Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Сұраған Рахметұлы. Түннің түсі

27.05.2019 1107

Сұраған Рахметұлы. Түннің түсі

...Қара түндер түн емес қой,

қарашық,

Қабақ шытқан уақыт қой

жаны ашып…

...Дүйсенәлі Әлімақын деген ақын екен. Топтама өлеңдеріне сүрініп қалдық. Поэзияның адамзат тағдыры, ғалам тағдыры екенін меңзейді, айтады. Салмақты болу жақсы секілді ақынға. Алайда бір асығыстық бары сезіледі. Құсни жырлар ой қанатында ұшып бара жатқан, тіпті зәу әуелеп кеткен жыр-құстар?! Соңыра келер ойран ойларын шарықтатып жібереді. Шумақтарының соңын соны эпитетпен (epitheton) бекітеді. Сағыныш деген жалғыз құдыретті сана барлық шайырларда болады. Мына бейбақ оны: «...жапырақ болып сарғаям мен де, оралып сендер жеткенше...», - деп астарлап сезімтал сылап сырлайды. Расында ақындардың кіл ғұмыры тек қана жапыраққа ғана ұқсас-ау?! Поль Элюардың түн туралы бір өлең жолдары ХХ ғасыр сюрреализм бағытына шамалы дәнекер болған деседі. Осы ақынды менің аяулы досым қазақтың таңғажайып ақыны Светқали Нұржан аударған еді. Ол «Түн» туралы Элюардың ақ өлеңін: «...Жоқ саған жетіспей тұрғаны түн емес, түннің тылсым құдіреті...», - деп айтағалсын шымыр өрімдеген-ді. С.Нұржанның тәржімасын сондай беріліп отырып оқисың!

Енді мінеки жас ақын Дүйсенәлі болса түнді тіпті түрлендіріп жібереді.

«...Түн күледі емен жарқын сен күлсең,

Алғаусыздау ойымның жоқ шатағы.

Қарсы алдымнан сен кезігер деп жүрсем,

Ал соңымнан ымырт келе жатады...»

Поэзия деген машақаты көп ұлы дүниені бір рет қана оқып түсіне салсақ қой?! Көп тоқу, түйсікті өткірлеу, маңайдағы барлық болмыстарға тек сана көзімен қарай алатын ақын ғана осылай жазуы мүмкін. Жалпы әр ақынның өзара таныстығы, тағы да есерлеу қиялилығы, тентектігі, бірдегі ауыт жәйіттері бізге әзір керек емес. Бұла шағынан ерте есейіп кеткен топ ақындарға жіті қарасақ, жүрегімізге осындай ой қонады. Оларды ғаламда аты мәлім кейбір ақындармен іштей салғастырғың да келеді. Мұндайда ақынды бекер аспандатып, құр мадақтау тұрғысынан жазуға да болмайтынын білеміз. Демек бір нәрсе жетпей тұрады. Соны аласұрып іздейсің... Батыстан, шығыстан т.б. жақтан.

Өлеңдегі шарықтаулар, күз реңі, сары жапырақтар жауыны бір түрлі сүреңсіз сәтті елестетеді. Бақтың ішіндегі жалғыздықтың жауһари үні Иоганн Себастьян Бах сазы әлеміндегі ғажайып әуенді дыбыстарды әкеледі. Аспанда асығыс жүзіп бара жатқан Айдың жұқана шарбысы мен ақын ойындағы аунаған ақ парақтардың жүзіне ойдың нілі сіңген шумақтар бүгінгі жастардың өлеңдерінен кездесе береді. Жалпы Дүйсенәлі де ғана емес, күллі жас ақындардың жандүниесіндегі жарқын елеңді әлектері қызықтырады. Көңілді, мұң аралас сарындар жалғасып, ұласып келеді. Қысқа өлең, ұзын сонар баяндау болсын мейлі, бұл ақиқатында бөгесін һәм тұйыққа тірелу емес, мұнда әйтеуір апориялық тығырық жоқ. Ақын өткен шақпен тілдеседі. «Маңдайға түсті мезгілдің табы...» деп жорта отыруы да осыған байланысты. Бірақ кіл жәудір ақындар өткеннің бәрін жалмап, еншілегісі келеді. Меніңше, бұл кешуге тұрарлық өтпелі сәттегі ерекшелік болса керек...

Аспандап, алыстап, өзіне өзі күш бермей кеңістікке қарай шырқаған сәттегі өлең болып өріліп келетін ойлардың оң бітімі көріне бастайды.

...Сағыныш басым өмірім мынау,

Сағынған жанды іздеуде.

Толқындай тулар көңілім мынау,

Жапырақ жауған күздерде...

Ақын әлемге тез сезілуді армандайды. Жарқындық пен түйсіктің таразысына келгенде мүлдем басқа бір тың ғұмыр жасап алғысы келеді?! Ақын қайуанның миының ішіндегі арпалысты «майдандар» оны кездейсоқ (accidens) күйретуге де әкелуі мүмкін.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Құлбек Ергөбек. Қазақтың дәл өзіндей қарапайым

Шумақтарындағы бейберекет күш, толқындар жаны көктегі тәнді басқару жүйесіндегі күйзелісті әлеттердің бәрі уақыттың әсерінен. Поэзияның өзі – уақыт. Сана әлеміндегі санқилы сапырылысқан ағыстары мен қиналыстары уақыттың өңі. Күллі жас ақындардың көкірегінде тек өз «ертеңі» бар.

Ертең дегеніміз – үміт. Оны Дүйсенәлінің өзі қолмен қойғандай айта алады... Мысалы: ...Үміт деген немене, жазылмаған өлең бе? Тағдыр деген немене, құлағы тас керең бе? Енді бұдан өзгеше не деуге болады? Білмеймін.

Заманауи қынатекті ақын інім Мұрат Шаймаранның жыр топтамасын оқыдым да жалпышығыстық жаңа ағыстың бір шоғыры осы Дүйсенәлілер екен-ау деп түйгем-ді...

Сонау ҮIII ғасырдағы қытай ақыны Тү Фү (712-770) поэзияның таптауырын дәстүріне қарама-қайшы әрекет жүргізген дейді. Уақыт тынысын сезіне білу арқылы сәуегейлікпен поэзияның көп мағыналы құрылымын жаңарту жолында Омарғазы Айтанұлы (1931-1997) да керемет із түсірді артына. «Менің Шығысым» атты ғаламдық жырын 1956 жылы жазды.

«...Шығысым, менің

сиқырлы шығысым,

Мен сенің сиқырлы тылсыматыңда тірі

қаламын,

Жер жынысынанмын, жер адымынан,

Адам атымды тағы мың жыл

көтеріп барамын...» Омарғазы ғана өстіп айта алды!?

Мұнда біз Дүйсенәліні жапырып жіберді деп те тұрғамыз жоқ! Жаңалық, өктемдік, жаралы өлермендік, құбылыстар арасына сіңісудің небір машақатында жүрген ақындарды жақсы көремін. Менің «жарлы» мақаббатым ештеңе шешпейтінін білемін. Бірақ, ақынның ішкі азаттығы мен ішкі тәуелсіздігін мойындамасқа болмайтын тәтті ләжсіздік қинай береді. Бүгінгі ақындардың ой-санасын түгелдей азаттық жайлап алуына тілектеспін.

Жақсы көруден емес. Бойкүйездік пен азғындықтан сақтану үшін. М.А.Бакуниннен кездестірген едім, дәл осы ойды.

Өзгеден өңге, өзгеше, қайталанбау, әсіре өзгеленбеу, өліммен қорқытпау секілді ағатсыз тағатсыздықтар жастар поэзиясынан көрінсе деп... Бүкіл ІХ ғасыр түгелдей өлім-жітім туралы жазып келді. Оқырманға жақындау болу үшін тек неофрейдизм бағамдарын ескерте кетсем айыпқа бұйырылмас. Жүректегі пернені дөп басу үшін де құштарлық керек, әрине. Жүрекпен жылаудың өзі ақынның өжеттігін бейнелейді.

...Көше – құржа, шырақ – ажал, қала – аңғар,

Сайтан ғұмыр жетегіне кім ерді?

Ары-бері қайшалысқан адамдар,

Елесіңді адастырып жіберді.

Мұнда айтағалсын біртүгел кереметтік болмаса да оқырман тарапы өлеңнің қатты тынысын іштей иін жұмсартып оқиды. Қараңғыға қарсы біткен – жарық қана. Одан өзге құбылыс болмайды. Өмірде сәл тігісі жатқызылған иірімді ойлардан туған жырлардың бәрі бірдей өміршең емес. Заңдылыққа қырын қарап келер ақынның бәрі сәтті өлең жазбаса керек деген «ақсақ» ой жаңсақ лепе де екіжақты.

Мұндағы айтайын дегенім көп үндемей жүріп-ақ, өңге бояумен өзгеден өзгеше жырлайтын ақындардың тағдыры да есепке алынуы керек.

Маған жуықта ғана Қырғызстанның күрделі ақыны Сұлтан Раев «Антистандарт» (2008) жыр жинағын берген еді. Таңдануға тура келеді?! Шексіздік пен кеңістіктің кереметі осы ақынның өлеңдерінде өріп жүр. Айтматовты ғана мақтай беретін төбел топтың біріміз!?

Айтсақ айып, болмаса мақтан болады. Бірақ, айтпасақ обал. «Қара квадрат» өлеңі қисынды дүние!

Қазақ поэзиясы әлемдік бір деңгейге жеткен жоқ дегенге қосыла алмаймын.

Аса талантты ақын Жанат Әскербек немесе Бақытгүл Бабаш, Әлия Дәулетбай, Гүл Зарқұмар, Жанар Рахатқызының тосын бояуындағы бейтүссіздікті жұқтырып әкетуге әзір тұрған ұлы кеңістікті – поэзия әлемі дейді.

Ендеше, Ақберен Елгезек, Бауыржан Қарағыз, Ықылыс Ожай, Талғат Ешеннен кейін өр серпіп тартып отырсақ ше!? Асантемір Қаршыға, Мерей Қарт, Қайсар Қауымбек, Бекзат Смадияр, Батырхан Сәрсенхан, Манарбек Қыдырбай, Оразай Жеңісұлы, Біржан Ахмер, Мәрлен Ғылымханға дейінгі көшпелі құм тінді өз бедері бар «бөрілердің» ізін шылаңсыз шалсаңыз біз де сол әлемге тура сүрінбей өзгелерді шаңымызға ілестірмей жетерміз! Келісесіз бе, жоқ па, еркіңіз. Бұлардан басқа да «ұлитыны» өгешелеу бек көптеген ақындарды атап бере алар едім... Жарықтарымнан кешу өтінем?!

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Абай Мауқараұлы. «Сол қол сатып аламын!»

Мұнда Бауыржан Қарағыз өлеңдерінде айтылуға мүмкін барлық мағыналар және шағын (микро) детальдардың үйлесімі өз-өз орынын тауып жүр. Бұл туралы да тәуір сараптамалар жазылуы қажет. Ақберен Елгезектегі мистикалық хаһиқ тосын мәндерге қараңыз!? Пенденің бейнесі ада, бірақ «сөзі» мен «үні» бар!? Сонда түпкі ақиқаттың өзі керісінше ме?! Бұл енді ешқашан өшпейтін өзгеше жетістіктер. Қош!

Алайда орынсыз дарақылық, даңққұмарлық, зілдікүпірлік, тісін қайрап келетін іштарлық дерті – қазақ поэзиясының әр өрісінде құжынап көрініп жүргенін де жасыра алмаспыз. Кемдігі жоқ, мұндайлар дүние елдерінің бәрінде бар.

Тәңіри поэзиядағы ең қатерлі жәйіт – дүниелік дүбірі бар аса ірі классиктердің көлеңкесінде қалып қалу қауіпінде. Бір кездерің өзінде Шарль Бодлердің француз романтизмінің көлеңкесінде шатқаяқтап қала жаздауы бұған дәлел. Ұлы классиктердің бұрынғы бұрқақты, сәулелі жырларын жоққа шығармасақ та оның кейінгі жас буын ақындарға, құланиектеніп, ерке тектеніп арайлап келе жатқан зерделі оқырмандарға тигізген, тигізер зардабын да ескермесе болмайды. Жастардың қанат қағысы да ғажайып.

Жібек қанат ақ шағаланың кеңістікте ұшып жүргені ауаға жазылған өлең секілді көрінетіні бар?!

...Сөзіме менің бүлініп,

Самарқау жаны жүдеген.

Оны ертіп кетті бір үміт,

Мені ертіп кетті бір өлең.

Ауада қалқып, жүзіп бара жатқандай жеңіл әрі қап-қараңғы күпті ойларға қамалғаныңдай салмақты. Дүйсенәлі сын жүзінде төрт құбыланы тең ұстап тұр деуден мүлдемге аулақтау қонғым келеді. Қазақ поэзиясының тәңіри көгінде осындай ақындар көп бола қоймас, бірақ аз болмаса деген үміт.

Алтай тауларына қарай таң ағарып келе жатқанда сәтке ғана көрінетін көкжиек пен таңның өліарасында бір бояу байқалады. Еуразия, Азия Тынық мұхит айдыны, аймағындағы Ұлы далада сазбен тоғысқан қазақ поэзия әлемі де солай боялған. Бұл бояу көшпелінің көзіне туада жұққан құдайдың бояуы. Соны ғаламға көрсету үшін біздің шығыстық зердеміз ашық болуы керек. Батыс бізді соңғы он, он бес жылда көрмеді, таяу ширек ғасырда әбден қарап шығатынына сенеміз. Көшпелі ғарышты тек шаңырақтан көрген, тұманды таудың жусанды жырлары оларды оята бастайды. Өйткені сазын аңсап келе жатқан қаздың қаңқылындай сағынышты жырлар біздің жас ақындарда қисапсыз мол. Жандүниесіне қаншама жарқын таңдарды, тұманды, жаңбырлы сәттерді санасына қаттап алған жас Тұманбайлар өсіп келеді.

...Өртеді, мұңы өртеді,

Жыраққа тастап барлығын.

Оны ертіп кетті ертеңі,

Мені ертіп кетті тағдырым.

Аңызға байланған ақиқат бәрібір ашыққа шығады. Аңыз секілді аңыс осы күнгі жас ақындардың өлеңдерінде көп жіктеледі. Батыста көше әуендері деген бір қатерлі дерт бар. Көшедегі күл қоқыстар секілді үзінді-жұлынды ұйқастар енді көшпелі өркениетке өтпейді. Бірақ, өшіп те кетпейді. Себебі, оның да қалайтындары бар. Мол...

Басты мәселе мағыналарға шегенделген адамзаттық көзқарас поэзиядан жиі көрінуін текті ақылды жұрт қалайды. Қалайда сыртқы құйтырқы саяси содыр үстемдікке әсіре қарсы мыңдаған өлеңдер әлі жариялана беретін түрі бар. Заманана зарының заңды жалғасы да жас ақындар болғасын солай да. Өлеңге сіңген лағыл сәуле, аяни аңсау, шала қалған армандарды толықтыру үшін ішкі бұлқыныстардың азап болуы заңдылық екен!!!

Серік Әбілдің «Бөрінің сүті» (2014) жыр жинағынан «Әжемнің иісі» өлеңіне жаным шымыр еткен-ді. Неше жыл бұрын «Жарлының жалғыз аты» деген өлеңін естіп Еренқабырғада өксікті аянышпен мұңайған едік.

Қалайда осы жолы Дүйсенәліні нысана етіп оның сызған түнінен өң іздедік. Мұңлы...

... Ұйықтамайды Алматы, ұйықтатпайды мұң оны,

Ұйықтамайды ақын да, әлдилейді жыр оны.

2019.05.26


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: сұраған рахметұлы
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар