Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Тоқтарәлі Таңжарық. Бұлыңғыр түн хикаясы

13.01.2020 2627

Тоқтарәлі Таңжарық. Бұлыңғыр түн хикаясы

(Әңгіме)

Алматыға он жылдан кейін, жаздың шуақты күнінде, сағат таңғы ондар шамасында келдім. Таксиден Байтұрсынұлы мен Мақатаев көшесінің қиылысынан түсіп қалғаным сол, көліктер ағынының ортасында өзімді бөтен, өгей жандай сезініп, құлазып сала бердім. Студент шақтағы әлдебір көмескі естеліктерді қалпына келтіруге жұлын-жүйкем қанша ұмтылғанымен, шытынаған әйнек секілді бұлыңғыр тарта берді, ненің өзгеріп, ненің бұрынғы қалпында екенін түсіне алар емеспін. Айналама бажайлай қарап мелшиген қалпы біраз уақыт өткізгенімді көліктер сигналы бұзды. Есімді әзер жиып, екі көшенің дәл қиылысындағы ескі ғимаратқа көз салдым. Мен сонда ғана өзімнің қалаға шынымен келгенімді, өзгермеген дүниелердің әлі де барын анық ұқтым: сырты ақшыл, әлде, сұрғылтым екенін айыру қиын ескі ғимарат, екінші қабатқа дейін көтерілетін сыртқы баспалдақ, төменгі қабаттағы дүкен, жертөледегі сауна... Жолдың қарсы жағалауына бағдаршам нұсқаулығы бойынша өттім де, төртінші қабатқа көтерілдім.

– Сәлеметсіз бе!

Ресепшнде егде жастағы әйел отыр екен. Көзәйнегінің астымен мен жақты шолып, аузын болар-болмас жыбырлатты.

– Сіз әлі осында істейді екенсіз ғой...

– «Саған не керек», – оның көкшіл жанарында жылт еткен ұшқын жоқ.

– Бос орын бар ма? Мүмкін болса №7 бөлме керек еді.

– Қанша уақытқа?

Ол еріне, есіней жауап қатты.

– Тәулікке.

– №7 бөлме екі сағаттан кейін босайды. Таң атпастан сылқымын ерткен бір сүмелек жалға алған.

Мен екі сағаттан кейін, яки, түс ауа келетінімді айтып, бөлменің ақысын төледім.

– Жалғыз боласың ба?

– Иә.

– Командировкамен келдің бе?

– Жоқ. Қыдырып... Алматыға келмегеніме он жыл болыпты.

– Сендерді білем ғой, – деді ол қаламымен алдындағы журналын шимайлап отырып, маған қарамастан, – жалғыз боламын дейсіңдер де, тәулік бойы қыз-қырқынды ауыстырып, маза бермейсіңдер.

– Қонақүй сол қалпы екен.

– Жылда ремонт жасамақ боламыз. Жағдай жар бермейді.

– Қалада өзгеріс көп сияқты.

– Не өзгеріс болушы еді. Баяғы тозған қалпы, – деп, құжаттарымды алды да, сәлден соң: – Трамвай жоқ қазір, – деді.

Аңырып қалғанымды байқаған ол көшені нұсқады. Бұл көшелердің сәні трамвайлар еді. Осы қонақүйге келген сайын арлы-берлі тарсылдата жөңкитін №4, №6 трамвайлар маза бермейтін. Кей түндері таң ата шырын сәттерден шаршап-шалдығып, тәтті ұйқыға кеткенде, олардың тарсылы шырт ұйқымызды бұзатын. Біз жек көруші едік. Оны аялай құшақтап, ұйқылы-ояу қалыпта қайтадан нәзік сезім арпалысына түсетінбіз. Мамық та нығыз омырауынан емірене иіскеп, тұла бойынан жүрген дірілді анық сезініп, бақытты бір күйге батар ем...

Дел-сал қалыпта сыртқа шықтым.

Мақатаев бойымен тура тарттым да, Сейфуллин көшесін қиып өтіп, оңға бұрылып, шағын алаңқайдағы кафеге бас сұқтым. Кафе іші қоңырсалқын. Бір бұрышта үш-төрт жігіт отыр. Басқа үстелдерде бірді-екілі адам.

Даяшы қызға:

– Бір шөлмек сыра, – дедім алдыма қойған «менюді» ашпастан.

***

Мен кеш түсе Никольский базарының жанындағы «Нигара» кафесіне ендім. Алакөлеңке. Ішкі залдағы өзім үнемі отыратын орынға жайғастым. Залдың бір бұрышындағы үстелдегі топ жігіттің дауыстары жарқын шығады. Университеттегі лекциялардан жалығып, осында келген бетім. Менің мұндай сәттерде, щаршаған кездерімде ұнататын әдетім – жеке қалу, өзіммен өзім сырласып, әңгіме-дүкен құру. Бала кезден қалған осы бір дағдымды қала да өзгерте алмады...

Салқын сыраны қоңырлатып сіміруге көштім. Әуелі бірер тостағанын көп бөгелмей қылғыттым. Дәмі әуелде су татығандай, жұғымсыз сезілген, біртіндеп бойым балқып, маңдайым жіпсіп сала берді.

Өзіммен-өзім отырып байқамаппын, жігіттер теңселе басып сыртқа беттеп барады екен. Бірін-бірі алқап, қошаметтеп қояды. Сидам, ұзын бойлы қарасұр жігіт қасындағы досын құшақтап, бетінен әлсін-әлсін сүйе берді. Оның бұл әрекетінен ыңғайсызданған досы: «Сен мас болсаң елдің бәрін аймалайсың да жүресің», – дер ыржалаңдаған. Көп кідірместен топырлап қайта оралды. Үндері енді анық естіле түсті. Айналадағы адамдарға назар салмастан даурығысып, кезек бермей сөйлейді. Сонда барып бұлардың жырқұмар жастар екенін түсіндім. Өлең оқуға кірісті.

– Міне, нағыз ақын! – деді біреуі. – Өлең жазсаң, осылай жаз. Мен осындай өлең жаза алмаған соң прозаға ден қойдым.

– Біздің буын қазақ поэзиясына төңкеріс әкеледі. Біз бәрін өзгертеміз!

Өзге үстелдегілердің кейбірі топ жігітке таңырқай қарайды. Жақтырмай отырғандардың да қарасы мол. Оған мән беретін сыңайлары жоқ. Маған жақын үстелде отырған екі қыздың да назары сол жақта. Ақындар әлденеге дауласып, бірін-бірі жоққа шығара бастады.

Әлгілердің шуын музыка үні басты. Екі бойжеткеннің алдында қоп-қоңыр шарап. Қарсы алдымда отырған аққұба, сұңғақ қызға тесіліп мен отырмын. Қоңырқай көзінде ерке шуақ ойнайды. Жанарымыз түйісіп қалды. Мен езу тарттым, ол жымиды. «Сүйкімдісің» дедім көз ұшымен. «Білем...» дейді ол да назырқай. Арбасып отырғанымызды қасындағы қыз да сезсе керек, маған бұрылып, нәзік күлімсіреді.

Жігіттер орындарынан тұрып, далаға беттеген. Орта бойлы біреуі теңселе басып, екі қыздың үстеліне жақындап, «Қалайсыңдар, қыздар?» – деді басын кекжите. Алабұртқан жүзін түсініксіз құштарлық шарпыған. Үнсіздік. Не кетерін, не кетпесін білмей, абдырап қалды. «Өлең оқыңыз», – деді құрбысы. Шайыр махаббат жайлы әлдебір ұзақ өлеңін бастады. Ғашықтықтан өртенген, жолы болмаған, күйзелген, ақыры ішіп кеткен «кейіпкердің» образына еніп, көзін жұмып, тебірене төкті. Оқып болған соң не дер екен деп екеуіне алма-кезек зер салған. «Рахмет». Басқа қолпаш болмаған соң, сыртқа тайды.

Мен қыздарды бірге отыруға шақырдым.

– Ақындар, – деді ол күліп, – қызық жандар.

Құрбысы да бас изеді.

– Қызық түгі жоқ. Олардың ақын екеніне күмәнім бар.

– Неге?

Үндемедім.

– Сіз өлең оқымайсыз ба?

– Оқимын.

– Кімді?

Сынай көз тастаған.

– Мағжанды.

– Оқыңызшы.

– Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да,

Жылы, тәтті у тарады қаныма.

Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін,

Патша тағы, бүкіл дүние малына...

Асықпай, ырғақпен оқыдым.

– Керемет, – деді екеуі қосыла.

– Маған Мұқағали ұнайды.

Оның дауысынан шынайы леп еседі.

«Нигара» кафесінен сыртқа шығарда телефон нөмірін сұрадым.

– Өз нөміріңізді айтыңыз, – деді ол. – Хабарласам...

Сыңғырлай күлді.

Көктем түні жанарыма ұйып, қарауытқан түйсігім әзер қалпына келді. Ай сәулесі бозғылт мұнардан өтіп, асфальтқа көңілсіз шашырайды. Түнгі ызғардан демім бу атады. Олармен қоштасып, Қарасай батыр көшесін кесіп өткенімде, әлгіндегі жігіттердің керілдесіп тұрғанын байқадым. Екеуі жағаласып, қалғандары ажыратып жүр.

– Өлтірем, қаныңды ішем...

– Ей, халтурщик, шаштан қоя бер...

– Өзің халтурщик...

Мен тездетіп такси тоқтаттым.

***

Үш тостаған сыра іштім де, сыртқа беттедім. Мақатаев пен Абылай хан көшесінің қиылысында пәтер жалға беретін бір топ әйел тұр екен. Кілттерін сылдыр-сылдыр айналдырып, «Квартира керек пе, жігітім?» – десті жамырай. Оның көше бойына тоқтаған көліктің терезесінен үңіліп, әлдебіреумен «бағаға» келісе алмай тұрғанын байқадым.

– Пәтеріңіз бос па? – дедім қасына барып.

Бұл кезде машина зырғып кеткен.

– Қай маңдағы?

– Мына маңдағы.

Иегіммен желтоқсан бойындағы үйлерді нұсқадым.

– Бос.

Үшінші подъездбен жоғары көтерілдік. Қаңсырық иіс қолқаны қабады. Қабырғалары шимай-шатпақ жазуға толы. Бойымды пәтерге емес, тура бір жындыханаға кіріп бара жатқандай сумақы үрей билеп алды. Төртінші қабатқа көтерілгенше әзер шыдадым. Ол 17-ші пәтерді ашты. Көзім қарауытып, көлеңкелер үймелеген пәтерге енуге дәрменім жетпей, табалдырықта кідірген қалпы тұрып қалдым, квартирант бибінің сұқтана қараған таңғалысқа толы ишарасынан кейін шарасыз ішке ендім. Кіреберістегі киім ілгіш, асүйдегі тоңазытқыш, шағын үстел, жатын бөлмедегі ескі төсек, бозғылт тыспен қапталған көрпе-жастық, қызыл-ала көрпе, қоңыр шкаф, терезедегі сұрғылт перде, тіпті теледидарға дейін бәз-баяғыдай, еш өзгеріс жоқ.

– «Ештеңе өзгермепті...»

Бұл сөзді ол естіді ме, әлде ішімнен күбірледім бе, өзіме де түсініксіз.

– Сіз де бұрынғыдай сұлу қалпыңызда екенсіз.

Ажары таймаған, қараторы, сұлу келіншек жымың қағады. Мені шырамытқанымен, жыға танымады. Онысына мен де қуандым.

– Қайдам... – деді ол асүй жаққа үңіліп, – қайдам... Қанша уақытқа жалдайсыз?

– Бір тәулік.

– Шуылдап, көрші-қолаңның мазасын алмассыздар.

– Жалғызбын.

– Есікті іліп алыңыз. Бөтен кісіге ашпағаныңыз дұрыс.

– Мазаны алатын ешкім жоқ шығар.

– Мына 16-шы пәтерде бір әйел тұрады. Ұзақ жыл болды. Өзінің аздап ұрттап қоятыны бар. Бір бастаса, салынып кетеді... Ал ішпесе, нағыз сылқымның өзі. Кей түндері осы үйдің есігін қағады екен. Ескерткеніме қоймайды...

– Ол кім?

– Бір әйел... Есінде сәл ақау бар ма деймін. Өзі сұлу. Тұрақты клиенттері бар...

– «Түнгі көбелек» пе?

– Олай деп айтпас ем... пәтер ақысын төлеу үшін... – Үйдің ішін шолып шықты да, есікке таяғанда: – Оны кіргізбеңіз. Шығара алмайсыз. Егер қыз керек болса...

Жанарында лыпыл қаққан ерке толқын жүгіре жөнелді.

– Жоқ. Керек емес.

Ол шығып бара жатып, есікті ашпауымды, көрші әйелді ішке кіргізбеуімді қайталай ыждағаттады.

Үй ішін асықпай бажайлап қарадым. Сырттан кірер есіктің тура қарсысында асүй, онымен жапсарлас шағын бөлме (баяғысындай құлыптаулы), жатын бөлмедегі төсекпен қатар тұрған қоңыр диван – бәрі менің ескі таныстарым секілді, жабырқаңқы, жұпыны қалыпта самарқау мүлгіп тұр. Диванға отырып, елес торлаған әлемге сүңгігендей әлдебір өткен шақтарға ой жүгірттім...

***

Ол үш күннен соң хабарласты. «Нигара» кафесінде жолықтық. Жалғыз келді. Үстінде қып-қызыл көйлек, қызыл туфли, қолында қызыл сөмке.

– Құлпырып кетіпсің!..

Бетінен сүйдім. Сып-сидам тұлғасына аңсарым ауып барады. Аппақ мойнын, жымиғанда бетіне өрнектеле кететін оймақтай шұқырын, жіп-жіңішке қасын, кең маңдайын мейірлене көзбен өптім.

– Рахмет, – дедім оған.

– Неге?

– Сен хабарласпайтын шығар деп ойлап ем.

– Вино ішеміз бе?

– Қалауың білсін.

Үстелге қызыл вино мен бірнеше салат тізілді.

– Сіз тым салқын көріндіңіз.

– Жалғыздықтан болар...

– Қызыңыз жоқ па?

– Болған. Қазір жоқ.

– Мүмкін емес...

Ол қуақылана әрі сенімсіздікпен көз тастады.

– Шын айтам.

– Киноға барғым келеді.

– Баралық.

– «Рэкетирді» мақтап жатыр.

«Целинный» кинотеатрында адам көп екен. Сағат 20.00.

«Қызыл залға» кіріп, киноның басталуын күттік. Ақырын қолынан ұстап ем, қарсылық білдірмеді. Алақаны жып-жылы, жұмсақ. Саусақтарымызды айқастырып, өзіме қарай тартып, самайынан иіскедім. Жарық сөніп, кино басталды. Оны өзіме одан ары жақындатып, маңдайынан сүйдім. Ол «тыныш отыр» дегендей наздана ым қақты.

***

Пәтерден шыққан бетте кафеге оралдым. Атына енді көзім түсті: «Панда». Адам қарасы әлі аз. Бұрынғы орным бос екен. Қарным аша бастағанын сезіп, шашлыкқа және сыраға тапсырыс бердім. Менен бұрын осы бір шағын кафеден орын тепкен жігіттер әңгіменің иіріміне әлі толық ене қоймаған сыңайлы.

Көңілімді біртүрлі мағынасыздық жаулап алды. Ештеңенің мәні қалмағандай қамырықты күйге баттым. Өз ойымды өзім жинақтай алмай әлекпін. Салқын сыраның дәмі де ұнар емес. Су ішкендей сіміріп қоямын. Кафенің ішінде отырған кісілер де өзді-өзімен. Бәрі осы кафеден әлдебір мән іздеп келгендей немесе өздерін жұбатар бірдеңеге құмардай қоңыркөлеңкенің ішінде үнсіздікке батқан. Топ жігіттің ортасындағы ересектеуі баппен сөйлеп, іш пыстырарлық кептен құтылудың амалын тапқандай дін туралы, ағымдар жайында сыздықтатып әңгіме бастады. Мені құрсаған көңілсіздік одан бетер ауырлай түскенін сездім. «Бұдан ары отыру мүмкін емес».

Қонақүйге жеттім. Егде жастағы әйелдің көкшіл жанары қарсы алды.

– Келдің бе?

Сағат 15.00-ді көрсетіп тұр.

№7 бөлмеге бардық. Мұнтаздай етіп тазалапты. Мұнда да бағзы ескілік. Ештеңе өзгермеген секілді. Тіпті, баяғы шақтың естеліктерін қаз-қатар тізіп қойғандай ма-ау... Төсек, көк көрпе, сары перде, қара теледидар, аяққа ілетін ескі сүйретпе.

– Телевизор істемейді.

– Білем.

Бажырая қарады. Көкшіл жанарының тереңіне шөккен беймәлім ыза кірпігінде дір еткендей болды.

Одан шампунь, сабын сұрадым. «Қазір әкелем...». Қайта айналып кіргенде көрші бөлмеден қыздың мауыққан үні естілді.

– Асықпай келгенің дұрыс болды. Әлгіндегілер тағы екі сағат арпалысты... Бірдеңе керек болса айтарсың, – деді шығып бара жатып. – Көршілерің өрімдей жастар...

Мен аялдамастан астыға түсіп, бір құты арақ пен «кола» әкелдім.

Арақты стақанға толтыра құйдым да, қағып салдым. Терезені ашып, көліктер ағылған көшеге қарап сәл тұрдым да, қайта жауып қойдым. Сары түсті пердеден күн шуағы еркін саулайды. Көліктердің тоқтаусыз шуылы тыншыр емес. «Тек трамвай жоқ, – деп ойладым мен. – Олар болса, менің көкірегімнің мұң кеулеген кеңістігін естелікке толтырып, жаныма медеу болар ма еді?». «Бұл ойдың да түк мәні жоқ, – деймін тағы тықыршып. – Бірақ... неге ойламауым керек? Трамвайлар... Сары трамвайлар. Өзім соған отырып көрдім бе? Иә, бір-екі рет. Онда да қайда барғаным есімде қалмапты». Кенет, оны соңғы рет осы қонақүйдің алдындағы аялдамадан шығарып салғаным ойыма оралды. Арамыздағы зілмауыр үнсіздікті бұзып, Мақатаев көшесінен иіндей бұрылған трамвайға мінді де, соңғы орындықтардың біріне отырып, маған қош деместен, жөней берген...

Көрші бөлмеден мәз боп күлген қыздың дауысы естілді, мауқын басып, ыстық құшақтың ләззатына балқып жатқан-ақ болар.

Өзімді қоярға жер таппадым. Соткамды ашып, көңілдірек әуен іздедім. Ешқайсысының ұнар түрі жоқ. Бетховеннің сонаталарын боздатып, арақты ліпілдетіп құйып, өзіме өзім денсаулық тілеп, көмейге лақтырдым. Көзімнен жас бұрқ ете түсті. Беті-қолымды жудым да, тағы да стақанды толтыра жұттым. «Маған не болды?!» Осы сұрақты өзіме қойғаным мұң екен, көкірегім ұлып қоя берді. Өзімді немен жұбатарымды, не үшін жұбатарымды білер хал кемшін. Әлденені ыңылдап, ескі бір әуенді іздегендей болам. Көрпелерді ақтарыстырып, арасынан бірдеңе кезігердей аласұрамын. Мұнымның есі дұрыс жанның тірлігі емес екенін білсем де, ақ жайманы сыпырып, шкафқа тығып тастадым. Қанша жуса да кетпейтін сарғылтым дақтар көңіліме кірбің түсіргендей өзгеше бір сезім лаулады. Көкшіл түсті көрпені үстіме жамылып, жастықты құшақтап төсекке сұлай кеттім де, қайта атып тұрдым. Әуен жұбатпады. Ол қамырықты мұңымды еселеп, одан арман қараңғы түкпірге сүйреп, әлдебір елестер кезген тылсым да үрейлі мекенге жетелеп, иіріміне енген сайын шыңырауды нұсқап, қалықтап ұш дейтіндей... Көршілердің дамылсыз әуейілігі тұрпайы сезілді. Жек көре бастағандаймын. Мені бұл шақтан сырттағы жарық күн құтқарар деп ойлап үлгерместен, сыртқа ұмтылдым.

***

Кинотеатрдан шыққан соң «Нигараға» қарай жаяу аяңдадық.

– Кино ұнады ма?

– Кинодан гөрі, сен ұнайсың.

– Актриса ше?.. Сұлу, иә?..

Сынай қараған.

– Сенің сұлулығың одан гөрі шынайы.

– Шын айтасың ба?

Еркелей күліп, секіре жөнелді де, үш аттам жерге барып, кері бұрылды. Жанарындағы алаңсыз қуаныш пен риясыз бейғамдыққа тәнті көңілім алабұртып: «Адам баласында осындай қамсыз шақтар көп болмайтын шығар»,– деп ойладым мен. Қасына тез адымдап бардым да, оны белінен құшақтап, мойнынан иіскеп, ұзақ тұрдым. Осылай тұра бергім келді. Ешкім бұзбаса екен деп тіледім. Жүрегім лүпілдеп, оның діріл қаққан денесін өзіме жақындата түстім. Ол жүрелік дегендей ишарат білдірді.

«Нигара» кафесінің есігін ашқанда бізге қарай зал толы адамның қызу әңгімесі мен музыка шуы лап берді. Бос орынды әзер таптық. Оған вино, өзіме сыра алдым.

– Билесек қайтеді?

Ол жарқ-жұрқ еткен кең залға өтіп, топ адамның ортасында еркін, ширақ, мұңсыз, пәк қалпында шыр көбелек айналады. Мені иығымен сүйкей өтіп, кері бұрылады да, жанарынан маздаған шуаққа шомдырады. Онысына өзі мәз. Кезек баяу сыңсыған әуенге берілді. Вальс. Біз құшақтаса кеттік.

Түнгі бірлер шамасында тысқа шықтық.

– Бүгін қасымда болшы.

– Үйге қайтуым керек. Ағам мен жеңгемнен ұят.

– Бір сылтау тап.

– Болмайды.

Үйлері сол маңда екен. Қия алмай аз-кем бөгелдік.

Байтұрсынұлы бойымен құлдилап келемін. Оның ерке мүсіні көз алдымнан кетер емес. Нәзік, талдырмаш. «Періште шығар» деймін іштей. Кенет телефоным безілдеп қоя берді.

– Кетіп қалдың ба?

– Жоқ.

– Мен үйге кірмедім...

Қуанышым қойныма сыймай, кері қайттым да, ол қалып кеткен маңға тездетіп жеттім. Жолдың қарсы бетіне өтіп такси ұстап, лезде осы қонақүйге зырладық.

– Бұл жерге жиі келесің бе?

– Бір рет келгем.

Ол ресепшнге жақындамай, баспалдақта тұрды.

Талайымызға орай, №7 бөлме бос екен. Терезесі Байтұрсынұлы көшесіне қараған. Жұқа сары пердеден түскен айдың күңгірт шұғыласы бөлмені өзге түске бояп тұр. Есікті ілместен құшағымыз айқаса кетті. Керегеге сүйенген күйі тәтті бір тылсым шаққа малтыдық. Талдырмаш денесін ақырын сипап, қызыл дүриясын еппен шештім. Сусымалы көйлектің құрсауынан құтылған мінсіз мүсіні ай сәулесімен нұрланып, тек кітаптардан көретін жалаңаш тән бейнеленген картина секілді естен тандырды. Тұла бойын кернеген ыстық алау өртеп барады. Төсекке сүйіскен қалпымызда құлап, шырынға құмар сезіммен тоқтаусыз аймаластық. Омырауынан дамылсыз өбе бердім.

– Сен қандай сұлу едің!

Ол екі көзі жұмылған қалпы үнсіз. Одан арғы қимылға ақырын қарсылық танытатындай.

– Мен пәкпін...

Құлағыма үздіге сыбырлады.

– Мен де...

Ол көзін жұмған қалпы әлсіз күлімсіреді.

Біздің ынтыққа толы сүйісімізден көрші бөлмедегілер әсерленсе керек, қыздың үздіккен үні, жігіттің еркін қимылы «ырғаққа» басты. Босаңсыған сезім қылдары қайта серпіліп, бір-бірімізге орала кеттік...

***

Телефонымда Бетховен боздап тұрғанын «Панданың» алдына қалай жеткенімді аңғармай аңтарылған сәтімде – санамда қиқымдалған уақыт тізбегі қалпына келгендей, бір тыныштық орнағанда барып аңдадым. «Мұнда қалай тез жеттім?» деген ой қиял түкпірінен қанат қақты. Ішке кірсем бе, кірмесем бе?

«Кіргенім дұрыс». Өз орным әлі бос тұрғанын көріп, көңілімде кілкіген кірбең сезім айығып сала берді. Адам бұрынғыдан көбейе түскен. Музыка баяу сыңсиды. «Коньяк, – дедім даяшы қызға. – Бір құтысын». Ол жүзіме ойлана қарап сәл тұрды да, бұрылып жүре берді. Топ жігіттің қарасы молайған. Алтау. Маған жақын үстелге орын ауыстырыпты. Діни тақырыптан әлі ұзамаған.

– Әр адамның өз жыны болады.

– Жын біздің әлемнен тысқары деп естігем.

– Параллель әлемде. Біз олар туралы ойлаған сәтте, ортадағы пердені ысырып тастап, біздің әлемге өтеді...

– Онда бізбен бірге сіміріп отырған болды ғой.

Бәрі қарқылдай күлісті.

– Ішіне жын кірген пенделерді бірден танимын, – деді біреуі. – Олардың аяқтары жерге толық тимейді. Қайда, қашан, қалай жеткендерін аңғармай қалады.

Мен бұл сөзді маған қаратып айтып отырғандай ыңғайсыздандым.

– Интернетте өріп жүр ғой жын шығару туралы.

– Бәріміз барып, тексерілсек қайтеді?

Тағы да ду күлкі.

Мен одан ары тыңдай алмадым. «Осылардың өздері жын болып жүрмесін». Коньяктан екі рөмке іштім де, қалғанын құтысымен алып, сыртқа шықтым.

Қабат үйдің баспалдағымен тез басып, өз пәтеріме жеткенде, 16-шы пәтердің сыртқы есігі сәл ашылып тұрғандай көрінді. Мысықтың мияулаған үні естіледі. Ішке тез еніп, есікті құлыптауға асықтым. Жүрегім тулап, әлдебір қорқыныш лебі кеудемді кезіп кетті.

Бөлмеде терезеден қиыс түскен кешкі шапақ нұрымен алқызыл алау тербеледі. Асүйден коньяк ішерге қажетті жалғыз стақанды әзер таптым.

***

Бір аптадан соң, келесі сенбі күні кешке «Нигарада» жолықтық. Бұл жолы екеуміз де вино іштік. «Тағы да қонақүйге баралық» деген ұсынысым оған ұнамады. Басқа жерді қолай көретінін жеткізді. Біз «Цумға» келдік те, 17-ші пәтерді жалдадық. Пәтер иесі сымбатты, ақ жарқын жас келіншек екен. Екеумізді күліп қарсы алып, «түн тыныштығын» тілеп жөніне кетті. Оған шарап құйдым.

– Өткен жолы неге жыладың? – дедім мен сұқтана түсіп. – Сен жылағанда не деп жұбатарымды білмедім.

– Кешір, – деді ол басын иығыма сүйеп. – Мен солай болар деп ойламаған ем...

– Өкінесің бе?

– Енді одан не қайыр? – Ол күрсінді. – Мен саған барымды сыйладым...

Мұңая төмен қараған. Орындығымды қасына жақындатып, иегін жоғары көтердім де:

– Өкінбе. Біздің бақытты шағымыз енді басталды, – дедім.

– Шын ба?!

– Иә...

– Ішімдікке үйір болма.

– Вино ішуді азайт.

Күлімдеді.

– Көп емес, анда-санда ғана. Жеңгемнен үйрендім. Құрбыларым да бас қоссақ, вино ішеді. Арақ, пиво ішетіндері де бар.

– Шеттерінен сұлу шығар.

– Таныстырайын ба? – томсарып теріс бұрылды. – Сендер, жігіттер, шеттеріңнен сондайсыңдар...

– Бұрынғы жігіттерің де сондай ма еді?

Жалт бұрылды.

– Жігітпен жүрген емеспін.

– Қалжың ғой... Айтпақшы, жасың қаншада?

– 18.

– Қайда оқитыныңды да сұрамаппын.

– Медколледжде. 2-курс.

Өткенде өзімнің Политехта 4-курста оқитынымды айтқанмын. Менің «Ақпараттық технологиялар» мамандығы бойынша білім алып жатқанымды естіген ол қызығып, өзінің сурет салуға ынталы болғанымен, қалаған мамандығына түсе алмағанын жеткізген.

– Ағаң ұрыспады ма?

– Ол үйге қонбапты. Жеңгем ештеңе деген жоқ. Айтпа дедім. Сенбі сайын құрбымның пәтеріне барып тұратынмын. Бүгін де солай баратынымды ескерттім...

– Ақылдым менің!..

***

Масайып қалғандаймын. Бөлмедегі өлі тыныштық еңсемді езе түсті. Көрші пәтерге құлағымды тосқандай болам. Тым-тырыс. Теледидарды қосып ем, быжылдап ештеңе анық көрінбеді. Пәтер ішін қараңғылық кеулеп барады. Коньяктың түбінде қалған жалғыз стақанды құйдым да, лық еткіздім. Ортадағы шағын бөлменің құлпын ұстап, неге бұлай еткенімді өзім де білмеймін, есікке құлағымды төсеп, тың тыңдадым. Қабырғада ілулі ескі сағат болса керек, тек соның ғана тықылы естіледі. Оның тынымсыз тықылы дегбірімді алды. Құлыпты ақырын тартып көріп ем, есікке бекіткен темір шығыршық үзіліп кетті. Есікті ішке итердім де, қараңғылық тұмшалаған бөлмеге қараған беті ұзақ тұрдым. Бөлмені қапырық кернеп тұр. Сағат... Ең алдымен сағатты іздедім. Оң жақтағы қабырғада екен. Тілшіктері қатып қалған. Дыбыс жоқ. «Бағанағы тықыл қайдан шықты?». Бұл бөлме мүлдем терезесі жоқ, үрейлі үңгір іспетті саңлаусыз екен. Есіктен кірген жарық қапасты күңгірт түске бөледі. Сағаттың жүзін шаң басыпты. Қарсы қабырғаға жалаңаш қыздың суреті ілінген. Жанарында әлдебір мұң бар. Сұлулығына мұңдылығы, мұңдылығына сұлулығы жарасымды көрінеді. Ақырын қолымды созып, суретті баппен сипаладым. Екі омырауының ортасындағы оймақтай меңді сұқ саусағыммен айналдырып аз тұрдым. Көз алдыма ол елестеді. Оның да кеудесінің осы тұсында мең бар еді... Төр жақта шағын қара диван тұр. Оған үюлі ескі-құсқы көрпе-жастық. Қарақошқыл түсті кішкене шкафтың үстінде тозған том-том кітаптар, кітаптарды ораған өрмекші торы... Бөлмеден көгерген иіс шығатындай. Есікті асығыс жауып, жатын бөлме мен асүйдің арасында сандалумен болдым. Шкафтарды ақтардым. Қаңырап тұр. Мұнда да ескі көрпе, кір-қожалақ жаймалар... Асүйге қайта кіріп, тоңазытқыштың есігін ашқанымда, жүрек айнытар жағымсыз иіс мүңкіді: жарты нан, аузы ашылған қалбырда шабақ балықтың жұғындысы, пәкеттегі сүт... көгеріп кетіпті. Жуынатын бөлме: ванна жиегінде ақ сабынның жұқанасы. Басқа дәнеме көзге шалынбайды.

Балкон. «Не іздеп жүрмін, не жетпейді?». «Шылым». Таңнан бері шылым шекпегеніме өкіндім. Қалтамнан темекімді алып, тұтаттым да, құшырлана сордым. Бір сәт зіл мұңнан айыққандай, алысқа көз тастап қоямын. Қаланы қараңғылық қаумалап келеді екен. Көше шырақтары, пәтер шамдары жана бастаған. Қарным шұрылдап, басым айнала бастады. Темекі де жұбаныш болар емес.

***

– Әңгіме айтшы, – деді ол албарынды сәттен ес жиғанымызда, – бала кезің туралы.

– Жайлау өмірі қызық па саған? Менің ең ұмытылмас сәттерім, бәлкім, ең бақытты күндерім шығар, жайлауда, уайымсыз уыз дүниеде қалып қойған.

Біз алғаш әр сенбі межелі уақытта кезігіп жүрдік. Ол да жолыққанша асық. Киноға, театрға, яки кафеге баратынбыз. Содан кейін өзіміз бауыр басып қалған қонақүй мен пәтердің біріне бағыт аламыз. Кейіндеп кезіккен бетте тура тартатын болдық. Өзімізге керектінің бәрін дүкеннен ала келеміз. Қонақүй мен пәтердің қайсысын таңдау – оның еркінде. Көңілі қайсысын құп көрсе, мен соған пейілмін. Кейде біз үнемі баратын қонақүйдің №7 бөлмесі бос болмай шығады, ондайда пәтер бибісіне хабарласамыз. Бір аптада қонақүйге барсақ, келесі жолы пәтерге баруымыз мүмкін. Кейде оның қонақүйге барғысы келмей, алдын-ала маған хабарласып, «пәтерге баралықшы», – деуші еді. Енді бірде қатарынан қонақүйді түнемел етеміз...

«Сені сағындым, – дейтін ол мені құшырлана сүйіп жатып, – әзер шыдадым». Алғашқы кездегідей емес, оның өзін менің қасымда еркін сезініп, бар пейілімен еркелей, тәтті қылығын аямай, мені одан ары баурай түсуді мақсат ететіні, сүйген сайын есі кетіп, қиял әлеміне шомып, ынты-шынтысымен берілетіні мені де кездесуге желіктіретін. Тыныштық жайлаған пәтерді өз үйіміздей сезінеміз. Ләззатты, тәтті шақта оның өзін ұмытып, басқа бір әлемде жүргендей балқитынын қызықтаймын. Менің қимылымды тоқтатып, бетіне қарап жатқанымды сезгенде қызарақтап, «саған не болды?» – дер еді...

Ванна, төсек, диван, айлы түндерде балконның өзін қалаған сәтімізде, қалаған ыңғайымызда ләззат мекені етер едік... Оның тұттай жалаңаш шешініп, ай нұры саулаған түндері шынтағын терезе жақтауына сүйеп, маған ереклей күлімсіреп тұрар шағы... Құлыптаулы бөлменің есігіне арқасын беріп, дәл сол пәк қалпында, қос анарын алақанымен жауып, әлдебір ойға шомған бейнесі ұзақ жылдар бойы санамнан еш көтерілген жоқ. Көзімнің объективіне әр қырынан мөрленген сол шақтағы мінсіз мүсінінің мыңдаған суреті сана жадының көмескі түкпірінде әлі де сақтаулы...

Уақыт өте келе бір-бірімізге айырылмастай бауыр басып, кейде аптасына екі рет, кейде күн аралатып жолығатынды әдет қылдық. Мүмкіндігіміз болмай жатса, қонақүй мен пәтерді таңға дейін емес, сағаттап жалдаймыз.

– Маған ұнайды, – деді ол сәлден соң. – Балалық шақтағы бақыт ұнайды...

– Бала кезім, 4-5 жаста болармын, көктемгі қой қырқым кезі. Ауылдан жырақтағы қыстаулықта отырғанбыз. Әкем бір марғау әкеліп берді.

– Марғау?

– Мысықтың баласы. Әппақ. Көзін толық аша қоймаған. Менің сондағы қабағат қуанғаным бір сәт жадымнан өшкен емес. Үйдің ең кішісі едім. Айналада менімен ойнай қоятын бала болмады. Марғауды қолымнан тастамай, мыжғылаймын. Нанның жұмсағы, сүттің қаймағы соныкі. Бірер аптада марғау әлденіп, менімен ойнайтын халге жетті. Оны құшақтап қораға апарып тастаймын да, үйге қарай тұра қашамын, артымнан қуа жөнеледі. Томпаң қағып жүгіргені сондай сүйкімді еді. «Мияулап», соңымнан қалмайды. Енді ойласам, қорадан қорқады екен ғой. Оның сондағы жүгірісін осы күні тек елестете аламын. Ондай риясыз шақты содан кейін көрмеген болармын...

Ол үстіндегі жамылғысын жартылай ашты да, жастыққа шынтақтай жатып, маған «ары қарай айтшы» деп ынтызар әлпет танытты.

– Отар қойды қырқып, жүнін дағарға салып, есік алдындағы үлкен клетке қоятынбыз. Жүздеген дағар. Марғау солардың арасынан тышқан аулайтын әдет тапты. Бұрыш пен қуысты аңду дағдысы. Бір күні сыртқа кетіп, үйге кеш оралдым. Марғау жоқ. Іздемеген жерім қалмады. Әкем «қайда кетер дейсің», – деді, менің жанұшыра іздегенімді байқап. Түнімен ұйықтай алмадым. Ерте тұрып қораны, клетті, үйдің бұрыш-бұрышын түгел шолдым. Жоқ. Үлкендер «ит қуып, талап тастаған шығар» десті. Таңғы шай ішуге отырғанбыз. Кенет әлдеқайдан мияулаған үнді құлағым шалды. Жүгіріп клетке кірдім. Тым-тырыс. Қайта үйге кіргенімде тағы да клет жақтан марғаудың даусы шыққандай болды. Тағы жүгірдім. Дағарлардың арасын қараймын. Табылмады. Бір апта бойы оның дауысын естумен болдым. Кейде клетте ұзақ отырамын. Дыбыс шығармайды. Ал ұзап кетсем, оның мияулаған үні қайта құлағыма жетеді. Үлкендерге «клеттен дауысын естідім» десем: «Іздеме. Елес буып жүр ме сені. Әлдеқашан жемтікке айналды, клетте болса шығар еді көзі бозарып», – деп жекитін. Ал мен оның дауысын анық еститінмін. Ақыры оның үні өшті.

– Қайда кетіпті?!

– Жүннің өзімізге қажетті бес дағарынан басқасын көрпе тігеміз дегендерге үлестіріп берді. Шешем жүнді жуу үшін бір дағарын үй іргесіндегі бұлақ жағасына апарып аузын шешіп, төгіп жатып:

– Ойбұу, құрып қалғыр, мынаны қара. Обал-ай, – деді. Марғау дағардағы жүннің арасына кіріп , қайта шыға алмапты. Бір апта бойы қалың жүнге тұншығып, қиналып жатып жан тәсілім етіпті. Жүгіріп барып марғауды құшақтай алдым да, үй айналып жүгіре жөнелдім. Жүгіріп келем, жылап келем. Шешем әзер қуып жетіп:

– Иістеніп кетіпті, жүгірмек, ауырасың, – деп қолымнан жұлып алды да, ағама беріп, бір шұқырға көміп тастауды бұйырды. Содан ауырдым ғой, тұмау тиді ме, денеме ұшық шықты ма, әйтеуір ыстық жазда селкілдеп жататынмын...

– Обал-ай, – деді ол да көзі жасаурап.

– Менің әңгімелерім осындай. Мұңдылау...

Оның мехрабына басымды қойып, омырауынан иіскеп, төсіндегі меңін сипаладым.

– Ұйықтатшы мені...

***

Көшелер қаңырап қалған секілді, күні бойы тынымсыз сабылған көліктер ызыңы азайған. Қонақүйге әлде үш, әлде төртінші рет келуім болар. Маңдайым тершіп, алқынып әзер жеткендей болдым. №7 бөлмені ақырын аштым. Көршілердің ыңқылы керегені керіп тұр екен. Жастықты құшақтаған қалпы төсекке құладым. Қандай құдірет екені белгісіз, ол, тура соның өзі, бөлмеден ақырын шығып, дәлізде кетіп бара жатты. Аяғын жеңіл басып тыныс алғаны, өзіне ғана тән жұмсақ та жұпар иісі жүрегімді тулатты. Орнымнан қарғып тұрдым да, сыртқа ұмтылдым. Баспалдақпен төмен түстім. Ешкім жоқ. Қарт әйел тосырқай қарап, таңғалыспен аңтарылып тұр. Қайта бөлмеге келдім. Стақанға шүпілдетіп арақ құйдым да, ойланып тұрып қалдым. Тост айтқым келді. «Кімге?» Өз сұрағыма өзім ұялдым. «Денсаулық үшін!». Жоқ. «Достық үшін!». Жоқ. «Махаббат үшін!». Жоқ!.. «Өзім үшін...». Оның да ешқандай жөні жоқтығын ойлап үлгердім. Миымдағы ақпарат «қоймасы» «сен не істеп тұрсың?!» деген сұрақты лақтырды. «Сен не істеп жүрсің?.. Не істеп тұрсың?!» Тост айту қоймалжың ой екенін анық түсіндім, ең дұрысы – ештеңе ойламау. Өз санама өзім тосқауыл қойдым. Арақтың соңғы тамшысы жұтқыншағымнан төмен сырғып бара жатты... Жүрегім лоблып, асқазаным көтерілді. Жуынатын бөлмеге ендім.

***

– Әңгіме айтшы.

– Енді сені тыңдайын. Менікі ауыл, балалық шақ жөнінде ғой, білесің...

– Менде айтар түк те жоқ... Сен айтшы, – деді ол қиылып, құлағыма ыстық демін тигізе сыбырлап.

– Есімде қалғандары мұңды өңкей. Қызық емес.

– Маған ұнайды, сол мұңдылары ұнайды...

Оның жанар шанағы жасқа толыпты.

– Мектепке әлі бармаған шағым. Көктем еді. Марғау өлгеннен кейінгі жыл. Әкем екі күшік әкелді. Екеуі де денесінде қылдай ағы жоқ, көмірдей қара күшік. Менің ендігі ермегім солар болды. Көп өтпей бауырын көтеріп, шұнаңдап, менімен ойнайтын халге жетті. Мен қашамын, олар қуады. Қуып жеткен бойда балағыма жармасады. Еркелегендері ғой. Шәңкілдеп, ызаланғандары, ырылдағандары, мен сүйреткен шүберекті тістелеп, бір-бірімен алысып, ойнағандары әлі көз алдымда. Үйдің алдындағы қой қораға жасырынып, оларды шақырамын. Бірінен кейін бірі кіріп, мені іздейді. Мен қуыстарға, ақырға тығылып, олар тапқанша «кә-кәлап», тығылмашымды жалғастырамын. Едәуір есейіп, қарақұлақтанғанда біреуін аттай қалап, бір туысқанымыз алып кетті. Менің бергім келмеген. Кім тыңдасын, үйшігінен қолына ілінгенін суырды да, қоржынға салып, жирен қасқа атымен кете барды. Сыңарынан айырылған қара күшігімді құшақтап, соңдарынан ұзақ қарадым...

Мен әңгімемді үзіп, оның мамық омырауын алақаныммен ақырын сипадым.

– Жалғастыршы, – деді ол өтініп.

– Аздан соң... Мені риза етсең, айтамын.

Сықылықтай күлді. Біз қас қарая пәтерге енгенде, дала қарақошқыл тартып, аспанды сұрғылт бұлт торлаған-тын. Ашық терезені желемік желпіп, пердені желбіретті де, нөсер құйып кетті. Екеуміз балконға шығып, сыртқа қарадық.

– Жаңбыр... сағындым.

– Нені?

– Ауылымды.

– Ауылың қайда?

– Алыста...

– Барып тұрасың ба?

– Жоқ.

– Неге?

– Ешкім жоқ онда...

– Туған жерің бар ғой.

– Жаңбыр... жиі жауатын еді.

– Мен таудың баласымын. Жазда ашық күннен жаңбырлы күн мол. Жайлаудың рахатын әлі іздеймін. Оқу біткенде ауылға кетемін.

Бетіме таңырқай қараған.

– Жалғыз ба?..

– Әрине, сен екеуміз...

Оны құшақтап, мойнынан сүйдім. Екеуміз терезені жаптық та, ішке ендік.

***

Кафенің іші сыра мен шашлықтың, қуырылған тамақтың иісі мен сарғылтым да күңгірт шырақтардың жарығында маужыраңқы. Баяу сыңсыған әлдебір ән. Менің орным әлі де бос. Даяшыға араққа тапсырыс бердім. Басым зеңіп тұр. Ішуге зауқым жоқ. Десе де, алданыш керек.

Әлгілер әңгімесін сыздықтатып, көр-жерді айтуға кірісіпті. Кафенің аурасы ұнамай тұр. Сырттағы шағын жаздық алаңқайға барғым келген, онда бос орын жоқ екен және машиналардың зуылы ұнамайды. Асқазаным өзіне барған сұйықтықтың бәрін жатырқай бастады ма, алдыма келген арақты жиіркене қарсы алдым. Қарсы алдымдағы үстелде жайқын омырау, жалпақ бөкселі төрт әйел отыр. «Базардың қатындары» деген ойды ойлап үлгерместен, маған қарсы отырған біреуі арбай көз тастап, қутың қақты.

– Мына жігіт жалғыз отыр екен, – деді қасындағыларға мені иегімен нұсқап. Әйелдер бұрыла қарап, жымысқы жымиып: «Бізге келсейші» десті.

Сүлесоқ езу тартып, қажет еместігін айттым.

– Онда сен бар, – деді қасындағылар әлгіге.

– Барсам, барайын, – деп орнынан ауыр көтеріліп, бұраңдай басып, рұқсат сұрамастан орындыққа отырды. Етті-женді демесеңіз, бір кісілік ажары өзіне ұнасымды дерліктей.

– Иә, жігітім, бұл не дерт?! – деді бетіме үңіле қарап бірден.

– Дерті несі?.. Жалғыздық десең жарасады.

– Бәріміз де жалғызбыз. Ана үш қатын да жалғыз. Қайсысы ұнайды?

– Рахмет. Бүгін оңаша отыруды жоспарлап ем.

– Не, сопайып отыру еркек басыңа мін емес пе?

– Кешірерсіз, – дедім сізге көшіп. – Ештеңеге зауқым жоқ.

– Ой, ынжық, – деді ол орнынан тұра беріп. – Сүмірейіп отырысын ұнатпап ем. Зауқым жоқ деп бәлсінеді. Сен керек едің бізге...

Әйелдер шиқылдай күліп, стақан қағыстырды.

***

– Қара күшік тез есейді. Жайлауда тек екі отбасы ғана отыратынбыз. Күнгейі жалама жартас, теріскейі ну орман. Жаз бойы екі үй кезектесіп, бір-бірімізді қонаққа шақырамыз. Ішетініміз тек қымыз. Қымыз ішіп көріп пе ең?

– Иә. Бала кезімде.

– Қымызға қызған рахат қой. Үлкендер балаларды мас қылу үшін қызық көріп, қымыз ұсынатын. Бір шумақ жыр айтады.

– Қандай?

– Мысалы, – дедім мен, – шешемнің үнемі айтатын бір шумақ өлеңі бар еді.

Сарыала үйрек, сары үйрек-оу,

Сары аласы бір бөлек-оу.

Осыншаның ішінде,

Пәленше балам бір бөлек-оу...

Осылай дейді де, көршінің балаларының біріне немесе алыстан келген қонаққа бір кесе қымыз береді. Шарт – біреу. Қымызды алған адам тоқтамай ішуі керек.

– Қызық екен. Қандай уайымсыз өмір.

– Бұл жылдар бойы жалғасқан дәстүр. Осылай күндер өтіп жатты. Көршіміздің әйелі өте қатал кісі еді. Неге екенін, қара күшік, кейін үлкейсе де мен оны «қара күшік» дейтін ем, солардың үй ішінің бәрімен өш болды. Басқа қонақтарға мәу деп үрмейді. Тек көршілер келсе абалап, тұра ұмтылатын. Мұндайда көрші тәтей ернін жымырып, «мына сүмелектің көзін құртыңдар. Көршіге үргені несі?..» – деп тістенетін. Келесі жылы жазда мен жайлауға жай бардым. Бірінші класты тәмамдап, ауылдағы егістің шөбін отауға қатысып, кеш шықтым. Маусымның ортасы еді. Қарағай арасында отыратынбыз. Үйге жете салып қара күшікті іздедім. Үйдегілер: «Көршінің қызын қауып алды, ана қатын кеп ұстатып тұрып сабады. Содан бері жоқ. Көрінбейді», – десті. «Неге сабатасыңдар?!» – дедім мен тұлан тұтып. Сөйттім де, қара күшікті іздеуге кеттім.

– Барма, алысқа кетпе, орманда жабайы шошқа көп, қабандары жарып кетеді, – деді әпекем артымнан айғайлап.

«Кә-кәлап» бүкіл орманды кездім. Өзіміз үнемі жүретін жалғыз аяқ соқпақпен сыңсыған ағаштар арасын кезіп келемін. Орман арасында ойдым-ойдым алаңқайлар көп. Жайлаудың шөбі бойдан асады. Бір заматта шөпті жапырып, маған қарай ұшып келе жатқан әлденені байқадым. Жүрегім зу ете түсті. Қара күшік келді де, менімен алыса кетті. Мен әуелде шошып, тұра қашып ем, қуып жетіп, алдыңғы аяғымен орап, тартып қалғанда, омақаса құладым. Тұра сап, тағы қашып ем, тағы солай істеді. Аздан соң басынан сипап, мойнынан құшақтап, әзер тоқтаттым. Үйге жеткенше шөптің арасын кезіп, жоқ боп кетеді де, баяғысындай атылып кеп, менімен алысады. Жеңімнен тістелеп, аяғымен үстімді тырмалайды. Үш күн бойы бізге ренжіп, орманда жүріпті, бейуаз қара күшігім.

– Сенің әңгімелеріңнің бәрі осындай ма?..

– «Қызық» жері әлі алда...

– Қара күшік жайында ма?

– Иә.

– Айтшы.

– Асықпай айтамын.

– Қазір айтшы.

– «Жалғасы келесі санда».

– Тух. Менің де күшігім болса ғой.

– Мысық пен итті ұнатпаймын.

– Неге?...

– ...

Ол әңгімемді жалғастыруымды өтінген. Мені ұйқы қысып, жонарқамды оған беріп жатып қалдым.

– Жан, бірдеңе айтайыншы...

– Ұйқым кеп тұр.

– Айтайын дегенім...

– Кейін...

***

«Панда» қызып тұр екен. Байырғы орныма жайғастым. Жігіттер сыртта темекі шегіп тұрды.

– Қалайсың, братан?! – деді бірі тілін шайнап.

Мен үндемей өте шығып ем:

– Мынау тағы келді-ей, – деп ду күлісті.

Даяшыға манты және жүз грамм араққа тапсырыс бердім. Топ жігіт ішке енді. Олар да сырадан опа таппаған сыңайлы, араққа ауысыпты. Ішіндегі жасы үлкендеуі өлең оқыды. «Ақындар болды ғой. Бұлар өзгерсейші. Қайда барсам, алдымнан шығады». Осы ойды ойлауымды күтіп отырғандай, бір-бірін қолпаштауға көшті.

– Біз жаңа буынбыз. Біз бәрін өзгертеміз!

– Әлі-ақ әлем Орта Азияға, бізге назар аударатын болады. Құдды латын америкалықтар секілді... топ болып шайқаймыз.

– Бізге енді шегінерге жол жоқ. Бұрынғы сүрдектен бас тартуға тиіспіз. Бізді дәстүрлі әдебиет, кеңестік шеңбер құртты.

– Әдебиет даму үшін жүйе өзгеру керек. Билік... бұлар кеңестік шекпенді теріс аударып кие салғандар... шеттерінен коммунист...

Олардың дабырын музыка дауысы ала қашып, үзік-үзік жетеді.

– Айтыс көресіңдер ме? Обал!.. Соларды әспеттеуді қойған күні поэзиямыз дамиды...

Байыз таба алар емеспін. Мұндай ортада оңаша ойлануға мұрсат кем.

***

Екеуміз бұл жолы көшеде кезіктік. Ол бірден «Нигараға» барғысы келмейтінін айтты. «Не үшін?» деген сұрағыма жөнді жауап қатпады. Өңі солғын. Көңіл-күйі жоқ. Сонда осы «Пандаға» бірінші рет келіп едік. Ол кезде кафенің аты басқа ма еді, білмеймін. Біз сыра алдырдық. «Неге?» – дедім тағы да. «Сұрамашы, өтініш...», – деді ол. Әлденеше сағатты бір-бірімізге томсара қарап, тілдеспей өткіздік. Ол масайып қалды. Шағын кафенің даңғырлақ музыкасы жүйкеме тиіп бітті. Ал ол аяқастынан көңілденіп, «билейікші», – деді. Тар ортада үш-төрт әйел жан-жағына арбай қарап, сылаң қағып жүр.

– Кетелік, – дедім оны ақырын құшақтап. – Сені сағынып тұрмын.

– Қасыңдамын ғой...

– Сонда да... оңашалық керек бізге.

– Саған не керек екенін білем ғой... Содан басқаны ойламайсың сен?..

– Саған не болды?

– Ештеңе...

– Ертек айтып берем...

– Қара күшік туралы айтшы.

Біз пәтерге келдік.

– Жалғастыршы.

– Алдымен...

– Зауқым жоқ. Сен күшігің туралы «ертегіңді» айтып бітір.

– Қара күшік көршілерге одан арман өшікті. Оларды көрген жерден ашуға басып, жалғыз-жарым келсе, үйге жақындатпайтын. Иен тауда екі үй. Бірімізді біріміз шақырмай тұра алмаймыз. Көрші тәтеміз қара итті көрсе, ызбарланып: «Осыдан басқа ит жоқ па?! Не деген жылан шаққыр пәле еді. Алайып қарауын қарашы» деуін қоймайтын. Ақыры...

Ары қарай айта алмай, тамағыма өксік тығыла берді.

– Ақыры, не болды?

– Сол жылы күзде...

– Айтшы енді, – деді ол құтқуырлап.

– Білесің бе, біз жайлауда екі-ақ отбасы отыратын едік қой.

– Оны айттың ғой.

– Сиыр жапалап кетпес үшін киізүйді ағашпен қоршайтынбыз. Күзге салым екінші жұртқа баратын едік. Өте жақын отыратынбыз. Көршіміздің жетім бір қозысы жүретін, өзі қолдан сүт ішіп үйренген, кісі көрсе маңырап, соңынан қалмайтын. Күз кезі ғой...

– Иә, күз екенін де айттың!..

– Сол қозыны қасқыр тартып кетіпті.

– Қасқыр көп пе еді?!

– Біз жайлауда малға қарамайтынбыз. Бір-ақ асу бар еді. Өзге жақтан пенде баласына келу мүмкіндігі жоқ. Жабайы шошқа мен итқұс көп болатын. Жаңбыр жауса, апталап тоқтамайтын. Тұман да бір шөксе, айықпайтын еді. Білесің бе, таудың төбесінен еңіске қарап тұрамыз. Ту шатқалдан аппақ бұлт көтеріліп келе жатады... Әне-міне бізге жетеді. Ақ мамық бұлттың қолжетім жерге тақағанын көзіңмен көріп, оның дәл осы шақта маңдайыңды сипай өтіп кететінін анық сезіп тұру... рахат еді ғой. Сені итеріп, басқа жаққа алып кететіндей балаң қиял сан-саққа жетелеп үлгереді. Бұлт көз алдыңды тұмшалап, қасыңнан өте шығады да, бозғылт мұнар жан-жағыңды қаумалап алады. Бірте-бірте қоюлап, маңайыңды соқыр тұман басады. Түн болса, аттап басу мүмкін емес. Апта бойы айықпайтын кезі болады. Ортасында нөсер құяды... Бірде ашылып, бірде жауып... Күн көтеріліп, тұман сейілгені де қызық. Шатқалдарда, бетегелі ойпаттарда ойдым-ойдым бұлт қалқып қалатын. Нөсерлі түндерде иттер абалап үріп, үйдің айналасынан шықпайтын. Ит дауысымен жартас қоса жаңғырады. Найзағай шатырлағанда бар ғой, зәреміз ұшатын. Нөсердің толассыз құйғаны қара түнді түнекке айналдырып, қорқынышқа бөлеуші еді. Кейбір түндерде абалаған итіміздің үні өшіп, қыңсылап, бұтын құйрығына қысқан күйі үйге кіріп кете жаздайтын. Дәл үйдің іргесін шошқа түртіп кетуші еді. Бұл тұманды, жаңбырлы түндерде болатын оқиға. Сондай нөсерлі апталардың бірінде әлгі жетім қозы жоғалды. Көрші тәтеміз озандап іздеді. Сөйтсек... үйдің маңындағы беткейдің бір қуысында қасқыр тартып кетіпті. Басын құшақтап, аттандаған күйі бізге келді.

– Мұны сендердің мына сумақайларың жеді, – деп, жер тепкілеп пәле салды. Үлкендер оның малға тиіспейтінін, көршінің үйінің маңына аттап баспайтынын қанша айтса да, көнбеді. Ақыры...

– Не болды?! Тезірек айтшы...

– Ақыры екі үй жанжалдаспайық, «көрші ақысы – тәңір ақысы» деді де, қара күшікті «өлімге үкім» етті...

– Не дейді, Құдай-ау...

– Түс әлеті. Екі үйдің еркектері жиналды да, қара күшіктің мойнына жіңішке қыл арқан салып, тура есік алдындағы беткейде өскен жалғыз қарағайға апара жатты. Сен түсінесің бе?.. Менің көзімше асып өлтірді... Шырқырап жылағаныма ешкім пысқырып та қараған жоқ. Арқанның бір ұшын қарағайдың бұтағына ілді де, төрт жігіт аса бір ынтамен тартқылай берді. Ит қыңсылап, қырылдап, аяғын оншақты рет сермеді де, сылқ ете түсті...

– Не деген жауыз еді?! Өңшең жауыз екен ғой...

Ол өксіп-өксіп жылай берген. Мен болсам, сол шақта тыңдаушымды «қызықтыра» түсу үшін олардың итті өлтіріп, өлексесін сүйретіп, жартас басынан шатқалға ағызып жіберіп, дабырласа үйге кіріп, қам-қайғысыз шай ішкендерін, артынан көршілерді шақырып, жырға басып, керден толы қымызды төңкергендерін баяндадым. Бұл жиырма жыл бұрынғы оқиға болғандықтан ба екен, әлде есейіп кеттім бе, әлде осы бір оқиғаны ойламауға тырысып, ұзақ уақыт естен шығарғандығымнан ба, білмеймін, сол түні итті асып өлтірген күнгідей еш азаптанғам жоқ. Жартас басынан түу еңіске көз салып, қара күшіктің өлексесін құмай-құзғындардың шоқып, бір-бірін қаздаңдай қуалап, далбаңдап ұшқандарын күні бойы бақылаған баланы әлдеқашан ұмытып та кеткенмін. Егіз күшіктің есік алдында құлдыраңдап жүгіргендерін ойлаумен ұзақ мезгілдерді өткізген кездердің қай уақытта сап тиылғанын да есіме түсіре алмас едім... Керісінше, осы бір хикаяның куәгері болғанымды мақтан тұтқан әлдебір санасыз тәкаппарлық қиялымды жаулап алды. Соңында оны жұбатқан боп, өтірік есіркеп, қос емшегінің томпиған ұшын мұрныммен түрткіледім...

***

Пәтерге кірген бойда ортаңғы бөлмені – қараңғылық құрсауындағы бөлмені ашқым келді. Аңсарым соған ауды. Жабық. Әлгінде ғана ішін ашып, аралап көрген едім ғой. Құлпы. Сол қалпы, бұзылмаған. Мен өз көзіме өзім сенбей, қаттырақ итеріп көріп ем, қозғалмады. Есікке маңдайымды тіреп, әлденелерді күбірлеп, ұзақ тұрдым. Осы есікке сүйеніп, әлдебір нүктеге қадалған оның бейнесін тірілткім келіп, қанша тырыссам да, ештеңе өнбеді. Басымды, бетімді, иығымды, тіземді ұстап көрдім. Сау екенім анық. Ал бұл бөлме неге жабық? Есігін ашқам. Диван... сағат... көрпе... жалаңаш қыздың суреті... Тағы нелер бар еді? Кітаптар... Өрмекшінің торы. Терезе? Жоқ, терезе болмаған. Бұл не сиқыр? Қойшы, деп жұбаттым өзімді, нем бар онда? Біреудің үйі. Ертең кетемін.

***

Екеуміздің кездесуіміз соңғы уақыттары сирей бастады. Анда-санда, екі апта, кейде үш аптада бір жолығатынды таптық. Менің де, оның да оқуы басталған. Жаздық демалыстағы сайраннан жалыққандаймыз. Оның мені жиі іздейтіні де жүйкеме тиетін. Көр-жерді сылтауратып, кейінге ысыратын едім.

Күздің соңы, қарашаның ортасында «Пандада» жолықтық. Самарқау. Сәл толысып қалғандай көрінді. Жүзі сынық. Мардымды әңгіме айта алмадық. Көп бөгелмей, пәтерге тарттық.

Ол егіліп ұзақ жылады. Жұбатарға сөз таба алар емеспін.

Біз бұл жолы көңілсіз, өте ауыр қоштастық. Маған өзі салған мысық пен күшіктің суреттерін берді. Әппақ қағазға марғаудың және қара күшіктің суретін салыпты...

– Сөйлесейікші...

– Сен үнемі өткенді айтасың, болашақ туралы маған бір ауыз сөз айтқан жерің жоқ. Мен сұрасам, сырғақтайсың.

Сол сөзді айтты да, артына бұрылмастан трамвайға отырып кете барды.

Тілім байланып, қаттым да қалдым.

Бұл біздің соңғы жүздесуіміз деген ой мүлдем болған емес. «Өзі-ақ іздейді», – дедім де, мен де жайыма кеттім.

Арада бір ай өтті. Тым-тырыс. Оны көргім келді. Енді кезіксе ғой, оның мамық төсін аймалап, меңінен сүйіп, балқып бір жатсам ғой деп қиялға берілдім. Телефон көтермейді, SMS жазбайды. Амалым таусылған мен әр аптаның соңында оны «Нигара» мен «Пандадан» күтетінді шығардым. Сенбі күндері түс ауа өзім жалғыз келем де, кафенің оңаша бір мүйісінде барқын сыраны сораптап, түн ортасы болғанша отырар едім. Оны қалайда бір кезіктіремін деген үміт көкірегімде қалықтайтын да тұратын. Кейін ауылға кеттім. Бірер жылдан соң түсімде оның трамвайда кетіп бара жатқанын әлденеше рет көрдім. Иен, қар құрсаған аппақ далада жалғыз өзі, соңғы орындықтардың біріне отырып, әлдебір жаққа кетіп бара жататын. Осы түс өңімде де қайталанатын еді. Күндіз, тапа тал түсте сол бір көріністі тура сол қалпында көретінмін. Аппақ даланы кешіп зымырап бара жатқан сары трамвайдың ішінде алдына әппақ марғауды отырғызып (әлде ақ парақты тізесіне қойып па екен, ол жағы бұлыңғыр еді), алысқа көз тіккен қалпы қимылсыз отыратын... Ояу екеніме күмәнданып, көзімді уқалаған кездерім де көп... Бұл түсімді (әлде өңім бе еді?) зорға ұмыттым.

***

Қонақүйге түн ортасы тағы келдім.

– Саған не болды? – деді әйел. – Бір келіп, бір кетіп. Жын соққандай. Маза бермедің ғой.

Үндеместен бөлмеге кірдім. Көз алдым қарауытып, төсекке отырдым. Жуынатын бөлменің суы ағып тұр екен. Ванна толайын депті. Суды өшірдім де, теңселе басып, қайта сыртқа жүгірдім.

– Әй, жүгірмек... Ұйқы бермедің ғой. Қандай пендесің өзі.

Оның дауысы қаңғырлап баспалдақтар кеңістігінде қалып кетті.

Мақатаев бойымен шығысты бетке алып аз жүргенде, қол ұстасқан қыз бен жігітке қарсы ұшырастым. Олар маған алая қарап, состиып тұрып қалды. Өтіп барып, кері бұрылсам, әлі маған қарап тұр екен. Қыз кенет «баж» етті де, отыра кетті. Мен жүгіре жөнелдім. Сол бойы ешқайда соқпай пәтерге жеттім. Есікті аштым да, кіруге көңілім дауаламай, кері бұрылдым.

«Пандаға» кірейін деп ем, олар жабылыпты. Ақындарды сүйрелеп жүріп шығарды. Аз тұрдым да, қайтадан пәтерге бағыт түзедім. Кафеден әзер шыққан жігіттер ерегесіп, бір-бірімен жаға жыртысып жатқандай көрінді.

Наурызбай көшесін қиып өткенімде, төменнен бақырта құйғытып келе жатқан машина кенет рөлін оңға бұрды да, ағаштар арасына қойып кетті. Авария. Дауысы қатты шыққаны сонша, құлағым бітеліп қалды. Ызғытқан күйі пәтердің подьездіне сүңгідім. Баспалдақпен төртінші қабатқа қалай көтерілгенім есімде жоқ.

Кенет... көрші пәтерден жылаған дауыс шықты. Бірде ышқына, бірде боздай, бірде зар еңіреп... Кейде жоқтау айтқандай сұңқылдайды. Үйдің керегелерін төпештейді. Дүрс-дүрс. Дегбірім қашып, үрей биледі, қайта сыртқа беттедім. Мақатаевқа жеткенімде, Байтұрсынұлы жаққа жүздеген, әлде, мыңдаған ба екен, анығын білмеймін, тобыр бір бағытта ағылып бара жатқанын көрдім. Сілейіп тұрмын. Көзімді уқалап, ұйықтап кетпеген болармын деп, өз қалпымды табуға тырыстым. Екінші жағалауға өтіп, Наурызбайға жете бергенімде адамдар нөпірі маған қарсы келе жатты. «Жол жабық» дедім іштей. Шошығанымнан артқа шегіндім. Безілдеп келе жатып, құлап түстім, ары қарай күңгірт дүниеге малтығып қала бердім. Мұздап жатыр екем, сүйретіле орнымнан тұрдым. Қайда жатқанымды нақтылай алмай, жол жиегінде оң-солыма ұзақ телмірдім. Бұлыңғыр дүние айқындала түсті. Көшеде қаптаған машина. Ю-қию, ызың-шу. Зытқан бойы пәтерге тығылдым. Тек мысықтың тоқтамай мияулағаны болмаса, көршім тыншыпты. Бөлмені өлі тыныштық басыпты. Төсекке сұлай құлап, көрпені орандым. Қалш-қалш етемін. Өнебойым мұздап, тісім-тісіме тимей сақылдайды. Көзімді тарс жұмып, «тезірек ұйықтасам екен» деп тіледім Тәңірден. Естелікке айналған әр секундымды жадымда жаңғыртып, көмескі дүниелерді қайта тізбектеп, ойымды жинақтауға тырысып бақтым. Мен қанша талпынсам да, санам бұлыңғыр тарта берді...

***

Екі шекем лық-лық. Терезеден түскен жарық сәуле көз қарықтырады. Киімім шылқа су. Тұла бойымнан тер саулайды. Орнымнан сүйретіле тұрып, су іштім. Басым қара тас секілді.

Есік тарс-тарс қағылды. Полицейлер екен. Екеу. Ішке енді. Мен сөзге келместен құжатымды көрсеттім.

– Түнімен не істедің?!

– Ештеңе...

– Ештеңе? ! – кекесінмен жымиды.

– Іштім...

– Жай ішкен жоқсың, – деп басын шайқады. – Қаланың алкаголін түгел тауысардай іштің.

– Оны қайдан білесің? – дедім дауысым құмығып.

– Бетіңді жу. Әлі массың.

Мен беті-қолымды жуып, асүйден тағы су іштім. Олар аяқтарын шешпестен, диванға отырыпты.

– Қонақүймен екі ортада түн ортасы ауғанша безілдеп жүрдіңіз, – деді біреуі. – 12 рет. Кемі. Екі орта 1000 метрге таяу. Барғансыз, келгенсіз. Келгенсіз, барғансыз... Сонда 24 шақырымнан артық жол басыпсыз. Рекорд.

– Мұны, – деді екіншісі сұқ саусағымен мені мүсіркей нұсқап, – олимпиадаға апару керек секілді. Өзінің аяғы аяғына тимейді екен.

– Оны қайдан білдіңдер?

– Камерадан. Әр көшенің, әр ғимараттың бұрышына, қонақүйге, керек болса, мына подъезге де видеобақылау орнатылған.

Мен әлдебір қылмыс жасағандай өзімнен өзім күдіктене бастадым. Денемді діріл соқты.

– Басыңыз сынып тұр ма? – деді екіншісі. Үндемедім.

– Киін, – деді қатқыл бұйрықпен тағы бірі. – Бөлімшеге барамыз.

Сыртқа шықтық. Қапырық. Бөлімшеге жеткенше, олар әлдебір әйел туралы айтысты. Сөздерінен 16-пәтердегі сылқым туралы екенін аңғарғандай болдым.

– Кіріп шықпадыңыз ба? – деді рөлдегі полицей ыржыңдап.

– Кезек сенікі еді ғой... – деді қасындағы. – Сымбатты-ақ еді, жарықтық...

– Сау кезінде тартымды еді. Сайқалың жаныңды шығаратын...

Екеуі де күлді.

– Түсініксіз жан еді, – деді сәлден соң біреуі. – Пәтеріне кірсең жаның түршігетін. Шимай-шатпақ суреттермен қабырғалардың бәрін әлеміштеп тастаған.

– Иә... Алғашында сәл қорқатын ем. Кейін бойым үйреніп кетті.

– Ана мысығын айтсайшы, жынға тиетін. Бірде түс мезгілінде келдім. Асығыс ем, шаруамды тез бітірейін деп, кіре салып төсекке алып ұрып, арпалысып жатқанмын. Мысығы көрпені тырмалап, мазамды алды. Мойнынан ұстадым да, лақтырып жібердім. Керегеге соғылып, еденге топ ете түсті. Мияулаған күйі балконға безді. Анау астымнан ытқи шығып, боздап қоя берсін. «Оған тиіспеші, мені өлтірсең де оған тиіспеші», – деп маңдайын жерге ұрып жалынды. Әзер жұбаттым.

– Иә, – деді екіншісі. – Мысығының көзін айтсайшы. Тұздай ғой... Адамға тесіле қарағанда, өңменіңнен өтетін. Мен бір жолы хабарласып ем, «келіңіз», – деді. Алып-ұшып жеттім. Есік ашық екен. Кірсем, үстінде лыпа жоқ, тумбучканың алдында айнаға қарап, өзімен өзі сөйлесіп тұр. Бір үлкен кісі мен баланың суретін айнаға сүйеп қойыпты. Мені көріп шошып кетті...

– Ой, – деді екіншісі тағы да, – мынадай бір қызық болған. Осыдан бес жыл бұрын-ау деймін. Достарыммен тойлатып жүргем. Олар маған: «Қыз керек, сен тапшы. Сендер де көп қой...» деп жабысты. «Қазір...» дедім де, звондап ем, мас екен, дереу кел деді. Түн болатын. Әрқайсымыз үш реттен кірдік. Бәрін мен екен деп ойлапты. Менің атымды айтып: «Сен не деген шаршамайтын айуансың», – деп арқаларын тырнап жата беріпті...

Біз бұлың көшелермен едәуір жер жүрдік.

***

– Сен түнгі сағат 3-тен өте, шамамен 3-тен 8 минут сырғығанда қонақүйден ытқып шықтың. Солай ғой? – деді тергеуші алдындағы компьютерге шұқшиып.

– Мүмкін...

– Мүмкін?.. Алдыңнан екі қыз, бір жігіт жолықты.

– Жоқ, бір қыз, бір жігіт. Ол кезде есімді шала білем. Бірақ бір қыз, бір жігітті анық көрдім.

– Қателесесің, – деді тергеуші нарау қалыпта. – Бір жігіт, екі қыз. Сен олардың ортасын қақ бөліп өттің. Олар саған жақатпай қарады. Кенет қыздың біреуі талып түсті. Сен қаша жөнелдің. Неге?

– Оның дауысы өте қатты шықты. Шошып кеттім...

– Ал талып қалған қыз сенің артыңнан ерген ит пе, әлде, күшік пе, балтырына жабыса кеткенін айтты.

– Мүмкін емес. Менде ит жоқ. Болған емес...

– Итті біз де таппадық. Ол жерде видео жоқ. Бірақ қыздың балтырынан ит тісінің ізі байқалмайды. Сенімсіз...

Ол бетіме тіктеп қарап, көзін тайдырмай, біраз тұрды.

– Наурызбай көшесінен өткеніңде Райымбек даңғылы жақтан келе жатқан джип келіп жол жиегіндегі ағашқа соғылды. Мектеп жасындағы бала қайтыс болған. Әкесі дін аман. Сен тағы да қаштың. Неге?!

Ол бұл жолы түсін суытып, «шындығыңды айт» дегендей нығыздай тіл қатты.

– Қарауға жүрегім дауаламады.

– Шопыр сенің соңыңнан шұбырып өтпек болған қалың мысықты көріп, тежегішті басуға үлгірмей, рөлді оңға қалай бұрғанын білмей қалғанын айтты.

– Мен ешқандай мысық көргем жоқ.

– Мәселенің бәрі сонда. Біз де көрмедік. Видеода бұлыңғыр бірдеңе байқалады. Не екенін біле алмадық. Бақсылығың жоқ па еді? Әлде пері соққан жансың ба?.. Псих больницада тіркеуде жоқ екенсің...

Оның қалжыңдағанын, яки, шын сұрағанын ажырата алмадым.

– Жоқ...

– Үйге келдің де, көп өтпей қайта шықтың. Мақатаев көшесіне барған соң сілейіп тұрдың да, жолдың қарсы бетіне өттің. Кенет шегіндің. Бұрылдың да, зытып жоғалдың.

– Қалың тобырдың ортасында қалдым. Біркелкі қара киінген. Тура маған қарай беттеп келе жатты.

– Мені ақымақ қылып тұрсың ба?! Қайдағы адам? Қайдағы тобыр? Адам түгіл, сапалақ та болған жоқ!

Ол түтігіп, арлы-берлі жүре бастады. Сәлден соң үстелді қолымен тірей, маған үңіле бозарып:

– Айтпақшы, «Панданың» алдында бір топ жігіт төбелескен. Бірінің есі ауып, ауруханада жатыр. Сен қастарынан түк көрмегендей бейғам өтіпсің.

– Білмеймін...

– Неге білмейсің? – деді ол тістеніп. – Сиқырсыма. Шындықты, тек шындықты, не көргеніңді толық айтқаның өзіңе жақсы.

– Олар сол кафеде күні бойы ішіп отырған. Мен кафеден шыққанда керілдесіп тұрғандай болды.

– Енді тек шыныңды баянда, бұл біз үшін өте маңызды әрі өзіңе де көмектеседі. Гостиницадан №7 бөлмені, квартирадан 17 пәтерді жалдағансың. Неге жалғыз өзің, неге екеуін бірдей?..

Түңіліп кеттім. Қалай түсіндірем?

– Бұл 10 жыл бұрынғы әңгіме еді...

– Маған сандырағың қажет емес! Нақты факт, кеше түндегі оқиғаға қатысты аргумент керек. Ұқтың ба?!

Оның даусы өте зілді шықты. Менің қос тізем дірілдеп, көз алдым бұлдыр тарта бастады.

– Бізге осы маңнан үш қоңырау түсті. Талған қыз, авария және естен танған жігіт. Таң ата, бір мезгілде. Үшеуінде де сенің ізің бар. Таңертең төртінші қоңырау безілдеді. 16-пәтердегі әйел, яғни, сенің бір түндік көршің, ол бізде тіркеуде еді, түнде ваннада тұншығып өліпті. Таңертең үй иесі хабарласты. Сенің қандай да бір қатысың жоқ па?!..

Мен естен тана жаздадым.

– Жоқ... Менің қатысым жоқ. Ол түнде шыңғырып жылаған... Қабырғаны төпештеп жатқан. Айналып келсем, тынышталыпты...

– Оны моргке әкетті, – деді полицей. – Басты күдікті сенсің. Егер кісі қолынан немесе қастандықпен өлген болса, шипам бітті дей бер!

– Неге? – дедім мен орнымнан ұшып тұрып. – Менің не қатысым бар?..

– Егер ол өзіне қол жұмсаған болса... сені әурелемейміз.

– Мен оның жүзін де көргем жоқ.

– Жарайды. Сен туралы барлық ақпарат бар. Егер қажет болсаң, шақырамыз. Мәселе мұнымен аяқталған жоқ.

Маған қазірше бос екенімді ескертіп, «кете бер», – деді. Есікке жете бергенімде: «Мынау кім-ей? Жын ба, пері ме? Бас қатты ғой...» – деді серігіне айғайлап. Мен олардан тез құтылуға асықтым.

***

Полиция бөлімшесінен пәтерге жеткенше ұзақ жол жүрдім. Түс пен өңнің ортасында шырмалып, шырма-шату жолдардың қақ ортасында жалғыз қалғандаймын. Көше бойындағы ғимараттар бірде ұзарып, аспанға тірелсе, енді бірде жермен жексен қирап жатқандай елестейді. Дел-сал қалыпта сан мың елестерге бөлшектенген ойымды әзер жинадым. Полицейдің айтқандарына сене алар емеспін. Сенбейін десем, өзімнің де бұлыңғыр көлеңкелер ортасында жүргенімді, ол сәттің түсім емес, өңім екенін анық білемін. Басым зеңіп тұр. Шөл. Тілім аузыма сияр емес. Көше бойындағы шағын дүкенге кіріп, су алып, қылқылдатып түгел жұттым. Маңдайымнан шүмектеген тер жықпылдармен төмен құлдилап, соңыма «із тастап» әлек... Күн бесінге таяпты. Пәтерге кірген бойда заттарымды алып, сыртқа асықтым. Подъезде мысықтың мияулаған үні қалып бара жатты...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар