Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Тәуелсіздік хроникасы. 1998 жыл

22.10.2021 777

Тәуелсіздік хроникасы. 1998 жыл

Еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толуына орай «Әдебиет порталы» ұйымдастырған «Тәуелсіздіктің рухани хроникасы» атты цикльді жоба өз жалғасын табуда. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің әрбір жылындағы әдеби, мәдени, саяси, рухани жаңалықтарды ескеріп, айтулы оқиғаларды егемендігіміздің куәсі болған аға буын ұрпақтың санасында жаңғыртып, бүгінгі жас буын үшін тарихтан тағлым ретінде ұсынамыз.

1998 ЖЫЛДЫҢ ХРОНИКАСЫ

5 қаңтар. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің қара шаңырағында аға профессор ұстаздар және студенттермен кездесті. Президент оқу орнында сөйлеген сөзінде Қазақстанның 2030 жылға дейінгі дамып, өсіп-өркендеуіне білім реформаларымен қатар жастардың қажыр-қарымы маңызды екенін айрықша атап өтті. Әрі жан-жақты атқарылып жатқан стратегияның ең әуелі жастарға қарата бағдарланып арналғанын жеткізді. Кездесудің соңында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің естелік медалі табыс етілді.

13 қаңтар. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғимаратының кешенді құрылысы басталды.

16 қаңтар. «Казахстанская правда» газетінде Елбасының «Жадыны сақтап, келісімді нығайтайық» атты мақаласы жарияланды. Мақалада: « ... Заман өзгерді, енді қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы туралы кітап жазып, саяси бағасын беретін, кез жетті. Мыңдаған мұрағат істері қаралып, репрессия құрбандарына қатысты ақиқат ашылуы тиіс. Сол себепті 1998 жылды ұлттық тарих жылы деп жарияладым. Мен туған халқымның даналығына сенгендіктен барлық жоспарларымыздың ойдағыдай орындалатынына бір сәт те күмән туғызбаймын» - делінген.

27 ақпан. Үкімет тарапынан «Жібек жолының тарихи орталықтарын қайта өркендетіп, түркітілдес мемлекеттердің мәдени мұрасын сабақтастыра отырып сақтау, осы арқылы туризм инфрақұрылымын дамыту» туралы бағдарлама жасақталып, бағдарламаға қатысты елбасының жарлығы шықты.

18 наурыз. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының әртісі Хадиша Бөкееваға «Отан» ордені, сонымен қатар, Ұлттық ғылым академиясының Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері Рахманқұл Бердібаевқа, және Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі Тұрсынбек Кәкішевке «Парасат» ордені табыс етілді.

21 наурыз. Елбасы ұлтымыздың жаңа жылы Наурыз мейрамы мерекесіне орай Қазақстан азаматтарына үндеу тастады. Үндеуде: «...Халық бірлігі және ұлттық тарих жылы болып жарияланған 1998 жылдан бастап қайта құрылу міндетін жалғастыру тұр. Бұл жол – жеңіл емес. Есесіне, мен бір нәрсені анық білемін: реформа іргетасы қаланған әрбір кірпіш бізді алға қойған мақсатымызға жақындата түседі. Орталықта болсын, шалғайдағы облыс ауылдары болсын, астық өсіріп, мұнай кәсібіндегі қызметкерлер үшін жұмысымыз діттеген жеріне дейін жаппай жүргізілуі тиіс. Нұры мен жылуы толы 21 наурыз күні, баршаңызға денсаулық, бақыт, арман-тілектеріңіздің орындалуын тілеймін. Әрбір шаңырақта шаттық, махаббат пен өзара түсіністік болғай», - делінген.

27 наурыз. Ойшыл ғұлама, ақын, әулиелігімен танылған түркістандық Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың 1500 жылдық мерекесі ел көлемінде аталып өтілді және де Түркістандағы сан жылдар бойы сақталған кесенесінің өңі қашып, бұзылған тұстарын қайта жөндеу жұмыстары қолға алынды.

23 сәуір. Абай атындағы опера және балет театрының солисі Майра Мұхаммедқызына «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағы берілді.

6 мамыр. Екінші дүниежүзілік соғыста жанкештілігімен, айрықша ерлігімен көзге түскен, Ұлы отан соғысының ардагері Бақтыораз Бейсекбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді. Және де дәл осы күні Ақмола қаласының атауы Астана деп өзгертілді.

30 мамыр. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ұлттық телеарналар арқылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сөз сөйлеп, үндеу тастады. «Сталиндік репрессия көптеген жандардың өмірін қиды. Осы күні біз олардың ерліктерінің алдында басымызды ие отырып, сол жандардың туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Халқымыз өз тарихын білуі үшін, өз жұртын азаптап, қырып салатын тоталитаризмдік жүйенің ешқашан қайта оралмауына күш саламыз. Өткенді есте сақтай отырып, біз жеңіске келісім мен бірлікте болған жағдайда ғана қол жеткізуге болатынын ұмытпауымыз керек», - деді өз үндеуінде.

2 маусым. Астана қаласында Қазақ Ұлттық музыка академиясының ашылу салтанаты болды.

8 маусым. Астана қаласының орталығында Төле би, Қазыбек би, Әйтеке биге арналған ескерткіш ашылды.

10 маусым. Жазушы Әбіш Кекілбайұлының тарихи драмасының желісінде режиссер Болат Манасұлы Атабаевтың қоюымен «Абылай хан» спектаклінің премьерасы өтті.

28 маусым. «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп пен «Труд» газетінің Қазақстандағы тілшісі Олег Квятовскийге бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтар мен гранттар табыс етілді.

11 тамыз. Қазақ және орыс тілдерінде тоғыз томдық «Қазақтар» («Казахи») энциклопедиясы, «Қазақ тілі» кітабы, үш томдық «Қазақ мәдениеті», он томдық «Қазақ халқының материалдық мәдениетінің ескерткіштері» атты көлемді еңбектер жарық көрді.

24 тамыз. Әйгілі сазгер Нұрғиса Тілендиевке «Халық қаһарманы» атағы сонымен бірге, Елбасы өз қолымен «Алтын жұлдыз», және «Отан» орденін табыс етті.

25 тамыз. Жезқазған қаласының әуежайына «Мир» станциясының ғарыштық экипажы аман-сау қонды. Экипаж құрамында ғарышкерлер Т.Мұсабаевпен бірге Н.М.Бударин және Ю.М.Батурин болды. Экипаж командирі Т.А.Мұсабаев Елбасына ғарышқа апарып әкелген бір уыс туған жердің топырағын, қасиетті кітап «Құран» мен Мемлекеттік туды сыйлады.

26 тамыз. Жамбыл облысы, Тараз қаласында ғұлама ғалым, сұңғыла ойшыл Мұхаммед Хайдар Дулати ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

14 қазан. Алматы қаласындағы Республика сарайында алаш қайраткері, ғалым, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының 125 жылдығына арналған жиын өтті. Жиынның шымылдығын ашқан Елбасы өзінің сөз сөйлеуінде: «...Бүгін ерекше күн. Біз өз халқының бақытын армандаған ұстазымызды еске алып, құрмет көрсетіп отырмыз. Бәріміз Ахмет Байтұрсынұлының шәкірттеріміз. Ол бізді ең бастысы адам болуға, азамат болуға, біртұтас халық болуға шақырды, әлі де үйретіп келеді» - деді

27 қараша. Алматы шаһарындағы Республика сарайында ғасырда біртуар күйші, атақты сазгер Құрманғазы Сағырбайұлының 175 жылдығына арналған салтанатты мереке ұйымдастырылды. Ұрпағы ұлықтайтын ұлы тұлғаның күй тарихында қалдырған өзіндік сүрлеуі һәм ерекшелігі бар. Құрманғазы Сағырбайұлының 175 жылдық мерейтойында сөз сөйлеген Елбасымыз өнерпаздың қазақ даласында туып, қазақ халқының перзенті болуы мақтанышымыз екенін айтты.

1998 жылы әдебиеттанушы Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовым» романы үшін, және әдебиет зерттеушісі, ғалым Шерияздан Елеукеновтің көлемді еңбегі «Мағжан» монографиясы үшін «Мемлекеттік сыйлық» тағайындалды.

Қазақ прозасында өзіндік қолтаңбасын қалдырып, қанша ғасыр өтсе де өңі тозбайтын, "Абай жолы" эпопеясын жазып шыққан классик жазушы, академик, Мұхтар Әуезовтің балалық шағын, өсіп-өнген ортасын, Алаш қайраткерлімен етене байланысын, кеңес заманындағы тұлғаның саяси қырын жіті зерттеп, жазып шыққан Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовым» романы да, 1995 жылы жарық көрген Шерияздан Елеукеновтың қазақ поэзиясының көгінде жасындай жарқырап, саяси жүйенің құрбаны болған, асыл текті ақын Мағжанның тағдырын терең зертеген монографиялық шығармасы да сыйлыққа лайықты сом дүниелер екені сөзсіз еді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар