Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Сөзге абай болыңдар

21.03.2019 370

Сөзге абай болыңдар

Мұратхан Шоқан - 1974 жылдың 25 ақпанында Тарбағатай аймағы Толы ауданы, Ақбелдеу ауылында туған. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры аясындағы "Әдебиет әлемі" орталығының жетекшісі, " Тұлға - достық" қоғамдық қорының директоры. «Жиырманың жалыны», «Маған көктем сыйлашы», «Жүрекке жүгіну», «Тазалыққа ұмтылу» "Түнгі лирика" қатарлы жыр кітаптарының, «Жаратылыснама» атты философиялық кітаптың авторы. «Әлем бесік жырлары» атты ән альбомды қазақшаға аударған және «Тәуелсіздік жемісі», «Қытайдағы қазақ кәсіпкерлері» атты кітаптардың идеясының авторы әрі құрастырушысы. Шығармалары қырғыз, өзбек, қытай тілдеріне аударылған.

Cәулелі сөздері:

1. Мемлекетке Бақ қонарда шен иесі парасатты адамды іздеп барып есігін қағады...

2. Жарғанат пейіл адамдарға сәулелі сөздер ұнамайды. Жарғанат пейілділер күңіренген күңгірт сөздерден азық алады.

3. Гүл құмырасынан, дәрет шелегінің иісі шықпайды.

4. Жамандық тиылсын десең, жүретін "жолың" түзу болсын!

5. Адасқан адамның алдынан екі от көрінеді. Бірі - адасқан адамды адастыра түсетін шайтанның елес оты... Екіншісі - адасқан жанды аман алып қалатын қараша үйдің қайырымды оты. Құдай маған қараша үйдің оты болуды нәсіп етсін.

6. Сөзге абай болыңдар! Сөздің қуаты атомнан күшті. Жаманның жарты ауыз сөзінің кесірі жалпақ жұртты жойып жіберуі мүмкін. Сөзге байқап еріңдер!

7. Кішкене кезде есік алдына күрке тігіп күннің ыстығынан қорғанатынбыз. Күркеміздің астында алаңсыз ойнайтынбыз... Кейде аяқ астынан соққан жел күркемізді құлатып, жамылғыларын ұшырып кететін. Біз қашып үйге кіретінбіз. Адамдардың сол күрке секілді алаңсыз сенген достары болады. Олар күрке секілді кез-келген уақытта жел сөзге бола күн астына тастап кетеді. Достың іргесі берік үй секілді болғанына не жетсін?!

8. Барлық нәрсе ниетке байланысты. Болмысқа терең үңіл. Тұтанған отты үрлеп жағуға да, үрлеп сөндіруге де болады.

9. Мемлекетке, ұлтқа қастандық зиялы қауымды қаралаудан басталады. Зиялыларын қаралауға жол берген биліктің қылығы, Отанның, ұлттың бетіне күйе жаққандарға көмектескенмен бірдей...

10. Кім жекеге айтатын сөзді көптің көзінше айтса, ұятының жартысынан айырылады. Кім көпке айтатын сөзді жекеге айтса, игілігінің жартысынан айырылады... Кім айтпайтын сөзді айтса, өзіне және өзгеге қастандық жасағанмен бірдей.

11. Қараңғылықты жарықпен қанжардай тілуге болады. Тұманды қараңғылыққа жарық та дәрменсіз... Тұманды қараңғылықты жеңу үшін тұманды сейілтетін желемік керек. Жер бетінде тұманды қараңғылықта адасып жүрген жандардың санасына сәуле түсіру қиынның қиыны.

12. Тобырдың қауіптілігі – тобырда отан деген ұғым болмайды. Оларда мүдде ғана бар. Кім мүддесіне жұмыс жасаса, мүддесіне жұмыс жасайтын болып көрінсе,соған еріп кете береді. Тобырдың қорқыныштылығы – тобыр доспен, қасты ажырата білмейді.

13. Бәрін біліп алдым деу - ыдысы кішкене адамның ісі... Кішкене ыдыс тез толады. Тез толған ыдыс - тез босап қалады.

14. Бал арасының басын айналдыратын, гүлдің боққоңыздар үшін еш құны жоқ. Көркем ойлар бар адамның көңілінен шыға бермейді...

15. Ағаштың қасында тұрып, тұрған нүктеңнен қозғалмай, арғы жағын көре алмайсың. Арғы жағын көргің келсе, тұрған нүктеңді өзгерт. Болмысты толық тану үшін ой-санаң қозғалыста болсын!..

16. Біздің ортамызда біздің бағымыз үшін құдайдың жарқыратқысы келетін адамдары бар. Біздің кейбіріміз құдайға мүмкіндік бермеуге тырысып құдай ерекше қасиет дарытқан жандарға кедергі жасаймыз. Сөйтіп құдайдың таңдауына қарсы шығып, бақытсыздықты өз қолымыздан жасаймыз.

17. Бақыт қолын қайыршы болып созуы мүмкін. Бақыттың кілті, бәлкім, бізден көмек сұраған танысымыздың разылық сезімінде жасырулы шығар... Біз оларға қол ұшын созбай бақытты басқа жақтан іздеп жүрген шығармыз.

18. Қанағатсыздық - үлкен ыдыс. Үлкен ыдысты толтыруға көп күш кетеді, көп уақыт жұмсалады. Қанағатсыздың көңілі өмір бойы орта жүреді, көңілі орта адамға сырқат үйір... Бақыт қанағатсыз адамды айналып өтеді.

19. Біз бақ пен сорға толы өмірде бақас, күндес болсақ та, ел тағдыры сынға түскенде бірге болуға тиіспіз!

20. Кейде жеке адамның қате басқан қадамында ұлттың тағдырына әсер ететін қауіп жасырынып жатады. Ұлт тағдырына зиян келтіретін жеке адамның қателігін халық болып түзетуді талап ету – өзгенің өміріне араласу емес, ұлтқа жанашырлық болып саналады.

21. Жан бағысымен бастығының қалауын орындап жүргендер мықты ма? Ар-намысымен құдайдың қалауын орындап жүргендер мықты ма?

22. Үрей – үлкен қару. Ел ішіне үрей тарату елдің қамын ойлаған адамның ісі емес.

23. Құдай әр ғасырға алыптар жібереді. Құдай жіберген жандарды өз дәуірінде жаны таза құдайға жақын адамдар ғана таниды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Мұратхан Шоқан, сәулелі сөздер
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар