Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Шарль Перро: Етік киген мысық

05.02.2018 3428

Шарль Перро: Етік киген мысық

Бір кәрі диірменші болыпты. Ол өмірден өтер алдында балаларына мұрасын бөліп береді. Үлкен ұлына – диірмен, ортаншысына – есек, ал кішісіне – мысық тиіпті.

Кенже ұл онша-мұнша қажеті де шамалы бұл мұраға көңілі толмай, қапаланумен болыпты.

- Ағалар-ау, - дейді ол – өздеріңмен бірге болсам, тамағымды адалынан табар едім. Егер мына мысығымды сойып жесем, маған сосын оның терісінен басқа не қалмақ? Аштан өлген деген осы емес пе? Ағалары оған бас ауыртпайды.

Бұл сөзді естіген мысық сыр білдірмей, сабырмен былай деп ақыл айтады:

- Уайымдамаңыз, қожайын. - Маған бір қап пен ағаш-бұтаны кезуге қолайлы етік тауып берсеңіз болғаны, әлі-ақ қазір бекер ренжіп отырғаныңызға көзіңіз жетеді!

Иесі мысығының сөзіне сенерін де, сенбесін де білмеді. Бірақ та мысығының егеруқұйрықтар мен тышқандарды аулаудағы қулықтары мен ептіліктері өзіне мәлім еді: өлген тәрізді жата қалып, артқы аяқтарымен іліп алатынын, ұнның ішіне басын көміп жіберіп суырып шығатынын жақсы білетін.

Мысық қажетті заттарды алған соң киініп, қапты иығына салып қояны көп орманға бет алады. Қаптың түбінде кебек пен қырыққабат жапырағы бар екен.

Шөптің үстінде өлген тәрізді болып созыла жатқан мысық әлдебір аңқау қоянның өзі үшін құрған тұзаққа келіп түсуін күтеді.

Көп күттірген жоқ, жүгіре шыққан аңқау қоянның бірі қапқа келіп топ ете түсіпті.

Мысық қаптың аузын буып, қоянды салып алады да жолға түседі.

Сөйтеді де өзінің олжасын көтеріп алып, корольдің сарайына барады. Корольге жолыққысы келетінін айтады. Ақыры мысықты қабылдайтын болады. Сарайға кірген мысық иіліп сәлем беріп тұрып былай дейді:

- Мұны сізге мәртебелі қожайыным маркиз де Карабас беріп жіберді. Король таңданып, сыйлықты қабыл алады. Мысық кетерінде оған:

- Өз мырзаңа рақметімді жеткіз, жіберген сыйлығына разы болдым, - дейді.

Бірнеше күн өткен соң мысық егін алқабына барып, қабын ашып қояды. Өзі биік масақтың арасына жасырынады.

Бұл жолы оның тұзағына екі қырғауыл түседі. Мысық қаптың аузын буа қояды да, қырғауылдарды арқалаған күйі корольге әкеліп береді.

Король бұл сыйлықты да қуана қабылдап, оны тамақтандыруды бұйырады.

Осылайша екі-үш ай өтеді. Мысық өз қожайыны Маркиз де Карабастың сыйы деп үнемі аң-құстарды аулап әкелумен болады.

Бір күні мысық корольдің бұл әлемде теңдессіз, айдай сұлу қызымен бірге өзен жағасымен күйме мініп серуенге шыққалы жатқанын естиді.

Сіз менің айтқанымды бұлжытпай орындаңыз? – дейді мысық қожайынына. – Солай жасасаңыз – бақытыңыз қолыңызда. Сізден талап ететінім – мен көрсеткен жерде өзеннің суына шомылсаңыз болды. Өзге жұмысты маған қалдырыңыз.

Макриз де Карабас мысықтың айтқанын дәл солай оындайды. Бірақ оны не үшін орындап жатқанын түсінбейді. Осы кезде корольдің күймесі өзеннің жағалауымен кетіп бара жатыр екен. Сол кезде мысық бар даусымен айқайлап, күймеге қарай жүгіреді:

- Бері келіңдер, бері келіңдер! Көмектесіңдер! Маркиз де Карабас суға батып барады!

Король бұл айқайды естіген соң, күйменің есігін ашып, бұл айқайлап жүрген өзіне бірнеше рет сыйлық әкелген мысық екенін таниды. Сол жерде жасауылын Маркиз де Карабасты құтқаруға жұмсайды.

Байғұс маркизді судан шығарғанша мысық корольге өз мырзасын ұрылар түк қалдырмай тонап кеткендігін айтып үлгереді (шын мәнісінде ол қожайынының көйлегін үлкен тастың астын бастырып тастаған еді).

Король қызметшілеріне маркизге сарайындағы ең жақсы киімдерді кигізуді бұйырады.

Киімдер құйып қойғандай жарасып, сымбатты жігітке айналады. Оған көзі түскен корольдің қызы, өзім армандаған жігіт осы деп шешеді.

Маркиз де Карбас та бірер рет көз салып еді, оған ес-түссіз ғашық болып қалды.

Әкесіне де жас маркиз ұнайды. Король кеңпейілдік танытып, оны өзімен бірге күймемен серуендеуге шақырады.

Мысық өзінің ойлағаны іске аса бастағанына риза болып, күйменің алдында жүгіріп бара жатыпты.

Жолда ол шөп шауып жатқан шаруаларды көреді.

- Ей, мейірімді адамдар, - деп айқай салады Мысық, - егер сендер корольге: «Осы шалғынның иесі маркиз Карабас», - деп айтпасаңдар, сендердің бәріңді бәліштің етіндей турап тастайтын болады! – дейді.

Осы кезде корольдің күймесі де жетеді. Король терезеден басын шығарып сұрайды:

- Кімнің шөбін шауып жатырсыңдар?

- Маркиз де Карабастың – деп жауап береді шаруалар. Себебі, мысық оларды қатты қорқытып тастап еді.

- Бұл қожалығыңыз ғажап екен, маркиз! – деп таң қалыпты король.

- Иә, мәртебелім, бұл шалғыннан жыл сайын мол шөп шабылады, - деп сыпайы жауап береді.

Осы кезде мысық ағай алға қарай жүгіре береді. Жол бойында егістікте жұмыс істеп жатқан егін орушыларға кезігеді.

- Ей мейірімді адамдар, - деп айқайлайды ол – егер қазір корольге: «Бұл егіннің бәрі маркиз де Карабастыкі деп айтпасаңдар, сендердің бәріңді бәліштің етіндей турап тастайтын болады!», – дейді.

Сәлден соң егіншілерге король келіп жетеді. Король бұл алқаптың кімдікі екенін білмек болып сұрайды.

- Бұл егістік маркиз де Карабастыкі, - деп жауап береді. Король маркиз мырзаға тағы да риза болады. Ал мысық болса алға қарай жүгіре береді, жолында кездескендердің бәріне «Бұл маркиз де Карабастың үйі», «Бұл маркиз де Карабастың ұн диірмені», «Бұл маркиз де Карабастың бағы» дегізіп айтқызып отырады. Жас маркиздің байлығына король таң-тамаша болады.

Ақыры мысық бір зәулім қамалдың алдына келіп тоқтайды.

Бұл - бір өте бай кісіжегіштің тұрағы екен. Жер бетінде одан бай ешкім болмайды екен. Шындығында корольдің күймесі жүріп өткен жердегі байлықтың бәрі де осыныкі екен.

Мысық күнбұрын бұл алыптың кім екендігін, оны күші қайда екенін біліп алады да, өзін қабылдауын өтінеді.

Кісіжегіш бұл өтінішті ықыласпен қабыл алып, осында демалуға ұсыныс жасайды.

Мысық қорқынышын басып, әдеппен былай деп сұрайды:

- Сіздің бойыңызда қасиет көп сияқты. Кез келген аңға, мысалы, арыстан немесе пілге айнала аласыз ба? Бұл мүмкін бе?

- Ол рас, - деп кісіжегіш ақырып жібереді, - Мен саған мұны дәлелдеп берейін! Бері қара! Сол сәтте дәу арыстанға айналып кетеді.

Мысық зәресі ұша қорқады. Зып беріп шатырдың үстіне секіріп шығады. Аяғындағы етікпен шатырдың үстінде жүру қауіпті де еді.

Алып өзінің бастапқы қалпына келген кезде ол шатырдан түсіп, өзінің жүрегі жарыла жаздағанын айтады.

- Мен тағы мынаған сенгім келеді! – дейді мысық. Сізді тіпті ең кішкентай жан-жануар кейпіне де ене алады дейді ғой. Мысалы, егеуқұйрық немесе тышқан дегендей. Осы рас па? Бірақ мен мұны шынымды айтсам, мүмкін емес деп білемін.

- Қарай гөр, сөзін! Мүмкін емес дейсің бе? - деп гүрілдейді адамжегіш. – Ендеше, қарап тұр.

Ол әп сәтте тышқанға айналып кетеді. Тышқан еденде жыбырлап жүгіріп бара жатады. Мысық болса, оны қуып барып, бас салып жеп қояды.

Осы кезде әсем де зәулім қамалды көрген король осында тоқтамақ болып шешеді.

Тас көпірдің үстінде тасырлаған король күймесінің дыбысын естіп, мысық алдынан жүгіре шығады да, корольге:

- Маркиз де Карабастың қамалына қош келдіңіздер, жоғары мәртебелім! – деп айқайлайды.

- Қалай, маркиз мырза?! – деп таң тамаша болады король – Бұл қамал да сіздікі ме? Бұл қамал мен оның айналасынан сұлу жерді табу қиын болар , сірә. Қанкеи, егер қарсы боламсаңыз ішін аралап көрейік те.

Маркиз сұлу ханшайымға қолын беріп, оны корольдің соңынан алға қарай аттайды.

Үшеуі үстелдің үсті түрлі тағамға толы үлкен залға келеді. Дәл сол күні кісіжегіш қонақ шақырған күн екен.

Король де Маркиз де Карабастың мәртебесіне, оған көзсіз ғашық қызынан бетер риза болады.

- Егер де менің күйеу балам болғыңыз келсе, маркиз мырза, оны өз қалауыңыз білсін, – дейді король.

Жас маркиз қуана келіседі, ал ханшайым болса, қуанғанынан әрі ұялғанынан қызарып кетеді.

Осылайша диірменшінің ұлы ханшайымға үйленіпті, ал Мысық болса сарайдағы ең маңғаз мырзаға айналыпты. Содан бері тышқанды да сирек, оның ішінде ермек үшін ғана аулайтын болыпты.

Аударған Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: #Етік киген мысық
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар