Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Уәли хан дәуірі. Әдеби пайым, тарихи таным

12.10.2021 1189

Уәли хан дәуірі. Әдеби пайым, тарихи таным

Абылай хан және төрелер билігі

Қазақ мемлекеттілігі тарихында Абылай ханның орны бөлек. Ұлы ханның шөбересі Шоқан Уәлиханов: «Абылай дәуірі – қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры» деп бекерден бекер жазбаған. Абылай хан ұзақ тартыстар мен күрестер нәтижесінде ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысында Қазақ хандығының сөзсіз көшбасшысына айналды. Бұқар жыраудың «Елу жасқа келгенде, үш жүздің баласының, атының басын бір кезеңге тіредің», - деуінде ақиқат көзі жатыр. Хан Абылай ішкі қайшылықтарды қаталдықпен жеңе отырып, көршілес мемлекеттермен қарым-қатынасты жолға қойды. Кейбір мемлекеттермен мәмлегерлікпен тіл табысса, енді біреулеріне қалың қолмен батыл шабуыл жасай отырып, өз халқының тыныш өмір сүруін қамтамасыз етті. Ұлы хан Әбілмәмбет өмірден өткен соң Абылай хан 1771-1781 жылдары Қазақ хандығының дара билеушісі болды. Саналы ғұмырын туған халқының мемлекеттілігі жолына арнаған Хан Абылай 1881-жылы қазіргі Түркістан облысы Сайрам ауданындағы Ханқорғанда өмірден өтті. Абылай ханның денесі Түркістанға жеткізіліп Қожа Ахмет Яссауи кесенесі жанына жерленеді. Абылай хан өмірден өткенге дейін де, кейін де қазақтың көптеген әйгілі тұлғалары осында жерленген. Алты жыл бойы жүргізілген реставрациядан кейін, сондағы құлпытастар бойынша мәйтітер 1999 жылы қайта жерленген екен. Мұндағы 103 әйгілі тұлғаның арасында 24-і хандар мен сұлтандар екен. Бұл тізімде Есім хан, Тәуке хан, Болат хан, Сәмеке хан, Жолбарыс хан, Әбілмәмбет хан, Бөкей хандар бар.

«Абылай-ау, Абылай! Момынға келіп бек болдың», - деп Бұқар жырау айтқанындай, оңтүстік өңірде туып-өскен Абылай хан бозбала шағында Арқадағы Жеті Момын аталған елге келгені, алғаш сол жетеудің екеуі атығай-қарауыл руларына сұлтан болғаны белгілі. «Ту баста Абылайды хан көтерген – қамқоры қарауылдың шешен Қанай», - деп Мағжан ақын жырлаған Қанай би Құттымбетұлы да, Абылай ханның оң қолы, сенімді серігі болған атығай Құлеке батыр Тәңірбердіұлы да (әйгілі Шал ақынның әкесі), атығай Андықожа батыр Әлмембетұлы да жоғарыдағы тізімде бар екенін көруге болады. Арқаның көктемі мен күзі аралығындағы жылы мезгілде өмірден өткен белгілі тұлғаларды сол жерге уақытша аманаттап сөрелеп қойып, күн суытқан кезде Түркістанға апарып жерлейтін болған. Ақмола облысы Біржан сал ауданының Ақсу ауылы жанындағы «Бөгенбай сөресі» – Жеті Момынның бірі қанжығалы руынан шыққан, күллі қазаққа әйгілі қолбасы, дипломат Бөгенбай батыр Ақшаұлының денесі уақытша аманатталған жер екен.

«Атаңа алты қатын алып берген, атығай-қарауылдың баласымын», - деп атығай Арыстанбай ақынның Кенесары ханға айтатынындай, Ораз аталығымен осы елдің ішіне келген Әбілмансұрдың (болашақ Абылай ханның) тектілігін, қажыр-қайратын бағамдаған Көкшетау айналасындағы қалың ел орайлы сәті жеткенде өзіне сұлтан етіп сайлайды. Қазақта «төресіз ел болмайды, төбесіз жер болмайды» деген ұғым бар. Арғы тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тараған, беріде қазақтың төре атты руы болып қалыптасқан сословиелік қауымға алаш жұрты «ақсүйек» ретінде биліктің төрін ұсынып келген. «Төре» деген атаудың өзі «төр» ұғымнан шығып отыр. Қазақ қоғамының билік иерархиясындағы мәртебелі орнын төрелер молынан пайдаланды. Ең берісін айтқанда, салт атты қара қазақ төреге қарсы ұшырасқанда аттан түсіп, жүгіне сәлем беруі тиіс болған. Ресейге бағынышты қазақтар арасында төрелер институтының құқықтық артықшылықтары Аександр ІІ императордың тұсында 1867-жылдан басталған әкімшілік реформасынан кейін жойылды. Аға сұлтандық лауазым жойылды. Облысты ресейлік генерал-губернатор, уезді ресейлік нәшәндік (начальник) басқаратын болды. Қазаққа тигені – бірнеше ауылдан тұратын болыстық әкімшілікті басқару болды. Ұлтты, жүз бен тайпаны, ірі руды іштей ыдыратып, әкімшілік ұсақ бөліктерге бөліп жіберді. «Бөліп ал да билей бер» - деген осы еді. Қытай қазақтары арасындағы төрелер билігі салыстырмалы түрде ХХ ғасырдың екінші жартысына дейін жалғасты. Дербес Қазақ мемлекеттілігі қалыптасуына төрелердің айрықша еңбегі барын тарих жоққа шығармайды. Сонымен бірге қайсыбір кезеңдерде кейбір хандар мен сұлтандардың билік амбициясы салдарынан қара қазақ баласы тараптанып ат тұяғымен тозған тұстар да аз болмаған. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың: ««Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», - деуін екі мағынада түсінуге болады. Біріншіден, қазақтың төреге билік беріп бағынған кезеңдердегі «көз жас, мұрынбоғы», екіншіден, төрелерден күтілетін әділ билік, мемлекетшілдік қасиет. Анық мемлекетшілдікті, қазақты сүюдің үлгісі Шоқан Уәлиханов, Әлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев қатарлы хан ұрпақтарының іс-қызметінде жатыр.

Уәли хан – Абылай ханның мирасқоры

Абылай ханның 11 әйелінен отыз ұлы болғаны тарихтан белгілі. Олардың жиырма алтысының есімі белгілі.

«Тумақ бар жерде өлмек бер» демекші, ұлы хан өзінің ұлдары арасынан таққа отыруға кім лайықты екендігі жайында ойланғаны, белгілі бір шешім шығарғаны анық. Абылай ордасында хан тағына мирасқор белгілеу мәселесі көтерілгенді турасында аңыз болып айтылып жеткен ауызша дерек бұған дәлел бола алады. Қысқаша мазмұны мынадай: «Абылай қартайған шағында өзінің мирасқорын белгілеп айқындау үшін билері мен батырларын ордаға шақырады. Ханның өзі іштей тақ мұрагері ретінде қалмақ әйелі Топыштан туған өжет те жауынгер ұлы Қасым сұлтанды қолай көрсе керек. Дала демократиясы негізінде үш жүздің ығай-сығайлары өз пікірлерін білдіріп жатады. Сонда найманның қаракерей руынан шыққан Әлдебек Абызұлы Қасым төренің паң, дөрекі мінезін бетіне басады:

...Хан болып елді ұстай ма,

Осындай долы, ашулы?

...Атаң Абылай шақырды,

"Хан сайла деп Қасымды".

Уа, сайламаймын Қасымды,

Болмай жатып басынды. –

деп ашық қарсылық танытады. Қасым сұлтан ашуға басқанда қанжығалы Айтбай батыр Аткелтірұлы тоқтау айтпақ болғанда жағдай шиеленісе түседі. Айтбай батыр да Әлдебек шешеннің пікірін қостайды:

- Уа, Абылай хан ием,

Бақытты туған адамның,

Артықта бол ар талабы.

Сайламаймын хандыққа,

Қасым деген балаңды...

Осылайша Абылай хан белді рулардың беделді өкілдерінің табанды қарсылығынан аса алмайды. Болашақ тақ мұрагері ретінде Уәли сұлтан қолай көріледі. Уәли сұлтан жастайынан ел билігіне араласып, өзіне қараған руларды басқарады. Жазба деректерде әкесінің атынан маңызды дипломатиялық істерді де атқарғандығы аңғарылады. Қырықтан асқан шағында әкесі Абылай хан өмірден өткен соң орнына Уәли сұлтан (1741-1821) таққа отырады (кей деректерде Уәли хан 1738 жылы дүниеге келген делінген). Қазақ хандығының ішкі ісіне ашық араласа бастаған Патшалық Ресей билігі Уәли сұлтанды Үш жүздің емес, тек Орта жүздің ханы ретінде танитындығы туралы ұстанымын әйгілейді. 1782 жылы 25 қазанда Ресей патшайымы ІІ Екатерина Петропавл (Қызылжар) қамалына осыны әйгілейтін грамота жібереді. Мұндай грамота Мәнжі-Шың императоры Цянь-Лун тарапынан да келеді. Уәли сұлтанның қырық жылға ұласқан билігі – әкесі Абылайдың тұсында қол жеткізілген біртұтас Қазақ хандығының бірнеше бөлікке ыдырап бөліну кезеңіне тап келді. Ішкі-сыртқы саясатта әкесінің саясатын жалғастырып, Орта жүздің ішкі бірлік-берекесін сақтай отырып, айналасындағы империялар мен ұсақ хандықтармен тату көршілік қарым-қатынас орнатуға күш салды.

Патшалық Ресей Уәли ханның Мәнжі-Шың империясымен қарым-қатынасына барынша кедергі келтірумен болды. 1752 жылы басталған әскери бекіністер жүйесі «Қасірет белдеуінің» («Горькая линия») шекаралық шебін Орта жүз жеріне жыл өткен сайын ішкерлетіп сұғындыра түсті. Уәли хан қарамағындағы Орта жүз руларын наразы қылу, бөлшектеу саясаты тұрақты жүргізілді. ХҮІІІ ғасырдың 80 жылдарынан-ақ кейбір руларды Барақ ханның баласы Дайыр сұлтан басқарды. Оны Бөкей сұлтан қолдады. Әбілпейіз сұлтан 1783-қайтыс болған соң орнына билікке келген Барақ сұлтанның баласы Ханқожа да өзін хан деп жариялады. Уәли ханның Орта жүзді тұтас билеуіне мүмкіндік болмады. 1816-жылы Орталық Қазақстан қазақтары Бөкей сұлтанды хан деп жариялады. Оған Ресей билігі қолдау көрсетті. Сонымен қатар 1817 жылы Тобыл мен Аят маңындағы қыпшақ руының қазақтары Қайып ханның ұрпағы Жантөрені, Тобыл мен Обаған бойындағы арғын рулары Құдайменді баласы Жұмажан сұлтанды хан сайлады. Осылайша Орта жүздегі біртұтас хандық билік өзінің мән-мағынасын жоғалтты деуге болады. Уәли хан 1821 жылы өмірден өтеді.

Уәли хан өмірден өткеннен кейінгі билік мирасы

Уәли ханның екі әйелінен он төрт ұлы болған. Солардың ішінен бәйбішеден туған Ғұбайдолла сұлтанды әке мирасымен Уәли ханның тағына өзіне тарапты қазақ руларының билеушілері хан сайлағанымен, Ресей билігі қолдамады. 1822 жылғы «Сібір қазақтарын басқару жарғысы» бойынша патша билігі Орта жүздегі хандық басқару жүйесін жойып, жалпыресейлік нормаларға сәйкестендірілген жаңа басқару жүйесін енгізді. Ғұбайдолла сұлтан 1824 жылы тек Көкшетау сыртқы округінің майор шеніндегі аға сұлтаны болып сайланады. Бұл – төрелер институтын, қазақтың дәстүрлі басқару билігін ашық мансұқтаудың басы болады. Уәли ханның заңды мұрагері Ғұбайдолда бұдан кейінгі жылдары ашық та жабық дипломатиялық күреске толы болды. Мәнжі-Шың билігі тарапынан Орта жүздің ханы деп танылу мүмкіндігін қарастырады. Мұндай қадамдардың барлығына патша үкіметі тарапынан кедергі келтіріледі. Жүзбасы М.Карбышев бастаған казак отряды 1825 жылы Ғұбайдолла сұлтанды Баянауыл тауларында қолға түсіреді. Сібірдің Березовка деген қалашығына жер аударады. Ғұбайдолла сұлтанның іс-қимылдары алдағы кезеңдегі Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күрестің бастама негізі болады. 1840 жылы Кенесары ханның араласуымен босап келеді. Әйгілі ақын Орынбай Бертағыұлының мына жыр жолдары сол кезеңді сипаттайды:

Хан Абылай өтіп кетті-ау кеше жүрген,

Үш жүздің баласына олжа берген.

Сегіз жыл «Итжеккеннен» әрмен кетіп,

Ханымыз Абайділдә қайта келген.

Биылғы қатты болды-ау қыстың жұты,

Бес теңге Қызылжарда ұнның пұты.

Орта жүз – ырысың бар ел екенсің,

Хан келді Абайділдә – елдің құты.

Уәли хан өмірден өткен соң хандық билік жойылғанымен, аға сұлтандықтың өзі едәуір аумақты қамтитын әлеуетке ие лауазым болатын. Уәли ханнан кейінгі оның ұрпақтарына тиісті билік мұрасына оның ақылды да айлалы ханымы Айғаным Сарғалдаққызы патша әкімшілігімен оңтайлы қарым-қатынас жасау арқылы ие болды. Айғаным өзі билік құрған Сырымбетте патша үкіметіне өтініш білдіріп үй-жай салдырды. Оған мектеп, мешіт, монша, шаруашылық құрылыстары, диірмен, атқора, өзге де ғимараттар кірді. Бұл – қазақ халқын отырықшылық өмірге бейімдеудегі өз заманының озық қадамы болғаны анық.

Уәли ханның қонысы

Патша билігі салып берді делінетін, Қызылжардағы «Абылай ханның ақ үйі» резиденциясын есептемегенде, Алтай мен Атырау арасында қалмақ-жоңғар дәуірінен бергі кезеңдегі қазақ хандары отырықты орда салдырмаған екен. Еділ-Жайық бойын қазаққа қайтарған Бөкей ханның баласы Жәңгір хан Нарын құмындағы Жасқұсқа 1827 жылы салдырған ордасы – осы дәуірдегі алғашқы отырықшы қоныс болса керек-ті.

Себебі, Сырымбеттегі Айғаным ханым қонысы (ордасы) кейбір деректерде 1831-жылы салынғаны айтылады.

Ол салдырған сарайдың,

Айналасы айшылық,

Көлденеңі күншілік,

Көргендер көзі қиып кете алмас! –

деп кеңестік әдебиет тарихында байшыл таптың ақыны делінген алаша Байтоқ жырау жырлағанындай, Жәңгір ханның ордасы дала халқы үшін бұл ғимараттар ерекше құбылысқа баланса керек.

Уәли ханның қонысы негізінен әкесі Абылайдың мекені болған, Көкшетаудың солтүстік батысындағы Ханның Қызылағашы атанған жер болыпты. Уәли хан елуді орталаған жасында Көлденең Есіл бойындағы елдің дау-шар мәселесін шешуге барғанда сол елдегі Сарғалдақ қожаның он бес жастағы қызы Айғанымды көріп ұнатып қалып, оны тоқалдыққа сұрайды. Ханға қарсы тұру болсын ба, Айғаным бойжеткен осылайша Уәли ханға жар атанады. Өжет қыз хан ордасын өз төркініне жақын көшіру туралы шарт қойып, сол себепті ғажайып көркем Сырымбет таңдалған деген аңыз ел аузында сақталған екен. Айғаным қонысы Кенесары көтерілісі кезінде, одан кейін де өртке ұшырайды. Уәли ханның немересі Шоқан Шыңғысұлының Сырымбет тауы басында отырып салған сызбасы бойынша кеңестік кезеңде қайта қалпына келтірілген.

Қызылағаш төңірегінде, немесе өзге де өңірлерде ағаштан, өзге материалдан Абылай немесе Уәли хандар заманында ғимарат салынғаны туралы мәлімет кездеспейді. Абылай ханның бірде Баянауыл маңында, бірде Борлық өзені бойында өзіне қараған рулармен бірге көшіп жүргені туралы орыс жиһангездерінің жазбаларында ұшырасады. Осыған қарағанда хан ордасы дәстүрлі киіз үймен көшіп жүрген.

Кешегі өткен Абылай,

Абылайға бақ берген,

Айналайын, бір құдай.

Сол Абылай баласы,

Баласының сарасы,

Қасым, Шыңғыс, Уәлі,

Айтқан сөзі дуалы, -

деген толғауында Орынбай ақын Абылайдың баласы Шыңғысты айтып отырғаны анық. Төре әулеттері арасында Шыңғыс, Уәли, Жәңгір, Барақ, Есім, Жәдік, Дайыр қатарлы есімдер жиі қойылатыны белгілі. Атап айтқанда Абылай ханның бір әйелі Сайман ханымнан (қарақалпақ бегі Сағындық Шуақбайдың қызы) Уәли, Әділ, Есім, Шыңғыс атты ұлдар туса, Уәлидің он төрт ұлының бірі – Шыңғыс сұлтан (Айғаным ханымнан туған). Жоғарыдағы Шыңғыс – Абылайдың баласы. Абылайұлы Шыңғыс сұлтанның баласы Сартай – кейбір деректерде Көкшетау дуанының алғашқы басқарушысы болған екен. Сартай сұлтан да Кенесары бастаған қозғалысты қолдаған.

Қарақалпақ баурайы. Қазақстан ауылы

Арқада өмірден өткен қазақ элиталарының денесін Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі аумағына жеткізіп, сонда жерлеу дәстүрі ХІХ ғасырдың басқы бөлігіне дейін ұласқанын көреміз. Атап айтқанда қаракесек, дөртуыл руларын билеген Бөкей хан Барақұлы 1819 жылы өмірден өткенде сонда жерлейді. «Уәли ханның мәйітін Түркістанға апарып жерледі» деген мәлімет болмаған. Әрі хан ұрпақтарына қатысты оқиғалардың қайнаған ортасы ХІХ ғасырдың екінші ширегінен бастап Көкшетау төңірегі емес, Сырымбет тауының баурайы болды. Осылайша Уәли ханның қайда жерленгені туралы мәлімет біртіндеп көмескіленіп, кеңес үкіметі тұсында мүлдем дерлік ұмытылады.

Қарақалпақ атанған аласа тау Көкшетаудың Бүркітті биігінен қарағанда солтүстік батыс бетте жатыр. Таудың етегін орманның жұқанасы жапқан. Жұқанасы дегеніміз, ертеректе бұл төңірек ну қарағай болған екен.

Қазіргі күні сиреген. Айналасы - түгел егіндік. Таудың шығыс солтүстігінде Ақшасор атты көл бар. Бұл өңірдің қазақтары 1931-жылы қауымдасып, Ақшасордың жағасында ауыл құрады. Сол уақытта әйгілі ақын, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин Көкше өңіріне сапарлап келіп жүріп, осы ауылға ат басын тірепті. Жаңа құрылған ауылдың атын «Қазақстан» деп Сәкен Сейфуллин қойған екен. Бұл – сол замандағы ауылдарға жаппай қойылатын қызыл көсемдер мен «Тапшыл», «Ортақшыл», «Алғабас», «Еңбекші» сияқты атаулармен салыстырғанда сәтті болып шыққан.

Ауылды негізінен атығайдың екі атасынан тараған қазақтар құраған. Қазір де солай. Ту баста Абылайға, одан баласы Уәлиге сенімді серік болған жұрттың ұрпағы. Ауылдың жанындағы таудың «Қарақалпақ» атануы – Абылай ханның әйелі Сайман ханымның шыққан тегіне байланысты екендігін жергілікті тұрғындар айтады. Абылай ханның ордасы Көкшетаудың биік жоталары сыртындағы Айнакөлдан бері қарай көсіліп жатқан бұйрат-бұйрат, орманды-шоқты, көрікті көгілжім алқапқа қоныстанған. «Өстепке» (Ханская ставка), «Ханның Қызылағашы», «Хан сүйегі» т.б. атаулар – сол дәуірдің жұрнағы. Қарақалпақ текті Сайман ханым өзіне тарапты қарашы жұртымен осы бір шұрайлы мекенде өмір сүрсе керек. Қарақалпақ тауының солтүстік батысындағы биік дөңді жергілікті халық ертеден бері «Хан сүйегі» деп атап келіпті. Бұл турасында ауылдың көзі қарақты көкірегі ояу тұрғыны, көп жылдар жергілікті мектепті басқарған Базиля Есләмқызы былай дейді: «Мұнда хан жерленгеннен кейін төбе «Хан сүйегі» аталғанын менің әкем айтып отыратын. Ол кісі өз әкесінен естіген. Отызыншы жылдардың ойраны, одан кейінгі Ұлы Отан соғысы, тың игеру науқанынан бергі кезеңде бұл дөңде жерленген адамдар туралы деректерді білетін, құлпытастардағы арабша жазуды оқитындар қатары сиреген. Соғысқа кеткен 66 адамның 32-сі оралмаған ауылдың тыныс-тіршілігі егін өсіру болды.

Әкеміз Есләмнің айтуынша Уәли ханды бұл жерге уақытша жерлеген. Түркістанға апарып жерлемек болғанымен, әлдеқалай жағдайларға байланысты осында мәңгілік тыныс тапса керек. Бұл арада хан жерленгенін менің әкем өзінің әкесінен естіген. Ал атамыздың әкесі хан дүниеден өткен заманның адамы екені анық қой. Осы төбені бұрыннан жергілікті халық «Хан сүйегі» деп атап келген.

Бірақ кейінгі жұрт мұнда қай ханның сүйегі жатқанынан хабарсыз болып қалған кез еді. Бала кезімізде төбенің басында анық төмпешіктер, құлаған құлпытастар жататын. Бірақ ондағы жазуды оқитын адамдар сиреп кеткен кез ғой. Әкеміздің тағы бір айтқаны есіме оралып отыр. «Төбешіктің арғы бетіндегі орыс селосы Ивановканың ағайынды екі жігіті хан жерленген зиратта алтын, ер-тұрман, әбзелдер болуы мүмкін деген оймен келіп қазған екен. Ақыры сол екеуі оңбады, тұқымымен құрып кетті», - деп еді.

Иә, зиратты қорлау – қай заманда да, кім болмасын, күнә ғой. Әкеміз сол уақыттарда арбамен келе жатқанда адамның бас сүйегі шығып қалғанын көрген екен. Содан кейін атам Иманқұлға келіп айтқанда, ол кісі екеуі басты зиратқа қайта көміп, құран оқығанын айтқаны есімде. Бұл жерде Уәли ханның анасы Сайман ханым мен біраз туыстары жерленсе керек.»

Уәли хан кесенесі

Қазақтың хан-сұлтандары, бай-бағландары туралы пролетарлық коммунистік дәуірде зерттеп, дәріптеу мүмкін болған жоқ. Тәуелсіздік қана бұған мүмкіндік берді. Атап айтқанда Абылай ханның 280 жылдығы 1991 жылы Көкшетауда кеңінен атап өтіліп, хан есімі даңғылдар мен көшелерге, алаңдарға беріліп, белгі қойылып, кітаптар шығарылып, зерттеу еңбектер молынан жазыла бастаған еді. Хан Абылай мен оның ұрпақтары туралы ізденістер осылай басталды.

Хан Абылай ұрпақтары арасындағы айтулы тұлға Уәли ханның зираты туралы әңгімеге тәуелсіздік жылдары басында көңіл аударыла бастайды. Қазақстан ауылының күйеубаласы гидрогеолог ғалым, ел мен жер тарихының жоқшысы Айтқажы Қазбеков және хан ұрпақтарының араласуымен төбе басындағы құлпытас жазуын оқитын мамандар келеді. Осы ретте сонау тоқсаныншы жылдардың ортасында Көкшетаудың сол кездегі Қазақ лицейі қазіргі Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалды драма театрының ішінде аталған құлпытастың тұратыны есімізге оралды. Аталған ғимараттың сол тұстағы иесі, ұлтсүйер азамат Жанат Қасым осы іске белсене кіріскен бе деп ойлаймыз. Сол тұста Жанат Жақыпсейітұлының қайынатасы, авторлық мектебі болған көрнекті ұстаз Сейтен Сауытбековтің Уәлихан құлпытасын оқығаны туралы деректі басылым беттерінен көзіміз шалғаны бар-ды. Сейтен Сауытбеков – 1970-1990 жылдар арасында Қазақтың Ы.Алтынсарин атындағы білім академиясында, ҚР Мемлекеттік ұлтық кітапханасының сирек қолжазбалар бөлімінде көне араб, парсы тілдерінен библиографиялық тізбе, аударма жасаған, көне парсы, урду т.б. жиырмаға жуық тіл білген оқымысты адам болыпты. Бұл құлпытасты кейінірек, 1903 жылы Уәлиханның шөбересі Сұлтанғазы (Ғұбайдоллаұлы Болат сұлтанның баласы) Уәлиханов қойған екен. Құлпытасты орнына қою, Уәли ханның кесенесін лайықты көтеру, абаттандыру т.б. жұмыстарға Көкше өңіріндегі ел азаматтары, Сансызбай Мұхитанов қатарлы хан ұрпақтары көп атсалысқан екен. 2008 жылы біршама жұмыстар жоспарланғанымен, қаржы қолбайлау болған.

Кезінде сыңсыған орман болған, ғасырлар бойы аяусыз оталған Қазақстан ауылының айналасындағы алқаптың топырағы құнарлы. Егін шығымы жақсы, түсімі мол. Кеңшар тарағаннан кейін қолдан қолға өткен егістік алқабына белгілі кәсіпкер, «Азия-Агрохим» ЖШС бас директоры Борис Борисович Козлов біраз жылдан бері дән сіңіріп, өнімін игілігіне жаратып келе жатыр екен. Ауыл адамдарының айтуынша, кәсіпкер мұндағы жұртқа барынша қарайласып тұрады екен. Жем-шөп, отын-суға көмектесіп, бұрын негізгі, қазіргі күні бастауыш атанған мектептің жөндеу жұмыстарына, өзге де мақсаттарға қаржылай жәрдемін аямапты. Бұл азамат 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай Уәли хан кесенесін көтеру жұмыстарын өз қаржысымен қолға алыпты. Ауыл мен Көкшетауды жалғап жатқан көлденең жолдан төбе басына дейін қиыршық тас төсеу, сапалы сом темірден қақпалы қоршау орнату, қызыл кірпішпен өріп, төбесін тот баспайтын темірмен күмбездеп сегіз метрлік биіктіктегі кесене тұрғызу, айналасын абаттандыру жұмысын толық қаржыландырып аяқтап шыққан. Ақмола облысындағы айтулы да көрнекті киелі нысандардың бірі Уәли хан кесенесі салынған. Көкшетау әуежайынан таяқ тастам жерде орналасқан кесенеге ат басын бұрушылар аз болмайды екен.

Жаз жасыл, күзде сары бетегелі,

Қиырсыз, құлашты кең жайған бел көп.

Бітік, ну – өсімдігі, шөбі – шүйгін,

Жатады қара жерге майлы шел боп.

Жайылған Көкшетаудың аймағында,

Мал бағып, егін салған кәсіпті ел көп.

Төбенің басына да егін шығып,

Төрт түлік мал өседі бұла-төл боп, -

деп кезінде Арқаның ардагері Сәкен Сейфуллин тап осы ауылдың атын қойып тұрып жырлаған ба деп сезілетін көркем көрініске шомған, тоқсан жылдық тарихы бар Қазақстан ауылы, күміс тостағандай дөңгеленген Ақшасор, қарақошқылдана дөңкиген Қарақалпақ тауы, басында көне қорым «Хан сүйегі» орналасқан, Көкшетауға қарай көлбей созылып барып, құрақ көрпенің бедеріндей егістік алқабымен астасқан кесенелі төбе.

Қазақ хандығы тарихындағы аса көрнекті билеуші, мемлекетшіл тұлға Абылай ханның мұрагері Уәли хан мәңгілік тыныс тапқан қыр басындағы қызыл кесене – осы өлкенің қатпарлы тарихының куәсі іспетті. Ел мен жердің тарихы – қашан да тұтас. Көкшетау өңіріне, Қазақстан аулына жасаған сапарымызда бұған анық көз жеткізе түскендейміз. Ел мен жердің, ондағы белгілі тұлғаларға қатысты арғы-бергі тарихты дамыл-дамыл санада жаңғыртып, бүге-шігесін түгендеп отыруды қажет етеді. Бұл жазба осы жолда аз да болса кәдеге жарап жатса, мақсатымыздың орындалғаны болмақ.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар