Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Тұрсынжан Шапай. Күре тамырды іздеу

27.12.2021 1598

Тұрсынжан Шапай. Күре тамырды іздеу

(Оқшау пікір)

Ақынды алғаш ашқан туынды, басқаны қайдам, біздің буын үшін – «Танакөз» болатын.

Ізгілік пен ізеттің байлауында

Мама қаздар самғайтын қойнауында.

Достық атты қазына аралы бар,

Сонау Мақсат тауының жайлауында...

Бір ғажабы, романтикалық пафос дидарында нұр ойнатқан осы поэма Мұхтар Шахановтың поэтикалық программа-кредосы да екен. «Танакөздегі» кейіпкерлер – Танакөз, Мұрат, лирикалық «Мен» ғана емес еді. Дастанның бас қаһармандары – Достық, Махаббат, Сенім, Ізгілік, Адалдық, Қайсарлық, Мақсат, Бақыт болатын. Қазірде ол осынау рухани-адамгершілік шырқау қасиеттердің шын жыршысы екенін, өнердегі асқақ мұратына адалдығын дәлелдеп үлгерген тұлғалы ақындардың қатарында. Өлеңге адалдық – қасиет, ал кредоға адалдық – үлкен азаматтық екенін бүкіл ақындық тәжірибесімен қуаттап келе жатқан дарын.

Алған нысана, кездеген межеге әркім әртүрлі жолмен жетеді. Біреулер екі арадағы әр, жыраны, бөгесін, бұрылыстарды өлең қылмай, туралай тартады. Омбылап жүріп, жолсыздан тете ажыратады. Жол бойы тамаша көріністерден, ойлардан, сезімдерден – жол ләззатынан қағылғанымен тұрмай, бұл сапардың кейде нысанаға тіке тартқанмен, төте шықпай, айшылық алысқа айналып кететіні бар... Енді біреулер оған ақырын жүріп, анықтап басып, межелі биіктің, ақиқаттың жан-жағын айнала шолып, ұзақ тергеп, алыс та болса жақын тараппен, жол-жөнекейгі несібесін де қалдырмай тере-тере жетеді. Қай-қайсысы да түпкі нәтиже мұратты дөп басқанмен, кейінгісінің ақиқатқа ұмтылған ізі өрнектірек, сондықтан да әрекет-қажырының мәндірек, мазмұндырақ көрінуі заңды нәрсе. «Жол-жөнекейгі» олжалардың өзі негізгі идеяның, түп қазық ақиқаттың ажарына шырай қосып, салмақ дарытып тұрмай ма?

Мұхтар таңдаған жол – алғашқысына жатады. Мүмкін таңдамаған – талант табиғаты деген де бар ғой. Оның творчествосы туралы әлі басы ашылмай келе жатқан пікірлердің көптігі (біреулер үшін ол – философиялық арнадағы ақын, енді біреулер үшін – қарабайыр өлеңші), ізгі ниетпен, әділет көзімен қарағанға оны мақтай салудың да, көлеңке тұсын іздегенге жамандай салудың да оңайлығы сондықтан. Және сол пікірлердің қай-қайсысында да шындық барына күмәніңіз болмасын. Оның мың сан оқырманы үшін поэзия қуанышына, талғампаз енді бір жұртшылық үшін таусылмас күдікке айналған творчестволық бітімінің өзі осынау «жақсы», «жаман» қасиеттерінің ішкі шарпысы мен ...жарасымынан тұрады. Бірақ, айтыңызшы, үңіле қарағанға, нақ сол ақ пен қараның тайталасын қай ақынның шығармашылығынан кезіктірмейсіз?

Зергерлік дейміз... Күміске кесте шеккен нәзік зергерлік әрқашан поэзия тудыра бермейді. Поэзия, ей алдымен, ішкі еркіндіктен, рух тәуелсіздігінен жаратылатын құдірет. Осынау еркіндік пен тәуелсіздік оның поэзиясындағы өлең формасынан да көрініс тапқан. Бұл – ақынның қазақ өлеңіндегі кейбір қасаң шарттылықтар шеңберінен шығып, өлең бітіміне демократиялық тыныс, кеңістік, еркіндік әкелген бір жемісті ізденісі еді. Өлең фактурасынан көрінетін сол еркіндік, интонациялық шұғыл бұрылыстар, қара дүрсіндікке жақын қарапайым стиль – дәуір, мезгіл рухынан туған сондай айшықты белгілердің айқын бір көрінісі болатын.

Ақынның көп өлеңдері, сырт қарағанда, тек хабарлама сипатты қарабайыр шумақтардан өрілгендей көрінетіні де рас. Кәдімгі қарадүрсін «прозаизм» андағайлап көзге ұрады. Бірақ, Шаханов стилінің қасиеті де сонда жатыр. Шартты «сұлулықтардан» ада бола тұра, оның көп өлеңдерінде нысанаға тура тартар күлбілтесіз ақындық мінез де, өзіне тым жақын келіп, бүкпесіз сыр ағытқан, жан күнделігін жайып салған алғаусыз жігіттің қарапайым, аңқылдақ ажары да бар. Сонысымен баурайды. Демек, бұл текті қарапайымдылықтың негізгі нысанасы – оқырман жүрегі екені көрінеді. Және осынау қалтқысыз қарапайымдылық көбіне-ақ сол аңсарлы межеден табылып жатады.

М. Шаханов поэзиясындағы осы ерекшелікке – тәптіштелуі міндетті-міндетті емес «ұсақ-түйекті» белден басып алға аса беретін «экспресс» стильге, қажырлы динамикаға ақырын жүріп анық басқысы келетін, бірақ қозғалысынан мимырты, әрекетінен күйбіңі, зерлеуінен керексіз әшекейі кеп, кесіп айтар жерде қибыжықтап, күлбілтелеп, төңіректеп жүріп алатын, емеурін мен тұспалға жол берер тұста төбеден түйіп қалғандай дүңк еткізіп бар-жоғын ақтара салатын олақ өлеңшілер сұмдық көргендей бетінен басатыны әркімге аян. Ақынды шын түсінбейтіндер де, рас мойындамайтын да солар. Мұхтардың оқырмандар алдындағы үлкен беделі де бұл түсінбестікті тереңдете түсуі заңды нәрсе. Бірақ ақынға атақ-абырой әперген – кейбіреулер ойлап жүргендей, әсте оқырман талғамының төмендігі емес. Артистизм деу тіпті қисынсыз, өйткені, артистизм – жалпы өнер табиғатына, соның ішінде, ақындық талант рухына да тән атрибут. Мәселе басқада болса керек.

Поэзияның халықтық кен, масштабта рухани игілікке айналуы, қоғам өмірінің, жалпы болмысымыздың бар сферасын қамтуы, дәуір ырғағы, тіршіліктің сан иірім байтақ ағысы, күрделі заман келбеті, жан-дүние кеңістігінің шексіз ұлғаюы өлең болмысын өзгертумен бірге, оқырман талғамының да барынша кеңеюін, еркіндігін, тіпті біраз жайда жіктелуін (дифференциация) тудырды. Демек поэзия үшін шын кең мағынасындағы «демократиялану» кезеңі келді. Бүгінде оқырманды талғамы жоғары, немесе төмен деп айқын екі лагерьге бөліп тастау – асығыстық. Жақсының өзі қандай әртүрлі болса, мінсіз талғамның өзі неше жік. Мұқағалиды сүйе тұрып, Жұмекенді қабылдай алмайтын оқырманды талғамың таяз деп сөгуге бола ма? Талғам кеңдігі – басқа мәселе. Қадыр мен Тұманбайдың мықтылығын мойындай тұрып, талантын шын құрметтей тұрып, Төлегенге көбірек іш тартатын (немесе керісінше), яғни оның поэзиясын жанына ең жақын деп біліп, өз ақынына есептейтін, арғы-бергі әдебиеттен әбден хабардар, оқырмандық мәдениеті жоғары адамға талғамың тар деп қалай айтамыз. Демек, ақын қанша көп болса, оқырманның да ұжымы тұтас емес.

Көкірегіндегі «өз» оқырманына адал, ал жалпы оқырманына өкпелі ақынның бірі – Жұмекен еді («оқымауға келген шақта бүп-бүтін, түсінбеуге келген шақта түп-түгел»). Бірақ, Абайды ұққан, Қасымды қадірлеген, өзге де көп талантты мойындаған оқырман Жұмекенді неге түсінбесін? Шындығына келсек, ақындікі – жалпы оқырманға емес, эстрадаға деген реніш болатын. Оқырман ықыласының көз алдындағы нақты-затты дерегі (гүл шоқтары, қол шапалақ) мен Жұмекеннің ауыр музасы – «қиыспас жолдар торабында» тұрған екі басқа нәрсе еді. Ол ықылас оқырманның жүрегінен табылатын. Ал эстрадалық типтегі поэзия өмір сүруге әбден хақылы еді де, оның өз тыңдаушысы мен оқырманы (және аз емес) бар-тын. Оның үстіне, Жұмекеннің өлеңін оңаша жайда оқып, Мұхтар жырын тыңдауға сахнаның алдына келіп отыратын оқырманды қайда қоясыз?!

Қысқасы, М. Шаханов «феноменін» оқырман талғамындағы осы сипатты кезеңдік құбылыстар туғызды.

Бұл тұрғыда, ақынның негізгі аудиториясы – жастар. Шығармаларындағы жастық романтика рухы, жас жүрекке өзінің бар құдірет-құпиясымен ашылып, тағдыр болып, мән-мағына сенім болып ұялар, ізгілік болып көктер қастерлі сезімдерге: махаббатқа, достыққа, бақытқа... құштарлық, еркіндік, алғаусыздық, қарапайымдылық – жас қауымға Мұхтарды қалаулы еткен қасиеттердің бір парасы осындай. Осынау қастерлі ұғымдардың аясы да кең, өрісі де биік. Махаббат тек махаббат болып, достық, тек достық болып қалмайды. Ақынның азаматтық, темпераменті соның бәрін Отан деген ұлы ұғымға ұластырып жатыр. Киелі сөзді қайсыбіреулердей орынды-орынсыз жердің бәрінде ұран ғып қадірін кетірмейді. Шахановша, махаббат заңына табынбағандар, Достық атты қазына аралына, Мақсат тауына інкәр болмағандар, опасыздықты бетке соғып, қайсарлықты ту етіп көтермегендер, намысты қасиет тұтып, адалдыққа, шындыққа, бақытқа талпынбағандар, жастық шақта күйіп-жанып ғашық болмағандар, ел тарихын, ерлік дәстүрін құрметтемегендер Отанды сүюге лайық емес. Өйткені:

Достық деген ізгіліктің алаңы,

Оған куә ғасырлар мен замандар.

Отанын да сатып кете алады.

Қиын шақта досын сатқан адамдар.

* * *

Отанының сан ғасырлық байлығын,

Ерлік даңқын, айбынын

Атасының азаматтық шаттығын,

Тереңдігін,пәктігін Және тілін, өнерін,

Ұлы сайын даласының көлемін

Жүрегінде сақтай алмағандарды

Кедей демей не дейміз?

Өгей демей не дейміз?

Отан сүю деген үлкен сезімге ақын осынау рухани өткелек, сындар арқылы алып келеді. Мұхтар өлеңдеріндегі азаматтық тұғыры биік лирикалық қаһарман өзінің кесек пішілген бірегей болмысына қашан да адал. Достық, Махаббат, Сенім... – ақынның поэтикалық эмблемасына айналған ұғымдар. Бүгінде бұл тақырыпқа қалам тартпаған ақын кем. Бірақ оны адамгершілік, азаматтық идеал тұтынған Мұхтар сияқты ақын ілуде біреу.

Ақынның «Күретамырды іздеу» аталатын драмалық дастанында Ақын, Жастық шақ, Бақыт сияқты басты кейіпкерлермен бірге Намыс даусы, Достық даусы, Сенім даусы, Адалдық даусы бар. Бұлардың бір туындыда бас қосуы әсте кездейсоқ емес. Ақынның поэтикалық әлеміндегі күретамыр жүлге, алтын өзек арқау – нақ солар. Мұхтар шығармаларының қай-қайсысынан да сол биік қасиет, асыл сезімдерді күйіп-жанып қорғаштаған азаматтың келбетін танимыз. Лирикалық «меннің» пайымында, өмір сүрудің мәні – осынау ізгіліктерге, үлкен адамгершіліктерге деген құштарлықта. Сүюде. Жек көруде. Қысқасы, тірлік етуде емес – өмір сүруде.

Адамгершілік сферасындағы күретамыр проблемалар шешімін іздегенде ақын позициясы айқын да бірегей, ымырасыз да қатал. Ақын қолданысында «мүмкіндік» деген сөз моральдық-этикалық талаптар деңгейіне меңзер принципті ұғымға айналды. Ақын – максималист. Күлбілте жауап, екіұшты шешім, жалтақтық оған жат. Әйгілі шекспирлік сауалдың ол үшін кесімді бір-ақ жауабы бар: иә, немесе жоқ. Аралық жауап күтпеңіз. Мәселен, «Тоқшылық» өлеңіндегі Бәкір қарттың мінезі ақын позициясындағы осы ерекшеліктен туындап жатыр. Жаңа түскен келіні көшеде жатқан нанды теуіп өткенін көрген қария баласына келінді бүгіннен қалдырмай, қай жерден әкелсең, сол жерге апарып саласың дейді. Былай қарасаңыз, әдепкі мелодрамаға бейімдеу ситуация. Бірақ, өлең көтеріп тұрған проблема сипатына орай, оқырман, қарт сезімін безбүйрек қатігездік деп емес, тоғышарлыққа, парықсыздыққа деген ымырасыздық, әділ үкім, рухани ірілік, мәрттік деп бағалайды.

Дегенмен, ақынды қарабайыр көрсететін де – осы ерекшелігі: адамгершілік позициясының бір жақтылығы, қатал кесімшілдігі, аяусыз үкімшілдігі. Мысалы, махаббатқа опасыздық еткен жан өлуге тиіс (Ғайша»), Әйел болып сұлу болмау – табиғатты алдаумен тең («Әйелдер»). Ақылсыз жомарттың қолы кесілуі керек («Тілек») т. с. с. Адам табиғатының күрделілігін және оны көркемдік тұрғыдан байыптаудың сан алуан тәжірибесі барын еске алғанда, шынында, мұндай біржақтылық, максимализм – көп ретте аңғалдық, та болып көрінуі анық. Бірақ, бұл ерекшеліктің төркіні ақынның адамгершілік үлкен мұраттарында жатқанын ескермесек, әділет болмас еді.

Ал ерекшеліктің өзі кемшілік болып жатса, бұл енді диалектика.

Ақынның азаматтық концепциясына бастар күре жолдың өне бойы өзегінде өріліп жатқан бір арпа – махаббат тақырыбынан бастау алады. Оның түсінігінде махаббат тағдырдың сирек сыйы. Екінің біріне қона бермейтін бақыт. «Махаббат та ұқсайды ұлы дарынға»... Сондықтан осынау мол бақытты, шексіз сыйды, абайламасаң, аяламасаң, қадіріне жетпесең оп-оңай айырылып қалар қазынаны қорғау – ақын творчествосындағы тамырлы идеялардың бірі.

Жүрегіңде ерлік жоқта қорғай алар шаттығың

Махаббат та жоқ күнім!

Мұхтар поэзиясындағы махаббат – азаматтықтың да өлшемі, адамгершілік таразысы. «Жан мен тәннің тізе қосқан ерлігі». Рух салтанаты. Яғни, азаматтығы, «жүрегінде ерлігі жоқ» жан махаббатын да қорғай алмайды. «Жүрегінде байлауы жоқ» жігітті сүйе тұрып, Мәрзия оның өлетініне өкінбейтінін айтып хат жазады («Мәрзия»), Аяусыз. Әділ.

Өйткені, асқақ азаматтық жоқ жерде,

Қайсар сенім жоқ жерде

Махаббат та жоқ жаным!

Лирикалық кейіпкер өзінің жақсы қасиеттерін, азаматтығын, адалдығын, намысқойлығын айтып, өзін-өзі мінездеп әуре болмайды. Ой-арманына, сезім күшіне, әрекетіне қарап бағалайсыз. Айталық, шын сүйген жан үшін сүйген адамының сенімінен қымбат не бар? Ол сенім – ізгілікке талпынған қадамыңа қуат, жүрегіңе жігер берер ғажайып рухани шапағат көзі. Сондықтан:

Ерлік семсе, азаматтық семеді.

Үлкен ерлік үлкен күшке келеді.

Мен сүйетін бір әйел бар, ол әйел

Менде сондай күш барына сенеді! – деген лирикалық кейіпкердің азаматтығына, ірілігіне бірден қол қоясыз. Сенесіз.

Ақынның шартты-мелодрамалық сюжеттерге құрылған жырлары, айталық, «Мен қыз үшін ұялдым», «Ғашықтық ғаламаты», т б., фольклорлық-аңыздық символдарға негізделген өлеңдері («12-3=?», «Еркектер жыры» т. б.), шартты тарихи сюжеттер арқылы өрбитін драмалық дастандары барлық көркемдік олқылық-ерекшеліктерімен қоса алғанда, сол шынайы да терең азаматтық пафосымен баурайды. Осынау әрі олқылық, әрі ерекшелік болып табылатын творчестволық ізденістерімен М. Шахановтың ақындығы бірегей, тұлғасы бүтін көрінсе, ол – ақындық, мұратының мәнділігінде, адамгершілік, азаматтық идеалдарына адалдығында.

Сюжет – ақын толғамына өpic ашар, жыр қанатына серпін берер кілт. Көп өлеңдерге, тіпті көлемді поэмаларға арқау болған қай сюжетті алсаңыз да, шырпыдан тұрғызған ғимараттай кеңістіктегі көлемдік-масштабтық қатынастары мейлінше шартты, детализациядан, нақтылық әсерінен (иллюзия реальности) ада, жалаң схемалық құрылымдарды көрер едіңіз. Тіпті «тарихи» көнелікті заман кейіпкерлерінің өзі бүгінгі өзімізше сөз саптайды. Шындығында, ақын үшін соның бәрі – сюжет те, колорит те, фон да емес, аңсарлы ақиқаттың мөлтек дәйегі, қолға ұстатар затты дерегі ғана іспетті шарттылықтар. Мұхтарда жанды-жансыз табиғат, болмыс құбылыстарының реңін айқындар бояу палитрасы жоққа тән. Ақын лексиконында жұрт білмейтін таңсық сөз де жоқ. Қарапайым әңгімелеу, ауызекі баяндау мәнеріне, газет, публицистикалық мақала стиліне жақын тұстар мол-ақ. («Сөйтіп мына тіршілікке шексіз зиян келтірді», «Махаббатта сезім ғана ойнамайды басты роль» т. б.). Мына бір сөзді ұйқас үшін алғаны, мына біреулерінің басы артық екені, сондай-ақ:

Ұрпақ жоқта тарланың тарлан емес

Арманың арман емес...

Өйткені ұрпақ тағдырынан манызды

Бізге дейін ештеңе болған емес,

Және бізден кейін де болмақ емес!! –

деген сияқты тыңдаушының бір сәттік ықыласына, арзан әсерге есептелген желқабыз «ақиқаттардың» ерсілеу естілетіні көрініп тұр. Ақын ашқан біраз ақиқаттың, өзі шешкен көп түйіннің әлдеқашан ашылған, шешілген, екінің біріне мәлім, екі жерде екі төрт тәрізді жайлар болып көрінері бар. Көп ретте, бұл шынында солай. Осының бәрі Мұхтардың даусы айқын, ажары ашық болғанымен, сыртқы көркі сәлдеу, өрнегі қарапайым музасын одан сайын қарабайыр көрсететін факторлар. Бірақ соның барлығын артығымен ақтайтын, ақтап қана қоймай, оны ақын ретінде дара келбетімен тұлғалайтын сипаттар әлдеқайда мол. Мұхтардың ақындық қажыр-қайраты көбіне ақиқат ашуға емес, көңілі құлаған азаматтық мұратына үйлес белгілі ақиқатты дәйектеуге, оның өміршеңдігіне сендіруге бағытталған. Ежелгі ақиқаттың шаң тұта бастаған айнасын әр кез жаңа уақыт сәулесімен жуып, жарқыратып, жаңа ұрпақ санасында жаңғыртып отыру – қай ақынның да бір парызы болса керек.

Шын сұлулық адам жанының ізгі пернелері мен аңсарларын оятып, толқытса, тебірентсе, әсемдік мұратына құштар етсе, шақырса керек. Мұхтар өлеңінің сыртқы сынынан көрінбеген сұлулық – оның өзегінде, лирикалық кейіпкер жанының тазалығында, жастық рухында, ұмтылыс жігерінде, мұратының асқақтығында.

Мөлдір судың бетіндегі шөп-шалам көзге тез шалынғыш. Айқын ойға, айқын мұратқа құрылған туындының таза тәніндегі бірлі-жарым дақ, та бадырайып айқын тұрмақ. Мұндай тазалық пен айқындықты ақын көкірегінің мол қазынасы тудырады. Айтары жоқ ақыннан ғана арзан ойшылдық, жалған астаршылдық, бос ділмәрлық, бұлдыр өлең шығады. Ал буынсыз тілдің балына батырып берген жұғымсыз «ойдан» жалаңаш ұсынған жарамды уәж әлдеқайда артық.

Қай жағынан келсең де дөп-дөңгелек, кетігін таптырмайтын жылтыр өлең, жылымшы жыр жазу қазір екінің бірінің қолынан келеді. Ал ойынын бар ерісін жасырмай, терең-таяз тұстарын ақтара көрсетіп, адал сырын ақ жарыла бөлісетін аңқылдақ, ақ көйлек ақынды, қарабайыр көрініп қаламын деп жасқаншақтамай, жасырынбай, мол шабыт, қызу жүрекпен еркін төгілетін батыл ақындық Ұжданды әркімнен кездестіре бермейсіз. Мұхтар – сол топтағы ақын.

Қуандықша құйылтып жіберуге де, Мұқағалиша төгілтіп түсіруге де, Қадырша шиырып тастауға да, Тұманбайша мөлдірете қоюға да әбден машықтанып болған қайсыбір өлеңшіге Шахановша жазу түкке тұрмайтындай болып та көрінер. Жазсын. Бірақ сонымен нені дәлелдейді? Мұхтардың өзгеге ұқсамайтын даралығы айқын ақын екенін, Өйткені «Шахановша жазу» дегеннің өзі – анық бір ақындық қолтаңбаның аты емес пе?

Рас, соңғы кездері ақынның шынайы поэзия мен қарадүрсін сөзуарлықтың арасындағы қатерлі межеге тым таяу келетін, тіпті сол жіңішке шектің екі жағында кезек ауытқитын реттері көрініп қалып жүр. Кейде байыпты оқырманның терең сарабы емес, тыңдаушының елгезек құлағы ғана қармайтын аралықта ойлау, дүниенің дидарына тек эстраданың тұғыр-төрінен көз салу жеткіліксіз, әрі ақынды түптің түбінде шығармашылық тұйыққа тіреуі мүмкін жайттар екені поэзия тілеулестеріне біршама алан ойлатқандай.

Осының бәрін мойындай тұрып, мойындалуға тиіс және бір шындық: Мұхтар шығармашылығы бүгінде барша проблемаларымен, адамгершілік, азаматтық, өресімен, көркемдік ізденісінің қайшылықтарымен, қарапайымдылығымен..., қарабайырлығымен, әлсіздігімен, қайраттылығымен... – өзіндік поэтикалық әлем екендігі. Тынымсыз творчестволық қажырымен, ақындық-тағдыр болмысымен:

Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,

Үлкен бақыт табу үшін ғаламда.

Үлкен болып қалу үшім ғаламда,

Үлкен арман керек екен Адамға! – деп, өзі бір кезде ден қойған аңсарлы ақиқатты дәлелдеумен, сендірумен келе жатқан, «жырдың жолсыз жолында» (Қ. Мырзалиев) омбылап, дара із тартып келе жатқан ақын екендігі.

1985 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар