Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Серікзат Дүйсенғазы. Кездеспей кеткен Қыз-көктем!

31.08.2019 530

Серікзат Дүйсенғазы. Кездеспей кеткен Қыз-көктем!

Күз-сағыныш

Күреңітіп келдің бе, күзім қоңыр,
Күлгін түске боялып бұзылды өңір.
Сен келгенше қаншама жұлдыз ағып,
Сені аңсаумен қаншама үзілді өмір.

Аспан анау бұлттардан жамылып мұң,
Жалқын нұрға батады малынып күн.
Сағыныштан сарғайған жапырақтың
Қара жерге асыққан халін ұқтым.

Жүрегімді тербетіп аңсау, шыдам,
Жаңбыр жауса жұбанар жан сарсыған.
Мөлдіреген кіршіксіз сезім көрдім,
Көктен төмен құлаған әр тамшыдан.

Күншығыстан жел соғып сәл аңызақ,
Бауыр басқан қия алмай даланы ұзақ,
Қанатынан төгіліп ғажайып күй,
Құстар легі алысқа барады ұзап.

Аққу-қаздан ән тыңдап қаңқылдатып,
Әуенінде бәлкім мұң, бәлкім бақыт.
Көкіректен көшіріп шер-наланы
Тұңғиыққа батырған алтын уақыт.

Менің жаным мезгілді іздейді осы,
Күздің сірә, жоқ шығар біздей досы.
Жүдеу тартқан жанымды әлдилеген,,
Сағыныш қой таусылмас күз бейнесі.

Тамырыма толтырған балдай ләзат,
Көзді жұмсам көңілде қалмайды азап.
Бір күні іздеп келердей жолын тосып,
Ал біреуді сағынсам қандай ғажап!

***

Үндегеннен не пайда...
Үндемеймін,
Жалтақ, қорқақ, жағымпаз,
Кұл де мейлің!!
Өз басына табынған тасыр қоғам
Көз жасынан қорықпас мың кедейдің!

Сөйлегеннен не қайыр...
Сөйлемеймін,
Ақындықтан алыс жүр,
Қой де мейлің!!!
Оқылмаған өлеңім өле берсін,
Топырлаған төрінде той-мерейдің!

Жырлағанмен не шара...
Жырламаймын,
Бұлт ішінде бұлқынсам бұл да қайғым.
Көз алдымнан бейнесі кетпей отыр,
"Қазағым" деп күңіренген мұңлы Абайдың!
Әттең!!!

***

Маужырап жатыр қар басқан далам,
Жамылып көрпе мамықтан.
Ақжал аязбен арбасқан ғалам,
Қалжырап әбден қамыққан.

Қытымыр қыстың қылығын байқап,
Мүлгиді қырлар қымтанып.
Тамшының мөлдір тұнығындай пәк,
Кіршіксіз сәуле нұр тамып.

Үкінің жұмсақ үлпілдегіндей,
Үлбіреп аппақ үлпек қар.
Үскірік желдің жылтыр деміндей,
Өзенді көк мұз бүркеп бар.

Шыңылтыр аяз шынайы неткен,
Аспан да, жер де тұп-тұнық.
Ақ қарды қысқа лайық еткен,
Тазалық барын ұқтырып.

Қарығып көзім қарағым келді,
Жанарым жіпсіз байланып.
Еске алып сонау бала күндерді
Кеттім мен қарға айналып.

Қар жауып тұр...



Аспаннан саулағандай арман аппақ,
Ақ мамық қалықтайды қалбалақтап.
Ақ күміс сырға тақты ару бақтар,
Ақ қайың бұтағына қар қонақтап.

Кіршіксіз жауып жатқан ақ ұлпа қар,
Қылаулап жерге түссе дамыл табар.
Шағылып күннің әлсіз сәулесіне,
Үлпілеп көктен мөлдір лағыл тамар.

Нәзіктік, сүйкімділік, тән соларға,
Көз тоймас үңілсең де қанша оларға.
Тимеген қалам ұшы ақ парақтай,
Оранған дала жатыр қансонарға.

Тып-тыныш, тұнық ауа, тылсым ғалам,
Аяздың беті қайтқан бір сынбаған.
Қымтанып ақ көрпесін үнсіз ғана,
Табиғат тыншығандай мұң шырмаған.

Қызығып тұрдым қарап таңдай қағып,
Көрінді қыс суреті сондай қанық.
Кеткендей мың-миллион көбелектің,
Қабыршақ қанаттары қарға айналып.

Қырат пен қырдың бәрі қар құрсанып,
Тап-таза сезімге ізін қалдырса анық.
Толассыз жапалақтап жауған қардан,
Бір сәтте дәл осындай алдым шабыт!

Қарашада...



Қарашада қар жауды...
Мен қамықтым,
Қарашықтан мөлтілдеді тамып мұң.
Саған жылу бере алмастай жарық күн,
Маған нұрын төге алмастай мамық түн.

Қарашада қара аспанға бұйыққан
Қарап жаным күйзелді ауыр күй ұққан.
Қара күзде сен бір сәтке жабықсаң
Қалатындай тамырымда ұйып қан.

Қарашада қайран көңіл - сұр тұман,
Бұлқынамыз шыға алмай ой бұлтынан.
Сен де жетім, мен де жетім күй кештік,
Қарағаштай қалған орман жұртынан.

Қарашада жер де, көк те құлазып,
Суық жүзді сұрқай дала тұр азып.
Сондай шақта сені мұңнан арылтсам,
Жүрегімнен түсер бәлкім сірә, жүк?

Қарашада қиналыппыз бекер біз,
Сыйламасын білсек те осы шекер күз.
Діні қатты, мұңы тәтті бұл айдың,
Қадіріне жете алдық па екеуміз?!

Боқырау



Ызғарлы суық жел тұрды,
Зілмауыр бұлттар жөңкілді.
Батыстан мұнар мұң көшіп,
Көк жүзін шерге толтырды.

Тон киген будан мың қатпар,
Аспанда тылсым жұмбақ бар.
Хабарын қыстың жеткізді,
Қылаулап жауған қырбақ қар.

Күрсініп ауыр күз қатты,
Желінін тұман сыздатты.
Еріген қардың суына,
Кешқұрым қаймақ мұз қатты.

Желегі жасыл жеті айдан,
Төрт түлік түлеп сақайған.
Жусауға енді жайсыздау,
Жусанның түбі қатайған.

Суықтан солып, гүлі үскен,
Көңілсіз бақтар бүріскен.
Қатыгез уақыт жұлмалап,
Жалаңаштауға кіріскен.

Таланған желге тал-шыбық,
Қайыңның тәні аршылып.
Жұлдыздар көкте теңесіп,
Таразы туды, таң суып.

Қылышын қыс та кезеп тұр,
Тоқтатар күш жоқ тежеп бір.
Ыстық пен суық айқасқан,
Боқырау дейтін мезет бұл!

Арқаның күзі...



Жылы жаз жылжып барады,
Сырғыған сынап тәрізді.
Арқалап бұлттар ағады,
Арқадан көшкен тамызды.

Желіні сыздап аспанның,
Жер құшты тұман бауырлап.
Жапырағын тонар жас талдың,
Желік жел қамшы сауырлап.

Шуағы қайтқан арайлы,
Бере алмай әлсіз күн азық.
Көмкеріп бір мұң маңайды,
Маң дала жатыр құлазып...

Базары құстың тарқады,
Ажары көлдің солғындау.
Томаға тұйық тартады,
Торығып іштей торғын бау.

Көңілсіз анау қыр алуан,
Көбелегі ұшпас көлбеңдеп.
Көк дауыл соқса қуанған,
Ебелек қана елбеңдеп.

Сағыныш сазға тербелген,
Сарыарқа - салқын бесіктей.
Көктемі кештеу келгенмен,
Жететін күзі кешікпей...

Шілдедегі нөсер



Көбесі көк аспанның сөгілгендей,
Көл-көсір меруерт моншақ төгілгендей.
Күңіреніп күнге өкпелеп келген бұлттың,
Кең дала көз жасына көмілгендей.

Жан-жақтан жиналған бұлт майдан ашып,
Күркіреп қосылады жай жанасып.
Көк жүзі шатыр-шұтыр шатынайды,
Жатқандай найзағаймен найзаласып.

Күрсінсе жанарынан от құлайды,
Шеккендей қаhарланып қатты қайғы.
Жай отын жарқ еткізіп оқтын-оқтын
Жебесін жерге қарай атқылайды.

Көкжиек қара бұлтқа көмкеріліп,
Дүние кететіндей төңкеріліп.
Дүрліккен астан-кестен дауылдан соң,
Шелектеп жауып жатты шер төгіліп

Әп-сәтте көкірегінен төкті де шер,
Жаңбырмен бірге көшіп кетті кесел
Тазартып табиғатты мұнар мұңнан,
Селдетіп осылайша өтті нөсер.

Көк шалғын шөл қандырды, бұта балқып,
Ұзарды тал-теректің тұтамы артып.
Тамылжып таңғажайып күйге енді әлем,
Ауадан бір керемет жұпар аңқып.

Манаурап бұлттан шыққан күн көзіне,
Жарасып жердің түгі тұрды өзіне.
Қызықтап қарай бердім қайта-қайта,
Көрінген кемпірқосақ күмбезіне.

Тау баласының монологы



Шіліңгір шілде ми қайнап,
Көшені жүрмін шимайлап.
Іргесін түрсең желпитін,
Самал жел, салқын үйді ойлап.

Желіде құлын байланып,
Жатушы ем, шіркін, жайланып!
Аптапты сезбей көк аспан
Түссе де жерге айналып.

Сап-сары қымыз сапырып,
Сімірген жанды шақырып.
Жайлауға кеткім келіп жүр,
Қалада қалсын қапырық!

Ауасы жұпар сол жайлау,
Аңсатып мені болмайды-ау!
Күрмеуін шешсе кетер ем,
Күнкөріс дейтін қолбайлау.

Күн сайын қылдың зар ынтық,
Тынысты шаһар тарылтып.
Тұмаңның суын ішсем ғой
Тұманнан жанды арылтып.

Кеңістік, аспан, кең ғұмыр,
Жайқалған жасыл жер -жұмыр.
Жете алмай саған төгілген,
Шерменде сезім, шерлі жыр,
Тірлікті қайтем енді бұл?!

Тас қала, сенен шаршадым,
Тау жақта қалған бал шағым.
Тамырын тасқа таратқан,
Тағдыры мұңлық аршамын.

Сұлу



Сүмбіл шаш сұлу көрдім сүмбіледе
Сүйкімді көздерінен күн күле ме?
Сыланған аққу сынды айдын көлде,
Сылқымға болар сірә, кім бұл еге?!

Сыйы ма, сиқыры ма бұл ғаламның
Санамды сымсыз байлап шырмаған мұң.
Сипатын суреттеуге сөз таусылып,
Сиясы жетпес сірә, қылқаламның!

Сезіндім назарымды салмай тұрып,
Сыр барын көрмеген еш жанға айтылып.
Сылдырап таудан аққан тасбұлақтай,
Сыңғырлап күлгені үні қандай тұнық!

Сөйлесе көмейінен гүл төгіліп,
Сезімнің шамын жағар білте қылып.
Сәулесі суға түскен сынық айдай,
Сенімсіз дір-дір етті үркек үміт.

Сүйріктей тал мүсіні менмұндалап,
Сүйсінтіп көздің жауын демде ұрламақ.
Сілтідей тынып іштен сол бір сәтке,
Сілейіп қозғалмастан қалдым қарап.

Секемшіл ақша жүзі сәл қызарды,
Содан соң ұзап кетті жалғыз әлгі.
Сағымдай бір жалт еткен сары алтын қыз,
Сарғайтып сағынышқа салды жанды.

Қызыл іңір



Даламның жолы мың тарау,
Бабамның жатқан жұрты анау.
Қызарған күнмен таласқан,
Қызғалдақ жапқан қырқа бау.

Қоздаған шоқтай жалқын нұр,
Көкжиек жақта қалқып жүр.
Алқызыл түске боялып,
Алаулап жанған алтын қыр.

Еңкейe құлап жалаулап,
Талықси батқан талаурап.
Ақ пенен қара айқасып,
Маужырап мезгіл манаурап.

Көк аспан көзі қанталап,
Кіреуке тартқан сан тарап.
Ніл жаққан бұлттар жөңкиді,
Зіл-батпан мұңдар арқалап.

Құбылаға қашқан түлкі күн,
Құбылтып алуан мың түрін.
Ұялшақ қыздай нарт іңір,
Көрсетпей сұлу кірпігін.

Сәулесі сөніп жарықтың,
Қарадай мен де қамықтым.
Ырқына көнген ымырттың,
Жасырды жүзін алып күн.

Қыз-көктем. Сағыныш...



Желіп кеп желпіп өтердей,
Желемік желін сағындық.
Жерініп бізден кетердей,
Қыз-көктем, саған нағылдық?!

Тұмшалап жерді сұр тұман,
Көңілсіз бақта көп терек.
Айныдың ба, Арқа жұртынан,
Айналып өттің өкпелеп?!

Қалса да қырдан қар кетіп,
Қимай жүр қырсық қыс әлі.
Сумаң жел сұрқай әндетіп
Суыған жүрек құсалы.

Жаңбыры жаздың жаршысы,
Қош айтты сәуір салқындап.
Тілгілеп көкті қамшысы,
Ойнамай жасын жарқылдап.

Мамырлап ұшқан төбемде,
Мамырда көрмей құс жолын.
Өшім бар жандай өлеңде,
Өршиді өрттей іште мұң.

Көрінбей туған жаңа айша,
Көктем-қыз тағып сырғасын.
Көк аспан сенің қалайша.
Көзіңнің жасы құрғасын.

Жоғалған мөлдір моншағын,
Жол жақтан күнде іздеткен.
Өлердей сенің аңсадым,
Кездеспей кеткен Қыз-көктем!

Өтеді өмір...



Бір Алладан басқаның бәрі өзгермек.
АБАЙ



Жаралған пенде, алданба,
Жарқ еткен бес күн жалғанға!
Сан соқпа соңғы деміңе,
Санаулы сәттер қалғанда!

Сырғиды күндер сағымдай,
Жылжиды түндер бағынбай.
Тамшы-мұң сынды тағдырың,
Қамшының қысқа сабындай.

Балаған уақыт алтынға,
Барады қалып артыңда.
Жаратқаныңа тәубе қыл,
Жан келмей тұрып алқымға!

Өлшеулі өмір - сүрер жас,
Құранның сөзі - кілең рас.
Ел билеп тұрған патша да,
Ертеңін болжап біле алмас.

Жасарып күнде түр-өңің,
Жайнасын мейлі, реңің.
Өзгеден ерек тусаң да,
Өзекті жанға - бір өлім.

Өзімшіл болып өңмеңдеп,
Өлместі ешкім көрген жоқ.
Ажалдан қашқан Қорқыттың,
Өнері ғана өлген жоқ.

Күллі әлем сүйген өлеңін,
Жаhанға жайған желегін.
Марқасқа Мағжандарды да,
Әлдилеп жатыр сол өлім.

Тірі боп мәңгі қалардай,
Дәулетін төккен тамам бай.
Кетті олар жұмбақ есептің,
Шешімін бірақ таба алмай.

Байлыққа ғана құнықпай,
Нәпсіге бойды суытпай.
Өмірді сүрген ұтылмас,
Өлімнің барын ұмытпай.

Өтпестей көріп алданба,
Берілген бес күн жалғанға!
Алладан күдер үзбеген,
Адаспай жетер арманға!

Суреттер ғаламтордан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар