Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы. Ең басты мәселе – Өзтаным

22.11.2018 3159

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы. Ең басты мәселе – Өзтаным

Дәл бүгінгі күн біз үшін үлкен толғаныспен басталды. «EGEMEN QAZAQSTAN» газетінде Президентіміздің «Ұлы Даланың жеті қыры» деген мақаласы шықты. Оны мақала деп емес, Президенттің бұрын жария еткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдармасының парасаттылық негізіндегі басты ұстыны, матрицасы десек те болады.

«Ұлт тарихындағы Кеңістік пен Уақыт» және «Тарихи сананы жаңғырту» атты екі бөлімнен тұратын ол мақаланың алғашқы бөлімі «Ұлы Даланың жеті қыры» туралы баяндаса, екінші бөлімі сол «жеті қыр» феноменнің елдің бүгіні мен болашағына қалайша қызмет етуі жайындағы басты алты тұжырымнан тұрады.


Иә, аталмыш мақаланы оқып шыққан соң, қатты толғанғанымызды жасырмаймыз. Өйткені, ел тәуелсіздігін алған кезеңнен бастап, біз де, өзімізше, Ұлы Даламыз мен Көшпелі Өмір Сүру Салты (КӨСС) және Отырықшы тірлік ету салты (ОТЕС) ғаламаттарының сырына, үңілумен, өзімізше зерттеп-зерделеумен келеміз. Елбасының бұл мақаласының біздегі ой-толғамдарға да, жалпы, сан саладағы ғалымдарымыз бен зиялы қауымның аса көрнекті тұлғаларының Елтану ғылымы жолында өлермендікпен атқарып жатқан шаруаларына да, елдің рухани тірлігіне де өте қуатты серпін берерлік маңызы мен мәнісі айырықша. Кеңістік пен Уақыттағы Ұлт Тарихын, рухани жаңғыру арқылы, барынша кемел тану жолындағы жасампаздық жұмыстарының да осы мақаладан кейін бұрын-соңды болмаған пәрмен мен қарқын аларына сенеміз.


Кеңістік пен Уақыт демекші, бағзы дана баларымыздың дүниетанымы бойынша, Олар мынадай Бестіктің екі алапаты: «ТӘҢІРІ – Эманация – Уақыт – Қозғалыс – Кеңістік.


Жә, айтарға сөз көп. Ең басты мәселе – Өзтаным. Бағзы бабаларымыздың «Өзін таныған – Тәңірісін таниды» нақылынан білетініміздей, Өзтанымның жеке бас үшін де, Ел үшін де, Адамзат үшін де маңызы орасан. «Сөзім – Өзім» (С. Торайғыров) демекші, Өзтаным ғылымы Сөзтанымнан басталады. Сөзтаным – Жазмыштану (Тарихтану). Себебі, кеше ғана отырықшылыққа еріксіз мойынсұнған халқымыздың атамзаманнан бергі генеалогиясы мен тағдыр-тарихы – Ата Тілінде сақталған. Ата Тіл, біз үшін, - ұлттық дүниетаным, салт-дәстүр, тарих, өнер, кәсіп, ғылым, білім, дін. Ол – бүкіл өміріміз. «...Қазақ Тілін білсе еді: ғылым-білім де осында, дін де осында, әулиешілік те осында. Солай болғаны үшін, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз бәрі жақсы болып, әулие болып өтті", "Асылы, Қазақ Тілі – жұмбақ, не айтса, бәрінің шешуі бар, шешуін білуге тырысу керек» дейді әулие Мәшһүр Жүсіп. Қысқасы, Сөзтанымның қамтымайтын саласы жоқ. Ол – Бестаным (Адамтану, Табиғаттану, Күнтану, Ғарыштану, Құдайтану) кілті. Біздің арғы-бергі бабаларымыздың – Сөзді культ дәрежесіне дейін көтергені де содан. «Сегіз тұтам сары садақ секірген аңды сұлатар. Сегіз қырлы өткір Сөз ақырған Ерді құлатар» дейтін де – Қазақ. Енді қараңыз, әлемдік тіл ғылымы мен білімінің бір де біреуінен «Сөздің сегіз қырлы» керемет екендігін таба алмайсыз. Ал, онда – Бестанымға қатысты көнеден келе жатқан керемет философия бар.


Сөзтанымда «Атқа міну мәдениетінің» де өз пәлсапасы бар. Ол ғылым «Адам – сөйлескенше, жылқы – кісінескенше», «Жылқыға бас білдіру», «Қазақ – жылқымінезді» секілді рухани сансыз формулалардан басталып береді. Олар өз кезегінде, Адамдық Рух пен сананың «кентаврлық» (жыртылайадам – жартылайжылқы) сипатын да тамаша ашып береді. Ол да – Адамтанудың ұмытылып кеткен ежелгі бір концепциясы. Адамтануды меңгерудің маңызын «Ес түзелмей, ештеңе де түзелмейді» нақылы паш етеді. Қысқасы, Сөзтаным мен Сөз культінің – Президентіміз баян еткен «Мәңгілік Ел» идеясының басты теориясы әрі Ұлы Даланың басты қыры екені сөзсіз.


Жалпы, біздің Ұлы Дала туралы пайымымыз жарықтық Амантай Айзахметовтың «Біздің Ұлы Дала – әлемдік барша көне патшалықтардың алтын бесігі» деген пікірімен сабақтасып жатады. Мәселен, о кісі бір кітабында Крит аралынан табылған тастағы жазуды «Шеше көрген – тон пішер, Әке көрген – оқ жонар» түрінде оқиды. Ал, біз мұқият қарап, ол жазудың «Шеше көрген ұл – тон пішер, Әке көрген қыз – оқ жонар. Таққа сол лайық» деген сөз екенін анықтадық. Дүниенің басқа бір шетіндегі криттік ол мысал – «Біздің Ұлы Дала – әлемдік барша көне патшалықтардың алтын бесігі» деген тұжырым дұрыстығының бұлтартпас бір айғағы әрі Бестаным негізі ретіндегі Сөзтанымның Ел болашағының рухани кепілі екенінің басты бір дәлелі.


Иә, айтарға сөз көп... айтыла да жатар келешекте.


Қадірлі достар, біз «Ұлы Даланың жеті қыры»-н оқи салысымен, мақаланың мазмұны мен мәнісі һәм маңызы жәйлі бір-екі ауыз сөзімізді сіздерге айтып жеткізуге асықтық. Енді оны бүкіл халық болып талқылау ісіне айырықша мән беруіміз керек. Осы мақала негізінде, ұлт зиялылары мен шетелдік білгірлер өзара бас қосарлық талай халықаралық форумдар мен конференциялар өткізудің аса қажет екені де даусыз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: ұлы даланың жеті қыры, тыныштықбек әбдікәкімұлы
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар