Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Тілек Серік. Күн ауып барады біз жақтан

24.11.2019 462

Тілек Серік. Күн ауып барады біз жақтан

Әдебиет әлеміне қанат қаққан жас талап ақын Тілек Серіктің бірнеше өлеңін жариялап отырмыз.

Мың жылдық сағыныш бар менде

Мың жылдық сағыныш бар менде,

Жапырақ секілді шашылған.

Тағдырлар тартысы һәм жерде,

Тексізге сорлыға бас ұрған.

Мың жылдық сағыныш өртеген,

Жанымды суық жел жұлмалап.

Жалындап шығады өрт өлең,

Жүректің жарасын тырналап.

Мың жылдық сағыныш үн қатқан,

Ғасырдың жүзінде ай сынық.

Күн ауып барады біз жақтан,

Жолдардан жалықтым айшылық.

Мың жылдық сағыныш аңсатты,

Күндерім өтуде дүрбелең.

Біреу жүр түсім де салт атты,

Жалғаннан жарық күн іздеген.

Мың жылдық сағыныш ескіріп,

Шуынан жалығып қаланың.

Көшемен ел жүрген кешкілік,

Үйіме аяңдап барамын...

Жандай боп жабырқаулы түрмедегі

- Жандай боп жабырқаулы түрмедегі,

Құлазытып жанымды күз келеді.

Сарала қаз ұшқанда жағалаудан,

Сары белден сағынсаң ізде мені.

Сезесің бе? сағынам сеніде мен,

Сені ойласам қуанам тебіренем.

Ақындардың жүрегін нәзік еткен,

Жүрегімнен ендеше төгіл өлең!

Жеткізбейді біздерге мына жалған,

Тағдыр бізді қоспайды жылағаннан.

Дәурен өтіп барады өкіндіріп,

Таңғы шықтай көзімде тұна қалған.

Мені саған жаным-ау еліктірген,

Мүсініңе ерекше жерікпін мен.

Саған ғана ынтықпын байқайсың ба?

Жан бармекен оныда көріп білген.

Жандай боп жабырқаулы түрмедегі,

Құлазытыпжанымды күз келеді.

Сағынғанда ақылдым ақыныңды,

Құс жолынан сарғайып ізде мені!

Бала күнгі кісінейді көк дөнен!

Көк аспанның көмкеріліп етегі

Көк аспанның көмкеріліп етегі,

Күрең белден түйе бұлттар көшеді.

Көк адырдың арасында қой бағып,

Атам марқұм жаз жайлаған деседі.

Арғымағын ұстап мініп жалынан,

Көз жазбаған адаспаған тобынан.

Бір ауылдың тірегіне айналған,

Абыз кеуде,ақ сақалды сағынам!

Күрең белдің гүлге толы бөктері,

Апамыздың сырмасындай кестелі.

Балбал тастың күңіреніп көмейі,

Батқан күнің ойландырды көп мені.

Жон жайлауда жорық салып жел өпкен,

Қойын баққан қайран ауыл кезекпен.

Таудың ұлы тауға қарап көсілер,

Қозы бағып, қора салғам тезектен.

Қайран ауыл қадіріңе жетпегем,

Бабаларын тегіменен тектеген.

Арқыраған айғыр үнін естіртіп,

Бала күнгі кісінейді көк дөнен.

Өткен күндер, қайырылмай кете ме?

Елес болып тек түсіме енеді.

Әдемі қыз сен тұратын көшеде,

О құдірет, менде тұрғым келеді.

Күнде барам өзің жаққа ұрланып,

Түнде ғана жұлдыз біткен жол салар.

Сен шықпайсың, содан менде жынданып,

Көше бойы көңілсіздеу ән салар!

Мына көше ғажап үнін жасырған,

Сұлу біткен өзің болып көрінер.

Бәйшешектей қауызынан ашылған,

Бұрымыңа бүгін өлең өрілер.

Нәзік жүрек жырын жазар жұмақтық,

Саған арнап, жырдан сарай соқтырдым.

Шыға қоймас бұнымнан да бірақ түк,

Түнделетіп, көшеңізге кеп тұрмын!

Мұқағалиға

Хан тәңірі секілді алып мүсін.

Нұрын шашар өлеңмен жарықпысың.

Мұзбалағы, едің ғой текті жырдың,

Тексіздерден ұрпағың жалықты шын.

Күн тізбені күнсайын парақтаған.

Баяғы сол жарытпас олақ қоғам.

Қарасаздан ұшады ал қоңыр жыр.

Қар үстінде кәдімгі қонақтаған.

Кісінейді тықыршып күрең қасқа.

Жадыратар жанымды бір ән басқа.

Алатаудың ұлдары сен сиякты.

Қаратаудың ұлдары кіл марғасқа.

Ұлы дала қайтейін жарығыңды.

Мұқағали,білмедік-ау қадіріңді.

Жыр тұлпарын мініп ап Кеңсай жаққа,

Іздеп барам бір күні қабіріңді.

Өзіңнен кеткелі жырақтап

Өзіңнен кеткелі жырақтап,

Санамды сағыныш билеген.

Соңымда белгісіз сұрақ қап,

Түсімде мен саған гүл берем.

Сағындым, жүрегім жылайды,

Жел келіп жанымды жұлмалап.

Ұмытып кетсемде күн-айды,

Уақыт өтпейді жылдап-ақ!

Шығысқа қараймын күрсініп,

Жанарға жабырқау мұң ілгем.

Бейнеңе телмірем сүйсініп,

Маған да жан барма үңілген.

Жан барма сөзімді тыңдайтын,

Жапырақ секілді ғұмырым.

Сары ала қаздардай жырлайтын,

Тұтатып тіршілік шылымын.

Сары ала сағыныш күздегі,

Бүгінде ақ қарға айналған.

Сезімдер суымас біздегі,

Айныпта көрмеген арманнан.

Махаббат өмірдің өлшемі,

Шекара бөліп тұр араны.

Сағындым, сағындым мен сені,

Тағыда жыл өтіп барады.

Махаббат өмірдің өлшемі,

Сағындым, сағындым мен сені!

Аспан тағы астаң-кестең төгіп нұр

Аспан тағы астаң-кестең төгіп нұр,

Желмен бірге желпілдейді бөрікт(і) ұл.

Сары күзде, сары жапырақ уыстап,

Сағынышты өлең жазғым келіп тұр.

Аспан тағы төгіп өткен жаңбырын,

Тілін алмас мен секілді жарлының.

Сары күзде сары ала қаз қаңқылдап,

Қауырсынмен жазылатын тағдырым.

Күбір-күбір өлең оқып бақтарға,

Тырыс-тырыс жаңбыр жауып бақшамда.

Күнде солай мұңға батып кетемін,

Жалғыз қалсам екінті мен ақшамда.

Тілек СЕРІК


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар