Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жанболат Аупбаев. Антрополог

21.05.2019 1074

Жанболат Аупбаев. Антрополог

НОЭЛЬ ЖҰМАБАЙҰЛЫ ШАЯХМЕТОВ

Оның, яғни өзіміз сөз еткелі отырған кейіпкеріміздің әкесі - Кеңестік Қазақстан өкіметінің басшысы болған санаулы қазақтың бірі Жұмабай Шаяхметов. Бұл жерде біз “бірі” деген сөзді тектен-тек қолданып отырған жоқпыз. Егер Қазақ облыстық бюросы, кейін өлкелік комитеті, бертін келе Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті деп аталған құдіретті де құзыретті органның 70 жылдық тарихына зер салып қарасақ, онда осы кезең аралығында республикамыздың бірінші басшысы болып 20 адамның қызмет атқарғанын байқаймыз. Айтайық деп отырғанымыз, сондағы олардың 16-сы поляк, орыс, украин, грузин, еврей, армян, беларус, ұйғыр секілді ұлттың өкілдері де, ал қалған 4-уі өз қандастарымыздан шыққан Мұхамедхафий Мырзағалиев, Жұмабай Шаяхметов, Дінмұхамед Қонаев, Нұрсұлтан Назарбаев сияқты азамат ағаларымыз еді.

Жұмабай Шаяхметов Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы болып 1946 жылдың маусымынан 1954 жылдың ақпанына дейін жұмыс істеді. Содан кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы болды да көп ұзамай денсаулығына байланысты зейнеткерлікке шығып, 1966 жылы қайтыс болды. Бұл кісіден үш перзент қалған. Үлкен ұлы Кемелмен 1984 жылы жүздескенімізде ғылым кандидаты еді. Әңгіме арасында ол өзінің республика ғылым академиясы жанындағы химия институтында жұмыс істейтінін айтқан болатын. Қызының есімі – Алма еді. Алматының “Ақсай” ықшам ауданындағы орта мектепте мұғалима-тын. Ал, Жұмекеңнің кіші ұлы Ноэльге келетін болсақ...

Жұмабай Шаяхметов

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Жанболат Аупбаев. Мәшһүр-Жүсіптің әулеті

Өмірге дәрігер-иммунолог атты мамандық алған жас жігіттің ойын соңғы кездері бір нәрсе алаңдата берді. Ол астанадағы өзінің алғаш рет еңбек жолын бастаған сот және экспертиза ғылыми-зерттеу институтындағы жұмысын атқара жүріп, көкейінен басқа бір қызықты саланы игеру жайлы құлшыныстың мықтап белең алғандығын байқағандығы еді. Сәт салып қараса бәріне “кінәлі” сөреде тұрған әнебір көнетоз, жұқалтаң сары кітап сияқты. Студенттік жылдарында екінің біріне тән қасиет – сирек кітаптарды жинаумен әуестенген ол кейінгі кездері тым көбейіп кеткен сол “байлықтарын” ретке келтірмек болып әуреленгені бар. Сонда сыртында адамның бас сүйегі бейнеленген осы еңбек бір кездегі ұшқын ата жаздап барып ұмыт болған балаң қиялға қайтадан қозғау салып өткендей болды.

Теміржол бойындағы көп станциялардың біріндегі жайма базардан сатып алған бұл басылым жазғы демалыстап қайтып келе жатқан Мәскеу медицина институтының үшінші курс студенті Ноэль үшін әу баста “қолға түспес” олжа болып көрінгені расты. Бірақ уақыт өте келе оның бұдан кейін де жинай берген том-том кітаптарының арасында елеусіз ұмыт қалып қойғаны және бар. Енді міне, арада үш жыл өткен соң қайта жүздескен сарғыш басылым парақтары оған алғашқы балаң қиялдан да гөрі күштірек ішкі рухани дүмпу сезімін туғызған еді.

– Менің бұл салаға алғаш рет бет бұруымның негізі жоғарыда сөз еткен кітап – ғалымдар Г.Ф. Дебец, В.В. Гинзбург, М.Г. Левин, Н.Н. Чебоксаровтың құрастыруымен шыққан “Қазақстанның антропологиялық очеркі” жинағын оқудан туған әуесқойлықтан басталды десе де болғандай, – дейді Ноэль өз сөзінде: – Аталмыш еңбекті оқи келе мына бір тұжырымға көз жеткізгендей болдым. Ол – антропология атты ғылым саласының өзінің “туыстары” археология, палеонтологиядан тым кеш дамығандығы, соның салдарынан біздің республика көлемінде осы бағытты игеру жолына түскен мамандардың саусақпен санардай аз екендігі.

Ноэльдің айтуынша антропология ғылымының негізі XІX ғасырдың екінші жартысынан бастап қалыптасқанымен, оның Ресейде таралуы Қазан төңкерісінен кейінгі кезең болып есептеледі. Бұл саланың КСРО-дағы алғашқы қадамы көрнекті ғалым Д.Н. Анучиннің есімімен тығыз байланысты болған. Өйткені ол сонау 1919 жылдың өзінде-ақ Мәскеу университетінің жанынан антропология ғылыми-зерттеу ипститутын құрып, 1925 жылы В.В. Бунактың басқаруындағы Кавказ, Еділ бойы, ал 1927 жылы С.И. Руденконың жетекшілік етуіндегі Қазақстан антропологиялық экспедицияларын ұйымдастыруға себепкер болған жандардың бірі.

Біздің республикамызға С.И. Руденкодан кейін келген антрополог А.И. Ярхо болды. Бұл ғылым өкілі 1932–1935 жылдар аралығында жүргізген өзінің зерттеу жұмыстарында қазақ халқының антропологиялық құрамында ерте заман тайпаларының элементтері қалғанын атап көрсетті.

Келесі бір әңгіме желісінде Ноэль еліміздегі антропологиялық зерттеу жұмыстарының Ұлы Отан соғысы жылдарында уақытша тоқтап қалғанын сөз етіп отырды да өзінің өміріндегі ұмытылмас кезең – 1957 жылы Мәскеуге тәжірибе жинақтауға барған бір сапарында атақты мүсінші, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Михаил Михаилович Герасимовке жолыққанын баяндауға көшті.

– Кезінде өзімізге тарихи оқулықтардан мәлім Иван Грозный, Әмір Темір сияқты тұлғалардың бейнесін ғасырлар тереңінен тірілткен бұл адаммен кездесуді мен ешуақытта да ұмытпаймын, – дейді Ноэль алыста қалған сол бір сәттерді еске түсіргендей ойлана тіл қатып: – Өйткені бас сүйектің құрылысына қарап, адамның бет-пішінін жасаудың жолдарын кеңестік ғылымда алғашқылардың бірі болып меңгерген білікті ұстаз өзінің жасы ұлғайғанына қарамастан, жұмыс десе ішкен асын жерге қоятын жансебіл еңбегімен, адамгершілік қасиетімен кім-кімді де болмасын өзіне бірден баурап алар еді. Ал оның шәкірттеріне айтқан ақыл-кеңестері ше? Сөйтіп мен қысқасы бұл сапарда өзімнің сол уақытқа дейінгі игерген дәрігерлік мамандығыммен қоса, қиын да қызықты тағы бір іс – антропологиямен шұғылдануға бекем бел байлап қайттым.

“Иә, – деймін мен осы арада өзімнің ойыма өзім ерік беріп, – антрополог жұмысы оңай болмаса керек... ”Олай дейтініміз жай мүсінші мен антрополог-мүсіншінің арасында ұқсастық та, алшақтық та бар емес пе? Ұқсастығы – екеуі де жоқты бар етіп, әртүрлі материалды пайдалана отырып адам мүсінін жасайды. Ал, алшақтығы – мүсіншіге антрополог әріптесінің, немесе керісінше антропологқа мүсіншінің жұмысын тапсырса, олардың қай-қайсысы да болмасын бұл істі орындай алмаған болар еді. Өйткені, мүсінші саз балшықты илей, қырнай отырып, қиялындағы, санасындағы сұлбадан адам келбетін жасап шығарады ғой. Ал, антрополог-мүсінші оған бара алмайды. Мұнда қиялдаумен қатар, алдындағы бірден-бір ой ұштығы – бас сүйек қаңқасының математикалық өлшемінен қателеспеуі қажет. Антропология дегеніміздің өзі міне, осы.

Ноэль үшін 1957–1965 жылдар аралығындағы қолға алған алғашқы жүмыстары оңай болған жоқ. Әйтсе де оның көп еңбектеніп, көп тер төккен тырнақалды туындысы – Үйсін жауынгерінің бейнесі сәтті шығып, сарапшылардан жоғары баға алды. Бұл күндері Қазақстан Республикасының Орталық музейінде тұрған аталмыш еңбектің кезінде нанымды шыққаны соншалық, шәкірттері мен ізбасарларын мақтауға келгенде тым сараңдық танытатын Михаил Михаилович Герасимовтың өзі оны алғаш көргенде: “Енді бұл “жігітке” бас киім ғана жетіспей тұр. Егер шекесіне ши қалпақ қондырса, онда ол шетелдік конгрессмен мүшесінен аумай қалар еді”,– деп мәз болып күлгені бар.

Тоғыз жыл бойғы тынымсыз жұмыстың нәтижесі – Үйсін, Сақ жауынгерлерінің бейнесін өмірге келтіргеннен кейін антрополог Ноэль Шаяхметов енді Мәскеудегі онкологиялық орталықтағы еңбек демалысын алысымен жылма-жыл өзінің туған өлкесіне келіп көптеген күндерін республика ғылым академиясының тарих, археология және этнография институтының бөлімдерінде, лабораторияларында өткізуді әдетке айналдырды. Ізденіс... тағы да ізденіс. Дәуір көшінің шаң басқан сілемдерінде ізі өшуге айналған оқиғалар сұлбасы оны Алматыдан Ташкентке..., Хиуаға, одан Омбыға әлденеше апарып қайтқызды. Осындай мазасыз зерттеу жұмыстары – объектіні игеру алдындағы барлау барысында жинақталған деректерден кейін ғана барып ол ақырында XІX ғасырдың алғашқы жартысындағы Батыс Қазақстандағы шаруалар көтерілісі көсемдерінің бірі, алдаспан ақын Махамбет Өтемісұлының бейнесін жасауға кірісті.

Ақын зираты қалай табылды, мәйіттегі бас сүйекті анықтауда археолог-сарапшылар қандай жұмыстар жүргізді деген сауалдарға келетін болсақ, ол кезінде мерзімді баспасөз беттерінде егжей-тегжейлі жазылғаны бәрімізге жақсы мәлім. Тек мұнда айта кететін бір нәрсе – антрополог Ноэль Шаяхметовтің осы жұмысты атқару барысында Махамбет бейнесін тірілтумен қатар тағы бір игілікті істі тындырғаны. Ол оның Батыс Қазақстандағы шаруалар көтерілісі мен халқымыздың сол кездегі әлеуметтік жағдайы, тұрмысы, этнографиясы жайында Хиуа, Ташкент, Омбы архивтерінен тапқан тың документтерді жинақтап, 1969 жылы “Қазақстан” баспасынан “Ғасырлар тұңғиығынан” атты кітабын шығаруы. Өкініштісі сол – аз ғана тиражбен жарық көрген аталмыш еңбекті бұл күндері еш жерден кездестіре алмайсыз. Осы орайда біздің ойымызды жоғарыдағы айтылған мәселелермен қатар, ғылымдағы тың сала – антропологияның қыры мен сырын бүгінгі жас ұрпаққа қызғылықты баяндап беретін сол кітапты қазақ тіліне аударып, қайта басып шығарса деген пікір мазаламай қоймайды.

Дауылпаз ақын Махамбет... Дәулескер күйші Құрманғазы... Бұл Ноэльдің 1967–1978 жылдар аралығындағы өмірге келтірген дүниелері. Одан соң..., иә одан соң біз Ноэльді біраз уақытқа жоғалтып алғандай болдық. Алғашында ойлағамыз, ол тағы да бір күрделі іске кіріскен ғой деп. Солайы солай-ау, бірақ оның себебі басқада екен. Мұны кейіпкеріміздің өзі былай баяндайды.

– Кейде ойлаған, қолға алған ісіңнің орындала бермейтіні де бар. Бұл жәйтті мен соңғы кездері анық байқап жүрмін. Оған Исатай бейнесін тірілту жолында тер төккен үш жылымның нәтижесіз аяқталғанын айтуға болады. Нарын құмында қаза тапқан халық қаһарманының мүрдесін іздеп, шайқас болған жерді қаншама шарладым десеңізші. Бұл арада Омбы архивінен табылған нақты деректердің өзі де көмектесе алмады. Өкінетіні – сол жазда батыр денесінің қай жерге жерленгенін таба алмай қайтқаным.

Иә, деймін мен іштей осы арада. Бір адамның қаза тапқан жерін, оның денесінің қайда жатқандығын анықтау жолындағы үш жылғы ізденіс... Неткен төзімділік десеңізші бұл. Тарихқа, халық тарихына жауапкершілікпен қарау, өз мамандығына деген сенімнен айнымау осындай-ақ болар, сірә.

– Ана бір жылы кездескенімізде сіз Қобыланды батыр бейнесін жасауға кірісетініңізді айтып едіңіз...

– Ондай ойдың, талпыныстың болғаны рас,– деді ол. Сөйтті де бұл жұмысты бастауға белгілі ғалым, марқұм Мәлік Ғабдуллиннің сөзі себеп болғанын, Қобыланды жайындағы алғашқы деректерді сол кісіден естігенін еске алды.

Әңгіме иесінің сөзінен аңғарғанымыз: қадым заман кезінен аңыз болып жеткен батыр жайында нақты дерек жоқтың қасы. Бар білері – оның қазақ халқы мұсылман дінін қабылдағаннан кейінгі дәуірде өмір сүргендігі еді. Міне осы жалғыз дерек іздеу жұмыстарына алғашқыда негіз болған. Ақырында Ақтөбе жерінен киімсіз, таза мұсылманша жерленген мәйіт табылыпты. “Қобыланды осында жерленген”, – депті жергілікті жұрт. Бірақ тағы да сәтсіздік. Сарапшылар мүрдедегі қаңқаны тексере келгенде ол әйел адамның сүйегі болып шыққан.

– Кейде мұндай да жағдай болады,– дейді Ноэль.– Бірақ осыған қарап былайғы жұрт ойында: антропологтар жұмысы буынсыз жерге пышақ ұратын құрғақ болжалдан тұрады екен деген күмән тумаса керек. Біздің қызметіміз керісінше, өзің қолға алған нәрсеге тынымсыз тер төгетін еңбектен, ойға ой қосатын ізденістен, өмірге тарихшы көзімен қарайтын зерттеуден тұрады. Ал антрополог өзі жасаған адам бейнесін аяқтаған соң оның келбетінің сол ма, сол емес пе екенін елге қалай дәлелдейді деген сауалға келсек, ол да сыннан өткен нәрсе”.

Бірде мынадай оқиға болған. Иван Грозныйдың бейнесін жасаушы М. М. Герасимов атына: “Ол екенін сіз немен анықтайсыз? ”– деген сұрақтарға толы хаттар жауып кетеді. Ғалым оларға антропологияның халықаралық ережесінде көптеген тексеру тәсілдерінің бар екендігін, онда бәрі де қамтылғанын айтқанымен іс бітпейтінін біледі. Ол сарапшыларға туыстарының өтініші бойынша енді қолға алайын деп жүрген, бұрын өзі көріп-білмеген, суреті де сақталмаған азамат соғысы қаһармандарының бірінің мәйітін әкелуді бұйырады. Мүсіншінің қолға алған істі нанымды орындағаны соншалық, 1920 жылы Украинада махношылар қолынан қаза тапқан комдив А. Пархоменконың зайыбы аталмыш бейнемен дидарласқанда: “Қасқалығын білдірмес үшін арттан алдыға тарайтын шашы да, бала күнінде ат тепкен шекесіндегі тыртығы да қалай айнымай қалған? ”– деп таң қалған.

...Исатай, Қобыланды бейнелерін өмірге келтіру жолындағы сәтсіздіктер Ноэльді жасыта алмады. Өз мамандығына деген шексіз сүйіспеншілік оны жаңа жүмыс жоспарларына жетелей берді. Соның нәтижесінде ол кейінгі кезде тағы бір игілікті іс тындырды. Бұл отызыншы жылдары орыс кулактарының қолынан қаза тапқан тұңғыш қазақ пионері Болатбек Омаров бейнесінің бүгінгі ұрпақпен жүздесуі.

– Антропологияның мақсатын тарих түңғиығындағы тұлғалардың бейнесін бүгінгі үрпаққа жүздестірумен, археология және этнографияға қажет фактілерді тірілтумен, көмескі ескерткіштерге сарапшылық ететін қызметпен шектеуге болмайды, – дейді сөзінің аяғында Ноэль.

– Онда ол бұл саланы тым тар ауқымда түсінгендік болар еді. Мамандардың пікірінше өзіміз сөз етіп отырған ғылым алдағы уақытта халық шаруашылығына аса қажет болып табылмақ. Олай дейтініміз, шетелдердегі көптеген дамыған Венгрия, Чехословакияның киім тігу фирма, фабрикаларында антрополог мамандардың жұмысқа тартыла бастауы. Мұнда олар тұтынушыларға қажет киімдердің сапалы, қонымды, шақ тігілуі үшін адам денесінің сәйкестігі жөнінде социологиялық зерттеулер жүргізеді, фирмаларға ұсыныс енгізеді.

...Таяуда мен Ноэльді Алматыдағы археология музейінің көрме залынан кездестіріп қалдым. Ақжарқын қалпымен аңқылдай амандасты. Сөз арасында оның Мәскеуден кезекті еңбек демалысын алып, елге келгенін аңғардым.

– Тағы да сол баяғы тіршілік қой. Бұл жолғы ізденісім “Алтын адам” жайында болмақ, – деді ол.

Антрополог 1970 жылы Алматы облысының Еңбекші қазақ ауданындағы Есік көлі маңайынан табылған үйсін жауынгерінің бас сүйегін қалпына келтіру үстінде екен. Өз басым көп ұзамай “Алтын адамның” ортамызға оралатынына кәміл сендім. Бұл халқымыздың ежелгі тарихын зерттеу ісінде елеулі орны бар мәдени қазынамызға қосылар үлкен үлес болары сөзсіз.

1980 жыл.

Авторлық анықтама. Ноэль Шаяхметовті мен соңғы рет 1991 жылы көрдім. Сол жылғы мамырда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология бөлімі республикалық басылымдардан 20 журналисті іріктеп алып Мәскеуге білім жетілдіруге жіберген болатын. Маусым айының басында сабағымыз бітті де, Алматыға қайтуға жиналдық. Домодедово аэропортына бару үшін «Садовое кольцо» алаңындағы метро аялдамасында тұрғанмын. Міне, осы жерде Ноэль ағаға жолығып қалдым да, екеуміз шұрқырай амандастық. «Пирогов-2» поликлиникасындағы онкологиялық орталықта жұмыс істейтінін айтты. Алматыға баруды сирексіткенін сөз етті. Өстіп тұрғанымызда электричка келді де, әңгіме үзіліп қалды. Асыға қоштастық. 2002 жылы Атыраудағы Махамбеттің 200 жылдық тойына Ноэль Шаяхметовтің ұмыт қалмай шақырылғанын білісімен меншікті тілшіміз Жолдасбек Шөпеғұлға интервью алып қалуға тапсырма бергеніміз есімізде. Бірақ ол кісі бұл тойға келмеді. Мәскеудегі елшілік қызметкерлері: «Аман-есен. Көп ешкіммен араласпайды. Ұйымдастырған бір-екі мәдени шарамызға келіп қатысты», - дейді. Әзірге бар хабар осы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар