Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Вильгельм Гауф: Кішкентай Мук жайлы ертегі

31.05.2019 699

Вильгельм Гауф: Кішкентай Мук жайлы ертегі

Менің туған өлкемде, Никея деген қалада Кішкентай Мук атты кісі өмір сүрген еді. Мен ол кезде кішкентай бала болсам да, Муктің түр-әлпеті есімде жақсы сақталыпты, әрі сол адамнан болып әкемнен жақсылап тұрып таяқ жегенім бар. Сол кездің өзінде Кішкентай Мук қаусаған қарт еді, оның бойы ап-аласа болатын. Оның сыртқы бейнесі сондай күлкілі еді: қушиған арық денесіне қондырғандай қауқиған дәу басы өзге адамдардыкінен әлдеқайда үлкен көрініп, қалтақтап тұратын.

Кішкентай Мук ескі дәу үйде жалғыз өзі тұратын. Ол ас-ауқатын өзі әзірлеп ішетін. Күн сайын түскі уақытта үйінің мұржасынан қою түтін көтерілмесе көршілері ергежейлі қарттың өлі немесе тірі екенін білмей де қалған болар еді. Кішкентай Мук көшеге айына бір рет, әр айдың алғашқы күні ғана шығатын. Бірақ көршілері Кішкентай Мук өз үйінің жазық шатырында таза ауа жұтып серуендеп жүргенін әр кеш сайын көретін еді. Жоғарыдан төменге қараған адамға шатырдың үстінде арлы-берлі қозғалып жүрген дәу бас ғана көрінген болар еді.

Мен де, достарым да қаскүнем балалалар едік: біз ары өткен, бері өткен адамдарды мазалап, ашуына тиюді жақсы көретінбіз. Әлбетте, Кішкентай Муктің сыртқа шығуы – біз үшін нағыз таптырмас мейрамға айналатын. Ол сыртқа шығатын күні біз топтасып алып, үйінің алдында күтіп отыратынбыз. Мінеки, есік абайлап ашылатын. Сөйтіп дағарадай сәлдесі бар қауқиған бас қылтиып шығатын. Күллі денесі бас тәрізді ергежейлі шалдың кигені – өңі кетіп тозған шапан мен кең балақ шалбар еді. Буынған жалпақ белдігінде қанжар салбырап тұратын. Қанжардың ұзындығы соншама, бір көрген адам «Мук қанжарды белге байлаған ба, әлде қанжар Мукті байлаған ба» деп ойланып қалатындай еді.

Ақыры Мук аяңдап көшеге шыққан кезде біз ерекше қиқумен қарсы алып, оны қаумалап алып, айнала қиқаңдап биге басатынбыз. Мук болса бізге тәкаппарлана басын изеп, етігін тырпылдата басып көшеде маңғаз аяңдап бара жататын. Оның етігі де ересен үлкен еді. Мұндай дәу етікті бұрын-соңды ешкім көрмеген де болар ау. Біздер, балақайлар оның қыр соңына түсіп алып: «Кішкентай Мук! Кішкентай Мук!» - деп айқайға басатынбыз. Біз тіпті ол туралы тақпақ та құрастырып алғанбыз:

Кішкентай Мук, Кішкентай Мук,

Үйің – жартас, бойың қортық.

Көшеге бір күн шығасың,

Тығылып бір ай жатасың.

Ергежейлі жақсы шал,

Қауқиған дәу басың бар.

Ал қанеки, бері қара,

Шамаң жетсе ұстап ал!

Біз ергежейлі қарт байғұсты осылай үнемі келемеждейтінбіз, солардың ішінде әсіресе мен ерекше белсенді болғанымды мойындаймын, әрине. Мен Муктің шапанының етегінен ұстай алып тартқылайтынмын. Тіпті бірде байғұс шалдың сүрініп жығылуы үшін етігінен әдейілеп шалғаным да есімде. Мұның бәрі мен үшін қызықты ермек болып елестейтін. Шал орнынан зорға сүйретіліп тұрған соң біздің үйге қарай тура тартқанда, күлкім су сепкендей басылғаны түсінікті болар. Ол біздің үйге кіріп кеткен соң ұзақ уақыт кешікті. Мен есіктің артына тығылып алып әрмен қарай не боларын сабырсыздана күттім.

Ақыры есік ашылып, ергежейлі шал шықты. Әкем оны құрметтей қолтықтап алған қалпы табалдырыққа дейін сүйемелдеп әкелді де, қоштасарда барынша ізетпен басын иді. Мен мұны көрген соң өзімді әлдеқалай ыңғайсыз сезіндім. Шал кете сала үйге бірден кіріп баруға жүрексіндім. Батылым жетпей ұзақ отырдым. Ақыры қорқынышымды қарнымның ашқаны жеңіп, есікті еппен ашып, үйге именшектей ендім. Ашулы әкем қарсы алдымнан шықты.

- Сенің Кішкентай Мукті мазақтап, ренжітіп жүргеніңді естіп-білдім, - деп қабағын түйді әкем. – Егер ол туралы шытырман оқиғаны айтып берсем, мүмкін сен ол байғұс қартты бұдан былай мазақ етпессің деп ойлаймын. Бірақ сен алдымен жақсылап тұрып тиісті сыбағаңды алатын боласың!

Бағанағы жасаған қылығым үшін, сыбағамды жақсылап тұрып берді. Әбден шықпыртып сабап алған соң әкем:

- Енді мені мұқият тыңда, - деп, Кішкентай Муктің басынан кешкен шытырман оқиғаны әңгімелеп берді.

Муктің (шын мәнінде оның аты Мук емес, Мукра екен) әкесі шылқыған бай болмаса да, ел-жұртқа сыйлы кісі екен. Әкесі де өз заманында қазіргі Мук тәрізді көбінесе үйінде отыратын, көшеге сирек шығатын жан болыпты. Ол баласы Мукті ергежейлі болып туғаны үшін қатты жек көргендіктен, оған еш өнер-білім үйретпепті. Мук те бұған онша қианлмай, сауық-сайран құрып жүре береді.

- Бала болып ойнайтын жастан әлдеқашан ассаң да әлі босқа салпақтап жүрсің! – деп ұрсады екен ол ергежейлі ұлына.

Бір күні Муктің әкесі көшеде келе жатып қатты құлайды. Осыдан кейін ауырып, кешікпей қайтыс болды. Кішкентай Мук қолында қызыл тиын қаражаты жоқ, жалғыз қалды. Әкесінің туыстары Мукті үйден қуып шығады да:

- Басың ауған жаққа кет! Өз бақытыңды өзің іздеп тауып ал, - деп «ақыл» айтады.

Мук әкесінен қалған ескі шалбар мен күртешені әрең дегенде сұрап алады. Әкесі ұзын бойлы, етжеңді адам болатын. Ергежейлі көп ойланбастан күртеше мен дамбалды қысқартып киіп алды. Алайда киімдердің көлденеңі қолқылдаған өте кең еді. Бұған істейтін амалы болмады. Ол басын сәлденің орнына орамал орап алды, беліне қанжар тағынып, қолына таяқ таянып алып басы ауған жаққа қарай кете барады.

Кешікпей ол қаладан шығып даңғыл жолмен екі күн бойы жүріпті. Ақыры қатты шаршап, қарны да ашады. Алып шыққан тамағы да жоқ, жол бойында өсіп тұрған өсімдіктердің тамырын жеп өзек жалғайды. Түнде тақыр жерге жата кетіп ұйықтады.

Үшінші күні таңерте ол алдында көрінген биік төбедегі қамал үстінде тулары желбіреген әсем қаланы көрді. Кішкентай Мук қатты шаршаса да, бар шамасынша қалаға қалай ұмтыла берді. «Мүмкін, осы қаладан өз бақытымды тауып қалармын», - деп күбірлейді іштей.

Қала қол созым жерде тұрғандай көрінгенімен, Мук оған жеткенше таң атып, күн шығып, сәске түс болады. Ақыры түс ауған кезде ол қаланың қақпасына келіп жетеді. Қаланың үйлері әдемі екен. Кең көшелерінде адамдар толып жүр. Қарны әбден ашқан Кішкентай Мук тамақ жегісі келгенімен, оның алдынан ешкім есік ашып, кел, демала ғой деп айтқан жоқ.

Көңілі жабырқаған ергежейлі көшені бойлап ілбіп келе жатты. Әлдебір еңселі үйдің жанынан өтіп бара жатса, әлгі үйдің терезесі сарт етіп ашылып, бір кемпірдің басы көрінеді. Ол былай деп айқай салады:

Мұнда, мұнда, кел мұнда –

Пісті, дайын, тағам да.

Тойдыру үшін бәріңді,

Дастарқан мол жайылды.

Көршілерім, келіңдер –

Тамақтанып алыңдар!

Осы кезде үйдің есігі ашылып, жан жақтан бір топ ит пен мысық жүгіріп кіріп жатты. Аз ойланып тұрды да олардың соңынан Мук те кіріп кетті. «Ас бөлменің қайда екенін осылар білер» деп дәл алдында кетіп бара жатқан екі мысықтың соңынан қалмай еріп отырды.

Мук баспалдақпен екінші қабатқа көтерілген кезде терезеден айқайлап тұрған кемпір қарсы алдынан шыға келді

Кемпір үйді басына көтере күліп былай деді:

- Сен қайдан шыққан жансың, жігітім? Менің тек сүйкімді мысықтарға арнап түскі ас пісіретінімді бүкіл қала біледі. Солар көңілді болсын деп олармен бірге көрші иттерді шақырамын.

- Сен не іздеп келдің мұнда? – деп дүрсе қоя берді кемпір.

- Сіз түскі асқа шақыраған жоқсыз ба, - деді Мук, - қарным әбден ашты. Сол себепті кіріп келе жатырмын.

- Солармен бірге мені де тамақтандырыңызшы, - деп жалынады Мук. Ол кемпірге өзінің бұл жерге қалай тап болғанын, әкесінен қалай айрылғанын – бәрін айтып бергенде кемпірдің оған аяушылығы оянады. Ол ергежейліні тойғанынша тамақтандырады. Кішкентай Мук тамаққа тойып, демалған соң оған былай дейді:

- Мук, сен маған қызмет жасап осында қаласың ба? Мұндағы жұмыс соншалықты қиын да емес, тамағың да тоқ болады.

Мукке мысықтың түскі асы ұнап қалғандықтан, келісімін берді. Ахавзи ханымның (кемпірді солай атайтын еді) алты мысығы бар еді. Мук күн сайын таңертеңолардың жүнін тарап, қымбат майлармен майлайтын еді. Түскі аста тамқтандырып, кешке таман оларды жұмсақ мамыққа жатқызып, жұмсақ жамылғымен қымтайтын.

Мысықтармен бірге, үйде төрт ит және бар еді. Ергежейлі оларды да күтімге алды. Бірақ иттердің әуресі мысықтарға қарағанда аз еді. Ахавази ханым мысықтарды туған баласындай жақсы көретін.

Кішкентай Мук үшін кемпірдің қасында өмір сүру де әкесінінің жанындағыдай сүреңсіз еді: ол мысықтар мен иттерден басқа тірі жан иесін көрмейтін.

Алғашқы кезде ергежейлі расымен де жаман өмір сүрген жоқ. Бастан асып жатқан жұмыс жоқ, тамақты тоя ішетін, кемпір де оның жұмысына қанағатты болды. Бірақ кейіннен мысықтардың әрекеті бәрін бүлдірді. Олар кемпір есіктен шыға бере, үйдің ішінде бөлмеден бөлмеге жүгіріп ойнақ салуды бастайтын. Ал баспалдақпен көтеріліп келе жатқан Ахавази ханымының аяқ дыбысы ести сала олар көзді-ашып жұмғанша орындарына жайғасып, ештеңе болмағандай мүләйімсіп отыра қалатын. Астаң-кестеңі шыққан үйді көріп, кемпір мысықтарды емес, Мукті кінәлап ұрса бастайтын. Мысықтарға қарап еді, олар өздерін кінәлі санайтын сыңай байқата қоймады. Бұл жағдай жиі қайталанатын.

Бишара Мук өзін жазғыратын кемпірге қатты өкпеледі. Ақыры бұл үйден кетуге бекінді. Ахавази ханым еңбекақы төлеуге уәде еткенімен, әлі ештеңе берген жоқ еді.

«Еңбекақымды алсам, - деп ойлады Кішкентай Мук, - бір сәтке де қалмаймын мұнда. Әттең, кемпірдің ақшасын қайда жасыратынын білсем, баяғыда-ақ өзіме тиістісін алып, тайып тұрған болар едім ғой».

Кемпірдің үйінде үнемі құлыптаулы тұратын кішкентай ғана бөлме бар еді. Мук көптен бері мұнда не бар екен білмекке құмартып жүретін. Сөйтіп жүріп бір күні оның басына «мүмкін мұнда кемпірдің ақшасы жасырулы шығар» деген ой сап ете түсті. Мұны ойлағанда бөлмеге кіруге бұрынғыдан бетер құмарланды.

Сәті болғанда дәл сол күні таңертең Ахавази ханым серуендеу үшін үйден сыртқа шықты. Осы сәтте Мукке иттердің бірі (кемпір бұл итті жақтырмайтын еді, керісінше Мук оны сылап-сипап жүретін) жүгіріп жетіп келді де, оны жеңінен тартқылай бастады. Ит оны жетелеген қалпы кемпірдің жатын бөлмесіндегі кішкентай есіккетің алдына алып келді. Муку бұрын бұл есікті байқамаған екен.

Ит есікті итеріп қалғанда шалқасынан ашылып, бұлар кішкентай бөлмеге кіріп келді. Сол сәтте Муктің таңданыстан аузы ашылып, қалшиып қатып қалды: бұл оның көптен көргісі келіп жүрген бөлмесі еді.

Бөлменің іші толған ескі көйлектер мен көне ыдыс-аяқтар екен. Мукке солардың ішінен әсіресе алтын әшекейлі хрусталь құмыра қатты ұнады. Ол мұны қолына ұстап айналдыра қарап тұрғанда қақпағы жерге түсіп кетті. Мук құмыраның қақпақты екенін аңғармаған еді, еденге түскен шыны қақпақтың күл-паршасы шығып сынды.

Мук сорлының зәресі ұшып кетті. Енді ойланып тұратын уақыт жоқ – қашу керек болды: кемпір қайта айналып келіп қақпақтың сынғанын көрсе, өлімші етіп ұратыны сөзсіз.

Мук бөлмені көзбен тағы бір рет мұқият шолып шығып еді: бұрышта тұрған дәу етікті көрді. Етік өте үлкен әрі ұсқынсыз болса да, бұл мукуге әбден ұнады. «Мұны киіп алсам, жұрт емнің кішкентай бала емес, жігіт екенімді сезінер еді», - деп ойлады.

Сөйтті де ол етікті бірден киіп алды. Етіктің жанында арыстанның басы бейнеленген жіңішке таяқ сүйеулі тұр еді. «Бұл таяқ онсыз да тектен текке тұр екен, - деп ойлады Мук. – Мұны да ала кетейін».

Ол таяқты қолына ұстай салып, өз бөлмесіне жүгіріп жетті. Шапаны мен сәлдесін жылдам киіп алды да қанжарын асынды. Кемпір келгенше далаға шығып кетуге асығып жүр. Сөйтті де сыртқа қарай жүгірді.

Үйден сыртқа шыққан соң ол қаланың шетіне тезірек жету үшін алды артына қарамай қарай зыта жөнелді. Ақыры аяғы талған ергежейлі азырақ демалып алмақ болды. Сөйтіп, тоқтамақ болып еді. тоқтай алмайтынын сезінді. Аяғына киген етігі өздігінен жылдам адымдап, алға қарай екпіндетіп келеді екен. Мук жерге құлауға, кері бұрылуға әрекет жасап көріп еді – еш нәтиже шықпады.

Ақыры ол бұл етіктің жай етік емес, жүйрік етік екенін білді. Осылайша етігі алға зуалған қалпы тоқтатпастан жүре береді. Муктің екі аяғынан жан кетіп, енді қалайда тоқтаудың жолын ойлап басы қатып келе жатады. Ақырында жаны қысылған Мук арбакештерше қолын көтеріп, айқай салды:

- Дыррр! Дыррр! Тоқта!

Осы кезде етігі қалт тоқтай қалды. Әбден сілесі құрып шаршаған ергежейлі жерге жалп етіп жата бере қорылдап ұйқыға басады.

Ергежейлі тәтті түс көріп жатты. Түсінде өзін бөлмеге ертіп кірген бағанағы қанденді көрді. Ол құпия бөлмеге ертіп әкеліп былай деді: «Мәртебелі Мук, сен бұл етіктің қандай ғажайып сиқыры бар екендігін әлі білген жоқсың. Киген соң жерге өкшемен үш рет теуіп қалсаң, ол сені қайда барғың келсе сонда жылдам жеткізетін болады. Ал таяқ саған қазына іздеп табуға көмектеседі. Алтын көмген жерге келгенде ол сол тұсты үш рет, күміс болса екі рет түртіп белгі береді», - дейді.

Мук оянғаннан кейін түсіндегі қанденнің айтқаны рас әлде өтірік екендігін тексермек болады. Ол сол жақ аяғын көтеріп оң жақ өкшесімен айналмақ болды. Бірақ жерге тұмсығымен түсіп, қан-жоса болды. Ол тағы да бірнеше рет ұмтылыс жасап жүріп сыңар етікпен айналуды және құламауды үйренді. Ол белін шарт буынды да бір аяқпен үш рет тез-тез айналуды меңгеріп алды. Сөйтіп ол етігіне:

- Мені жылдам көрші қалаға жеткіз, - деп бұйырды.

Осы сәтте етігі оны ауаға қалқақтата көтеріп алды да, желдей есіп, бұлттардың үстімен ұша жөнелді. Кішкентай Мук ес-ақылын жинап болғанша, қалаға жетіп, базарға келіп кірді.

Ол әлдебір дүкеннің жанында үюлі жатқан топырақтың үстіне топ етіп түсе қалып, бүгін қайтсе де біраз ақша тауып алуды ойластырды. Қолында сиқырлы таяқша болғанымен, алтын мен күміс қазына қайда көміліп жатқанын анықтаудың жолын білмейтін.

Осы кезде ол етігімен жылдам жүгіре алатынын қасиетін пайдаға асырмақ болды. «Мүмкін, осы етік маған табыс әкелетін шығар, - деп ойлады ол. – Неге патшаның желаяқ шабарманы болып жалданбасқа».

Ол дүкен қожайынынан патша сарайына қалай баруға болатынын сұрап алды да, бірнеше минут өткенде сарай қақпасына жетіп келді. Қақпа күзетшілері одан не қажет екендігін сұрағанда, ергежейлі патшаға қызмет еткісі келетінін айтты. Сөйтіп бұлар оны құлдардың басшысына алып келді. Мук басшыға иіліп тағзым етті де, оған былай деді:

- Басшы мырза, мен желаяқтан да жылдам жүгіре аламын. Мені патшаның хабаршысы қызметіне алыңызшы!

Басшы ергежейлінің түр-тұрқына сенімсіздікпен шола қарады да, қарқылдай күліп былай деді:

- Ау, аяғың шолақ таяқшадай қып-қысқа болғанына қарамастан, желаяқ қызметіне тұрмақшымысың? Жаныңның барында бұл жерден тайып тұр. Мен сен сияқты көрінген ұсқынсыздардың мазағы үшін құлдардың басшысы қызметінде жүрген жоқпын!

- Басшы мырза, - дейді Кішкентай Мук, - мен де сізбен ойнап тұрған жоқпын. Ендеше бәстесейік, мен сіздің ең жүйрік желаяғыңызды басып озамын.

Құлдардың басшысы бұрынғыдан бетер қарқылдай күлді. Ергежейлі оған соншалықты күлкілі көрінгендіктен, оны бірден қуып жібермей, «ол туралы патшаға хабарлауым керек» деп шешеді.

- Жарайды, ендеше, - дейді ол, - олай болса мен сені сынақтан өткіземін. Асүйге бар да, жарысқа дайындал. Сені тамақтандырсын.

Сөйтіп құлдардың басшысы патшаға барып таңғажайып ергежейлі жайлы айтады. Мұны естіген соң патша да көңіл көтермек болады. Ол құлдар басшысын Кішкентай Мукті бірден қуып жібермегені үшін мақтап, сарай маңындағылар алда болатын сайысты түгел көруі үшін кешке таман көк шалғында ұйымдастыруға бұйырады.

Ханзадалар мен ханшайымдар кешке таман қандай қызықты сайыс өтетінін өздерінің қызметшілеріне айтты, ал олар болса бұл жаңалықты бүкіл сарайға таратты. Кешке таман сарайдағы барша халық тегіс мақтаншақ ергежейлінің қалай жүгіретінін көру үшін шалғынға қарай ағылды.

Патша мен ханымы өз орындарына отырған кезде Кішкентай Мук шалғынның ортасына келіп, оларға иіліп тағзым етті. Тұс-тұстан ду-ду күлкі естіледі. Кең шалбар мен дәу етік киген бұл ергежейлінің түр-сықпыты шынымен өте күлкілі еді. Бірақ Кішкентай Мук мұның біріне де мән берген жоқ. Ол таяғына маңғаздана сүйеніп, бүйрін таянған қалпы желаяқты сабырмен күтіп тұрған еді.

Мінеки, желаяқ та көрінді. Құлдардың басшысы патшалықтағы жүйріктердің ішіндегі ең желаяғын таңдап әкелген екен. Кішкентай Муктің өзі осыны қалаған еді ғой. Желаяқ Мукке менсінбеген қалыппен бір көз тастап, сайыстың басталуын күтіп, онымен қатарласып тұрды.

- Бір, екі, үш! – деп патшаның үлкен қызы Амарза ханшайым беторамалын сілкіп айқай салды.

Екі желаяқ орындарынан жебедей атылып, жұлқына шықты. Алдымен желаяқ ергежейліні біраз басып озғанымен, аздан соң Мук оны қуып жетіп, басып озды. Патшаның желаяғы әлі ұзақта ырсылдай жүгіріп келе жатқанда ол межелі жерде сәлдесінің ұшымен бетін желпіп тұрған болатын. Ақыры желаяқ та жүгіріп жетіп, жерге жалп етіп, өлген адамдай сұлқ түсті. Патша мен ханымы алақан соққан кезде сарай маңындағылар бәрі бір дауыспен:

- Жеңімпаз Кішкентай Мук жасасын! – деп айқайға басты. Нөкерлер кішкентай Мукті патшаға алып келді. Ергежейлі оған басы жерге жеткенше иіліп, былай дейді:

- О, құдіретті әміршім! Мен сізге жаңа өз өнерімінің тек жартысын ғана көрсеттім! Мені өзіңізге қызметке алуыңызды өтінемін!

- Жақсы, - дейді патша. – Мен сені өзімнің жеке желаяқ хабаршым етіп тағайындаймын. Сен әрқашан менің жанымнан табылып, менің тапсырмамды орындайтын боласың.

Кішкентай Мук қатты қуанады – ол ақыры өз бақытын тапты! Енді ол кедейшіліктен құтылып, қамсыз өмір сүретін болады.

Король Мукті жоғары бағалап оған үнемі мархабат көрсетіп отырды. Ол ергежейліні ең маңызды тапсырмалармен жолдап отырды және Муктен өзге ешкім де оларды дәл мұндай орындай алмайтын. Бірақ бұған патшаның өзге қызметшілері риза емес еді. Әлдебір қаңғып келген ергежейлінің қолынан бәрі келетіні, қайда болсын жылдам жүгіретіні оларға мүлдем ұнамады. Олар қандай бір істе патшаға өсектеп баратын, ал патша болса оларды тыңдағысы келмейтін. Ол бәрінен де Мукке барынша сенім артып, кешікпей оны бас желаяқ хабаршы етіп тағайындады.

Сарай маңындағылардың өзіне қызғаныш білдіретіні Мукті қатты өкіндіретін еді. Олар өзін ұнатуы үшін ұзақ уақыт бойы қолынан келгенін жасап бақты. Ақыры ол өзінің көптен бері ұмытып кеткен таяғын есіне алды. «Егер мен қазына тауып алып таратып берсем, - деп ойлады ол, - бұл тәкаппар мырзалар қызғаныш білдіргенін қояр. Қазіргі патшаның әкесі, бұрынғы патша өз тұсында жау қалаға келіп қалғанда өз бақшасына үлкен байлық тыққан деуші еді. Ол мүмкін, сол қазынаны қайда көмгенін айтпастан өліп кеткен де болар».

Кішкентай Мук тек осы жайында ойлайтын болыпты. Ол таяғын қолына ұстаған қалпы күні бойы бақшаны кезіп бұрынғы патшаның қазынасын іздейтін болыпты.

Сөйтіп жүргенде бір күні ол бақшаның алыс түкпірінде серуендеп келе жатқанда қолындағы таяғы дірілдей жөнеліп жерді үш рет түртіпті. Кішкентай Мук толқығаннан қалтырап кетеді. Ол бақшашыға жүгіріп жетіп, үлкен темір күрек сұрап алады. Сөйтіп сарайға келеді де қараңғы түсуін күтеді. Күн бата бере ергежейлі бақшаға жол тартып, таяқ нұсқаған жерді қаза бастайды. Күрек ергежейлінің әлсіз қолы үшін тым ауыр болып шығады, ол бір сағаттың ішінде шынтақ көлеміндей ғана шұңқыр қазып үлгереді.

Кішкентай Мук осылайша ұзақ еңбектенеді, ақыры таң атар кезде күрегі бір қатты затқа шақ етіп тиеді. Ергежейлі шұңқырдан ішінде жатқан әлдебір темір қақпақты көреді. Қақпақты ашып қалғанда таң-тамаша сілейіп тұрып қалды. Айдың жарығында көз алдында алтын теңгелер жарқырайды. Шұңқырда алтын теңгелерге лық толтырылған үлкен құмыра жатқан еді.

Кішкентай Мук құмыраны шұңқырдан тартып шығармақшы болғанымен шамасы жетпеді. Ақыры қалтасына сыйғанынша сықап салып алып, аяңдап сарайға беттеді. Ол ақшаны жатын бөлмесіне әкеліп, жастықтың астына салды да өзіне өзі риза кейіппен ұйқыға батты.

Кішкентай Мук ертеңінде тұра салысымен: «Енді бәрі де өзгереді. Дұшпандарымның бәрі мені жақсы көретін болады!» - деп ойлады. Ол өзінің алтындарын оңды-солды тарата бастады. Бірақ жағдай ол ойлағандай жақсы жағына өзгермеді. Сарай маңындағылар бұған бұрынғыдан бетер қызғаныш білдіріп, жек көре түсті. Бас аспаз Ахули ашулы көзін мұның ту сыртынан оқтап тұрып:

- Қараңдар әне, Мук жалған ақша жасап таратып жүр, - деп өсектеп жатса, құлдардың басшысы Ахмет:

- Ол мұны патшадан сұрап алды, - деп соқты.

Ал ергежейлінің ең көре алмас дұшпаны, қазынашы Архаз болса, осы жағдайды пайдаланып патша қазынасынан қисапсыз алтын ұрлап алды. Сөйтті де:

- Ергежейлі Мук патша қазынасын тонап жүр! – деп сарайды жаңғырықтыра айқай салды.

Муктің бұл қазынаны қайдан алып жүргенін білу үшін дұшпандары оның сыртынан жасырын жоспар құрды. Патшаның Корхуз деген сүйікті қызметшісі бар еді. Патшаға тамақты әрдайым сол құйып ұсынатын, оның көзесіне шарапты өзі құятын еді. Міне, осы Корхуз бүгін патшаның жанына ренжіген сыңаймен жақындай берді. Патша мұның ренішті күйін бірден байқап қалды да, мәнісін сұрады:

- Саған бүгін не болды, Корхуз? Неге көңілсіз жүрсің?

- Оның мәнісі мынау әміршім, мен өзіңіздей мейірбан патшамыздың сый-шапағатынан құр қалып жүргендігіме қапалымын! – деп жауап береді Корхуз.

- Сен не деп тұрғаныңды білесің бе, Корхуз! – дейді патша, - Мен қашаннан бері саған мейірім-шапағат көрсетпеп едім?

- Сізге жаңа желаяқ шабарман келгеннен бері, әміршім, - деп жауап береді Корхуз. – Сіз оның қойны-қоншын алтынға толтырдыңыз, - ал біз сияқты сенімді қызметшіңізге ештеңе бермедіңіз.

Сөйтіп ол патшаға Кішкентай Муктің мол олжаға қарық болып, сарай маңындағыларға оңды-солды алтын теңге таратып жүргенін баяндап берді. Патша бұған аң-таң қалып, қазынашысы Архаз бен құлдар басшысы Ахмедті шақырып алды. Олар Корхуздың айтқанын растап берді. Патша мұнда бір гәп барын сезіп, із кесуші тыңшыларына ергежейлінің ақшаны қайдан алып жүргенін білуді тапсырды.

Қырсыққанда тап сол күні қолындағы алтыны таусылып құрқол қалған Кішкентай Мук қазына жасырылған жерге бармақ болып шешкен еді. Ол күрегін алып бақшаға беттеді. Тыңшылар да соңынан байқатпай ере жөнелді, ал олардың соңында Корхуз бен Архаз кетіп бара жатты. Кішкентай Мук қойны-қоншын алтынға сықап алып кері бұрыла бергенде бәрі жабыла ұмтылып, қол-аяғын байлап алып патшаға алып келді.

Бұл патшаның бір мінезі – өзін түн ортасында оятуды аса ұнатпаушы еді. Ол өзінің бас желаяқ шабарманын ашулы, жақтырмаған түрмен қарсы алып, тыңшыларға былай деп сұрақ қойды:

- Бұл ұятсыз ергежейліні қайдан ұстадыңдар?

- Аса мәртебелі тақсыр, - дейді Архаз, - біз оны жерге алтын көміп жатқан кезде ұстап алдық.

- Бұлар рас айтып тұр ма? – деп сұрайды патша. – Мұндай көп ақшаны қайдан алып жүрсің?

- Мархабатты патшам, - дейді ергежейлі аңқылдаған күймен, - менің ешқандай кінәм жоқ. Сіздің адамдарыңыз мені бұл алтынды жерге көміп жатқанда емес, керісінше, жерден қазып алып жатқанда ұстап алып, осында әкелді.

Патша Кішкентай Мук жалған сөйлеп тұр деп ойлап, оған қатты ренжіді.

- Оңбаған бишара! – деп айқай салды ол. – Сен алдымен мені тонап аласың. Және содан кейін осындай ақымақ өтірігіңмен алдағың келеді ғой! Қазынашы! Менің қазынамнан дәл осыншама алтынның жетіспей тұрғаны рас па? – деп сұрайды.

- Мәртебелі патшам, сіздің қазынаңыздан бұл бүгін ұрлағаннан да көп алтын жоқ болып шықты, - деп жауап береді қазынашы. – «Мына алтындар патшалық қазынасынан ұрланған» деген сөздің ақиқаттығына ант бере аламын.

- Ергежейліні темір шынжырмен бұғаулап, мұнараға апарып қатап тастаңдар! – деп айқай салады патша. – Ал сен, қазынашы, бақшаға барып, шұңқырдан табылған барлық алтынды алып келіп қазынаға қайтар.

Қазынашы патшаның бұйрығын орындап, алтын салынған құмыраны қазынаға алып келіп қосты. Ол жарқыраған алтындарды бір-бірден санап қаптарға сала бастады. Ақыры құмыраны босатты. Қазынашы ештеңе жоғына көз жеткізу үшін құмыраның түбіне үңіліп еді, бір қағаз жатқанын көрді. Онда былай деп жазылған екен: «ЖАУЛАР МЕНІҢ ЕЛІМЕ ШАБУЫЛ ЖАСАДЫ. МЕН ОСЫ ЖЕРГЕ ӨЗ ҚАЗЫНАМНЫҢ БІР БӨЛІГІН КӨМДІМ. МҰНЫ БАРЛЫҒЫ БІЛЕТІН БОЛСЫН, КІМДЕ-КІМ ОСЫ АЛТЫНДЫ ТАУЫП АЛЫП, ОНЫ МЕНІҢ ҰЛЫМА ҚАЙТАРЫП БЕРМЕЙТІНБОЛСА, ОЛ ӨЗ ПАТШАСЫНЫҢ МЕЙІРІМ-ШАПАҒАТЫНАН АЙЫРЫЛАТЫН БОЛАДЫ. САДИ ПАТША»

Залым қазынашы қағазды жыртып лақтырып жіберді де, ол туралы ешкімге айтпауға бекінді. Ал биік мұнарада бұғауланған Кішкентай Мук болса бұл жерден қалай құтыларын ойлап қамығып отырған еді. Ол патшаның ақшасын ұрлағаны үшін өзін өлім жазасына кесетінін білді. Бірақ ол не де болса патшаға сиқырлы таяқ туралы айтып бергісі келді, себебі, етікмен бірге екеуінен де айырылғалы отырған жоқ па! Бірақ етік әлі де болса Кішкентай Муктің аяғында еді. Бірақ одан ешқандай пайда жоқ: қысқа темір шынжырмен шырмалып жатқандықтан, өкшені жерге ұрудың мүмкіндігі жоқ еді.

Таңертең мұнараға жендет келіп ергежейліге өлім жазасына дайындалуды бұйырды. Кішкентай Мук енді еш ойланбастан өз құпиясын патшаға айтуым керек деп шешті:

- Сиқырлы таяғы да, сиқырлы етігі де құрып кетсін, бостан босқа өлім құшқанша, шындықты айтсам жанымды қалдырар.

Ол соңғы тілегі ретінде патшадан өзін жеке қабылдауды өтініп, бар шындықты айтып берді. Патша бастабында ергежейлі өтірік айтып отыр деген оймен сенгісі келмеді.

- Мәртебелі тақсыр, - деді Кішкентай Мук, - маған рақымшылық жасауға уәде берсеңіз, айтқанымның бәрі рас екенін дәлелдеп бере аламын.

Патшаға өзін Муктің алдап тұрғанын әлде сөзінің растығын білу қызықты болып сезілді. Сөйтіп ол өз бақшасының ішіне әр жерге бірнеше алтын тиындар көмдіріп, Муккке оны тауып әкелуді бұйырды. Ергежейлі көп іздеп әуреленген жоқ. Ол алтын көмілді ау деген жерлерге таяп барғанда таяқ жерді үш рет нұқып-нұқып қалды. Патша қазынашының өзіне өтірік айтқанын түсініп, Муктің орнына соны дарға асуды бұйырды. Сөйтті де өзіне ергежейліні шақырып алып былай деді:

- Мен сені өлтірмеуге уәде берген болатынмын және сол сөзімде тұрамын. Бірақ сен маған құпияңның барлығын түгел айтпаған сияқтысың. Егер сен маған қалайша осыншалықты жылдам жүгіретін құпияыңды ашпасаң мұнарада бұғауланған қалпы мәңгі қаласың.

Байғұс ергежейлі суық, қараңғы қапас мұнараға қайта барғысы келмеді. Ол патшаға өзінің сиқырлы етігі туралы айтып берді. Бірақ ең бастысы – оны қайтіп тоқтататыны жайында айтқан жоқ. Патша бұл етікті өзі сынап көргісі келді. Ол етікті киіп алып бақшаға шықты да, құтырған адамдай зулап жүгіре жөнелді. Кешікпей аяғы ауырған соң тоқтағысы келгенімен, олай жасай алмады. Жол жиегіндегі ағаштар мен бұтақтардан шап беріп ұстай алғанымен, етік алға қарай жұлқи сүйреп зулай береді. Ергежейлі болса орнында тұрған бойы күлкіге қарық болыпты. Бұл қатігез патшадан аз да болса өшін алғанына аса разы болып тұр еді. Ақыры патша діңкесі құрып құлайды. Есін жинап алған соң ол ашу-ызаға булығып ергежейліге тұра ұмтылады.

- Сен өз патшаңмен қалай-қалай ойнайсың а! – деп ақырады ол. – Мен саған өмір мен бостандық уәде еттім. Енді көзіме көрінбей жоғал! Егер он екі сағат ішінде тағы да менің жерімде болатын болсаң, қолыма түссең аяушылық жасамаймын. Ал етік пен таяқ менде қалады.

Байғұс ергежейліге сарайдан тезірек қашып құтылғаннан өзге еш мүмкіндік қалған жоқ еді. Ол қала көшесімен мұңая ілбіп келе жатты. Қазір ол дәл бәз баяғы кезіндегідей кедей әрі бақытсыз еді. Сол кезіндегіше, өзінің тағдырына лағнет айтып өкінумен болды.

Ергежейлінің бақытына қарай бұл патшалықтың жері соншалықты үлкен емес еді, сегіз сағат дегенде шекараға жетіп үлгерді. Енді өзін қауіпсіз сезінген ергежейлі демалып алғысы келді. Жолдан бұрылып, орманға беттеді. Жыныс орман ішіндегі тоған жиегіне таяу көк шалғынды қолайлап алып, шөпке жата кетті.

Қатты шаршаған Кішкентай Мук жата бере ұйқыға кетті. Ұзақ ұйықтаған ол оянған кезде қарнының қатты ашқан сезінді. Төбесінен төнген ағаштардың бұтағында балбырап піскен, дәмді, шырынды шарап жемістері самсап тұр еді. Ергежейлі ағашқа ұмтылып, жемістің түр-түрінен үзіп алып тойғанынша жеді. Су ішкісі келіп шөлдеген ол тоғанға келіп суға үңілген беті еді, жүрегі тас төбесіне шыға шошып кетті: судағы өз бейнесінің орнына қалқиған дәу есектің құлағы мен біздиген ұзын тұмсығы бар құбыжықты көрді.

Кішкентай Мук жалма-жан құлағынан шап берді. Құлағы расымен де есектікі тәрізді ұзын екен.

- Өзіме де сол керек! – деп айқайлайды байғұс Мук. – Бар бақытым өз қолымда еді ғой, есек тәрізді ақымақ басым бәрін өзім құрттым ау!

Ол аттап басқан сайын құлағын бұтаға ілгізумен қиналып, ағаш арасымен ұзақ жүрді. Ақыры тағы да қарны ашты. Шарап жемістерін тағы да жеуге тура келді. Басқа жейтін ештеңенің реті де жоқ еді.

Тойғанынша жеген Кішкентай Мук әдеті бойынша қолын басына апарып еді, қуанғаннан айқайлап жіберді: кәдімгі өз құлағы орнында тұр екен! Ол тоғанға жүгіріп жетіп, суға үңіліп еді, бәз баяғысындай өз түрін көрді.

«Бұл қалай болуы мүмкін?», - деп ойлады ергежейлі. Кенет бірден түсінді: өзі жемісін бірінші жеген ағаш оған есектің құлағын «сыйлаған», ал екінші жеген ағашының жемісі қайтадан емдеген.

Кішкентай Мук өз бақытының қайтадан қол бұлғай бастағанын бірден түсінді. Түсінді де екі ағаштан қойны-қоншына сыйғанынша жеміс үзіп алды. Сөйтті де патшаның еліне қарай кері оралды. Бұл кезде көктем жаңа басталған, жеміс-жидек әлі қат еді.

Патша өмір сүретін баяғы қалаға қайтып келген Кішкентай Мук ешкім танымастай етіп киімін өзгертіп киді де, бірінші ағаштың жемісіне себетін толтырып алып сарайға беттеді.Таңертеңгі уақыт, сарайдың қақпасы алдында әртүрлі заттарын жайған көп сатушы отыр екен. Мук те солардың қатарына барып отырды. Кешікпей сарайдан бас аспаз шығып жайма базарды аралап, олардың тауарларын таңдай бастады.Кішкентай Мукке келгенде аспаз оның шарап жемістерін көріп қатты қуанып кетті.

- Міне, - деді ол, - міне патшаға нағыз лайықты жеңсік тағам! Себетіңе қанша сұрайсың?

Кішкентай Мук көп қымбатқа саудаласқан жоқ, бас аспаз себетті алды да сарайға кіріп кетті. Ол жемістерді табаққа сала бере, патша таңғы асын талап етті. Патша асты рахаттана жеп, өзінің аспаздарын да мақтаумен болды. Ал бас аспаз мұрты сылай күлімсіреп оған былай деді:

- Сәл сабыр етіңіз, мәртебелім, нағыз тәтті тағам әлі алда.

Үстелде отырғандардың барлығы – сарай маңындағылар, ханзадалар мен ханшайымдар – өздеріне бүгін бас аспаз қандай ерекше тағам әзірлегенін білмекке құмар болып сабырсыздануымен болды. Ақыры піскен жеміске толы хрусталь табақты көргенде бәрі бір дауыспен гу етіп:

«Пах, шіркін!» - деп алақандарын дуылдата соқты.

Патша жемістерді өзі бөліп бере бастады. Ханзада мен ханшайым екі данадан алды, сарай қызметшілеріне бір-бірден тиді. Ал қалғанын өзі жемек болды: ол өте сараң әрі тәтті жемісті қатты ұнататын. Патша жемістерді табаққа салып алып рақаттана жей бастады.

- Әке, әке, - деп кенет Амарза ханзадаайқайлап жіберді, - сіздің құлағыңызға не болды?

Патша құлағын ұстап көріп жіберді де, қорыққанынан шыңғырып жіберді. Оның құлағы дәл есектің құлағындай ұп-ұзын болып кеткен екен. Мұрны да иегіне дейін жетіп имиіп өсіп қалыпты. Ханзада, ханшайымдар мен сарай маңындағылардың түрі олардан сәл тәуірірек болғанымен, олардың басында да осындай құлақ-мұрын пайда болыпты.

- Дәрігерлерді, дәрігерлерді, әкеліңдер жылдам! – деп айқайлайды патша. Дәрігерлерді әкелуге дереу жасауылдар аттанды. Әне-міне дегенше олардың бір тобы келтірілді. Олар патшаға алуан түрлі дәрілер бергенімен, еш нәтиже шықпапты. Бір ханзадаға тіпті ота жасап та көрді – кесекен құлағы қайтадан өсіп шықты.

Екі күн өткен соң Кішкентай Мук әрекетке көшетін сәт жетті деп шешті. Шарап жемістерін сатып тапқан ақшасына үлкен қара плащ пен жиегі сүйірленген биік қалпақ сатып алды. Өзін ешкім танымау үшін ол ұзын ақ сақал жапсырып алды. Екінші ағаштағы жемістерге себетін толтырып алып сарайдың алдына келген ол патшаны емдей алатынын айтады. Алғашында ешкім сенген жоқ. Сол кезде ол ханзадалардың біріне тәжірибе жасап көруді ұсынады.Ханзада бірнеше жемісті жегеннен кейін ұзын тұмсығы да, есек құлағы да жоқ болып кетті. Осы кезде сарай маңындағылар сиқырлы дәрігерге лап берді. Бірақ патша олардан бұрын үлгеріп кетті. Ол ергежейлінің қолынан жетелеп алып өзінің қазына қоймасына алып келді де былай деді:

- Мінеки, менің бар байлығым көз алдыңда тұр. Осыдан қалағаныңды ал да мені осы қорқынышты аурудан емдеп жазшы.

Кішкентай Мук осы кезде өзі іздеген заттарын: бөлменің бұрышында тұрған сиқырлы таяғы мен етігін көрді. Ол патшаның байлығын тамашалап жүрген түр көрсетіп арлы-берлі жүре бастады да, қапысын тауып етіктің жанына жетіп келді. Ол көз ілеспес жылдамдықпен етікті киіп алды. Таяғын қолына ұстады да, иектегі сақалды жұлып тастады. Патша өзінің бас желаяқ хабаршысының таныс жүзін көргенде есінен танып қала жаздады.

- Ей қатыгез патша! – деп айқай салды Кішкентай Мук. – менің адал қызметім үшін жасаған жақсылығың осы ма еді? Өмір бойы осындай ұзын құлақты құбыжық ретінде қал! Сол кезде Кішкентай Мукті әрдайым есіңе ал!

Ол өкшесімен жылдам үш реті айналды да, патша аузын ашып бірдеңе дегенше тым ұзап кеткен еді.

Міне, содан бері Кішкентай Мук біздің қалада тұрып жатыр. Сен оның басынан қаншама қиындықтар өткенін ұқтың ба енді! Оның түрі ұсқынсыз болса да, мұндай ерді құрметтеуің керек.

Міне, әкем маған осындай оқиғаны әңгімелеп берді. Мен мұны өзге балаларға айтып бердім. Сөйтіп олардың ешқайсысы ендігәрі ергежейлі қартты мазақ етпейтін болды. Керісінше, біз оны қатты құрметтейтін болдық: ол көшеде келе жатқанда тап бір қала басшысы немесе жоғарғы сот келе жатқандай иіліп тағзым ететін болдық.

Орысшадан аударған Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)

Пікірлер

Хожабай Балжан

31.05.2019 22:02
Тамаша ертегі. Аудармаларыңызға сәттілік
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар