Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Сүндет Сейітов. Ай дегенің – нүкте ғана Құдайға

24.02.2019 755

Сүндет Сейітов. Ай дегенің – нүкте ғана Құдайға

ШЫНАЗ

Жағасында Бозсудың мал жүретін,

Жайлы жердің қадірін һәм білетін.

Бергі бетке өтерде сол өзеннің,

Қимай-қимай кеткенмін арғы бетін!

Ағасында елімнің болды - ағалық,

Анасында жерімнің болды - аналық.

Ең соңғы рет еңіреп көшіп өттім,

Жүк көлігін ауылдың жалдап алып.

Отаным-ау, көңілсіз күйге айналған,

Бауырыңа жетелеп, қинайды арман.

Құшағыңа Шыназым басармысың,

Құшағына қазақтың симай қалған.

Өзеніңді мен талай кешіп өтем,

Сағынышым оралмас есіме кем.

Туған елі болғанмен Ержігіттің,

Туған жері болмаса - жетім екен!

Жетім емеспін…

Сыйлық



Айды сыйлай алмайтыным рас енді...
Айды алып берем деген өтірік.
Арусың ғой жалғыз басты, жас өңді,
Ақ бөрідей көп ұлып,
Көк теңіздей көпіріп...

Тұратының маған және күн, айға,
Ұнайды ғой... Құшақтатпай кетесің...
Ай дегенің – нүкте ғана Құдайға,
Ал мен үшін – зат есім!

Айға қарап отырасың ойланып,
Айға қарағанның көбі жынды емес.
Ал, мен сенің жанарыңа байланып,
Бірде серің, бола салам бірде елес.

Күн көрінсе, ерисің де төгіліп,
Балқып кетер сұлусың ғой себебі.
Ай туғанда барша меңі көрініп,
Жалаңаш қап, өле салғың келеді.

Өлмейсің де... мына қою түн өлмей,
Керексің–ай, түннің де бар керегі...
Алып қалып айға сені жібермей,
Айдың өзін бере салғым келеді...

РАЙХАН ГҮЛ

Күзгі бақта көтеріңкі күз көңіл,

Күзде қалай табыстырды бізді өмір?

Қазан айы – махаббаттың бір айы,

Менде – сезім, ал сізде ше?

Сізде – гүл...

Мен сол гүлді неге ұсындым, сезерсіз,

Бір қайырын ала келсін келер күз –

деп өзімше ырымдағым келді де,

Оқиғадан алыс тұрдым келеңсіз...

О, махаббат, Құдайыңның біз белін,

Сындырмадық!

Болмас сірә сізге өлім...

Күзде ешкім де өле алмайды, себебі

Туған күнім, туған айым – күз менің!

Райхан гүл. Бұл – жай ғана гүл десең,

Күзде бұлай жұпар аңқып жүрмес ең..

Қабырғамнан жаратқанмын сол гүлді,

Жаным, содан жаралғансың бірде сен...

Сол үшін де маған қымбат бір жансың,

Райхан гүлмен жұпарланған қыздансың!

Райхан гүлді аялаймын сен үшін,

Құшақтаймын... иіскеймін... сен үшін!

Жылуымды соған төгем сен үшін,

Күзгі өмірде тоңбайтының сол үшін...

МҮСІНШІ



Талғат Серікбаевқа



Тасты қашау – жанды қашау емес пе?
Ұлы жұмыс – жан мен тәндік егесте...
болатынын сезгенсіз ғой әуелде,
Түсіре алмай жүрген шақта көбі еске.

Біз адамдар жаралғаннан текті едік,
Көктем күнді, өктем күнді өткеріп...
...келген басың тау мен тасқа соқтығып,
Жатқан сәтте жанкүйер де жек көріп...

...қалған шығар,
Ол да бір сәт болады,
Жүрегіңіз – жүрек болса жаралы.
Алып тастар қиыршыққа айналар,
Тау – шөксе де, тау күйінде қалады!

Ескерткіштер жыламаса, күлмейді...
Діншіл қауым сөкпей бір сәт жүрмейді.
Діңіміздің мықты екенін білгенмен,
Дініміздің басқа екенін білмейді!..

Сіз де бұған қосыларсыз, ұлы адам?..
Мұнар-мұнар жаныңызбен жылаған.
Қырау-қырау шашыңыздың бір талы,
Түмен-түмен аруларға ұнаған!

Өзен аққан бозбеткейде қоғалы,
Бозбеткейде бір Ұлы бар бағалы...
Ол –
Жақсылардың ішіндегі жаманы,
Періштенің ішіндегі адамы!

Le tour Eiffel!

Суреттер ғаламтордан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Сүндет Сейітов
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар