Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

14.03.2022 936

Суреткер

Алтайдың біздің жыл санауымызға дейінгі аты – Отыкен. Жыл санауымыздың 91 жылы бүкіл түркі жұрты сондағы Ергенекөн жиылып ел болып, сол таудан тараған деседі ескі тауарих. Мағжанның арысы адамзаттың, берісі исі түркі жұртының алтын бесігі атақты Алтай деп жырлайтыны да содан. Суреткер, жазушы Қалихан Ысқақтың кіндік қаны тамған жері де осы байырғы Отыкен жұрты. Бір қарасаң жұт болатындай, жоқтық болатындай жер емес, нулы, сулы, шұрайлы алқап. Ал бір қарасаң бар қасірет дәл сол жерден бой көтергендей әсер беретін алмағайып өлке. Бұл күнде шекаралы аймақ. Адамзаттың Алтайы қазір төртке бөлініп, төрт елдің териториясында жатыр. Империялар арасындағы қақтығыс туған жерді де, сол туған жерінде бейуаз ғұмыр кешіп жатқан кішкентай адамдардың да тағдырына өз әсерін тигізбей қоймаған. Қаншама зобалаңдар мен уақыт дүмпулері өтседе, Алтайдың төрт қапталына жайылған киіз турлықта қазақ баласы бұл күнде өз мәдениетін, бітім-болмысын сақтап өмір көшін дөңгелетіп келеді. Тілі де, мұңы да бір. Бәрі өзін Ана – Алтайдың асқақ перезенттері сезінеді. Ал сіз Алтайдың өзін тыңдасаңыз, оның әрбір жотасы, қыры мен белі ұлы Тұран империясы болған алапатты шағын еске алумен, соны қайта жаңғыртып, тіктеумен дем алып жатқанын сезесіз. Иә, ол – Отыкен. Отта, су да, бәрі өзімде бар деген сөз. Мені жұбатудың һәм қорғансыз санаудың қажеті шамалы деген мағына берсе керек. От. Кен. Екеуі екі дүниенің тұтқасы делік. Кешегі Аттиланың, Көтен ханның, Шыңғыс ханның, Ер Батудың батысқа жорығы осы таудан басталған. Исі түркінің тарихын Алтай тауынсыз елестете алмайсыз. Сондай қуатты жердің тумасы, атақты бабаларынан бізге жеткен алтынның сынығы, соның өзі жойқын, соның өзі алапат, сыршыл суреткер – Қалихан Ысқақ. Бүгінгі екі ауыз сөзіміз сол кісінің рух дәргейіне арналады.

Қазақ – эпикалық халық. Ондай халықтың дүниеден жойылып кетуі мүмкін емес. Эпикалық қуаты мол ұлт қана эпик тұлға, эпик жазушы тудыра алады. Сондай салтанаты бөлек жазушының бірі һәм бір егейі – Қалихан Ысқақ. Ол ешуақытта жазушы болам деп армандамаған. Оқушы кезінде жұрт қатарлы тақпақ жазып, сөзге әуестеніп өскен баланың тағдырын бір-ақ күнде Бейімбет Майлин өзгертеді. Жалпы бұл әулеттің тағдырына Бейімбеттің ықпалы ерекше. Туған әпкесі Қырмызы мектепте Бейімбеттің әңгімелерін оқып, «Шұғаның белгісін» сахналап, өзі Шұға рөлінде ойнаған. Қаршадай қызға осы уақиға сор болып тиіп, репреция құрбаны болып айдалып кетеді. Кетерінде Бейімбет, Ілияс, Сәкен бастаған алаштық бірнеше авторлардың кітабын, киізге орап көміп кетеді. Төртінші сынып оқып жүрген оқушы Қалихан бір күні сол кітаптарды тауып алады да, «Шұғаның белгісін» беріле оқиды. Сол күні Қалихан Ысқақтың тағдыры шешіліп қойған еді. Бала Қалихан «бүйтіп боркемік өлең жазғанша, осындай кестелі, кесек дүние жазу керек қой» деп түйіп, әдебиетке, соның ішінде прозаға бірден ат басын бұрады. Әпкесі берген құрбандықтың есесіне қазақ даласының бір пұшпағынан, болашақ қазақтың суреткер жазушысы осылай туады. Жазушының есімін машһүр еткен туынды «Қоңыр күз еді» деген хикаяттағы Кеңестік тарихтың мұқабасы ішіндегі кітап осы «Шұғаның белгісі» еді. Жазушының әпкесі шынында советтік тарих оқулығының мұқабасының ішіне Бейімбетті салып оқыған екен. Алдында ұлы ұстазы Бейімбет Майлин тұрғанда Қалихан Ысқақтың жаман жазуға хақысы жоқ еді. Сонымен өртеңге өнген гүлдей жазушының азап пен күреске толы ғұмыр жолы басталып кетеді.

Әкесінен бір жасында жетім қалған Қалихан өзін жоқшылыққа, кедейшілікке, қиянатқа, алда болатын барлық қиындықтарға дайындап өседі. Оның өмірлік ұстанымы өкінбестей ғұмыр кешу болатын. Ол өзінің бейнетті ғұмыр жолында мақсатына жетіп тынды. Әңгіме өкінбеу дегеннен шығады. Ұлттық телеарнадағы «Шынның жүзі» атты хабарға берген сұхбатында, Қалихан Ысқақ балалық шағының қиын кезеңдерін еске алады. Әпкесі Қырмызы «Халық жауы» болып айдалып кеткесін, жетім бала мен жесір ананың күн көрісі қиындай түседі. Қызы «Халық жауы» атанып түрмеге этапқа кеткенде шешесінің шашы бір түнде ағарып кеткен еді. Онда Қалихан үш жаста болатын. «Алақойды бөле қырыққан» заманда олар елден де оңашаланып абдырап қалған. Бір күні шешесі үш жасар Қалиханды шанаға салып алып, қыстың көзі қырауда, қақаған аязда ауылдан жетпіс бес шақырым жерде тұратын туған бауырының үйіне алып барады. Түн жарымда есік қаққан жетім мен жесірді туған бауыры босағадан да аттатпайды. «Кетіңдер, бәлелерің жұғады» дейді. Заман солай еді десең те, тым ауыр кеп. Содан шешенің көз жасы сора-сора болып түн жарымында ауылға қайта кетеді. Тас қараңғы түн. Қақаған аяз. Қалың қарда ашыққан Алтайдың азулы қасқырлары әлсіз ана мен қорғансыз баланы қоршауға алады. Талап жеуге тырысады. Сонда шешесі Қлиханды сабанның маясының төбесіне шығарып салып, таң атқанша сабан өртеп, от жағып қасқырдан қорғанады. Бұл уақиға үш жастағы Қалиханның мәңгі есінде қалған. Аппақ қармен шағылысқан ананың шашы қудай, жүзі әбден сұрланып кеткен. Сонда ашынған ана аузынан қанды жосасы ағып отырып ұлына: «Өл! Сен болмасаң мен баяғы да асылып өлер едім!» дейтін зарлы сөзі бала Қалиханның жүрек түкпірінде бір шымшым шоқтай боп қалып қояды. Міне, өмірімнің сүйінішінен өкініші көп болсада, мен өз өмірбаянымнан бас тартқан емеспін. Мен өкінішімнің өзіне өкінбеймін деп еске алады кейін классик жазушы.

Сол Қалихандай ардақты ұлды туған ана, өмірден қайтарында ұлына үш өсиет айтыпты. «Әуелі мен өлгенде жылама, қайғырма, беліңді бекем бу. Сосын мына ауылда бір күн тұрушы болма, Алматыға бар, оқыу оқы. Білім ізде. Жан бағарлық маман бол. Сені оқудан басқа ешнәрсе құтқаралмайды. Соңғы айтарым, әулетіміздің тілі тас тесердей өткір еді. Кімнен қандай қиянат көрсең де, оған кектенбе, қарғама, біздің әулет қарғаған адамның оңғаны жоқ. Тіліңе ие бол»,- деп ақтық сөзін қалдырып аттанып кетеді. Қал ағаң, осы үш өсиетке де шамасынша адал болды. Ауылынан білім іздеп ерте аттанады. 1952 жылы Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Алғашқы еңбек жолын Семейдегі «Екпінді» газетінде тілші болып бастайды да, соңынан Алматыға қайта оралып «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа тұрады. Университетті бітіргеннен кейін де сынақ кітапшасын бір жыл бойына тапсырмай, дипломсыз жүреді. Оның басты себебі, емтихан сынағынан өтеалмағанынан емес, қайта, сынақ кітапшасындағы ұстазы Әуезовтің қолын қимағандығынан екен. Бұл да жазушының сөз өнері мен ағаларына деген адалдығын аңдатса керек. Мәскеудегі екі жылдық жоғары курсты аяқтағаннан кейін де, ағасы Тәкен Әлімқұловты қимай бір жыл жүріп қалатыны да өз алдына бір бөлек хикая.

Жазушы Қалихан Ысқақпен қатарлас әдебиетке келген буын – әдебиетіміздегі ең қуатты буын болды. Олар мейлі қай жанрда қалам тербесе де ең әуелі өнер биігінен, көркемдіктің жоғары талабынан шыға білуді көкседі. Олардың әрбірінің өз дауысы, өз болмысы, өз жазу манерасы болды. Осы бір жұлдызды шоғыр қазақ әдебиетінде «алпыскерлер» деген атпен қалды. Жазушының досы Әкім Таразидің естеліктеріне сүйенсек, Сайын Мұратбек, Қалихан Ысқақ, Әкім Тарази сынды үш досты алдындағы ағалары мен замандастары «үш мушкетор» деп атаған екен. Кейін осы үштікке жазушы Қабдеш Жұмаділов пен Рамазан Тоқтаров қосылады да, «Бестапал» атанып кетеді. Кейін осы ағалары еркелеткен бес тапал да, әдебиетіміздің классиктеріне айналды. Қазақ әдебиетіне қомақты олжа салды. Бесеуі де еліміздің ең мәртебелі сыйлығы – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.

Қалихан Ысқақ әр жылдары «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Парасат» журналында, «Қазақфильм» киностудиясында қызымет атқарды. Оның ең ұзақ еңбек еткен жері Қазақстан Жазушылар одағы болды. Ол онда үзіліссіз отыз жылға жуық қызмет атқарды. Жазушы прозадан тыс, көсемсөзбен, аудармамен, көркем эссе, мақала жазумен де айналысты. Әдебиетке өлеңмен келгеннен болар, ол поэзия жанрын қатты сүйді, құрметтеді, адал оқырманы болды. Ал жастардың шығармашылығын қолынан келгенше қадағалап оқып отырды. Бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін аямады. Көп нәрсеге сын көзбен қарады. Бір сұхбатында қазіргі жастар прозасына жетіспейтін төрт кемшілікті атап өтеді. Олар: әуелі, қазіргі жастарға жазушыға тән фантазия жоқ дейді, сосын да ойы орашолақ, қиялы шолтаң жансыз шығармалар дүниеге көптеп келіп жатыр деп есептейді жазушы. Сосын қазіргі прозаик болам деген жастардың көбінің сөздік қоры аз, көбінде жоқтың қасы, кейіпкер образын, харектрін ашып беруге жетпейді, нәр жоқ, оқыған сөйлеміңнен сүріне бергесін, ары қарай сені тартпайды дейді. Жазушының пікірінше, қазіргі жас қаламгерлерде жанрлық ерекшеліктерді ажырататын сауаттылық жоқ. Былайша айтқанда кәсіби емес. Осының бәрінен келіп шығатын дүние, қазіргі жас толықын, талапшыл жастар нағыз көркем сөз шебері ретінде өз стилін қалыптастыра алмай отыр. Суреткер Қалихан Ысқақтың осыдан көп жыл бұрын айтқан ескертпелері, әлі де өз маңызын жоя қоймағаны белгілі. Болашақ біздің жазушыларымыз әрдайым осы аталған мәселелерді көкейінде тоқып, ескеріп жүрсе қазақ сөз өнерінің тасы өрге домалары сөзсіз.

Қалихан Ысқақ 1957-1965 жылдары Мәскеудегі режиссерлер мен сценаристерді дайындайтын жоғарғы курста білім алады. Осы салада жүріп «Қазақфильмнің» кино индустриясына айтарлықтай үлес қосады. Кейіннен аталмыш киностудияның бас редакторы болып қызмет етеді. Сол жылдары студия жылына үш көркем фильм түсіруі керек еді. Алайда сол кезде олардың қолында бір де бір киносценарий болмайды да, киностудия жабылудың аз-ақ алдында тұрады. Сол қиын шақта Қалихан Мәскеуден екі киносценарийн бекіттіріп әкеліп, киностудияны сақтап қалады. Соның нәтижесінде «Қазақфильмдегі» сегіз жүзден астам қызыметкер өз жұмысында қалады. Қалихан Ысқақтың қазақ киносына қосқан осы бір батыл әрекетінің өзі ауыз толтырып айтарлықтай ұлт ісіне қосқан үлесі, ерлікпен пара пар күрескер жолы еді. Кейіннен, қазақтың біртуар режиссерлері Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев сынды ұлы тұлғалар, арт-артынан қайтыс болғаннан кейін, осы салада қызымет етіп жүрген Қалихан Ысқақ, Сайын Мұратбек, Асқар Сүлейменов, Әкім Тарази бастаған қаламгерлер де жұмыстан өз еріктерімен кетеді. Себебі олар, қандай мықты сценарий жазса да, енді мықты фильм шыға қоймасын жақсы сезінеді. Шәкен, Қалихан, Әкім, Олжас сынды сүлейлер тізе қосып жұмыс атқарған сол жылдар, шын мәнінде қазақ киносының алтын дәуірі еді.

Жазушы Қалихан Ысқақ өзінің шығармашылық өмірінде, не жазса да қазақ туралы жазды. Өткенді жазса да, бүгінгіні жазса да, ең әуелі адам тағдырын, қазақ тағдырын кестелі сөзбен суреттей білді. Сөз өнерінің алдында адал болды. Не жазса да өнер биігіне көтеріп жазды. Партияны, үкіметті жырлаған жоқ. Мәңгілік һәм өміршең тақырыптарды ғана қаузады. «Қоңыр күз еді» ден басталған суреткерлік ғұмыр, «Менің ағаларым», «Қара орман», «Бұқтырма сарыны», «Тұйық» сынды сүбелі туындылармен ұласып жатты. 1992 жылы «Ақсу жер жаннаты» атты эпикалық қуаты аса күшті романы үшін Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш реткі Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Қалихан Ысқақ бір сұхбатынды, туған жер деген киелі ұғым бала кезіңнен бастап, кейінгі көп нәрсенің барлығын есіңе салып, өмір көшінде тапқаның мен жоғалтқаныңды әрдайым санаңда жаңғыртып отырады екен дей келіп: «Бір сөзбен айтқанда, ауыл кітаптың беті сияқты. Соны қайтадан оқып шыққандай боласың. Табиғаттың ортасында отырып, қолма-қол дәл осы уақытта ештеңе жазбайсың. Сол ауылдан ұзап кетіп, елден алыстап кетіп, сағынып отырып жазамын»,- дейді. Қалихан Алматыда алпыс жылдан артық тұрсада еш отыққан емес. Өзін құтты вогзалдың бойында буынып-түйініп отырған адамдай, әне-міне Алтайына жүріп кетердей сезініп, аңсарға толы ғұмырын өткізді. Тым жас-өспірім шағында ауылынан аттанып, отыз жылдан кейін туған жеріне бірақ оралған жазушының жадысы адам таңғаларлықтай еді. Алтайдың қыры мен сырын, аңы мен құсын, нуы мен суын, құпиясы мен жұмбағын Қалихандай білетін, Қалихандай сезінетін қаламгер жоқ еді. Ол өзінің асқақ Алтайы арқылы исі қазақ баласының, тұтас адамзат зәузатының тағдырын жырлады. Өзінің де мәңгілік тұрағы Отыкеннің құтты топырағынан бұйырды.

Әр жылы 14 наурыз күні Қалихан Ысқақтың айналасындағы дос-жаран, қаламдас бауырларын үйіне шақырып, көп көже (наурыз көже) беретін отбасылық дәстүрі болған. Өйткені, бұл күн – әуелі ұлыстың ұлы күні, жаңа жылдың басы еді. Содан кейін жазушының өз туған күні болатын. Ел наурыздың ақ дәмін ұмыта бастаған советтік кезеңде де Қалихан ағамыз осы дәстүрді ұмытпай, жаңғыртып отырған. Сондықтан да осы күн – қазақ әдебиеті үшін де мерейлі күн болмақ. Ұлы суреткерлердің туған күні бар да, өлмек күні жоқ. Әлдеқашан уақыт сынынан өткен Қалихан Ысқақтың шығармалары, уақыт зырлап, ұрпақ алмасқан сайын Алтайдың күн сүйген шыңдарындай асқақтап барады. Атаулы күнде, бізде қазақтың қабырғалы қаламгерін қайыра еске ала отырып, сөз өнерін саптаған кейінгі толқынға суреткердің даңғыл жолын берсін деген ниеттеміз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар