Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

24 мамыр 2016 1617

Шәкүр

Негізгі тіл: Шәкүр

Бастапқы авторы: Нияз Акмал

Аударма авторы: Гүлзат Шойбекова

Дата: 24 мамыр 2016


portret.jpg

Афанасий тұрпайы сөздермен боқтап жіберді. Іштей ғана, өзін-өзі. Содан соң терезе үстіндегі иконаға бұрылып шоқынды да: «Құдайым, өзің сақта...»  – деп қайта-қайта қайталады. Қара айғырын сақтарлық бұл күндері жанында бір кісі де қалмағандай мазасызданды...

Шәкүрдің бүгін келетінін ол сезінді, білетін де еді. Сондықтан ол кіріп келгенде асып-саспады, таңданбады, абыржымады да. Керісінше қуанды. Шәкүр басымен поп үйіне, Афанасий атайдың жанына келіп кіруі бүкіл ауыл-аймақ алдында зор мәртебе сияқты еді.

Афанасий оны дастарханға шақырды. Үстелге сыра және шарап әкелгізді. Шәкүрдің тамағы кеуіп, шөлдеп отырған еді. Сонда да сырадан әуелі Афанасийдің ауыз тигенін күтті. Одан соң ғана жұтына сыра ішті. Қалтасынан үлкен бір бөтелке шығарып, үстелге қойды.

– Нижгар жағынан саған базарлық, – деді.

Шәкүрдің келетінін білетін себебі, бірнеше күн бұрын базарда кезігіп қалып:

– Саған айтар сөзім бар еді, атай. Бір келіп кетермін, – деген еді Шәкүр.

Міне, келді енді. Афанасий оның сөз бастауын күтті. Алайда, Шәкүр келген шаруасы жөнінде жақ ашпады. Алыстан орағытып, қайдағы ауа-райы, жаңбыр жайында, пішен-шөптер, сабан тойлар жөнінде сөйлеп отырды...

Шәкүрдің келуінен Афанасий қорықпады. Шәкүрдің мінез-құлқы, әдеттері жайында естігендері бар-тын. Ұсақ-түйекке араласпайды, ұсақ-түйекке бола кісі ренжітпейді  Шәкүр. Попта да оның өші болуға тиіс емес.

– Не жұмыс еді, Шәкүр, – делі Афанасий кенет, базарлық арақтан да ауыз тиген соң. – Келетініңді де алдын-ала ескерткен едің...

– Пішендер өсіп-жетіліп келеді, – деді Шәкүр. Сосын тұп-тура қарап, төтесінен қойып қалды: – Сен ол Қара айғырыңды маған сат. Бағасын екі есе төлеймін. Сатпасаң, бәрібір... Сат, атақай. Сабан тойлар келіп қалды, бәйгеге аттар қосуым керек.

Афанасийдің үстінен ауыр жүк түскендей болды. Шәкүрдің келген жұмысы анықталды. Поп жымиып қойды. Ол енді Шәкүрден қорқып саспайды.

– Әне, бойжеткен қызым бар, соны алып кете аласың, – деді ол Шәкүрге. – Ал, Қара айғырға тиме. Ол маған керек. Мен оны сонау Чабаксардан алып келгенмін.

Шәкүр жауап қайтармады, үндемеді. Содан соң да айғыр жайында ешбір сөз айтпады да, қозғатпады да. Ішті, жеді, өмір ағысы жайында оны-мұны сөйлесті. Тек қоштасар сәтте ғана:

– Сен ол айғырыңды маған сат, – деді. – Бәрібір ұрлап кетемін мен оны. Одан да сат!..

Афанасий жақсы масайған еді. Базарлық арақ та күштірек болып шықты. Міне, Шәкүр екеш Шәкүрдің өзі базарлық-сыйлықпен келген. Ал осы Шәкүрден елдің бәрі қорқады. Неге қорқады – өздері де білмейді. Міне, Шәкүр екеш Шәкүрдің  Афанасийға «сат та сат, Қара айғырыңды!» – деп жалынып тұрысы.

– Жо-о-оқ, ұрлай алмайсың, – деді Афанасий. Және қарқылдап күлді. – Ұрлатпаймын мен оны саған! Әне, бойжеткен қызым бар, соны ұрла. Ұрлай алсаң...

Шәкүр де күлді:

– Маған сенің ол надан қызыңның керегі жоқ, – деді. – Сен маған айғырыңды сат. Сатпасаң бәрібір ұрлаймын.

Соңғы сөз осымен бітті: бәстесті де қол алысты. Егер Шәкүр Қара айғырды сабан тойына дейін ұрлай алмаса – Афанасийға құлынды бие мен екі жәшік арақ әкеледі. Ал егер Шәкүр Қара айғырды ұрлап кете алса – Афанасий оған құлынды бие мен екі жәшік арақты өзі беруге тиіс болды. Бәстесудің шарты осы еді.

Міне қазір, Шәкүр кеткен соң Афанасий атай сөзінен мүлдем айнып, өз-өзіне ұрсып, боқтап, не істерін білмей жүр. Шындығына келгенде, Шәкүр кеткен соң ғана қорқа бастады, сол қорқыныштан ойынан айныды, айнып бітті де. Кенет, бүтін нәрсені түгелімен түсінгендей болды: Шәкүр жаныңда жанаса отырғанда еш қорқынышты кісі емес, Шәкүр алыс жырақта, белгісіз орында болғанда тым қорқынышты екен. Шәкүр есімінің өзінен қалтырап-дірілдеп кететіндерді Афанасий енді түсінгендей. Одан соң тағы сол үрей мен күмән аралас ойлар келді: Шәкүр жаман бір қарақшы, жоқ, дөрекі қарақшы емес, епті-ақылды, терең ойлы, қисынды сөйлей білетін, мың айлалы кісі екен. Иә, Шәкүр ақыл-ойдың да иесі, ол өз сөзінде тұрады. Ол сөзін ойнап айтпады, өзіне сенгендіктен ойланып айтты. Демек, Қара айғырды күн-түн демей күзету керек. Сабан тойына тура бір апта уақыт бар, соған дейін қалайда сақтау керек. Одан соң енді... Иә, құлынды бие алып келеді Шәкүр. Екі жәшік арағын да көтере келсін.

Міне, осылай ойлады Афанасий. Осылай ойлап ашулана боқтады да «Құдайым, өзің сақта», – деп қайта-қайта қайталады. Айғырды қалайша сақтап, күзету керектігі жайында жоспар құрды.


voronoy06.jpg


Шәкүр жайында, онымен не туралы сөйлескендігі және бәстескендігі қақында Афанасий ешкімге тіс жармады. Тиісті жерлерге хабар беру жайындағы ой басына бір-екі рет келді де, алайда, Афанасий атай бұл ойларды өзі қуып шығарды. «Кет, малғұн, сен ғой Шәкүрді білесің, анда-мұнда хабар жеткізсең бүтін тамырыңмен құртып, өш алады, – деді. – Ал бәстесу – бәстесу ол. Ол намысты бәстесу. Айғырды ғана ұрлатпау керек. Сонда құлынды биені де Шәкүр өзі әкеп береді, құдайым бұйырса...»

Афанасий қызметші Яковты шақырды:

– Базар айналасында жүр, дүкен, сыраханаларда да Шәкүрдің жігіттерін өздеріне сездіртпей бақыла. Олар не жайлы сөйлеседі, не ойлайды, не істейді – бірін қалдырмай маған жеткізетін бол, – деп бұйырды. Ат айдаушы көшіріне де: – Мен жоқта үйден, ауладан аттап шығушы болма, Қара айғырды күзет, – деп нығыздап ескертті.

Ауласында ит ұстамағандығына Афанасий өмірінде бірінші рет өкінді. Өзі итті қаламайтын, айдаладағы ауыл иті үрсе де қарадай боқтап-боралап жынданушы еді. Түннің бір уағында үрсе де, қарсысынан құйрығын көтеріп мысық өтсе де ырылдап қуалай жөнелетін ит атаулыны суқаны сүймейтін. Тек, міне, қазір ғана ит асырамағанына қатты өкінді де: «Бір доңыз жегендей тамақ жейтін итті қандай қайыршы ұстайды екен»...» деп өзіне басу айтты.

Афанасий атай былай ойлады: Шәкүр, ат ұрлауға әлбетте, түнде келеді. Демек, түндерде айғырды ол өзі күзету керек. Көшірді ат қорада ұйықтатып, ал өзі арбаға пішен салып...

Солай істеді де. Кешке, қараңғы түскенде қойынына азығын салып алып, арба үстіне төсек төсеп, өз үстіне пішен жапқызып түндерде сонда қонатындай етті. Солай ұйықтады.

Жоқ, Афанасий ұйықтамады. Желдің ескенін, жапырақтардың сыбдырлағанын, ит үргенін, ат пысқырғанын, таң алдында әтештердің шақырғанына дейін тыңдап, естіп жатты. Шәкүрді күтті. Кей сәттерде ол оның келуін шыннан да тілеп күтті, асыға күтті. Аздап шараптан ұрттап қойған шақтарында тіпті қиялға да беріліп кететін еді де, ләззатқа бататын. Міне, Шәкүр келіп кірді. Қақпадан ба, дуалдан секірді ме, әйтеуір сондай бір жерден... Жанында болса, бір-екі жігіті болар енді. Міне, сол сәтте Афанасий арба үстіндегі пішен арасынан дауысын көтере сөйлейді: «Әй, Алланың қолы Шәкүр, – дейді. – Құлынды бие алып келдің бе маған? Жарайды, оны сосын әкелерсің. Ал әзірге, давай, бөтелкеңді шығар...» Жеңіледі Шәкүр, жеңіледі. Афанасийдің көктен түскендей дауысын естігенде, Шәкүрдің құты қашып, не істерін білмей аузын ашып қалады.

Жоқ, Шәкүр айғай-шу шығармайды. Себебі, онысы енді ұрлауға жатпайды, талау болар еді. Ал олардың бәсінде талау айтылмады. Афанасий Шәкүрдің сөзіне сенеді.

Міне, Афанасий осындай ойларынан күш алып, сабыр етіп, шыдап бақты.

Шәкүр келеді. Афанасий оны ұстап алады. Күмәнсіз. Құлынды бие және екі жәшік арақ Афанасийдікі болады.

Афанасий екі түнді осылай ұйқысыз өткізді. Таң ата тұрып, үйіне кіріп, төсегіне жататын. Көшері Егор ат қорада ұйықтап қалатын еді. Ұйықтасын, мұндай ұйқы тамақ тойдырады.

Үшінші түн жетті. Бұл түнде Афанасий ұйқылы-ояу жатып түс көріп оянды.

Таң алдында салқын болады. Шәкүр таң алдында емес, түнде келеді деп ойлаған Афанасий үйіне кірді де өзімен бірге бөтелке шарап ала шықты. Таң атпай тұрып ішті, ұсақтап, пияз-сарымсақ турап пісірілген доңыз етінен жеді. Үстіне тұлыбын жамылып, жылынып жатты. Міне, сол сәтте тым аз ғана көзі ілінді. Аз ғана сәттің өзінде біраз түс көрді. Жас әйелін жанына алып, серіппелі тарантасына отырып, Чүти базарына кетіп барады екен. Әйелі тоқашға жерік екен де, бұлар соны алуға кетіп бара жатыр екен дейді.

Егор тарантасқа Қара айғырды жегіпті. Айғыр шауып барады. Орман ішіне кіргендері сол екен, айғайлаған-қышқырған дауыстар естіледі. Әлдекімдер ат-тарантасты қоршап алады. Егор атты тоқтатады, ал өзі үндемейді. Келген кісілер де үндемейді. Мына қарақшылар неге сөйлемейді? Ә, иә, Шәкүр өзі де көрінді.

– Мен Чүти базарына барам, – деді Афанасий Шәкүрге. – Мә, әйелімді ал, қызымды да ал, тек айғырға тиме.

– Бар, Чүтиде саған ешкім тиіспейді, – деді Шәкүр. – Тек айғырыңды, егер сатпасаң, бәрібір ұрлаймын. Базарда ешкімге сата көрме.

Содан соң жол ашылды. Жүріп те кетті. Афанасий жас әйелін құшақтап:

– Қара да тұр, Шәкүр маған құлынды бие мен екі жәшік арақ әкеліп береді, – дейді. Сосын Егорға: – Қамшыла айғырды, шап, шаптыр! – деп айғайлайды.

– Қай жаққа қарай? Лашман орманына ма? –дейді Егор бұрылып.

Міне, сонда Афанасий қорқып кетті. Тарантас басында оның көшірі Егор емес, Шәкүр қарақшының өзі отырғандай еді...

Афанасий зәре-құты қалмай шошып оянды. Секіріп тұрды. Жан-жағына қарап шоқынды. Күбірлеп білген дұғасын оқыды. Бөтелке түбінде қалған шарабын қақтап ішті де, айғыр байлаған қораны барып тексеруге кірісті. Құлып өз орнында екен. Кілтті жасырған жерінен барып алды. Қораның есігін ашты. Айғыр, Қара айғыр кісінеп қойды. Жанына ешкімді де жақындатпайтын айғырдан поптың өзі де қорқатын еді. Теуіп, тістеп, кісі үстіне секіруден тайынбайтын жарамды айғыр ешкімге бас бермейтін.

Сабан ішінен Егор тұрды. Қолында – айыр.

– Кім бұл? – деп жекірді.

Афанасийдің көңілі орнына түсті. Бәрі де өз орнында, өз тәртібімен. Егор ұйықтамайды, ол сақ, ол да ояу.

– Бар, үйге кіріп ұйықта, – деді Афанасий. – Жатып демал, әне арба түбінде шарап бар, ет те.

...Шәкүрдің екінші түн Афанасийдің картошка бақшасында бақылап жатуы еді. Қара айғыр жөніндегі сөзді де, бәсті де ол жігіттеріне айтпады. Оларды бұл іске араластырғысы келмеді. Шәкүрдің мінезін олар жақсы білетін. Шәкүр міне, екінші күн монша жақтырды. Моншада қайың сыпыртқысымен шабынып тер мен кір қуалады. Ол моншаға кіргенде күзетте тұрған жігіттер біледі: Шәкүр әлдебір ойда, Шәкүр қандай да бір жағдайда... Шәкүр шабынады, Шәкүр айран алғызады, Шәкүр үстіне тап-таза, жап-жаңа киімдер киеді. Демек, Шәкүр жаңа іс бастайды...

Кешкі қараңғылықта сол таза киімдерін, ақ шапанын киіп, оның сыртынан ескі киімдерін жамылып Шәкүр әлдебір жаққа кетіп қалады. Өзі айтпаған соң одан жөнін сұрауға кімнің батылы барсын?.. Өзі айтпайды екен, демек, сұрауға да тиіс емес.

Ал Шәкүр ат мініп, Афанасийдің ауылына келеді. Атын келген соң, әлбетте, оттауға жібереді. Афанасийдің бақшасына жаяулап келіп кіреді. Арыққа жатып, үстіне шөп-шалам жауып алып бақылайды...

Сабан тойына үш күн уақыт қалған еді. Әлбетте, Чүти халқымен, ақсақалдармен сөйлесіп, сабан тойын басқа күнге ауыстыруға болар еді. Егер іс бітпесе... Тек бұл ойын Шәкүр мүлдем ұмытты. Бәстен жеңілу жарамас еді. Тағы үш күн... Уақыт өтіп барады. Поп ояу. Шәкүр көріп тұр: Афанасий айғыр жанына Егорды бекітіп қойған. Уақыт қысқарып барады.

Осылай Шәкүрге тағы бір түн күтуге тура келді. Ол өзі күндізгі моншадан соң ұйқысын қандыратын. Афанасий поптың ұйықтамайтынын Шәкүр біледі. Күндіз де, түнде де кірпік ілмей айғырын күзетуде. Поп ояу.

Шәкүрдің өзінің де үш-төрт тәулік ұйықтамай жүрген кездері бар еді. Еш уақытта, атты күзеткенде... Ол біледі: Адам тамақсыз біразға шыдайды, сусыз да үш күннен аса жүре алады, алайда, ұйқысыз...

Тағы бір күн күтетін болды. Тағы бір күн...

Картошка бақшасының топырағы салқын еді. Бұл түні Шәкүр ескі тонын ала шықты. Поптың ұйқыға жатуын күтті. Ал поп ұйықтамауға тырысуда. Алайда...

Шәкүр бәрін көріп-естіп жатыр: Егор қораға кіріп кетті. Яков пен Афанасий оның сыртынан құлыптады.

– Көп қалмады, – деді Афанасий. – Шыдаңдар, жігіттер. Егор, айырыңды қолыңнан тастама.

Олардың сөздерін кешкі тұнық ауа Шәкүрге анық жеткізуде.

– Моншадан шықпа, – деді Афанасий Яковқа. – Шығушы болма, әжетің болса, сонда бітіре бер. Терезеден көзіңді алма.

Содан соң олар шарап ішті. Ет жеді. Яков Афанасийді пішенмен көмді.

– Қатты емес пе? – деп сұрады.

– Қатты болғаны жақсы, – деді Афанасий. – Орын қатты болса, ұйқыны қашырады.

– Мен де қатты жерге ұйықтағанды қалаймын, – деді Яков.

– Ақымақ болма, – деп күлді Афанасий. – Төсегің тым жұмсақ... – Мұнысы Яковтың әйелін ишаралағаны еді. – Моншада ұйықтап кетуші болма.

Яковтың бұл сөзге ашуы келді. «Төсек» мәселесінде Афанасий атайдан көп күдіктенетін еді ол. Әйеліне күмәнданбаса да... Ол аз болғандай, әне Яковтан монша перісі жасамақ бұл атай. Яков, іштей ғана ызаланып моншаға кіріп кетті.

Яков Шәкүрді ешқашан көрмеген. Естумен ғана біледі. Әлдебір ақ халат па, ақ шапан ба киіп жүреді, дейді. Соған таң қалады Яков: сондай  тәкаппар да кербез, келісті кісі – Шәкүр бұл аймақта, поп айғырының жанында не істесін. Шәкүр жайында айтылған барлық аңыз-әңгімелерге құлақ салсаң, ол патшаның да айғырын ұрлап кетуге қауқары бар адам. Ну, поп айғырын... Не қылсын поп айғырын, Шәкүр? Қайдан ғана Афанасий атай бұл бәлені ойлап тапты. Одан соң Афанасийдің тағы бір сөзі бар: Шәкүр, егер ұрлаймын десе, ұрлайды, ұрлайды ол айғырды. Даладағы желді ұстап бола ма? Баскесер дейді ғой Шәкүрдің жігіттерін де.

Осылай ойлай-ойлай боқтап-боралап, қарғанып біткен Яков ағаш орындыққа созылып жатып әл жинады. Әлден соң, Афанасийдің сөзі есіне түскенде секіріп тұрды.

– Тағы үш қана күн қалды, – деген еді оған атай. – Осы үш күнге шыдап, айғырды ұрлатпасақ, екі семіз доңызды саған берем.

Ол доңыздар Яковтың ойында, түсінде, ақылында, есінде, көңілінде шарлап жүр еді ендігі...

...Бақша басынан ең әуелі оның сәулелі нұры көтерілді. Сәулелі нұры көтерілген соң, Шәкүр өзі тұрды. Жоқ, бірден тұрмады, жартылай жатып, жер бауырлап поптың ауласына қарай жақындады.

            Асқақтаушының ауласы жаңа...

деп қайталады Шәкүр ішінен. Содан соң бір кездерде өз жігіттеріне жырлаған бір жырдың сөздерін күбірледі:

           Дұшпан қорқар, дейді – қайраттыдан,

           Дұшпан қорқар, дейді – күштіден.

           Күштіден ол қорқады... Бірақ дұшпан

           Екілене қорқады – кектіден.

Шәкүр Афанасийдың ауласына қарай өрмеледі. Және ойлады: жоқ, бұл кек емес. Бұл – таза бәс... Алайда, неге жырдың сөздері әрдайым ақылды шатастыра береді?

           ...Көкірегімде сырлы күштер бар.

           Көкірегімді сыздатып керіп тұрған,

           Ешкім де түсінбеген кектер бар.

Түн таңға ауысқан еді. Шәкүр қораға жетті. Бақылаудың бірінші түні-ақ ол Афанасийдың ауласын өз қолының он саусағындай біліп алған еді. Қойманың жанынан монша жаққа өтті. Қора жанындағы Афанасий пішенге көміліп жатқан арбаға көз тастады. Афанасий  тәтті таңғы ұйқыда. Солай болуға тиіс. Шәкүр біледі: Афанасий таң алдында тұрып шарап ішеді. Кейде Егор мен Яковты да сыйлайды. Айғыр қадірлі атайға...

Шәкүр монша терезесін шертті. Терезенің дәрежесін де, өз-өзінің дәрежесін де біліп шертті.

Іштен, монша ішінен жақтырмаған дыбыс естілді. Яков енді ғана көз шырымын алуды ойлаған еді. Аз ғана ұйықтап алуды қалаған. Ал мұнда тағы түн перісі Афанасий атай жүр. Шарап сыйламақшы шығар. Жарайды, сыйласын, ал «төсек» жайлы айтып ашуды келтірмесін, берген шарабын бұлдамасын. Жарайды, Яков жылынып та алар біраз. Әйтпесе мұнда – монша салқыны, монша ызасы...

Яков монша есігін ашты. Сол сәтте иығына нық, қатты қол келіп асылды.

– Үндеме, – деді Шәкүр, сыбырлап қана. – Сен мені білесің бе, танисың ба?

– Атай мені өлтіреді ғой... – деді зәресі қалмай қорыққан Яков. – Афанасий атай мені өлтіреді ғой, үндемесем...

– Сені кім өлтірсе де бәрібір емес пе? – деді Шәкүр. – Дыбысыңды шығармасаң аман қаласың.

– Ол маған екі семіз доңыз беруге уәде етті, – деп жыламсырады Яков. Мұнысын әлбетте, не айту керектігін білмегеннен айтты.

– Мен саған ат берермін, – деді Шәкүр. – Құлынды бие... – Содан соң ол Яковтың иығынан басып, еденге отырғызды. – Кілт қайда? Кімде? Көрсет!

Яков бұдан кейін қарсыласпады. Кілтті көрсетті.

Афанасий ұйқыда. Яков моншаға кері кіріп кеткен соң, Шәкүрдің басына күлкілі бір ой келді. Бұл – Шәкүрдің қырсықтығы да, тәуекелшілдігі де, қызыққұмарлығы да, аңғалдығы да, ақылдылығы да, мекерлігі де және айлакерлігі мен сәби көңілділігі де еді. Кім біледі, бәлкім бұл оның еркелігі, жігіттігі, көкірегіндегі ешкім білмес әлдебіреулерге сақтаған өші, кегі де болар. Әртүрлі жағдайдағы бұл өш Афанасийдің өзіне де болуы мүмкін...

Шәкүр Афанасийдің үлкен қақпасын барып ашты. Поп ұйықтап жатқан арбаның жетек бауы орнында екен. Шәкүр терте арасына кірді, жетек бауын иығына салды да Афанасий ұйықтап жатқан арбаны тартып шығып кетті. Қақпаны жапты. Одан соң қайта тертеге жегілді. Арбаны тартып су бойына алып түсті. Попты да, арбаны да, өзімен бірге алып келген кішкене сынаны да су бойында қалдырды.

Айғырды қамаған қора жанына келген соң тура Афанасийдің дауысына ұқсатып:

– Егор, сынок, ты будешь пить со мной? – деді.

Өзі қора кілтін шылдырлатты. Ұйқылы-ояу көздерін уқалап шыққан Егор Шәкүрді көріп сасып қалды. Айғайламақшы еді, дауысы шықпады.

– Қайда? Арба қайда? – деді әлден соң ол.

– Поп шіркеуге кетті, жұмыстары бар екен, – деді Шәкүр, Егордың енді үнін шығара алмайтынына сенімді хәлде. – Сен қазір сонда, су бойына түс. Ат пен қамыт-доға, тағы бірнәрселер ала бар. Арбаны да, попты да алып қайтарсың. Оятпа, ұйықтасын. Ұйқысынан тұрған соң сынаны бер. Мен оны пішен астына тығып қалдырдым.

Солай деді де Шәкүр күміс жүгенін Қара айғырдың мойнына салды. Жүген салмас бұрын ат қарақшысы аттың құлағына әлденәрселер айтып сыбырлады. Әлденәрсе айтқанын естігенмен Егор Шәкүрдің нақты қандай сөздер күбірлегенін түсіне алмады. Ол тек қана таңданып үлгерді: Қара айғыр Егордан басқа жан баласын маңына жуытпайтын еді. Егор оның жем-суын береді, жуындырады, тәрбиелейді. Қара айғырдан поптың өзі де қорқатын. Қара айғыр тебеді, тістейді, жат кісі көрсе басып өтердей ұмтылатын. Ал Шәкүр әлденәрселер айтты да басына жүген салды. Айғырдың тәнінен толқын жүріп өтті, алайда тып-тыныш еді.

Шәкүр біледі: жылқы малы да әйел-қыздар сияқты әшекейлерді жақсы көреді. Әшекейлі, сәнді ер-тоқым, жүгендерді, әбзелдерді. Ол тіпті аттардың тілін де білетін еді... Негізінде Шәкүр ешқашан жаман аттарға жүген салмады.

Шәкүр айғырды есік алдына алып шықты.

Егор тіл-жақтан айрылған.

– Қақпаны аш, – деді Шәкүр.

Егор үнсіз қақпаны ашты.

Монша терезесінен Яковтың ағараңдап қарап тұрғанын Шәкүр көрді.

Шәкүр тақымын бір қысты, Қара айғыр алға, көшеге қарай ырғыды. Таң әтештері енді ғана шақыра бастаған еді...

Шәкүр Чүти ауылы, өзінің туған ауылына қарай шапты. Оны басқа бір жерден, басқа бір орыннан іздеп табуы мүмкін, алайда өз ауылынан оны әзірге ешкім іздеген жоқ еді. Мұндай ой олардың басына да келмейтін...

Афанасий оянды. Өз арбасында, су бойында жатыр екен. Мұны ол  алғашында түсім екен деп ойлады. Содан соң өзін шымшып қарады. Түсі емес. Бұнысы несі? Өңім ғой бұл. Иә, Құдай! Айғыр? Айғыр қайда? Ұтылғаным ба? Құлынды бие?!

Афанасий пішен арасынан шарап бөтелкесін іздеді. Жоқ, біткен екен. Тағы жан-жағын қарманып іздей бастады. Шәкүр қалдырған сынаны көрді. «Доңыз!» – деді ол – әлде Шәкүрге, әлде өзіне қарата айтқаны белгісіз. Шөп арасынан қолына шөлмек іліге кетті, оны бөтелке аузынан ішті. Түбіне дейін бір деммен ішіп бітірді де, босаған бөтелкені суға лақтыра салды.

Ат жетектеген Егорды көріп Афанасий жылап жіберді:

– Айғыр қайда?! Қайда Қара айғыр?!

– Мен ұйықтамадым, кірпік ілмедім, атай! – деді Егор, өзі де жыламсырап. – Ол маған сіздің дауысыңызды салып жақындады, кілтті де шылдырлатты.  Мен...

Бұл сәтте Афанасий мүлдем басқа нәрсе ойлай бастаған еді. Егер Афанасийдің айғырын Шәкүр ұрлағанын ел білсе... Афанасий адамның қоры болып қалады. Одан соң... Әлдебір приставтар келіп, сұрақ-жауап алып қажытады. Шәкүр үстінен арыз жаздыртқызады. Ал Шәкүрмен мұндай жағдайлармен байланыспаған жөн. Иә, ең қайырлысы сол.

– Жарайды, тоқта! – деді Афанасий, Егордың жағасынан ұстап. – Айғырды мен Шәкүрге өзім саттым, өзім саттым, түсіндің бе?!

Егор алғашында ештеңеге де түсінбеді. Қалайша сонда? Ұрлап кетеді деп қызғыштай қорып жүрді Қара айғырды! Енді... Егор Афанасийдің отты көздеріне қарады, сонан соң ғана басына бірдеңе барғандай болды:

– Иә, атай, түсіндім, – деді. – Сен айғырды Шәкүрге өзің сатып жібердің.

Шынын айтқанда мұның бәрін түсінуге Егордың өресі де жетпейтін еді. Біресе олай, біресе бұлай сөйлеген атайдың сөзінен ештеңе түсінбесе де, өзі алып келген атты арбаға жегіп, үйге қарай аяңдады. Біразға дейін екеуі де үнсіз қалды.

– Яковқа да айт, – деді Афанасий, – мен айғырды Шәкүрге өзім сатып жібердім. Арзан биеге. Шәкүр менің досым...

Шәкүрдің енді құлынды бие де сұрап келмейтінін Афанасий түсінді, білді де. Сондықтан бұл жөнінде енді артық сөз де, ой да қорытып тұрмады.

Қалай да Шәкүрді іздеп табу керек, екеуінің сөзі бір жерден шығуы тиіс. Ол да Қара айғырды сатып алдым, деп айтуы керек. Тек оны қалай, қайдан іздеп табады? Чүти сабан тойынан ба? Әлде... Неге болмасын? Афанасий әйеліне әзірленуге бұйырды:

– Чүтиге қонаққа барамыз, сабан тойға, – деді. Атты да әзірлеп тұруды тапсырды.

...Шәкүр екеуі нақ сонда –  Чүти ауылының сабан тойында кездесті.  Ақ шапан киген Шәкүрге Қара айғыр ғажап келісе кеткен.

Шәкүр Афанасийдің жанына тұп-тура келді де, бір қалта ақша ұсынды:

– Міне, атай, қалған ақшаны сабан тойы күні беремін деген едім, сөзімде тұрдым, нақ келіскеніміздей, – деді.

Афанасий жеңіл тыныстады. Демек, Шәкүр оны ренжітпеді. Демек, Шәкүр Қара айғырдың ұрланғаны жайында ешқайда, ешкімге тіс жармағанын, айғырды мен Шәкүрге сатып жібердім, дегенімді дұрыс түсінген, дұрыс қорытқан. Демек, Шәкүр әлі әлгі биесін де төлер. Қолындағы қалтаны саусақтарымен байқап көрді: мұнда биенің екі есе құны болғай...

Сонда да болса Шәкүрдің ризашылығына сенімді бола түскісі келген Афанасий сыбырлап қана сұрады:

– Қалай... Мен ұтылдым ғой... Құлынды бие?.. –деді.

Шәкүр жымиды:

– Жоқ, атақай, ұтылмадың сен, – деді. – Бұл айғырды маған сатып ұттың сен. Бұл қалтадағы ақшаға сен екі жақсы ат сатып ала аласың, жетерлік анда, – деді. – Ал жуу, атақай сенен болады. Сабан тойынан соң маған соғарсың.

– Хош, солай болсын, – деді Афанасий атай Қара айғырдың жалынан сипап.

***

Бұл оқиғадан соң дүние басқаша өзгерді. Кеңес үкіметі орнады. Шіркеулер қиратылды, мешіт мұнаралары кесілді...

Шәкүрді және оның көп жігітін тұтқындаған соң, бұл жаңа үкімет үлкен сот өткізді.

– Ваша последняя просьба? – деді судья өлім жазасына үкім шығарылған Шәкүрге.

Шәкүр орнынан көтерілді. Залдағы кісілерге, судьяларға, үкім шығарушыларға қарап алды. Содан соң өз жігіттеріне тәкаппарлана  және паңдана көз тастап алды да:

– Не прошу, а желаю! – деп кесіп айтты. – Желаю встретиться с первой женой, желаю встретиться со второй женой, желаю встретиться с третьей женой, желаю встретиться с четвертой женой, – деді.

Шәкүрді әйелдерімен кездестірмеді...


1999 ж. 

Көп оқылғандар