Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Талдаубек Әшімханұлы. Мағаз – қазақ прозасында өзіндік мектебі бар суреткер

13.10.2021 1088

Талдаубек Әшімханұлы. Мағаз – қазақ прозасында өзіндік мектебі бар суреткер

Мағаз Разданұлы – ХХ ғасыр қазақ прозасындағы классиктердің бірі. «Алтайдың ақиықтары», «Сарыбел», «Уақытқа жауап», «Ата заман сөйлейді», «Ертең», «Асулар толғауы» сынды кітаптардың авторы. Қара сөзбен де қара өлеңмен де жырлаған сөз зергері. Белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Талдаубек Әшімханұлымен Мағаздың суреткерлік әлемі туралы ой бөлісіп, пікір қозғаған едік. Әңгіменің ұзын ырғасын өздеріңізбен бөліскенді жөн санадық.

– Әңгімемізді Мағаз Разданұлының повестерінен бастасақ, жазушының повестері несімен ерекшеленеді?


– Дәуір тудырған елеулі дүние, ең алдымен сол кезеңнің тарихи-әлеуметтік күрделі мәселелеріне жауап бере отырып, көркемдік идеяларды ұсынады. Әдебиет – уақытқа тәуелді, көркем туындыны өмірге әкелген жазушы әуелі сол дәуірдің перзенті, өзі жасаған қоғамдық ойды жеткізуші. Шығарма – дұниетаным жемісі. Сондықтан, суреткер өзі өмір сүрген қоғамның, заманның сырын, ой-пікірін жазады. Мағаз Разданұлы «Өліп тірілгеннің өмір баяны», «Сақина түбек оқиғасы», «Көк иірім шүңеті тіл қатады», «Арманшылдардың алақан табы» атты тарихи повестерінде өткен заманның соқталы шындығын суреттейді. Дәуірдің қым-қиғаш тарихи оқиғаларының астарлы мәнін тауып, көркемдік шешімін ұсынуда, жазушы өзінің «қарымы үлкен, қаусырымы кең» суреткерлік құлашын танытады. Әр повестің фабуласында тереңге тартқан тарих та, қайғы-қасіретке толы шындық та бар. Бұл туындылар – әлде бір аңызға бойалып, өшкіндеген ескі сүрлеуді қағып-сілкіп жаңғырта баяндаған әдепкі көп оқиғаның қатарында тұрмайды. Мұнда, өзгеге ұқсамас тағдыр, шындыққа суғарылған сұмдық сыр бар. Тарихи шындыққа арқа тіреген әлпейім әсерлі мазмұн, жазушы шеберлігімен ұштасып ажарлы дүниеге айналады.


– Сонымен, пікіріңіздің ақиқатына жету үшін оқырманды тәнті еткен, сыншыны сүйінткен аталмыш повестерді талдап, ой таразысына салып көрсеңіз?


– «Өліп тірілгеннің өмір баяны» – бұл бір көкірегіңді қасіретке толтырар тағдырлы оқиға. Повесті оқып отырып аяныш па, кектену ме, сондай белгісз, айтып жеткізе алмас өксікті сезім жүрегіңде толқын тудырады. Әуелі, мәтіннен тыс құла шауып кетпей, дәстүрлі дағды бойынша, оқырманды повесттің ұлы сүйегін құрап тұрған оқиғамен қысқаша таныс етейік. Повесть оқиғасы – халық азаттық армиясының (қызыл армия) Шинжияңға келіп, Гоминдаң түрмесіндегі тұтқындарды босатуынан басталады. Автор орталық кейіпкер Мың Сыңхуаның (Елшібай) тағдыры арқылы бір дәуірдің тарихи-әлеуметтік шындығын жайып салады. Әсілі, Мың Сыңхуа атанған Елшібай Ақтамбердіұлы Баркол өңірін мекен еткен малшы отбасында туған. 1931 жылы болған «Құмыл дихандар қозғалысы» – Гансуда тығырыққа тірелген Ма Жұңиңның Шинжяңға кіруіне орай тудырып береді. Бірақ, Жың Шуырынның Құмылда тұрған әккі офицерлері олардың тарпа бас салуына мүмкіндік бермейді. Әрі дәл осы кезде Жың Шуырын армясының атты қосынына жауапты Шың Шысай: «Қарсылық күші әлсіз, киіз туырлықты сахара жабайларын тып-типыл ету – ат пен азыққа еркін кенелудің жақсы жолы»,- деп біліп, Барколге аттанып, бейбіт жатқан қазақ малшыларын қырып салады. Елшібайдың ауылы (Бесбай ауылы) да осы қырғын астында қалады. Бұлардың артынан іле-шала Ма Жұңиңның хүйзу әскерлері де бірдеңеден құр қалғандай асығыс жетеді. Шың Шысай қырғындап кеткен Басбай ауылының үстінен түседі. Осы көрініс повестте былай беріледі: «Шың Шысайдан қалған қорыс-қопаны тағы да қопарыстырып жүр. Әсіресе, әйелдердің өлігін көргенде бір-бір аунатып, қолдарында, құлақтарында алынбай қалған білезік, сақина, сырға болса соны алады». Бұлардың басшысы Ма Жұңиың тіміскіленіп жүріп тас қуысына тығылған екі баланы тауып алады да, оларды Ланжуға алып кетеді. Екі жастағы Елшібайға Ма Шыңжың, он екі жастағы қыз балаға (Жамилаға) Ма Шыңфа деп ат қояды. Әлі балиғатқа толмаған қызды әйелдікке алған соң, бой жетпеген кішкентай қыз ерте денсаулығынан айырылып, мәртеше бір хүйзу әйеліне айналады. Ал, Ма Шыңжың (Елшібай) бір қолдан бір қолға зат секілді сатыла жүріп, ақыры Мың Сыңхуа деген атпен Жаң фамилиялы помешиктің басыбайлы құлы болып тұрақтайды. Бір мәселеге байланысты қожайыны оны Гоминдаң түрмесіне жаптырады. Кейін халық азаттық армиясының арқасында түрмеден босатылып, армия қатарына алынып, ел үшін еңбек сіңіріп, өз үйірін табады. Сөйтіп, коммунистік партяның шұғылалы нұры, мейірімі азып-тозған халықты бейбіт өмірге кенелтеді. Повестегі бұл екі баланың тағдыры кім-кімнің де жүрегін ауыртып, қайғыға салар аянышты хал. Автордың өзі жазғанындай: «Бұлардың жүрегіне байланған шер әдеттегі жетімдік, жоқшылықтың тақсыреті ғана емес, қанмен боялған қайғы болатын». Жазушы Мағаз Разданұлы тумалас екі баланың тағдыры арқылы тарихи дәуірдің күрделі шындығын, қылмысқа толы соқталы сырын ашады. Жазушы тарихи фактілерді негіз ете отырып, өткен дәуірдің боямасыз шындығын көрсетеді.

– Мағаз Разданұлы тарихи тақырыпта көп қалам тартқан жазушы ғой?

– Иә, хас талант, шын зиялы адам – болған шындықты жасыруға немесе мақсатты түрде бұрмалауға бармайды, және олай етуге қақысы да жоқ. Тарихи тақырып – бұл нағыз ел мүддесі үшін қызмет ететін жанр. Өйткені, халық тарихында елеулі мәні бар әлеуметтік оқиғалардың туу себептерін, сырын түсіндіруге келгенде өзге жанрлардан әлдеқайда қауқарлы. Жазушы Мағаз Разданұлының тарихи тақырыптарды көбірек қаузап, қалам тартуы – ел өмірінің маңызды шындығын жеткізуді мұрат етуі; туған халқының алдында азаматтық борышын орындауы болып табылады. Тарихи тақырып қанша жерден фактіге сүйеніп жазылады дегенмен қиялдың меңзеуі, ақылдың жолбасшысы болуымен туатын субьективті дүние болғандықтан, онда жазушының ішкі ойы, сезімі, тенденциясы қамтылып (көрініп) жатады. Бірақ, тарихи тақырыпта жазып отырған суреткер тарихи-әлеуметтік өмірдегі құбылыстарды жинақтап, типтеп ақиқат кейіпте көрсете білуі керек. Бұл жағынан келгенде, Мағаз Разданұлы шын таланытқа тән бірқыдыру шеберліктер таныта алған.

– Жазушының сол шеберліктерін жіліктеп айта кетсеңіз?

– Айталық, біріншіден, шығарманың композициялық құрылымында соншама шымыр, селкеусіз, бір үтірін бөліп қалдырып кетуге келмейтін тығыз тұтастық бар. Екіншіден, автор тәрихи-әлеуметтік шындықтарды тап басып танып, шебер суреткерлікпен нанымды көрсете білген. Үшіншіден, жазушының повесть оқиғасын бір ғана желіге құруы – туындының нығыз, бүтін шығуындағы бір себеп, және шеберлігін байқататын ұқыптылықпен тапқан ұтықты амалы. Төртіншіден, кейбір жазушылардай тірліктің ұсақ харекеттерін баяндайтын, идеяға қызмет етпейтін жол-жөнекей қыстырма эпизодтар мұнда жоқ. Айта кетейік, әдетте, ішінара жазушыларда баяндап отырған негізгі оқиғасын тастай салып, бір оқиғаны немесе көріністі іліп әкетіп ұзақ қызықтап, қатысты-қатыссыз ойларды, пәтуәсіз палсапаны айтып, ауа жайылып кетіп, шығарма композициясының арқауын босатып алатын жағдайлар көп ұшырасады. Ал, бұл повесте, ондай жадағайлық жоқ. Өткенді тануға жол сілтеген сыры бөлек, сипаты өзгеше келелі еңбектің айтары бұдан көп, бұдан да мазмұнды. Шын мәніндегі кесек дүниенің астарында бір дәуірдің суреті ғана емес, бір халықтың ұзақ тарихы, тағдыры жатады. Біз бұл жерде тек қана жазушының тарихи тақырыпты игерудегі суреткерлік шеберлігін, сондай-ақ, тарихи шындықты көркем бейнелеп жеткізудегі соны қырларының бір парасын айтумен шектеліп, аталмыш повесть жөніндегі сөз сіргесін қазірше осымен жия тұғанымыз жөн секілді.


– «Сақина түбек оқиғасы» да тарихи деректерге сүйеніп жазылған ба?


– «Сақина түбек оқиғасы» – бұл ішкі иірімі мол деректі хикаят. Мұндағы фабула өмірде қайталанбас таңданарлық жағдай емес, жадағайлап айтсақ, жәдіктің байғара атасынан тарайтын, «Сақина түбекте» отыратын малшы Ыбырайдың баласын Тұяқбай мен Ұлсын атты екі баукеспе ұрлап кетеді. Ел болып еңіреп іздеп таппайды. Кейін бұл сырлы жоғалудың шешуін Өміртай би шешеді. Оқиғаның бар болған-біткені осы. Бірақ, сіз «Ее... деректі хикаяттың бар айтары осы ма еді?!»,- деп ойлап қалмаңыз. Бұл жерде жазушы Мағаз Разданұлы баланың ұрлану оқиғасын күрделі тарихи-әлеуметтік жағдайдың астарын ашудың, күрделі тартыстың бағдар-байламын оңға бағыттаудың, сондай-ақ, ең маңыздысы бүкіл шығарманың психологиялық кілті есебінде алып, тереңдете баяндайды. Баяндап отырып, қоғамдық ауқымды мәселелерді, жалпы адамзатқа ортақ адамгершілік пен жауыздық, махаббат пен өшпенділік, бақ пен сор сынды озара қайшылықты тайталасқан сан алуан мінез-қасиеттерді философялық мәнді ойлармен тоғыстыра отырып жанды ағза күйінде жеткізеді.

– Осы орайда Мағаз Разданұлының өмірлік, тарихи деректерді пайдалана отырып, оқырманға адам, тарих, тағдыр, қоғам хақында өзекті ой айта білетін жазушылық шеберлігіне тоқтала кетсеңіз?

– Шеберлік дегенміз қарапайым, табан астында жатқан таптаурын детальды су жаңа дүниеге айналдырып, жайната, жарқырата ұсыну, өмір құбылысының ең әдепкі жайларының өзінен мағыналы ой табу. Мағаз Разданұлы өмірде кездесіп тұратын қатардағы қайшылықты, үлкен тартысқа көтеріп, астары терең, айтары ұшан мәнді дүниеге айналдыра білді. Повесте – күрделі терең тартыс бар. Және бұл тартыс – адамдар арасындағы майда-шүйде даудан ұлғайып, ірі қоғамдық мәселеге ұласып жатқан тартыс. Әуел десеңіз, шығарманы тартымды да бағалы дүниеге айналдырып тұрған да – осы тартыс. Көркем шығарма – қайнаған өмір ортасынан алынады. Сол өмірдің тулаған толқыны, қайшылыққа толы суреті жазушының таным дүниесінде қорытылып, жинақталып өнерге айналады. Ал, өнердегі тартыс солғын, тіпті дөрекі дүние емес, нағыз ақиқаттың әсерлі де сом суреті. Тіршіліктегі түрліше қарама-қарсылықтарды, әлеуметтік мәні бар үлкен тартыстарды көрсететін тірі детальға айналдырып жұтындырып жіберу – шебердің шеберінің қолынан келетін шаруа. Шынын айтқанда, көркем шығарманы ұлы тұтастыққа жеткізіп, бағасын асыра түсетін де ең алдымен тартыстың жүйе-жігін тауып, қапысыз берілуімен байланысты. Академик З.Қабдоловтың сөзімен айтқанда: «Өнердегі тартыс – көркем шығарманың идеялық мазмұнындағы үзілмес желі, көген, арқау. Керек десеңіз күллі өнер туындысына тіршілік беріп тұрған жұлын, жүйке». Ендеше, әдеби шығармадағы тартыс оның тұтас сюжеті мен композициясын бір бүтін дүниеге айналдыратын маңызды факторь. Аталған повесть сюжетінің шиыршық атқан шымырлыққа, арасынан жел өтпес нығыздыққа, оқырманды баурап жетелеп отыратын эстетикалық кұш-қуатқа жетуінің тұпқазық түйіні де осында жатқаны даусыз. Бұл повестен анық байқалатын екінші бір ерекшелік – туындының тұла бойынан жаныңды желпіп рахатқа бөлейтін, керемет бір қоңыр үнді қазақы хикаяның сарынды лебі еседі; бейне кәрі құлақ карияның ескі әңгімесін тыңдап отырғандай күй кешесің; аққаптал әңгіменің дәмі таңдайыңнан кетпей тамсандыра береді. Хикая тіліндегі әрбір сурет, көркемдік құрал ретінде келген сипаттау сөздер дерлік қазақы ұғым-түсінікпен берілген.

– Мысал келтіре кетсеңіз?

– Айталық, тыныш берекелі өмірінен қанағат тауып бақытты өмір кешіп келе жатқан Ыбырай отбасын тосын келген оқиға бір-ақ күнде ойран-асырын шығарып қайғыға батырады. Осы хәлді автор келесіде былай суреттейді: «Ыбырай бас аман күнде мұндай көткеншек ойды мүлде ойламайтын, арыншыл аттай ылғи алдыға қарай өр серпіп отыратын. Міне, қазір оты сөнген талапсыз ойдың шылғи ноқтасын киді де алды». Осындағы «ойдың шылғи ноқтасы» деген тіркес мал баққан қазақтың тіршілігінен алынған образды балама, нағыз ұлттық, қазақтық бояу. Әрі құлаққа еш тосаңы жоқ, жылы тиетін орамды да орынды келген жатымды сипаттау.


Тағы бір мысал: «Ел қара төске шыға ақ малтадай еземіз ғой, иі қанбайтын бір теріні жаратқан қолға берді ғой деп боталы інгеннен бірді қойып, онды беріп сатып алғалы жүрген жәдік жағының даукестерінің аузы сылып етіп, сандарын соқты да қалды». Мұнда да, ұлттық танымға етене жақын құбылыстармен жақындастыра баяндап, ел арасындағы кейде осындай бір дау қуғыш, пәле сауғыш оңбаған бір мінезін яғни тіршілік харекетінен туындап жатқан бір алуан болмысын ашып көрсетеді. Және мұны автор оқиға ыңғайы, сөз ретіне қарай суреттеп қана отырғаны жоқ, халықтың мінез-болмысының алуан қырын, тарихи танымын танытауды көздейді. Мағаз Разданұлының бұл повесттері – тілдік-стилдік мәнерімен, поэтикалық ерекшелігімен, қазақы хикаяшылдық сипатымен бөлекшеленеді.

– Осы хикаятынан жазушының әңгімешілдік манері анық, айқын көрінетін сияқты?

– Дұрыс айтасыз. Жазушы оқиғаны немесе кейде адам мінезі мен ішкі сырларын сипаттағанда, жоғарыда айтқанымыздай қоңыр үнді қазақы ауыз екі әңгіменің стилімен жеткізумен қатар, өзіндік даралық мәнерін танытатын бір қыдыру көркемдік амал-тәсілдерге иек артады. Мысалы: «Жылдар Гұлғайша қайғырды деп, қайғырған жоқ. Өз заңы бойынша өте берді»; «Жылдар заңы бойынша өте берді. Тұяқбай қуанған екен деп, қуанған да жоқ»; «Жылдар өз заңы бойынша өтіп жатты. Өміртай асыққан екен деп, жылдар асыққан жоқ». Мұнда, автор әдейі стилдік мақсатты көздей отырып, микротекістте бірқанша сөздерді қайталама амалымен береді. Бұл үш сөйлем үш бөлек жеке-жеке функцияда келгенімен, жасалу жағынан ұқсас, «жылдар» сөзінен басталып, айтылмақ ойға үндестік үстейді, мағыналық қазығын қағады. Әдеби тілді айшықтай түсудің ең бір тамаша тәсілі осы қайталаумен жүзеге асатыны белгілі. Көбіне-көп ретте, жазушы айтар ойдың образдылығы ғана емес, оған жалынды эмоция, күшті екпін, ерекше леп, тыныс беріп сөз бен ой әсерін күшейткеннің үстіне күшейте түсуді көздейді. Десе де, қайталаудың да өз орны бар, келсін-келмес емес, сиымды да жарасымды бояуымен келіп, мақсатқа ғана жұмыс істеуі тиіс. Шын шебер жазушы әдеби тілді ажарлап, құбылтып, түрлендіріп, айшықтап қолданудың сан алуан амалын тауып, оны стилдік мақсатқа орай жұмсап, жүк арта біледі. Дарынды суреткер көркем туындысында қолданған сан түрлі көркемдеу амалдарын ойды образды, дәл жеткізу мақсатында ғана қолданбайды. Әрбір сөзге мағыналық реңк (сема) үстей отырып, белгілі стильдік міндет арқалатады. Әрі мұндай мақсатты қолданыстардан автордың жазушылық шеберлігі ғана емес, оның дүниетанымы, заттар мен құбылысқа, оқиғаға болған козқарас-ыңғылы, бағасы көрініп отырады.

– Жазушының шығармаларынан сөздің нәрін, дәмін білетін ақындық қуаты, адам мен табиғаттың ішкі әлемін біртұтас бейнелейтін риасыздығы, жазушының суреткерлік қабылетін анық көрсетіп тұратындай?

– Осы пікіріңізге орай, жазушының оқиға, пейзаж, ішкі ой ағымды өраза тоғыстыра беретін шағын суреттеуінен шағын үзінді келтірейік: «Өзен бойлары мен томарлы саздарға түнеген түнгі шықтың шүйкедей созылған бозғыл тұманы күннің көтерілгенін көре сала, сай тағанынан асығыс-үсігіс жай-жайларына тарап кеткен. Енді міне, қаршыға тастың желкесіне қою бұлттар мініп алды. Ол не аспанның апшысын қуырып ышқына бір желкіпей, иә, бірнеше тәулікке созылатын сылбыр мінезіне баспай ашуы тарқамас. Сонан соң оның өзі анау сүзектен тұрғандай өрістер мен мынау сары жұрттарды қайтадан жасаңғыратып алшындатар. Сонсоң келесі жаз қайта айналғанша сіріктер мен күреңшелер, қара шалғындар мен тарлаула... қар астында тыныш ұйықтап жата берер. Заман күйісінен жаңылмаса, сөз жоқ осылай болар. Жаз да келер, байырғы тамырларынан алуан гүлді орталарына алып шыт жаңа көктеп шығар». Мұндағы суреттеу, баяндау кейіпкер Сейітханның ойымен берілген. Автор табиғат құбылысындағы өзгерістерді кейіпкер көзімен бақылата отырып, әлсізді күштінің тықсырған, бір-бірін күйреткен табиғат заңының қарама-қайшылық тартысты философялық ойға ойыстырып, көзінің бір қиығын өзі өмір сүрген ортаға, жасап отырған қоғамның кейпіне, таным-түйсігіне де тастап отырған. Сахара жайлаған қазақтың өмірінің қанық бояуы, әсері табиғат аясында әсем тартып, ашыла түспек. Сол үшін де, автор анау асқақ тау, асау өзенді немесе жылдағы әдеті бойынша жұртшылап, тімтінген аюларды; көшкен елдің жұртынан әлденені іздеп жорғалаған аңдарды; қалықтаған құстарды бәрі-бәрін – текке суреттеп отырған жоқ. Мұның бәрі көркем шығарма үшін аса мәнді нәрселер. Осы повестте автор кейіпкерлер Ыбырай мен екі ұрының (Тұяқбай мен Ұлсынның) тірлігін және жан-жануарлар тіршілігі мен адамдардың харекеттерін салыстыра отырып ойлар айтады: «Тұяқбай дүбірлетіп келгенде, тайыншадай қарала иті мыңқ етіп дыбыс берді де, иесіне сағыншпен еркелей қоя берді. Ал әйелі Сағила мен Тұяқбайдың жүздерінен үш ай бойы көрмеген пәлендей бір сағыныш сезімінің белгісі білінбейді. Кешегі, тағдырына наразы болған ыбырайдың семя мүшелері бірін-бірі қызу ынтамен сүйер еді. Жұпыны болса да, шағын семясы өздеріне бақыт ұясындай сезілетін, ашты терін төккен адал кәсіптерін жандары сүйіп рахаттанатын, алдыңғы жағына ылғи үмітпен қарайтын. Бақытты ұясының шырқы бұзылғанда, түгемес өкініш арқалаған себебі де содан болар. Ал мыналардың тіршілік заңы Ыбырайға ұқсамайды. Қуану дегеннің не екенін білмейтін тас жүрек адамдар екен. Бәлкім бұлар қайғы, мұң дегенді де ұқпайтын болар. Тіпті басқаның азап шегуі себебінен өздерінің қалай «рахаттанатындығын да» түсінбесе керек. Былайша айтқанда, өмірдің дәмі таңдайларына татымайтын, өздерінің не үшін жасап жүргендерін де ұқпайтын жандар сияқты». Бұл үзіндіде жазушы қоңторғай қоңыр тірлік кешіп жатқан ақ жүрек асыл мінезді адамдар мен күні босағасындағы иттен төмен бітеу кеуде, қара жүрек сезімсіз жандарды салыстырады. Оның ең төменгі дәрежедегі сықпытын өз отбасына алсытан келгенде алдынан арсалаңдап шыққан иттей де пейіл таныта алмаған бейнесін көрсетумен ашады, жазушының баяндау, суреттеу тілінен айырықшаланып көрінетін көрнекті ерекшелік – өзі өскен ортаның, жалпы тұнық қазақы ауыз екі әңгіменің дағдысы басымырақ болып келетіні. Автор әрбір оқиға, көрініс суретін тегіс қазақ өміріндегі таныс заттар мен құбылыстарға байланыстырып, теңеп, бағалап, әсемдеп жеткізіп отырады.

– Сіз айтып отырған повестен табиғат суреттерін жиі кездестіреміз. Автор осы суреттеулері арқылы көздеген нысанасына жете алды ма?

– Бұл повесте шынымен табиғат көрінісі біршама молырақ орын алғаны байқалады. Онда да жазушы табиғат суретін тілдік-стилдік жақтан көздеген нысанасын орындау үшін, дәлірек айтсақ, шығармада берілген табиғат көрінісінің баяндалмақ оқиғаның астарын, кейіпкердің бейнесін (ішкі-сыртқы портретін) көрнектілендіріп айқындай түсу үшін арнайы қолданады. Автор терең мағыналы, астарлы ойларын адамдар мен жан-жануарлардың тіршілік дағдыларын кейіпкер көзімен бақылата отырып жеткізеді. Повесть өзегінде жоғарыда біз атап көрсеткен ойлардан өзгерек, тереңге тартқан сырлы болжам бар. Оны осы шығарманы оқып отырып, тек іштей ғана сезінесіз. Бірақ, айта алмайсы... неге екенін білмеймін, сондай бір шеті жоқ жұмбақ күй, астарлы әуен өз иіріміне тартып тұратын сияқты бола береді. Сонымен, бұл повесть жайлы соңғы сөре ретінде айтқымыз келетіні: шын дарынды суреткердің шығармасы алуан үнді (көп қырлы немесе полифониялық) болады. Туындыдағы ой жиілігінен, әр нәрсені астарлы детальмен аңдатып отыратын тұстарынан жазушының қатпарлы ойларының мұнан да көп мазмұнды, айтарлы екендігін аңғарамыз. Біз бұл жерде жазушының адам-табиғат-өмір-қоғам туралы пайымдауын табиғат құбылысымен байланыстыра жеткізген жақтарына, соның бір қырына ғана тоқтала алдық. Келесі сөз келер күннің еншісінде.

– Мағаз Разданұлының тарихи оқиғаны астар еткен тағы бір повесті «Көк иірім шүңеті тіл қатады» деп аталады. Осы шығармаға тоқтала кетсек?

– «Көк иірім шүңеті тіл қатады» атты тарихи повесть – автор өзі қаныққан, таныған жақын заманның бұлғақты бір тұсы, аққаптал ата тарихтың бір пұшпағы. Өткен өмірдің бәрі тарих емес, адам және қоғам өмірінде болып өткен елеулі оқиғалар ғана тарих бетіне жазылады. Ол ізгілік жолындағы елеулі еңбек пе, әлде бір зорекердің қанды тырнағы аямай осып өткен өзгеше тараптағы көкірекке шемен болып байланған мұз ба, бәрібір, сол ұмтылмас із, оқиға тарих есебінде қалады. Бұл хикаятта сондай өткен өмірдің адамдар жүрегінде қалған ескі естелігі, тарих бетінің әлдеқашан сарғайған бір беті.
Повесть – «Айнымалы адам құлқы мен құбылмалы тарих мінезінің тай-таласы кімдерді адастырып, кімдерді шаршатпаған?! ...Адам жасаған мекеннің қай түкпірі қан сасығаннан сау дейсіз?!»,- деген шағын экспозициямен басталады. Бұл автордың алдағы айтылар оқиғаға жол бастау яғни аңдату есебінде тапқан тәсілі, құлақ күйі.

– Менің ойымша осы повесте сол кездегі тарихи, саяси оқиғалардың қарапайым, кішкентай адамдардың өміріне қаншалықты әсер еткенін көрсететін, әдепкі көзге көріне бермейтін нәзік иірімдер бар сияқты?

– Соқа басы сүйретіліп жеткен Григорий Апанасов Буыршын ауданы Шұңқырдағы шеруші жеріне құйрығын бір батырған соң, шықпастай боп көміле түседі. Қысқасы, «тастай батып, судай сіңді». Мұның бұл «қылығы» тегін емес екен. Судай сіңіп, сүттей араласқаны бар болсын, аз жылдың арасында біреуі екеу, екеуі төртеу боп, бірін-бірі тартып құмырсқадай қаптады да кетті. Бара-бара жалғыз орыс көп қоржаға айналып тынды. Қойынға кірген жалғыз орыс отыз жылда ордалы елге айналып, иелерін қан жоса қылумен аяқтайды. Сөйтіп, соңғыға қайғылы бір қанды тарих қалтырады. Жергілікті қазақтар өздері атағандай «Қом орыс қаласы», «Шұңқыр орыс қаласы», «Қалтон орыс қаласы», «Келтекей қаласы», «Шыбар ой қаласы», тағы басқа болып көбейген қоржалар – егер құбылмалы тарихтың өзі бір жөнге салмағанда мұның соңы немен тынар еді?!

– Сонымен?


– Повестің өзегінде өксік атқан шерлі оқиғаны мұнда пысықтап баяндамай-ақ қойалық. Қазірше біздің шығар «қарауыл төбеміз» бұл емес. Тарихи шығарманың тақырыптық, идеялық жағын сөз етіп, қазыргы жағдайға да, жанға да қатқыл тиетін жақтарды қазбалағаннан гөрі, жазушының тілдік шеберлік белгілерін танытатын тұстарына ойысқанымыз абзалырақ. Өйткені, жазушының шеберлік қырлары, даралық сипаты – шығарманың айтарын ақтармалағаннан емес, керісінше, сөзді стильдік құрал ретінде жұмсай отырып, образ жасай білуінен көріледі. Жазушы оқиғаны, көріністі немесе кейіпкер бейнесін баяндап, суреттегенде ұлттық болмысқа етене жақын нәрселерге теңеп, балап жеткізеді. Және оларды жай әсерлілік, образдылық мақсатта ғана емес, ойдың дәлдігі, үнемді, жинақылығын көзде ұстайды. Ой мен тілдің үйлесімін таба отырып береді. Мысалы, қазақтар Күркірей атап кеткен Григорий Бұршақбайға қойын сағатын әкеп бергендегі көрініс суреті былай беріледі: «Күміс сағат үйде отырғандардың құлағына түгелге жуық сыбырлап шықты да, пұшаңның төс қалтасына сүңгіді». Егер де автор бұл сөйлемді «Үйдегілер сағатты түгел құлағына апарып тыңдап шыққан соң, Бұршақбай төс қалтасына салып алды» деп құраған болса, көркем әдебиеттің тілі емес, әсерсіз, қатқыл хабардың тілі болар еді. Сондықтан да жазушы бұл көріністі кейіптеу тәсілімен жанды суретке айналдырады. Өмірінде орыс көрмеген ауыл адамдары түсі басқа, сықпты бөлек жанды алғашында қызықтап, таңырқап алқа-қотан қоралай қалады. Осы сәтті жазушы диалог арқылы жеткізеді.


– Мұртын неге баспайды екен өзі?!

– Мұртын баспағанмен Тәңірді ауызына алып отыр ғой.

– Е, Тәңір дейтіндей мұның Тәңірі қай Тәңір ғой дейсің, байағы сол...

– Мұрты демекші, насыбай атама екен, соны сұраңдаршы өзінен...

– Үш шилеп басқан бір кесек киіз сыңар аяғына үпі-тәпі байпақ шығатын шығар мынаның?..

– Қарсы алдынан қарағанда, бозамық көзінен басқасынан бәрі қылшық қой өзінің.


– Ондай болса, адыра қалғырды қарсы қаратпай-ақ ту сыртынан көре бер,- деді тіл мен жағына сүйенген тағы бір мосқалдау бәйбіше.

– Әу, мұндай неменің етік тігетін өнері бар шығар?

– Иә... ау деген, таға-шеге де соғып жіберіп жүрмесін әлі.

– Өріс болса, балтаның жөнін де жақсы білетін шығар.

– Ондай іскерлігі болса, жасағанның бергені ғой.

– Мә! Микалайдың кәрлен шынысы мен шойын қазанын осы құйады деген.

– Бұл жерде жазушы шынымен диалогтарды ұтқыр пайдаланған сыңайлы?

– Егер осы көріністер диалог арқылы берілмей жай баяндаумен берілсе, мұндай әсерлі болмас еді. Және адамдардың пікір-көзқарастарын бүкілдей автордың өзі баяндай беруі өмір заңдылығына да сәйкес келмейді. Өмір шындығын өз бояуымен айнытыпай беру де – диалогтың соншалықты нанымды, шынайы қызымет атқарып тұрғаны бұл жерде тіпті айқын көрілген. Жазушы Мағаз Разданұлы ауыл адамдарын сол кездің өмір шындығына сай сөйлете отырып, олардың мінез-болмысы, танымы бойынша барынша табиғи көрсетеді. Ауыл адамдары ауызынан берілген диалогтар яғни авторлық ремаркалар мен төл сөзді дәнекерлейтін «деді, деп» секілді сөздер бірлі-жарым болмаса, дерлік авторлық ремаркасыз (түсіндірусіз) келген. Бұл жалпы жазушыларға ортақ үлгі (норма) болғанымен, ойдың барынша табиғи әрі жинақы жеткізілуіне себі мол. Сондай-ақ, шығарма тілінің табиғи қуатын, тартымдылығын арттыратын бір тұсы – орыс адамдарының өнеріне сүйініп, қоян-қолтық араласып кетуі, және оларға өздерінше ат қойып та алуы сияқты жақтарының әңгімеленуі. Тіпті, автор ауыл адамдарының белгілі бір оқиғаны белгі етіп ала жөнелетін қазақы мінездерін де оқиға арасында бір түртіп айта кетеді. Мысалы, «Жаңылшақ әжелер немерелерінің жасын сұрасаңыз Күркірей (Григорийді қазақтар Күркірей деп атап алған) келген жылы туылған бала ғой»,- деп жауап қайырады».

(Жалғасы бар)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар