Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ұларбек Нұрғалымұлы: Бір өзі - бір театр

18.10.2019 526

Ұларбек Нұрғалымұлы: Бір өзі - бір театр

Әуелі әжептәуір әңгіменің басын ыңғайсыздау оқиғамен бастағалы отыр­ғаным үшін патша көңілді оқырман­нан кешірім сұрай кетейін.

Қызылорда облысы Сырдария ауданында тұратын ақын, өтірік айтыстың хас шебері Замаддин ­Ибадуллаев туралы бертінге дейін білмейтін едім. Бұл күнде жасы сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал жайлы әңгіме бір жақынымыздың тойындағы асабаның әзіл сөздеріне байланысты басталып кеткен. Тойды қыздырып, жұртты күлкіге қарқ қылып тұрған асаба сөзінің астарына саяси-экономикалық әңгімелерді қыстыра келіп, соның алдында ғана әлеуметтік желіде жаппай сөз болған «екі сиыр» жайлы әзіл айтты. Жұрт ду күлді. Дәл қасымда отырған қызылордалық ақын ағамыз Мамыр Байдәулет әзілді ұнатпады. «Е, е, е, бұл балалар екі сиырдың қадірін қайдан білсін…» деді де қойды.

Содан не керек, той тарап, өзіміз қалып шайға отырған уақытта асабаға қарсы отырған Мамыр ағамыз тойды жақсы басқарғанына алғысын айта отырып, «әй бала, екі сиыр жайлы әңгіме керек болса, мен айтып берейін, айналайын, тоқшылық заман болған соң, қадірін білмей жатырсыңдар ғой. Қазір жасы сексенге тақап отырған ­Замаддин Ибадуллаев деген атаң бар, сол кісінің өмірі ғой мені сенің әзіліңе күлдірмей отырған» деп, әңгімені әріден бастады.

Замаддинның әкесі сонау ертедегі Ферғана соғысына қатысып, содан бір аяқтан айырылып, мүгедектің арбасына таңылған адам екен. Анасы да ұзақ жыл ауру азабын тартқан бейнеткер жан болыпты. Бәрінен де қиыны – көтерген тоғыз құрсағы шетінен шетіней беріпті. Көзіне көрінген көбелектердің тұмсығын жарытып иіскетпестен ғайып бола беретініне көзі жеткені сондай, әйелі босана сала күрегін сайлап, дайындала беретінді шығарыпты. Сол шетінеген тоғыз баладан кейін осы Замаддин өмірге келіпті. Күн артынан күн өтіп, бала аман-есен апыл-тапыл аяғы, бұлдыр-салдыр тілі шығып өсе бастапты. Алдындағы тоғыз перзенттің күйігінен жандары әбден жұқарған ата-анаға аман өсіп келе жатқан бала әр күні мереке сыйлағандай болады ғой. Жалғыздарының жолына жандарын салып, кірсе-шықса тілеуін тілеп отырады екен.

Содан не керек, жыл артынан жыл өтіп, Замаддин мектеп табалдырығын аттайды. Бұл енді соғыстан кейінгі елдің тұрмысы тұралаған 1946-47 жылдар шамасы. Ауыл Шандай деген көлдің жағасында отырады. ­Балалар мектепке қыстыгүні мұзбен, жаздыгүні қайықпен өтіп барады екен. Мұздың еріп, сеңнің енді тарқап жатқан көктемгі уақыты екен, бала сабаққа кетеді. Түс әлетінде ­Ибдадулла ақсақалдың үйіне сол ауылдың қадірлі ақсақалдары Ерімбет, Дюуан бастаған, Мүтән жырау 5-6 кісі кіріп келеді. Жайшылықта бұлай жүре қоймайтын ақсақалдардың жүрісінен тіксініп қалған Ибадулла аңтарылып отырып қалады. Төрге жайғасқан қариялардың «Әй, Ибадулла! Сен не көрмеген Ибадулласың, соғысқа да қатыстың, аяқтан да айырылдың, перзенттен тартқан күйігің де аз емес, соның бәріне шыдаған Ибадулласың ғой…» деп басталған сөздері төбе құйқасын шымырлатып, бір сұмдықтың болғанын анық аңғартады. Іштей «Е, қу жалғыз, сенен де айырылған екенмін-ау…» деп ойлайды ғой, «Айтпақтары сол болса, естімей қалармын ба, сөздің соңын бағайын» деп бүктеле түсіп, ышқына күрсінген уақытта отбасында отырған әйелі «Ойбай, не айтпақсыңдар? Жалғызымыз аман ба?» деп еңіреп жібереді. Тіксініп қалған кісілер, «Әй, тоқта, тоқта, сабыр! Сөздің соңын тыңдасаңшы, әй запы болған қайран жүрек-ай, жалғызыңды білмейміз, келетін шығар, екі сиырларың бірдей суға кетіпті» деген екен. Сонда іштен тынып отырған Ибадулланың өзі де «Құдай-ау, сиыры несі, жалғызым, жалғызым кеткен екен дедім ғой мен, жалғызым» деп, кемсеңдеп қоя берген екен. Дәл сол кезде есіктен «Ассалаумағалейкум» деп, Замаддин кіріп келеді ғой, сонда төрде отырған мүгедек Ибадулла құйрығымен жорғалай сырғып кеп баласын бас салып «Жалғызым-ау! Жалғызым!» деп еңіреп жылағанда үйдің ішін күңіренткен екен…

«Ауыл ақсақалдарының суға кеткен екі сиырға бола кісі өлімін естірткендей ғып келіп отыруы сол кездегі сіңірі шыққан кедейлік, жұтаң тұрмыстың жағдайының көрінісі еді» дейді Мамыр ағамыз. Бір ауылдың кішкентай балаларының асқазанын алдап, жыламай ұйықтауы осы екі сиырдың емшегіне байланыс­ты болған екен ғой. «Оның алдындағы аштық бар, одан кейінгі соғыс бар, соның бәрін де жоқшылықтан жүдеген жұртқа ауыл қарап отырған сиырдың суға кетуі қаншалықты ауыр соққы екенін бұл күнде біз елестете алмаймыз-ау… Сондықтан ғой, елдің бәрі «екі сиыр» тақырыбын әзілге айналдырып, той-жиында сайқымазақ қылып жүргені. Е, «жоқшылық не жегізбейді, тоқшылық не дегізбейді» деген осы екен, айналайын…» деп әңгімесін қайырды-ау, Мамыр аға…

«Кейін сол ақсақалдар келген күнді, әкесі есікке дейін құйрығымен сырғанап кеп құшақтап жылаған күнді есіне алып:

«Кедейлік деген бұл бір сөз,

Білемін бала күнімде…»

деп басталатын өлең жазған екен Замаддин. Ел ішінде жыр-термелер айтып жүріп, айтыстың көшіне қосылған Закең өтірік айтыстың хас шебері болған екен. Мүгедек әке, ауру ананың қамы мен тағы да сол жоқшылықтың ­жолында жүріп еңбекке піскен ол қырықты қырқалай барып республикалық айтыстарға шыға бастайды. Оған дейін ел ішіндегі беташар, той-томалақта елді күлкіге қарық қылып, бүйірі енді шыға бастаған жұрттың көңілін көтереді. Ертеректе Сыр өңірінде Жорықбай деген жырау өткен екен. Сол Жорықбай жырау сонау Қазан вокзалында аштықтан қырылып, бірі арбаға тиеліп, бірі бұралып, талықсып жатқан адамдардың қасына келіп өлең айтып отырады екен. Кейбіреулер «әй, Жорықбай! Өлең деген ойын-тойдың мүлкі ғой, аштан өлгелі жатқан адамның басына кеп өлең айтқаның не сұмдығың?» дегенде «е, мен не жырғағаннан өлең айтып жүр дейсің, бейшараның сөзге назары бұрылсын, алғы күннен үміт еткен сөзден қуат алсын» деп өлең айтып жүрмін» деген дейді. Менің ­Замаддин көкем де сол Жорықбай секілді адам ғой, шіркін! Ол кісінің беташары өз алдына бөлек той еді ғой, Замаддин ­беташар айтады деген күні қойшы кезегін біреуге тапсырып, егінші суын біреуге ұстатып, арнайы келіп тыңдаушы еді» дейді ақын көкесі туралы әңгіменің тиегін еркін ағытқан Мамыр Байдәулет.

«Беташар» дегенде осы күнгі көп адамдардың есіне әркімнің есімін айтқанда табаққа ақша салатын адамдар ғана елестеуі мүмкін. Негізінде ол үлкен мәдениетіміз еді. Оның тәлім мен тәрбиесі, елді қыран күлкіге көметін қызықшылығы мүлде басқаша өнер еді. Ондай болмаса классикалық терме-толғаулар секілді беташар жырлары қала ма еді. Базар жыраулардан қалған беташар жырлар, әне сол ізбен бізге жеткен жоқ па? Өзім білгенде, өзім көргенде сол беташардың ең озық үлгісін де Замаддин көкеміз жасады. Ауыл адамдарының сыр-сипатын өлеңмен бергенде ондай шебер көргенім жоқ. Бірде аузы добалдай бір құрдасына «Жайылған аузы жайықтай, Дәндібай соққан қайықтай» дегенде ел күлкіден өліпті. Сөйтсе, өзін «ұстамын» деп ойлайтын, бірақ қолынан шыққан заты қолапайсыз Дәндібай деген кісі болған екен, соның жасаған қайығын білетін жұрт күлкіге қарық болмай қайтсін. Сондай сөздер әлі елдің аузында жүр. Зәкең әзілді көңілге тигізбей айтатыны таңғалдырмай қоймайды. Бала күнінде мұрнына жел түскен бе, басқа ма, танаудың ішіндегі шершеуі жоқ бір кісі бар екен, беташарда соны өлеңге қосып: «Түгенше деген қайынағам, Запорож­ды ызғытқан, ауаны бізден көп жұтқан» ­дегенде тапқырлығына таңғалған әлгі кісінің өзі сықылықтап тұрып күлді дейді. «Мұрның пұшық» деген, «танауың қисық» деген жоқ, бұдан артық қалай әзілге қосуға болады?» деп тамсанады Мамыр ағамыз.

Сыр өңірінде өткен жазба ақын Балашбек Шағыров «Егер мен ақын емес, суретші болсам «Беташар» деген сурет салар едім» деген екен. Оның себебін сұрағанда «Замаддинның беташарын көрдім, өзінің де бойы сұңғақ, дауысы зор кісі ғой, ауылды жерде сәл көтеріңкі жерде тұрып алып айналада жүрген адамдардың бәріне анық естілетін айрықша асқақ дауысымен жұртты үйіріп әкетіп, әртүрлі адамдардың мінездемесін дәл беретін тапқыр шумақтарына беташарға жиналған жұрт қоғадай жапырылып күлетін. Айтылып жатқан өлеңге құлағын тосып, бір сәтке тына қалған мыңдаған жұрт, шумақтың түйінін қайырғанда ортасына тас түскен судың толқынындай жан-жаққа шашыла құлап ду күліп, келесі шумақ бастала бергенде бірін-бірі түрткілеп тоқтатып қайтадан тына қалады екен, аздан кейін қайтадан жарыла күледі. Халықты бұлай шынайы күлкіге қарқ қылу екінің бірінің қолынан келер шаруа емес, оған жан-жақты талант керек» деген екен.

Ақын, композитор Елена Әбдіқалықова ол кісі туралы: «Замаддин Ибадуллаев Сыр сүлейлерінің жалғасындай үлкен азамат, үлкен ақын. Менің алғаш айтысқа шыққанымнан бастап, кішкентай кезімнен өзінің қызындай көріп, ақыл-кеңесін айтып отыратын абзал аға ретінде қатты құрметтейтін адамдарымның бірі. Замаддин­ аға – осы біздің Тәуелсіздік алғанға дейінгі айтыстың 70-80 жыл жоғалып кетіп, қайтадан қолға алына бастаған уақытында «Ал, енді кімдер айтысады?», «Енді кімдер сахнаға шығады?», «Айтыс өнерін қалай жандандырамыз?» деп отырған уақытта жарыққа шыққан ақындардың бірі.

Замаддин ағамыздың ақындығы негізі жыраулықпен үндесіп жатқан үлкен эпикалық тұлға. Өзінің шығаратын қаншама толғау-дастандары бар, ол кісі ақындықты жыраулықтың бір сипаты деп қабылдаған сияқты.

Ең алғашқы айтыстар жалпы көрер­мен­нің, тыңдарманның есінде болса, өтірік айтыс деген айтыстың формасы ұйымдастырылды. Бұл, әрине, қазақтың ойын-тойында бұрыннан келе жатқан дәстүр еді. Өкініштісі, осы жанр соңғы кезде айтылмай кетті. Жұрттың бәрі кесекті сөз, көшелі әңгіме айтқысы келеді. Бірақ ол айтыстың біржақты таптаурын болуына әкеліп соғады. Мысалы, бір кездері облыс-облыс болып айтысқан уақытта Республика бойынша Замаддин ағамыздың алдына түскен ешкім болған жоқ. Ол сол өтірік айтып отырып ел-жұрттың мұң-мұқтажын жоқтайтын. Өтірік айтып отырмын деп, басқалар айта алмай жүрген ащы шындықты айтатын.

Замаддин ағамыз біздің Сыр бойының салт-дәстүріне қанық, сипатына сыралғы, сосын сахнадағы отыру мәнері, домбыра тартуы, мақамы да бәрі-бәрі есіңе Сыр бойының жыраулық өнерінің сарынын салады. Сол тұрғыдан келгенде, дәстүр­ді жаңғырту­шы, сақтаушы ретінде Сыр өңірінің мәде­ниетінде алатын орны ерекше деп түсінемін» дейді.

Елена апайымыздың сөзіне дәлел ретінде 1986 жылы Қызылорда мен Орал ақындарының арасында өткен айтыста оралдық ақын Кенжеғали Балабасевпен өтірік айтыс жасап отырып:

«Оралдан Қызылорда қашық жатыр,

Дегенмен көп жаңалық ашып жатыр.

Тасыған шамадан тыс Сырдың суы,

Біздерді тасқындатып басып жатыр.

Бұрынғы кеуіп қалған Арал теңіз,

Ұрпағым, бүгін көрсең тасып жатыр,

Аралдағы баяғы сары сазан,

Топ-топ боп Қапшағайға қашып жатыр.

Суы мол, жер қайыса бітіп егін,

Ел-халқым жинай алмай сасып жатыр.

Болмаған тарихтағы шөптер шығып,

Мал басы секунд сайын асып жатыр.

Біледі бұл жағдайды басшыларым,

Жер-жерге жаңалықты шашып жатыр»

дегені шынымен де сол кездегі тікелей айтуға ауыз бара қоймас шындық еді. Айтыстың ақсақалы, айтулы ақын Жүрсін Ерман ағамыз Замаддин Ибадуллаев жайында: «Айтыс қайтадан жандана бастаған кезде сонау­ 80-жылдардың басында ұмытылып кеткен өнерді жолға салып берген біраз азаматтар болды. Манап Көкенов, Қалихан Алтынбаев, Көкен Шәкеев, Көкбай Омаров сияқты көшелі, көпті көрген ақындар. Солардың өкшесін басып келе жатқан сол кездегі осы Замаддин Ибадуллаев 1983 жылдан бастап облысаралық айтыстарда Қызылорда облысының намысын қорғаған дарынды адамдардың бірі. Өзі сол кезде күріштікте бригадада еңбек еткені есімде қалыпты. Айтыстың алдында елден «Замаддин­ Ибадуллаевтың бригадасы күріш өндіру жөніндегі жоспарды бәленбай есе артық орындады» деген телеграмма келді. Ол енді сол кездегі елдің ақынға шабыт тілеген ықыласы ғой. Замаддин ол кезде көбіне жанрлық айтыстарға қатысып жүрді. Өтірік өлең айтысында жақсы көзге түсті. Сол кездің қажетті сөзін айта білген, айтыс өнерін жалғастырып келген, санаулы сауатты ақындардың бірі. Енді қазір бұл кісі де 80-ге келіп қалыпты. Сыр бойындағы ескінің көзі. Бұл кісілердің жады жақсы. Ескі сөздерді, әңгімелерді көп айтады. Замаддин сол ескі қалпын сақтап, кейінгі жастарға үлгі-өнеге болып, шамасы келгенше тәрбие беріп жүре берсе екен деймін» деп, ақжарма тілегін ақтарады.

Замаддин Ибадуллаев шын мәнінде шаппа-шап айтыстың хас жүйрігі болған екен. Айтысты бастай сала домбыраны қағып-қағып жіберген қарсыласы:

«Өзіңді тумас бұрын танып едім,

Замаддин ет туысым, қаным едің.

Білдіртіп амандықты жүз жыл бұрын,

Барды ма, телеграмма салып едім»

дегенде қолма-қол жауап қайырған Зәкең:

Шабытым осындайда тасып еді,

Бұл Зәкең неден, сірә, жасып еді.

Телеграммаң барғанда інішегім,

Тоқсан тоғыз жарымда жасым еді»

деп, көрерменді ду күлдірген екен. Тағы бірде өтірік айтысқа шыққан қарсыласы:

Баппым, баппым, баппым-ау,

Он бір бала таптым-ау.

Бір көшені шулатып,

Іңгәлатып жаттым-ау»

дегенде Замаддин:

«Мен өзім өтіріктің бәтиесі едім,

Демеймін мына сөзің қате сенің.

Он бір бала тапқаның көз алдымда,

Өйткені мен солардың әкесі едім»

дегенде зал толы көрермен орындарынан тік тұрып кеткен екен. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болар еді, әттең мақа­ламыздың ауқымы көтермейді, сондықтан айтыс үзінділерін осы араға қайырмақтай тұрып, ақын тағдырындағы тағы бір жайды тілге тиек ете кеткенді жөн санадық.

Тағы да сол Cырдың бойында бір ерлі-зайыптының басынан өткен жағдай екен. 5-6 баладан кейін әрең тоқтаған бір баласы азамат жасына келген уақытында қайтыс болып, отағасы қайғыдан қан жұтып орнынан тұрмай ­жатып қалыпты. Сол ­жатыс апта емес, ай емес, жылға ұласыпты. Бір күні әйелі зарлап: «ау, тұрсаңшы, тіршілік қылайық та» депті. Сонда­ күйеуі: «жазған-ау,­ сен екеумізге енді не тіршілік керек? Сен ауылдың ана басынан бастап әр үйге кірсең бір айың өтеді, мен мына басынан кірсем бір айым өтеді. Келешегіне керек қой дейтін балаң жоқ, енді бала табатын жаста да емессің, сені мен маған не тіршілік керек?» деген екен. Қанша дегенмен әйел заты ғой, қиындыққа қасқайып қарсы тұрып, сол рудың аузы дуалы ақсақалын алдыртып, күйеуін тіршілікке араластырыпты. Сөйтіп жүргенде Құдай Тағала әдеттегі әйелдердің бала көтеретін жасынан асып кеткен пендесінің құрсағына тағы да перзент беріпті. Бір ғана емес, арт-артынан үш қыз дүниеге келіп, аман-есен бойжетіпті. Енді мына тағдырды қараңызшы, біз сөз етіп отырған кейіпкеріміз Замаддин Ибадуллаев сол үш қыздың біреуінің қызынан туады екен. Бұл тарихты Алты Алашқа аты мәлім әйгілі Алмас жырау Алматов ағытып отырған бір әңгімесінің әредігінен тыңдап едік. Артық-кемін толықтыра жатармыз.

Жаратушы шебер жалғыздан жалғап бүгінге жеткізген қилы тағдыр иесі бұл күнде сексеннің сеңгіріне шыққан, үбірлі-шүбірлі, жапырағы жайқалған үлкен әулет. Жақында ғана Сырдария ауданына әкім болып барған, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қанық ­Руслан Рүстемов мырза қазақы жосынға салып, ең алдымен, Замаддин ақсақалға амандаса ­барыпты. Шындығында, атқа мінген азаматтар елемесе, алтын болса да топырақ құмның арасында көміліп қала берер талант тағдыры қызық қой, сол сонааау Кеңес заманында Қызылорданың атынан айтысқа шығып, алдына жан салмаса да әлі күнге ауданның Құрметті азаматы атағын алмаған екен. ­Руслан бірден соның бәрін реттеп, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» төсбелгісін кеудесіне тағып, ауданда «Замаддин Ибадуллаев­ атындағы дәстүрлі ақындар мектебін» ашыпты. Енді апта соңында ақынның 80 жылдық мерейтойына орай «Заңғар ақын – Замаддин» атты облыстық ақындар айтысын өткізіп, алыс-жақыннан қонақтар шақырып жатыр екен. Міне, ер мерейі деген осы да! Ақынын ардақтаған әкімнің көргенді ісіне көңіл толқитындай іс болған екен.

Тағы да сол Мамыр ағам, аяулы, ардақты Замаддин көкесі жайлы сөйлеп отыр: «Манап Көкеновтың «бір өзі бір театр» деген сөзі бар. Біз осыны тек сөз ретінде ғана қабылдаймыз. Бір өзі бір театр деген сөз – ол бір адамның бойындағы сегіз қырлы өнердің тоғысуын және соны бірінен бірін аласартпай халықтың алдында көрсете білуі, яғни бір адамның бір театрдың рөлін атқаруы деп ойлаймын. Соның барлығын мен Замекеңнің бойынан көрдім. Ол кісінің беташары өз алдына, ауызекі қалжыңдары өз алдына, жыраулығы бір бөлек, іскерлігі тағы бар. Ол кісі өмір бойы бақша екті. Сонда бригадир болып қызмет етті. Жер жағдайын, ауа райын одан жақсы білетін адам кемде-кем. Міне, бір адамның осыншама дүниенің қыр-сырын жақсы меңгеруі, Құдай берген талантың болмаса, оңай шаруа емес. Енді кісімен тіл табысуы, кісінің көңілін қалдырмауы жатқан хикая ғой…» деп, алысқа бой ұрған сөз тізгінін ақырын ғана іркіп еді. Айтылмаған әлі талай әңгіме бар, әрине…
Қилы тағдыр, ерен талантымен ел көңілін көтере білген Зәкең қарияның көңілін енді ел-халқы көтеруде.

Бала-шағасын еңбектің жолына үйретіп, бүгінде сол бір үзіле жаздап жалғанған әулеттің үрім-бұтағы алқапты атызға ақ күріш жайқалтқан айтулы шаруа­шылық иелері екен. Бәрі баянды болғай!

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар