Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Зылиха Жантасова. Көмештің көркем қызы

20.08.2019 602

Зылиха Жантасова. Көмештің көркем қызы

Өлең өлкесінде жүрген қазақ қыздарының жырларын оқып өстік. Фаризаның отты өлеңі, Ақұштаптың әдемі әлемі, Күләштің нәзік әуені, Гүлнардың жап-жас сүйріктей сұлу жырларымен сырласушы едік. Қыз дәуреннің нәзік сезімін жеткізе алмастай күйге түскен бойжеткен шағымызда ақын әпкелеріміздің жырларының сезім боп төгілген әдемі сәулесімен жанымыз нұрланатын. Уақыт өте нәзік жанымыз қаталдық көргенде, арманымыз күйрердей, үмітіміз үзілердей кезеңдерде өлең құдіретінен рух тауып, дауылдай буырқанатын жырлардан қуат алатындықтан, асқақ рухты жырларды оқыдық.

Өлең менің сырласымдай,

Сырлассам да құмарым жүр басылмай, - деп ақын Мұқағали жырлағандай, әдемі өлеңмен сырласу жаныма өзгеше бір күй сыйлайтын.

Баян Тіленшина өлеңдерін басылым беттерінен арагідік оқитынбыз. Кітапханада таныстықтан соң, бойындағы ақындық жылылық, ақиқатқа ұмтылу мені өзіне тартып кетті десем болады. Өлеңдерін оқи бастадым. Қасымда бейне бір өзі сөйлеп тұрғандай әсер алып, туындысы арқылы нәзік жанын тани түстім. Елге қызмет етуді бала кезінен жадына сіңірген Керімдей құрметті әкенің тағылымынан болса керек, арман қуған Баян Керімқызы Шымкент педагогикалық институтының физика-математика факультетін үздік дипломмен тәмамдап, туған жерінде ұстаздық етіпті. Ал жүрегі өлеңмен тебіренді, тебіренісі әуенмен тербелді, болмысы өлеңге айналғандай байызсыз бебеу қақты. Әкедегі тектілік, Ғұмар Қараш ақынның немересі Зылихадай ананың даналығы, бабадан мирас шешендік жүрегінен өлең болып өрілсе керек.

Баян Тіленшина

Баян Тіленшина 1983-жылғы «Жігер» фестивалінде ақындық жанрдан дипломант атанды. 1984-жылы тұңғыш «Қарлығаш» жыр кітабы жарық көрді. Осы бастау «Қанат қақты», «Ғашық-нама», «Шабыт шашуы», «Жыр додасы», «Жұлдыз жүрек» атты өлең жинақтары оқырманға жол тартты. «Қиямет-қайым», «Ғибрат», «Сұрқия», «Арман-дүние» романдары өз оқырманын тапқан дүниелер болды. Ал бастауыш сынып пен ата-аналарға арналған «Әріп-әліпке» әдістемелік қосымшасының балалардың зердесін арттыруға қосар үлесі зор екенін мамандар мойындады.

Ерке болмысы адалдықты, әділдікті серік етті. Жазғанына жүрексіне қарады. Бәрін парасатпен пайымдайтын әкесінің өлеңшісымақтарға көңілі толмағанда, өлеңді күшеніп жазуға болмайды деген қағидасын құлағы шалған Баян кейде өзіне күдіктене қарайтын.

Құрмет тұтар жазушы ағасына мұңын шертіп өлең өлкесіне келуі үшін әдебиетті таңдап, журналистикаға қайта оқуға түсуі керек пе? деген сауалына жауап күтіпті. Шын талантты болса, өнер – құдірет қай салада да жазбасына қоймайтынын жазушы ағасы әдіптеп жеткізсе керек.

Өршіл көңілі алдамапты. Қазір Баян Керімқызының «Тағзым», «Тағылым», «Тілек», «Таным», «Тұғыр», «Түйін» атты жыр жинақтары ақынның жемісті еңбегінің көрінісіндей көңіл марқайтады.

Уа, тағдыр, тәлкегіңе көнбей кілең,

Ұйытқысаң, жалын болып өрлей білем,

Қинасаң, тамған тамшым жыр болады,

Тілімен ізгіліктің сөйлеймін мен! – деп жырлады.

«Тағылым» жыр жинағындағы «Тағдыр» атты өлеңі ақынның өмірлік ұстанымы іспеттес. Оның мақсаты – адамды сүю, Алаштың мұңын жырлау.

Ол өзі туып, өскен киелі Сайрамды жырлады, Көмешбұлақты кәусарым деп құрметтеді, елдің жоғын жоқтап дертіне дауа іздеді, тек шындықты жазуға серт етті. Махаббат және азаматтық лирикасының бір-бірімен астасып жатуының себебі, ақынның әйелдік нәзіктігінен гөрі кейде азаматтық болмысы, ел алдындағы жауапкершілігін сезінуінен деп ой қорыттық.

Махаббат лирикасының кейіпкері алып-ұшқан сезімге емес, сағынышқа, тұрақтылыққа, төзімділікке бекем, сүйгенін көз ілмей күтуге бар. Сүйіспеншілікті іздейтін табанды талапшылдығымен тәнті етеді.

Сүйгенінің қасында емес. Қиялында жүргенін өзін бақыт санайды, соны алданыш тұтады, сол бейнемен ойша сырласқан сәтіндегі тазалық қуатын айтсаңызшы.

Көңіліме тыным бермеген,

Күн өткен сайын өрлеген.

Бетімде ұят боп дуылдап,

Бусанған бірге терменен.

Нар мінезді алыбым,

Санамда дара қалыбым,

Аспанға ұстын секілді

Тірлікте сенің барлығын, - деп өршіл мінезімен лезде қайта қауышып, беріктік болмысына қайта оралады.

Бір адамға шексіз адалдығы, сәулелі сезімі мен адамзаттың барлығын сүйе алатын кеңдігі жырларынан аңғарылады.

Жаным кетті өзіңмен.

Денем қалды, Құртқаның не түк қоймай менде барды?

Қан жылайды дірілдеп гүл сезімім,

Сәби сенім паналап өлең-жарды.

Күтуден, төзімнен құралған сезімнің кейде егіл-тегіл жылайтыны бар, жалғандыққа қас ақын оны да жасыра алмайды.

Адалдықтан жүрегі жаңылмайтын,

Аққу сезімділерге жаным-айдын.

Жаның туыс, сондықтан бауырымсың,

Бауырымсың болсаң да танымайтын! – деген ақын сөзі оның азаматтық ұстанымын, бауырмашылдығын, дүниетанымын аша түскендей. Адал жандардың барлығын бауыр санайтын өмірлік ұстанымы айқын аңғарылады.

Туған жерге деген тағзым, туған елге қызмет етуді борыш санаған азаматтық болмысы, ұстаздығы, адалдық пен парасатқа деген құштарлығы, жалпы адамзатты сүйіп, бауыр тартатын елжірер елгезек табиғаты, шындық үшін серттесер өр мінезі, бәрі шынайы сыр шертеді. Тазалыққа деген сүйіспеншілігімен баурайды. Өлеңдерінде ұранға тән кей ұғымдар, диалектілік сөз қолданысы да көзге түседі. Онысы әсіреге бай табиғи мінезінен.

Ақынның «Тағылым» кітабына эпиграф еткен төмендегі жыр жолдары көргені мен түйгенінің, парасат майданында жан-дүниесінің көрігінен өтіп, өзгелерге ұсына алар өмірдің жүрегінен өткізген тұжырымы:

Өткінші жарық ағымын,

Өмірдің түгел сағымын,

Өткердім бастан,

айтайын,

Тірліктен жиған ТАҒЫЛЫМ.

Баян Тіленшинаның «Таным» атты жыр жинағына енген «Парасат», «Өмір міні», «Дүние жалған», «Егіз қайшылық», «Жақсы адамдар», «Тіршілік теориясы» өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкерлер өмірдің сан қилы қайшылықтарымен күресе жүріп, таным таразысы қалыптаса жүріп, болмыс биігіннен табылады.

Өлеңдерінде ерекше жаңалық ашуға, жаңа түр іздеуге ұмтылмайтыны аңғарылады. Өмірдің тайталасында арды биік қойған, ұятты үстем еткен, өзгеге қамқоршы болғысы келіп, мейірімге жұтаң қоғамда өзгеге көмектескісі келіп тұратын ақ адал пейілі сезіледі. Басқаға қояр талабы біреу ғана, ол-адалдық. Ақын еркіндікті қалайды, бүгежіктемей айтқанды ұнатады. Сізден де соны талап етеді. Қоғамдағы ардың арашашысы сияқты.

Бойыңда барда алауың,

Қолыңда болсын қалауың,

Адамдық өмір деген сол –

жығылмай өтсе жалауың!

Ішіңде тұрған «ақылшың»,

Ішіңнен айтар батыл сын,

Өзіңді жеңу – ұлылық,

Жаһанды жеңер батырсың!

Ақын жетпіс жасқа толды. Мерейлі жастағы Баян ақынды өз өлеңімен құттықтаймын!

Көсемдік емес көп жасау,

Ұлылық жазсын жасыңа! - Көмештің көркем қызының ұлылық жазған тағдырыңа, Алла көп жасауды нәсіп еткей!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар