Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Тұнық жырдың тұмасы

24.10.2020 595

Тұнық жырдың тұмасы

Уақыт жүйрікпен жарыса алатын алапат күш биік рухта ғана. Жұмыр жердің үстін тік басып өмір сүрген әр адам өз жанының ұшқынымен адамзат рухының ұрпаққа сәуле берер ұлы шұғыласын сәл ғана молайтса, нұр үстіне нұр болмақ. Бір-біріне жалғасар берік дәстүр, мәнді мұра сол. Осы қасиетті қазынаны төгіп шашпай заман заңғарына шығарар, келешек төріне, алғы күндер биігіне жеткізер шын өнер ғана. Өнердің атқарар міндеті – күрделі де кемел. Таза таланттар маңдайына бұйыратын бақыт, ерекше құбылыс.

Лыпылдап түскеніммен жылдам көзге,

Мен жолдас таба алмадым жырдан өзге.

Қайғыны шабу керек қылышпенен,

Ай-күнің сені аялап тұрған кезде.

Поэзия – өнер өзенінің адуынды бір саласы. Ол уақыт жүрегімен қатар соғып, сол кезеңнің келбеті ғана болып қоймай, жылдармен жаңғырып, тіршілік тынысын байқатпақ. Сол кезеңдегі адамдардың жан дүниесі поэзияда көрініс беріп отырады. Поэзияның көгілдір көктемі, жайдары жазы бар, қыраулы күзі жоқ. Себебі ол мәңгілік жас, жайнаған жасыл. Сондан болар ақынның жосылған жылдармен табан тіреп тартыса келіп, «жүрегім жиырма жасқа кеп, тұрды да қалды жас қоспай» деуі. Тосындау көрінгенмен шынайы. Жылдар жонына шығып суық ызғарға ілінсе де, шоқтай қоздаған ақын жүрегі суымақ емес.

Жылдар жүзін бедерлеп, айқын ізін салса да ақын жаны жалындаған жастық үнінен жаңылмайды. Нәп-нәзік ақын жүрегі өмір тынысын қағылездікпен қабылдамаса жырдың ауылы алыстап кетеді. Әрбір оқырман ойын тап басып, жүрегіне үңіліп, жанын тербеп, сезім шуағына батырса, ақын арманының орындалғандығы.

Тарыққанда табынарым - өлеңім,

Жабыққанда жалынарым - өлеңім.

Барлығы да өлеңімде сақтаулы -

Ақын болып нені айттым мен, не дедім.

Сырлы сезіммен, дүниеге ынтық көзбен қарау – қаламгер жанының жарығы халықтың мәйекті сөз қамбасында қайта өңделіп, санаңа тың қозғау салады. Біз төрге озған қазақ поэзиясының келісті келбетіне көз салғанда Тұманбай Молдағалиев шығармашылығының салтанатты көшіне зер салмай өте алмаймыз. Тұманбай әлемі қазіргі қазақ әдебиетінің сұлу да сазды тарауы деп білгеніміз жөн.

Тұмаш ақын тұп-тұнық лирик. Әлдеқашан оқырманын мойындатқан. Жасынан қалам алып ағыл-тегіл төгілген ақынға өзіне лайық сыйлықтардың берілуі, жалпы ақынға берілген шынайы баға. Ақын жыр бәйгесіндегі ұзақ шабыста өршелене түскен өрен жүйрік екенін байқатты.

«Студент дәптері» атты алғашқы жинағы ақынды болашақ қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі ретінде бірден аңдатты. Оған сол шақтағы жазылған пікір, берілген бағалар айғақ. Тіптен, сол кезеңде Тұманбайлар бастаған бір шоғыр поэзияға жаңаша бетбұрыс, үлкен сілкініс әкелді.

Байыптап қарасақ, ақынның ерте жетіліп, қанаттанғанын байқаймыз. Ерте есейткен өмірдің өзі, сұрқай жылдар, екіншіден талант кесектігі деп білеміз. Кесек талантта балаңдық жоқ. Өмір жайлы толғау жарқын бояумен әрқашан әдемі сурет салу емес. Өмір жайлы терең толғап, сыршылдық танытқан кейбір жас таланттарды жасына қарап бағалауға болмайды. Айталық, Абай «Сап, сап көңілім, сап көңілім» деген өлеңді бозбала шақта жазғандығын, Ю.Лермонтовтың тұңғыш өлеңдерінің бірі өлім жайында екенін біле бермейміз.

Тұманбай – жастықты жарқырата жырлаған ақын. Жастық кезеңдері, жылдар бедері – бұған дейін ақындардың бірқаншасы ат ізін салған жайдақ тақырып. Ешкімде айналып өте алмайтын әдеткі өткелге Тұманбай да соғады. Бірақ, көшірмеге салып ескі сүрлеумен өте шықпай өзіндік өрнекпен, ерекше мәнермен толғайды. Салмақты, салихалы жырлайды.

Жалпы ақын жырлары кешегі майдан тақырыбын, адамдардың ауыр тағдырын жетімдік күндерді, студенттік шақ, жас дәурен, азаматтық кезеңге дейінгі өмір бейнесіндей. Ақын өмірі өз қатарластарының өмірімен үндес. Тұманбай шығармашылығының қызығы – өз айналасы. 40-жылдардан кейінгі өмірін көрегендікпен, кемелдікпен жырлады. Қайсы өлеңін оқысаңыз да егіле отырып, өршілдік байқататын биік рухқа толы сарын еседі.

Ол тумысы бөлек, тауқыметті тағдыр арқалаған шын ақын. Ақын көңілінің көкжиегі кеңіген сайын, көк жүзі биіктей түссе, өлең тынысы да соғұрлым кең болмақ. Тұманбай бірінен екінші кітабына көшкен сайын өсіп отырған. «Шақырады жаз мені», «Қош көктем», «Жүрегім менің сапарда», «Зулайды күндер», кітаптары оның отыз бен қырықтың ортасындағы биіктері. Әсілі «Зулайды күндер» кітабында Тұманбай халық ақынына айналды. Отты да ойлы жырлары өмірдің өзінен туған. Одан кейінгі кездегі «Махаббат оты сөнбейді», «Хаттар, хаттар», «Мен де жиырма жастамын», жинақтары да тамаша таланттың жарқын қырларын аша түсіп, «Махаббат оты сөнбейді» жинағы ақын талантының молдығын, теңіздей тереңдігін көрсетті. Өзіңді жырлау – өмірді жырлау екенін ұқтыра түсті.

Тұманбай шығармашылығы бай. Тақырып іздеп тарықпайды. Керек болса титтей заттың өзінен үлкен поэзия тудырады. Нағыз талантқа әрбір сәт – өлең. Өмірі – ешкімге ұқсамас өзгеше. Т.Молдағалиев талантының тарландығы да осында. Ол секундпен сөйлесіп, сағатпен сырласады. Сөйте отырып, поэзияның әлеміне еркін еніп, сайрандап жүре береді. Оның жырларын оқып отырып, қуанасың, қайғырасың... Адамға тән күйдің ғажайып сырына қанығасың.

Түбірлі ойдың бетін ғана шалмай, түбіне дейін қопару, жеріне жеткізе айту жалт еткен сезім ұшқынын маздатып өшпес өртке айналдыру - қарымды қаламгерге ғана тән. Ой жұтаңдығы, құр сөз қуушылықтан ада. Тебіреніп жатқан өзендей сыршылдық, әсемдік бар. Бастаған ойын жеріне жеткізе түйіндейді. Алтын өзек бар. Халық жырының қайнарына қанып, бойына әбден сіңіргені байқалады. Поэзия табиғатын дәл танып, әрбір кірпішін қолмен қойғандай келістіріп қалайды. Өлеңдерінің көркем сыры қарапайымдылығында. Қалың бояу мен бөтен сөз кездеспейді. Тағы бір артықшылығы адам жүрегіндегі шындықты бүкпесіз алдыңа жайып салуында.

Жырдағы жымдасқан көркемдік үшін күресіп өткен ақын. Поэзияның жұмбақ күйіне бөлейді. Өлең өрнегін сала бастаған шақтан-ақ өз үнінен жаңылмай, тасбұлақтай тұнық жырмен оқырман шөлін қандырған ақын. Дархан даланы құшағына алып әлдиледі. Әрбір жырынан ұлы жүрекке тән жылы леп еседі. Әр ақын өзінше, ал Тұманбай өлең өрнегін ешкімге ұқсатпай дараланды.

Қаламгер шығармашылығына тән негізгі қасиет – ой тереңдігі. Нені жазса да биіктен жырлайды. Жүрек лүпілін дөп басады. Рухыңды асқақтатар заңғар ойларға жетелейді. Кімнің де болса жүрегін шым еткізіп, жан түкпірін жаңғыртып, ыстық сағыныш күрсінісіне түсіретін өлең адам өмірінің көрген түстей қызықты шағын, балалық дәуренннің қайталанбас күндерін көз алдыңызға келтіреді. Бір қарағанда көзге дараланып, көңілге саралана қоймайтын қарапайым тіршілікті Тұмаш ақын самғата жырлайды. Өмір философиясына айналдырады.

Шығармашылық өсу жолында балдырған балалық, бозбала күн, жайнаған жиырма бес, ордалы отыз, қасқайған қамалдай қырық бәрі-бәрі әртүрлі қырынан танылады. Көңілдегі қуаныш-өкініші де, арман-аңсары да осында. Даланың тынысы мен тіршілігі жанымен жарасым тапқан. Туған жер, аяулы ауылдан бастаған өлең көші біртіндеп алысқа сапарлап, көз жетпес қиырға жол тартады.

Ақынның тақырып ауқымы кең. Жол-сапарларда жазған жырларының өзі де шынайы тебіреніс, шалқыған шалқар шабыт бар. Жұтаң жырлау, жалған таңырқаудан ада. Қарапайым. Ойлы. Көркем. Шын таланттың құдіреті сол қарапайым дүниеден үлкен тақырып алып шығады. Әсіресе, сыртқы табиғатпен адамның ішкі әлеміндегі құбылыстарды қатар беруде өте шебер.

Тілдегі тазалық, ойдағы дәлдік, әуезділік, өлеңнің қорғасындай құйылып түсуі – қаламгер қуатын байқатады. Тұманбай жырлары желмен жарысқан жүйріктей жұтынып, жұп-жұмыр боп келеді. Бөтен сөз, адасқан жолдар кездеспейді. Өлеңдегі толық табиғи тұтастық, түр мен мазмұнның жымдасуы ғажап. Балбұлақтай бұлқынған үні күмістей өлең жолдары оқыған шақта жаныңды баурай береді.

Қанатты қиял, ширыққан толғаныс, шексіз өлең әлемі. Қуған сайын жеткізбес, ашқан сайын таусылмас ой тылсымы, сезім иірімі, көңіл көгі ақын жанының бір сәттік бұлқынысымен астасып барып, шуақты шумаққа, нағыз поэзияға айналмақ.

Өмір өзен. Уақыт толқын. Дүниенің жалғандығын білмей тұрып, жарықты сүю мүмкін болмайды. Өлімді ескере біліп, өмір көшін, жарқын болашақ жолын жырлау – ақындық таза сезім шыншылдықтың айғағы. Жақсылық та, жамандық та ақын жүрегінен өтеді. Сондықтан кілең жарқын жырды талап ету – өлең табиғатын жете түсінбеушілікке саяды.

Ақын мұңаяды, күрсінеді. Сонда да күйреуіктікке салмай мәңгілік күресті, өнер үстемдігін жырға қосады. Тұманбай жырлары көркем. Шеберлік мектебі қалыптасқан. Әр өлеңі жүректің кілтіндей жансарайыңа енеді. Кітапқа енген жырлары тақырып жағынан сан алуан болғанмен үңілген жанға, жалпылай мазмұндық тұтастықты байқауға болады. Әсіресе топтама өлеңдер бір-бірін толықтай келе, тұтас еліміздің картасын құрайды. Туған жердің тау-тасы, өзендері, орманы жамырай жырлап тұрғандай.

Қазақ поэзиясының хас тұлпарларының бірі – Тұманбай шығармашылығы сезіммен соққан биік мұнара іспетті. Өлең өрнегін көркейтуде ақынның еткен еңбегі зор. Ақын өз талантының құнын ешқашан түсірмеді.

Ойшылдыққа бет қойып, өмірді көркем сұлулықпен жырлау – нағыз талантты жанға берілетін енші. Әрбір күнінен өшпес жыр тудырар хас шебер Қасым Аманжоловтың өзгеден оқ бойы озық қасиетімен жақсы таныспыз. Осынау сәйкестік Т.Молдағалиев шығармашылығынан да байқалады. Бағып бажайласақ, сонау сұрқай соғыстың өртіне шалынған жетім баладан бастап, тау тұлғаға айналған ақын өмірінің көріністері көз алдымызға оралады. Әдетте бәріміз назар қойып, ескермейтін сәттер қанатты жыр болып, Тұмаш ақын қаламынан самғап ұшады. Талант бақыты осында жатыр.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар