Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жаңа замандағы жазушының құны (эссе)

24.07.2018 2215

Жаңа замандағы жазушының құны (эссе)

О кезеңде ауылға жазушы келіпті деген сөз «Юрий Гагарин Сәрсенбайдың үйінде шәй ішіп отыр екен» дегенмен пара-пар нәрсе. Сол жолы ақын Жаппар Өмірбеков бастаған бір топ қаламгер елге келгенде қатты ошарылған жерлестерім дәл бүгін сонша дүрлігер ме еді; кезінде тартымды жырымен керемет әсерлендірген әлгі Жәкеңдердің өзін көзден тайған соң неліктен есімізден тез шығардық деп ойға батамын.

***

Алпысыншы жылдардың аяқ тұсы. Екінші класты тәмәмдаған кезіміз. Үйдегі үлкендердің бірі түскі ас үстінде:

– Алматыдан жазушылар келіпті. Бүгін кешке солармен кездесу өтетін көрінеді, – деп қалды.

– А-а?! – деді апам.

Содан тұс-тұстан:

– Рас па, Кімдер екен?

– Неше адам?

– Кездесуі қай жерде? ­­­

– дегендей сұрақтар қойылып, жиынның жұмыстан кейін совхоздың кеңсесінде, акт залында өтетіні де мәлім болды.

– Ойбай, барайық! Жазушы күнде келіп жатқан жоқ, – дескен ағайындарым бір сәт абыр-сабыр күйге түскен. Аңтарылып, қабырғадағы шынжыр баулы сағатқа да қарағыштап қояды. Алып-ұшып, дүбірлі кешке асыққандықтың белгісі.

Көзім алақтаған мен де тықыршып қалсам керек. Ересектердің өзін билеген беймәлім құмарлық бала көңілді тіптен өрекпіткен-ді.

Үй-жайымыз кеңсенің тура іргесінде еді; әлден мезгілде далаға шықсам, қаламгерлермен кездесу туралы жаңалықты естіген өзім қатарлы топ бала жол қарағыштап жүр. Солардан білдім, жазушылар төменгі ауылда тұратын өзімнің немере ағамның үйіне түсіпті...

Жаз айы. Бір кезде пиджактарын желбегей жамылған төрт қонақ маңдайлары жарқырап, шаруашылықтың кеңсе үйіне қарай маңғаз басып келе жатты. Бұлар ­– Жаппар Өмірбеков, Амантай Байтанаев, Мыңбай Рәшев екен. Және көрші совхозда тұратын жергілікті жазушы Самат Мұсабеков қосылыпты. (Әрине, мұның бәрін кейінірек анықтап жүрміз). Жандарында ауылдың бір-екі қызметкері жол бастап келеді.

Төрт-бес бала жүгіріп барып, жапа-тармағай қол беріп, амандасып жатырмыз. Тоқтай қалып, сәлемімізді ықыластана қабылдаған жазушылар әрқайсымыздың басымыздан сипап, едәуір аялдап тұрды.

– Шіркін, ауыл баласы деген осы-ау! Қаланың жеткіншектері көшеде кездессе, сәлем бермек түгілі қағып құлатып кетуден тайынбас еді, ­– деді алтын жиекті көзілдірігі күнге шағылысқан меймандардың бірі мейірленіп.

– Иә, Жәке, оныңыз рас. Ел іші нағыз қазақы тәрбиенің бесігі ғой. Күні ертең осылардың арасынан небір айтулы азаматтар шығатыны сөзсіз, ­– деді екіншісі.

– Ой, айналайындар, көсегелерің көгерсін! Не деген жақсы баласыңдар! Үлкен жігіт болыңдар!..

Үшінші адамның лебізі осылай ақжарма тілек, бата түрінде естілді.

Әлден уақытта кеш те басталған. Иін тіресіп, кең залға зорға сыйып отырған жұрт қонақтардың әрбір лебізіне мойын созып, іждағаттана құлақ түреді.

Төрт жазушының төрт түрлі мінез иесі екені бірден байқалғандай-тын. Самат Мұсабеков әкеміз ел өкілі ретінде жиынды ашып бергені болмаса, кішіпейілдік сақтағаны ма екен, сөзге сараңдық танытты. Сол жақ қолына қара перчатка киіп алған адам да аса үндей қоймайды. Сөйтсек, соғыстан ауыр жараланып келген майдангер жазушы Амантай Байтанаевтың кигені қолғап емес, протез екен. Оны да соңырақ білдік.

Жарқылдап, ширақ қимылдап, жарқын сөйлеп, көбірек көзге түскен меймандардың ішіндегі ең жасы Мыңбай ағамыз еді.

Бүгіндері ойласақ, қазір тоқсан жасқа таяған осы саңлақ сатирик сол сәтте қырыққа да жетпепті. Қазақша айтқанда, нағыз дер шағы.

Ол өзінің Семей жағының қазағы екенін айтқан. Туып-өскен жері – бүкіл елде алғаш әйгілі шопан-жастар бригадасы алғаш құрылған Шұбартау ауданы көрінеді.

– Республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде жұмыс істеп жүрген кезім еді. Редакторымыз: «Сіз ауылыңызға барып сонау қойшы қыз-жігіттер өмірінен очерк даярлаңыз!» деп тапсырма берді. Мен жерлестерімнің бастамасына қатты қуанып, іштей марқайып жүруші едім, жетекшімізге арқаланып: «Жоқ, мен очерк емес, поэма жазамын!» дедім. Сөйтіп, расында да, жерлес бауырларым туралы көлемді дастан жаздым. Бұл шығарма әзірге баспа бетін көре қойған жоқ. Ең алғашқы тыңдаушылары сіздерсіздер, – деді Мәкең. Сөйтті де аса шабыттанып, дауысы саңқылдап, әлгі дүниесінен үзінділер оқуға кірісті.

Дастанның әсері ғажап еді. Ауқымды зал ішін асқақ шабыт лебі кернеп, жиналған жұрт ақын даусына сілтідей тынды. Шайырдың өз шығармасын еш мүдірместен жатқа соғатыны мені де қатты таңырқатты. Мұндай ғажайыпты алғаш көруім-тін.

Келесі сөз кезегін қоңыр үні күмбірлеп Жаппар Өмірбеков алған. Өзінің даусында күміс қоңырау сыңғырындай өзгеше бір әуез бар сияқты. Сөйлегенде ерекше күлімсіреп, қызылшырайлы жүзі нұрлана түсіп, тыңдаушысын баурап отыратындай. Оның да әңгімесін аузымызды аша тыңдадық.

Бұ кісі бізбен ауылдас саналатын атақты ұшқыш, Совет Одағының Батыры Нұркен Әбдіровпен қатар оқыпты. Ашаршылық жылдары сенделген жұртпен бірге Қарқаралыдан шұбыра көшіп, бірі ат шанамен, бірі жаяулатып ұзақ жол жүріп, Қарағандыға жетіп, жұмысқа ілігіп, жан сауғалаған шахтер балалары ерте есейеді.

– Нұркен өте алғыр еді. Мектепті бітірген соң екеуіміз қаладағы аэроклубқа құжат тапсырдық. Әскери ұшқыш болуды бүлдіршін кезден көксеппіз. Шіркін, көктің жүзін найзағайдай тілгілеп, қырандай ойқастап, жүйітки самғасақ деп армандаушы едік. Бірақ, қырсыққанда, мен медициналық комиссия тексеруінен өте алмай қалдым. Досым барлық сынақтан сүрінбей шыққанда, бойымды аздап қызғаныш сезімі билегенін де жасырмайын. Жастайымнан көзәйнек тағушы едім, дәрігерлердің бастығына жүгіріп барып, менің де қағаздарыма қол қойып беріңізші, ағатай, деп жалынғанымда: «Жоқ, болмайды ғой, жігітім! Ұшқыштың көзілдірігі мына көзілдірігіңнің сыртынан мүлде жараспай қалады» деді...

Жаппар ақын әңгімесінің қызық естілгені сонша, бала болсақ та әзілдің астарын түсініп, үлкендерге қосыла мәз болып күліп, ыржалаңдап бір-бірімізге қарадық...

– Осылайша Нұркен курсты тәмәмдап, әскер қатарына шақырылды. Мен педагогикалық оқу орнында жүріп жаттым. Сөйтіп жүргенде кенеттен соғыс басталып кетті. Майданға кірген Нұркен бір-екі рет хат жазды. «Бауырым, жауды еңсеріп жеңе бастадық. Сен ешбір алаңдамай сабағыңды оқы. Құдай қаласа біз де ораламыз. Жастық дәуреннің қызығын бірге өткізіп, елдің жарқын өмірін қатар құрамыз» депті. Бірақ бір күні оның мерт болғанын естідік. Әйгілі Гастелло ерлігін қайталап, жанған самолетімен қисапсыз техника тиелген жау эшелонын талқандай құлапты...

Шайыр осыны айтқанда залдың іші бір сәт мұң кешкендей, күңгірт тартты. Әйткенмен, әңгімеші Нұркен Әбдіровке арнап әр жылдарда «Батырдың қалыңдығы», «Ерлік пен махаббат» деп аталатын дастандар жазғанын айтып, екі қолын көтере, қанаттанып, осы шығармалардан қатты дауыстап үзінділер оқып, жұртты қайтадан серпілтті.

Бізді тағы бір қайран қалдырған жәйт – атақты «Төлдер туралы жырдың» авторы осы Жаппар Өмірбеков екен!

– Қошақаны қойдың,

Қайда қалып қойдың?

Бұлтиып тұр бүйірің

Қай өрістен тойдың?

Секең-секең, ей, лақ,

Жүрмін саған кейіп-ақ,

Тыным тапсаң болмай ма,

Секірмей-ақ кей уақ!

Ботақаны нардың,

Жарға неге бардың?

Тілерсегің дірілдеп,

Секіре алмай қалдың,

– дегендей жолдарды ән сабағында жиі айтатынбыз.

(Тек есейе келе аңдағанымыздай, замана шындығынан аса тайсала қоймаған Жәкеңнің де арагідік кеңестік идеология ырқымен санасқаны байқалады. Мысалы, осы өлеңдегі «Томпаң-томпаң торай, дауысыңның зоры-ай. Дөкей бола қаласың толысымен он ай» деген шумақ сол солақай саясат ықпалынан туғаны даусыз).

Әйтеуір, осынау кездесу ұзақ жылдарға нәр болып, күні бүгінге дейін кеудеге шырайлы шуақ ұялатып келеді. Есейген шақта біз де қаламгерлік саланы таңдап, өмірімізге өшпес әсер қалдырған осы Жаппар Өмірбеков, Мыңбай Рәш ағалармен жақынырақ араласудың сәті түскен.

Жүре келе пайымдасақ, Жәкеңнің қыран қазақ Нұркенге арнаған сонау поэмалары өлеңмен жазылған романдай, қай жағынан алсаңыз да, мазмұны бай, көркемдік сапасы биік, өте кесек дүниелер екен. Сол секілді ақынның атақты партизан Жылбек Ақәділовтің отбасы жайында, оның зайыбы Жамал мен қызы Мая туралы шығармасы да 1960 жылы Бүкілодақтық конкурста 1-ші орын алуы автордың ересен қалам қуатын аңғартады.

Эпик ақынның «Көңілімнің құстары», «Атыңнан айналайын», «Шуақты күндер» сынды лирикалық кітаптары болса оның нәзік сыршылдық қырын айғақтайтын жинақтар. Ал оның көркем аударма саласындағы еңбегі өз алдына сөз қозғауды қажет етер еді. Дж.Байрон, Пушкин, Лермонтов, Мицкевич, Некрасов, Маяковский, Исаковский, Михалков, Маршалл, Барто, Каверин, Богомолов, Лонгфелло, т.б. шығармаларын аударуы қыруар жұмыс. Және бұлар әдебиет сыншылары тарапынан лайықты бағаланған.

Ақын Жаппар Өмірбековтің ара-арасында прозаға қалам тартып, өмірбаяндық «Қызыл қырғын» немесе «Тастүйін», «Сөнбейтін шоқ» хикаяттарын жазуы да қаламгер палитрасы нәрін қоюлата түседі. Әсіресе, ел өмірінің талай трагедиялық кезеңдеріне тікелей куә болып, жастайынан небір қасыретті өз басынан өткерген ескінің сарқытындай көнекөз адамның құнарлы тіл, кестелі мәнер арқылы дүрбелең жылдардың құнды парақтарынан көл-көсір сыр ақтаруы қызықтырмай қоймайды.

Жаппар аға қаламынан отыздан аса кітап туыпты. Бірақ осы бір еңбек торысы ешқашан да жұлқынып алдыға шығуға ұмтылмаған өте қарапайым, кішіпейіл кісі еді. Әйтпесе жан-жүрегі періштедей таза, сырбаз ағамыздың ұзақ ғұмырында көрмегені аз сияқты. Тіпті, асыра сілтеу жылдарында жазықсыз жапа шегіп, бірнеше жыл түрмеге де отырып шығыпты. Ешкімге қылдай қиянаты жоқ, ақжайсаң адам сол ауыртпалықтың бәрін ерлікпен көтерген.

Осындайда оның ертеде жазған «Елеусіз» деп аталатын әңгімелер жинағы ойға оралады. Қаламгердің өзі де көп көзге түспей, қоңыртөбел ғана тірлік кешті. Қазақ телевизиясының елу жылдығы қарсаңында осы мекемеде бірқатар уақыт бас редактор болып қызмет еткен Жәкеңнен сұхбат алғанымыз бар. Сонда оның бұл саланың да өркендеуіне айтарлықтай үлес қосқанын байқаған едік.

Нағыз зиялы дейтіндей дегдар ағаны әріптестері де бек құрметтегенін көреміз. Бірде атақты композитор, жазушы Илья Жақанов Жәкең мен «Азаматтың Айтматовы» атанған Шыңғыс Айтматов екеуінің жарасымды достығы туралы айтып қалғаны бар. Заңғар суреткер Қазақ еліне келген сайын осы Жаппар ағаны іздейтін көрінеді. Әлемге танылған жазушы қатардағы қаламгерді бекерден-бекер жақын тартпаса керек. Бұл ара-қатынас та қарапайым ағамыз өмірінің қалтарыс қырларының бірі.

Жәкең өмірден озған тұста бұ кісінің бәйбішесі де көз жұмған-ды. Ақынның өзге балаларына қарағанда өнер мен әдебиетке айрықша жуық жүретін ұлы, танымал радиожурналист Әмір Өмірбеков те көп ұзамай кенеттен қайтыс болып кетті. Әсіресе, осы сәттерден кейін Жаппар ақынды іздеушілердің күрт сирегені аңдалады.

Мұндайда түрлі жағдайлармен тасада қалып жататын өзге де қаламгерлер ойға оралып, қоғамның қозғаушы күші іспеттес жазушы қадірі туралы толғанасың.

Әрине, ақын-жазушыны керек қылмаудың әр алуан әлеуметтік себептері бар. Олардың бейнелері бір кезең көңіл терезесінен алыстап, көмескі тартқаны үшін әлдекімдерді кінәлау да қисынға келмейді. Дегенмен, белгілі қаламгерлердің ел жадынан біртіндеп шыға бастауы үлкен әділетсіздіктей көрініп қалатыны да жоқ емес. Әйтеуір, күндердің-күнінде уақыттың сұрапыл толқындары өзінің әлдебір заңдылықтары арқылы ғайыптың күшімен Жаппардай ақындарды дәуір сахнасына жарқ еткізіп қайта шығаратын сәт те туар деп көңіл жұбатасың.

Құлтөлеу МҰҚАШ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: жаппар өмірбеков
(1)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар