Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

04.07.2021 1786

Тоғыз перне

АБАЙ. КӨҢІЛІМ МЕНІҢ ҚАРАҢҒЫ

(Дж.Байрон — М.Ю. Лермонтовтан)

Көңілім менің қараңғы. Бол, бол, ақын!

Алтынды домбыраңмен келші жақын.

Ішек бойлап он саусақ жорғаласа,

Бейістің үні шығар қоңыр салқын.

Егер сорым түбімен әкетпесе,

Керек қой көңілді үміт тебірентсе.

Қатып қалған көзімде бір тамшы жас
Төгілмей ме, бой жылып, ол да ерісе?!

Махамбеттің домбырасы

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ. ДОМБЫРА, СЕНДЕ МІН БАР МА?

Домбыра, сенде мін бар ма?
Мінсіз болсаң — тіл бар ма?
Тіл жоқ деуге бола ма
Тілден анық үн барда?
Домбыраның, күші мол
Көмейінде күй барда!
Сылдыр-сылдыр
Cap қамыстан
Төгілді жыр,
Өрді алыстан.
Келді жақын сең қағысқан,
Үн шыкқандай жолбарыстан.
Тұншыкқандай
Өлді арыстан,
Ат шапқандай
Жер қайысқан.
Сыңғырады әсем күй
Қоңыр Балқаш желімен.
Сылдырады қамыстай.
Бірде жуық жеделдеп,
Бірде сарын алыстай.
Бірде жерді су басты,
Сел қаптаған дыбыстай.
Бірде жерді шу басты,
Ұрандаған жарыстай.
Бірде адақтап ақты күй
Ағалаған дауыстай.
Ыңыранып қалды домбыра
Қамыстағы барыстай.
Күй шерінде шек тартты,
Үй найзасы қылтылдап,
Құлақ, түпте — жүректі
Қояр ма екен шаңышпай?

Абайдың тұмар домбырасы

ИСА БАЙЗАҚОВ. ҚАРАШЫ ДОМБЫРАНЫҢ ЕРКЕСІНЕ

Қарашы домбыраның еркесіне,

Исаның шығып алды желкесіне,

Домбыра — екі ішекті, тоғыз перне,

Арқаның кез болдың ғой серкесіне.

Толқынды топшыменен қақ айырып,

Өлеңнің мен жүзейін өлкесіне.

Самғайын қанатымды жел үйіріп,

Қонғандай Оқжетпестің өркешіне.

Динаның домбырасы

ЖҰМЕКЕН НӘЖІМЕДЕНОВ. ДОМБЫРА

Майысып қос шегіңнен күй өткенде,
Ой туар жүрек түгіл, сүйектен де.
Домбырам қайран менің, қайран менің,
Ризамын сені маған сый еткенге.

Қолтықтап көктем келсе жыр-сұлуды,
Ізіне жыр сұлудың гүл шығулы...
Мені де қойдың ақыр жұмбақ қылып,
Күлу мен үйреттің де күрсінуді.

Сырласам көкірегіме сүйеп тұрып,
Жанымның жазығына күй ектіріп.
Ой, арман – екі шегің болсын сенің.
Берейін жүрегімді тиек қылып.

...Күй екен мынау аққан бұлақ десек,
Бұлақтар таудан ғана туад десек,
Ал, кәне, бір тыңдайық домбыраны,
Төсіне туған жердің құлақ төсеп...

Біржан салдың домбырасы

АҚЫЛБЕК МАНАБАЕВ. КҮЙШІ ҚАРТ

Күйші қарт кеуде кере шабыттанып,
Жібергенде қос ішекті қағып-қағып.
Күмбірлеп күңіренген сырлы саздар,
Көңілдің көгін құшты талып барып.


Бес саусақ өрлі-қырлы жеңіл аунап,
Сырғиды пернелерді омыраулап.
Саңқылдап сағыныштың әуендері,
Қиялды жетектейді соныға аулақ.


Ашқандай ақ құшағын сүйікті арман,
Көз жұмып, көп тыңдаушы ұйып қалған.
Жұлқысар шаршы топта палуандай,
Кейбіреу жалаңаштап иықты алған.


Секілді шыңға қонған бала бүркіт,
Біреулер өзеурейді, алабұртып.
Мөлт еткен қос тамшыны көтере алмай,
Майысып айқасады қара кірпік.


Қиқулап, кейбіреулер жанасалап,
Өрекпиді, отырмай тек тамашалап.
Барады баурап алып бар жүректі,
Безектеп, бебеулеген қара шанақ.


Жаныңды сиқырлы бір дауыс арбай,
Ырғақтар бірден-бірге ауысар жай.
Қаз мойын, сал домбыра өксиді-ай кеп,
Саусақтар сырды санап таусыла алмай.


Сағақта тұншығып қап тарпаң бір үн,
Асқақ күй ұқтырады бар паңдығын...
Далама ризамын мен қол басындай,
Ағашына сыйғызған дарқандығын!

Ақан серінің домбырасы

НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ. БҰҒАУДА ҚЫЗЫЛ ТІЛІМ

Сарғая сартап болған сүйегі ыстан,

Мен де бір домбыра едім тиегі ұшқан.

Бұғауда қызыл тілім бұлқынғанда,

Бақсыдай аласұрдым ие қысқан.

Тіршілік кезі келмей сайратар ма,

Мезгілсіз күн шығар ма, ай батар ма?

Қояндай қалтырады қайран өмір,

Жем болған қамаудағы айдаһарға.

Айналам сұстанады шашқан ызғар,

Көрсетпес көктем төбе жатса мұз, қар.

Үсікке ұрынғаным беп-белгілі,

Ақпанда жалаңаяқ басқан із бар.

Теңселтіп алай-дүлей қарлы боран,

Иілді үзілердей тал-бұғанам.

Қосымды қопаңдатып қоймаған соң,

Күнім жоқ қысқа жіппен шандымаған.

Батар ма қаққанменен тоңға қазық,

Ұрыдан үнем болмас қалған азық.

Көпшілік, көңіліңнен шыға алмадым,

Қайттым да асу-асу жолдан азып.

Дамылсыз ебі соқса не қылайын,

Қамқа тон қайдан тауып жамылайын?

Жалт беріп жаламадан, сайға түстім,

Ығысқан аңшы оғынан тағыдайын.

Алдымды аңдамасам жер басам ба,

Ақ қаптал, аяңшылмын мен қашанда.

Тұқымы қаракөктің болғандығым,

Дүбір сап дөңге шықсам анда-санда.

Бұлаңдап, соқпақ қуып құбылмайын,

Тағдырдың өзі табар бір ыңғайын.

Шыңғырып, шырқырайды, шіркін, жүрек,

Қапыда қасқыр тартқан кұлындайын.

Жықса да тарпа бас сап керқұланы,

Естімес ышқынғанын ел құлағы.

Сарқылмас бізбен бірге замананың

Көзінен сорғалаған шер бұлағы.

Қыдырып, қылаң ұрып күндер өтер,

Көрінер көп дүние мүлде бекер.

Жараңа жамау болмас соқыр жармақ,

Қызығы қысқа өмірдің кімге жетер?..

Амангелді Имановтың домбырасы

ЫҚЫЛАС ОЖАЙҰЛЫ. ҚОҢЫР

(Қ.Жантілеуовке)

Қоңыр-қоңыр таулардың

Қолтығынан қой өріп,

Қоңыр үйдің ішінде

Қоңыр салқын ой өріп,

Маңырауық маңдайым

Ой дүретіп неше мың

Жасыл маңдай қыраттан

Жасыл сөз боп есемін.

Жасыл ойым саз еді

Жазиралы жаны ізгі,

Қоңыр сазға гүл атқан

Қара тастың қауызы.

Қайтқан құстың қаңқылын

Өзегіне толтырып,

Тырна жілік, төрт ойық

Сұңқылдайды сыбызғым

Аспан аңқып ауызы.

Мен осылай аңқыдым

Қос ішекке қондырып,

Қоңыр қаздың қаңқылын.

Солқылдатып күй шалған

Әй, шалдар-ай, шалдар-ай

Сезім кешіп неше мың

Керегенің астынан

Күй тұнады күмбірлеп

Ернеуіне кесемнің.

Кім түсінер күй ұқпай,

Бұл пәнидің баянын,

Күймен бірге жөңкідім,

Жерге тимей аяғым.

Жан еріген сол сәтте

Маңдайымнан күн шығып,

Таңдайымда ай туып,

Күй кілкіген кесемді

Ұрттап-ұрттап қоямын.

Қайда кетті сол шағым

Қоңыраулы қоңыр үн?

Қоңырымды жоғалтып,

Тас көшені торыдым.

Жаңбырына жанардың

Омырауым боялып.

Қайнай-қайнай қаңсыды

Алпыс екі тамырым.

Тоғыз перне бетінен

Толқып соққан самалмын,

Толқын-толқын самал боп,

Сағасынан ағамын.

Қос ішектің үстіне

Құс дауысын жусатқан,

Сен аман бол, қоңыр үн

Сен аман бол, шанағым!

Кененнің домбырасы

ҰМТЫЛ ЗАРЫҚҚАН. ДОМБЫРА, СЕН ДЕ ЖЕТІМ, МЕН ДЕ ЖЕТІМ...

Домбыра, қос ішекті ішің қуыс,

қос ішек – бірі ағайын, бірің туыс.

Талдырып дүниенің қос иығын,

қомданып көкірегіме қонды бір құс.

Домбыра, іші қуыс қу ағаш-ты,

қос ішек – бірі ағайын, бірі – Алаш-ты.

Кіндігі кесілместен кері самал,

кірді де керегеден ала қашты.

Домбыра, сен де жетім, мен де жетім,

еңкейіп Ай жуады көлге бетін.

Жұлып ап жапырақтай жүрегімді

мен саған тиек жонып бермек едім.

Қайнатып саған құйған қорғасындай,

сұрланып тұрып алды шың басында Ай.

Шыжғырып содан бері жүрегімді,

бір өксік көмейімде жүр басылмай.

Қу ағаш шерткен сайын шерге қанбай,

келемін қара өлеңді мен де жалдай.

Жалғанның арғы бетін, бергі бетін

қосылып қос ішекке қондыра алмай.

Қос ішек, қоңыр белде тайпалғанын,

қоңыр үн қауызында шайқалғанын.

Өмірге өлең керек дегенменен,

жеткізіп соның бірін айталмадым.

Сазына сырлы әлемнің салар ирек,

мен де бір күй боп ұшқан «Көкала үйрек».

Аңсарын асыл сөздің аңқыта алмай,

отырмын маңдайымды саған сүйеп.

Әбікен Хасеновтың домбырасы

ҚАЙСАР ҚАУЫМБЕК. КҮЙ

Домбыра – құдіретім!!!

Ішектер қояды әнтек діріл етіп.

Киелі саусақтарды, аңсап тұрды,

Күй іздеп, перне бойлап жүгіретін.

Әлдебір әуендердің сезді лебін,

Құмартып құлшынады өз жүрегім.

Шылымын сөндірді де менің ағам,

Ақырын қу шанаққа созды қолын.

Тым баяу күй басталды,

Көңілім кеудеме енді сыймас мәңгі.

Күмбірлеп көкіреім тербетіліп,

Күй болып кетті кезіп күллі аспанды.

Бұлақтың сыңғырындай секілді әуен,

Бұлқынды домбыраның бетінде әлем.

Аһ ұрып әлсін-әлі, әлсін-әлі,

Ұршығын иірді де отырды әжем.

Ақ айдын тербеледі,

Желкені қайығымның желді өбеді.

Қақ тіліп күллі дүние көкірегін,

Жазып жүр қайық тағдыр көлге өлеңін.

Күйшінің жалын лаулап жанарында,

Исініп батады үнсіз дала мұңға.

Сезімнің сел теңізі аласұрып,

Азулы толқындары жағаны ұрған.

Күмбірлі құдіретке мың ойланып,

Күрсінер пенде түгіл құдай налып.

Бар әлем бара жатты көз ұшында,

Әжемнің ұршығындай шыр айналып.

Көктемгі көбелектей көп қыз–үміт,

Көлбеңдеп өте шықты көкті жүзіп.

Шанақта толқын ойнап тұрды дағы,

Ішегі домбыраның кетті үзіліп.

Күй тынды.

Бір нөсерін төкті дала.

Көктем қыз, көз жасыңды көп бұлама.

Күйшінің көкірегін кек буып тұр,

Сен де одан "не күй еді?" деп сұрама!

Көрнекі суреттер ашық интернет көздерінен алынды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: домбыраның шығу тегі, домбыра, поэзия
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар