Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Тыныштықбектің ақындық биіктігі

20.07.2018 2499

Тыныштықбектің ақындық биіктігі

Қазақ өлеңін қадірлейтін оқырмандар арасында Тыныштықбек Әбдікәкімұлы есімін білмейтін оқырмандар кемде-кем шығар. Тіпті жоқ деуге болар. Тыныштықбек өзінің жырларымен қазақ поэзиясына бұзып-жарып кірді де поэзия оқырмандарының санасында өшпестей болып, берік таңбаланып қалды.

Тыныштықбек ақын туралы қазақ әдебиеті алыптарының бірі Әбіш Кекілбаев былай деп жазыпты: «Бұл – менің бұрын-соңды көрмеген де, естімеген де қаламгерім. Өлеңдері көзіме, дәлірек айтсам, көңіліме оттай басылды. Ойыма қай-қайдағы оралды. Көз алдыма нелер келіп кетпеді?... Басқасын қойғанда, ырғағымен, әуезі, көзтастасы мен сөз саптасының өзі талай-талай жайттарды жадыма салды». Бұл әрине, Тыныштықбек ақынға берілген зор баға деп білеміз.

Оқырман қауымға ақын «Ақшам хаттары» («Жалын», 1993, Алматы), «Ыруан» («Атамұра», 2000, Алматы), «Алқоңыр дүние» («Фолиант», 2014, Астана), «Бесінші маусым жұпары» («Атамұра», 2017, Алматы) жыр жинақтарын сыйлап, қазақтың ұлттық дүниетанымы мен әлем халықтарының космогониялық, ғарыштық дүниетанымын үйлестірген «Қас Сақ аңқымасы» (1-кітап, «Елорда», Астана), «Қас Сақ аңқымасы» (2-кітап, «Қазығұрт», 2003) атты еңбектерін жазған.

Тыныштықбек поэзиясының интеллектуалдық болмыс-бітімі өте жоғары деңгейде. Оны түсініп оқу үшін үлкен ой мен сезім қажет!

Тыныштықбек жырларының архетиптік қабаттары өте терең. Оның жырларын түсініп оқу үшін күрделі герменевтикалық түйсік пен көркем эстетикалық даярлық үдесі керек-ақ!

Тыныштықбек жырларынан ой танымы, сезім танымы, жүрек танымы, діл танымы, Ес танымы менмұндалайды. Ал Ес танымы сана иесінің күрделі болмыс-бітімінен хабардар етеді. Ал сана иесінің басында «қош» атты үлкен рухани субстанция болу қажет дейді ақын.

«...Қандай ғажап өн бойыңнан Қош аңқу!

Күннен бе, жоқ күреңіткен түзден бе,

Тану үшінбес қаруың жасанған:

Қош Ес,

Қош Ой,

Қош Сөз,

Қош Іс,

Қош Жүзе!..

Қош Қар Нұрын аяп еді қашан Күн!»

Ақын жырларында «Ес» абстрактілі ұғымнан лирикалық образ табиғатын, болмысын иеленеді. Тыныштықбек жырларында «Ес» «аңқушы ие», «иесі», «ес» категориялары арқылы өрнектеліп, «Естің» шапағы аңқушы иіс тұлғасында бейнеленеді. Ақын осы «аңқушы», «жұпар», «қош» ұғымдарын өзінің «Қазақ иісі» деген топтамасы арқылы ұлттық этномәдени, этномаркерлік болмысын айшықтап, аша түседі.

Тыныштықбек жырларының мифопоэтикасы өзінше жатқан бір әлем. Оның терең қабаттарына бару үшін арнайы үлкен зерттеу қажет.

Поэзиядағы мифопоэтикалық ойлау жүйесінің белгілері мифологиялық санаға, мифологиялық символикаға ұштасып жатады. «Кез келген талантты ақын әлемнің өзіне көрінген бөлшегін тұтас әлемге айналдыруға және сол әлемнің материалынан тек өзінің мифологиясын жасауға мүдделі», - дейді Шеллинг. Мифологиялық символиканы поэзиядағы көркемдік тәсіл деп білуіміз керек. Ал символикалық ойлаудың негізгі құрылым-нысандарына, тіректеріне архетиптер жатады. Көркем шығармадағы, поэзиядағы архетиптер образдық мағына, мәннің ядролары, негізгі тудырушысы, алғашқы болмысы болып табылады.

Әр халықтың салт-сана, әдет-ғұрып, тұрмыс-тіршілігі, наным-сенімі, діни түсінігіне байланысты архетиптер әр қилы мағыналық болмыс пен мәнді иеленеді. «Мифтік архетиптер ешқашан жоғалмайды, тек өзгерістерге ұшырап отырады. Әдеби талдаудың бір міндеті – оларды таба білу» деп жазды У.Б.Фрай.

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы поэзиясындағы мифопоэтикалық ой өлшемдерінде терең сырлар мен мифологиялық символика мен мистикалық элементтер жеткілікті. Ақын жырларында түнгі кезең ерекше бір құпиясы мол тажал болып суреттеледі.

Мына түн қандай суық қорқынышты,

Жүзінде жатқандайсың зор қылыштың...

Миымды бүре-бүре бұлты ажалдың,

Жұртқа еріп,

Мың ластандым, мың тазардым.

Міне, енді...

Қала қара, ай сап-сары,

Сарғайып жалғыз тісі тұр тажалдың.

Өлең жолдарындағы тажалдың сарғайып тұрған жалғыз тісі – ай, ал тажал – түн. Жалпы Тыныштықбек поэзиясындағы архетиптердің көпшілігі шаманды ұғымға қатысты жын, албасты, пері, дию, тажал, әзірейіл, әзәзіл, ібіліс болып келеді.

Ақынның образды әлемін құрайтын архетиптердің кқпшілігі ұлттық тұрмыс-тіршілік, шаруашылықтың негізі болған төрт түлікпен байланысып жатады. Мысалы: «Сөз құлынды, көз боталы», «желге ілесіп қүнұзақ дала кезер, желкілдетіп шудасын түйе-сағым», «Марқа-көңіл маырап болмай қойды, Терезеден ай қарап теке мүйіз», «Не деп саған жазайын қой қоздаған, Таң мөңіреп, аспанда ай боздаған...», «Бүгін аспан боталап, таң тамсанды», «Дем алармын желіні сыздап Таңның, қозы бұлттар жамырап емген кезде», «Ботасынан айрылған боз інгендей, боздайды кеп көшеде боз бағана», «Көгілдір нұр төгіп тұр көкте жұлдыз, Қой көзіндей сәулеге шағылысқан» т.б.

Тыныштықбек ақынның өнерді, жалпы поэзияны үлкен жауапкершілік деп ұғады. Ақындық өнер тылысымын:

Ақын деген – жұмақта да мұң кешу.

Ақын деген – тылсымданған үббе-су.

Ақын деген – ойдың көзі арқылы

Бар тіршілік иесімен тілдесу –

деп бағамдайды.

Тыныштықбек поэзиясы нағыз ұлттық дүниетаным иірімдерімен өрілген. Оның қай-қай өлеңін алмасаңыз, ұлттық жұпар иісі аңқиды. Тыныштықбек поэзиясы – нағыз этнофорлық поэзия! Ақынның өзі де – этнофорлық тұлға! Содан болу керек ақын:

О Жарық Дүние, осылай ғана тұрсаң – құп.

Көкірегімде Өлең көшіп жүр, Қазағымның иісі аңқып! – дейді.

Тыныштықбек жырлары сезімнің ең жоғары кернеуін дөп басады, сөз энергетикасын шебер ойнатады.

«Қызғылт үміт ішінде – көпшіл арман,

Көкшіл арман ішінде – күрең өмір»..

Қалай? Қалай ... ағаң ба?... жұмысында.

Дейді бізге, «тезірек ұғысыңдар».

Алло-ау,

Алла-ау, жауап бер, жалындырма,

Жаным менің тұр қазір сым ұшында!

Ақын дағдылы ұғымдардың орнын ауыстырып, үлкен поэтикалық эффект, әсер туғызуға шебер. Мысалға, «Айдай жарқыраған маңдайыңмен таңдап алып», «Қаздардың қаңқылынан қаймақ жалап», «Түнде сәл Ай сәулесін таңдап алам».

Ақын оқырманын өте биікке қояды. Тіпті оны «Алдияр оқырманым» дейді. Сондықтан да ол:

Өлер болсам, өңменіме сұғылып семсердей мұң,

Сөзден және сенің қолыңнан өлсем деймін, –

дейді.

Ақынның поэтикалық танымының қабаттары тереңде жатыр. Оны көру үшін ерекше таным, сезім, түйсік қажет. Ақын жырларында дерексіз ұғымдар жанданып жүре береді.

Әр лүпілі ділімнің – мәңгілік мұң тарихы.

Сен ғана еститін,

Көре алатын!

Танитын!

Уысына үміттің уыз төгіп фәни Күн...

Елесіңнің ернінен қақ жарылар қара ұйқым!

Тыныштықбектің қай-қай жырларын алсақта, ең алдымен өзі айтатын «көркем де алғыр Тіл» жүреді. Түйіндей айтсақ, салт-дәстүр, әдет-ғұрыппен ұштасып жатады.

Тыныштықбек ақындық өнердің «тылсымданған үббе-суын» мейірі қана іше отырып, поэзия көгінде «сана Абыз» боп қала берері сөзсіз.

Сәбит Жәмбек


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(2)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар