Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жаңа кітап. ОТҚАРАҚ

25.06.2018 1936

Жаңа кітап. ОТҚАРАҚ

Қазақ әдебиетінің қазынасы тағы бір жаңа кітаппен толықты. Ақын, әдебиеттанушы, журналист Айнұр Төлеудің «Отқарақ» атты тұңғыш жинағы мемлекеттік тапсырыспен «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан 5 мың данамен жарық көріп отыр.

«Отқарақ» деген атаудың өзі де бекерден бекер қойылмаса керек. Отқарақ – көне түркі тілінде көздің ішіндегі кішкентай қарашық екендігі Махмұд Қашқари сөздігінде ұшырасады. Қазақ әрнеден хабары бар сауатты, саңылаулы адамды «көзі қарақты» деп жатады. Жалғыз-жарым ұрпағын «көзімнің ағы мен қарасы» десе де, «қарағым» деп алқаса да осы бір тым кішкентай болса да бәрінің негізінде соншалықты жақын әрі кең дүниені жалт етіп шалатын «қарақ» жатыр екен.

Демек, «Отқарақ» – тереңнен толғаған шығармашылық қуаттың өткір қарағы, көз салған жанардың санасын биікке самғатар әлеуеті мен жарқырата шашар сәулесі мол жинақ болары сөзсіз.

Ақынның соңғы жылдары жазылған өлеңдері «Қазіргі қазақ прозасындағы мифопоэтика» атты монография және «Әдеби әлем» тақырыбымен әдеби сын мақалалары топтастырылған жинақтың тұсаукесері Алматы қаласында шілденің 8-і күні 11.00-де «Қазақстан» қонақ үйінің «Алтын емел» залында өтпек.

«Әдебиет порталы» қаламгерді тырнақалады жинағы жарық көруімен құттықтайды! Жарқын жырларымен, ойлы мақалаларымен, ғылыми ізденістерімен қалың оқырмандарын қуанта беріңіз!

adebiportal.kz

Эхоның жыры

Тереңдік іздедім кеңдіктен
Іздейді білемін ел біткен.
Көркіне жұтына қарайтын
Нарыс па ең, сен әлгі мен күткен!
Көңілді екенсің сен бүгін
Қайтеміз әлемнің кеңдігін.
Құшағың кеңістік тар ғана
Алдыңа жығылдым арлана.
Жығылған жоқпын мен, құладым
Жанымды жайпады мың ағын.
Жаңғырық болмысым мазалап
Келеді атыңды сұрағым.
Танығым келеді өзімді
Табыстап беймаза сезімді
Есіме түсіргім келеді
Жаңғырмас жан болған кезімді.
Туғанын түсінбес
Эхоның бағы үшін!
Сәуірде солатын Нарысым.
Тау-тастан, орманнан іздеп жүр
Өзіңді Жаңғырық-намысың!

***

Сал дәуреннің салбыраған Әз басын,
Албыратып көтеруден қысылмай.
Сүрттім түнде бір дәуірдің көз жасын
Жылап тұрды қаламымның ұшында Ай.

Жұлдыздарды сөз қып тізіп аспанға,
Өлең жаздым жарықтардың тілінде.
Қонып жатты көлеңкесі жасқанбай,
Ақ қағазға жазу болып күбірлеп.

Көз жасымның көлеңкесін таныдым.
Жұлдыз етіп бір кездері орнатқам.
Мөлт ете қап, мейірімді жарығым,
Өлең болып тамып тұрды ол жақтан.

Тамшы

Бір тамшы барады әйнектен тайғанап,

Тайғанақ тірлікті аймалап.

Әйнекке тамады тағы да бір қонақ,

Бір қонақ барады сырғанап!

Аспанның көзінен асығып мөлт еттің,

Мөлт еттің, ғұмыр-ай мөлтек тым.

Жанымен әйнекке жаншылар

Осылай өледі тамшылар.

Осылай қозғалып бір нүкте,

Бір нүкте келеді тірлікке.

Келте екен бақыттың буы тым

Тамшылар жұтады уақыттың уытын.

Буланған әйнекке қарадым

Жылаған жанарды сезбестей

Жүректің суретін саламын

Кетті деп мөлтек мұң кездеспей...

Ұш, жаным

Біз екеуміз ұқсаймыз ә?
Ұқсаймыз!
Жанқамақта күнелтеміз,
Қыстаймыз!
Аспан жақты аңсаймыз кеп ауырып,
Бірақ неге ұшпаймыз?

Сол аспаннан бір сәт күдер үзбедік,
Түсініксіз бірдеңені іздедік!
Тұңғиыққа телміріп те көргенбіз
Бірақ бірге жүзбедік!

Ойдан өзі жасап алып ұстаным.
Қойған қамап құс-жанын,
Мына әлем бір сәт мүлгіп кеткенде
Қанатыңды тауып алып,
Ұш жаным!

Шақырады паң кеуделі
Асыл күн!
Асыл күнге бас ұрдым!
Қанатыңды қай тарапқа жасырдың?
Ұшып бірге өтейік,
Төбесінен мынау шулы ғасырдың!

Қызыл іңір

Жиекке барып жығылдың.
Жығылдың неге іңір күн?
Шоп-шолақ сәтін ғұмырдың,
Қып-қызыл қылып сімірдің!

Жиекте тұрды күн кетпей,
Бірді түсінбей, бірді ұқтым.
Күйгелек әлем күңк етпей,
Тынысын тартты тірліктің!

Қып-қызыл еді жаным да,
Ұқсайтын саған іңір сәт.
Өзіне ұқсас жалынға,
Жүгірді жүрек- ұрыншақ.

Жүгірдім саған іңір күн,
Туыспыз ғой біз, енді.
Жиексіз Жерге жығылдым,
Қанатып алдым тіземді...

***

Уақыт қайдан бағаласын құнымды?
Кеміреді кетік етіп ғұмырды.
Сенің жының жер бетінде ойнайды
Аспанша айтқан түсінбейді тілімді.

Жынды қойшы, атай көрме Періні,
Сенің басқа, оның бөлек сенімі.
Бір таным мен бір кеңістік ішінде,
Жабыспайды біздің ойдың желімі.

Келіп алып аспан жақтан қаңғырып
Іздеп жүрсің жоқ мекеннен Мәңгілік!
Сен қызыққан мынау қызыл дүние-
Мәңгіліктен құлап түскен саңғырық.

***

Жұлдыз болсам мен егер
Аспанға алаңдамай,
Асығып ағар едім саған қарай...

Көк Каспий,
байқадың ба?
Құрлыққа бейімделді өлең-күнім
Өзіңнен іздеп келдім
Жанымның тереңдігін!
Тұнықтығын,
жанымның мөлдірлігін
Көру үшін жағаңа келдім бүгін.

Көкпеңбек қуанышым
Менің де көзім күліп,
Жасаурап тұрады ішім.

Су саған жермен келсін, бұлттан сіңсін
Аққуың арда мөлдір ұрттап жүрсін.
Көңілімнің көкайнасы ұлықсат бер
көзімнің тамызайын біртамшысын!

***

Уайым- У
Ұрттаса ащы кім-кімге
Ессіз әлем ес жияр ма бір күнде?!
Мен сүйеніш бола салам несі бар,
Бірақ оны сен ешкімге білдірме!

Менен басқа сыйлай алсын кім үміт?
Қайғырмашы мұңсыздардан тығылып.
Өзіңді өзің жұбатасың байқамай,
Менің мөлдір көз жасымды сіміріп...

***

Сөз еді...
Жанымның өзегі!
Ол жайлы сүйкімді естелік
Есімді кезеді.

Өтірік сезімдер,
Көшеде жалған күз.
Сөзі жоқ үн естіп,
Үрпиіп қалғанбыз,
Себебі біз кеше
Сөз дейтін тұлпарды
үркітіп алғанбыз.

Жұп- жұмыр жүрегім
Сөзсіз сан түңілді
Ол барда сәуле едім,
Күн едім.
Сөз кеше тулады,
Содан соң сүрінді.
Жеткізбек болған ем
Жетімек сырымды,
Ешкімге керексіз шынымды.
Сөзім жоқ болған соң,
Естімей қойды әлем
Меңіреу мұңымды.

Кие сөз көшіпті
Тұқымы қалмастан.
Біз жақта сөзсіздер
Ұйықтатып ұятты
Біреудің сөзінің
Жалына жармасқан.

Бетімнен шығарып отымды,
Тұлпар-сөз осы деп,
О, неткен қасірет!
Сөзсіздер
Мәстекті мәпелеп отырды!

***

Қалай қалың?
Жүрсің бе аман, текті адам?
Осы сені іздегенде, кеудемде,
Жүрек емес, сыздауық бар деп қалам...

Әлем-ғашық,
Жүрек сынды сыздайды екен бүр деген,
Жарылардай демінен, көктем- қыздың үрлеген.
Жылп- жылп еткен жылғадан,
Кең дүниенің етегі,
Мың сан рет тазарып,
Сан мың мәрте кірлеген.

Келесің бе?
Сағынышым, сарала қаз қаңқылына ұласты.
Саңғырықтан кірлемейді Күн асты.
Амалсыздан ақтап алып өзіңді,
Айыптаймын ашылмаған құлашты.

Хаос кеше үркіп ұшқан қансырап,
Қанатынан мұң-үйлесім тамшылап-,
Үнің сенің өткен шақта тұншықты,
Үйлесімдер тамған тұсқа гүл шықты.

Көктем сайын күшіктеді жүз үміт,
Біз үмітке қарай бердік сүзіліп.
Қай көктемде кеп тұрады екенсің,
Мейірімсіз мезгілдерге мүжіліп?..

***

Тізені қанату түк емес.

Ол кезде өзіміз сүріндік.

Көргендей мезгілден мың елес

Уақытты қуалап жүгірдік!

Ал бүгін беймәлім тіс батып,

Балтырды қанатып жығылдық!

Үндемей қабады арамдық!

Ескерту оның қай серті еді?

Біз бүгін аясыз таландық.

Жанымды қаныммен өртеді.

Қолымда қаламым.

Көшесін көп кездім қаланың!

Байқадым... Бәрі де таланған, бәрі де талаған.

Бәрінің балтыры жаралы.

Бәрінің жыртылған балағы!

Алдыға ұмтылған балама

Айтарым екі ауыз сөз ғана,

Тізелер қанайды жусанды далада.

Балтырдың тағдыры қалада!

***

Таныдың ба?
Таныдың ғой, білемін!
Кеше ғана өрттен қалған Күл едім.
Гүл боп қайта түледім!
Енді өзіңді өртеу - менің тілегім.

Ынтығасың,
Жұпар жұтқұң келеді!
Есіңде жоқ өртегенің себебі!

Түсінбеп ем,
Тұрған жерім қай алап?
Мезет сонда таң ба,
әлде кеш пе еді?
Мөлдір-мөлдір көз жасымды
Алақанмен аялап,
Өртке сепсем,
Өшпеді!

Сынық қанат жаныңды алып
Желмен ұшып келдің бе?
Жалаңдаған Жалынды Алып
Санамаймын мен мүлде!

Күйкі әлемге қабағымды бір шытпай,
Күйдірейін,
көзіңнен жас ыршытпай,
Күліп тұрып
өртен егер өр болсаң,
Біліп тұрып,
түтін жұттым, тұншықпай...

Сол баяғы өлеңді оқы
таң қылып,
Бірінші рет естігендей,
Паң күліп,
Тұра берем
Ту сыртыңнан
Сені шала жандырып!

***

Қала

Көшесінде темір көші.
Тыншымайды бұл қала!
Көз алдыңда күлімдеп,
Оған қымбат
құн сұрайды бұлдана!
Бұл қала ма -
Көктемімді қымыз қылып сіміріп,
Жастығымды жұтып жатқан құлғана!

Маңғаз қала кір етегін жасырмай
Ауыз ашты әлемде жоқ аранмен
Басынан сөз асырмай,
Жымияды жұлдыз сынды жанармен.

Сан қиялдың қырқып тастап қанатын.
Жұлдыз жайлы ойламайды қала тым.
Аспан оған не керек?
Әз оты бар өз ішінде жанатын!

Ұры-уақыт оның ізгі досындай,
Қалған оған тағдырымыз арбалып,
Екеуміздің жүрегіміз жылағанда қосылмай,
Қала тұрған қызыл-жасыл шам жағып.

Жасырмаймын,
жиі көрем жирен күзді түсімде,
Көмейіме көміледі көп ойлар.
Біз адастық осы қала ішінде,
Осы күзде
адасады біздей тағы талайлар!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар