Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жолың болсын «Сакура»

21.09.2020 1367

Жолың болсын «Сакура»

«Әдебиет порталының» төрінде жас ақын Ерлан Аманқожаұлының «Сакура» атты тұңғыш жыр жинағының тұсауы кесіліп, әдеби таныстырылымы жасалды.

Қазақ поэзиясына қосылған осы бір жаңа жыр кітабы баршаңызға құтты болсын!

Ерлан Аманқожаұлы осы уақытқа дейін айтыстың аламанында ат ойнатқан азамат. Талай жыр-додасында топ жарғанын айтпағанда, өткен жылы маусым айында Ақсуатта өткен халқаралық айтыстың бас жүлдесін жеңіп алған. Енді міне оқырманға жаңа қырымен, нәзік лирикалары топтастырылған жыр кітабымен жол алып, баршамызды қуантып отыр.

Шын мәнінде, айтыс пен поэзияның арасы жер мен көктей. Айтыстан жазба ақындыққа бір жола бет бұрған ақындардың шоғыры бізде аз емес. Ол өзінше әдебиетіміздің бір жүлгесі, баяғылардан қалған ізгі дәстүр. Ерланда осы жолды ұстанған екен. Бір қуантарлығы оның поэзиясынан айтыскер ақынға тән айтқыштық, ұраншылдық, қарабайырлық кездеспейді. Өлеңдері ескен желдей, көшкен сеңдей.

Ерлан Аманқожаұлының «Сакура» атты бұл жыр кітабының алғы сөзін Алаштың аймаңдай ақыны Мұрат Шаймаранұлы жазған. Риәсіз, шынайы, ақ пейілмен жазылған кіріспе сөзде: «Ерлан жырларындағы тағы бір бітім – шығыстық сарын, шығыстың даңықты шайырларына тән асқақтық, ғашықтық, егіле мұңдану, мынау күйкі тірліктен, тіпті патша тағынан мәрттікті, сұлулықты биік санау» деп жоғары баға береді.

Ерлан Аманқожаұлының өлеңдері нәзіктігімен, шынайы, таза, кірпияз болмысымен еркшеленеді. Поэтикалық қуатының да осал емес екенін аңдатады. Өзін-өзі шыңдаса, өзін-өзі баптаса алар асуы, шығар биігі бөлек ақын болары сөзсіз.

«Сакура» кітабының әдеби таныстырылымына Ерлан Аманқожаұлының әріптестері, замандас аға-бауырлары, қаламдас достары қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Өнердегі ағалары ақын Ербол Алшынбай мен Жанат Жаңқаш ақ жол тілеп «Сакураның» тұсауын кесіп, сәт сапар айтып ақжарма көңілдерін білдірді.

Ізгі тілек пен кітап жайлы ойлы көзқарастарын журналист Алмас Алтай мен Алаш Тұрсынәлі онан ары жалғай түсті.

Қызылордалық Сыр сүлейлерінің жалғасындай жыршы Әлихан Дүйсенбай мен Жетісу ән өнерінің үздік өкілдерінің бірі әнші Бақытнұр Әбілезұлы ән мен жырдан шашу шашып, кештің көрігін қыздырды.

Кеш соңында Ерлан Аманқожаұлының артынан ерген бауырлары Ғылымнұр Кәдірбай, Тілеубек Батыс, Мейір Оразғалиев, Қуатбек Жәкей сынды ақындар Ерлан шығармашылығы жөнінде өз ойларын білдіріп, Ерлан ақынның өлеңдерін жан тебіренте оқыды.

Бәрімізде бір ауыздан жолың болсын «Сакура» деп кешті түйіндедік.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар