Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Төреғали Тәшенов. Белгілі кісілердің бекзаттық төбелесі

24.09.2019 2008

Төреғали Тәшенов. Белгілі кісілердің бекзаттық төбелесі

Батырлықтың бәсін бағалау, найза төніп тұрса да, намысын жатқа бермеу, тірі жанға тышқақ лағын босқа жегізбеу – бабаларымыздың мәрттік мінезі, берік ұстанған жолы. Сұлулары сұлулығынан, батырлары күшінен ұялған халық тектіліктің парқын тереңнен өлшеген. Алып күш иелері өзінен төменге, әлсізге, жарлы-жақыбайға тізе батырмаған, алысса да, атысса да өзімен теңдеспен ғана табан тірескен. Алып Қажымұқанның бір шертуінен қалмайтын, Иса Байзақовтан таяқ жейтіні де сол. Оразбайдың Абай өлгенде өкіріп жылайтыны да сол. Ертеде небір дүрлердің атағы шыққан сойларды айшылық жерден іздеп келіп, жүрек түгін, білек күшін сынасатыны да сол. «Ер шекіспей, бекіспейді» дейді қанжарға емес, қамшыға жүгінген халқымыз. Бүгінгідей батыр бір оқтық, қулық сауған, аярлықпен бәйге алған заманда қайран бабаларымыздың қадір тұтқан ірілік, өрлік, серілік, мәрттік қасиетін ұстанбақ тұрмақ, ұлықтаудың өзінен қалып бара жатқандаймыз. Ардақтыларымыз бір жұдырықпен шешілетін мәселеге бола алпыс бет ақ қағазды арзан сөзбен былғайтын болды. Біз осы жоғалып бара жатқан алтынның сынығын, асылдың сарқытын сөз терген, қалам ұстаған қауымның ішінен іздеп едік. Белгілі кісілердің бекзаттық төбелесі деп отырғанымыз сол.

Орыс жұрты Пушкин мен Лермонтовтың намыс үшін өлгенін мақтан тұтады. Маркспен дос болған Энгельс барлық атақ-абырой, дәулет-байлығын жиып қойып: «Мен әуелі еркекпін» деп керек кезінде жалаң қолмен төбелесе кетуден тайынбайды екен. Ел баяғыда «пәленше деген белгілі кісі пәленше деген дәумен жұмыс үстінде жүз шайысып қалып, әлгінің иегінен бір сүйкеп жіберіп, тұрыпты да жүре беріпті» деп әңгіме ететін. Қазір ондай әңгімені зиялы қауымның арасынан құлақпен естудің өзі арман. Адам тұрмақ, айуаннан да күш кеткен. Ауылға барсаңыз, шабынған бура, қағынған бұқа көрмейсіз. Бұл да табиғилықтан айырылған, ұсақталған, азған заманның бір көрінісі болса керек. Амалсыз өткенге қайырыласың. Ел аузында Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері, марқұм Сәкен сері Жүнісов пен белгілі ақын, сатирик-жазушы Қажытай Ілиясов жөнінде «екеуі бірін-бірі көрсе болды, білектерін түріп жіберіп, төбелесе кетеді екен» деген әдемі аңыз тараған. Осы сөздің қаншалықты шындық екенін өз аузынан есту үшін біз Қажытай ағамызға хабарласқан едік. Емханада емделіп жатқан Қажекең оның жай-жапсарын телефон арқылы бізге былайша тәптіштеп айтып берді:

– Бәрі қу жанның қам-қарекеті ғой. Қайтып асып-тасқаннан төбелесесің. Бәрі шарасыздықтан, түсініспеушіліктен, өзіңді өзің қорғаудан туады ғой. Мен өзім арғы бетте жүргенде бимен, музыкамен, спортпен, у-шумен айналысқанмын. Елге келген соң да ылғи спортшы мықты жігіттермен, ішкі істер басқармасының офицерлерімен бірге жүріп, солардан неше түрлі көше төбелесіне керек әдіс-тәсілдерді жалықпай үйрендім. Волейболдан ешкімге дес бермейтінімді Үржардағылар әлі ұмытпаған болар. Музыкалық аспаптардың бірнешеуінде құйқылжытып ойнаймын. Музыкалық училищеге емтихансыз қабылданғаныма қарамай, Аягөзде құрылыста еңбек еттім. Басымнан сөз асырмайтын жас кезім. Өлең, фельетондарым бұрқырап облыстық газетке шығып жатады. 1965 жылы ҚазМУ-ге оқуға түсіп, Нұрлан Оразалин, Сағат Әшімбаевтармен бірге жаттық. Жанат Дүкенбаев деген жігітпен бірге оқыдым. Талдықорғандағы «Жерұйық» деген газетте бас редактордың орынбасары болып жұмыс істеді. Қазір – зейнеткер. Сол Жанат қатар қойылған 16 кірпішті қолмен ұрып сындыратын. 1966 жылы 22 ақпан күні филология факультетінде бірге оқитын курстас жігіттер Тастақтағы бір үйді жалдап, отырыс жасады. Сауық кешке қара гармонымды арқалап, мен де бардым. Өзім де өлтіріп ойнайтынмын. Арамызда бірге оқитын екі қыз бар, бірі – Ақсудан, екіншісі – Мақаншыдан. Жігіттердің ішіндегі қара күшке мығымы да, жас жағынан ересегі де менмін, сондықтан екі қыз мені аға әрі пана тұтады (бүгінде ол екі қыздың да күйеулері – ғылым докторлары). Сол екі қызды кеш орталанған соң, өз өтініштері бойынша аялдамаға дейін шығарып салмақ болдым. Қызып алған жігіттердің көзі екі қызға түсіп, арам ойға кетіпті. Мен кедергі келтіріппін. Не керек, ішіп алған жігіттер бізді қақпаның қасында күтіп тұр екен. Екі қыздың ортасында келе жатқан мені біреуі құлаштап тұрып салып кеп жіберді. «Ойнап тұрған шығар» десем, екіншісі де салып өтті. Бір ақын жігіт бар еді, сол: «өлтіріңдер атаңа нәлетті» дейді. Содан кірістім де кеттім. Бас-аяғы 14 жігіт жабылмақ болған екен, бір сағат төбелесіп, соның 9-ын ұрып жықтым. Ертеңіне жігіттердің сабаққа жартысы келмей қалды, жараланған ғой.

ҚазМУ-де жатақханада, 406-бөлмеде 4-5 жігіт бірге жатамыз. Бір күні бір-екі саптыаяқ сыра ішіп келсем, жігіттер есікті ішінен іліп алыпты. Ашпайды. Бәрін алдын ала ойластырып, мені «осы бәле қайтер екен» дегендері ғой. Жарты сағат жалындым. «Мықты болсаң, сындырып кір, біз-ақ төлейік», – деді біреуі. Мені сынамақ. Не керек, есікті ашпаған соң, сыртынан қос аяқтап тұрып бір-ақ тептім. Қарасам, Жанат Дүкенбаев жататын тұстан үш қатар кірпіш, Жұмағали Жұмаділов жататын тұстан екі қатар кірпіш, оған қоса есік кәсек-мәсегімен ұшып кеткен. Бір қабырғаның жартысы түгел жоқ. Үңірейіп тұр. Сарысулық Пернебай Дүйсенбин деген жазушы бар. Жақсы досым, әскерден келген жігіт, өзі қатты ізденіп оқиды. Көрші бөлмеде жататын сол Пернебай менің төсегіме жатып алған екен, сылқ-сылқ күледі.

1967 жылы М.Әуезовтің музей үйінде поэзия кеші болды. Соған мені ақын Марат Отарәлиев алып барды. Жас ақындар кезектесіп өлең оқыдық. Ішінде Төлеген Айбергенов бар, біраз ақындар менің өлеңімді жатып кеп мақтады. Кеш соңында Рахманқұл Бердібаев оқылған өлеңдерді жинап алып қалды. Көп ұзамай, сондағы оқылған өлеңдер, ішінде Жарасхан Әбдірашев, Әбен Дәуренбеков бар, «Қазақ әдебиеті» газетіне бір бет болып шықты. Әбділда Тәжібаев алғысөз жазған менің өлеңдерім де газетке суретіммен шығатын болды. Сонымен, 9 мамыр күні газетке шығады деген өлеңім басылмады. «ҚӘ» газетіне барсам, бөлім редакторы Ізтай Мәмбетовтің орнына жаңадан Сәкен Жүнісов келіпті.

Сәкеннің маған жауап бергісі жоқ. Сөйтсем, Саттар Ерубаев, Қадыр Мырзалиевтерге сыйлық беріліп, Сәкеннің «Жапандағы жалғыз үй» романы бәйгеден қағылып, шекесі тырысып отырған үстінен түсіппін. «Екі түйе сүйкенсе арасында шыбын өледінің» кері болды. «Тәжібаев алғысөз жазса, ол өлеңің басылмайды» деді. «Айыңыз оңынан туып тұр екен» ғой деп едім, «Сен не, әкеңнің үйінде отырғандай кабинетте темекі шегесің?» деп шүйілді. «Сәке, сіз орынсыз тиісіп тұрсыз» десем, дүрсе қоя береді. «Темекі шекпейтіндей, бұл жер әкеңнен қалған хан тағы ма еді?» деп мен де шарт кеттім. Не керек, стол басында жағаласып қалдық, бірақ арамызға адамдар түсіп, ол жолы жұдырық сілтесе алмай, арманда кеттік.

Бір күні газетке берген өлеңдерімді жоғалтып жіберген соң, қайта бастырып әкелдім.

Онан бері де бес ай өткен. Өлеңімнен әлі хабар жоқ.

Ол кезде ҚазМУ-дің 3-курс студентімін. Жасым отызға тақап қалған. Әлі есімде, 1967 жылдың 27 сәуірі еді. Өлеңімнің шығар-шықпасын білмек болып, Жазушылар одағына бардым. Сәкен Жүнісов баспалдақпен төмен түсіп келеді екен. Қызулау көрінді. «Мен сенің әкеңмін» дейді. Онымен тұрмай, қарыжілігімнен ұстап, тізесімен құйрығымнан бір тепті. Мұндай қорлықты көрмеген басым, сол жерде Сәкен ағамды қос аяқтап тұрып бір-ақ тептім... Менің ол кісіні тепкенімді Сансызбай Сарғасқаев, Рамазан Тоқтаров, Зейнолла Серікқалиев, Сәбит Мұқановқа дейін көріп тұрыпты. Не керек, үстімнен акт жасап, оқудан шығарып, жауапқа тартпақшы болды. Үш күн сабаққа бармай, бір үйде тығылып жаттым. Қабдеш беті ауған жаққа қашып кетеді деді ме, мені екі жігітке күзеттіріп, сыртымнан бекітіп қойыпты. Аялдайтын түгім жоқ, шаужайға жармасар әйел, етектен тартар бала жоқ, салт басты, сабау қамшылы кезім. Көп болса абақтыны да бір көріп қайтармын деп, ештеңеден тайынатын түрім жоқ. Қабдеш Жұмаділов араға түсіп, жүгіріп жүріп мен үшін кешірім де сұрайды, айып та тартады. Тағдырымды айтып, оқудан шығармауды да ойластырады. Марқұм Сәкен кейін Қабдешке: «Көзі жаман екен иттің, Қытайда кісі өлтірген бәле емес пе?» депті мен туралы. Өзінің де небір бұзықтық жасағанын айтып, маған кешірім беріпті. Сөйтсем, Сәкен ағам Көкшетауда үш милицияны ұрып жығып, астарындағы мотоциклін тартып алып, Алматыға айдап келген адам екен ғой. Оныкінің қасында менікі әншейін жай нәрсе екен.

Сәкен серінің күші тасып тұратын реті бар болып шықты. 1-ші разрядты боксер, оған қоса самбодан спорт шебері. Бильярд ойнаудың хас шебері. Әнді қалай тамаша айтатын еді, жарықтық. Кейін көрген сайын өз ісімнен ұялып жүрдім. Содан қайтып төбелескен емеспіз. 1970 жылдары өзіне бір жақсы өлең арнадым. Өле-өлгенше керемет сыйластықта болдық. Рухани жағынан да, материалдық жағынан да маған көп көмегі тиді. Турасын айтатын тілді, бетті кісі еді ғой. Әй, өзі де сері десе, сері еді-ау, марқұм!» – дейді Қажекең Сәкен серінің кесек мінез ірілігін сағынып әрі ағынан жарылып.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар