Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жанжарасын жарып шыққан шығарма

27.11.2020 1078

Жанжарасын жарып шыққан шығарма

Кейде күні кеше істеген жұмысыңды, қас-қағым сәтте болған әсерлерді лезде ұмытып қала бересің. Ал осыдан қаншама жылдар бұрын өткен балалық шағыңның суреттері шығар күндей жап-жарық болып санаңда сайрап тұрады. Тау суындай тұп-тұнық. Іриәсіз, шынайы кейіпте. Аса тәкаппар ыстық болмыста. Сондықтан да балалық шағыңның қалай өткені ендігі өміріңнің арнасына белгілі дәрежеде өз ықпалын жасамай қоймайды. Мүмкін, өзіңе беймәлім ұлы тағдырыңның тұтас жүлгесін алдын ала айшықтап қояр. Бұл әсіресе суреткер үшін айрықша құбылыс болмақ. Осы орайда суреткердің шығармасына, туындыларына барлау жасай отырып, оның балалық шағы туралы бірәз мәліметте білуге болатын шығар деген ойға келесің. Оның көркем ойлау жүйесі мен өмірді тану, құбылыстарға барлау жасау барысы балалық шақтағы түйсіктердің бояуымен өрілетіні анық. Хэмингуей айтты деген бір сөз бар ғой «Жазушыда бақытсыз балалық болу керек» дейтін. Бұл сөзді әркім өз танымына сай жақсы түсіне алады деп ойлаймын. Бақытсыз балалық шақ жазушының көркем ойлау ұйтқысына, жазу атмесфорасына өзгеше ірең сыйлай алатыны анық. Тіпті бақытсыз балалықтан артық жазушының дертіне, қасіретіне бөлекше мағына беретін сезімді ойлап табудың өзі қиын. Жазушы Тұрсын Жұртбай бір сұхбатында былай дейді: «Баланың санасы қасіреттің түбіне қалай тез шөксе, жарық дүниеге де соншалықты тез оралады. Кеңістіктің шыңырауынан тез қайтуы – балалық ұшқыр қиялдың әсері. Бірақ сол қас-қағым сәттің өзінде дүниенің жалғандығын аңғарып үлгереді. «Уайымның түбіне» түсіп кетпесе де, осы дидарғайып шақ оның жанына судың бетіне түскен көлеңке сияқты әсер қалдырады» деп Абай айтқандай. Міне жазушы өзі сипаттап отырған тұнық судың бетіндегі қоңыр көлеңке, арада жиырма жылдан астам уақыттан соң «Қар астындағы көбелектей» кесек туындыға айналады. Өйткені баланың қиялындай ұшқыр, баланың қиялындай зерек, баланың сезіміндей өткір нәрсе жоқ. Осылайша әр адамның балалық шағынан қуат алған сезім толқынысы, ой шарпысы, есейе келе көңіл түкпірінен, сана шүеңтінен бас көтеріп өнерімен де, өмірімен де бірге қанаттасып, мызғымас темірқазығына айналып кетеді. Баланың кірсіз көңілі алғаш рет өлімнің бар екенін, қасіреттің, жауыздықтың, аярлықтың бар екенін сезгенде, көбелектің қанатындай нәзік жан талшықтары өткірлене түседі. Содан түскен жараны емдемекке оның бүкіл рухани келбеті жұмыла кірісіп, адамды тұлғаландыра, кемелдендіре түседі. Міне бұл біз сөз етіп отырған шығармашылықтың тіні саналатын жандерті. Бір-бірімен ұштасып, бір-бірімен шүйделеніп, шумақталып, қанаттасып қатар ағып жатқан жан тамырларының буырқанысы, қопарлысы. Сондай ыстық қопарылыстан туған дүниенің баяны айрықша болса керек-ті. Жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Қар астындағы көбелек» роман-эссесі міне сондай кейіптегі, сезімтал, ұтқыр, көбелек қанатының діріліндей шығарма. Осы роман туралы алдыңғы жазбамыздың жалғасы ретінде шағын әдеби талдауымызды ұсынамыз.

2012 жылы түсірілген «Зауал» атты деректі филімде мынандай мәліметтер айтылады: «1927 жылы коммунистік партяның ХV сиезінде мақұлданып, 1932 жылдың көктеміне дейін елдің шаруашылығы жеке қожалықтан ұжымдық шаруашылыққа айналып үлгеруі тиіс деген желеумен «Ұжымдастыру науқаны» басталып кеткен болатын. Ал басты кәсібі малшылық, бар тіршілігі төрт түлік болған қазақтың өре түрегелмеске шарасы жоқ еді. Голошекин қазақтың ірі байлары мен орта шаруаларын ту талақай қылған, одан соң ұжымдастыру дүрмегімен жарлы-жақпайдың көтерем торпағына дейін қидай сыпырып, колхоз меншігіне өткізді, бір-бірінен күншілік жерде отырған ауылды қыс ішінде зорлап көшіре бастады. Қарсыласар дәрмен жоқ еді. Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы Галюбов: « Колхоздатуды жылдамдату үшін, теріс пиғылды 15-20 адамды соттың үкімінсіз атып тастауға болады» дейтін сөзі газетке басылып, бұрынғыдан бетер еркінсіген шолақ белсенділер бас көтергенді қанға бөктіретін болды. Сотциялизм ұранына елірген шолақ белсенділер өз иелігіндегі мал санын асырып көрсеткен. Ауылнай біткен атқа мініп, қара халқтың басынан қамшы үйіруді үдетіп әкетеді»,- делінеді. Қалай болмасын, «Қар астындағы көбелектегі» біздің Бейсембай, Бекбай, Нұрақындарымыз өз заманынан жиырма-отыз жыл бұрынғы белсенділердей кісі өлтіріп, қан жұтқан қара ниет болмасада, жаман-жәутікті жөптеп, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен кетуге дағдыланған, бас пайдасынан ештемесі аспайтын құмай құлқынды, құзғын індетті, өмірлік шындықтан алынған колхоз дәуірінің кейіпкерлері еді. Қашан көрсең колхоздың ең ауыр жұмысына жегіліп кеп жүретін, адал, асыл азаматтар Қасен, Оразхан, колхоздың малын шашау шығармай бағатын, балаларының басын қосу үшін жем тасыған қызғыштай шырылдап жүрген Кербала, тегінде немістерде тұтқында болған кексе Бағділдә, колхоз атын қарындасына рұхсатысз мініп барған Жарасқа жаны ашып, партия жиналысында оның сөзін сөйлеп, Бейсембай мен Бекбайдың үстінен ашты шындықты сықпырта сөйлейтін қартаң Ақау, кезінде отан соғысынан қатынасқан, жұт болатын жылы қыста, колхоздың жем-шөбін бұрқақтаған қарлы боранға қарамай тасыймын деп жараланып, ақыры сол жарасы асқынып қайтыс болатын ақпейілді Кемел, бес жыл бойы Кемелді зарыға тосқан Батима қатарлы көркем кейіпкерлердің барлығы сол жылдардардағы ауыл колхозының жарқын бейнелі, еңбекшіл обыраздары. Бұлардың ішінде Торғын, Батима, Кемел сияқты адамдардың өмірде болғаны шындық, ал Қасен атты кейіпкерді, осыған қоса кемел мен Батиманың арасындағы махаббат трагедиясы сияқты сюжеттерді шығармашылық қиялдан тудырған, бұл арада кім өмірде болған, кім болмағандығын ішнара материялдарға негізделіп айттық, ал бұның өзі толық қанды деректану ғылымы емес, көркем шығармалардың көкжиегін аршитын әдебиет теориясының маңызды бір бөлегі болғандықтан, есті оқырман емеуірін арқылы түсінер деп бұдан ары кейіпкерлердің шын-жалғандығын саралап отыра беруді жөн санамай, осы тұстан қысқа қайырдық. Демек, автор өз өмірінде болған адамдарды көркем шығармаларға (эссе-естеліктен тыс көркем шығарма болсада) кейіпкер етіп енгізуде, олардың аты-жөнін өзгертумен қатар көркем шындықтың негізгі ұстанымына сай жағдайда олардың өміріне товрчествалық қиял арқылы «өзгеріс» енгізуіне де болады. Бұдан сырт, роман-эсседеге баяндалатын шегіртке және 1968-1969 жылдар өларасындағы жұт жайлы автор «Егіліп өткен есіл өмір» деп аталатын (ақын Төлеужан Ысмайылов туралы сыр) көркем эссесінде «1968-1969 жылдың арасындағы атақты жұт жылы еді. Біздің шаруашылықта жетпіс мыңнан астам қой болатын. Cодан көктемде жиырма мыңға жетер-жетпес мал қалды. Cемейдің ет комбинатының қасапшылар цех бөлімшесі ашылып, мен есепші болдым»,-деп құнды мәлімет келтірген. Осыған негізделгенде автордың шындықтың шырқын бұзбай, нақтылы мәлімет келтіргендігі рас болды да, шығарманың «Сотциялистік елде мұндай жұт болуы мүмкін емес» деп баспа кеңесінен өтпей қалатын бір себептері осыған барып тіреліп жатқан көрінеді. Фейербах: «Тарихқа көз салу инені жүрекке шаншумен бірдей»,-дейді. Романдағы кейіпкерлердің жан-дүниесімен астасып жататын күйіншті жазылмас жүрек жарасының бірі – соғыс. Соғыстан кейінгі ауыл өмірінде аса қиын, машақатты кезеңдер болды. Бірінші бөлімнің екінші тарауында Қасен мен Оразхан әңгімелесіп отыратын эпизот бар. Сонда Оразхан мақыраосын будақтатып отырып Қасенге: «Иә, осы соғыс-ақ өмірімізді өксітіп бітті-ау, Бағділдәнің тұтқында көргенін естісең аза бойың-қаза болып, төбе құйқаң шымырлайды. Қанша қарау болса да құрдас қой, Нұрақынмен өзің ашық сөйлессеңші, бас тартсын...»,- десе, үшінші бөлімде Кемелдің Жарас, Гауһар, Қаршығаға ауырып жатып басынан кешкендерін баяндайтын тұсын: «Кемел аға қабағын шытып, ойланып барып кілт басқа үнмен, қоңыр дауыспен сөйледі. Жеңіл күрсініп те қалды. – Шынымды айтайын, жаным, Батима әлі де жалғыз... сен мені оған жазғырма. Ол да, мен де жазықты емеспіз. Егер жаны жаралы жанды көрсең, соғысты лағанатта. Маған мынау дерттен көрі жан дерті қатты батқан шығар. Зауал ғой, зауал. Тән жарасынан жүрек жарасы қатты батты. Қайтесың, өмір солай...»,-дейді. Ал Кемел өзімен бірге жұмыс істейтін арбакеш шалдың диологын: «Арбакеш шал ары қазып, бері қазып, ештеңе шығара алмады. Менен түңілгендей теріс қарап отырды да, өзінен өзі күбірлей сөйледі. – Шіркін, есіл ару-ай, қор болды-ау. Жазықсыз отқа күйген көбелегім-ай. Әйелдің көз жасы қашан тиылған. Бұлақ екеш бұлақ та су алады, су да тартылады. Бұлардың көз жасына тиым табылмады-ау. Мына қу соғыс, көз жасының, қайғы-уайымның көзін ашты-ау. Жазықты да, жазықсыз да жазалы... о, сорлы әйел! Қайтып сенің көңіліңдегі шердің тұмасын бекітсін. Соғыстық... соғыстық... дейді... быз соғыспаппыз ба, әйелдер соғыспап па... бәрімен соғысты, аштықпен соғысты, сеніммен соғысты, сенбей соғысты, қара қағазбен соғысты. Ол соғыс бітті-ау, енді қойнындағы күйеуімен соғысты... Енді не үміт, не қайыр, не медет... жапан түзді жасыменен суарып, сорлы ұлын қам көңіл етіп, өлтіріпті-ау. Оу, Сәбидің айыбы қанша. А, әкеңнің аузы... Соғыс! соғыс! соғыс! мә, саған!.. мә саған! мә!- дауысы қатты шығып, өш алғандай зәрленіп, аттарды бишікпен осқылай сабады. Ытырыла созылған аттар арбаны жұлқи тартқанда, омақаса құлай жаздадым. Арбакеш қария одан бетер үдетіп, шықпырта үйірді бишігін. Дөңгелек анда бір, мында бір тиеді. күпшегі салқылдап, іші-бауырды солқылдатып барады»,-деп баян етеді. Кейіпкер мәтінінде де өмір сүріп жататын уақыт пен кеңістік мәселесін осы арада айта кетуге болады, кеңістікті уақыттың ішіне сидыруға болмайды, өйткені кеңістік шекісз, ал уақыт дегеніміз – заман, дәуір. Мәселен, Кемелдің баяндап отырған соғыс өмірі өткен мезгіл, өзі өмір сүріп жатқан колхоз өмірінің уақыты, кейінгі арман ететін жылдары осының бәрі көркем кеңістктің ұзына бойында қамтылып жатады. «Кеңес одағының фашистерге қарсы соғысына барлығы отызбес миллион адам қатынасқан, орта азия республикаларынан соғысқа 3 миллионға жуық адам қатысса, соның бір милионы үш жүз алпыс алты мыңы қазақстандықтар екен. Осы бір аяқ астынан басталған әділетсіз арпалысқа Қазақстаннан екі миллионға жуық түрлі ұлт өкілдері әскер қатарына шақырылады. Майдан даласынан үш жүз тоқсан төрт мың қазақ боздақтары қайтпай қалған. Бұл соғыс қайғы-қасірет әкелмеген бірде-бір отбасы болмады... Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Қаншама жас боздақтардың қыршын жасы қиылды...»,- деп жазады Қазақстан тарих оқулықтарында. Дегенмен Қазақстан Ұлттық арнасының жуықта арада берген күнделікті хабарларының бірінде, «Ұлы отан соғыснда 500 мыңнан астам адам майдан даласынан қайтпай қалды»,-деп мәлімет береді. Соғыс тіркесі романда бір-екі жерде ғана ауызға алынғанымен, соғыс аяқталғанына аттай желіп он қанша жыл өтседе, алайда осы роман-эсседегі бас кейіпкерлердің тағдырына, жан-дүниесіне соғыстың салған жан азабы, жан жарақаты мәңгі жазылмақ емес. Өмірдегі қасіретті оқиғалардың, қайғылы істердің адам баласының жан дүниесіне болған тікелей әсерінің бейнесіндей бала жүрегінде сақталған өмірлік шындық тақырбының ең кесапатты біреуі осы соғыс тақырыбы. Сондықтан да автор өзінің балалық шағындағы бүкіл ауыл жұртышылығының көкірегіне мәңгі шемен болып байланған өмірлік шындықты көркем шығармада махаббат трагедиясы арқлы аса көркем һәм қайғылы сюжеттерімен мәңгі өлмейтін шындық ретінде бейнелеп береді. Бала тағдырын арқау еткен

Суретте: жазушы Тұрсын Жұртбайдың "Бір уыс жусан" кітабы

«Қар астындағы көбелек» төтенше сұлу, «сымбатты әрі мұңлы арудың бейнесіндей» кестелі, кесек көркем шығарма. Соғыстан кейінгі жоқшылық тауқыметін тартқан колхоз өмірінің, алысып-жұлысып, асыр салып ойнап жүрген санысз баланың тамаша сәттерін, Жарастың өмірге өз әлеміндегі қиял-сырын шертуін барлығын да бір күліп, бір жылап отырып, тұшына оқисың. Италиялық әйел жазушы Уляна Фараси: «Жазушы тұрмысты бойына сіңіріп алатын, сол тұрмысты идеяға айналдырып қайта құсатын бұлт... жазушы үнемі идея деген бұзауға ішті болып, туып отыратын аналық сиыр. Жазушы құмды даладан су қайнарын табатын, идея бұлағын ағызатын қолында болжам таяғы бар сиқыршы, ол – сәуегейілік жасайтын құс, пайғамбар. Өйткені ол басқалар көре алмаған нәрселерді көреді. Басқалар ести алмаған дыбысты естиді. Басқалар ой жүгірте алмаған, алдын ала болжай алмаған заттарға ой жүгіртеді. Болжам жасай алады...»,- дейді. Бәлкім, сол бір балалық шақтағы «аңсарлы әлемді» (роман авторының өз сөзі) оқырманына осылай жеткізбесе, өмірлік шындықты дүрілдетіп жаза бермей, оның шікі сырына, мәніне үңіліп, романтизымды да, психологиялық тербелісті т.б көркем шығарманың нәзік мәселелерін ұстанып, көркем шындықтың шыңына қарай жетелемесе, біз де сай тағанындағы өгіз арбаның аяң жолынан шыға алмай, ештеңені көрмегендей екенбіз. Қаламгер «Ұш, маған, ұш, балалығым» атты бірінші тараудың басқы кіріспесінде бала шағында үй жанындағы қызыл жартастың түбіндегі мөп-мөлдір тұма бастауға барып, бастауға қарап оны тамашалаудан, сосын басын суға батырып, көзін ашудан бастайды... балалық шағын елестетеді. Осыдан кейінгі бірінші тарауда бас кейіпкер бала Жарас «Темірқазық жұлдызындағы ақбозатты кісінете мініп алып, жалын желбіретіп, алтын тағаларын жылтылдатып» аспан әлемін шыр айнала саяхаттайды. Бұл оның түсі. Түс – көркем шығармада да психологялық болмыстың көрінісі ретінде көбірек қолданылады. Қораның түбінде байлаулы тұрған үйдегі қонақтардың аттарын қиял қалауы бойынша мініп, айналсоқтап ойнап жүреді. Өз қиялына ерік берген бала қысты күні беліндегі көкдөненнің жүгенін ауызына салып жіберіп, аяз буған суық темір екі езуі мен тілін дереу қарып, жабысып қалады... Досы Саяхат Жарасты тауға ертіп барып Айнакөлдің жағасында болған «Жылқышы жігіт пен Қазына арудың» ертегсін айтып береді. Жарас әңгімеге қызыққаны сондай оны тамаша елес билеп әкетеді, тіпті артынан түс те көріп жүреді. «Қар астындағы көбелек» екінші бөлімнің алғашқы тарауында бас кейіпкер Жарас Ақбөрте кемпірдің үйінде жүргенде «тілемсек ниет, жалтақ көз жасықтық билеген» кіріптар хәлге түседі, әкесін тау ішінде қарағай кесетін жұмысшылардың сауын сиыры мен әт-көлігін бағуға жіберген. Әпекесі ауданда интернатта оқыса, төрт жасар қарындасы Тоты иен таудағы қарағай кесетін Қасеннің үйінде тұрады. Жарас қыстыгүні қасат қардың арасынан бір арқа қурай әкелемін деп жүріп, қолын ақ шөңке (қурайдың қурап кеткен жаңқашағы) тіліп кетеді. Қып-қызыл қан ағып, жаны көзіне келеді, қарға шаншылған орақты теуіп кеп жібереді, кенет, «Кенет торғайдың ұясындағы жұмыртқадай ағараңдаған ақ таңлақты байқап, үңіле береді. Қанатына қызыл-қара дақ тамғандай секпіл-секпіл көбелек...». Көбелекті аман-есен қопаның арасынан жылы ұя жасап, соған әбден бекітіп, оның көктемге аман жетеріне сеніп, адамға жақысылық жасағандай, сергек тартып, еңсесі биіктей қалады... «Мың жылда да ұмтылмайтын сағыныш» атты бөлімнің бірінші тарауында тау ішіне қарындасын іздеп барады, беткейдегі жер қопының ішінен оны тауып алады, төрт жасар кішкентай қыз бала қазандыққа от жақпақшы болып, бетіне күл шашырап, бар демімен бықсыған шырпыны үрлеп отырады, жұқа көйлек, жалаң аяғымен төсенішсіз сызды басып тұр... Автор осы арада және де «сол сәтте, сырттан қараған адамға екеуміз де ақ қауданға оранған қар астындағы көбелекке қатты ұқсайтын едік» деп ашына жазады. Сегізінші тарау «Бауырыңа бас, бауырым» атты бөлімде: «Өйткені, өмірдің үсігіне шалынған гүлдің тағдыры да ұқсас. Аяздан қорқып қар астын паналаған көбелектер – аялы алақанды аңсаған шақтарын, жүректен жылу іздеген мезеттерін есінде сақтап, ешқашан ұмытпайды» деп ой тудырады. Осы тарауда алыстан шақыра келген туыс ағасы Нұрғазыныкіне бір үйлі жан көктем мезгілінде аттанып бара жатады. Жарас кенет қанатында секпіл-секпіл дағы бар ұшып бара жатқан көбелектерді көреді де, «Сен де тірі екенсің ғой, қар астындағы көбелек. Міне, мен де аманмын. Енді уайымдама, жылы ұяңды табарсың, үлбіреген жібектей қанатыңды байқашы, сындырып алма. Екеуміз де тағдырдың суық үскірігінен құтылдық. Көбелек - ғұмырымсың ғой, ұш, жанымның жарқын тіршілігінің белгісі. Ұш!», - дедім жанарыма жас түніп»,- дейді. Отыз екі жасында жазған осы туындысын қаламгер елу сегіз жасында қайыра еске ала отырып: «Бұл роман енді менің өз тарихым. Мен өзімнің тағдырымды қар астындағы көденің жымында құндақталып қалған көбелектің тағдырындай сезінем. Қысқы аязда күннің шуағы жақсы түссе, сол көбелек, әйтеуір, аман қалатын сияқты көрінеді. Мен де қаршадайымнан жақсы адамдардың алақанының жылуымен жанымды жұбатып өстім»,- деп аса мұңды сағыншпен баян етеді. Роман-эссенің аты өзінің мазмұнынан білініп тұрғандай «Қар астындағы көбелек» жалғыз Жарастың ғана емес, сол жылдардағы тағы талай бала тағдырының бейнесі. Егер автор бір арқа қурайды қиналып, арып-шаршап үйге апарғанын ғана есіне алғанда, немесе қарындасын иен тау арасындағы жер кепенің ішінде жаны ашып құшағына қысқанын ғана баяндап өте шығар болса, онда оқырман да көркем әлемнің шымылдығын ашып ішіне кіре алмаған болар еді, өмірлік шындықтың, өбьектив өмірдің өзін көркем шындыққа символдап жеткізе білу сатысы осылай орындалады. Жарастың сабақтасы әскер Аманның ауырып өліп бара жатқан кезіндегі психологиялық сезім құбылыстарын, сол жағдайды суреттегенде өзінің көзқарасы емес, сол сәттің көзі тірі куәгері – кейіпкері, соның козқарасы, ой-сезімі арқылы беруге тырысады. Кішкентай қарындасының ағасын сағынған сәттегі жан дүниесінен шыққан кіршіксіз диалогы: «Мың-мың жылда да ұмытпаймын. Ай, сендерді көп-көп, мың-мың ойладым. Мені қарға лақтырмайсыңдар ғой. Онда шәйнекті де сындырмас ем, мың-мың жылда да, ешқашан... Одан бері қанша мың-мың миллион жыл болды. Миллион көп қой, а... шіркін, шын – дегенде шын бірге тұрсақ қой... Білмеймін, сен мұнда келе алмайсың, саған оқу керек, апайыма дә...»,- деп суреттейді. Г.Н. Поспелов өзінің «Әдебиет теорясы» деген еңбегінде кейіпкерлердің индивидуальды, яғни қайталанбас немесе өзіне ұқсамайтын бір мінезге (характерге) ие болуын тек оқырманға ғана емес, сонымен қатар жазушының өзін қызықтыратын үлкен дүние екендігін баса айтады. Жарастың балалық шағынан көкірегіне байланған, тағдырын мөлдір аспанмен ғана байланыстырған армандардың бірі – ұшқыш болу болатын. Алайда жүрегінде кінараты бар себепті бұл арманына жете алмайды. «Аттестатты ала сап аспанға ұшқан көңіл, қанаты сынған көбелектей жер бауырлап жатыр...»,- деп жазады автор. Үшінші бөлімнің «Қара құрт жеген қойлар» атты тарауында жұт болған жерге барып күндіз-түні тыным алмаған Жарас талықсып жығылады, осы кезде аппақ қардың бетінде быжынаған қара құртты теріп жүрген қойлар түсіне кіреді, тіпті қара қошқар оны кеудесінен сирағымен басып, өлтіре жаздайды... Жазушы Тұрсын Жұртбай Жарастың өмір жолы арқылы өрбіген түрлі оқиғалар, шым-шытырыққа толы бастан кешкен жол тораптары мен оған деген өз козқарастарын, кейіпкерлерінің сол оқиғалардан шығу жолы, көзқарасы, іс-әрекеттері арқылы баяндап көркем шындықты шебер жеткізе білген. «Қар астындағы көбелекте» ата-ана мен бала арасындағы махаббат-сұйспеншылык, балалар арасындағы ізгілік пен жағымсз сатқындықтар, ауыл адамдары арасындағы түрліше мүдделік қақтығыстар, өмірдің суық, сүркей күндерінің бала жүрегіне қаншалық азап силап, оның жанын лезде түпсіз иірімге түсіріп әкететінін, батпырауық байлап ұшырған аялы ыстық армандарын тағдыр дауылы жұлып әкететінін т.б осындай жекелеген идеяларды сәтті сомдағандықтан да, гуманизімдік көрініс тапқан шығарманың оқырманды баурап әкететін тартымдылығы қалыптасып, барлық эпизодттағы кішкентай деталды өмір шындықтары шығарманың негізгі идеясына ақ тарыла құйылып жатады. Дегенмен, әрбір әдеби шығармадағы әсерлі идея ашық көрсетілмейді, ол қаламгердың шындықты суреттеу тенденциясы арқылы ашылады. «Қар астындағы көбелек» бір қырынан алғанда тарихи көркем шығарма, сондықтан оның шінде 50-60 жылдардағы Қазақстан колхоз, ауыл өмірінің нақты естемесі бар, енді бір қырынан ол аздап мемуарлық сипат алады, бірақ кілең шындықты жазған эссе-естеліктерге мүлде ұқсамайды. (мемуар – французша: memories, латынша: memoria – еске алу) – авторлардың өздері куә болған тарихи оқиғалар мен қоғам қайраткерлерінің өнегелі өмірлері жайлы көркем естеліктер жазбасы.

Жазушы Тұрсын Жұртбай өзінің қар астындағы қалтыраған көбелектей тағдырын, шешесіз қалған жетімдігін, бір үйлі жанның әржаққа шашырап, әркімнің босағасында күйкі күн кешкен шерменде азабын ақ қағазға жанжарасын ағызып кестелейді. Жазушы осындай автобиографиялық ирімдерді молынан ұтымды пайдалана отырып, роман барысында жоғарыда баян еткеніміздей сол заманның кескін-келбетін, ауыл өмірін, адамдар ара қатынасын, бала кейіпкердің тал бойынан өткізіп ерекше типпен баяндайды. Сендіреді, нандырады, толқытып, тебірентеді. Жазушы өзінің жан дертімен бірге, сағынышымен бірге романға үлкен әлеуметтік астар, Советтік жүйдегі қоғам мен сол тәрбиедегі адамның болмысын ашып беруге талпынады. Талпынады деуіміз артық болар, шығарманың тәбиғи өрілуі үстінде біз айтқан түйткілді қабаттар бірте-бірте ашыла түседі. Міне осылай автор бір сәттік сезім арпалысынан аса қуатты аңсарға толы образдар сомдайды. Әлди күйі жан тебірентерлік бұл шығарма туралы алдағы уақытта әдебиеттанушылар жаңа қырлары мен ашылмаған тұстар зерделей жатар. Біз өз жиегімізге сыйған дүниені ғана баян еттік.

Көрнекісурет: Тюленев Виталий Иванович «На белом море»


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар