Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Зейнел-Ғаби Иманбаев. Ілиястың бағы

25.10.2018 1970

Зейнел-Ғаби Иманбаев. Ілиястың бағы

(эссе)

Әлқисса...

Араға көп жылдар түсіп, ғұмыр өткен сайын жақсы ағалар, жақсы адамдар жайлы ойлап жүретін болдым. Олар бізден қаншалықты алыстаса, соншалық жақындай түскендей. Әркез тірі, жайсаң қалыпта бізге жасап келе жатқандай. Солардың бірі өзіміздің Ілекең- Ілияс Омаров - халқымыздың кемеңгер ұлы, қоғам қайраткері. Мен Ілекеңді не екі рет, не үш рет қана көріппін. Соның өзінде аз ғана сәтке. Сол аз ғана сәтте ақкөңіл, адал жүрегін, баға жетпес адамгершілік қасиеттерін алдыма жайып салған еді. Ілекең арамыздан жас, тіпті қыршын кетті десе де болғандай. Өмірінің соңғы сәттерінде Мүсірепов ағаға айтқан мына сөздер ұмытылмақ емес. «Туысқандықты туыстарымның ішінен іздеген жан емес едім. Ұлы жаңа дүниемізге кім үндес болса, соны туысқан, соны дос көруші едім. Ондай туысқанды өзім іздеп тауып алатын әдетім де болушы еді. Сондай туысқандарым аз да бола бермес. Бәріне де езіліп, шыжылдап күйіп, сағынып жатқан жүректен сәлем айт. Дүниелік қой, біреу разы, біреу наразы шығар. Бірақ Ілияс сондай зәбір етіп еді деп ешкім айта алмас. Бәріне де көп-көп сәлем!» Өзі қайтпас сапарға аттанып бара жатып та бізге ыстық құшағын осылай жайып кетіпті Ілекең.

Иә, сол Ілекеңнің іздеп, тауып алған сол туысқанының бірі мен едім. Қалам ұстап отырып Ілекең жайлы жазбау маған күнә. Жазу-туысқандық борышым. Ілекеңнің халыққа, адамдарға істеген жақсылықтарының мыңнан бірін айтып берсем деймін.

Бір мың тоғыз жүз елу алтыншы жылдың бірінші қарашасы. Жерде қырбық қар жатыр. Қызылжарға баратын үлкен жолда тұрмын. Үлкен деген аты болмаса, құм төселмеген, жаңбырда машиналар тілгілеп кеткен ауыр жол. Ол кезде қатынас қазіргідей емес. Автобустар жоқ. Мұнар басып жатқан даладан көрінсе қуанасың, бірақ көбісі алмай кетеді. Тағы ұзақ тосу. Түс ауды, әлі жол үстіндемін. Бір жақсысы, үстімдегі ескі тоным жылы, сыртында кенеп шекпен, аяқта пима, тоңатын емеспін.

Тағы бірнеше көлік тоқтаған жоқ. Бетім қайтып, жасып қалғандаймын. Үш ұйықтасам түсіме кірмейтін осы жағдайға қалай тап болдым? Жылы үйде, отбасында жан бағып отырған жан емес пе едім? Қыс ішінде жаяулап жолға шыққаным қай жетіскенім? Бәріне осы тілдей қағаз кінәлі. Түнде ұйқымыздан оятып әкеп беріп еді: - Жас жазушылардың мәслихатына барасың,- депті. Тағы сол Ілекең.

Ілекең солай десе, бармайтын не бар?

- Бар, жақсылық болар, өз жолыңды табарсың!- деп келіншегім ақыл қосқан.

- Апырау, мына қыста ма?- деп қынжылғам.

«Бар, бардың» астына алған соң жолға шықтым. Алматыны көру көптен бергі арманым еді...Тәуекел деп шыққан бетім...Енді, міне, үлкен жолдың бойында сарғайып тұрғаным мынау. Күн кешкірген соң тағатым таусылып барады. Бір кезде алқа-салқа болған ескі жүк машинасы тоқтай қалды.

- Арақ бересің бе?

- Берем.

- Ендеше, отыр.

Мойны сорайған ақкөз шофер әлгіден басқа тіл қатқан жоқ. Мылқау адамдай түнеріп отыр. Кедір-бұдыр жолда машина салдырлап келеді. Ішке кірген соң денем жылынып, өткен-кеткенді еске ала бастадым.

Иә, өткен жылы тамыз айының бір бұлтты күні еді. Көп жыл төсек тартып, енді ғана аяғымды басқаным болмаса, саушылық кем. Тағы ауырып қалдым. Тағы да ескі ауру бас көтере бастаған. Жүдеп, жабығып отырғам. Екі адам кірді. Бірі өзіміздің басқарма Сексенбай аға, екіншісі бейтаныс. Қолдасып амандасып, бір бөлмелі үкіштей үйдің төріне жайғасты. Секең хал-жайды сұрастырып жатыр.

- Мына жігітті танисың ба?

- Жоқ.

- Обкомнан келіпті, шаруасын өзі айтар. Обкомнан дегенге таңданып қалсам керек. Қоңыр өңді жас жігіт шашын қарсы қайырып:

- Аты-жөнім Ғайсин Өмірзақ, нұсқаушымын,- деді ұяң дауыспен. – Ілияс Омаров жіберіп еді.

- Ілияс Омаров дейсің бе?

- Ие, Ілекең, сіздің хал-жағдайыңызбен танысып, қандай көмек керек екенін сұрап біл, әсіресе, денсаулығының жайын анықта. Дәрігерлік көмек керек болса, дереу доктор жіберемін,- деді.

- Не үшін?

Өмірзақ күн қаққан қоңыр өңін бері бұрып, сәл қызарақтай сөйледі.

Ілекең сіздің газетке шыққан әңгімелеріңізді қалт жібермей оқиды екен,бірақ мұндай жағдайыңызды білмейді екен. Мына мақаладан соң асығыс аттандырды.

Өкіл көрсеткен «Қазақ әдебиеті» бізге әлі келіп жетпеген. Онда сол кезде оқып жүрген қазіргі белгілі заң қызметкері, жазушы Мөртай Қосшығұловтың қысқа мақаласы жарияланған. Мақалада дарынымды асыра мақтап, денсаулығым мен тұрмыс-халымды асыра ауырлатып жіберіпті. Көмек керек, қамқорлық керек деп жар салыпты ғой. Бетімнен отым шықты. Әй, құдай-ай, соның бәрін неге жазды екен? Жұртты дүрліктіріп, ұят болды-ау деймін.

Сізге көмек керек, соны айтыңыз, - деді өкіл.

- Ештеңе де емес, денсаулық керек, өкпе ауруының жаңа дәрісі шықты деп естимін. Құлан-таза жазады дейді. Сол болса ғой,- дедім.

- Айтайын, сұрастырайын,- деп кітапшасына түртіп алды.

- Тағы не керек?

- Ештеңе де емес.

Басқарма мен өкіл жүруге ыңғайланып еді, біздің кеңесімізді үнсіз тыңдап тұрған келіншегім Кәмеш жатты да жабысты.

- Сіздерді құр ауыз жібере алмаймын. Ас қайнап жатыр. Қара қостан да дәм татады ғой. Біздің құтты мекеніміз қос құрлы болмай ма?

Қонақтар тосылып қалды. Ас піскенше әңгіме әдебиет төңірегінде болды. Өмірзақ көпті білетін терең білімді жігіт болып шықты. Классиктер жайлы айта келіп, Ілекеңнің кабинетінде болған кеңеске ауысты:

Шақырды деген соң барсам, жалғыз екен. Алдында «Ленин туының» соңғы саны.

Сіз мына жазушыны білесіз бе?- деп сұрады тақырыбы «Мансапқор» деп үлкен әріппен басылған кішкентай әңгімені нұсқап.

- Оқыдым.

- Одан басқа несін оқыдың?

- Көбін оқыған сияқтымын, өзі жаңадан шыққан талапкердің бірі болар.

- Мүмкін. Редакциядан сұрастырып біліңізші. Ал мынасы да, бұрын шыққандары да маған ұнайды,- деді.

- Ілекең біреуді жақсы көрсін, жек көрсін, ішкі сезімін жасыра алмайтын адам. «Мансапқоры» тірі кейіпкер, талай кездестірген адамым»,- деп күлді.

- Тірі екені рас,- деп Секен сөзді бөліп кетті.

Жақында осы газетті ұстап Есмұрат деген кісі келіп тұр. Кескіні ашулы. «Жалақорға» жаза бар ма?- деп ақырады.- Мұнда мені жазыпты. Көшіп келгенім рас, ешкім қуған жоқ, өз еркіммен ел таптым. Ал ішіп-жеді дегені жала. Менің жанымда тұрып па?»

Тоқтаңыз, мұнда сіздің аты- жөніңіз жоқ. Әлдеқандай Шадырбай деген мансапқорды сөз қылыпты,- десем де болмайды.

Секеңнің кеңесіне Өмірзақ шегі қата күлді.

- Өмірдің өзінен алынған ғой,- деп қызарақтаймын.

Көп жыл шетте болып, ауылға көшіп келген ескі басқарманың қылықтарына ұқсап кеткен. Жұрт көркем шығармадан таныс-бейтаныстарын іздейді. Біреуіне ұқсас болса-ақ, «мынау түген» деп жориды да. Тыныш жатқан әлгі байғұсты түртпектеп, келекелеп бітеді. Есмұраттың ашынғаны да сол.

- Ұқсауы ұқсап тұр,- деді Секең күліп.

-Ілекең бір сөзіңде шығарма өмірдің өзінен алынса ғана құнды болады деген еді, - деді Өмірзақ.

- Дұрыс сөз,- деймін мен.- Әйтпесе қалай...

Сексенбай Тұралин көпті көрген адам. Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Атқару комитетінің төрағасы болып та істеген. Ол өзге басшыларға ешқашан ұқсаған емес. Ақжарқын, әңгімешіл. Ас пісіп, оны ішіп аттанғанша өткен-кеткен кеңестерді айтып күлкіге батырды. Айқай-шудан аулақ. Адамдармен қоян-қолтық келіп, жандарын жадырата білетін азамат еді Секең. Аттанарда:

-Сен біздерді – басқармаларды - жаза бер, қисығымызды тезге сал, өзің де ширық енді. Жолың ашық. Тарт, тоқтама! - деді.

- Бұл Секеңнің енді ауырма дегені ғой,- деп Өмірзақ та қолымды қысты.- Біз де соны тілейміз.

«Біз» деп отырғаны Ілеке, халық. Осындай қамқорлықтан соң ауырып көр, енді...

Адам жылқы мінезді емес пе? Өзіме сенімім артып, өмір сүру, еңбек етуге деген құштарлық пайда болды. Мұндайда емсіз –ақ жазылып кетуге әбден мүмкін еді. Бірақ Ілекең дәрі жайлы ұмытпапты. Арада ай болмай аудандық ауруханаға шақырылып, жан-жақты тексерілдім.

Осыдан бірер жыл бұрын: «Шырақ, сенің дертіңді жазуға медицинаның күші жетпейді» деп кесіп айтқан кәрі дәрігер әлі орнында отыр. Бұрынғысынан да қартая түсіпті. Басын шайқап, таңдайын қаға берді. Адам баласының мұншалық жансебілдігіне таңданатын сияқты.

- Мынау жаңа дәрі арнайы жіберіліпті. Бұл медицинаның жаңа табысы, - деп алдыма қойған құмшекерге ұқсас ұнтақты қалай ішу керектігін түсіндіріп болып, «сөзсіз тәуір боласың» деп шығарып салды.

- Алғысымды күн өткен кәрі дәрігерге емес, Ілекеңе айтып келем. сауыға бастадым, таяқты тастадым. Қол жұмысының ауырын да, жеңілін де істедім. Осы жазда Кәмеш екеуміз қол шалғымен шөп шаптық, отын тасыдық. Алматыда ұзақ жүріп қалсам да отбасым жұтайтын емес. Тәуекел деп тартып кеткенім сол.

Ескі жүк мәшине қақалып-шашалып келеді. Жүріс өнбейтін сияқты. Кедір-бұдыр жол аяусыз ұрғылайды. Есілден өткелі көк тайғақ. Тік жардан құлай түсіп, шала қатқан мұз үстіндегі көпірден өтіп, тік жарға қайта көтерілуі қиынның қиыны болады.

Осы күні Покровкадағы үлкен темір көпірден өтіп бара жатып, бір қорқынышты көріністі еске түсірдім. Ақыры әлгі жардан трактормен шығуымызға тура келгені. Сөйтіп жүріп көз байланды. Қала шетіне іліккенде айсыз түн болатын. Электрдің отты селі жарқырап, толқып тұрды. Май шам жаққан ауылдан келген маған мынау таңқаларлық жағдай еді. Бейуақта ұзын көшемен ұзақ жүріп, Серкей ағайдың үйін әзер таптым.

Серкей ағай мен Нүрила апай жалғыз баласы шекарада опат болып, жетімсіреп отыр екен. Ескіше де, жаңаша да терең білімді ағай ауылда совет өкім етін орнатуға белсене қатысқан көзі ашық, көңілі сергек азамат болатын. Бейуақта кіріп келген мені көріп, бірнеше жыл төсек тартып жатқан туыстың табанымен жер басып келгеніне шүкірлік қылды. Әлденеше рет өлімге қиған адамымын ғой. Ағай жақын отырып, ауыл амандығын, хал-жайды сұрап жатыр. - Пәленше аман ба, пәленше тың ба? –дейді.

Жүріс жағдайымды білгенде:

-Кәзітке шыққан әңгімелеріңді қалдырмай оқып отырамын. Оқыған сайын туған аулымды көргендей, сырласқандай болам. Өмірден өз жолыңды тауыпсың, құтты болсын!- деді көздері жасаурап.

Серкей ағамның ұзын бурыл сақалы мен құлаққа жеткізе ширатып тастаған келісті қара мұрты, үлкен дөң мұрынды сұлу кескіні бүгінгідей көз алдымда. Адамгершілік пен ғұламалықтың айғағындай болып жадымда қалыпты.

Ертеңінде Петренева көшесіндегі «Ленин туы» газетіне келейін. Көне үйдің жоғарғы қабатына тік баспалдақпен шығады екен. Қысқа да тар дәліздегі көп есіктерде көп жазулар бар. «Мәдениет бөлімі» дегеніне тәуекел деп кіріп бардым. Шаршылау келген жарық бөлмеде үш-төрт адам қызмет қылып отыр. Сәлемімді ықылассыз алып, қала тәртібін орындық ұсынды да әрқайсысы өз шаруасын жалғастыра берді. Тонын сүйреткен дала қазағын бірінші көрген сияқты. Төрдегі жұқатай сары жазып отырып, қаздың көзіндей көкпеңбек көзімен ұрлана қарайды. Өзгелерде үн жоқ. Бір кезде жұқатай сары қаламын сүйеп қойып:

- Таныспадық қой,- деп керіліп алды.

- Ауылдан келдім.

- Көріп отырмын.

- Көрсең сол, аздап шимайлайтыным бар...

Жігіттер орнынан тұрып, жапырылып сәлем беріп жатыр.

- Апырау, Зеке, манадан жөніңізді айтпайсыз ба? Сізбен сырттай ағайын болып кеткелі қашан. Өзіңізді бірінші көруіміз, саушылығыңыз қалай?- деп қоршап алды бәрі.

- Мен ақын Әли Мұсаханов болам,- деді жұқатай сары.

- Мынау ақын Абай Қазиев, анау ақын Рахметолла Уәлиев,оған тақау отырған дөңмұрын ақын Ғазез Балғожин - бір осалымыз жоқ, түгел ақынбыз, - осылай,- деп Әли Мұсақанов белгілі қуақылығына басты.

- Білем, білем, бәріңді де оқыдым. Ақын екендерің рас. Керек десең, «Ревизорыңды» жатқа айтып бере алам,- дедім мен Әлиге.

- Мақтағанды кім жек көрсін,- деп рахаттанып қояды ол.

- Жас жазушылардың облыстық мәслихаты кеше бітті. Үлгере алмадыңыз. Бірақ сізді Ілекең қайткен күнде келеді, - деп республикалық мәслихатқа делегат етіп тіркетіп қойды,- десті жігіттер.

Осы арада Рахметолла шыға жөнеліп, көріп ұзамай:

- Ілекең сізді тосып отыр, жүре қойыңыз,- деді аптығып. Сасқалақтап қойдым.

- Жүріңіз, жаяу жете алатын жер, осы арада тиіп тұр. Машина жібермек еді, бас тарттым,- деді Рахметолла.

Қазіргі облыстық аурухана болып тұрған обкомның үйі редакцияға расында жақын екен. Баспалдақтан жоғары көтерілдік. Арман етіп жүрген үлкен адаммен кездесу сәті мұншалық тез түскені таңғаларлық еді. Қос қабат есіктің сыртқысын ашқанда-ақ іштен нәзік әтір иісі аңқып қоя берді. Кең кабинеттің арғы төрінен сымдай тартылған жайдары жүзді, кереқарыс маңдайлы, келісті адам бері беттеп келе жатты. Ол нақ орта тұста мені тосып алып, қос-қолдап амандасып, креслоға отырғызды. Өзі екіншісіне жайғасты. Мүйіз шеңберлі көзәйнектің ар жағынан мейірімді үлкен көздерімен қарады. Ол алғашқы сөзді денсаулығымның жайын сұраудан бастады:

Қашан, қалай келгенімді, қайда тоқтағанымды, мұқтаж болсам, қонақүйде бөлме бар екенін тез-тез айтып шықты.

-Рахмет, осында туысқанымның үйіндемін,- дедім.

Қазақстан Орталық партия комитетінің секретары болып тұрғанда Ілияс Омаровтың газетке басылған фотосуретін көріп, баяндамаларын оқитынбыз. Сонд Ілекеңмен осылай кездесем деп кім ойлаған. Және менің жас қиялымда ол кісі батырлардың батыры болып есептелетін. Ілекең әлі жап-жас, ер тұлғалы, сырбаз адам екен. Қазір де кемеңгердің алдында өзімді қалай ұстап, қалай сөйлеу керектігіне ақылым жетпей, қысылып қалсам керек. Соны сезген Ілекең ауылдағы ағайларша жымиып қойып, ел жайын, ауыл тұрмысын сұрастыра бастады. Бұрынғы ауылды елестете отырып, қазіргі өзгерістерді білгісі келді.

Шым үйлі, жер еденді баспаналар соғыс біткеннен соң азайды. Жұрт үй тұрмысын жөндеуге ұмтылуда. Әсіресе, ағаш үйлер салуға талпынуда. Бірақ...

- Айта беріңіз...

-Бірақ құрылыс материалдары жоқ, сол көп бөгет.

- Өз үйіңіз қандай?

- Бір бөлмелі ағаш үй.

- Көлемі?

- Төрт те бес.

- Отбасында кімдер бар?

- Үш бала мен келіншегім.

- Ілекең балалардың жасын, аты-жөніне дейін сұрап білді де:

- Үйіңіз өте тар екен,- деп кәдімгідей ренжіп қалды.

- Жоқ, аға, үйіміз кішірек болса да, ескі емес, үш-төрт жыл бұрын ағайын көмектепе тұрғызып берген,-дедім.

Ілекең сол ауыл тірлігіне қарай бұрды.

- Ауылымыз шағын, небары отыз шақты үйміз. Мәдени орындар жоқ, радио жоқ. Әзірге бұрынғыша бәрі.

Колхоздың орталығы Баянда ше?

- Оларда жарық бар, радио жоқ. Клубтары ескі, кино көрсетпейді.

-Онысы жарамаған екен. Ал көгалдандыру қалай?

- Бізде жоқ. Баянда бірер үйде тал өсіп тұр. Негізінен татарлардың үйінде.

- Үй гүлдері ше?

Ол да соларда.

Мені ұялтпас үшін ғой деймін, «өз үйіңде бар ма?»- деп сұрамады. Ол кісі аз-кем ойланып қалды.Сонан соң күлімсіреп:

- Үйге үй гүлін өсіре бастады дегенше мәдениет кірді деп біліңіз. Ал аулаңызда тал өссе, ауыл көркейді деп есептеңіз.

Алғаш осының бәрі ұсақ-түйек, тіпті, сөз етуге тұрмайтын бірдеңе болып көрініп еді. Ілекеңдей үлкен адамның майда-шүйдені сөз еткеніне ренжіп те қалдым. Кейін түсінсем, ол кісі араласқан небір кішкентай істің өзі зорайып, мазмұнданып кетеді екен. Назар аударған ұсақ-түйектері ауылды мәдениеттендіріп, халықтың тұрмысын жақсартуға апаратын сенімді баспалдақтар екен. Осы жолы Ілекеңнің уақыты көп пе немесе ауыл тірлігін түбегейлі біліп алайын деді ме, әйтеуір асықпай көп отырды. Ауылдың күнгейі мен көлеңкелі жақтарын сұрады. Әдет-ғұрып, той-томалақтың қалай өтетінін де білгісі келді. Той-жиын, арақсыз, сырасыз өтпейтіндігін, біраз адамдар ішуді өнер көріп, жастарды да тартып бара жатқандығын айтқанымда, Ілекең қатты тіксініп:

- Міне, бұл бақытсыздыққа бастайтын қасірет жолы!- деп орнынан тұрып кетті.

Ауа жетпегендей желдеткішті ашып, жүдеу тартқан күзгі көшеге қарады. Қабақтары түйіліп қана қоймай күйзеліп тұр екен. Кейін ойласам, келер ұрпақ тағдыры екен ғой күйзелткен.

- Арақ біздің ауылға елуінші жылдардың қарсаңында келді. Оған дейін не екенін де білмеген,- дедім.

- Сол қалпы білмегені абзал еді ғой,- деді Ілекең. Жә, әңгімеміз көңілсіз болып бара ма, қалай? Басқаға көшейік.

Ілекең енді қайтадан жайдары қалыпқа түсті.

Шығармаларыңыздан мүмкіншілігі мол жас талапкердің өсіп келе жатқанын көріп бек қуанамын,-деді.- Негізінде сіз Чехов пен Бейімбеттен көп үйренгенге ұқсайсың. Әңгімелеріңіз қысқа да, тіліңіз құнарлы, тіліңіз құнарлы, юморға толы. Сөз өнерінің күші аз сөзбен көп жағдайды білдіруінде» деп Плутарх айтқандай, екі-үш бет әңгімеңізден тірі адамды, оның ой-арманын, бар болмысын жазбай таныта алады екенсіз. Бұл сіздің ілгері дамыта, шыңдай түсетін жазу тәсіліңіз болу керек.Осы қолтаңбаларыңыздан жаңылмауыңызды қалар едім,- деді.

Мен қызарып кетсем керек.

- Сізді шамадан тыс отырғам жоқ, расы осы, жалғыз-ақ айтарым, жазуда асығыстық болмасын. Оқушы деген қатал сыншы, мүлт кеткен жеріңізді тап басып, тани алады. Жо-жоқ, мен сіздің шығармаларыңыздан ондай ағаттықты байқамадым. Айтып жатқан ескертпем. Сізге Белинский мен Герценді мұқият оқу керек. Бұларда жас жазушыларға үйренер тағлым мол -деп Ілекең тұрып барып үстел тартпасынан газеттер алып шықты.

-Сіздің шығармаларыңызды жинастырып жүргем,- деді ол газеттерді парақтап. – «Кеселдінің кесірі», «Мансапқор», «Сойдақ тіс», «Мұсатайдың бір күні» қып-қысқа дүниелер. Осы төрт әңгімеде төрт түрлі жағдай, төрт түрлі адам мінезі бар. Ауылдағы өзіміздің ағайындар ғой. Оқып отырып әлгі адамдармен жүзбе-жүз кездескендей өзгеше қызық әсер алдым. Ал осылар тура болған оқиға ма деймін.

-Рас, болған. Адамдардың есімдері ғана өзгертілген.

- Міне, шығарма өмірдің өзіндей дейтініміз, осы,- деді Ілекең дауысын көтере сөйлеп.- Шығарманың көркемдігі - өмірді тап басып, шынайы көрсете білуде. Тап басып дегенде...- деп сәл ойланып қалды. –Тап басып дегенде, өмірде болған немесе осы оқиғаны сол болмысымен көшіре салудың да реті жоқ. Жазушы бал арасына ұқсас. Бал арасы гүлдің шырынын алып, балға айналдырады. Сол сияқты жазушы да гүлдің иісін алып, өз гүлін жасауға тиісті. Өмірдегі болған оқиғаны өз қиялымен, өз шабытымен орап, өзгеше әсерлеуге тиісті. Көркем шығарма жазу- өмірді білу, сүю ғана емес. Шарт сол, көрген-білгенді көркемдікке айналдыруда. Бұл тұрғыда сіздің ілгері басқандығыңыз бар. Әңгімелеріңізде жағымсыз кейіпкерлердің бояуы қою, тал керісінше жағымды кейіпкердің кескіні солғын тартып, тасалау қалып қоя ма, қалай? Біз жаманнан жиіркенте отырып, жақсының жақсылығын баса айтуымыз керек. Мен сыншы да, әдебиетші де емеспін. Көп оқырманның бірі ғанамын. Өз ойымша осылай сияқты. Сіз көңіліңізге ала көрмеңіз,- деп Ілекең күлімдей қарады.

- Атамаңыз, ол не дегеніңіз? - деп сасқалақтап қалдым.

Осы кезде телефон шырылдап, Алматы байланысқа шықты да, Ілекең секретарына:

-Мыны кісіні үйіне апарып салсын, - деді. – Ал, сау болыңыз, тағы да кездесеміз ғой. Алло, Алматы ма? Иә, мен ғой...

Кейінде Ілекеңнің қоңыр дауысы естіліп жатты.

Ертеңіне Ілекеңнің ақ «Победасы» тағы келді. Кешегі сол қызыл шаш шофер.

- Сізді Ілияс Омаров шақырады,- деді.

Күн сенбі болатын. Ілекең бүгін сарғылт костюм киіпті. Нәзік иіссудың иісі шығады. Кешегіден әлдеқайда көңілді әрі сергек. Көптен таныс, сырлас адамдай хал-жағдайымды сұрап жатыр.

Кеше сөзіміз бөлініп кетті. Айтылмаған, анықталмаған жағдайларыңыз, ниетіңізді сұрап білуге уақыт та болмай қалды. Енді соған көшейік. Айтыңызшы, сізге қандай көмек керек. Ұялмаңыз.

- Аға, тіпті, ештеңе де керегі жоқ. Қам жемеңіз.

- Мүмкін емес,- деп дауысы қатқыл шықты. -Онда сізге керекті мен айтайын. Алдымен денсаулық керек. Бұл ең бастысы. Осында облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бастығы Сағымбек Ақжанов деген жолдас бар. Мен телефон соғып сөйлестім. Анада Өмірзақ Ғайсин айтқан жаңа дәріңіз түсіпті. Керегінше беруге келісті. Бұл бір.

Мен таңданғанымды жасыра алмадым. Мұншалық үлкен жұмыс атқара отырып, бір жыл бұрын айтыла салған болмашыны жадына сақтап, жеріне жеткізіп отырғанына қайран қалдым.

- Ол болмашы дүние емес, денсаулық, ал дені сау адам-ең бақытты жан!- деді Ілекең. –Екінші, бала-шағаңыз көбейіп келеді екен. Ол үлкен қуаныш, бірақ баспанаңыз тар. Сізге кең, тұрмысқа лайық үй керек.

-Ағай-ау, ондай үй салуға менде мүмкіндік жоқ қой,- деп зар қақтым.

-Ештеңе етпейді, көмектесеміз. Негізгі салмақты колхозға саламыз. Үшінші шаруа кітабыңды бастыру. Жинақ етіп шығарарлықтай шығармаларыңыз жеткілікті ме?

-Әрине, көбін жұрт газеттен оқып жүр. Басылмағандары да бар. Қырқыншы жылдан өлеңдерім үзбей шығып жүрді. Осы күні қарасам, өте төмен.

- Оларды қоя тұрыңыз, әңгімелер жинағын дайындаңыз. Сіздің жазғаныңыздың оқырман көңілінен шығатынына кәміл сенемін.

Ілекең орнынан тұрып, үстелдің тартпасынан обкомның конвертіне салған үш хат алып шықты. Біріншісін Сәбитке, екіншісін Ғабитке, үшіншісін Орталық Комитеттің бөлім бастығы Серікбай Бейсенбаев жолдасқа табыс етіңіз. Сізге көмек жасауын өтіндім. Өзіңіз қашан жүрмекші едіңіз?

- Дүйсенбі күні таңертең.

- Ендеше, қазір төмен түсіп, Лосов деген жолдасқа кіріңіз. Бүгін қысқа күн, кетіп қалар,- деп асықтырды Ілекең.

Күңгірт кабинетте отырған түнеріңкі адам бас-аяғыма таңдана қарап, көрші бөлмеден біреуді шақырып ертіп жіберді. Ол сейфті ашып, қырық сом ақша берді. Дәлізге шықсам үстінде костюміне ұқсас сарғылт пальтосы, басында көк елтірі бөркі бар Ілекең тосып тұр екен.

- Алдың ба?

- Алдым, рахмет!

- Бары сол болып қалды,- деп кәдімгідей қиналып тұр.

- Оқасы жоқ, осының өзі артық,- деп жатырмын ғой.

«Победаның» артқы орындығына жайғасқан соң, Ілекең сөз қадірі жайлы бір қызық пайымдауларын айтты.

- Біз сөз қадірін анық біле бермейді екенбіз. Ауызға түскен сөзді ойланбай айта саламыз. Сөйтсек, ең асылымызды, қымбат байлығымызды арзандатып алады екенбіз. Сөзіміздің қадірі кетсе, өзіміздің де қадіріміздің кететінін ескере бермейміз. Сөз қадірін бағаламай, жақсы сөзді оңды-солды бората беретін орынсыз жомарттық та сөз білмеудің бір түрі. Көп жесең балдан да шығып кетесің. Ал қисық тілді шығарма сақау адам секілді, кәрі құлақты кеседі, жас құлаққа жаман үлгі болады, балаң авторды үстірттікке үйретеді. Сөзді бағалау, сөзге тоқтау, сөзден мағына іздеу адамды мәдени қоректендіре түседі. Әсіресе, ана тілін білу, оның қасиетіне түсіну- басты борышымыз. Бұл, әсіресе, жазушыларға қатысты, - деп Ілекең жымиып күлді. Осы кемеңгерлік сөздері әлі күнге құлағымда.

Сөйткенше, машина Киров пен Карл Маркс көшесінің қиылысындағы үйдің алдына тоқтады.

- Ал, жолыңыз болсын, астанадағы жолдастарға сәлем айтыңыз, - деді Ілекең.

Мен түсіп қалдым. Машина әрірек барып, көше бұрышынан көрінбей кетті. Сол кішкене ағаш үй биік ғимараттар арасныда жапырайып тұр. Осы жерден өткенде әркез Ілекеңді еске алам.

Алматыға үшеу болып аттандық. Ол кезде самолет жоқ. Кәдімгі шабан пойыз. Вагондарын қою қара түтінге орап, бүлкектеп отырады. Жолдастарым: ақын Әли Мұсаханов пен Ғазез Балғожиндер, екеуі де жас, мен ересектеумін. Екеуі де сыйлап: «Зеке, Зекелеп» тұрғандары... Баққандары ойын-сауық. Әли талдырмаш, Ғазез толықтау, қара торы, тау халықтарына ұқсайды. Содан ба, Әли: «Балғожа бидің баласы» дей ме, «шеркеш» дей ме, ал өзін арабқа ұқсатуға әуес. «Әли ибн Мұсахан әл-Абыралы» болам дейді.

Поезд тоқтаса екеуі станцияға жүгіріп, жүрсе вагон-ресторанға жүгіріп, көршілерге қыдырып, дамыл көрмейді. Мен болсам таң атқаннан шексіз далаға талмай қараумен келемін.

Шексіз боз дала талай тарихты бауырына басып жатқандай. Сонау таз төбелер, бел-белестерден асып, шапқыншылыққа ұшыраған жосыған дала. Қазақ қолдары жоңғарларды қансырата қуған дала. Оған сонау шошақ молалар, мұңды обалар куә. Сондықтан да, бұл дала көзге ыстық, көңілге жақын. Ел сирек, арасы ашық разъездерде екі-үш үй ұшырайды. Бірлі-жарым малы жайылып жатады. Маңайында міндетті түрде шағын зираттар бар. Күн қақтаған теміржолшылар сары жалаушасын көрсетіп, шығарып салып тұрады. Қанына сіңген әдет. Бұлардағы мал да, жан да пойыздың дүркілі мен ысқырығына әбден үйреніп алған.

Әрі қарай түйенің терісіндей сары дала тағы созылады, тағы да сурет. Оңтүстікке тақалған сайын жер бедері де өзгеріп, төбелер биіктеп, пойыз қызыл шақа тас жыралармен өтіп, терең сайларды жиектеп, кейде орақша иіліп айналып келеді.

- Түу, Зеке-ай, сен де бір жалықпайды екенсің,- деп күледі екі қу.

- Туған жеріміз жайлы аталарымыздан, ақсақалдардан естіген маған көзбен көру неге жалықтырсын?!- деймін.

Шудан асқан соң, көкжиекте қатпар-қатпар ақ бұлттар пайда болды. Бұл емес, бұлт сілемдер. О, жарықтық—ай! Алатау ма, анау? Алатау ғой! Біздің жақта бір шөкім құм не асықтай тас емге табылмайтындықтан, нағыз тауды маған көру қызық. Көз алмай қараумен келемін.

Ғазез бен Әли өлеңдерін, пародияларын оқиды. Әлденеге қызу таласып қалып, қайтадан мәмлеге келеді. Қулық айтып өздері де келеді,мені де күлдіреді. Ал анекдотқа келгенде Әли алдына жан салмайды. Соңғы жылдары газетке шыққан өлеңдерінің көбі күлкілі.

Өмірде бар күлдіргі жәйттерді не қара сөзбен, не өлеңмен нәшіне келтіріп, айтып береді. Кейде өзімен-өзі болып бір нүктеге қадалып отырғаны. Өлеңдерін оқып болып: «Әй, шеркеш, шәй әкел!- дейтіні бар.

Астанаға түнде жеттік. Біз поезд тоқтаған соң шұбатылып түсе бастадық. Алматыға бірінші келіп тұрғаным. Менікі Әли мен Ғазезге ере беру.Әли осында оқыпты. Қаланы алақандағыдай біледі екен. Қонақүйлерде орын жоқ.

- Ғажап екен, әсем екен, көрікті екен Алматы, - деп Ғазез әндете жөнеп еді:

- Сырттан келген адамдарға қонақ үй болмапты,- деп қағып әкетті.

- Әй, жігіттер, ойынды қойсаңдаршы,- деймін кейіп.

Жарқырап жатқан асфальт көшемен бір бойшаң адам бізге қарап салдыртып келеді екен.

- Мынау, өзіміздің Сафуан ғой.

Сафуан Шәймерденов бұрынғысынан да биіктеп, мүсіндене түсіп, кәдімгі қала азаматы болыпты. Жүрген жөнімізді айтқанда "Әттеген-ай, ертерек келіп қалғансыңдар. Мәслихат желтоқсанның 17- ісі күні ғой» деді.

Арада он бес күн бар. Қуанып келген көңіл су сепкендей басылды.

Көк базардың іргесінде «жүргіншілер үйі» деген бір жұпыны баспана бар екен, соған орналасып, енді енді не істейтініміз жайлы ойластырдық.

- Мен үйге қайтам,- дедім.

- Апырау, Зеке-ау, сізге не болған, аңсаған астанаңа келіп, тұра қашқанның қалай, он жылдай төсек тартып жатқаныңда шыдап едің ғой, шыда!- деп жатты да жабысты. Ақылға салып келіп, осылардікі жөн шығар деп ойладым. Астананы армансыз көрейік, күні жеткен соң мәслихатына қатысайық. Әдейі жіберген Ілекеңді ренжітіп алармын,- дедім де- тәуекел- деп қалып қойдым.

Театрға, киноға бардық. Қаланың ең көрікті жерлерін араладық. Панфилов атындағы парк іргемізде болатын. Шіркеу-музейге кірдік. Одан Горький атындағы паркке, зоопаркке бардық. Небары бір жұмадай ғана уақыт өтті. Жалығып кеттім. Маған өзімнің кішкене ауылым, өз ошағым бәрінен де ыстық сияқты. Ауырыңқырап отырғам. Екеуі кештетіп келді. Қызу екен. Лепіре сөйлейді. «Бір таныстар кездесіп, ресторанда болып...»- дейді Әли. Ертесінде екеуіне де ұрыстым. Бүйте бере қаражат жетпей тарығатындарын, арақтың зияндығын баса айтып жатырмын. Кінәлі адамдар бастарын төмен салбыратып тұр. Бір кезде Әли басын көтеріп, аздап ойланып алды да:

Араның улы тісімен,

Жиналған балды жеп көр де.

Ой жиған адал кісіден,

Естісең сөгіс, жек көрме,- деп қалтасындағы бар ақшасын алдыма қойды.

- Біз қаржы ұстай алмайтын сияқтымыз. Ендігі бастығымыз да, кассиріміз де өзің бол,-деді.

Ғазез де сөйтті. Қиын міндетті мойныма алуға тура келді. Оның есесіне, жігіттердің араққа үйірсек, кештетіп жүретін жүрістері тыйылды. Керек болса, тиын-тебен сұрап, қиылып тұрғандары. Мұны екі қу «біздің үш адамдық коммунамыз» деп атап кетті.

Ауылда жатып апта сайын хат жазатын Жазушылар одағының үйі «Пролетарская, 11-ге» ертесіне барғанбыз. Көлік кіретін қақпасы, тар ауласы бар қарама-қарсы салынған кішірек ескі ағаш үй екен. «Жұлдыз» бен «Қазақ әдебиетінің» редакциялары да, одақтың барлық бөлімдері де осында. Тар, қапырық. Үкіштей бөлмелерде адамдар қызмет істеп отыр. Көп жылдар шығармаларын оқып, суреттерін мектеп оқулықтарынан көрген ақын-жазушыларды осында кездестірдік. Бірінші болып Сейітжан Омаров ағай жолықты. Аты-жөнімізді білген соң, кәдімгідей қуанып қалды. Столынан менің әңгімелерімнің қолжазбасын алып, қанағаттанарлық екенін айтты. Мәслихатқа деп прозалық дүниелерді жинастырып жүрген болу керек. Басында зерлеген қызыл тебетейі бар ақын Жұмағали Саинды да, «Миллионер» мен «Шығанағын» құмартып оқыған Ғабиден Мұстафинды де кездестірдік.

- Жақсы шығармалар жазыңдар, жақсыға жол ашық,- деді ағалық ақылын айтып. Ал Ілекең жіберген үш хаттың иелері бұл жерден табылмады. Сәбит ағай одаққа сирек келе ме, сол күні үйінде де болмады ғой деймін, хатты қалдырып кеттік. Ғабит ағаның қызмет қылатын жері басқа жақта болды. Іздеп таптық. Ескі үй, кішкене кабинет. Есік алдында хатшы қыз отыр. - Кірсін,- депті. Кірдім. Тар, тіпті жұмыс столдары жақын екен.

Үстінде қара костюм, ақ көйлек, қызыл галстук. Иегімен орындықты нұсқады. Бас-аяғыма қарап қойып, алдында жатқан «Қазбектің» бірін алып, асықпай уқалады, тұтатты. Түтінді шамалап сорып, үрлеп тастады. Темекіні құнығып емес, ермекке тартып отырған сияқты. Сонан соң қисық қайырылатын кекілін серпіп:

- Сөйле,-деді.

- Сөйлемес бұрын Ілекеңнің хатын ұсындым. Хатты алып, аударып көріп, еппен ашты. Хаттың алғашқы жолдарына көз жүгірткенде, арасы алшақ қастарын керіп, күлімсірей бастады. Оқыған болып, иек астына қойып біраз отырды да:

- Әлгі Ілиястың тауып алған інілерінің бірі екенсің ғой,- деді./жаратпай, кекетіп айтқан сияқты/

- Ие.

- Сен туралы телефоннан да айтып, хатқа да жазып жіберіпті. Кәне, не өнерің бар, көрсетші. Сені болашақ Чехов, болашақ Бейімбет депті. Оқышы бір әңгімеңді, -деді.

Қатты қысылып қалдым. Қысылатыным - әңгіме жазған дәптерімді -қонақүйде қалдырғам. Бірақ «пәлен-шүлен» деп ақталатын жер емес. Күш-қайратымды жинап, демімді ішке тартып, шалқайыңқырап отырып: «Ағасы»,- деп әңгіменің тақырыбын хабарладым да жатқа оқи жөнелдім. Жүрер поездың қарбаласы әлі біткен де жоқ. Ертерек жайғасып алған Қабыл ауладағы адамдардың төбесінен қарап үнсіз отыра берді. Әбігерге түскен бір халық. Соқтығысып кимелесіп жатқандары.

- Сәлем, інішек!

Купенің тілдей есігінен сары кісі бас сұқты...»

Қысқа әңгімені ортасынан аударып бара жатыр едім: «Тоқта, жетті!» деп тиып тастады. –«Мынауың бір картожник пәле болды ғой»

Ғабит аға алғашқыдай кекете сөйлеген жоқ. Мақтаған да жоқ. Ел ттірлігін, ауылда білетін адамдарын, семья жағдайымды, тұрмыс-халімді, денсаулығымды сұрастырды.

- Жасың нешеде?

- Отыз екідемін.

- Өзің де кәртәміш екенсің. Адамның ақыл-парасаты толысатын кез осы тұс, не қалайсың менен?

- Кітабымды бастырайын деп ем.

- Е-е, бастыр, кім қой деді.

- Көмектессеңіз...

Ғабит шалқайыңқырап отырды. «Қазбектің» біреуін тағы сүйреп кетті.

- Ілияс «емделу үшін қаражат бер» депті .Ондай мүмкіндік әзірше жоқ. Кітабың шықса, қаламақысын жақсылап төлейтін етерміз. Иә, қалмақы мәселесі де қиын,- деді темекісін түтіндетіп. – Сен кітап басуға көмектес,-дейсің. Ол өзіңе байланысты. Жақсы кітапты кім баспайды. Мұндайда Ілияс ағаңның көмегіне ғана сүйенсең, сенен қандай жазушы шығады. Мен терлеп кеттім.

- Сені бетіңнен қағып, тұқыртып алайын деп отырғам жоқ. Жақсы жазушы болу үшін көп оқу, көп іздену керек. Соны талап етемін!- деді.

- Рахмет, аға! Бұл ақылыңыз әрқашан жадымда болады,-дедім маңдайымды сүртініп.

Жолдастарым көп тосып қалыпты.

- Ештеңе етпес, бізге бәрібір күн өткізу керек қой,- деп Ғазез керіліп алды. Жатақханаға келіп аунай кеттік. Ертеңінде Қазақстан Орталық партия комитетіне келдік. Ол кезде ескі үйде. Жаңа үкімет үйі салынып жатқан. Серікбай Бейсенбаевқе жету қиын екен. Пропуск алудың сәті түспей қынжылып тұр едім, партия билетімен өте беруге болады екен. Партиялық стажым он жылдай. Милиционер жігіт бастап жүрді. Терезелері жерге иек сүйеген аласа кабинеттің төрінде жас жігіт тұқырып алып, телефонмен сөйлесіп отыр. «Иә, сау болыңыз, тағы да кеңесерміз. Иә, солай!» деп телефон тұтқасын зорға қойып маған қарады. Орын көрсетті. Хатты бердім. Оқып көріп, күлімсіреді.

- Жаңағы сөйлескен Ілекең ғой, сізді барды ма деп іздестіріп жатыр,- деді.

- Келіп тұрмын!

- Сіздің жағдайыңызды хатпен де, ауызша да айтты. Курортқа жолдама алуға көмектесуімді өтініпті. Ілекеңнің сөзін жерге тастамаймын, әзірге қиын болып тұр. Мүмкіндік болса, хабарласармын,- деді.

Жақында қазақ телевизиясынан берілген бір хабарда Серікбай Бейсенбаевты көріп қуанып қалдым. Академик болыпты. Уақыт дегенін істейді екен. Бетке әжім, шашқа ақ түсіпті. Бірақ ол менің жадымда жас кезіндегідей сақталып қалыпты.

Көптен күткен мәслихат басталар күн де жетті-ау. Республиканың түкпір-түкпірінен дарынды жастар ағылды. Солармен бірге бізге де «Алматы» қонақүйінен орын берді. Шетел туристеріне арналған ең тәуір сол екен. Қазіргі «Алматы» қонақүйінің іргесінде тұратын.

Бөлмелер жастарға толы. Көршіде біреудің саңқылдаған қатты дауысы естіліп жатыр. Қызу жарыссөз басталып кеткендей. Есік қақтық. Басында үлкен құлақшыны бар тонды жігіт: - Кіріңіздер,-деді де әрі қарай төпей жөнелді.- Жергілікті жерде жас жазушылардың шығармашылық өсуіне мән берілмейді. Жергілікті газеттер шығармаларын үнемі басып, көмектесіп, демеп отырмайды. Республикалық әдеби журнал «Әдебиет және искусство» мен «Қазақ әдебиеті» газеттері тек астаналықтардың шығармаларын басады. Жастарға қамқорлық кем...

Дәптердің бірнеше бетін оқып тастап, маңдай терін сүртті. Сөздерінің жаны бар сияқты. Беті майлы тоқаштай жылтырайды. Көздері өткір, қайтпас қайрат пен жігер күшін танытқандай. Шашын қайырып:

- Жамбылдықпын, жас ақын Шона Смаханұлы болам, мынау мәслихатта сөйлейін деген сөзім,-деді.

Біздің облыста, керісінше, жас талапкерлерді іздеп тауып, барынша көмектесіп, қолдап жатыр,- деп едік, Шонаның қытығына тиді-ау.

- Ілияс Омаров сияқты әдебиеттің досы, үлкен жүректі қамқоршымыз болса, біз де сөйтер едік. Сол кісінің арқасы, -деді.

- Әрине, - дедік біз де мақтанышпен.

Тұңғыш кездестірген әріптесім болғандықтан ба, әлде, бетке айтатын турашылдығынан ба, Шонаны жақсы көріп кеттім.

Сонан бері қанша сатиралық өлең кітаптарын шығарды. Әзіл сүйетін халық Шонаның шығармаларын сүйіп оқыды. «Шона дегенше сона десейші» дейтіндер болды. Сол Шонаны өткен жылы Қазақстан Жазушыларының ІХ съезі күндері кездестірдім, қартаймапты. Бұрынғысынан да жылтырай түскен. Тіпті бұл мәңгі қартаймайтын шығар деген ой келді. Келесі күні жазушылар үйінде екінші рет көргенімде кескіні кетіп:

- Аңыздағыдай жеті қу- жеті сатирик едік, біреуіміз шетінеп кетті. Оспанхан бауырымнан айрылып қалдым,- деді еңсесі түсіп.

Жақында ған әзіл күнінде теледидардан сықақ оқып, шек-сілемізді қатырған. Қайтыс болды дегенге сенгім келмейді. Шындықтың аты-шындық. Сұм ажалдың ісі.

-Ей, жарандар, халық әлі талай Оспанхандарды тудырар, солардың арасынан біздің Оспанхан да лайықты орнын табар,- деді Шона көңіліне демеу етіп.

Шонаның кәдімгідей жүдеп, ойсырап қалыпты. Адам көңіл деген осы...

-Иә, бірді айтып, бірге кетем. Қазақстан жас жазушыларының бірінші мәслихаты бір мың тоғыз жүз елу алтыншы жылы, он жетінші желтоқсанда басталмақ. Ескі Үкімет үйінің шағын залы толы. Мұнда жастар да, жасамыстар да түгел. Мәслихат Жазушылар одағының пленумымен қосылып өткізеді екен. Жиналыс ашыларда Президиум столына басшылар келіп жайғаса бастады.

Әли бүйіріме түртті:

-Әне, Мұхтар келді, анау Сәбит...

-Үндеме...

Мұнда біраз күн іссіз жүріп те екі алыпты көрудің сәті түспеген. Қазір енді көз алдымызға өздері келіп отырды. Екеуі де біз білетін суреттерінен аумапты. Бірақ бұлар нағыз тірі Мұхтар, тірі Сәбит. Сәкеңнің шағын мұртына аздап ақ араласа бастапты. Мұхтардың кең маңдайын терезеден тура түскен күн сәулесі жарқыратып тұр. Сәбитке тақалып сыбырлады да екеуі бұрылып, Ғабитке бірдеңе айтқандай болды. Анау келіскендей сыңай танытып, орнынан тұрды. Кекілін қайырып тастап, залдағы көп халықтың арасынан біреуді іздегендей асықпай қарап алып:

Жолдастар!- деп әсерлі дауысымен сөз бастады. Қазақстан Жазушылар одағының кезектен тыс пленумы мен республика жас жазушыларының мәслихатын ашық деп жариялаймын.. Кіріспе сөз Мұхтар Әуезовқа беріледі.

Орнымыздан тұрып қол создық. Дүрліккен залға күлімсірей қарап, Мұхтар «жетер енді» дегендей қолын көтерді. Бір үлкен шаруа тындырып тастағандай, жабыла орнымызға отырып жатырмыз.

Мұхтар мінбеде тік тұрып: «Жолдастар!»- деп ақырын бастап, таза қазақ тілінде сөйледі. Қағазға да қараған жоқ, мінбенің жақтауынан ұстап қозғалақтаған да жоқ. Мүлтіксіз сұлу сөйлемдер жібектей есіліп жүре берді. Мұқаңның аузынан шыққан қара сөздің өзі жыр дастандай әсем, әуенді, миыңа жарып құйғандай түсінікті екен. Дауыс ырғағын біртіндеп қатайта беріп, бір қалыпты қоңыр үнге келтіріп алда да, сөйлеп кетті. Мұхтар аға тура 20 минут сөйлеп, сөзін аяқтағанда тағы да дүрліге қол соқтық. Осымен біткен шығар дегенбіз. Жоқ. Ол енді әлгі сөзін орыс тілінде қайта бастады. Орысшасы қазақшасының сөзбе-сөз аудармасындай нақпа-нақ екен. Қазақ әдебиетінің бүгіні мен ертеңі жайлы. Әдебиетшілердің алдында тұрған келелі міндеттері жайлы айтты. Қазақстан жазушыларының дарынды өкілдерінің біразы майданнан оралмағанын, мұның өзі ұйым жұмысына зор зиян келтіргенін, әдебиетшілердің есігін қағып, жаңа жас күш- біздің келіп тұрғанымызды, сәт сапар, шығармашылық табыс тілейтінін айтты. Сөзін түгел жадымда сақтай алмаппын. Бірақ әлгіндей ағалық ізгі тілегі жадымда қалыпты. Мен Мұхтар Әуезовты өмірімде бір-ақ рет осы жиында көрдім. Одан бері де көп жылдың жүзі болыпты.

Иә, сонымен сол күні қуанышта шек болмады. Ертеңінде жанр бойынша секцияға бөліп, жас жазушылардың шығармаларын талқылады. Қазақстан Жазушылар одағының проза бөлімін Сафуан Шәймерденов басқарады екен. Проза секциясын сол жүргізді. Бізді тыңдап, пікір айтушылар осал адамдар болмай шықты. Үйдің дәл төрінде қою қара мұртын ширатып тастап, жігіт ағасы Сапарғали Бегалин, оған тақау маңдайы жарқырап, сыншы Темірғали Нұртазин, Сейітжан Омаров ағайлар жайғасыпты. Шеткірек бала кескінді жап-жас сыншы Айқын Нұрқатов отырды. Сафуан бастық болса да, біздің арамызда. Біздің дегенде, төрт-бес талапкерміз. Қараторы келген, ер тұлғалы жігіт Досмағамбет Тасекеев Қызылордадан, толықша келген жігіт Әскен Нәбиев Ақмола облысынан, жүзінде жастық жігері бар Жаңаарқалық жігіт Асан Жұмаділдин, Семейлік талапкер Ғазез Сапаевтар ұстаз алдындағы шәкірттей сып-сыпайы отырмыз. Ағалар бізге жылы ұшырай қарайды. Досмағамбет пен Әскен Сталинградтан Берлинге дейін барып, Отан соғысынан оралған жауынгерлер. Мінез-құлықтарында әлі де әскери тәртіптің ізі бар.

Бәріміздің үлкеніміз Досмағамбет алдымен өзінің майдан әңгімелерін оқыды. Тартымды туынды. Жауынгердің аз ғана қылығынан, іс-әрекетінен үлкен ой туғыза алатын аса қабілетті жазушы екен. Ағалар сүйіспеншілікпен тыңдады. Одан кейін маған кезек келді. Жүрегімнің дірілін басып, күш-қайратымды жинап, тәуекел деп оқи жөнелдім. «Бастамадан» бастап алып, «Ағасы» мен «Мансапқорларды» әрі қарай сырғыта жатқа айта бердім. Бір кезде тоқтатты. Күлімсіреп отыр бәрі.

-Ендігі кезек Нәбиевтікі.

Жаудан жасқанбаған Әскенім қысып, қып-қызыл болып кетті де, «Перзент» деген әңгімесін жүрексініп оқи бастады. Біраздан соң оны да отырғызып қойып, Асан Жұмаділдин, Ғазез Сапаевтарды тыңдады. Тыңдап алып, өзара сыбырласып, әлденеге келіскендей, сөзді сыншы Темірғали Нұртазин алды. Ол орнынан тұрған жоқ, отырған қалыпта жұмсақ, сүйкімді үнімен түсінікті етіп, оқылған шығармаларға талдау жасады. Досмағамбеттің әңгімелерін жоғары бағалады. Әскер екеуміздің де шығармаларымызды мақтады.

- Бұл шығармалардың құнды болатын себебі, өмірдің ортасынан ойып алуында. Көркемдік өмірдің өзінде, -деді.

Асанды да, Ғазезді де жақсы атап жатыр. Жетіспей тұрған жерлерін жасырған жоқ. Жаңа ғана көріне бастаған жас көктей біздерді бетке қақпауды ойлағандай. Ал кемшілік деген бәрімізде толып жатыр. Қортындысы былай болды: Досмағамбет Тасекеев, Әскен Нәбиев үшеуміздің жинағанымызды кітап етіп шығаруға, қалғандарының жинақтарын түзету, жетілдіре түсу керектігін айтты. Бұл біздің алғашқы тұсаукесеріміз еді. Қазір Сапарғали аға, Темірғали аға, Сейітжан аға бәрі де өмірде жоқ. Қыршын жас, дарынды сыншы Айқын Нұрқатов та мезгілсіз көз жұмды. Біздің болмашы қабілетіміздің отын үрлеп жандырған сол абзал ағалар еді. Досмағамбет қайтыс болды деп естідім. Әскен, Асан мен Ғазез бүгінде көптеген жинақтың авторы, одақтың мүшелері.

Жалықпай жазатын болдым. «Бастамадан» соң тағы бір жинақ дайындадым. Одан кейін үшіншісін. Бір бөлмелі үкіштей үйде жұмыс істеймін. Біреу келіп, біреу кетіп жатады. Жеке бөлмесі бар кеңірек үй болса ғой. Оның сәті түспей-ақ тұр.

1959 жылдың көктемінде Қазақстан жазушылар одағының төртінші съезіне қатыстым. Осы күндері тырнақалды туындым «Бастама» қолыма түсті. Қатты мұқабамен көркемдеп шығарыпты.

Осы жолы Досмағамбет Тасекеев, Әскен Нәбиевтер де өз кітаптарын алды. Досекең «Әңгімелер» деген кітабына «Құрметті досым, бауырым Зейнел-Ғабиға» деп, ал Әскен «Перзентіне» «Қаламдас досым Зейнел-Ғабиға» деп қолтаңбаларын жазып берді. Осы шағын екі кітапша басқалардың ортасында көрнекті жерде сақтаулы тұр. Сол жылы бір тосын оқиға болды. Жазғы кез. Сырттан мотор гүрілі естілді. Қарасам, жасылы бар, ағы бар, екі-үш «Победа» тоқтап тұр. Машинадан түскендер иіріліп қалды. Алдында маңдайы жарқырап Ілекең тұр екен. Сондағы қысылғаным өмірі есімнен кетпес. Ілекең сонымды сезе қойды ғой деймін. Жайдары күліп:

-Баста үйіңе! - соңымнан ілесті. Ілекең атамыз қазақтың дәстүрімен үйге сәлем беріп кіріп, төрге отырды. Соңынан ергендерді енді ғана тани бастадым. Аудандық Совет аткомының төрағасы Макаров, райкомның секретары, аудандық орман шаруашылығының бастығы Тригубченко, өзіміздің басқарма Сексенбай Тұралин, тағы да танымайтын біреулер бар. Ере келгендерден екеу-үшеуі ғана үйге кіре алды. Қалғандары ашық есіктен мойындарын созады. Ілекең хал-жайымды сұрап алып, дөңгелек үстелді алдына тартып қағаздарын жайып тастады да есік жақта тұрғандарға қарап:

-Мынау жігіт деді мені нұсқап, - осы аядай үйде он жылдай төсек тартып жатқан, тұрмыстың азабын көрген, бірақ мойымаған, ажалды жеңіп шыққан дәті берік адам. Жазушы. Мынау-алғашқы кітабы,- деп портфелінен менің «Бастамамды» алып көрсетті. Былайша айтқанда сіздердің өз Островскийлеріңіз. Дарынды жанға жол ашық, біз үнемі қолұшымызды беруіміз керек. Еңбек етуіне мүмкіндік жасауымыз керек. Сіздерді осы жерге ертіп келуімнің мақсаты да сол. Кәне, үй салуға көмектесеміз бе?

- Көмектесеміз, Ілияс Омарұлы, - деп алдымен үн қатқан Макаровтың өзі болды.

-Сізге қандай үй қажет?- деп сұрады менен Ілекең.

-Төрт бөлмелі.

Төрт бөлмелі үйге қанша бөрене, тақтай, шеге, шифер кетеді?- деп сұрады Ілекең.

-Елу кубометр бөрене, он кубометр тақтай, пәленбай шыны, түгенбай шифер,- деп Секең қойын кітапшасын парақтап жатыр.

- Бәрі де болады, райисполком атынан қаулы алып, жақын орманнан деляжа шығартамыз. Басқа материалдарды да іздестіреміз.

-Міне, бұл жөн сөз, - деп Ілекең қуанып қалды. – Осы шаруаның басы-қасында өзіңіз болыңыз, Анатолий Арефиевич, өтінемін.

Міндетті түрде,- деп жатыр.

Ал, жолдастар, жүрейік,- деп қағаздарын жинастыра бастады. –Дәм ішіңіздер, мал соямыз,-дедім.

- Рахмет, мың алғыс, асығыспыз,- деді тоқтаудың ретін таппағандықтан қызарақтап.- Жаңа үйге кірген соң келем ғой, өкпелеме, қайткенде де келем ғой, өкпелеме!

Жақсы жер, осы алқапқа гүл ек, үлкен баққа айналдыр, басқа жазушылардың қоныс-мекенінен кем болмасын,-деді.

-Ал, жүрейік. «Победаның» артқы орындығына отырып жатып: «Өкпелеме, қайткенде де келем!- деп сөзін қайталады.

1961 жылы жаңа қонысқа кірдік. Қоныс мекеніміз үлкен баққа айналды.

«О, шіркін, Ілекең көрсе ғой» деймін. Арманым сол - Ілекең келіп көре алмады. Мемлекеттік жұмыстан қолы тимеді. Оның үстіне өзі ауыр сырқат едің. Бір күні ақын Абай Қазиев: «Сен ештеңе естімеген сияқтысың» деді...

- Жо-жоқ,

- Ауыр қазаға ұшырадық. Ілекең қайтыс болыпты...

Ішіме ыстық от тастап жібергендей болды.

- Апырай, не дейсің, Ілекең де өлуші ме еді?- деппін...

АВТОР ТУРАЛЫ:

Жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаев жайлы Қазақтың көрнекті балалар жазушысы, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Қаламгер Солтүстік Қазақстан облысы Шалақын ауданына қарасты «Ортақкөл» аулында 1924 жылы 2 қаңтарда дүниеге келген.

З. Иманбаев балаларға арналған әңгімелерін мөлдірете, қызықтыра, жеңіл бала тілімен, түсінікті ете жазуға шебер балалар жазушысы. Жазушының көптеген әңгімелері мектеп оқулықтарына енген. Оның сыры - ұрпақты мысал әңгімелермен, көркем дүниемен жақсылыққа, еңбекке, шыншылдыққа тәрбиелей білу мақсатында көп ізденген, өзінің жазуына ұқыпты, жауапкершілікпен қараған қаламгер. Оқырманның жас ерекшелігін ескеріп, соны зерттеп, сезініп, оқырманның өресін екшеп, сенімді түрде жаза білген жазушы көзі тірісінде «Бастама», «Сырымбет», «Арлан», «Дала көктемі», «Кішкене малшы», «Кең аймақ», «Жас шыбықтар», «Кіреуке мерген», «Жирен сақал», «Солмайтын гүл», «Нағажайлы түнде», «Айналайын, адамдар», «Қыран түлегі», «Дала әңгімелері», «Құстар қайтып оралғанда», «Ауыл түтіні», «Солмайтын гүл» /повестер жинағы/, «Қос қайың» атты әңгімелер мен повестер жинағының авторы болған.

Жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың жарыққа шыққан жинақтары. 1.Иманбаев, З.-Ғ. Бастама: Әңгімелер жыйнағы/ З.-Ғ. Иманбаев.- Алматы: Қазмемкөркемәдеббас, 1959.- 96 бет.

2. Сырымбет. Әңгімелер. А., ҚМКӘБ, 1960;

3. Арлан. Повесть, әңгіме. А., ҚМКӘБ, 1961;

4. Дала көктемі. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1963;

5. Иманбаев, З.-Ғ. Кішкене малшы: Рассказ/ З.-Ғ. Иманбаев.- Алматы: Жазушы, 1964.- 14 бет.

6. Кең аймақ. Очерктер. А., «Жазушы», 1965;

7. Жас шыбықтар. Әңгімелер. А., «Жазушы», 1966

8. «Жирен сақал» Әңгімелер. «Жазушы», 1967

9. Солмайтын гүл. Повесть, әңгіме. А., «Жазушы», 1968;

10. Иманбаев, З.-Ғ. Нағажайлы түнде: Әңгімелер/ З.-Ғ. Иманбаев.- Алматы: Жазушы, 1970.- 49 бет.

11. Иманбаев «Кіреуке мерген» - Алматы: Жазушы, 1973

12. Иманбаев, З.-Ғ. Айналайын, адамдар! Очерктер мен деректі әңгімелер/ З.-Ғ. Иманбаев.- Алматы: Қазақстан, 1975.- 88 бет.

13. Иманбаев, З.-Ғ. Қыран түлегі: Повестер мен әңгімелер/ З.-Ғ. Иманбаев.- Алматы: Жазушы, 1977.- 144 бет.

14. Иманбаев, З.-Ғ. Дала әңгімелері: Әңгімелер мен повестер/ З.-Ғ. Иманбаев.- Алматы: Жазушы, 1979.- 168 бет.

15. Иманбаев, З.-Ғ. Құстар Қайтып оралғанда: Әңгімелер мен повестер/ З.-Ғ. Иманбаев.- Алматы: Жалын, 1981.- 160 бет.

16. Иманбаев, З.-Ғ. Ауыл түтіні: Әңгімелер/ З.-Ғ. Иманбаев.- Алматы: Жазушы, 1985.- 112 бет.

17. Иманбаев З. «Солмайтын гүл» «Жалын» баспасы. 1987

18. Иманбаев, З.-Ғ. Қос қайың: Әңгімелер мен повестер/ З.-Ғ. Иманбаев.- Алматы: Қазақпарат, 2011.- 616 бет.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Ілияс Омаров
(0)

Пікірлер

Алтын Иманбаева

27.02.2019 17:53
Әдебиет порталының редакциясы, журналистері! Әкемнің Ілияс Омаров жайлы жазған туындысын шығарғандарыңызға мың рахмет! Ал әкем жайлы мына мәліметтерді толықтырып, жөндеп жіберсеңіздер, нұр үстіне нұр болар еді. Сіздердің берген ақпараттарыңыз бойынша әкем екі-ақ кітап жазғандай болып қалыпты. Әкем 63 жасында дүниеден өткенше қаламы қолынан түспеген жазушы болды. Игі тілекпен-Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева Жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаев жайлы Қазақтың көрнекті балалар жазушысы, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зейнел-Ғаби Иманбаевтың туғанына биыл 95 жыл. Ол кісі Солтүстік Қазақстан облысы Шалақын ауданына қарасты «Ортақкөл» аулында 1924 жылы 2 қаңтарда дүниеге келген. Қаламгер балаларға арналған әңгімелерін мөлдірете, қызықтыра, жеңіл бала тілімен, түсінікті ете жазуға шебер балалар жазушысы. Зейнел-Ғаби Иманбаевтың қаншама әңгімелері мектеп оқулықтарына енген. Оның сыры- ұрпақты мысал әңгімелермен, көркем дүниемен жақсылыққа, еңбекке, шыншылдыққа тәрбиелеу білу мақсатында көп ізденген, өзінің жазуына ұқыпты, жауапкершілікпен қараған қаламгер. Оқырманның жас ерекшелігін ескеріп, соны зерттеп, сезініп, оқырманның өресін екшеп, сенімді түрде жаза білген жазушы көзі тірісінде «Бастама», «Сырымбет», «Арлан», «Дала көктемі», «Кішкене малшы», «Кең аймақ», «Жас шыбықтар», «Кіреуке мерген», «Жирен сақал», «Солмайтын гүл», «Нағажайлы түнде», «Айналайын, адамдар», «Қыран түлегі», «Дала әңгімелері», «Құстар қайтып оралғанда», «Ауыл түтіні», «Солмайтын гүл» /повестер жинағы/, «Қос қайың» атты әңгімелер мен повестер жинағының авторы болған. Жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың жарыққа шыққан жинақтары. 1.Иманбаев, З.-Ғ. Бастама: Әңгімелер жыйнағы/ З.-Ғ. Иманбаев.- Алматы: Қазмемкөркемәдеббас, 1959.- 96 бет. 2.Сырымбет. Әңгімелер. А., ҚМКӘБ, 1960; 3.Арлан. Повесть, әңгіме. А., ҚМКӘБ, 1961; 4.Дала көктемі. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1963; 5.Иманбаев, З.-Ғ. Кішкене малшы: Рассказ/ З.-Ғ. Иманбаев.- Алматы: Жазушы, 1964.- 14 бет. 6.Кең аймақ. Очерктер. А., «Жазушы», 1965; 7.Жас шыбықтар. Әңгімелер. А., «Жазушы», 1966 8. «Жирен сақал» Әңгімелер. «Жазушы», 1967 9. Солмайтын гүл. Повесть, әңгіме. А., «Жазушы», 1968; 10.Иманбаев, З.-Ғ. Нағажайлы түнде: Әңгімелер/ З.-Ғ. Иманбаев.- Алматы: Жазушы, 1970.- 49 бет. 11.Иманбаев «Кіреуке мерген» - Алматы: Жазушы, 1973 12.Иманбаев, З.-Ғ. Айналайын, адамдар! Очерктер мен деректі әңгімелер/ З.-Ғ. Иманбаев.- Алматы: Қазақстан, 1975.- 88 бет. 13.Иманбаев, З.-Ғ. Қыран түлегі: Повестер мен әңгімелер/ З.-Ғ. Иманбаев.- Алматы: Жазушы, 1977.- 144 бет. 14.Иманбаев, З.-Ғ. Дала әңгімелері: Әңгімелер мен повестер/ З.-Ғ. Иманбаев.- Алматы: Жазушы, 1979.- 168 бет. 15.Иманбаев, З.-Ғ. Құстар Қайтып оралғанда: Әңгімелер мен повестер/ З.-Ғ. Иманбаев.- Алматы: Жалын, 1981.- 160 бет. « 16. Иманбаев, З.-Ғ. Ауыл түтіні: Әңгімелер/ З.-Ғ. Иманбаев.- Алматы: Жазушы, 1985.- 112 бет. 17. Иманбаев З. «Солмайтын гүл» «Жалын» баспасы. 1987 18.Иманбаев, З.-Ғ. Қос қайың: Әңгімелер мен повестер/ З.-Ғ. Иманбаев.- Алматы: Қазақпарат, 2011.- 616 бет. 19. Иманбаев З- Ғ. «Балаларға арналған қызықты әңгімелер» Солтүстік Қазақстан» баспасы. 2013 жыл 52-бет ****

Әдебиет порталының ұжымы

27.02.2019 18:26
Армысыз, Алтын Зейнел-Ғабиқызы! Пікіріңізге көп рахмет! Порталымызға шыққан мақалаларға оқырмандарымыз үн қосып, кері байланыс орнатып жатса, біз тек қуанамыз. Сонымен қатар, ескертпелеріңізді құп ала отырып, дәл қазір өзіңіз жіберген ақпараттармен толтырып қоямыз.

Алтын Иманбаева

27.02.2019 17:58
Зейнел-Ғаби Иманбаевтың еңбектерін толық көрсетулеріңізді сұраймын!

Алтын Иманбаева

27.02.2019 20:11
Сіздерге рахмет! Әкеме автор ретінде блок ашып беріңіздерші. Мен балаларға арналған әңгімелерін, сондай-ақ аудиохабарларын жіберейін.

ӘП

28.02.2019 09:20
блогты сайтымызға тіркеліп, өзіңіз ашасыз. ол үшін сіздің электронды поштаңыз немесе фейсбук желісінің мәліметтерін сұрайды. соларды толтырсаңыз, болды. ары қарай өзіңіз жүргізе бересіз. ал аудио материалдар болса, adebiportal@gmail.com поштасына жолдасаңыз болады. Оларды өзіміз орналастырамыз

Алтын Иманбаева

27.02.2019 20:12
Сіздерге алғысым шексіз. Әкемнің балаларға арналған әңгімелерінің біразы аудиохабар түрінде бар. Мүмкін болса соны насихаттаудың жолын көрсетіп берсеңіздер. БАҚ. кз-ға жіберуші едім, олардың жариялау мүмкіндігі өзгеріп кетті. Енді сіздерге мәтінін аудиоматериалымен жіберсем деген едм.

Алтын Иманбаева

28.02.2019 10:43
рахмет!
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар