өз ойын, өз бойын жайлаған көп күдіктен біржола арылып, тазарып шыға ала ма, жоқ па? Осының өзі соның қолынан келе ме? Адам жаны дегенің кірпіштен қаланған қабырға емес қой... Егер жан тозаңынан тазару оның қолынан келмеді бар ма,бітті, бәрі де бітті! Онда бар үміттің бір-ақ үзілгені. «Жо-жоқ, бұл мүмкін емес. Бұл болмайды. Қайтсек те бір жол  табуымыз керек! Қайран тәңірі-ай, касірет екен ғой, қалжырадым-ау!..»

Исабеков сенделіп кетті. Бір отырды, бір тұрды; қолына қайта-қайта қалам алды, ақ қағазға әлдене жазды, қайта-қайта сызып тастады. Ақыры қаны қаша жүдеп, қалың шашы үрпе-түрпе боп, сырықтай шаншылып терезе алдында тұрды. Күзгі түнде адамнан арылып, құлази бастаған көшенің бұрыла беріс пұшпағында қызғылт көздерін жыпылықтатып, тормоздарын сықырлата, соңғы автобустар тоқтады.

Автобустардың жарық терезелерінен әр жерде екеу-екеуден иін тіресе отырып, жамырай күлген көңілді қыздар, жағаларын көтеріп, есікке таяу көңілсіз тұрған бірер жігіт көрінеді. Әлдебір бейтаныс жас жігіт көрші үйдің қызын қолтықтап, сыртқы есікке сан келіп, сан кетті: сірә, айырылысуға бірін-бірі қимайтын болса керек. Бұл көрініс Исабековтың көңілін ұмыт бола жаздаған уыз сезіммен тербеп, рахатты мұңға батырды. Қаланың сырт жағында биік қарауытқан тау үстінен жұлдыздай жымыңдап, жалғыз от корінді. «Шопан үйінің шұғыласы шығар» деп ойлады Исабеков.

Кенет ол басын бұлттай торлаған мазасыз ойдан мүлде арылып, анау жалғыз алауға барып, тамызық тастап, соның қышқыл-кермек түтініне мас бола тыныстап, өзімен-өзі оңаша отырғысы келді. Енді бірде, ол Анарын байқау үшін төргі бөлмеге кірді. Ай, Анаржан-ай! Үп-үлкен, сонда да көрпесін жөндеп жамыла алмайды, денесі тоңазып, ылғи ашық қалады. Бұл жолы тыныш екен әйтеуір, қыбыр етпейді, шырт ұйқыда: күні бойы қала сыртында, таза ауада асыр салған, шаршаған-ды. Иә, Анар ұйқыда, тып-тыныш; әкесіне бүгін қандай тынышсыздық әкелгенін қайдан білсін. Ой, Анар, Анаржан! Әке жанын ұйқы-тұйқы қылғанын қайдан білсін! Әкесінің дәл қазір өзі үшін де, Анардың анасы үшін де азапты екенін білер емес. «Жо, — деп ойлады Исабеков қызына қарап тұрып, — ең болмаса, сен тыныш үйықташы. Алдында сенің де талай ұйқысыз, ойлы түндерің күтіп тұрған-ды, тек асықпа, үлгірерсін. Одан кім қашып құтылар дейсің. Асықпа, рахаттанып ұйықтай бер, ұйқыңды қандырып ал, қызым, әзірге сен үшін мен ойлайын». Бағана, күндіз Исабеков қызын қала сыртына алып шыққан. Оңашада қызына оның мамасы мен өз арасындағы жайды асықпай айтып бермек еді. Зайыбының хат арқылы қойған қатал талабы да осы болатын. Жалғыз ақ, мамаң Москвада диссертация бабымен ғана жүрген жоқ, менен аулақтап жүр, сен қайсымызбен бірге тұруды қалайсың дегенді Исабеков қызының жанын көп жараламай жаймалап айтқысы  келді.

Осынау оқыс, жағымсыз әңгімені Исабеков қызына үйде емес, далада жүріп айтуды жеңілірек көрді. Не дегенмен, оған іштей сенді: Москвадан Ташкентке барып, ғылыми-зерттеу институтына орналасып, со жақта біржола мекен теппек боп жүрген шешесіне ермес, өз қасымда болар деп ойлады. Сөйтіп, Исабеков көпке созылған семья дағдарысын тындырмақ болды. Өзінен төсі қайтқан әйелін бұдан әрі жіпсіз байлағысы келмеді. Бір жолы әйелі сөз арасында: «Біреудің шын сүйіктісі болудан асқан бақыт жоқ қой», — деп күрсінген. Исабеков те шыдай алмады: «Солай шығар. Жоқ, солай шығар емес-ау, дәл солай! Ал, екеуіміздің шырғалаңымыздан мен қалжырап біттім, енді төзер түрім жоқ». Не істеу керек?..

Әкесі сыртта ойнап жүрген қызын шақырып алды:

— Анаржан, киін, қала сыртына шығамыз.

— Қала сыртына?.. — деп, Анар қолын шапалақтай қуана берді де, кенет таңданды: — Не үшін барамыз? Не бар онда?

— Әшейін, қыдырып қайтамыз. Күн жексенбі. Көше толы қимыл, қатты жүруге болмайды. Исабековтың «Волгасы» қала шетіне шыққан соң ғана жылдамырақ жүйткіді. Теп-тегіс асфальт жол екі қанатта қаз-қатар тізілген биік теректерді қақ айыра тау қойнына тура сүңгиді. Машина ағызып кеп, анау жол біткен жерден баурайға бір-ақ секіріп, ырғып түсетін тәрізденеді. Исабеков оқта-текте заңғар таудың қарлы шыңына ғана көз тастап, үнсіз отыр.

—Папа, ақырын жүрсек қайтеді? — деді Анар. Исабеков машинасын дереу баяулатты:

— Қорқасың ба?

— Жоқ, жай... — деп, Анар бетін терезеге қарай шұғыл бұрыпалды.

 — Сен ылғи қатты жүргенді жақсы көрмеуші ме ең? — деді Исабеков. Бұл сөзді Анар жөнді естімеген-ді: бұрылып қарамады, жауап қатпады. Исабеков қызының құнысқан кішкене жауырынына, күнге күйген қызғылт мойнына, қос қара тұлымына көз  жүгіртті. Өзі үнсіз, диванның шетіне сырғып, есікке жабыса қалыпты. Өзі әлденені қысыла, қинала ойлап отырғандай. Оқшау мінез! «Бірдеңе сезіп қап жүрген жоқ па? Ай, сірә, солай шығар-ау! Бала шіркін тым сезімтал ғой. Бірақ, сезсе, неге ештеңе айтпайды, неге ештеңе сұрамайды? Өзі бір түрлі тұйықтанып, өзгеріп бара жатқандай...» Исабеков өз ойынан өзі шошып, денесі тітіркеніп кетті. «Жә, қайдан сезсін, — деп енді ол өзін-өзі жұбатты, — Білмейді, білуге тиіс емес. Ол сезгендей не мінез көрсеттік? Дегенмен, кім біледі... Ең қиыны — бала жаны; бала жанын жасытпау керек, бала санасын уламау керек. Ақыл-есіне зақым келуі мүмкін, аяқ астынан жарымжан болуы мүмкін. Жоқ, бала жаны сезімтал: үй ішінде не боп жатқанын айтқызбай ұғады. Отыз жетінші жылы әкемнің ағасы ұсталып кеткенін өз басым ешкім айтпай білмеп пе едім... Сонда менің жан күйзелісімді қайта үлкендер анық білген жоқ. Мынау да солай емес пе? Түбінде бұл бала білмей қояр ма?  Мен айтпасам, анасы айтады. Ол мендей емес, тікшіл. Одан да өзім айтайын, енді соза беруге болмас... Әлде терезеге қарап, жай отыр ма? Күн қандай әсем, мынау жайма-шуақ далада ғана емес, біздің жүрегімізде болар ма еді...» Күздің орта тұсы. Бұл шақта жұрт қала сыртына шықпайды. Қалың ағаштан сарғыш жапырақтар жауып тұрған жол үсті бос, қимыл сирек. Жалғыз жүйтки беру де ыңғайсыз сияқты. Соны сезінген Исабеков жапырақ ұшқан аспанға, жемістері жинап алынған жалаңаш сардалаға көз жүгіртіп, тағы көңілсіз ойға батты: «Күздің суық қара нөсері бір төгіп  өтсе болды, күллі дала ғой күңгірттартып, кірбие қалады...»

Ол оттығын шырт еткізіп, шылымын тұтатты да қызына қарады: Анар терезеге тесіліп әлі отыр.

— Анаржан, неге үндемейсің?

Анар ұйқыдан шошып оянғандай әкесіне сілкіне жалт бұрылды да, қайтадан жым болды.

— Сабағыңды оқыдың ба кеше? Анар басын изеді.

— Қалай, төңірек әдемі ме?

— Иә, тамаша! Әкесі мен қызы зорға тілдесіп отырғандай. Исабеков тағы ыңғайсызданды: «Қызыма не болған? Әңгімеміз таусылмаушы еді ғой. Әлде, бүгін өзім селқоспын ба?» Ол қызының ойын бөлмек боп, машинаның радиоқа-былдағышын жүргізді. Бір толқыннан тап-таныс бала даусы құйқылжи төгіліп, сыңғырап шыға келді.

— Робертино! — деп, Анар кенет жайнап сала берді, — Ой, папа, Робертино! Мұны тыңдауға біздің бүкіл класымыз құштар. Балалар да, кыздар да — бәрі сүйеді мұны. Өзің де жақсы көресің ғой! Мамам да ұнатады.

— Иә, қызым, иә. Әрине, мамаң да ұнатады. Айпырм-ай, кұлпырып шыға келдің ғой өзің. Балам, балдырғаным, балапаным... — деп, Исабеков қызын қайта-қайта құмарта сипап, оның ұшқын атқан қара көзіне қайта қайта құмарта  қарап, бәйек болды, — Сені ренжітіп алдым ба деп зәрем кеткенінші...

— Қой, папа, неге ренжиін.

— Бәсе! Қап, әсем болғанын көрдің бе? Ал, онда тыңдайық. Содан соң мен саған Италия туралы кызық әңгімелер айтып берем.

Осы екі арада әйгілі «Аус Мага» баппен баяу толқындап, кең жазира күзгі даланы, даладай мол тынысты кенен жүректерді түгел баурап, күміс күмбірге, шетсіз-шексіз дария сезім мен сырға кенелтіп үлгірген екен. Исабеков те сонау шалқар сұлулыққа, ұлы рухқа іштей елтіп, күлім көз күн мен күміс сәукеле шыңның, айдын аспан мен аялы жер үстінің, шабытты Робертино мен әсерленгіш жас қыздың мәңгі бақи үндестігін, туыстығын, жарастығын анық сезінді.

Саудырай ұшқан сарғыш жапырақ арасында машина да баяу жылжиды; жапырақтар да желге емес, әнге қалықтап ұшып жатқандай. Исабековтың кеудесін мұншалық сұлу толқын кернемегелі көп болған. Ол ойға қалды: «әркімнің кеудесінде асыл армандай өз «Робертиносы» бар-ау. Адам табиғаты солай ғой. Сол рухани дүниенің майда сыңғыр келісімін бұзар, тұтастығын бүлдірер бүлік әрекеттер болмаса нетті! Осыны неге ұмытамыз осы!.. Міне, дәл қазір өз баламның осындай жан сұлулығына өзім қиянат жасағалы келем... Мұным не? Немен тынбақ бұл?!»

Робертино өзін-өзі ұмыта, кекке шаншылта самғай шырқап, теңбіл теңіз жайлы, алыс аралдар туралы әндетті. Оған ыңылдап Анар қосылды; әкесі машинасын үлкен алма бағының шетімен өзенге бұрғанда да ән әуенін үзген жоқ. Исабековтер бұл араға жаз сайын жиі келеді. Адам аяғы көп таптамаған таза көгал. Исабеков бұл алаңның сол тазалығын ұнатады. Өзен — саяз болғанмен тыпырлап тез ағатын тырнакөз су, тау суы. Жағасы құмайт емес, тастақ. Сонда да әрлі, әсем. Сол әдемілікке адам ғана сұқтанбайды, тау да телміріп, төне түскендей. Тау демі мен өзен лебі қосылып, төңірекке қоңыр салқын тыныс таратады. Әр жерде таудан домалап түскен қойтастар жатыр. Анар бұл тастардан секіріп ойнауды сүйеді. Талма түс, тау баурайы тып-тыныш. Анар әдетінше тастан-тасқа секіре жөнелді; Робертино әуезін қайталап, бір сыңғырлап, бір былдырлап, көбелектей ұшып-қонып жүрді. «Аус Мага» әсерінен айыға қоймаған Исабеков тау мен далаға жаңа көргендей бір түрлі тың оймен, соны пиғылмен көз жүгіртті. Өзінің осы халіне өзі таңданды: «жер бетіне жаңа келгендей, төңірекке неге тамсана қалдым. Күз қандай көркем. Күллі дүние күз көркіне бөленіпті-ау. Ең арғы жағы мынау ошағанға дейін күз бояуына малынып тұр, жел ұрып, қар басқанша тірлігін түгесер түрі жоқ.

Тіршілік! Дүние түгел тіршілікке құштар. Міне, бау-бақша; жемісін жұртжиып әкеткенмен, жинақы, таза қалпын сақтап, қайта оралар өмір тіршілігін күтетін секілді. Бақ шетінде мая-мая шөп, өткен жаздың із-белгісіндей. Саратан мен әсеттің хош иісі сол маяларда ғана қалған-ды. Жазда бұл өңірдің реңі де өзгеше болады ғой! Жаз! Жаз демекші, менің жазым, жан-жүрегімнің жазы қайда? Әне, айдын аспанның әр жерінде ақ мамық бұлттар қалқиды. Ой, шіркін-ай, мамықтай жайлы ауылға барар ма еді. Мен ауыл аспанын көрмегелі қашан?..»

Исабеков өзінің бұл араға неге келгенін баққа қарай жүгіріп өткен қызын көргенде ғана ескеріп:

—Анаржан, қайда кеттің? — деді.

— Баққа барам. Ағаш басына шығам.

— Саған айтар сөзім бар еді...

— Не сөз, Италия, Шуберт жайлы сөз бе?

— Иә, — дегенде Исабековтың даусы қарлыға дірілдеп кетті.

— Жарайды, кейін айтарсың, қазір келем, — деп Анар баққа қарай секіре жөнелді. Осы мезетте Исабеков көңіліндегі кірбіңді сырды қызына қалай жеткізудің жолын таппай дағдарды. Көкейіндегінің бәрі күңгірт, көріксіз: «мынау алтын күздің ажарына да, «Аус Мага» әнімен, Робертино үнімен серпілген өзінің дәл қазіргі жан сезіміне де үйлеспейді». Ол өз ойынан өзі шошыды. Қызының келмегенін, ойнай түскенін тіледі.

Әлденеге қуанған, таңырқаған Анардың сыңғыраған ашық үнін естігенде әкесі селт етті. Анар құстай ұшып, ентіге жүгіріп келеді екен:

— Папа, папа! Мына қарашы, тауып алдым.

Исабеков жалт бұрылды. Анар жүгіріп жеткен бетте әкесінің мойнына асыла кетіп, қолындағы үлкен қызыл алмасын көрсетті.

— Алма ма? Бақтан таптың ба? — деді Исабеков.

— Иә, жапыраққа жасырынып, шамдай жанып тұр. Сәулесін ала қашып, жапырақ арасына тығыла түседі. Өзі қу! Тауып алдым. Бұтақта қалған ең соңғы, ең жақсы алма. Бақта бұдан басқа бір алма да жоқ. Қарашы, кандай әсем,  иісі-ақ ғажап, қарашы, күн сияқты.

— Иә, тамаша екен, топ-толық, қысқы апорт-ау шамасы, — деп Исабеков қызының қуанышына қосылып, өзіне-өзі күбірлеп сөйлеп кетті. — Мынауың бір жақсы нышан екен. Анаржан. Жапыракқа тығылып, сырт көзден жасырынып, жаз бойы сені ғана күткен алма ғой мынау. Ақыры, міне, өзің таптың. Мұны жеген адам бақытты болады. — Исабеков алманы орамалмен сүртіп, қызына ұсынды: — Жей ғой!

— Ал, Италия жайын кашан айтасың? — деп сұрады Анар.

— Кейін... Кейін айтармын... Сен баққа бар, ойнай бер.

— Папа, көрдің бе, жаңа мен бұтақтан бұтаққа матростай ырғып шығып жүрдім. Алма ағаштары үлкен, биік, бұтақтары жуан, қалың екен. Секіруге ыңғайлы-ақ. Ал, өрік ағашы жаман, сояу-сояу тікенегі көп.

— Онда сен жақсы ағаштарға секіріп ойна, — деп күлді Исабеков. Анар кенет әкесіне тік бұрылып:

— Папа, сен сірә, бұрын-соңды осындай алма тауып алып көрдін бе? — деп қалды. Бұл Исабековтың мүлде күтпеген сұрағы еді. Түсі өзгеріп қоя берді. Қапелімде не дерге білмей қалды. Дегенмен, өзін-өзі билеп, ақырын тіл қатты:

— Иә, қызым, тапқам. Жо, сен барып ойнап келші, мен отыра тұрайын.

Анардың қолында қызыл алма, бақ ішіне қайта жүгіре кіріп кетті. Исабеков өз ойымен өзі толганып қалды: неткен ғажап, шырақ-ау! Дәл осындай қызыл алманы бір кезде бұл да тапқан. Дәл осы бақтан тапқан. Тек бұл жер емес, бақтың анау баурайдан құлап түскен етегінен тапқан. О, ғажап!..

 

* * *

Ол кезде Исабеков тіпті жас, бала болатын. Соғыстан соңғы қырық жетінші жылы күзге салым бұл қазір өзі сабақ беріп жүрген ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсуге келді. Күздің дәл осындай бір шуақ күнінде бұларды таңнан оятып, ол кезде асфальтталмаған тастақ жолмен қалаға таяу колхозға, қызылша қазуға әкелді. Бұлар күні бойы қызылша қазды; әркім өз үлесіне тиген бірер үзім қара нанын келген бетте күп соғып, жұрттың бәрі кешке қарай қалаға әрі шаршап, әрі ашығып қайтты. Жол-жөнекей бұлар колхоздың алма бағына қаптап кіріп кетті. Алмалар әлдеқашан жинап алынғанмен, кейбіреулер шөп үстінде, жапырақ арасында қалған-құтқан жеміс қиындыларын тауып жеп жүрді. Исабеков те бірдеңелер тапты. Бірінің тапқанын бәрі бөліседі; ол не болсын, студенттер бұрынғыдан бетер ашыға түседі. Сөйтіп, бақ ішін қанша сілкіп тінткенмен ауыздары жарымаған дүйім жұрт қайтадан жолға шықты. Әлі есінде, Исабеков жолдастарын қуып жетпек боп, бақ ішімен жүгіріп келе жатқан, кенет бір ағаштың бұтағынан әлдене жарқ еткендей болды. Тоқтай қалып еді, түк көрінбеді.

Әшейін бір елес қой деп жүгіре берді де, қайтып оралды. Көп-көне бұтақтар арасында елі де қалың сұрғылт жапырағын желге шашпай жай теңселген жас ағашқа көзі түсті. Батар күннің қызғылт арайы сарғыш жапырақтарды алтынның буына малғандай. Жан-жағың сіріңке тұтатсаң, лап бергелі тұр. Бір кезде Исабеков өз көзіне өзі сенбеді: ер адамның қос жұдырығындай топтолық қанқызыл алма, осы ағаштың бірден-бір жемісі ме, кім білсін, жас бұтақты жақтай майыстыра иіп, жерге тартады. Бұл көрініске Исабеков бірер минут сұқтана қарады да, ізінше ырғи секіріп, ап-ауыр қызыл шарды бұтақтан үзіп алды. Қою хош иіс мұрнын қытықтап, басын айналдырды. Таза, жұқа қабығы қызыл арай күн шұғыласынан жасалғандай көз ұялтып, жалтырап қана қоймай, бір түрлі мөлдірегендей болады. Қабық іші уыздай тұтасқан ақ кіріш нор. Ол ортасынан қақ бөліп, тісіне басқысы келді де, алманы тізесіне сала бере кілт тоқтады. Ту, адамның басына келмейтін нәрсе жоқ екен-ау: Исабековтың ойына әлдеқайдағы бір қыз, бейтаныс қыз түсті. Міне, ғажап!.. Жоқ, тоқта, таңданатын несі бар? Исабеков ол қызды, атын да білмейтін бейтаныс қызды көп ойлаған. Ол қыз тіпті бұл жігіттің есінен шықпайды. Міне, қазір де көңілінде сол қыз... Не істерін Исабековтын өзі де білмейді, алманы қалтасына салмақ болды. Бірақ үлкен алма кішкене қалтаға сыймады. Сонда ол қалың кеудешесінің жыртық астарын одан әрі сөгіп, алманы ішкі шалғайына салды да, өз тобын қуа жөнелді. Серіктері жол езуінде қалаға баратын көлденең машина күтіп ошарылған екен. Исабеков ойындағысын жолдастарынан жасырмай ашып айтты:

— Балалар, мен бір алма таптым. Бірақ дәметіп жүрмеңдер, бермеймін, апаратын адамым бар.

— Кәне алмаң?

— Міне. Сыртынан ұстап коріңдер, — деп Исабеков кеудешесінің томпиған шалғайын түртті.

— Оһ-ау, мынауың сұмдық үлкен ғой!

— Кімге дейсің, әй, кімге апарам дейсің? — деп, ұзын тұра Шер шұқшиып сұрады. Бұл бір жасынан бұрын қартайған сұңғыла, кеудесі де бықсыған сұмдыққа толы жексұрын жігіт еді.

— Саған бәрібір емес пе? Біреуге апарам, бітті, нең бар? — деді Исабеков.

— Сен алма таппадың, біз пәле таптық қой, әй!.. — деп Шер ызалана күліп, Исабековты иықтан түйіп өтті, — Қой ой сен, қуланба, әкел бері алманы! Шер ойын-шыны аралас сақ-сақ күліп, қайтсе де Исабековтың алмасын қолға түсірмек боп, шалғайына жармасты. Исабеков шыдамады, қолына салып қалды.

— Аһ, солай ма! —  деп Шер ыршып түсті. — Жарайды, көрерміз әлі, тұра тұр! Балалар түгел жамырай күлді. Осы екі арада қалаға кетіп бара жатқан жүк машинасы кездесті де, жұрт топырлап кузовке секіріп шығып жатты.

Ғайыптан тайып табылған қызыл алманы қайдағы бір бейтаныс қызға сыйлау арманы Исабековтың ойында осылай оянған. Исабеков ол қызды қалалық кітапханадан жиі көреді. Ауыл шаруашылық институты тұрған қаланың тіпті темір жолдан арғы қиыр шетінен Исабеков күн сайын ат құрғатпастан орталыкқа, кітапханаға барады және алым жоқ, бұйым жоқ, тек әлгі қызды көру үшін ғана барады. Ол кітапханаға кешке таман келеді де, оқу залында отырып қызды күтеді; қыздың қай тұста есік ашып, залға кірерін жобалайды, жүрегі аузына тығыла лүпілдеп, оқшау дірілді тыныспен ынтыға күтеді; есік сыртындағы аяқ дыбыстарын бұл қапысыз бағып, қыз өкшесінің тықылын тап басып таниды. Алдында ылғи ашық кітап жатады, мынау соған қарайды, бірақ көрмейді. Ойы онға бөлінеді, жүрегі аттай тулайды, кәдімгідей демігіп, тынысы тарылғандай. Исабеков әрқашан әдейі есікке қарсы қарап отырады: есік ашып кіре берген қыз көзі бірден бұған түседі, бұл дереу еңсесін көтеріп алады, сонда қыз бен жігіт көзі тура табыса қалады. Бұл табысу бір-ақ сәт, ал соның өзі Исабеков үшін қандай күшке түседі десеңші! Қызға ұзағырақ көз тоқтатуға дәті шыдамай, жүзін шұғыл бұрып әкетеді. Оның шарасыз халін қыз да сезе қойғандай ибамен ақырын езу тартып кеп, залдағы бос орынға отырады; былғары портфелін стол үстіне қояды да, өзі каталог қарауға кетеді. Енді Исабеков оқу залына оның кітап құшақтап кіруін күтеді, маңына көп бұрылмай, аса бір сұлу ерлікпен еңсесін тік ұстап, өзінің іргесімен жүріп өтуін күтеді. Осы қыздың күллі кітапханадағылардан оқшау, бөлек бітімін, жып-жинақы, тап-таза түр-тұлғасын көрудің өзі Исабеков үшін қаншалық рахат десеңші!

Өзі тым есті, мәдениетті кісі болар-ау деп ойлайды Исабеков. Қыздың солай екенін сезіну Исабеков үшін зор қуаныш, тіпті керемет мақтаныш тәрізді. Я, бұл кісіде өз қадірін өзі білетін қала қызына тон айрықша тартымдылық  бар-ды. Мұндай қыздың залда, өз маңында жүруі Исабеков үшін әрі азап, әрі рахат!

Ол маңдай алдында ақ сүйрік саусақтарын жиі қозғап, әлденені асыға жазып жатқан қара торы қыздың келбетті, кербез кескініне қырынан көз тастап, ойға толы ұзын кірпігін, қою қара шашын, қалың бұрымын өзінен ұрлап көріп отырады. Құдай сақтасын, егер қыз маңында әлдебір жігіттер қыдыңдап, қыз алдына қолхат жазып лақтырып, оны анау ашып оқи қалса, Исабеков не қыларға білмей дымы құрып, аяқ астынан азып-тозып кетер еді. Мұның есесіне, қыз қылтың-сылтыңға мүлде көңіл бөлмей, жеңілтек жігіт жазған қолхатты оқымастан айырып-айырып тастады бар ма, о, Исабеков құдайдың бұдан артық рақымын қаламас еді. Япырм-ай, Исабековтың басына келмейтін ой жоқ екен-ау: осы залда осы қызға аздап өзі болмаса, өзгелер ішінен ұнайтын бірде-бір бөрік киген жоқ сияқтанатын. Қыз байсалды жүзіне нұр ойнатып, өз бетінше сол жымиып күлсе, бұған риза боп күлгендей, қыз бас изесе, мұны құптағандай көрінетін.

Ал енді, осы қызбен танысуға Исабековтың мүлде батылы бармады. Қайдан батылы барсын, қыз аса сұлу, білімді, мәдениетті кісі; бұл болса, аилдан кеше ғана келген әшейін көп қоңырдың бірі. Оның үстіне Исабековте қызға ұнағандай не түр бар? Үстіне кигені майданда жүрген солдат ағасының олпы-солпы көне гимнастеркасы, аяғында күрп-күрп еткен керзі етік, о да ағасынікі; қолында тозығы жеткен ақжем қайыс сумка, бұ да әскери адамдікі. Қыста киейін деп жүргені тағы да ағасының етегі жер сыпырған ұп-ұзын ескі шинелі. Бұл түрмен қызға қайтіп жуымақ? Қанша дегенмен, көңіл шіркін жүйрік қой, қызбен таныспақ ойдан да құр алақан емес. Кейде ол өз қасынан бос орын қалдырып, кейін келген қыз орын таппаса, соған ұсынбақ боп та көрді. Бірақ, қатарында қыз отырғанын, одан қысылып-қымтырылып, демін ішіне тартып, кітабының бетін сытырлатып ашуға да бата алмаған өзінің мүшкіл халін ойлайды да, үрейі ұшады. Сол бойда өзінің залдан шыға жүгіріп, коридорда жүрген біреулерді әлгі бос орынға шақырып әкеп, жаңағы жан азабынан әрең құтылады. Ізінше, тағы да сол қызбен қатар отыруды қайта армандап, сол үшін дайындаған әлгі бос орынды басқаға бергеніне іштей өкіне бастайды. Қыз кітапханаға кештеу келеді де, көбіне оқу залын жапқанша отырады. Оның кетуі де келуі секілді, ешкімге назар аудармастан, ешкімді тоспастан өз жөнімен жүре береді. Қыз стол жанынан тұрып, кітаптарын тапсыруға беттесе болғаны, кітапханадан алғандарын алдын ала қайтарып әзір отырған Исабеков өз қағаздарын шапшаң жинастырады да, сыртқа атып шығады. Сол бетімен көшенің екінші қанатына жүгіріп барып, енді кітапханадан қыздың шығуын күтеді. Ақыры қыз шығып, үйіне беттейді. Сонда көшенің екінші қанатындағы Исабековте қозғалып, оған алыстан еріп, өзінше қызды үйіне дейін ұзатып салған болады. Қыздың үйі онша қашық емес, кітапханадан екі-үш квартал жердегі биік сұр үй. Қызды сырттай шығарып салған соң Исабеков үлкен бір іс бітіргендей, қаланы қақ айыра еркін аяңдап, жатақханаға келе жатады. Кейде жолдан қалалық паркке бұрылып соғатыны бар. Парктегі кең алаңда әдетте жұрт би билейді, музыка ойнайды. Исабеков бір кезек сонны қызықтайды: қыздарды еркін биге шақырып, аш белінен қыса құшақтап, ұршықтай үйіріп әкетіп жүрген жігіттерді көргенде Исабековтың есі шығады. Би алаңының шарбағына асылып тұрып, шыр көбелек айналған биші қыздардың ең сұлуын жаңа ғана өзі «шығарып салған» қызға, биші жігіттердің ең әсемін өзіне ұқсатып, алаңда өзге емес, бейне өзі билеп жүргендей түйсініп, өз сезіміне өзі елтиді. Осы сезімге құлай берілетіні сондай, өзге жігіттер мен қыздар сияқты бұл да құшағындағы өз қызымен тілдесіп, сөйлескендей болады. Әңгімелері, шамамен, мынадай еді:

— Мен кітапханаға бір ғана сіз үшін келем, сіз оны білесіз бе?

— Білгенде қандай. Ылғи көрем, мені күтіп жүресіз.

— Ояу кездегі ойым бір сіз ғана: лекцияда да, асханада да, жатақүйде де — қайда да бәрібір, есіл-дертім — сіз. Кинода отырсам, көз алдымда экран емес, көңілімде сіз тұрасыз. Мен үшін бұл жалғанда сізді ойлаудан артық рахат жоқ қой. Шіркін-ай, соны тек сіз сезер ме едіңіз?..

— Неге сезбейін, сезем. Кей-кейде мен де сізді ойлап отырам. Жалғыз-ақ, маған неге жақындап кеп, тілдеспейсіз?

— Мен үшін сізге жақындамай, тіл қатпай, алыстан үнсіз қарап отырудың өзі рахат. Егер сіз кітапханада таң атқанша отырсаңыз, мен сізге таң атқанша қараудан жалықпас едім.

— Егер мені бөтен жігіттер үйіме шығарып салып жүрсе, қайтер едіңіз?

— Мен оларға рұқсат етпеймін. Сіз де рұқсат етпейсіз. Өйткені
сіз менің өзіңізге деген құштарлығымды білесіз, білуге тиіссіз.

— Қайдан білесіз? Мүмкін, мен оларға рұқсат етермін...

— Білем. Сіз ондай кісі емессіз.

— Сіз менің қандай кісі екенімді қайдан білесіз?

— Білем. Мен сізге шексіз сенем, Сізді айна-қатесіз танып алдым мен... Даусыңызды танимын, ешқашан сөзіңізді тыңдап, күлкіңізді естіп көргем жоқ, бірақ қалай сөйлейтініңізді, қайтіп күлетініңізді білемін. Мен сізге ессіз сенемін. Сіздің пейіліңіз кең, жаныңыз нәзік, жүрегіңіз үлкен. Мен үшін жер үстінде сізден сұлу, сізден ақылды кісі жоқ.

— Ойпырм-ай, көбейтіп кеттіңіз ғой. Осының бәрі шыныңыз ба?

— Шыным. Имандай шыным...»

 

* * *

Сол күннің кешінде жатақүйге қайтып келген бойда Исабеков кітапханаға бармақ боп, беті-қолын жуып, етігін тазалап, үсті-басын жөндеді. Бірақ коридордағы сағатқа қараса, тым кеш екен. Амал жоқ, бәрі ертеңге қалды. Бөлмеде шам сөнген, бәрі ұйықтап жатыр. Тек Исабековте ұйқы жоқ. Бар ойы ертеңде, қызды қалай күтпек, оған қайтіп кездеспек, қызыл алманы қалай ұсынбақ? Қыздың таңдануын да, қуанышын да ойша долбарлап жатыр: қандай ғажап алма, түсі неткен тамаша, иісі қандай керемет, үлкендігін-ай өзінің, жарық дүниенің жүзінде мұндай алма жоқ шығар... Қызға өзінің бұл алманы қалай тапқанын жыр ғып айтпақ: күзгі көне бақ, бақ ішінде жалғыз жас ағаш, жас ағашта жалғыз қызыл алма, қызыл алманы жат көзден жасырған сұрша жапырақтар, сұр жапырақтарды қызғылт нұрға малған батар күн...

Егер Исабеков өзінің ол қызды қалайша армандап, аңсап жүретінін, үйіне қайтіп шығарып салатынын, онымен алаңда қалай билеп, қайтіп сөйлесетінін айтса, ол «ой, Қожанасыр-ай» деп ішек-сілесі қата күліп жүрер ме екен? Мейлі, күлсе күле берсін, бәрібір, бұл әлгі сөзді айтқан қыз үнінен өзіне деген ащы мысқыл емес, жылы мейірім, ыстық ықылас сезінетіні күмәнсіз. Өз ойына өзі рахаттанған Исабековтың жүрегі жиі соғып, демі дірілдеп жатты. Я, одан әрі не болмақ? Не болсын, екеуі киноға барады, қараңғы залда қатар отырады, қыз иығына бұл өз иығын тигізеді, оның өзіне деген артықша жылылығын сезеді. Сырылдап кино жүріп жатады, бұл экранға қарайды, бірақ көзі түк көрмейді... Мейлі, көрмесе көрмесін, тек сол ғазиз жанмен бірге тыныстап, қатар отырса болды... Ал егер институттағы жігіттердің бірі болмаса бірі көріп, мұны келемеждеп күлсе қайтпек?

Күліп көрсін! Мұның несі кем олардан?! Әрине, жібі түзу костюмі, түрі жақсы туфлиі болса қатып-ақ түсер еді... Мына бір күрпілдеген керзі етігі құрығыр, бір түрлі... Жо, нағыз бір санасыз қыз болмаса, мұнымды сынай қоймас... Ол осы оймен жатып ұйықтап кеткен.

Түн ортасында бастығырыла дауыстап, шошып оянды. Түсінде қарғыс атқан Шер мұның қызыл алмасын кіршілдете күйсеп тұр. Исабеков ұшып тұра сала Шерге ұмтылған; оңбаған Шер бөлмені басына көтере қорылдап ұйықтап жатыр екен. Өзгелер де шырт ұйқыда. Сонда да сенбей, Исабеков тумбочкасын ашып, салқын апортты қараңғыда қолымен қармап, иісін алған соң барып денесінің дірілін зорға басты. Азанда жігіттер терезенің форточкасын ашып жатып, мұрындарын қайта-қайта тартысты:

— Алмаң алма-ақ екен, Исабеков. Иісін айтсайшы! Сен оны ауруханаға, сырқат біреуге апармысың-ау, есебі... Апарсаң тезірек апар, Шер жалмап қойып жүрмесін.

— Тартып жесек те жейік деп кеше айттым ғой, — деді Шер бір бұрыштан, — көнбеген өздерің, қайтейін.

— Жеп көр, тек! — деп Исабеков қабағын түйді.

Бәрі лекцияға барды. Апырм-ай, сол күнгі лекцияның бітіп болмағаны!.. Исабековтың кешті күтіп шыдамы бітті... Үзілістен соңғы бір лекция үстінде Исабеков маңын барлап қараса, аудиторияда Шер жоқ. Ызадан өртеніп кете жаздады. Орнынан ұшып тұрды да, зоология профессорының лекциясын үзіп жіберіп:

— Кешіріңіз, профессор, — дегенін өзі білмей қалды,  — асығыс шаруам бар еді, қазір, дереу, шапшаң кетуім керек.

— Не боп қалды, шырақ, жөніңді айтшы, — деді профессор таңданып.

— Жоқ, айтпаймын, айта алмаймын. Рұқсат етіңізші, профессор, рұқсат етіңізші, өтінем, қатты өтінем.

— Жарайды, барыңыз. Исабеков жұдырығын тас қып түйіп ап, институттан жатақүйге дейін стадион арқылы тура, шарбақ атаулының бәрінен секіріп өтіп, құстай ұшты. Бөлмеге ентіге кірді. Шер жоқ. Сарт еткізіп тумбочкасын ашты: алма орнында  тұр. Исабеков әрі қуанды, әрі ұялды. Шер байғұс жөнінде жүр екен ғой. Екі иығынан дем ала ентігіп отырған қалпы, ол өзінен-өзі күбір-күбір етті: «Кешір, Шер, ғафу ет! Бұдан былай сен жайлы жаман ойда болмаспын, кешіре көр!»

Кешке қарай Исабеков қызыл алмасын газетке орап, қолтығына қысты да, кітапханаға тартты. Тез жүріп, күндегіден ертерек келді. Әдетінше, есікке қарама-қарсы орнығып отырып ап, стол үстіне кітап-дәптерін жайды да, қызды күтті. Бәрі әдеттегідей: залдағы жұрт бастарын тұқырып, столға еңкейген, өзара сыбыр-күбірі соншалық баяу, сыртқа шығып-кіргендер де аяқтарын ұштарынан басады. Бірақ осының бәрі Исабеков үшін түс сияқты. Демін ішіне тарта тынып отырып, қызды күтті. Газетке ораулы қызыл алма стол астында, тізесінің үстінде жатыр; бұл қаққан қазықтай, қыбыр етпейді. Бір жарым сағаттай уақыт өтті, көше күңгірт тартты. Қыз әлі жоқ. Келер шағы әлдеқашан болды. Міне, екі сағат өтті — әлі келген жоқ. Үш сағат өтті — әлі жоқ. Зал босап қалды, Исабеков әлі күтіп отыр, қыз әлі жоқ.

Ақыры келмеді. Исабеков сүзектен тұрғандай қаны қашып, құр сүлдері келе жатты: «Не болды екен? Неге келмеді, жаным-ау? Әлде ауырып қалды ма? Мүмкін, енді біржола келмейтін болған шығар, мен енді көре алмайтын шығармын?..» Алмасын кері алып қайтты. Ол ащы ішектей шұбалған ұзақ лекцияларды ұйқылы-ояу отырып тағы тындауға, тағы да шаршап-шалдығып, күн еңкеюін күтуге, қолтыққа алма қысып, тағы да көшеде келе жатуға мәжбүр болды. Өзін-өзі тағы да азапқа салып, кешегіден бетер аңсап, армандап, тағы да кітапханада қызды күтіп отырды. Іштей, жан ұшыра, үнсіз айғайлағандай болады, «Келші! Жалынам, жалбарынам, келе көрші! Ең болмаса бір минутке келші, бір көрінші көзіме!..» Есік ашып кіре берген қыз өкшесінің таныс дыбысын естуі-ақ мұң екен, Исабеков өз жүрегінің дүрсіліне өзі теңселіп, ес-түссіз, қызға сең соққандай сенделе қарады. Қыз әдеттегі қалпы, үнсіз ғана жымиып, бұған баяу бас изегендей, тіпті жанынан өте бере мұны ақырын түртіп қалғандай, асықпай аяңдап барып бір тұстан орын алды да, кітап әкелуге қайтадан шығып кетті.

Исабековте әлі ес жоқ, өз қуанышына, өз кеудесінің дүрсіліне өзі мас, дірілді қолымен стол астындағы қасиетті қызыл алмасын қысып ұстап отырды. Біраздан соң қыз кітап құшақтап қайтып оралды да, ешкімге бұрылмастан, еш нәрсеге көз де салмастан өзімен-өзі боп, әдетінше әлденені жаза бастады.

Ал, Исабековтың күткені — қыздың ісін аяқтап, үйіне қайтар шағы; тағы да қуаныш, тағы да үрей; уақыт тағы ұзарып кетті, арманы бір алыстап, бір жақындайды. Исабеков қызға қырынан көз жүгіртті; оның қара торы жүзіне, қою қара шашына, ойға толы кірпігіне, жып-жып еткен ақ сүйрік саусақтарына телміре қадалып отырып, шіркін-ай, маған күлімдей қарап, сезімімді түсіне  қап, қашан ғана «ой, Қожанасыр-ай» дер екен деп, іштей тебіренді. Тағы да сезім қанатына мінді, өзін армандай асыл қуаныш күтіп тұрған секілденді. Я, ол қазір қызға бар сырын, зар сырын түгел ағытпақ: қызыл алмасын сары майдай сақтап, бұған әкелу себебін, оның тұрса ойынан, жатса түсінен шықпайтын бір ғана асыл адам — әзіз жан екенін, оны бұл ылғи ғана іздеп жүретінін, тіршілікте не жақсылық көрсе, қандай шырайлы сұлулық сезінсе, соның бәріне тек осы кісіні — абзал досын ғана ортақ етіп, сонымен қатар жүріп, бір тыныстағысы келетінін, әйтпесе, бұл үшін бұл дүниеде бақыт та, шаттық та жоқ екенін... бәрін, бәрін айтып бермек.

Көшеде түнгі шам жаңғалы көп болған. Кітапханадағы кісілер кетіп жатты. Ал, қыз асығар емес, Исабеков те асықпай күтті. Ақыры, міне, қыз да жинала бастады. Исабеков атып тұрып, қағаздарын апыл-құпыл сумкасына сап, газетке ораулы жалғыз алмасын қолына ап, сыртқа шықты. Есік алдында жүрегі аттай тулап, денесі қишылдап тұрып, қызды күтті. Ерні кезеріп, тандайы құрғақсып, су ішкісі келді. Шыдады. Ойпырм-ай, таныс тақа дыбысы естілді, қыз келе жатыр; міне, үстінде ықшам жеңіл пальто, сондай сұлу, көруге көз керек; қара көлеңкеде тық-тық басып, Исабековке жақындай берді. Исабеков алмасын кеудесіне қыса түсіп қызға қарай өзін-өзі итеріп қалғандай бір ұмтылып тоқтады. Мұны аңдаған қыз жоқ, қасынан үн-түнсіз өтіп барады.

— Қарындас! — деді Исабеков абдырап.

— Әу, — деп қыз бұған мойнын бұрды, — не айтпақ едіңіз?

Бұл маңды бір сәт төбеге ұрғандай тыныштық басты.

— Мен сізге... алма әкеліп едім... — деді Исабеков зорға тіл қатып.

— Алма? Немене, мен алма көрмеген адам деп пе едіңіз?

— Жоқ, тоқтай тұрыңызшы, мен мұны тауып алғам...

— Тауып алғам? Түсінсем бұйырмасын! Менде неңіз бар осы!.. — деп, қыз ашуға булыға жалт бұрылып, жөніне кетті. Қайран қыз шіркін-ай, амал не, өз алмасынан — қызыл алмасынан осылай қашып кетті, қашық кетті. Қолында қызыл алма, Исабеков қалшиып тұрып қалды. Не болғанын жөндеп ажырата алар емес, екі көзі қыз ізінде, құр сүлдері ғана тұр.

Қызыл алма маңында туған ғажайып сыр, нұрлы дүние кенет күл-талқан боп, әдірә қалды. Исабеков аяғын әрең қозғап адымдай бере қолындағысын түн қойнына атып ұрды. Алма алыстан дүңк етіп, әлдеқайдағы бір дуалға соқты. Құлазыған бос көшенің қақ ортасында мас адамдай теңселіп, Исабеков келе жатыр. Анда-санда бір жүйткіп өткен жалғыз-жарым машинадан Исабеков емес, Исабековтен машина қауіптеніп, бұрылып кетеді. Оның еңіреп жылағысы келді, бірақ көз жасы көмейінде таскесек боп қатып қалды; сірә, ұзаққа, мүмкін тіпті мәңгіге қатып қалған-ды.

Бұдан былай Исабеков бұл кітапханаға жоламайтын болды. Кейін оған талай қыз-қырқын кездесті, бірақ не керек, Исабековтың қолында оларға ұсынар қызыл алма жоқ еді.

 

* * *

Алайда, Исабековтан қызыл алма қалап, қалай да соны тауып беруді жалына сұрап, өмір бойы ізіне түскен бір әйел бар. Ол — өз әйелі, Сәбира. Міне, күзгі бақ шетінде отырған Исабековтың басын торлаған дәл қазіргі ой осы ғана: «Құдай-ау, осыны неге түсінбей келдім екен?..» Күн еңкейе ол Анарын ертіп, үйіне қайтты.

Күздің қысқа күні тез кешкірді. Қарсы алдынан самалдай жайнап, қала отары жанды. Саудырай ұшқан сары жапырақтар арасында жеңіл машина жай жылжиды. Исабеков сигаретін тұтатпақ боп сіріңке жаққанда, кенет, Анардың қолынан бағана табылған қызыл алманы көрді.

— Ау, қызым-ау, сен алмаңды әлі жемеп пе едің?

— Жоқ, жегем жоқ. Мамама апарып берем, — деді Анар ақырын.

— Мамаңа ма? — дегенде Исабековтың көмейінде таскесектей тіреліп, ыстық жас тұрды. Ол өзін-өзі зорға женді: — Дұрыс, қалқам, мамаңа апарайық. Одан әрі екеуі де үндемеді. Исабеков енді қызының жайын ойлап, Анармен іштей тілдесіп келе жатты: «Қалқам-ай, бәрін біліп жүресің екен-ау! Жо, қайтейін білсең... тек әрқашан осындай сергек, сезімтал бола гөр. Жалғыз-ақ, осы өмірде өзіңе арналған қызыл алмадан аңдамай өзің қашып кетіп жүрме, қызым. Құдай сақтасын, олай етпе!..»

...Ақыры, ол әйеліне хат жаза алмады. Таң атты. Түнгі ой қажытқан Исабеков әлі ұйқыда жатты. Анар стол үстінен әкесінің Москваға, зайыбына жолдамақ болған телеграммасын көрді: «Сәбира, біз саған барғалы жатырмыз». Осының аяғына Анар қыз әдемі әріптер тізіп, мынадай сөздер қосты: «Қарсылап алғайсың, мама. Біз саған қызыл алма апарамыз».

 

Желтоқсан, 1963 жыл,

Алматы. Орысшадан аударған Зейнолла Қабдолов

 

Оқушыларға екі ауыз сөз

Бұл жаңа әңгімемді Зейнолла Қабдоловқа арнағаным тегін емес. Біріншіден, Зейнолла — менің ең көңілдес достарымның бірі; екіншіден, «Қызыл алманы» жазуға Зейнолла себепкер болды; бұл әңгімені бой жеткізген оның «көз ақысы» бар. Мұның қысқаша тарихы мынадай.

Алматының тау жағында, санаторийде бірге демалып, әрқайсымыз өз жазу-сызуларымызбен әлек боп жүрдік. Бір күні түскі тамақ тұсында десертке деп, стол үстіне алма қойылды. Маған тиген алма өте көркем қызыл алма екен. Алманы қарап отырып, менің есіме институтта оқыған бір жолдасымның оқиғасы түсті де, мен оны әшейін күлдірмекке Зейноллаға айтып бердім. Сөйтсем «Өй, сен неге күлесің? Бәлі, мұның не күлкісі бар. Сен мұны жаз, жазуың керек!»  деді Зейнолла. Содан бастап, әрбір кездескен сайын, Зейнолла «Қызыл алманы» қашан бересің деп сұрайды. «Қызыл алма» есімнен кетпей қойды, сен оны ертерек жазсаң, қазақшаға өзім аударар едім деп, асықтырып жүрді.

Ақыры, тілектес досымның тапсырмасын қолдан келгенінше орындап, жазып бітіргенім осы ғой. Ал енді мұны айтып отырғаным, кітап оқушылар шығарманың түйіні қалайша басталады, шығарма қайтіп туады деп  көп сұрасады. Оның жолы өте көп, өте күрделі. Кейде, міне, осы сияқты, досыңның тілектестігі арқылы шығарма жазылады екен. Бұған менің өзімнің де таңым бар...

Автор: 

Шыңғыс Айтматов

Поделиться:
     
Оставить комментарий:
Captcha