Одна из причин пристрастия людей к порочному – безделье. Когда б он возделывал землю, занимался торговлей, разве мог бы он вести праздную жизнь?
Абай Кунанбаев

Балжан СЕРІКҚЫЗЫ


Балжан СЕРІКҚЫЗЫ – 1993 жылы, Солтүстік Қазақстан облысында туған. Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетін тәмамдаған.  Қазақстан Театр Қайраткерлері Одағының мүшесі. «Алаш қозғалысына – 100 жыл» атты қаламгерлер байқауының бірінші орын иегері.

СҰҢҚАР

(әңгіме)

                  Барып қайт, балам, ауылға туған барып қайт,

                Шалғынға аунап, құмында ойнақ салып қайт.

        Өр болып келер біз жақтың азаматтары,

        Намысты соның көкірегінде жанып қайт!

/А. Қадырбаева/

 

...Кеш. Қараңғылық қоюлана қоймаған шақ. Іңірден соққан қоңыр салқын  ауладағы құба талдың жапырақтарын баяу тербетіп тұр.  Тек ауыл иттерінің үрген дауысы самарқау тыныштықты бұза береді. Күн көзі көкжиекке қарай қызара құлап барады. Қызық, тіршілік иелерінің бәріне   сәулесін тең  төккен жомарт Күн кеш қарая ұясына неге ұялып батады екен? Жарқын жүзі неге алабұртады? Кімдер үшін қызарған екен, ә? Осы бір күрмеуі мол сұрақ Сұңқардың қиялын жиі кезеді. Ол ертеңгі күннің ашық боларын осы күннің    қызарып батуынан-ақ болжап алды. Бұлай болжауды  кезінде әжесі үйреткен болатын. Былтыр дәл осы уақытта ол кісі жетпістің жетеуінде дүние салды. Балалығы әжесімен байланысты болғасын ба, сол күннен бері оның бүтін бір балғын дәурені  басынан біржола көшіп кеткендей құлазиды. Таяқты ат қып мінген бейқам күннің ауылы жүйрік уақыттың ырқына еріксіз бағынып, жылыстап барады...

            ...Сұңқар қой кезегі келер күнді асыға күтеді. Бұл оның сүйікті әдетіне айналып кеткен. Былтыр мектепке деп алған рюкзагына анасы тәтті  кәмпит, құрт, қымыз, күн ұзақ ішіп-жейтін ас-суын, жаңа піскен бауырсағына шейін толтырып салып беріп, ертесімен қой бағуға аттандырады. Кең далада жусанның иісімен тыныстап, көлге шомылып қайтуды асыға күткен бала бүгін таңғы алтыда  сергек оянды. Анасы күндегі әдетімен сиыр саууға  шықты. Терезе ашық тұрған болатын. Біраздан соң, бос шелектің түбіне сарылдай бастаған сүттің дыбысы естілді. Тұратын уақыт болған екен  деп, Сұңқар үстіне сырт киімін іле сала сыртқа беттеді. Таңғы ауа бойын бірден сергітіп жіберді. Сарғайып атып келе  жатқан күнге мәз болған бозторғайлар әндетіп ұшып жүр.  Қора ішіндегі қызыл қораз да қос қанатын екі бүйіріне аямай ұрып, қояр да қоймас шақыра жөнелді. Оның бұл қылығын онша жақтыра қоймаған бала таң атпай тыныштықты бұзған құсты қонақтап отырған орнынан үркітіп жіберді. Қызыл қораз жер бауырлай ұшып түскені сол еді, қасына жайғасқан өзге тауықтар да  бірге қосылып ұнамсыз дауысқа салып, қытқылдай бастады. Сұңқар мұрнын тыжырайтып, екі құлағын алақанымен басты. Үркітіп өш алам деп, екі ортада басы дауға қалғанын ұқты. Дереу сауып болған сүтті алып бұзаулар тұрған жаққа қарай кетіп қалды.  Қораның құлыптаулы есігінің түбіне танауымен ентіге дем алып тұрған қос бұзау  сүттің иісін сезіп қойды ма, мөңірей бастады. Ағаш есікті ашып қалғаны сол еді, бұзаулар сыртқа  қарай лап қойды. Әрқайсына бір-бір шелекті үлестіріп жатып, бірінікін-бірі ішпеуін қадағалап, сүт таусылғанша күтті.    - Әй, Сұңқар! Жұмыртқа жинап әкелші, дүкенге өткізіп келейін!- деді анасы. Амал жоқ. Енді ол әлгі ырду-дырдуы басыла қоймаған тауықтар жаққа  тағы да бас сұғуға мәжбүр. Қыстан қалған сабанның иісі мен қи сасыған қаракөлеңкелеу қораның әр бұрышында бірден-екіден арнайы жасалған  ұяларға сақтықпен қолын сұғып, жұмыртқа іздегенсіді. Жиналмағалы бір жеті болып қалған көрінеді. Екі ұяның бірінде он шақты жұмыртқадай пайда болыпты. Олардың біразы әлі жып-жылы екен. Сұңқар шелектің түбіне сарғылт түсті жұмыртқаларды еппен  ақырын ғана салып отырып, үйге алып кірді. Оған ауылдың  жаздыгүнгі өмірі қыстағыдан әлдеқайда қарбалас көрінетін. Ес білгелі таң сәріден малдарын жайылымға айдап жатқан жұрт, одан соң шаңқай түс жеткенше ауладағы бау-бақшасының арам шөбін отауға шыққан ағайынның күйбең тіршілігі, түтінін будақтатып, қайыңның қожыр қабығын салып, самаурын жағалап жүрген қыз-келіншектер, шөп науқаны жеткен шақта тракторларын оталдырып, ат-арбасын сайлап жатқан ауыл азаматтары баланы жастайынан еңбекқорлыққа тәрбиеледі. Бүгін де таңғы сағат  сегізде жұрт қойларын өріске шығарады. Бас-аяғы осы күнде елуге жуықтаған қойын алдына салып, Жантас  дейтін шал да аяғын сылтып басып келеді. Басы -салбыраңқы. Артынан үнемі қалмай еріп жүретін шәуілдеген сары иті ғана күндегі әдетінен жаңылмай, құйрығын қайқита көтеріп алыпты. Өзі жол бойы әр тоқтысын бір сипап, әлденені айтып, сөйлескен болады. Момын қойларын бастаған сақа текесінің жүрісі - ширақ. Өңгелерінен қағылып қалған арық-саулық малына жақтырмай бір қарап, «Өй, қараң қалғыр! Қалмай тезірек бас аяғыңды!»- деп қолына ұстаған жіңішке шыбығын сүлесоқ сермеп қояды. Жантас шалдың кемпірі осыдан 9 жыл бұрын қайтыс болған екен. Жұрттың айтуынша, артынан ерген жалғыз баласы бар. Бірақ ол немесі бұл ауылға аттап баспайтын көрінеді. Қалада қызметке тұрақтап, әкесіне келуді біржола ұмытқан деседі. Бүгінгі таңда үйлі-баранды екен. Жападан-жалғыз қалған қара шал содан бері, өзін-өзі алдарқату үшін бе, әлде уақыт өткіземін дей ме, әйтеуір, осы қойларымен, одан қалса, әлгі сары итімен күбірлеседі. Ара-тұра тілсіз жануарларына қалжың айтқансып, кеңкілдеп күліп те қояды. Кейде оның осы бір қылығы есі ауысқан адамға көбірек ұқсайтын. Бірақ, өзге жұрттан оқшауланып жүретін шалдың бұл мінезіне ауыл жұртының көзі үйренгелі қашан...  Шопан ата төлдері соққан желдің өтімен бас ауған жаққа ұзап кететінін әкесі құлағына құйып қойған. Сондықтан Сұңқар  оларды  бір орында иірмей, жаюдың ебін әбден игеріп алған-ды. Биыл жасы он екіге толады. Көзі тостағандай бадыраңқы, қағілез қара бала болып ер жетіп келеді. Әркіммен тез тіл табыса кететін ашық мінезі, пысықтығы әкесінен дарыса керек. Әкесі демекші, күн жылысымен, ол қалаға қызметке кетеді. Өйткені, ауылда жұмыс жоқ. Дәл Сұңқардың әкесіндей қалаға айлап кетіп, жан бағып жүрген отбасылар қаншама... Өріске жеткен соң, жирен атын тұсаулап қойды да, үйден әкелген көрпешесін төсеп, жантая кетті. Аспанда қазбауыр бұлттар көрінеді. Шалқасынан жатқан Сұңқар оларға ұзақ қарады. Бір қарасаң, қимылсыз, қалықтап тұрғандай, жөндеп зер салсаң, қауырсын тәріздес бейнеге ұқсап дамылсыз көшіп барады. Қызық,  бұлттар да адамның тағдыры тәріздес екен-ау?! Расында, білінбей жылыстап өтіп жатқан уақыт біздерге баяу боп көрінгенімен, адам айтқысыз жүйрік жылдамдықпен зымырайды емес пе? Әнеу бір шоғыры түйе керуені тәріздес кейіпке еніп, бас ауған жаққа қарай бет алып барады. Асылы, адамзаттың мәңгілік бақытты іздеп босқа сандалған ғаріп ғұмыры сияқты. «Адам басы - Алла добы деген рас, Қалай қуса, солай кетпек сорлы бас» деген Мағжанның өлеңі еріксіз еске түседі. Есейіп, ер жеткен шақта пенде біткен алмағайып өмірдің қай арнаға ауарын білер ме? Тіпті, бұл бұлттарға шексіз қарай беруге болатын сияқты. Қоянның көжегіне ұқсаған енді біреуін байқады. Мына біреуі баяғы өзінің «Пелесінен» аумай қалыпты. Пеле дейтін жетім лағы бар-ды.  Сұңқар туғанынан сүт беріп, өзі асырап өсірген. Достары доп көрсе жүгіре жетіп, сүзіп ойнайтын қылығына қарап, әйгілі футболшының атымен актап кеткен. Секеңдеп доп артынан қуалайтын лақтың сүйкімді қылығы жұрт үшін расында да қызық болатын. Үйлерінің алдында ұзын орындыққа жайғасып алып, күншуақтап отыратын көрші кемпірлер: «Ойыбоой, мынауың Пеле емес, пәле ғой!» деп күліп отырушы еді... Күндердің бір күні сол Пелесі доп қуалаймын деп, көшеге шығып кетіп, көрші Ыбырайдың машинасының астына түсіп өледі. Сұңқардың әжесінің айтуынша, әлгі көрші кемпірлердің көзі өтіп кеткен болса керек. Ыбырайдың: «Жаман лаққа бола жылама, орнына тоқты әкеп беремін» дегеніне  ызаланған Сұңқар «Тоқтың қажет емес! Пелемді қайтар!» деп,  машинасының терезесін тас атып, шағып тастайды. Содан бері Ыбырайды да, көрші кемпірлерді де іштей жек көріп жүрді.

****

...Көзі ілініп кетіпті. Кенет, жирен аты кісінеді. Қараса, бұған қарсы аяңдап келе жатқан Жантас шалдың өзі екен. Сұңқардың зәресі ұшты. Арқасына қап артып алыпты, сол қолында қайқиған орағы бар. Бүгжеңдеп келеді. Жүрісі - баяу, адымы - сылбыр. Туралатып отырып өзіне қарай беттеп келе жатқанын көріп, абдырап қалды. Орнынан бір тұрып, бір отырды. Келе жатқан бағытын өзгерте ме деген үміті де жоқ емес. Бірақ онысы ақталмады. Шал қасына таяу келіп жетті. Сұңқар кішкене қолын жасқана ұсынып жатып:   - Асссалаумағалейкум, ата! - деді, құлағы есітмейтін шығар деп, дауысын  қаттырақ шығара түсіп. Алғашында жүдеу жүзінен жауап қайтаратынына сенім аз еді, бірақ шал кішкентай  баланың сәлемін қабыл алды. Астыңғы ерні жыбыр етіп,  қарлыққан үнмен: «Уағалейкумассалам!?  Бақкелдінің баласымысың?», - дегенді Сұңқар әрең ұқты. Әрі әкесінің кім екенін бірден біле қойған  қарияға таңырқай қарады. Жантас шал баланың жүзіндегі таңданысты байқап: - Түрің айтып тұр ғой, соның баласысың! Ер жетіп қалыпсың, қарғам!- деп, аузында әр жерден бір көрінген тістерін көрсете күлді. - Несіне таң қаласың, мен сенің әкеңнің  керек десең, қалай дүниеге келіп, ер жеткеніне шейін білемін, - деді Жантас шал шаршауын баспақ болып, отыруға ыңғайланып. Сұңқар шалдың қасына жайғасты. Манағы жүрегін шарпыған азын-аулақ үрейі де бірте-бірте сейілейін деді. Жантас шал тоз-тоз болған қызыл тақиясын алып, тершіген бет-аузын сүртіп тастады.

  • Сенің әжең үй шаруасындағы адам еді. Ол кезде әйелдер үй
     

тіршілігіндегі ауыр жұмыстың бәрін өздері атқарып жүре беретін. Бір күні аяқ астынан толғақ қысқан екен. Атаң қызметтегі кісі болатын. Құдай оңдап, көрші кемпір Сәлима отын маңында бүк түсіп жатып қалған әжеңді байқап қап, жан ұшыра біздің үйге жүгіріп келіпті. Ауылда дәрігер деген атымен жоқ. Қазір ғой, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман. Аудан орталығына бару болса - бірталай жер. Көлік дегенде, менің  бір әрең оталатын көк тракторым ғана бар. Одан басқа көлік жоқ. Ат-арбамен жолға шығу жаңбырлы күні қисынға келмейді. Басқа амал жоқ, әжеңді әлгі көк тракторға  мінгізіп алып, аудан орталығына қарай тарттым кеп. Мамырдың басы болатын. Жердің бәрі – ми батпақ. Нөсерлетіп жаңбыр құйып тұр. Уақыт өте аспан түнеріп, жол одан бетер көрінбей барады. Не керек, адасып кеттік. Қанша жолды артқа тастағанымызды қайдам, бірақ, ауыл маңын  сол күйінше адасып айнала беріппіз. Ақыры  осыдан небары 25 шақырым жерде орналасқан Теректіден бірақ шықтық.  Әжең сол ауылдағы Марья Ивановна деген орыс кемпірдің үйінде  шекесі торсықтай ұлды дүниеге әкелді, - деп Жантас шал күлімдеді. Күлген сәтте жанарының айналасындағы тарам-тарам әжімдері одан бетер айқындала түседі екен. Бірақ қанша жерден көңілді, қызықты әңгіме айтса да, қайсыбір ауыр мұң қысық көздерінің ар жағынан үнемі сығалап тұратын. Тіпті, оның әңгіме арасында кеудесін қақ айыра ауыр күрсініп қалатыны жас баланы еріксіз елең еткізе берді.   Кенет, Сұңқардың есіне әлдене түскендей, жалма-жан рюкзагын ашты. Ішінен лимонадтың бөтелкесіне құйылған қымызды алып, Жантасқа ұсынды.

  • Шөп шауып жүрсіз бе, ата?  

Жантас шал қымызды сіміре екі-үш рет жұтты да, аузын торы ала көйлегінің жеңімен сүртті. 

  • Еее, балам, жаздың жаймашуағы көзді-ашып жұмғанша өте шықпай ма!? Ертең

қақаған аяз келеді. Мына малдың жем-шөбін әлім жеткенше дайындап қояйын деп қамданған түрім ғой. Біздің қазақ «Жалғыздың жары  - Құдай» дейді.  Азын-аулақ марқаларым қыстан аман шықса екен деп тілеумен жүрмін. Шіркін-ай, менің де сен сияқты бір тентегім бар. Бірақ ол қалада туған бала. «Гәрәдшкөй» неме ғой. Ауылға әкел десем, келін жібермей отыр. Мына жасқа келіп, өз балама өз әмірім жүрмейтін  қаусаған қара шалға айналамын деп ойладым ба?! Осыдан бес жыл бұрын қорадағы азын-аулақ  қойымды Есенғалиға саттым да, балаға бармақ оймен, қалаға ат басын бұрдым. Сабылған көлік, ығы-жығы адамдар. Түрлері неткен суық еді. Құрқылтайдың ұясына ұқсаған көп қабатты пәтерлердің ішінен ұлым тұратын жерді әрең таптым. Есікті аққұба келген сыйдиған  бір бала ашты. Өз немерем ғой.  Иығына құлаққап іліп алыпты, шашын оюлап алған ба немене?... Оның апарып төбесіне ою салып алғанын қайтейін, ішіндегісі, анау миы  ұлтына жақын болмаса?! Бас салып құшақтап, мауқымды бастым. Енді көремін бе, көрмеймін бе, бір Аллаға аян...

  • Сонда немереңіз қазақша сөйлемей ме?
  • Еее, тілі - алашұбар, қайтейін?! Қазақтың жөн-жоралғысы, ата-дәстүрі дегеннен

жұрдай. Оған кім жөндеп тәрбие берді дейсің... Әкесі болса қызметтен босамайды.  Шешесі - қаланың қызы. Тәрбие  анадан дариды ғой. Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Әй, мен сол баланың болашағы үшін қорқам... Қанша дегенмен, өз кіндігімнен тараған ұрпақ қой. Ертеңгі өмірі қалай болар екен?!  Сыртқа шықса, тас қамалдар тіпті, көктегі күннің өзін көлегейлеп, жасырып тұрғандай. Көкжиек көрмей өскен баланың көкірек көзін шел басады, көңілі көлеңке  болады. Туғалы көріп келе жатқаны – қолындағы көк жәшік. Құдай-ау, оның ішінде не қызық бар екен сонша, а? Таңнан қара кешке дейін сонымен алысады да жатады. Мына түрімен бір күні тілдесуден де қалады ана бала, ақырзаман белгісі ғой бұл, астапыралла... Сол көк жәшікке телміргені сонша, қапшыққа толтырып салып әкелген асықтарыма көз қиығын да салмады ғой. Оларды өзімше бояп, әрқайсысын әсемдеп босқа жүк қылып алып барған өзіме де обал жоқ!- деп Жантас шал қолын бір сермеп қойды. - Білесің бе, балам, Мынау аспан, мынау бақ, кең дала, анау көл мен заңғар таудың өзі  адамға деген Тәңірдің ғаламат тартуы. Тіпті бар ғой,  данышпандықтың төркіні  түптеп келгенде –  сенің туған ауылың.  Тек оны шексіз сүйсең болғаны! Сен де өскенде данышпан болуың мүмкін, - деді Жантас  әңгіменің ішіне қалай еніп кеткенін аңғармай қалған Сұңқардың арқасынан қағып. – Амал не,  сол асық құрғырымды ауылға қайтадан алып келдім. Бақкелдінің баласы, ертең соны саған әкеп беремін!- деп қойды артынан. Расында, Жантас шал жұрт айтқандай есі ауыспаған екен ғой...

                                                                       ****

            Қаңтардың қара суығы бетті қариды. Қара жерді қар жапты. Мал қораға тұрақтады. Күндердің бір күнінде «Жантас шал қайтыс болыпты...» деген суық хабар ауылға тегіс тарады. Ертесі жаназасына жұрт түгел жиналды. Тек қаладағы жалғыз ұлының қарасы көрінбеді... Қараша халық «Я, Құдайым, бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең, ала бер...» деп тегін айтпаса керек. Сұңқар Жантас шал сыйлаған бір қапшыққа толы асықтарын қолына қысып, терең ойға шомып қалыпты. Есейген сияқты. Биыл –мектеп бітіреді. Ауылдағы жалғыз мектептің соңғы түлегі атанбақ. Алғаш рет бірінші сыныпқа қадам басқан 27 сыныптасының саны биыл – үшеу ғана. Жоғарыдан  «мектепті жабады» деген бұйрық та шығыпты... Үздік түлек қатарында екеніне оның өзі емес, әке-шешесі құрақ ұшып қуанды. Жалғыз тұяқтың болашағы үшін алаңдаған  ата-ана Сұңқарды қаладағы жоғары оқу орнына түскенін қалаған. Болмысы қатарластарынан бөлек бозбала жастайынан зерек әрі қабілетті еді. Сонысымен ата-ана үмітін ақтады да. Адал еңбек пен білімнің арқасында оқуға түсті...

...Аула маңынан гүрілдеген көліктің дауысы естілді. Аттану керек... Сұңқар чемоданын көтеріп сыртқа шықты. Сарша тамыздың соңғы күндері-тұғын. Кеудесін кере таза ауаны құшырлана жұтты. Ауылын қимай тұр. Аспан жаққа қарады. Үш бұрыш боп тізіліп бара жатқан дала қаздарын көзі шалды. Қадалған жанарын солардан алмай ұзақ тұрды. Кенет аяғының астына  әлдебіреудің келіп қалғанын аңғарды. Ақтөс екен. «Кет,ей!» деп еді, құйрығын бұлғаңдатқан ит бұл сөзді елейтін түрі жоқ. Сұңқар жүруге ыңғайланды. Қара ит аяғының астына оратыла берді.  -Сен де мені қимай тұрмысың?, -деді езу тартып. - Араға ай салып, демалысқа келгенімде танымай қалып жүрме! - деді. Ол өзінің бұл жолы Жантас шалша сөйлеп қалғанын артынан барып аңғарды. Орнынан қозғалған көлікпен бірге жүрегіндегі бір ауыр сезім өзегінен лып етіп атып шыққандай еді. Бетінен сырғи бастаған ыстық тамшыны алдыңғы орындықта отырғандарға сездіртпеу үшін, жеңінің ұшымен лезде сүртіп тастады. Зуылдай жөнелген жүйрік көлікпен ілесе алмай, ауылда өткен қамсыз балалығы көз алдында бұл-бұл ұшып бара жатқанын сезді.  Анау қырда аунап-қунаған ойын өлкесі де енді адыра қалып барады. Түннің бір уағына дейін асыр салған мына дөңбешік те бүгін «қош-қош» айтысқандай көңілі жадау, күңіренеді.   Көшенің келесі бұрылысындағы оқшау тұрған қараша үйге көз тастады...  ...Жантас шалдың қорасының бір қабырғасы опырылып түсіпті. Үйінің есігінде үлкен қара  құлып тұр...

 

Оставить комментарий:
Captcha