Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Сыйлық алғыш жазушы

06.04.2022 969

Сыйлық алғыш жазушы

Мамандығы биохимик болғанымен өмір бойғы тіршілігі сөз өнерімен өрбіген америкалық фантаст-жазушы Айзек Азимовты бір жағы көп жазудың генийі десе де болғандай. Ұсағынан ірісі басым бес жүздей шығарманың авторы. Және астрономия мен генетикадан тарих пен әдебиеттануға дейін қамтымаған тақырыбы жоқ. Өзінің ат-атағына жалғаса жүретін фантастикадан бөлек, фэнтези, детектив, юмор жанрындағы дүниелерінің өзі көл-көсір. «Жүз кітап жазып шығудың да өзіндік бір ләззаты болады екен. Бір нәрсеге қолым жеткенін сездім. Сөйтіп жүз кітабым 200, сосын 400-ге жетті. Бірақ бұнымен де тоқтамақ емеспін, өйткені басқасынан бұрын процесстің өзін жақсы көрем. Ақыр соңында, мүмкін, менің не жазып, не қойып жүргеніме ел де елеңдемейтін жағдайға жететін шығар. Өзімді-өзім тұзаққа түсіргенімді сонда барып білермін...» - дейді қаламгердің өзі.

Англо-америкалық әдеби дәстүрде Айзек Азимовты Артур Кларк және Роберт Хайнлайнмен қатар қойып, үшеуін фантаст-жазушылардың «Үлкен үштігі» атайды.

Айзектің жазушылық жолға түсуі де жатқан бір хикая. Он бір жасар бала шағын қалашықтың балалары бастан өткерген шытырман оқиғалар туралы кітіп жазуға кіріседі ғой. Сөйтіп алғашқы екі тарауын бірге ойнап жүрген досына әңгімелеп бермей ме. Сөйтсе анау қызығып кетіп қалғанын да талап етеді. Бұл болса әзірге бары осы екенін айтып азар да безер болады. Бірақ досы қызықты кітапты соңына дейін оқымайынша қоймайтынын айтып табандап тұрып алады. Сол сәтте автор бала шынымен де өзінде жазушылық қабілеттің барын ұғып, бұдан былай әдебиетпен шындап айналысуға бел буады.

Азимов «Весттердің тұтқынында» деген тұңғыш әңгімесі 1939 жылы Amazing Stories журналында жарық көреді. Ал жеті жұлдыз жүйесіндегі, түн 2049 жылда бір рет болатын ғаламшар туралы «Қараңғылық түскенде» әңгімесі автордың атын шығарады. Аталмыш әңгіме жиырма неше рет түрлі антологияға еніп, екі рет экрандалыпты. Бір қызығы Азимовтың өзі бұл шығармасын үздік туындыларының қатарына қоспай кеткен.

1941 жылы Азимов кісінің ойын оқи алатын робот туралы «Өтірікші!» деген әңгіме жазады. Робототехниканың әйгілі Үш заңы алғаш осы шығармада көрініс береді. Азимов бұл заңдардың ақы иесі Джон В.Кэмпбелл, 1940 жылдың 23 желтоқсанында соның аузынан естіп едім деп, нақты айы-күнін айтып ағынан жарылады. Бірақ, Кэмпбелл де мәрт неме екен, идея Айзектің өзінікі, мен тек тұжырымын ғана айтып едім депті. Осы әңгімеде автор ағылшын тіліне енген «robotics» (робототехника, робот туралы ғылым) сөзін ойлап табады.

Жазушыға әлемдік даңқ әкелген «Мен роботпын» әңгімелер жинағында Азимов жасанды интеллект иесін жасау төңірегінде кең тараған үрейді сейілтеді. Азимовке дейінгі робот туралы хикаяларда олар үнемі қарсылық көрсетіп, тіпті өзін құрастырған адамның көзін жойып жататын. Ал Айзектің роботтары болса адамзатты тұқым-тұяғымен құртуға дайын тұратын механикалық зұлым емес, керісінше адамның көмекшісі, кейде тіпті кісілігі қожайынынан да асып түсетін «тіршілік иесі».

Азимов 1958 жылдан былай қарай фантастиканы азайтып, ғылыми-көпшілік әдебиетке көбірек қалам тартады.

Айзек Азимовты жазғыш қана емес, сыйлық алғыш қаламгер десе де болатын секілді. Ол Американың фантаст-жазушылар ассоциациасы құрылтайшылық ететін «Небьюла» сыйлығын 2 рет, ғылыми-фантастика жанрындағы жетістік үшін берілетін «Хьюго» сыйлығын 6 рет, «Локус» журналының ғылыми фантастика мен фэнтези бағытындағы әдеби сыйлығын 7 рет иемденіпті.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар