Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жас қаламгерлерлер жүздесуі

04.06.2021 1791

Жас қаламгерлерлер жүздесуі

«Бар жақсылық – балаларға!» - дейтін, қай дәуірде болмасын маңызын жоймайтын тамаша ұран бар. Балаға ата-ана, қоғам, мемлекет тарапынан жасалған қамқорлық, жақсылық – отбасының ұлттың, мемлекеттің болашағына салған табысты да қайтарымды инвестициясы. Әсіресе, балаға берілетін рухани тәрбие қашанда маңызды. «Бала тәрбиесі – баршаның ісі». Бала тәрбиесіндегі аса маңызды құралдың бірі – кітап. «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы». Кітап оқитын елдің келешегі – кемел де жарқын. Біздің елімізде балалар кітап оқи ма? Ана тілінде туындылар жазып жүрген жеткіншектер мен жастар бар ма? Осы сұрақтарға жауапты 1 маусым – Балаларды қорғаудың халықаралық күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткен игі іс-шарадан таптық.

Әлемдегі барша балалардың асыға күтетін ерекше мерекесі 1 маусым күнін кітапхана ұжымы лайықты қарсы алып атап өтіп жатқанына куә болдық. Таңертеңнен кешке дейін бірінен кейін бірін балалар мен ата-аналардың қатысуымен әсерлі өтіп жатқан он бес түрлі іс-шараның «сіргежияры» – еліміз аумағындағы жас қаламгерлермен олайн-офлайн кездесу екен.

Ұлттық академиялық кітапхананың мұрындық болуымен, осы мекеме жанындағы Балалар мен жасөспірімдер әдебиетін қолдау кеңесі тізгін ұстаған конференцияға белгілі балалар жазушылары Толымбек Әбдірайым, Нұрлан Қалқа, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты. Біз жоғарыда атап өткен екі сұрақ төңірегінде өрбіген конференцияны ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Балалар мен жасөспірімдер әдебиетін қолдау кеңесінің төрағасы Ербол Бейілхан жүргізіп отырды. Жас қаламгерлер мен жазушылар, БАҚ өкілдері арасында балалар әдебиетінің бүгінгі ахуалы, болашағы турасында еркін пікір алмасу өтті. Конференцияға қатысушылардың өз шығармашылығы мен балалар әдебиетіне қатысты өзге де ой-пікірлер білдірушілердің сөзі төмендегі ауанда болды:

Жас қаламгер Қасиет Қанатқызы «Әдебі әдемі ханшайым бол» деген кітап жазған екен. «Алтын сақа» баспасынан жарық көрген туындысы туралы автор қысқаша таныстырып айтып берді:

- Қош келдіңіздер, барша қатысушылар! Кітаптың жазылуы туралы қысқаша айтқанда, өткен жылы үйде бәріміз де пандемияға байланысты үйде отырғанымыз белгілі. Осы бір уақыт мол кезде босқа отырмай, өзімді жазу саласында байқап көргім келген еді. Сол кезде бұл ниетімді жерге тастамай, маған жеке үстел, компьютер әкеліп беріп, жазуыма жағдай жасап, қолдау көрсеткен әкеме осы орайда көп рақмет айтамын. Мен осылайша шығармашылыққа алаңсыз кіріскен болатынмын. Түрлі мәліметтер жинап, барынша іздендім. Жаза бастадым. Кітап жазудағы басты мақсатым: қыз балалардың заманауи үрдістен қалып кетпей, көпшілік ортада өзін өзі лайықты алып жүруіне көмек көрсетуге жарайтын нұсқаулық жасау болды. Жазған дүниелерімді кітапқа топтастырғанда 156 бет болып жарық көрді. «Қызға қырық үйден тыю» дейді ғой. Осыған байланысты біз кітаптың атын «Әдебі әдемі ханшайым бол» немесе «қыз бала білуі қырық әдеп» деп атадық. Өз мақсатыма жеттім деп ойлаймын. Болашақта шығармашылық жолды жалғастыра беремін деген ойым бар.

Жас қаламгерлер Шыразаддин Қаниязов пен Жібек Зинелова бірлесіп «Кәмпитті жеген кім?» атты кітабы да «Алтын сақа» баспасынан жарық көрген екен. Бұл туралы Шыразаддин Қаниязов желі арқылы таныстырып өтті:

- Қайырлы кеш, құрметті аға-апалар! Біздің жазып бітіріп, баспа бетін көрген «Кәмпитті жеген кім?» атты кітабымызда кез келген қазақтың үйінен табылатын сандықты негізгі оқиға арқауы етіп алдық. Сонымен қатар әжей мен кәмпитті қатыстыра отырып, балаларға детектив жанрындағы қызықты әңгіме жазуға тырыстық. Кітап жаңадан құрылған «Алтын сақа» баспасында екі мың данамен басылып шықты. Ресми түрде тұсауы кесілді. Қуаныштымыз. Бұйырса, болашақта шығармашылықты жалғастыра береміз.

Бұдан кейін сөз алған жас жазушы Алуа Есболатқызы өз шығармашылығы, жарық көрген кітабы туралы таныстырып өтті:

- Қайырлы күн, құрметті ағалар, әпкелер! Балалар әдебиетіне атсалысып жүрген өздеріңізді көргенімізге қуаныштымыз. Өзімнің туындыларым жайлы айтар болсам: әзірге шығармашылық қорымда «Әлидің басынан кешкендері» және «Ерекше ертегілер» атты екі кітабым бар. Екі кітап та соңғы үш айдың ішінде жарық көрді. Бұл ертегілердің атауы неліктен «Ерекше ертегілер?» деп қойылған дегенге келетін болсақ, оның да себебі бар. Бұл – біздің әдепкі классикалық ертегілер емес. Бұл ертегілер – терапиялық ертегілер. Менің бірінші мамандығым – филология, Еуразия Ұлттық университетін қазақ тілі мен әдебиеті бойынша бітіргенмін. Ал екінші мамандығым – балалар психологі. Бакалариат пен магистратураны бітіру бойынша дипломдық, диссертациялық жұмыстарымның тақырыбы ертегілер туралы еді. Ертегілердің жанры, құрылымы, жіктелуі т.б. мәселелерді филология ғлымдарының докторы Жантас Жақып ағайдың жетекшілігімен біршама зерттеген едім. Жантас ағам осылайша, менің ертегіге деген махаббатымды оятты десем де болады. Кейіннен психологияны екінші мамандық ретінде оқығаннан кейін балаларға арналған терапиялық ертегілер жазу жөн деп тауып, осыған кіріскен болатынмын.

Бұл ерекше ертегілердің тақырыптары да ерекше. Мысалы, «Жаңа қоныс». Бұл – баланың бір орыннан екінші орынға көшкен кезде жаңа ортаға бейімделуі (адаптациядан өтуі), қимастығы барлығын ескере отырып жазылған ертегі.

Айта кетерлік жағдай: жаңа тілді үйрену, жақсылыққа жақын, жамандықтан аулақ болу, өзін-өзі билеу, қорқу, ұйықтау, қырсықтық сияқтыларды былай қарағанда балалардың бойынан байқалатын болмашы нәрселер сияқты болып көрінеді. Бірақ осыларды ертегінің өн-бойына тақырып еткеннен кейін ол басқаша сипатқа ие болады. Мұны ертегіден байқауға болады. Негізі бұл ертегілердің жазылғанына бір жарым жыл болды. Алғашында сынақ ретінде, қалай қабылдар екен деп балаларға оқуға бердім. Аналар қауымы пікір білдіріп жатты. Олардың айтуынша мұны озыған балалар өзінде бар осындай проблемаларды өздігінен шешкендей болды дейді. Балалар: «Мына кейіпкер маған қатты ұқсас екен», - деген сияқты пікірлерін айтып жатты. Менің бұдан түйген қорытындым: осындай мәселесі бар балаларға біздің ертегілеріміз таптырмас көмекші құрал бола алады. Жалпы, ертегілер баланың ойлау қабілетіне, танымына, қабылдауына қатты әсер етіп, барлығын қатты өзгертеді ғой. Сондықтан да осындай байсалды сипатта жазылған ертегілер керек болды деп ойлаймын. Осы кітапты шығару үшін мұндағы иллюстрациялардың балалар қиялына, талғамына сай болуы жолында суретшімен үш айдай жұмыс істедік. Бұл кітап та «Алтын сақа» баспасынан шықты. Бас редакторымыз – Саят Қамшыгер. Қысқаша айтқанда осындай.

Қызылордадан байланысқа шыққан жас қаламгер Алтынай Берікқызы өзінің «Ертегілер» және «Ертегілер елінде» деген екі кітабы шыққанын айта отырып, былай деді:

- Сәлеметсіздер ме? Мен Қызылорда қаласында тұрамын. Жеті жасымнан бастап сурет салумен шұғылдандым. Кейін сол суреттерге қарап ертегі жаза бастадым. Ертегілерім – жан-жануарлар туралы болып келеді. Жан-жануарларға түрлі мінездерді телу арқылы балаларға жақсы қасиеттерді насихаттаймын. Он жасымда «Ертегілер» деп аталатын бірінші кітабымды шығардым. Бұл кітапты шығаруға Қызылорда облысының әкімі болған Қырымбек Көшербаев аға қолдау көрсеткен болатын. Араға екі жыл салып «Ертегілер елінде» деп аталатын екінші кітабымды оқырмандарыма ұсындым. Осы уақытқа дейін жазылған жетпістей ертегі, елудей әңгіме, қырық шақты өлеңдерім бар. Бірінші кітабыма отыз екі ертегі, он екі өлең, жиырмадан астам әңгімем енді. Алдағы кезеңде үшінші кітабымды шығарсам ба деген ойдамын. Үшінші кітабыма қажетті ертегі, өлең, әңгімелерімді дайындап қойдым. Қазір қаржы тапшылығына байланысты тоқтап тұр. Әлі де болса, балаларға арнап ертегі, әңгімелерімді жаза беремін.

Кітапхана залында отырған кішкентай жазушы Разия Акпардың «Ертегі әлеміндегі ханшайым» атты кітабының тұсауы бүгін ғана ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында кесілген екен. Жас талап өзінің шығармашылығы туралы қысқаша былай деп таныстырды:

-Армысыздар, кітапсүйер қауым! Менің алғашқы ертегі жинағыма он бір ертегі енді. Олардың әрқайсысы заманауи және пән бойынша тақырыптарды құрайды. Бұл кітабымның ерекшелігі: оны менің өзім салған суреттеріммен безендіруім деп айтсам болады. Менің ертегілерім оқыған әр балаға ой салады деп ойлаймын. Мысалы, «Жыл мезгілдері» деген ертегімнің мазмұнын мен былайша құрдым: Бір жылда төрт мезгіл бар ғой. Сол төрт мезгілді мен төрт ару қызға теңедім. Бұл ертегінің мақсаты: балаларға адамдарды сыртынан қорытынды беріп өсектеуге болмайтынын ұғындыру еді. Осы сияқты өзге он ертегіні менің ертегі кітабымнан оқи аласыздар.

Осы ретте Алматы қаласында жақында құрылып жұмысын бастаған «Алтын сақа» баспасының ілкімді істерін айтып өткен дұрыс болмақ. Қазақстандағы қазақ балалар әдебиетінің дамуына үлес қосуға бел буып кіріскен баспаның директоры – белгілі ақын, баспагер Саят Қамшыгер жас қаламгерлердің кітаптарын шығарып, ел аумағына тарату үшін жұмыс істеп жатыр екен. Нәтиже де жаман емес. Оған жоғарыдағы еңбектер куә.

Тараздан елордаға арнайы келген ұстаз-қаламгер Рүстем Сауытбайдың фэнтези жанырнда жазылған «Шоко әлем» атты туындысының тұсауы кітапханада кесілген екен. Бүгінгі конференцияға қатысқан автор кітапхана ұжымына өзінің алғыс-ризашылығын білдірді:

- Ең әуелі, алыстан шақырту жіберіп, кездесу ұйымдастырып, тұсаукесер өткізіп бергені үшін кітахана ұжымына рақмет айтамын! Осы жылы балалар әдебиетіне көңіл бөлініп жатқанын көріп отырмыз. Тәуелсіздік алғаннан бері кітапқа көңіл бөлінбей отыз жыл өтті, кеш қалып жатқанымыз рас, әрине. Отыз жылда балаларға арналған өте аз дүниелер жазылды. Оны бәріміз мойындап отырмыз. Біз аз-мұз қолда бармен мақтана бермей, кемшіліктерді мойындауымыз керек. Көп жұмыстар атқарылуы керек. Осы қарқыннан танбасақ, көптеген жақсы дүниелер шығады, бұрынғы жіберген қателіктерді дұрыстап, көптеген биіктерді бағындарымыз деп ойлаймын. Қазақтың бай тілі мен әдебиеті, өнері, ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрлері, ата-бабадан қалған рухани қазынанны молынан пайдалансақ, әлі талай керемет дүние шығады. «Асыл – тастан, ақыл – жастан», - дейті ғой. Әсіресе, жастардан көп үміт бар. Өзімнің оқушыларым арасында да жазып жүрген көп жеткіншектер бар. Өзім осы салаға жақында келіп отырмын. Сыншыларымыз атап көрсеткеніндей, әрине, әлі де ұштап, жетілдіруге тиіс кемшіліктер бар деп білемін. Мұның бәрі көш жүре түзеледі деп сенемін. Мереке құтты болсын!

Жалғасы бар...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: #Балалар
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар