Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Тағдыры тасқа басылған жырлар

28.01.2021 1420

Тағдыры тасқа басылған жырлар

Өлең қалай туады? - айдары бойынша порталға шыққан барлық авторлардың өлеңдерін осы жерден оқи аласыздар!

Абзал БӨКЕН. Шыт көйлек

Ақын үшін өлең өзің, ән өзің,

Ақын үшін сұлулықтың пәні өзің.

Әсем екен үстіңдегі көйлегің,

Көйлегіңнен әсемдеусің және өзің.

Тиген жері от секілді күлбіреп,

Тентек сезім тыймасаңыз бүлдіред.

Үстіңдегі гүлдей әсем көйлекпен,

Өзің де бір тұрдың гүлдей үлбіреп.

Жарқылдатып жан дүниемнің шақпағын,

Астаң-кестең жүрегімде жатты ағын.

Амалсыздан, әйеліме мен сенің,

Өзіңді емес, көйлегіңді мақтадым:

Көйлегінің әсемін-ай,—дедім мен,

Басқалардың бәсеңін-ай,— дедім мен.

Шет елдікі болар бәлкім,

Біздікі

тікпеуші еді, бәсе, бұлай,— дедім мен.

Жағасы мен жеңдерін-ай,— дедім мен,

Белі менен белбеуін-ай,— дедім мен.

Жел желпіген етегін-ай,

Етегін

әдіптеген шеңберін-ай,— дедім мен.

Оттай жанған бояуын-ай,— дедім мен,

Өртенуге таяуын-ай,— дедім мен.

Сәндісін-ай,

Мұны тіккен шебердің

көңілінің ояуын-ай,— дедім мен.

Серіңіздің соры ма бұл, бағы ма,

Жоқ әлде бір шатасатын шағы ма?

Қасиетін әлгі ғажап көйлектің

Сипаттамақ болып едім тағы да...

Жарым айтты,— көп мақтама шеберді,

Матасын да мақтай берме көп енді.

Бұл дегенің шыт көйлек қой, шыт көйлек,

Соған өліп-өшетіндей не болды?!

Қарсы келсем өрлемесін қалай дау,

Көнген болдым, ол да соны қалайды-ау.

О, сұлулық!

Сені кейде жырлауға,

Сәндеп тіккен шыт көйлек те жарайды-ау.

Мұрат ШАЙМАРАН. Бота

(Үрімжі қаласының сайранбағында көрмеге қойылған бота тұр)

Дуға толы бақ іші:

Өтеді жұрт көздерімен танысып,

Әзілдесіп, қағысып,

Шығандайды аспанға бір ән ұшып...

Бірте-бірте буынды ала бастайды,

Қайыршы тартқан скрипка дауысы.

Қылықты қыз көзді арбаған тоқ саны,

Қылмыңдайды жігітіне жабысып.

Сенделіп жүр менің «ағатайым да»

Тағы ішіп...

Жаныңды елтіп жапырақтар бүр жарған,

Дөкей қала, күнде қызық, күнде арман!

Тек күлуге жаралғандай бар адам,

Сонадайдан езу тарта қараған.

Арсалаңдап,

Азу тісі ақсиып,

Азу емес, қанжар көрдім мен одан.

Бағлан етін бұрқырата қақтаған,

Саудагерің нәпақа алып жатты одан.

«Тағылардың» таңсық асы жомарт тым,

Шұбыртады сілекейін «қонақтың».

Нәрлі тағам бітіргендей жанға алау,

Аңсары ауып қарай берді тауға анау...

Дуға толы бақ іші:

Тұрды бота бүйірлері қабысып,

Шуылдардан жүрегі ұшып,

Жаны ұшып.

Бәрін тәрк етер еді ол бірден,

Жібермеді шынжыр арқан қарысып.

«Тағылығын» тастамаған ол әлі,

Көз алдында туған өлке жамалы.

Бәрін тәрк етер еді ол бірден,

Жібермеді тобырлардың жанары.

Үзіп кеткен секілді бір жебе ұшы,

Ғарыштағы уақыттардың желісін.

Тұрып алды оған мүлдем жат көздер,

Мынау ғажап момындықты жеп-ішіп.

Кім әкелген, қойды кімдер арқандап?

Мұздай сауал тұрды менің арқамда.

Көшкен бұлтқа, өшкен күннің нұрына,

Қарайды ол жаутаңдап.

Тұрды бота,

Бота көзде – мұң нала,

Қолын созды мүсіркеген сұм бала.

Тұрды бота ойға шомып тым ұзақ,

Қайыршының күйін тыңдап бір ғана.

Миында әлі сағымданған сардала,

Ұшқан түтін мұнарменен жалғана;

Жар басына жалқы қонған қара қос,

Әлдебіреу шырқап салған арман ән.

Оттар сөнген,

Тау қалғыған,

Көз ілген,

Ен далада өзін еркін сезінген.

Миында әлі:

Тағдырына алаңдап,

Әлсін-әлсін қарай берген Бозінген.

Дуға толы бақ іші:

Шуылдардан жүрегі ұшып,

Жаны ұшып,

Тұрды бота бөрілерді сағынып,

Үйренген бір қан ішіп...

Жер жылуы қарып өткен табанын,

Миында әлі бар тарихы далалық.

Бірте-бірте есіне ала бастады,

Соры шыққан сорлы өлкені ол анық.

Үрей біткен буынды ап,

Бота тірсек әзер тұрды жығылмай.

Жанарында қалып қойған бір тамшы,

Боз жусанға қонған таңның шығындай...

Қып-қызыл боп батқан күннің реңі –

Рең емес – қып-қызыл қан,

Білемін.

Құлағымда бозінгеннің боздауы,

Боздап тұрған мына менің жүрегім...

Шашқан біреу қан сияқты уыстап,

Ертең тағы күн туады шығыстан.

Мынау дүние құлпырады, туысқан,

Маған тағы мұң туады, туысқан!

Кеудемдегі қырық жамау жүрегім,

Бозінген боп бұлқынады,

Туысқан!

Кім әкелді? Қойды кімдер арқандап?!

Мұздай сауал тұрды менің арқамда.

Балам маған қарай берді – сәбиім,

Бота көзі жаутаңдап...

Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗИН. Көкдөнен

Бүгін де кіріп, көкдөнен түсіме менің,

Көңілімді бұзды күлдірлеп кісінегенің.

Жасыңнан баптап өсірген жануарым-ай,

Сүлеймен болсам тіліңді түсінер едім.

Кісінегенің ол қыстың қаттылығы ма,

Балгердей баға бере алман ат қылығына.

Тұлпар мінезді Тұранның ұлы емеспін бе,

Кеудемнен кәусар жырларым атқыды мына.

Есімде менің тай кезден тарап жалыңды,

Бәйгеден озсам деген сол бала арманымды.

Әкемнің маған атаған бәсіресі едің,

Тілеуші ем тура аш бурадай жаранғаныңды.

Құйындай шауып төсінде ағызып белдің,

Сауырыңнан жерге ащысын тамызып тердің.

Жексенбі күнгі ауылдың тай жарысында,

Құйғытып қамшы салдырмай қара үзіп келдің.

Жүйткіген жүйрік болған соң тек іздегенім,

Сезімім шалқып ұқсаған теңізге менің.

Балаша жуып, жабулап, жанымды салып,

Сұлыдан басқа дақылды жегізбеп едім.

Шабандоз жастық мұнымен тоқталмас анық,

Әбзелдеп мініп, ел-жұрттан оқшау жасанып.

Маңғаздау қарап, өзімді сері сезініп,

Ортаға олжа салғанмын көкпарға шауып.

Ол шақта сидаң бозбала жел жұқпа мінез,

Ат десе асын тастайтын болдық қағылез.

Бойжеткен көрсек бұрқанып бойда қан тасып,

Ағызып шауып алатын албырт тағы кез.

Жарысып желмен, заулатып, ұшырып арман,

Кезім де болған қамшымен құс ұрып алған.

Келмеске кеткен балалық кезді сағынам,

Басқаны қойшы, тақымның қышуы қанған.

Есейдім, сосын оқуға қалаға кеттім,

Соңымда қалды барлығы балаң әлектің.

Кекілі майда дөненім кермеде тұрды,

Қоштасқан қарап легіне далада көптің.

Жылдарым жылжып, күн арты күнім жүріпті,

Шаңырақ құрдым еткен соң білімді құтты,

Тойыма менің баяғы дөненді сойып,

Қазақы мінез ата-анам ырым қылыпты.

Тарланды мінбей қайтейін тамсанып онша,

Ат көрсем қазір мұңаям, барша қуанса.

Түсімде түгіл өңімде аламан көрсем,

Көкдөнен көңіл заулайды аңсарым ауса.

Қалқаман САРИН. Елге барсам...

Еее, өмір-ай, арылтпай мұнар мұңнан,

Сағынышқа сарқылмас сыңар қылған.

Елге кеткім келеді,

Елге барсам

Елең қағып шығады кім алдымнан?

Кім алдымнан шығады елге барсам,

Туып-өскен,

Түлеген жерге оралсам

Еркелетер таба алмай екі адамды,

Басылмайды-ау бәрібір мендегі аңсар.

Елге барсам,

Басына шыт байлаған,

Баяғыдай алдымнан шықпайды анам.

Көне қорым көзіме түскен сайын,

Көңіл босап боздауық бұлтқа айналам.

Баяғыдай ауылда әкем де жоқ,

Тура сөйлеп сынайтын қатемді өжет.

Өткелінен өткізбей жұтты оны да,

Өлім деген - қатыгез, қатерлі өзек.

"Анаңыздың қолынан дәм татып ек,

Ал, әкеңіз талайға арқатірек

Болып еді!" - деп көрші еске алады

Елге барсам,

...Ескі үйге қорқа түнеп.

Екі бейне сол сәтте-ақ елес беріп,

Ести бергім келетін көп естелік.

Егілгенде жұбаныш бола алмадың,

Еее, өмір-ай, өз балаң емес пе едік?!

Өмір, өмір өтеді-ау сірә да, өстіп

Бірде күліп, ал бірде жылап, өксіп,

Көңіл сенбей көп іске құлазиды,

Тұрсадағы көз көріп, құлақ естіп.

Көзден емес жүректен жас моншақтап,

Көкке қарай беремін жасқаншақтап.

Түбі -

Кеңдік,

Биіктік,

Мөлдірлікті,

Сақтап қалса қалады-ау аспан сақтап!

Гүлманат ӘУЕЛХАН. Көк бөріні сүйемін...

Жіберетін қайраты тасты да үгіп,

Алаулайды жанымда жастық үміт.

Қара түнде сағынып отырамын,

Қарлы тауды жататын қасқыр ұлып.

Тірлігіңе деймін де шүкір елім,

Арманымның ақбозын үкіледім.

Баба тауды сүйемін көкжалы бар,

Көкжал тектес халықтң тұқымы еім.

Таяз ұғып сен мазақ етпе мұны,

Баба таудың біз үшін бөктері ұлы.

Оғыз батыр аттанған ұлы тау бұл,

Көк байрағын көтеріп көк бөрілі.

Бас қамының жүргем жоқ күйттеуімен,

Көк бөріні сүйемін өйткені мен.

Ит жығыс боп келемін ғұмыр кешіп,

Иттері көп өмірдің итпегімен.

Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ. Шенеунік

Жалмауыз жайындай

Су түбіне тығылған,

Кеудесінде қызғанышы нейтрон бомбасындай сығылған --

Бұл шенунік,

Құл секілді,

Ада ұлттық ұғымнан.

Халық деген Құдай аты,

Құдайсыз бұл о бастан,

Қаңқа басқа біте салған оғаш тән.

Бұл жүрегін көрінгеннің жамбасына төседі,

Өстіп жүріп өседі,

Со қасқаң!

Жұтқыншағы тышқан құсап зыр қағып,

Көзі тұнған,

Өзі жылмаң жылма құрт --

Кеңсесінде кесер мойнын сыйпалап,

Кесірленіп қарап отыр сұрланып.

Бұл шенеунік --

Шегірткедей сәнмен киген шекпенді,

Секіргенде талайлардың түбін қиып кеткен-ді.

Құл құлқыны құдық сынды шыңырау,

Бұл бәтшағар соған батты,

Содан бұны жек көрді.

Көзі нұрсыз,

Беті талыс терідей,

Құмырада мың жыл жатқан перідей...

...Әрі кетсе сен де осындай сұрықсызсың,

Мен сенен,

Неге қорқам өлім -ей?!

Олжас ҚАСЫМ. Глобус туралы баллада

Бар қызықтан кетпейік деп кеш қалып,

Бір топ бала қоңыр салқын төске алып.

Отырамын доп орнына сол кезде,

Глобусты тепкен жылды еске алып.

Еске алсам мен, көңілге мұң тұнады,

Жүйрік – мезгіл сырғып кетті-ау тым әрі .

Есерлік пе, глобусты тепкізген,

Жоқ іздеткен жоқшылық па кінәлі?

Сол бір күндер, күндер емес текке өткен,

Алыстағы жақынымдай боп кеткен.

Дастан досым шаттандырды біздерді,

Глобусты ұрлап шығып мектептен.

Ашылғандай болды сонда жолымыз,

Табылғандай болды сонда жоғымыз.

Көптен күткен осы ғой деп «добымыз»,

Оңды-солды тепкілейміз оны біз.

Қарамайтын дауылға да, жаңбырға,

Өңшең тентек өндірдей ұл бар мұнда.

Қапталымда тербеледі төрт мұхит,

Алты құрлық домалайды алдымда.

Ендіктер мен бойлықтары әдемі,

Әуелейді төрткүл дүние әлемі.

Түсіп алып дулы ойынның соңына,

Қызығына батып кеткен шақ еді...

Тебірендік. Теңіз болып шалқыдық,

Бал ғұмырдың жалынына шарпылып.

Дәл сол сәтте «тоқтатыңдар ойынды,

Деп ұстазым жетіп келді алқынып.

Ашулы екен, қатулы екен қабағы,

Кешегіден өткір екен жанары.

Ұстазымыз тоқтай қалып бір мезет,

«Допқа айналған» глобусқа қарады.

Ал біз тұрмыз еңсе түсіп, бүгіліп,

Үнсіз ғана кінәмізді ұғынып.

«Тебуге де бола ма екен жер шарын»,

Деп мұғалім жүре берді бұрылып...

***

Содан бері үйір-үйір жыл өтті,

Өкіндірді, шаттандырды, жүдетті.

Глобусты тепкен күнім оралып,

Тепкілейді мынау нәзік жүректі.

Осы нәзік жүрегіме толса мұң,

Көз алдымда көлбеңдейді сол шағым.

Менің бала кезімдегі ойындай,

Қазір әлем теуіп жатыр жер шарын.

Үрейленіп бұл қара жер жылаған,

Шыдау керек, шыдай берер, шыдаған.

«Қойыңдар», кеп қалатын секілді,

Менің әлгі ұстазымдай бір адам.

Олжас ҚАСЫМ. Қар еріген

Кездескен шақ. Нұрлы сәт. Қар еріген,
Қар еріген қарсы алған әлемімен.
Қойнымда құшақ-құшақ шаттық тұрды,
Мойнында ойнап тұрды әдемі мең…

Бір шуақ тарағанда жүз, өңінен.
Тоң жібіген, жүректе мұз еріген.
Таңғы ауадай тап-таза аңсарым мен,
Ықыласымнан ып-ыстық қыз еріген.

Аппақ қыздың алғаусыз тілегінен,
Қолымдағы нарт қызыл гүл еріген.
Аңдап қалғам мен сонда сезім жасы.
Сырғып бара жатқанын жүрегінен.

Қос жүректің ынтызар сәлемінен.
Ебіл-дебіл егіліп, жан еріген.
Мекенінен сезімнің көштік қалай?
Өштік қалай мезгілдің бәденінен?!

Шуақ қайда сондағы сызды еріткен.
Қуат қайда бойдағы қызды еліткен,
Қар ерісе қағамыз неге дірдек?
Қар ерісе тоңамыз біз неліктен?

Қоштасқан шақ. Мұңды сәт. Қар еріген,
Көңіл қайтқан, жаңылған әуенінен.
Ерудей-ақ, еріппіз ол да, мен де.
Ештеңе жоқ, ешкім жоқ, бәрі еріген…

Мирас АСАН. Кереует

(Мұхтар Шахановқа)

Сықырлаған кереуетім бар тұғын,

Жантая қап алушы едім сәл тыным.

Оңаша өзі тұратын да қоятын,

Соған мәлім мен мұңайған әр түнім.

Ағаш төсек.

Жасы да үлкен өзімнен,

Сонда жаттым,

Сонда шаршап көз ілгем.

Сол төсекте тәтті түске бөленіп,

Ержеткенмін өркен жайып өз іргем.

Қайсар досым ойнап-ойнап үйге кеп,

Сол төсекте ұйықтар еді күйде ерек.

Сол төсектен ол да аттанған мектепке,

Қайсар десе шыбын жаным күйгелек...

Есейдік те, кеттік түгел қалаға,

Қанша жылдар қалды дейсің арада...

Түсімде ылғи төсектердің жапқышы

Қолын бұлғап тұрады бір балаға...

Үйлендік те, жеке шықтық үй болып,

Балалықтың ауылынан сиредік...

Жар екеуміз төсек алдық кең жайлау,

Баламызға төсек алдық күйме қып.

Әлгі төсек тұрды ауылда жүк артып,

Менің сәби иісіме құмартып.

Көрпе, жастық жиналатын мүлік боп,

Көрген көзге Алатаудай мұнартып!

Алып кеттім бір реті келгенде,

Қазіргі орны – қаладағы үй, төр бөлме.

Есік пенен төрдей болып тұрғаны,

Сен де жатқың келер еді көргенде!

Қайсар досым төсек тартып жатыр деп,

Суық хабар келді бір күн «атом» боп!

Сұлық түсіп жата кеттім төсекке,

Түсімде бір алыс таудан шақырды от...

Жұмыстан кеп, келе сала кешқұрым,

Қарғып міндім арқасына бестінің.

Әлгі төсек сынып кетті быт-шыт боп,

Сол түн Қайсар жайлы хабар естідім...

Қайсар көзін жұмған кезде сыныпты,

Қайсар төзім көзін сол сәт жұмыпты.

Жан досымның қайтпас жаққа кеткенін

Қайран төсек менен бұрын біліпті...

Біз ажалға ренжиміз кеш келсе,

Ренжиміз ерте тағы ескерсе!..

Өмір деген – қас қағым сәт екен ғой,

Бір төсектен бір төсекке көшкенше...

Мерей ҚАРТ. Қызымның қылқаламы

Қызым алса қолына қылқаламын,

Жібереді құлпыртып Түн ғаламын!

Шалқалатып алдымен Ай салады,

Ғарыш жаққа жетелеп ой-сананы.

Бір қарасаң, таңғандай Түн есінен,

Ай ішінде қыз отыр жүресінен.

Жерден барған жан, сірә, күндіз қашып?!

Жанарынан ойнайды жұлдыз шашып.

Міне-міне, бұлт салды шөкімдей-ақ,

Аймен, Қызбен қоштасты өкінбей-ақ.

Есесіне, жауынды сіркіретті,

Жай ойнатып, Аспанды күркіретті.

Жаратпады оныда. Құс ұшырды!..

Суреті – түсініксіз, түсі сынды.

Жанарынан бір мезет жалқын атып,

Күн шығарды төбеге жарқыратып!

"Тоқта!" – дедім, сәл ғана жөткерініп.

Келе жатыр үйімде Көктем еніп!..

Мұқият ҚОЙШЫБАЙ. Анашым, жыламашы...

Сәулесі жүзген нәзік өміріңнің,

Көзіңнің шүңетіне көп үңілдім.

Айтшы Ана біздей енді кім түсінер,

Азабын туған жерден бөлінудің.

Сол дала түсіме енді тағы менің,

Суында еркін жүзген балық едім.

Аттанып Атажұртқа кеткенімде,

Анашым артымда өксіп қалып едің.

Бұрылмай ағайынға жүгіріскен,

Қия алмай кете барғам тынып іштен.

Жалғанда жан барма екен енді мендей,

Сарғайып сағыныштың уын ішкен.

Көтеріп туған жерін төбесіне,

Әкем де мінді келмес кемесіне.

Мендегі жетім жүрек аңырайды,

Шомылып өткен күннің елесіне.

Тұратын тағдыр желі құлата алмай,

Деп едім «Ұл» атансам «құл» атанбай.

Боталап жүрегімді жылап тұрған,

Солқылдап тұрмын тағы жұбата алмай.

Көзінің қойғандарға қырын салмай,

Жетер деп бір күн ұшып жырым самғай,

Көк тасын Күлтегіннің жұлқылаймын,

Түркінің әруағын тірілте алмай.

Көк бұлты қасіреттің ашылғанда,

Берер бір Тәңір жауап басынғанға.

Ұлыған Көк түрік боп көк бөрісі,

Келеді кетіп қалғым ғасырларға.

Халқымның бекігенше бұғанасы,

Тағдырдың осы шығар сыбағасы.

Тұтқаны жүрегіңе басып тұрып,

Анашым айналайын, жыламашы.

Бауыржан ИГІЛІК. ***

Қарындастан шылым сұрап шектім де,

Бауырласпен көп сырластым жоқ тілде.

Машырыққа қарап оқып намазды,

Жайнамаздай қастерледім «қағазды».

Тегі – жұмбақ тастандыны жетектеп,

Махаббаты шамаладым етек деп...

Сақалына сарып едім атамның,

Мәскеу жақтан мадақтама хат алдым...

Өңменімнен тұздай көзі өткесін,

«Тұқымымды тұздай құрттың»- деп несін

Сақинаны тіленемін сау басқа?!

Ақинағым, арғымағым, марқасқам –

Бәрі, бәрі, бәрі кетті, бәрі өлді...

Түркі аңқыған түрім ғана бар енді.

Түр деген не?!

Қиын боп па тәйірі?

Тарпаңды да жабы қылған – айылы.

Құдай емес!

Адам, қоғам – қалғаны

Ләңгі қылып ойнайды екен кәлләні.

Ар-ұятты қалтамызды жұтатқан –

Оқып алып, сайрап жүрміз кітаптан.

Осы өзімнің қылығыма бар таңым,

Қыздырмалап бас ауырту науқанын –

Қарындастан шылым сұрап шегем де,

Қайта келіп үңілемін өлеңге...

Жәнібек ӘЛИМАН. Көрімдік

Жоқ шығар, сірә, таласы жаттың,

Дел-сал қып жанды жаңа шуақ күн.

Риясыз реңің, талдырмаш бойың

Қып-қызыл пальтоң жарасып-ақ тұр.

Қып-қызыл пальто қыз ғұмырдай ма,

Қыз көктем мынау сізді жырлай ма?

Үр жаңа, қызыл пальто киген қыз

Көміп кеткендей бізді бір жайға.

Қып-қызыл пальто, қыз көктем мынау,

Жүрегім, жаным сызды өткердің-ау.

Сызылған қалқа, бейуақ мезгілде

Жұмбақ бір жайды іздеп пе ем мынау?!

Қып-қызыл пальто

құмарым ба едің?

Қылықты қалқа жыр-әнім менің.

Басқа күндерден бақыттырақ-ау

Байыз таппаған мына күндерім.

Қып-қызыл пальто

... Көрімдік қайда,

Көрікті ой келіп көңілді ықтай ма?

Көрімдігіңе жыр ұсынамын

Қомсынбай қалқа сонымды ұқпай ма?

Біржан АХМЕР. Қайыршы

Тоқтамай бір жан өте ме?
Қаланың демі - тым суық.
Ол неге жатыр көшеде,
Ол неге жатыр күрсініп?..

Қайғыдан тас боп қалсаң да,
Тұрсаңшы енді, байғұсым.
Біреуге күлкі болсаң да,
Мен үшін ауыр қайғысың.

Жібітіп көңіл тоңыңды,
Қайғыңды Күндей еріткен,
Аллаға жаяр қолыңды,
Адамға жайдың неліктен?!

Сынаққа келер дайын кім,
Өлшеулі мынау бес күнде.
Шаранасында уайымның,
Шарасыз қалғып кеттің бе?

Айдын БАЙЫС. Сұлу мен суретші

Күбі-күбі қиял ойын сапыртып,

Аспандаған атағынан ат үркіп,

Мен суретші болам деді ең ұлы,

Ақтоғайлық Аманқұлдың шәкірті.

Қарай гөрші, көңілінің ояуын,

Көреді екен гүлдің қырық бояуын.

Маңайына маңдай көзбен қараса,

Сүрінеді өзі басып аяғын.

Шабыт іздеп жағалауға жүз барды,

Ұнатады су бетіне сызғанды.

Он үшінде жүрек көзі ашылып,

Салам деді өңкей сұлу қыздарды.

Көкірегін керіп сонда жаңа леп,

Жаңа леппен желпінетін бар әдет.

Қайран ұстаз, бұған бірақ, қарай ма,

Белі шықпай бесіктегі бала деп?

Сал деп берді құмыра мен алманы,

Кейін дейді, қыздың жайы, қалғаны.

Сөйткен шалың, өзі келіп өрімдей,

«Су ұсынған сұлу қызды» салғаны!

Ақылына құлақ салсын деді ме?

Жұмбақ қылып, жырақ барсын деді ме?

Сұлулықтың азабы мен ғажабын,

Көріп барып, бірақ салсын деді ме?

Құдай өзі дарын беріп елесе,

Құдай өзі жалын беріп елесе.

Сұлулықты сомдай білу үшін сол,

Аманқұл боп туу керек немесе.

Со баладан түк суретші шықпады,

Ұлы өнерден аз екен ғой ұққаны.

Сұлулыққа ғашық еді бірақ ол,

Таңдайынан кетпей таңғы шық дәмі.

Кірлетпеді жан-жүрегін ғажап ақ,

Жаздың жылы жаңбырымен тазалап.

Өлең жазып жүр дейді енді, түсінде,

Су ұсынған сұлу қыздар мазалап.

Ерік НАРЫН. Қара шапан

Жауында әкем, сауында шешем киген,

Сол шапанның қойнына шекер де үйгем.

Жамау-жамау біз көрген балалықтай

Қайда қалды шапаным көшерде үйден.

Әкем – қойшы, қойшының таяғынан,

Ат үстінде күн жүдеп, ай арыған.

Қара шапан ішінде талай қозы

Көзін ашып нық тұрған аяғынан.

Біз де солай...

Бөлмемізге бас сұқса ұрыннан күз,

Қара шапан ішінде жылынғанбыз.

Қара шапан ішінде сыз әлемге

Мейіріммен қарайтын суынған жүз.

Қара шапан секілді жаным жамау,

Сағыныш боп кеудемде жағылды алау.

Жұлдызы көп мына түн сондай жылы,

Жамау-жамау шапанды жамылған-ау?!

Ділда УӘЛИБЕК. Үміт

Көктегі жұлдыздардың мысын

жердегі жұлдыздар басып тастаған қалада,

Жанталас, күйбең тірлігің үшін

армандарыңнан адасу - оп-оңай.

Құбылған дүние,

Шұбырған күндер,

Жүрегімнің дүрсілі - кері саналған уақытым.

Қайтсең де ұйқаспас өлең;

Үні шықпайтын күйсандық сияқты бостекі өмір

артығымен алатын ақысын.

Іңір!

Күннің ең аяулы шағы.

Сайтан да еріксіз көшетін шығар

жүрегін ерітіп сенің мейір шұғылаң.

Күн сайын тілдескім келеді біреумен осы сәт

барымды ақтарып,

жанымды жайып сап.

Сосын

өзіме ақталып,

өзімді айыптап

үймелеген үрейімнен тығылам,

жебір ойлардан...

Тірліктің бар мәні қағазға айналған,

бес тиын тұрмайтын “ақылын” ақылы тықпалағандардың заманы.

Болмысынан безінген дәуір.

Жасандылықтан жанымыз, жүрегіміз жауыр.

Ертеңі бұлыңғыр өліара уақыт.

Мың қасіреттің арасынан жылт етсе

өзіміз ойдан құрап алған Бақыт

алдамшы күліп.

Әжемнің иірген жібіндей жіңішке, нәзік

күннің ең алғашқы шуағына

қарманып қайтадан

оянады

Үміт.

Еділбек ДҮЙСЕН. 1782 КМ.

Мұнарасын тұман қамаған мешіт,

Пәрәнжі киген қарындасымдай, меңді.

Бір кездердегі нәп-нәзік үміт

бүгін шыдам кейіпіне көшіп,

Үнсіздік шеңберінде өлді...

Үнсіздік шеңбері-

өртенген кітаптар даусы.

Ондағы тіршілік түсіне ой болып көштік.

Құмығып тіл қатады суфлер сыбырына қарсы

Өртелген кітап ішінен өткен күн өксіп.

Біз де бір іргесінен сауысқан арылмайтын ауыл

Икемсіз өмірге үйренген демде.

Кеудеміздегі "Берлин қабырғасы", ғасырлардай ауыр,

Селк етер емес,

Шығыстан сыңсыған азалы желге.

Алдымызда-Үрей,

төрт табандап жабысқан түнге,

Үрейдің түсіңдегі көлеңкесін көресің күндіз

артыңа қарап:

...екеуміз жел өтіндегі бақбақ басына бірге,

Отыр екенбіз деймін ұлпалар қадап...

Дәурен ТІЛЕУХАН. Антиномия

Жазғыра алмас жүрегім кеткен «досты»

Тек аяймын—жанарың төккен жасты.

Бұл қалада бәрі бар—

Тек сен жоқсың…

Тек сен жоқсың…

Құдай-ау, неткен жақсы!..

Сезім бұлқып, ой қалқып алып-ұшқан,

Сағыныштың сен жайлы — бәрі дұшпан!

Көшелерде кептелген көліктердей,

Санам іші—сан күдік сабылысқан…

Бүгін де ұзақ бой жазып жүргім келді,

Еске алармыз ертең-ақ бұл күндерді.

Аңсадың не шаршадың қызықтырмас,

Ақтөбеге—бәрібір!

Білдің бе енді?!

«Жоққа» сіңіп, жұтылған хабарымдай,

Сағыныштың сап-салқын самалындай,

Үмітіңді үгітіп, үркітетін—

Ойладың ба қатал деп қала мұндай?!

Ойламадың…

Ой қамад(ы) дерттен жаман:

Оралуға болмас па өткенге адам?

Бұл қалада бәрі бар—

Тек сен жоқсың…

Тек сен жоқсың…

Құдай-ау, неткен жаман!..

Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ. Нүктесіз өлең

Жазамын өлең нүктесіз қылып,

Қоямын кілең ілеп белгісін!

Қашап көрейін бүкпесіз қырық,

Жасап берейін жүректен мүсін!

Өмір дегенім - күтпеген ойын,

Өлең дегенім - бітпеген тойым!

Фәниім жатыр нүктеге дейін,

Бақиым жатыр нүктеден кейін!

Өмір дегенім - бүктеген қасқа,

Өлең дегенім - тіктеген еңсем!

Басталсам дағы нүктеден баста,

Аяқталамын нүктеге келсем!

Жан өлмес тәнім жойылғанменен,

Алланың барын мойындау бөлек!

Өмірге нүкте қойылғанменен,

Өлеңге нүкте қойылмау керек!

Қуаныш ОСПАН. Барнохон

Қоңыр кешінде бағы ұшқан күздің,

Жанымызды мұң жаныштар біздің.

Барнохон сұлу – ерекше есімі,

Аялдамада танысқан қыздың!

Сыңғыр еткенде балаң үнменен,

Қайталап айтшы қарағым деп ем.

Жылуға мұқтаж сүреңсіз күздің,

Бақыт гүлі ме ең жаңа гүлдеген?!

Монтыйған қалқам мүләйім жүзді,

Көзбенен өбтім шырайыңды ізгі.

Сап-сары күздей сағыныш сыйлап,

Сарғайтар ма екен Құдайым бізді?!

Жымиысыңа бәрін жасырып,

Жөнеле бердің, жаным, асығып.

Еліктің үркек лағындай, еркем,

Ғайып болдың-ау қалыңға сіңіп.

Қоңыр кешінде бағы ұшқан күздің,

Жанымызды мұң жаныштар біздің.

Барно жан ба деп елеңдей берем,

Күлгені естілсе алыстан қыздың!

Жадыра БАЙБҰЛАНОВА. «Ромео мен Джульетта» қойылымы

Театрға барғанбыз.

Ең бақытты шығармыз деп барлық осы жаннан біз.

Көз алдыңда кіріп келді,

Бір кездегі арман қыз.

Жиып қойып маңайды,

Көз астымен сен де оған қарайсың, ол да саған қарайды.

Қасындағы ер жігітін аядым,

Мені қойшы, жарайды.

Менікі – жай бақылап...

Қайран, жүрек!

Қайдағысы еске түсіп жатыр-ақ.

Тағы өтірік құшақтайсың,

Бәрін сезем, ақымақ!

Ең қиыны – жыламау,

Бірін бірі ұмытпаған екеуге – шыдау әрі шыдамау!

«Шын сүйгендер қосылмайды» –

Қойылымның түрі анау!

Көз алдымда сурет па?

Әлде мәңгі жазылмайтын сезім деген қу дерт па?

Екі ғашық сендер болсаң, мен кіммін,

Ей, Ромео-Джульетта?!

Бауыржан ӘЛІҚОЖА. Күз бен қыз

Сыртқа шықсам сарғайған күзді көрем,

Жүдеу жүзді сонан соң қызды көрем.

Сағынышқа бөленген мұңлықтарға,

Дәрі бола қояр ма біздің өлең.

Сабағынан үзіліп жапырақтар,

Көңілсіздеу күй кешті атырап бар.

Мақпалдайын жапырақ емес анау,

Жатқандайын тапталып топырақта ар.

Жұлдыздай төбемізге таяу аққан,

Қыр үстін қызғылт түске бояды ақ таң.

Елестей ме ғашығы күні-бойы,

Сезімін іздейді қыз саябақтан.

«Күту деген тәйірі сөз бе, тағы,»

Дегеніңмен, сүркей Күн боздатады.

Күрең өңір сол күйге қосылып ап,

Қай-қайдағы жайларды қоздатады.

Сықпытындай сұр күздің мұң қабыздап,

Жүректегі жарасы тұр ма сыздап ?!

Аппақ жүзін қарайтып жіберіпті-ау,

Қоңыр бақта уілдеп түрлі аңыздақ.

Енді ешкімге сенбейді ол, өмірінде,

Күздей мұңның табы бар көңілінде.

Ізгі арудың көз жасы сияқтанып,

Қыз-қайыңның моншағы төгілуде ...

Сыртқа шықсам сарғайған күзді көрем,

Жүдеу жүзді сонан соң қызды көрем.

Ұғынбаған сол жанның мұңлы сырын,

Маған салсаң дер едім түзді керең.

Құзарларға қонғанмен сұңқар ұлың,

Кеудемдегі әлегі-ай мұң табының.

Қызды мұңы ... үзілген жапырақтар,

Жан-жүйемнің үздің-ау бір тамырын.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар