Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жолымда жатыр мың ырғақ...

24.06.2020 1342

Жолымда жатыр мың ырғақ...

Бүгінде, иісі қазақтың ақсақалы, ұлт рухының алдаспаны, жазушы Мұхтар Мағауинның, Абайдың жаз туралы өлеңінің тууы жайында жазылған «Жазды күн шілде болғанда» деген әңгімесі бар. Осында: «Әуелгі бастау – «Жаз». Қазақ рухының биік көрінісі. Абай өзінің мәңгілік мұратымен алғаш рет осы Көпбейітте табысқан. Қазақ әдебиетінің жаңа дәуірі осы арадан басталыпты. 1886 – ит жылы, итшілеген заман», – дейтін ғажап тұжырымы бар. Қараңыз, жазушы өлеңнің тағдырлы болатыны туралы, ұлы ақынның бір ғана өлеңіне, Ақын рухының асқақ көрнісіндей бір көркем әңгімесін арнағанын байқайсыз.

Тұрдыхан АЙДАРХАНҰЛЫ

Бұл жерде «тағдыр» десе болды, адамдардың жүрегі су ете қалатыны да бар. Әрине, кезіндегі қоғамдық-саяси қуғынның ықпалы осыған мәжбүр еткен. Әркімнің тағдырын жаратушысы емес, бәз біреулер шешеді. Сондықтан да тағдыр жайында, санада қорқыныш пайда болған.

Ал шынтуайтында тағдырдың мағынасы кең. Әдетте тағдырлы ақын десе де, адамдардың көзіне жоқшылық көрген, кедейлік пен өмірге өгейлік елестейді. Шын мәнінде әсте олай емес. Біздің айтпағымыз: санасы таза, рухани мүгедектіктен аулақ хас шебердің асқақ рухпен айтылар аруақты сөзі. Бастан кешкен тағдырдан түйгені, таудай болмысы мен әр нәрсеге тек өзінің ғана көзімен қарайтын айқын өмірлік ұстанымы жайындағы әңгіме. Сондықтан да өлеңде әрине өзіне тән тағдыр болу керек. Ақын тағдырлы болғанда ғана сөзінде мән болады. Алайда тағдырды ешкім қолдан жасай алмайды. Ол – бір тылсым дүние. Қазірге дейін оны шамалап білген пенде болған жоқ. Тағдырлар – соңында тарихқа айналады.

Ал «тарих» десе, бізге адамзаттың ұзақ көші елестейді. Алайда, өлеңнің де ұзын және қысқа тарихы болады. Ендеше өлең де – тарихтың бір көрінісі. Нағыз өлеңнің тарихпен тамырлас дүние екенін ешкім терістей алмайды. Кешегі халқымыздың қисса-дастандары арқылы қаншалаған тарихымызды танып білгенімізді, ғылми тарихымызға сол жыр-дастандарды пайдаланғанымызды ұлы Шоқаннан бері сабақтасақ та жетеді. Сондықтан тағдырсыз – жыр тамырын тереңге жібермеген ағаш сияқты өміршеңдігі болмайды. Бұны айтып отырғанымыз: өлең адам жанындағы ішкі бір әсердің иә сыртқы күштің себебінен туындайды. Әр өлеңнің өмірге келуінде өзінше бір әсер, оқшау оқиғаға байланысты болса, онда ол тағдыры бар сөз болады. Өлмейтін сөз, өшпейтін оқиға тарихқа тамыр жалғайтыны белгілі.

Жоғардағы сөздің түйіні, әрбір өлеңнің тағдырлы болғаны жөн деген қорытынды шығады. Өлеңнің жазылу барысы жайында сіз сол өлеңіңізді оқығанда сізге түрткі болған ой, сонымен бірге сол кездегі табиғат құбылысы, мезгіл, өзіңіз болған орта миыңыздан елес беріп, сізді бір әсерге бөлеуі керек.

Күллі адам баласы өткен өмірін еске алып бүгінін таниды, бүгінін танып ертеңіне болжам жасайды, алдына жаңа мақсат қояды. Ал ақын жөнінен алғанда, әрбір өлең – өмірінің айғағы іспетті. Өлеңі өмірінің шарайнасындай болған қазақтың дауылпаз ақыны, кешегі Қасым Аманжолдың ыстық жүректен туған жырлары бұған толық дәлел. Ал өлеңнің өресі биік иә аласа болуын тек ақынның алымы мен шалымы ғана белгілейді. Сондықтан біз тағдырлы өлеңнің бәрі, сүмбілдей сұлу, арғымақтай апайтөс деуден аулақпыз.

Ендеше, осы жерден сәл шегініс жасап айтпақшы болған негізгі тақырыбымызға оралайық. Жақында, «Ер Жәнібек» қоғамдық сайтынан әдемі лирикалы жырларын сараң ұсынатын Ретбек Мағаз деген ақын бауырымыздың «Таңғы шықтың тағдыры толғандырған ақындар» атты лебізін көріп қалып, оқыдым, оқыдым да ой-сезімімнің артымда қалған жиырма жылдың алдындағы жастық шағыма шегініп кеткенін сезіндім.

Иә, «Есіңде барма жас күнің», ‐ деп Абай атамыз айтқандай жырға ғашық жүрекпен ештеңеден именбей қолды сілтеп жүрген кезіміз, басымыз қосылды болды өлең оқимыз. Әсіресе Қазақстан ақындарына деген ынтығымыз бөлек. Қандай тәтті қиялмен, мөлдір жүрекпен қабылдадық. Сол бір өзім жырын жатқа оқитын ақындар өзі адам ба, әлде періште ме, деп ойлайтын едім сонда.

Сонымен бұл – дәл 1999 жылы, қаңтардың он бесінші жаңасы еді. Сарсүмбе қаласында жоғарының ұйымдастырған үйрену курсына қатынасып жүргенімде, сол қалада тұратын бір ағамыз өзім армандап қолым жетпей жүрген ақын Есенғали Раушанның «Қара бауыр қасқалдақ» атты жыр жинағын оқи тұруға берді. Кітапты далаға шыққанда қойныма тығып жүремін, өйткені, жоғалтсаң – біттің, онда құн жоқ, төлеймін десең де. Ал класта мұғалім сабақ сөйлеп жатқанда артқа таман ыңғайлы жерге отырып алып, партаның астына басым кіріп, шұқшиып оқимын. Ана мұғалімге ұсталып қалмау керек. Сонымен кітап екі айдай қолымда болды. Шама келгенше оқыдым. Кей өлеңдерді ішкерлеп түсіне де алмаймын.

Жапыраққа айналып кетсем мен деп,

Жасырындым күн ауа топ шеңгел кеп.

Меңсіз қара ат мінген түн мені іздеп жүр,

Мені іздеп жүр сай құлдап, тепсеңді өрлеп.

Сырлы сөз жұмбағы бар, жұтып кетер жайындай сөз. Осыдан соң өлең жайлы әсерім басқа болды. Әсіресе «Шықтың өлуі» деген өлеңге қатты қызықтым. Шық деген – кәдімгі шық, жайлауда өскен баламыз, өмір бойы көрген дүние бұлақ бойынан. Жасыл беттен жалаңаяқ кешкеміз, керек болса. Ал оның өлуі жайында осыған дейін ойланып көрмеген екенмін. Қатты толқып жүрдім, сол әсерім әлі күнге есімнен көтеріліп көрмепті. Ненің? әрине, өлеңнің әсері, мәңгілік! «Пендені дәулет мас қылар, қыраудан кешкен жылқыдай», - деп, Майлықожа ақын айтақандай, Есағаңның жыры сол кезде мені жайлаудың шығын кешкен балалыққа мас күніме, яғни әрі қарай бір жиырма жылға шегіндіріп тастағандай еді. Сонда қазірге дейін жарты ғасырға жуық өмірімді еске алудың басында жалғыз өлең тұрды.

Әрине, баянды-баянсыз күндер легі. Арада тағы бір төрт жыл өткенде, 2004 жылы қарашада «Таңғы шықтың тағдыры» деген шағын өлең жаздым. Өлеңім өзіме ұнады. Әрине, алдыңғы өлеңнің әсерінен екенін білдім. «Шықтың өлуі» санама сәуле түсіріп кеткені түсінікті. Өлеңмен өмір сүру деген – қызық нәрсе: өзіңмен өзіңсің, бәрінен аулақсың, өзіңше бір әлемсің, біреу сені адам дейді, енді біреу қияли дейді, айта берсін!

Сонымен желмаядай желдіртіп тағы да бір-екі жыл өткен. Өлең де әлдеқашан басылым көрген. Өмір – ойлаған емес, көбінеки ойламаған нәрселерден тұрады ғой. Күндердің бірінде, үйде жай отырған едім, телефон кісінеп қоя берді, құлағына жармастым. Шежіре кеңсесінде қызмет істейтін қаламгер ағамыз Марат Қинаятұлы екен: «Дереу кеңсеме келсең», - деген ыңғай білдірді. Шапшаң жетіп үлгірдім, есендіктен кейін Мәкең:

– Әй, осы сенде Тұрсын Жұртбайдың кітаптары бар ма? – деп сұрады.

– Иә, оны қайтесіз?

– Оны ма, Тұрсын Жұртбай кеше осында келіпті, Пекиіндегі ұлттар институында сабақ беріп қайтқан сапары екен. Сол ағамызға кітабына қолтаңба түсіртіп алайын деп едім, - дейді.

Кітап бар. Алайда жалғыз кітап. «Бесігіңді түзе» ғана. Ішім қылп ете қалды, апыр-ай, өзім неге қолтаңба түсіртіп алмаймын?.. Ал мынау аға орнындағы адам, бермесең қөңілі қалады.

– Жарайды, бар еді, дегенді әрең айттым. Маған қою қасын көтере бір қарап койған Мәкең:

– Ендеше бүгін кеште, аймақтың басшылары Жұртбаевқа қонағасы береді екен, мені шақыратын болған, - деді. Ал мен болсам асығыс:

– Онда сіз барсаңыз маған хабарласыңыз, кіре алмасам да Түкең ағамызбен дидарласып, қолын алып қалайын, – деп жатырмын. Мәкең:

– Жарайды кітапты ұмытпай ала кел, – деп шорт қайырды. Мақұлмен үйге қайттым.

Тосып отырмын, қас қарая екінші телефон шалынды. Айтуынша, ағамыз ол жерге беймәлім себептермен шақырылмай қалған. Дауысы бәсең, үміт тек ертеңде, – дейді. Ертеңінде семсер сәскенің тұсында ер кезегі үшінші телефон келді. Мұнда бізге жолығудың сәті бұйырған, тек сәл жол басу керек. Сонымен Түкеңді басшылар арқа-жарқа күтіп алып, енді Тарбағатай еліне қарай шығарып салудың сәті де келіп жеткен екен. Тек біздің Сарсүмбе қаласынан аттанып, бір кезең асып түстеніп, ары қарай Алтайға қош демекші болған. Ал біз пақырға оңтайлы жер – қуып барып сол түскі аста отырғанда жолығып қалу. Ақыры, ағамыз екеміз асығыс жолға шықтық. Астымызда менің бір адамдық шағын мотоциклім, ал Мәкең жүз килоға тарта салмағы бар денелі адам, артымды басып отыр. Сарсүмбеден шығып Сақбұлақтың кезеңіне қарай тырмысып келеміз. Газды басқан сайын бейшара шырылдайды, бір жері үзіліп кетпесін деген қаупім де жоқ емес. Ағамыз орнығып алған: «Қорықпа, айда!», – дейді. Ақыры Аш кезең асу беріп, көттік тартар еңісте лоқылдап келеміз. Артымыздан келген джип маркалы алып машина бізді демімен қалтыратып өте берді. Іле Мәкең:

– Әне, Жұртбаев ананың ішінде кетіп барады, – дейді елеңдеп. Мөлшермен сүт пісірым уақыттан соң межелі жерге жеттік. «Шаруалар шаттығы» дейтін, шаруаларды шаттандырған бір кез еді ол. Сол мазмұндас цементтен қаланған, жүрегі бар жылуы жоқ адамдай, тас киіз үйдің алдына келдік. Үйге беттедік, алдымыздан біреулер шығып: «Кімсіңдер? кіріуге болмайды!» - дегендей сыңай танытты. Біз қаламгер екенімізді айтып, Түкеңе сәлем бермек болғанымызды жеткіздік. «Ол кісіні танисыңдар ма?» – дейді дүңк еткізіп. Біз неде болса ентелеп кіруге ыңғайланғанда барып әлгі адам ішке лып етіп кіріп мән-жайымызды айтқандай болды. Лезде қайта басын қылтитып: – Кіріңдер!– деді. Сырты суық болғанымен, үйдің іші жылы, әшекей, қазақи өрнектерден көз сүрінеді. Тура төрдің қақпасында ақ жейденің кеуде тұсын ағытып тастап, баяғының ақсақалдарындай Тұрсын ағамыз шынтақтай жайғасыпты. Сәлем бердік. Сол жағында осы сапарда ел мен жерді көрсету үшін ертіп алған болса керек, бәйбішесі жайғасыпты. Оң жақта әкім-қаралар, Түкеңнің оң қол уәзіріндей кепте, әңгімеге үнсіз шұлғып отыр. «Әй, шіркін!» - деп айызымыз қанып, біз де тізе бүктік. Себебі, бұрын осындай сәлиқалы қазақты көрмеген екеміз. Дастархан басында қадым заманғы шерлі шежіренің иісі аңқиды. Көзіме алмағайып тарихты аунатқан құлақ күйі келіскен қоңыр домбыра елестеді. Көкіректе басылмас бір шөл бар. Енді жұрттың назары, келген екеуге яғни бізге бұрылды. Тұрсын аға, жөн сұрасты. Білістіктен кейін біз кітаптарын жата-жастанып оқығанымызды айттық. Түкең әңгіменің бағытын өзінен гөрі қазақ әдебиетіне таман бұрып, біз білетін жазушылардың біразын атап: «Оқыдыңдар ма, қалай?» – деп сұрай отырды. Оқыған кітаптардың атын атадық, қатты разы болды.

– Әй, жігіттер, - деп жанындағы атқосшыларына бұрылып, – мына бауырларды кеше шақыру керек еді, – деген көңілін білдіріп еді, аналар:

– Ойбай, аға, осыларды кеше таппай қалдық қой, – дейді. Ал мұнысы өтірік екенін сезіп біз қысылдық. Себебі, олар бізді танымайды ғой. – Ендеше уақыт қысқа, көлік тосып тұр, бауырларым үшін және бір жиырма минут қосайын, – деді. Біз дән ризамыз. Сонымен қалған уақытта қоңыр әңгімеге ойыстық. Тек әдебиет пен өнер жайында. Біз тыңдаушы, ара-тұра ортадан киіп кететініміз тағы бар. Әсіресе, қазақ еліндегі өзіміз армандап жүрген ақындардың өлеңдерінен жатқа оқып та үлгірдік. Ол кісі айызы қанып, ол ақындардың өзінің достары екенін білдіріп, олар туралы әзіл-қалжыңдарын айтып елжірей еске алып отырды. Бір мезгілде оратын тауып мұқабалары ескірген өзінің кітаптарын алдына қойдық. Ағамыз қуанышын жасыра алмады, әсіресе мен алып шыққан «Бесігіңді түзе» деген туындысының ішкі бетіндегі өзінің креслода ойлы жанармен қырын қарап отырған қайратты қара шашты, көмірдей қара сақалды, көрікті жас жігіт кезіне тамсана қарап:

– Шіркін, қырық жасым еді, – деді. Сосын қолындағы кітапқа маған арнап:

– Түке, бесігіңе ие бол! Жұртбаев,– деп қолтаңба қалдырды. Марқайып қалдық. Жаның сүйетін автордың өз қолынан қолтаңба алу деген – қиыр жайлап, шет қонған біздер үшін үлкен мерей.

Ағамыз енді бір қайырымда: – Ал ақын болсаңдар өлең оқытпай болмайды! - деп салды, айтарға болмаса қысылып қалдық. Аз-кем ойланып алдымен өзімді оқуға тартынып, өзге жігіттерден оқып едім. Алдымен өзіңнен баста деген ұсыныс айтылды. Сонымен неде болса бағанағы Есенғали ағамыздан тамыр тартқан таңғы шық жайлы шағын өлеңімді оқып бердім. Ағамыз разылығын білдіріп: «Аспанды кішкентай гүлдің танабындағы шықтың ішінен көру келісіп тұр», – деп алқағаны әлі есімде.

Қоңыр әңгіменің сірге жияры ретінде осы арадан тізгін тарттық. Үй иесі Түкеңе арналған ақсарбастың басы мен кәделі жіліктерін алдыға тартты. Түкең түзеліп отырып елге, жерге, ара-тұра есіктен кіріп-шығып жүрген аяғын апыл-тапыл басқан сәбиді қосып, келісті бата беріп, басты қолына алды. Сосын маңдай тұсынан бір кесіп: «Халықтың маңдайынан күн өтпесін», - деп уәлиге ұсынды. Солай тілегін қоса айтып жағалай жоралғы жасай келіп: «Халықтың сөзін сөйлейсіңдер», - деп тілін бізге ұсынды. Осы күні Тұрсын ағамыздың сол бір салмағы ауыр сөзі әлі мойнымда тұрғандай сезінемін. Әрине, «Халықтың сөзін сөйлемеген ақыннан не пайда?» - дегенді ұғындырып кетті бізге.

Дастарханның соңғы батасы жасалып, сыртқа шықтық. Түс ауып кетіпті. Фотоға түсіп естелік қалдырдық. Соңында Тұрсын ағамызды Тарбағатайдан келіп тосып тұрған темір тұлпарға мінгізудің де уақыты келіп жетті. Жамырай қоштасып, қол бұлғасып жатырмыз. Ауыздық басып тұрған ақ тұлпар лезде артына шаң қалдырып жылжып кетті. – Иә сәт, жолыңыз болсын! – деп іштей тілек тіледік.

Әлқисса, сөз басында өлеңнің тағдырлы болуы туралы әңгіме болған еді. Әрине, неде болса өлең өмірге араласып, ойыңды қоздатып, алуан тақырыпты әңгімеге арқау болып отырғанға не жетсін! Мейлі, қандай бір шығарма болсын қайнаған өмірдің, думанды тірліктің, қымбатты сәттерін және басқалай болмыстарын тап басып бейнелеп бере алмаса, оның несі құнды. Өмірдің адам жөнінен алғанда құны шексіз екен, ақын жүрегінен туған шынайы жырдың да құны өлшеусіз деп білген дұрыс. Өнер атаулы сонда ғана төлдейді, өміршең өлеңнің тағдыры адамның жеке басының тіпті әлемнің тағдырымен қатысты болып жататыны да бар.

Алайда, тағдырлы ақын кейде тағдырлы жыр жаза алмай кетуі де әбден мүмкін. Сөзіміздің соңын өзін тағдырлы ақындардың қатарынан көргісі келетін ақын Адалбек Ахмадидің бір шумақ өлеңімен тәмамдауды жөн санадық.

Жолымда жатыр мың ырғақ,

Ей, өмір! тыңда тыңдама.

Өмірге келген шырылдап,

Бір өлең бейне – бір бала.

2020 жыл, 10 маусым.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар