Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Тәуелсіздік хроникасы. 1994 жыл

14.10.2021 700

Тәуелсіздік хроникасы. 1994 жыл

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Әдебиет порталы» жүргізіп жатқан «Тәуелсіздіктің рухани хроникасы» атты цикльдің үшінші кезегі 1994 жылға арналып отыр. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының рухани өмірінде аталған жылы көптеген жаңалықтар болып, жаңа табыстарға қол жеткізілді.

1994 жылдың рухани хроникасы

Қазақстан Республикасының 1994 жылы жүріп өткен тарихи жолындағы рухани, мәдени, әдеби жаңалықтар іріктеліп ұсынылды.

1 қаңтар. Мемлекет басшысы жақындап келе жатқан айтулы мереке: қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойына орай баспасөзде «Абай туралы сөз» деген тақырыпта үн қату жасады. «Мен үшін, менің отандастарым үшін Абай – ұзақ жылдар жүзінде ғана ойларының мән-мағынасы ашылатын терең ойлы тұлға», - деп атап көрсетті.

1 наурыз. Көкшетау қаласында орналасқан «Науан Хазірет» баспасы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, республикалық баспасөз жариялаған байқаулардың жүлдегері, журналист, жазушы Қайыммұнар Тәбейдің «Мұзда жанған алау» атты кітабын 17 баспа табақ көлемінде 30000 данамен басып шығарды. Кітапта әйгілі 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы жан-жақты зерттеліп жазылған.

12-27 ақпан. Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздік тарихындағы тұңғыш дербес қысқы олимпиадалық ойындарға қатысты. Бұған дейін Қазақстан КСРО құрамасы мен ТМД біріккен құрамасының құрамында қатысып келген. Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен олимпиадада қазақстандық даңқы спортшы Владимир Смирнов бір алтын, бір күміс, бір қола медальге ие болды.

10 наурыз. Профессор Рәбиға Сыздықтың «Қазақ әдеби тілінің тарихы» атты еңбегі «Ана тілі» баспасынан жарық көрді. Жеті тараудан тұратын академиялық еңбекте қазақ халқының ауызекі сөйлеу тілі мен ауыз әдебиеті тілінен бастап, ХХ ғасырға дейінгі тіл байлығына қосылған жаңалықтар мен дәстүр сабақтастығы, тілдік құбылыстар жан-жақты талданған.

22 наурыз. Қазақстан Журналистер одағы мен «Атамұра» баспасы бірігіп журналистер үшін Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев атындағы сыйлықтар тағайындады. Оған Қазақстандағы қазақ, орыс, неміс, кәріс, ұйғыр және басқа тілдерде жазатын журналистер қатыса алады. Бәйгеге тек Қазақстан Журналистер одағының мүшелері қатысады. Бәйгеге әр автордан газетте немесе журналда жарияланған үш материал қабылданады.

6 сәуір. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында Орталық Азия елдері, Әзербайжан, Татарстан, Башқұртстанның кернейлі және дабылды аспаптарда орындаушылардың І халықаралық конкурсы өз мәресіне жетті.

12 сәуір. Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері басталды.

14 сәуір. Алматыда Қазақстан Жазушылар одағында «Қазақ әдебиеті» газетінің шыға бастауына 60 жыл толуына арналған мерекелік жиын өтті.

9 мамыр. Алматы қаласы әкімшілігі басқармасы мен Қазақ телерадиосы әдеби көркем студиясының ұйымдастыруымен Халықаралық отбасы жылына арналған республикалық ақындар айтысы болып өтті. Айтысқа облыстардағы танымал ақын-жыршылар, термешілермен бірге көрші бауырлас елдер Қырғызстан мен Өзбекстан республикаларынан бір топ ақындар мен әншілер келіп қатысты.

21 мамыр. Оңтүстік Қазақстан облысында «Түркістан» халықаралық апталық газетінің күндері өтті. Газеттің бас редакторы, Қазақстанның Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджан, бірінші орынбасары Дидахмет Әшімханұлы, жауапты хатшысы Абзал Бөкен, Республика Президенті Баспасөз орталығының кеңесшісі, белгілі публицист Шәкизада Құттаяқовтар оқырмандармен жүздесті.

31 мамыр. ҚР Ұлттық ғылым академиясының Тарих және этнология институты мен Археология институты бірлесіп, ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі «Қазақстан тарихын» даярлап шықты. Қалың оқырманға ұсынылған бұл кітапты «Дәуір» баспасы басып шығарды. Орыс тілінде жүз мың данамен жарық көрді.

9 шілде. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен әдебиет, театр және кино өнерін дамытуға қосқан зор үлесі үшін жазушы Мұзафар Әлімбаевқа Қазақстанның халық жазушысы құрметті атағы берілді.

10 қазан. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаев бастаған ақын-жазушылар, белгілі өнер қайраткерлері бар делегация Түркияға барды. Олар қазақтар көп шоғырланған Стамбұл, Измир, Салихлы қалаларында кездесу өткізіп, өнер көрсетіп, кітап көрсемін өткізді. Өздерімен ала барған киіз үйді түркиялық ағайындарға тартау етті.

12 қазан. «Рауан» баспасынан «Абай қара сөздері», «Ескендір» және «Масғұт» поэмалары француз тілінде жарық көрді.

2 қараша. «Атамұра» баспасы тарихшы ғалым Көшім Лекерұлы Есмағамбетовтың «Қазақтар шетел әдебиетінде» атты кітабын басып шығарды. Кітаптың көлемі – 12,6 баспа табақ. Батыстағы қоғамдық пікірлер мен ғылыми зерттеулерді, «темір шымылдықпен тұмшаланып келген еңбектерді қазақ оқырмандарына жеткізген автордың бұл еңбегі бағалауға тұрарлық.

19 қараша. Абай атындағы Жамбыл қазақ театрында Шерхан Мұртазаның «Жалғыз үйлік зілзала» драмасы қойылды. Бұл қойылым мамандар мен көрермендер тарапынан жоғары баға алады.

13 желтоқсан. Алматыда Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында аса көрнекті азтанушы, этнограф, композитор, Қазақстанның тұңғыш халық әртісі Александр Затаевичтің туғанына 125 жыл толуына арналған салтанатты жиын өтті. А.Затаевич әлемге көшпенділердің қайталанбас өнерін танытқаны туралы Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов, ақсақал сазтанушы Борис Ерзакович, өзбекстандық ғалым Файзолла Караматов айтып өтті. Кешке ҚР Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы Әбіш Кекілбаев қатысты.

22 желтоқсан. Алматыда Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Егемен Қазақстан» газетінің 75 жылдық мерейтойы болып өтті.

29 желтоқсан. Мемлекет басшысы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының 1994 жылғы иегерлеріне салтанатты түрде марапаттау жасады. Аталған мәртебелі сыйлыққа Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы Әсел Мәмбетова, М.Ю. Лермонтов атындағы орыс драма театрының актрисас актрисасы М.Ю.Ганцева, әнші, домбырашы, Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы Ержан Қосбармақов, Ақмола облыстық филармониясының солисі Айман Мұздахановалар ие болды.

30 желтоқсан. Қазақстан Жазушылар одағы әдеби шығармашылық жұмысты жандандыру, қаламгерлерді бүгінгі күн талабына сай үздік шығармалар жазуға ынталандыру мақсатында екі жылда бір рет беріліп тұратын «Алаш» сыйлығын тағайындаған болатын. 1994 жылы ұсынылған 23 кітапты тиісті алқа сұрыптап, саралай келе 6 автордың шығармасын жүлде алуға лайық деп тапты. Оразбек Сәрсенбаевтың «Шамшырақ», Рамазан Тоқтаровтың «Таңбалы жарғақтың құпиясы» романдарына, Зейнолла Серікқалиевтің «Дүниетану даналығы», Бақыт Сарбалаевтың «Өткірдің жүзі» атты сын-зерттеу кітаптарына, Ескен Елубаевтың «Кім күшті» атты өлеңдер жинағына «Алаш» сыйлығы берілді. Шетелде тұратын қаламдас бауырымыз Хасен Оралтайға «Абылай» дастаны, «Алаш», «Желтоқсан» атты шығармалары мен Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш» романын түркі тіліне тәржімалағаны үшін «Алаш» сыйлығы берілсін деген шешім бірауыздан қабылданған.

1994 жылы қазақ халқының руханиятына, мемлекеттілігіне өлшеусіз үлес қосқан көптеген көрнекі тұлғалардың туғанына жүз жыл толды. Осы жылы Ілияс Жансүгіровтің, Бейімбет Майлиннің, Сәкен Сейфулиннің, Сұлтанбек Қожанұлының, Тұрар Рысқұловтың 100 жылдығы туған өлкелерінде салтанатты түрде кең көлемде атап өтілді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: #тәуелсіздік
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар