Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ұлт рухын асқақтатқан басылым

27.08.2018 1846

Ұлт рухын асқақтатқан басылым

Алаш ардақтыларының аманатына адал болған

қазақтың қара нардай азаматы,

жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің рухына бағыштадым.

Автор

Биыл қазақтың ұлттық баспасөзінің қарлығашы, тұңғыш жалпыхалықтық басылым «Қазақ» газетінің жарыққа шыққанына 105 жыл толып отыр. «Қазақтың» шығу тарихына көз жүгіртсек, ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының басынан өткен оқиғаларды еске түсіреміз. Бұл кезеңде алаш елінің саяси-экономикалық, әлеуметтік һәм мәдени өмірінде бірқатар өзгерістер орын алды: қазақ халқының көшпелі өмір сүру дағдысы отырықшылыққа ауыса бастады, қоныстандыру саясаты жүргізілді, билік жүйесінің тәртібі ресейлік жүйеге бағынды, қазақтың зиялылары қалыптасты. Дәл осы қиын-қыстау сәтте халықты біріктіру, ұлттық санасын оятуға қызмет ететін халықтық басылымды шығарудың қажеттілігі туды. Бұл ретте Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды ұлт зиялылары ұйысып, «Қазақтың» белді басылым болып қалыптасуына еңбек етті. «Қазақтың» халықтың рухани өміріндегі мән-маңызына жазушы Мұхтар Әуезов жоғары баға берген: «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын».

«Қазақ» газетінің шығуы, қалыптасуы, қоғамдық аренаға шығуы жайлы сөз қозғап, тарихи шежіреге назар аударсақ: «Қазақ» газеті-қоғамдық, саяси және әдеби газет. Араб әрпімен қазақ тілінде 2.2.1913-26.9.1918 жылдар аралығында Орынборда аптасына бір рет (1915 жылы аптасына екі рет) шығып тұрған. Газетте ХХ ғасырдың басындағы қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелеріне, шаруашылық жағдайына, жер, басқа елдер мен қарым-қатынасына, оқу-ағарту, әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санаға, тарих пен шежіреге арналған мақалалар жарияланған. Сәл-пәл шегініс жасағанға «Қазақ» газеті әуелде 1907 жылы наурыз айында, Троицк қаласында шыққан. Бір саны шығып тоқтап қалған. Шығарушысы-Хаим Шумлов-Сосновский, бастырушылар-Жетпісбай Андреев, Ешмұхамет Иманбаев. Бұл жайлардың бәрі татар зерттеушісі Рәмиевтің «Уақытылы татар матбұғаты» деген альбомында жазылған. Алайда, ұлттың бас газеті, қалың қазақ елінің айнасы, шамшырағы болған, білім мен өнерді, мәдениетті насихаттап, жұртшылыққа таныстырған «Қазақ» газеті Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың арқасында оқырмандарымен қайта қауышты. «Айқап» пен «Дала уәлаяты» газеті, «Қазақстан» беттерінде жарияланған мақалалар мен хат-хабарлардың библиографиясына «Қазақ» газетінің Орынборда 1913 жылғы 2-ақпаннан бастап шыға бастағаны айтылады. Тиражы 3000, кейбір мағлұматтарда 8000-ға жеткені туралы деректер бар. Редакторы Ахмет Байтұрсынов, бастырушы «Азамат» серіктігі, Құсайынов-Кәрімов баспаханасы. Архивте газеттің екінші редакторлығына М.Дулатовты тағайындау туралы 1914 жылғы 19 мамырда Орынбор губернаторына жоғарғы баспасөз басқармасының берген бұйрығында: «Орынборда Ахмет Байтұрсыновтың редакторлығымен шығып тұрған «Қазақ» газетінің екінші жауапты редакторы қызметін атқаруға Торғай облысы, Сарықопа болысы, №1 ауылдың қазағы Мир-Якуб Дулатович Дулатовқа рұқсат беріледі» делінеді. Ал газеттің 1918 жылғы 261-265 – сандарының редакторы Жанұзақ Жәнібеков болды.

Ұлттың «көзі, құлағы һәм тіліне» айналған газеттің тұрақты авторлары: А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы, М.Жұмабайұлы, Ж.Аймауытұлы, Р.Мәрсеков, Ж.Сейдалин, Ж.Досмұхамедұлы, Ш.Құдайбердіұлы, Ж.Жәнібеков, М.Шоқай, Б.Серкебаев, Ж.Тілеуин, Ғ.Қараш, Х.Досмұхамедұлы, М.Тынышбаев, А.Жанталин, М.Малдыбаев, Н.Құлжанова, А.Сейітов және тағы басқа елшіл азаматтар ұлттық мәселелерді қозғап мақалалар жазды.

ХХ ғасырда алаштың аяулылары ұлттық мүдде үшін аянбай қызмет еткені тарихтан белгілі. Ұлт қайраткерлерінің жігерлі сөздері «Қазақта» жарияланып, халықты бірлікке шақырды, ұрпақты отанға адал қызмет етуге үндеді. Отаршылдықтың зардабынан елдің еңсесі түскен қиын замандарда «Қазақ» газетінің жарық көруі – күллі алашқа демеу болғаны анық. Мәселен, ұлт басылымының алғашқы санында газеттің шығарушылары өздерінің лебіздерін былайша жеткізеді: «Ал, Алаштың азаматтары! Ақсақ қойдай басқадан кейін қалғанымыз ба? Жоқ, қалмас амалын іздеп қамданамыз ба? Қалмаймыз десең, қарап жатпалық. Көп істе көп болып жабылайық!

...Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетамыздың есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген ұранымыздың ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі осы. Жол ұзақ, өмір қысқа, қолдан келгенін өмір жеткенінше істеп кетелік. Малша оттап асап ішіп, халық үшін қам қылмай, қарын тойғанына мәз болып, мал өліміне күлмейік». Бұл елін сүйген ерлердің жан сөз еді. Газеттің мақсаты мен міндеттін осыдан-ақ түсінсек болады.

«Қазақ» газеті алғаш жарық көрген сәтінен бастап ана тіліміздің жанашыры болды. Тілдің қасиеті мен қадірін біліп-түсінген редакция құрамы газеттің бірінші санында басылымның қазақ тілінде шығуын көпшілікке былайша ұғындарады: «Біздің газетамыздың таңбасы «Қазақ», иәғни қазақтығымызды сақтау. Қазақтық, әрине, аты мен тілі жоғалмаса сақталады. Ақырында айтатынымыз: әдеби тілді сүйетін бауырларымызға газетті қазақтың қара тілімен жазғанымыз ұнамсыз көрінсе, ол кемшілігімізге кешу өтінеміз. Жұрт үшін шығарылған нәрсе жұртқа жақын болуы тиіс. Аспандағанмен, жерден алыс кете алмаспыз, артылдық дегенмен, елден алыс кете алмаспыз».

«Қазақ» газетінде авторлар қазақ қоғамындағы өзекті тақырыптарды қозғағанын жоғарыда айттық. Енді сол мақалалардың мазмұнына тоқталуды жөн көрдік. Мәселен, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан қазақтың жері туралы жазғандары ел қамын ойлаған азаматтың үні екені анық аңғарылады. Алаш қайраткері 1913 жылы газеттің 8 нөмірінде шыққан «Қазақ» атты мақаласында қазақ халқының санына, жер көлеміне есеп жүргізеді. Сонымен қатар Ресейдің қарамағына өткен жерлердің нақты санын жазып өтеді: «Бұл жердің айналасы мынау: Темірқазықта Жайық һәм Тобыл, күншығыста Ертіс, оңтүстікте Түркістан таулары, мұның ең биігі Хан Тәңірі, күнбатыста Әмудария. Осы 9 облыс, бір губернияда 260 миллион десятина шамасында жер бар. Бұл жердің көбі 10-20 жыл мұнан бұрын қазақ пайдасында еді. Соңғы 10-15 жыл Торғай һәм Ақмола облыстарынан қазақ пайдасындағы жерден көп жер мұжық пайдасына кетті. 1908-нші жылға шейін мұжыққа қазақтан алып берген жер 4 миллион десятинадан артық еді. 1913–нші жылдағы есепте 1906-1912 жылдарда қазақтан мұжыққа алынған жер миллион десиатинадан артық». Бұл пікір қай кезде болмасын жер – ұлттың басты қазынасы болғанын дәлелдей түседі. Сонымен қатар автор «Бөкейлік қазағына шығатын закон проекті», «Үшінші дума һәм қазақ», «Төртінші дума һәм қазақ», «Қазақтан солдат ала ма?» және тағы басқа мақалаларында қазақ жерінің күйінішті тағдырына қатысты ойларын білдіреді.

Ұлттық мүддені алға тартқан басылымда төл құндылықтармызды түгендеу туралы да сөз қозғалды. Мәселен, Түрік баласы деген бүркеншік атпен мақала жазған автор қазақ тарихы жөнінде тұшымды пікірлер келтіреді. «Қазақтың тарихы» мақаласында автор тарихты білудің келешек үшін маңыздылығы зор екенін жазады. Тарихтың тағылымы туралы Түрік баласы былай дейді: «...Тарих не айтады десеңіз, оның айтатыны мынау: бабаларымыздың кім екендігі, олардың дүниеде не істеп, не бітіргендігі, қандай қуаты барлығы, ол қуатты не орынға жұмсағандығы, істеп жүрген ісінің қайсысынан пайда, қайсысынан зарар көргендігі, бұрынғы бабаларымыздың досы-дұшпаны кім екендігі, не себеппен бағы тайғандығы және соған ұқсас істердің барлығын тарих сөйлеп түсіндіріп тұрады. Бұрынғы бабаларымыздың басынан кешкен жақсы-жаман қандай уақиға бар болса, оның бәрі де өткендегі бір істің нәтижесінен туған болады. Су секілді, келешекте біздің басымызға түсешек бір уақиға, осы күнде қылып жүрген ісіміздің нәтижесі болмақшы. Тарих оқысақ, оның сөзін оқысақ қандай істен, қандай нәтиже туатынын анық білеміз. Жақсы істен жақсылық, жаман істен жамандық тумақшы. Тарих – түзу жөнді үйретуші. Тарих – түзушіліктің кітабы. Тарих тіршілікте жолбасшы дейтініміз осы». Бұдан соң автор «қазақ» сөзінің шығу тегіне зер салып, «қазақты» қырғыз деп жазып жүрген тарих кітаптарындағы қателіктерді баяндайды: «Тарих кітаптарындағы көп қатенің бірі – тарих жазушылардың һешбірі қазақ пен қырғыды айырмайды. Қазақ-қазақ, қырғыз өз алдына қырғыз, бұлардың арасында ерекше белгі жоқ. Түрікмен менен башқұрт қандай басқа-басқа ел болса, қазақ пен қырғыз да сондай басқа-басқа ел. Орыстардың, әсіресе хүкіметінің қазақты қазақ демей, қырғыз деп жүргені рас, бірақ олар өздерінің атты «казачи» әскерінен айыру үшін, жаңылыс болса дағы қазақты қырғыз атап жүр. Орысша оқыған қазақ жастарының мойнына алатын бір жұмысы мекемеден шеткері болған һәрбір істі орында, һәрбір істе «киргиз» деген жаңылыс атты қойып, «қазақ» деген атты қолдану тиіс». Аталған мақала тарихты ұлттық мұра есебінде танып, оны жүйелі жазуға бағыт беретін құрал ретінде бүгінгі таңда да өзекті екенін ескерткен жөн.

ХХ ғасыр басында қазақ даласында ұлт зиялылары ағарту жұмыстарын қолға алды. Мектеп-медреселерде түрлі ғылым саласынан хабары бар мұғалімдер сабақ бере бастады. Бұл орайда «Қазақ» газеті де халықты ағартуға атсалысты. Газетте ұлттың интеллектуалдық өресін арттыратын пайдалы мақалалар жарияланып отырды. 1913 жылғы 14 нөмірінде шыққан «Қазақша оқу жайынан» мақаласында білім-ғылымның пайдасы, оқу жүйесі, мұғалімнің біліктілігі хақында түйінді пікірлер айтылады. Әсіресе ұстаздардың кәсіби білімі мен дағдысы туралы жазылған ойлар қазіргі кезде де үлкен маңызға ие: «...Бір нәрсені істегенде сол істі білетін адам істесе, шапшаң да, жақсы да істейді. Бұл жалғыз қол ісі емес, ми ісінде де солай. Бала оқытатындар – бала оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерін өзі жақсы білерге керек, екінші, баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек. Оны білуге баланың туғаннан бастап өсіп жеткенінше тәнімен қатар ақылы қалай кіретін жолын білерге керек. Баланың есіне, түсіне қарап ішкі халінен хабар аларлық болу керек. Ол үшін бала турасындағы педагогика ғылымын білу керек». Мақала авторы ұстаздық кәсіптің қиындығы мен қызығын айта отырып, бұл мамандықтағы басты қағида – баланың жан-дүниесі мен ішкі болмысын түсіне білу деген тұжырым жасайды.

«Қазақ» газетіне белсенді белсенді түрде мақала жазып танылған авторлардың бірі – журналист, қайраткер Әбдіғазиз Мұса. Ол әлеуметтік – саяси мәселерге қатысты қалам тербеді.Мәселен, 1913 жылы жарыққа шыққан «Қазақ жастарынан бір өтініш» мақаласында білім мен өнердің маңызын сөз етіп, қазақ қоғамының білімсіздіктің әсерінен болған кемшіліктерін сынайды. Мәселен мәдениеті биік қоғамның артықшылықтары туралы автор былайша жазады: «Адам баласына тіршілік үшін керекті нәрсе – өнер, білім. Білім, өнерсіз бір кісі қара жердің бетінде құры жыбырлап жүргенмен де, оған жанды кісі деп айта алмайды, ол жансыз кісіге есеп болады. Өнерлі кісі бір биік таудың басына шығып, айдалада жайылып жатқан жануарды тамаша етіп қарап тұрған бір ояу кісі. Ол өзінің тау етегінде жайылып жатқан қойына қарай бір қасқыр шапса, оған ит қосып, оны таудың екінші жағына қарай қашырады. Жылқысына ұры тисе, оған қарсы да бір қару қылып, қорадан жылқы алдырмайды». Сөз соңында автор қазақ қоғамын өркендететін жастарға үлкен үміт артады: «Қазақ бітеді, аты жойылады» - десе, сен де оның бұл сөзін жаратпайсың. Келешекте өз халқы үшін қайғыртқан қазақ жастары шығар, солардың ыждаһаты арқасында қазақтар да ұйқыдан бастарын көтеріп, оянар деп үміт етсек».

«Қазақ» газетінде «Білім жарысы» мақаласының жарыққа шығуы алаштың рухани өмірінде тың бастамалардың қолға алуына ықпал етті. Бұл мақалада білім бәйгесінің мақсаты туралы сөз қозғалып, Еуропада ғылым-білім, мәдениет салаларындағы ұлы жаңалықтар үшін тағайындалатын Нобель сыйлығы мысалға келтіре отырып алаш жұртына да өз білім жарысын ұйымдастыруды ұсынады. Мақала авторлары адам баласы бір-бірінен білім мен ғылым арқылы ғана оза алатынын айрықша атап өтеді. Білім жарысының мәні былайша түсіндіріледі: «Білімді жұрттарда білім жарысы деген болады. Ол жарыста бәйгеге қосылатындар білімділер, өнерлілер. Оларға бәйге тігіп, жарысатындар бай адамдар иә обществолар. Бәйге тігу, жарыс істеу біздің қазақтарда да бар. Қазақта бай адамдар иә қуаныш нәрсеге той істеп, ат шаптырады, иә өлген адамына ас беріп, ат шаптырады. Білімді жұрттардың білім жарысына келсек, оның мағынасы да, көздеген мақсаты да басқа. Ол бірнеше болыс ел жиып, бір-екі күн дуылдап, ет жеп, қымыз ішіп кету үшін ғана жасалмайды, бүтін ұлт иә дүниядағы бүтін жұрт үшін һәм көпке қыларлық іс үшін істеледі. Дүнияда күн көріп, тіршілік етудің ауырын жеңілту үшін, жеңілін рахатқа айналдыру үшін істеледі. Неше түрлі ғылым, өнер бәрі де тіршіліктің ауырлығын азайту үшін, рахатын молайту үшін шығарған нәрселер. Білім жарысы деген мынау: бай адам пәлен мың сом ақшаны бәйгеге тігеді де мәлім етеді: «Осы ақшаны пәлендей іс істеген кісі алады деп. Мысалы, пәлен ауруға ем тапқан, иә пәлен ғылымнан иәки өнерден жаңа жол тапқан, иә пәлен турасында жазып кітап шығарған адамдарға беріледі» - дейді». Бұдан соң мақалада қазақ байларына жаңа шыққан кітаптарға қаражат бөліп руханияттың дамуына атсалысуға үндейді: «Білімнің бас құралы – кітап. Қазақ арасына білім жайылуына әуелі оқу үйрететін орындар сайлы болу керек, екінші білім тарататын кітаптар жақсы боларға керек һәм халық арасына көп жайыларға керек. Осы мақсатқа жетуге зор себепкер болатын істің бірі білім жарысы. Қазақ байлары білім бәйгесіне ақшасын басы бүтін шығармасын, өзіне қайтаратын етіп бәйгеге тіксін. Докторлық ғылым, шаруа жайы, оқыту жайы, әдебиет туралы кітаптарға бәйге тігілсе, ол бәйге нағыз жақсы шығарған кітаптарға ғана берілсе, тігілген бәйгеге қарай, бәйге берілген кітапты бір иә екі рет бай бастырып, ақшасын өндіріп алатын болса, сонан кейінгі бастырулары жазушының өз еркіне берілсе, осы шартпен білім жарысы істелсе, әуелі бәйге тігуге көп жомарттық керек болмас еді».

«Білім жарысы» мақаласына алғаш тіл қатқан қазақ байларының бірі Есенғұл қажы Маманов болды. «Қазақтың» беттерінде Е.Мамановтың «Бәйге тігемін» мақаласы жарияланып, онда роман жарысы туралы бастама көтерілді: «1913-нші жыл декабр жұлдызында, бір жұманың ішінде, бірі 5 жасар, бірі 2 жасар Әнуарбек және Ниязбек есімді екі балам дүниеден қайтты.

Мен сол сүйікті балаларымның көзіндей көрерлік бір кітаптың шығуын тілеймін. Соның үшін осы жылғы нойабрдің басына шейін таза қазақ тілінде және таза қазақ тұрмысынан роман жазушылардың бәйгесіне 200 сом ақша тігемін. Жазушылар бірнеше кісі болса, олардың жазғандарын өзім белгілегін 3-4 кісілік бір комисиенің сынына беремін. Бәйге сол комисие жақсы деп ұнатқан роман иесіне беріледі.

Талапкерлер осы бастан «Қазақ» газетасы арқылы бәйгеге түсулерін білдіре бергені артық». Есенғұл қажының қазақ руханиятының жанашыры ретіндегі бұл еңбегі ұлт тарихында алтын әріппен сақталады. Әр азамат үшін үлгі болмақ.

«Қазақ» газеті қазақ әдебиетінің қанат жаюына да зор әсер етті. Себебі алғашқы әдеби сын мақалалар, көркем аудармалар, әдеби ой-пікірлер, ақын-жазушылардың шығармалары баспасөз беттерінде жарияланып халыққа жетті. Мәселен, Мағжан Жұмбайұлы, Міржақып Дулатұлы, Ғұмар Қараштың жырлары газет беттерінде жарияланып отырды. Сонымен қатар «Қазақта» ұлтымыздың ұлы тұлғалары Абай, Шоқан, Шәкәрім туралы жарық көрген алғашқы зерттеулер абайтану, шоқантану, шәкәрімтану салаларының қалыптасуына себеп болды. Бұл ретте Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны», Міржақып Дулатұлының «Абай», «Шоқан Шыңғыс ұғлы Уәлихан», Қыр баласының Шәкәрім еңбегі туралы «Түрік, қырғыз һәм хандар шежіресі» сынды мақалаларын ерекше атап өткен дұрыс.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» мақаласы Абай мұрасын талдауға арналған қазақ әдебиетіндегі тұңғыш сын-зерттеулер алдында аталады. Мақала «Қазақтың» 1913 жылғы 39, 40, 41 нөмірлерде жарияланды. Қайраткер Абай шығармашылығын талдай отырып, ұлы ақын талантына шынайы бағасын береді: «...Абай сөздері дүниеде қалғаны қазаққа зор бақ. Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына енді шеберлігі керек. Ұнамды, орынды дәмді болуына сыншылық керек. Мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған». Әдебиетші Ахмет Байтұрсынұлы сөз соңында: «...Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек» деп тұжырым жасап, ұлы ақын мұрасынан тағылым алуға шақырады.

Ал Міржақып Дулатұлы «Қазақтың» 1914 жылғы 67 нөмірінде Абайдың қазасына он жыл толуына орай «Абай» атты мақаласын жарыққа шығарады. Бұл мақалада автор халық Абайдың өмірі мен ұлы ақынның өміршең қазынасы туралы сөз өрбітеді. Автор әдебиет – ұлттың жаны, Абай – рухани әлемнің тұғырлы тұлғасы деген эстетикалық көзқарасын білдіреді: «...Тарихы, әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны әдебиет, жансыз тән жасамақ емес. Қайдан өрбігенін, қайда өскенін, ата-бабалары кім болғанын, не істегенін білмеген жұртқа бұл талас-тартыс тар заманда арнаулы орын жоқ. Сондықтан Абайдың аты жоғалуы, мұнан кейін де шығатын Абайлар сондай ескерусіз ұмтылу ықтималы қазақтың жоғалуы, қазақ атты халықтың ұмтылуымен бірдей». Міржақып Дулатұлы уақыт алға жылжыған сайын халық алдында Абайдың қадірі мен қасиеті, бағасы мен беделі арта беретініне зор сеніммен қарайды: «Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-ғылымға қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар, «бірінші ақынымыз» деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмепіз, біздің рухымыз сезер, қуанар». Кемеңгер тұлғаға берілген шынайы баға осындай еді. Ғасырлар ғасырларды алмастырған сайын Абай – алаштың темірқазығы болып, халықтың жүрегінде мәңгіге сақталатыны анық.

Қазақтың ғұлама ғалымы Шоқан Уәлихановтың еңбектері ұзақ уақыт бойы өзінің лайықты бағасын ала алмады. Шоқан ілімін терең игерудің алғышарттары ХХ ғасырда Міржақып Дулатұлының «Қазақта» жарық көрген «Шоқан Шыңғыс ұғлы Уәлихан» зерттеу мақаласынан басталады. Автор 1914 жылы газеттің 71, 73, 76 нөмірінде басылған көлемді мақаласында ұлы ғалымның өмірбаяны. шығармашылығы, кітаптары туралы баяндайды. Жастай зерделі, зейінді болып өскен Шоқан аз өмір сүрсе де қазақтың түрлі ғылым саласына қажетті құнды еңбектерді жазып қалдырғанын айта отырып автор, біртуар тұлға жөнінде мәнді пікір білдіреді: «Шоқанның бар талабы ғылымға ұмтылу, қазақ халқына пайда келтіру, қазақ халқының тұрмысын, рәсімін, тарихын анықтау жолында болған. Шоқанның ғұмыры ұзын болғанда артына қанша пайдалы нәрсе қалдыруында шек жоқ, қазақ жайынан жинаған қанша материалдары өзі өлгеннен кейін баспаға кірмей жоғалған». Қазақ ғылымына өлшеусіз еңбек еткен Шоқан Уәлихановтың мұрасына алаштың ардақты азаматтары жоғары баға беріп қана қоймай, өздері де оның ізін жалғай білді.

Сөзімізді түйіндесек, «Қазақ» газеті өткен ғасырдағы қазақ тарихы, тұрмысы, мәдениетін баян ететін рухани жәдігер. Ұлттық баспасөздің қарлығашы атанған басылым алаш үнін батыл түрде жеткізіп, ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан өркениеті мен мәдениетін танытуға қызмет етті. ХХ ғасырда қалыптасқан ұлт зиялылары қазақ елінің мүддесі мен құқығын қорғау мақсатында «Қазақ» беттерінде өздерінің саяси көзқарастарын ашық білдіріп, отаршылдық жүйемен батыл түрде күресті. Бүгінде еліміз егемендігін алғанда төл тарихымызды, мәдениетіміз мен әдебиетімізді зерттеп зерделеу жұмыстары қызу атқарылып жатыр. Бұл орайда «Қазақта» жарық көрген мақалаларды, зерттеулерді, тұжырымдарды парақтай отырып, ұлтымыздың өткеніне қатысты салиқалы деректерді табуымыз сөзсіз.

Елдос ТОҚТАРБАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар