Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Серік Қирабаев. Мәлік Ғабдуллин

06.05.2019 2352

Серік Қирабаев. Мәлік Ғабдуллин

Кеңес Одағының батыры, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі, профессор, Қазақстан Республикасы ғылымына еңбегі сіңген қайраткер Мәлік Ғабдуллиннің есімі қазақ халқы арасында кең тараған. Оның атын жұрт алғаш рет Ұлы Отан соғысының ауыр бір тұсында, Мәскеуді қорғаудағы ерлігі арқылы естіді. Қазақстанда дайындалып, жабдықталып, Мәскеуді қорғауға жіберілген 316 атқыштар дивизиясы жау жолында, оқтың өтінде тұрған еді. Генерал Панфилов басқарған дивизия 1941 жылдың қазан-қараша айларындағы кескілескен ұрыстарға қатысып, ентелеп келген жаудың жолын бөгеді, ғаламат ерліктер жасады. Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сияқты алғашқы батырлар осы ерлік күрес үстінде туды. Панфиловшы 28 батырдың есімі әлемге әйгілі болды. Осы топта алғашқылардың бірі болып Мәлік есімі дүрілдеп шықты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Жанболат Аупбаев. Мәшһүр-Жүсіптің әулеті

Соғыс пен ерліктің неше түрлі хикаяларын шертіп, ауыздан ауызға таратып үйренген халық бұл батырлар жайында да аңызды көп шығарған еді. Атақты орыс жазушысы Борис Полевой «Эпостың тууы» атты очеркінде («Правда », 1943, 25-сәуір ) Мәліктің батырлығы жайында естіген осындай бір аңызды келтіреді. «Мәлік батыр – күшті және батыл адам, – депті оған Мәлік жайында әңгімелеген солдат. – Оның айлалығын түлкідей дерсің. Сақтығы еліктей – жау дыбысын өте алыстан сезеді. Оның көзі қыранның көзіндей – жау қайда тығылса да көрмей қоймайды. Оның қолы неміс қорқауларын қанша өлтірсе де бір талмайды, қайта өлтірген сайын шыныға түседі. Мәлік батырдың түрін көргеннен-ақ немістер қаша береді».

Жазушы фольклоршы ғалымның өзі зерттеп жүрген қазақтың батырлары туралы аңыздың сарынын пайдаланып, оның ерлігін жаңа эпостың тууына балаған. Сол бір аңыздардың негізінде ғажайып ерліктер жатқанын да қызыға зерттеп жазған.

Көкшетау жерінде туып өсіп, 1931–1935 жылдары Қазақтың Абай атындағы педагогтік институтында оқыған Мәлік халық әдебиетін, әсіресе, фольклорлық мұраны жақсы игеріп шыққан жас маман еді. Оқудан кейін кезектегі әскери қызметін атқарған ол сол құмарына, фольклорды зерттеуге 1938 жылы аспирантураға түскен соң ғана мүмкіндік алды. «Қобыланды батыр» жыры жайында кандидаттық диссертация дайындады. Аяқтап қалған зерттеуін қорғауға мұршасы келмей, соғыс бас-талысымен ол майданға аттанды. Оның қиялындағы батырлық аңыздар мен ерліктердің бүгінгі өмірде қайталануы осы тұстан басталады.

Алайда, қазақтың ертедегі батырларының соғысы мен бүгінгі техникалық соғыстың айырмасы жер мен көктей еді. Халық Ұлы Отан соғысына батырлардың қолына найза ұстатып, астына арғымақ мінгізіп, үстіне сауыт кигізіп жіберген жоқ. Тіпті батыр болуға да шақырмады, тек елін, жерін қорғауды міндеттеді. Ерлік Отанын сүйген патриот адамдардың рухани күші мен туған халқы алдындағы жауапкершілігі арқылы келді.

Жаңа соғыс батырлардың да жаңа типін туғызды. Айғайлап келіп жауға тиетін заманның өткені де белгілі еді. Батырмын деп қоқаңдап, орныңнан ұшып тұрсаң, сені бір қорқақтың жалғыз оғы қағып түсетіні де түсінікті. «Батыр бір оқтық» деген мақалдың күні туды. Ендігі батырлық ақылға, айлаға, сезімге негізделді. Б.Полевойға Мәлік жөнінде әңгімелеген солдаттың сөзі де осы шындыққа сүйенген еді. Асқан ерлікті үлкен адамгершілік қана туғызады. Өз ортасында, өз қоғамында өз жолдас-тары бойына адамдық игі қасиеттер егетін мінезді де сол адамгершілік, ақылдылық береді. Жақсылық үшін, әділдік үшін күрес – сол адамдықтың басты бағыты. Азамат өз қылығы үшін ең алдымен адамгершілік алдында есеп береді. Отан қорғау жолында ол қолдан келгеннің бәрін істей алды ма, әлде жалтарып, қорқақтық көрсетті ме – бәрінің өлшеуіші – адамгершілік пен азаматтық ары.

Жайшылықта қой аузынан шөп алмайтын жуас, бір адамға бір ауыз қатты сөз айтып көрмеген, кісі көңілін қалдырмаған Мәлікті соғыста Батыр еткен де осы мінез, осы сезім. Ол соғыстың алғашқы күнінен соңына дейін әскери комиссар болып істеді. Әуелде Алматыдан танкіге қарсы зеңбірек батереясының комиссары болып аттанған Мәлік кейін ротада, батальонда саяси жетекшілік қызметтер атқарды. Ерліктің жолы да осылай, қиян-кескі ұрысты өтіп, жаны қиналып жүрген солдаттың жүрегіне жол табудан, оларды қайсарлық пен өжеттікке, төзімділікке баулудан басталды. Ол халық әдебиетінің білгірі есебінде қиын қыстау жерлерде жол тауып шығуды, жеке ұрыс емес, бүкіл шайқастың нәтижесіне үлес қосуды, ерліктің, табандылықтың сырын әдебиет фактілерімен, ғибрат сөздерімен, нақылдарымен дәлелдей білді. Соның нәтижесінде оның қол астындағы жауынгерлер танктен үрейленбей, жаудың психологиялық шабуылына тура қарауға үйренді. Ұрыста үрей билемей, нық сезінудің, әскери тәртіпті берік ұстаудың мән-маңызы зор. Өз басы осы бағытта басқаларға үлгі бола білген Мәлік көпті де соңынан ерітті. Әуелде зеңбіректің құрылымын, оны ату тәртібін, ұрыс кезінде оны жасырып көзден таса ұстаудың әдістерін білмейтін ол қысылмай, қатардағы солдаттармен бірге жүріп үйренді. Бұл өнер майдандас достардың бірінің орнына бірі тұрып, танкке қарсы атылатын зеңбіректің бос тұрмауын қамтамасыз етті. Ол ауыр соғысты осылай бастады. 1941 жылдың 2 қыркүйегінде елге жазған бір хатында «Төрт рет майданға еніп шықтым. Ұдайы мен төрт күн, төрт түн соғысқан кез болды»,– деп жазды.

1941 жылдың қазан айында Мәскеуді қорғаудың ең бір қиын күндерінде Мәлік қызмет ететін рота Руза өзенінің жағалауына бекінген еді. Олардың алдында немістерді қайткен күнде де өзеннен өткізбеу міндеті тұрды. Кеңес елінің астанасына ызалана, қорқаулықпен ұмтылған жаудың бар күші де осы жерге төгілді. Күн мен түнді айырып болмайтын дамылсыз ұрыстар жүріп жатты. Осындай ұрыстардың бірінде өлген взвод командирінің орнын басып, Мәлік өзен жағасының ауыр бір шебінде аяусыз күрес жүргізді. Оның взводы ақыры жау бетін қайырып, оларды өзеннен өткізбеді.

Ұрыстың тынған бір шағында Мәлік рота командирінің де қайтыс болғанын, оларды немістердің қатты ығыстырып барып тоқтатқанын білді. Қарамағындағы адамдар да шағындалған. Барлығы 43 қана жауынгер қалыпты. Азық таусылған, темекі біткен. Ол немістердің оларды айналып өтіп, қоршауда қалдырғанын байқады. Не істеу керек? Барлық салмақ өзіне түскенін білген Мәлік айнала жатып қорғануға бұйрық берді.

Бұл күнді олар адам айтқысыз ауыр ұрыспен өткізді. Немістер өзен жағасына үш машина жаяу әскер түсірді . Мәліктің жан ұшырған жауынгерлері ол машиналарды тоқтаған бетте атып өртеді де, адамдарын секіріп-секіріп түскен бойда жусатып салды. Жау күші желке жақтан төнді. Мәлік өздеріне тікелей беттеген танкті, олардың артын паналап жүгіріп келе жатқан автоматты солдаттарды көрді.

– Граната дайындаңдар! Жаяу әскерге оқ атыңдар!

Ауыр танк окоптағы азғана жауынгерлерді таптап өтуге бет алған еді. Бір сәт Мәлікке одан құтылудың жолы жоқтай көрінді. Осындай бір кезеңде ерлікпен келген қасиетті өлім туралы сезім де жүрегін шаншып өтті. Осы тұста төніп келген танкті Мәліктің бұйыруымен Василий Шашков деген әріптесі лақтырған граната тоқтатты. Окоптан көтеріліп граната лақтырған жауынгер қайта жасырынып үлгермеді. Танктен оқ бұрқ ете қалған кезде Мәліктің:

– Жаяу солдаттарды атыңдар! Біздің жолдасымыз үшін, Шашков үшін! – деген үні естілді. Автоматты немістердің алды оққа ұшып, кейінгілері артқа қарай қашты. Қалған 23 жауынгерімен немістермен тағы бір күн соғысып, оларды тоқтатқаннан кейін ғана Мәлік қоршаудан шығудың жолдарын ойластырды.

Үш күн бойы олар ағаш ішін паналап, кейін шегінді. Азық әбден таусылып біткен. Темекіші жігіттер шыдамай, ағаштың мүгін үгіп тарта бастады. Төртінші күні таңдай құрғап, ауыздағы түкірік те кеуіп кетті. Бірақ жауынгерлер командирінің бастауымен берік тәртіпке мойынсұнып, ауырлыққа төзе білді. Олар қару-жарағын да тастамады, плащ-палаткамен жаралы жолдастарын да алып жүрді. Оларға ұрыс кезінде адасып, қоршауда қалған жалғыз-жарым солдаттар қосылды. Осылай отряд қарасы көбейіп те қалып еді.

Аштықтан қажып, теңселіп, зорға қозғалып келе жатқан адамдардың бірлігін, тәртіптілігін сақтау үшін Мәлік командирдің қатал бұйрығын да, комиссардың сеніммен айтылған майда үгіт сөзін де пайдаланды. Осындай бір жиында оның көзі қасында жатқан сыпырғышқа түсті. Бір талын жұлып алып, бір жауынгерге беріп: «Сындыр», – деп бұйырды. Ол командиріне таңырқай қарады.

– Сындыр, – деді қайталап Мәлік. Жауынгер сындырды. Мәлік оған тұтас сыпырғышты ұсынды.

– Сындыр.

Сыпырғыш сынбады.

– Міне, осылай, – деді Мәлік сынбаған сыпырғышты ұстап тұрып. – Біз тұтастығымызды бұзбай бірге жүрсек, тәртіпті болсақ, ешқандай жау қауіпті емес . Отряд тәртібін бірінші бұзған адам атылады. Осымен митинг жабық. Сапқа тұрыңдар!

Осындай қиын кезеңде қазақтың аңызы, содан туатын ғибрат қазақ ғалымының ойына түсіп, жаңа жағдайда іске асқан еді.

Орман ішімен бой тасалап жүріп, кешке бұлар бір деревняның үстінен шықты. Астыртын кісі жіберіп, онда немістер барын, оған неміс әскерлерінің штабы мен үлкен қоймасы көшіп келгенін, бірақ әлі бекініс жасап үлгермегенін білді. Мәлік оларға тұтқиылдан шабуыл жасап, азық-түлік алуды ұйғарды. Таң ата деревняны қоршап, отрядтағы 32 пулеметтен қатар оқ жаудырды. Немістердің есін жиғызбай, деревняға басып кірді. Көше үстінде жекпе-жек басталды. Үрейленген немістер жаралы-лар мен азық-түлігін, қару-жарақ қоймасын тастай қашты. 27 фашист тұтқынға түсті.

Осылайша, Мәлік отряды өз дивизиясына жетінші күні келіп қосылған еді. Олар көп қару-жарақпен келді. 12 станокты пулемет, 20 қол пулеметін әкелді. Әр жауынгер винтовкасына қоса неміс автоматын асынған. Өздерімен бірге 16 жаралы жауынгерді алып шыққан.

Мәліктің ерлігіне риза болған Панфилов үстіне әскери киім қонбай, солбырайып тұрған жұқа жігіттің дене мүшесіне қорашсына қараса да, ісіне риза болып:

– Жарайсың! Жақсы солдат боласың! – деп құшақтап, үш қайтара бетінен сүйді.

Осы жорықтан Мәлік үлкен сабақ алып қайтқан еді. Ең алдымен, ол өз күшіне, жолдастарының күшіне сенуге үйренді. Қандай қиындық түссе де, оны ерлік пен төзім жеңе білетінін көрді. Солдат үшін ешқандй қоршау, қамау жоқтығын түсінді. Бұл сенім кейінгі ұрыстар кезінде де оған табыс пен жеңіс әкелді.

Келесі бір соғыста Мәлік 13 автоматшыларымен жаудың атқыштар ротасына қарсы тұрды. Бұларға қарсы 5 танк шықты. Олар неміс солдаттарын беттетпей қарсы тұрған жауынгерлерді басып, жаншып өтуді көздеген еді. Мәлік отряды оларды біртіндеп атып, өртеп, тоқтатты. Мәліктің өзі өлімнен кездейсоқ аман қалды. Жарылған өз гранатасынан ұшқан топырақ толқыны оны жатқан жерінен көтеріп лақтырып жіберді. Ол біраз уақыт ессіз жатты. Немістердің оларды аттап өтіп кеткенін білген арттағылар бұларды түгел өлдіге санады. Рота командирі Аникин мен саяси жетекші Жетпісбаев полк командирі Капров пен саяси жетекшісі Мұхамедьяровтың атына мынадай жедел хат жолдады.

«Сіздерге бүгін 16 қараша күні таңертеңнен бері Ширяево селосы маңында немістер біздің қорғаныс шебімізге бір батальон жаяу әскері мен оларға қосылған бес танкі бар күшімен шабуылға шыққанын хабарлаймыз. Кескілескен ұрыста біздің жауынгерлер темірдей беріктік, шын мәніндегі батырлық үлгісін көрсетті . Әсіресе саяси жетекші Ғабдуллиннің автоматшылары ерекше көзге түсті. Немістің екі танкін қиратып, 150 жау солдатын құртқан автоматшылар қоршауға түсті де, түгелдей ерлікпен қаза тапты». Ал, шынында Мәлік те, оның автоматшылары да оқ астынан аман шыққан еді. Олар ұрыстың бір сәтінде сытылып шығып, жаудың тылына қарай өтеді де, орағытып өз шебіне қайта оралады. Бұларды көрген Капров пен Мұхамедьяров таңқалып қарайды. Командир жоғарғы жедел хатты Мәлікке ұсынады.

– Осының бәрі де рас, тек біздің өлгенімізден басқасы, – деп күледі Мәлік. – Бір де бір жауынгер қаза тапқан жоқ. Төрт автоматшы жарақаттанды. Оларды госпитальға тапсырдық. Қалған тоғыз автоматшы осында.

Ғабдуллиннің автоматшылары 22 қарашада Рыбушкин деревнясы маңындағы ұрыста да ерлігімен көзге түсті. Жау әскерлері шабуылды күшейтіп, полкті екі жағынан қоршай бастаған тұста Капров қарсы шабуылға бір рота мен Мәліктің автоматшыларын жұмсады. Рота командирі ауыр жараланды, Мәлік те жарақат алды. Бірақ саптан шықпай, ротаны басқаруды өз қолына алып, қоршауды бұзып шығады. Негізгі әскер күшімен байланысты қалпына келтіреді. Олар Бородино деревнясы үшін болған ұрыста да шешуші қызмет атқарады. Маңызды жол торабын басып алу үшін жасалған жаудың төрт шабуылына тойтарыс береді. Старая Руссадан Новгород облысындағы Холм қаласына дейінгі шабуылдарға да қатысып, ерлік көрсетеді. Олар жау тылын айналып өтіп, Новосвинухово селосына басып кіреді, 18 жау солдатын қолға түсіреді. Автоматшылардың осы жолғы құрамында атақты қазақ сазгері Рамазан Елебаев пен Төлеген Тоқтаров болған. 1942 жылдың 4 ақпанында болған осы ұрыстан кейін Мәлік өзінің автоматшыларымен қоштасып, екінші атқыштар батальонына саяси жетекші болып ауысады. 1943 жылы қаңтарда 1075 полктың комиссарлығына тағайындалады. Бұл кезде полк 23-гвардиялық деген атаққа ие болады.

Мәскеуді қорғауда болған осы сияқты қиян-кескі ұрыстар мен ондағы автоматшылар тобының ерлік күрестері оның жетекшісі Мәлік Ғабдуллиннің атын да әлемге әйгілеп жіберіп еді. Ол жөнінде май-дан газеттері мен елдегі баспасөз үздіксіз жазып жатты. Оның аты әскери басшылардың аузына ілікті. Ол «Қызыл жұлдыз», «Қызыл ту» ордендерімен марапатталды. Ең соңында 1943 жылғы 30 қаңтардағы КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының қаулысымен Мәлік Ғабдуллинге «Кеңес Одағының батыры» атағы берілді. Бұл атаққа Мәлік 1942 жылдың басында ұсынылған. Оған Мәскеу түбіндегі ерліктері негіз болған. Оны Сәбит Мұқановқа жазған хаттарында хабарлаған.

Мәліктің батырлығы туралы хабарды қазақ халқы үлкен қуанышпен қарсы алды. Жамбыл ақын:

Батырым – Мәлік беренім,

Жүйрігім, озған өренім.

Халқы сүйген қалаулым,

Жырымды саған төгемін, –

деп, ел қуанышын білдірді.

Майдандас дос ағасы Бауыржан Момышұлы:

Ел күйзелген кезінде,

Ерлік еткен, бауырым.

Жау жағадан алғанда,

Батырлық еткен, бауырым.

Ел намысын құрметтеп,

Ер намысын ардақтап,

Құтты болсын айтамын,

Шын жүректен, Мәлігім! –

деп құттықтады . Борис Полевойдың «Правда» газетіндегі очеркі осы кезде жазылды. Мәлік аты аңызға айналып, ақындар оған өлең арнады. Шиелі ауданының еңбекшілері жинаған қаражатқа жасалған танкке Мәлік аты берілді. Жаңа туған баланың аты Мәлік қойылды. Осының бәрі халқының Батыр ұлына деген құрметі еді. Кеңес Одағының батыры атағын алғаннан кейін Мәлікке бір ай демалыс беріліп, ол елге, туған Қазақстанына келіп кетті. Халық пен республика басшылығы оны зор шат көңілмен қарсы алды. Батыр Жамбыл атасына барып сәлем берді. Қазақстан Жазушылар одағында, туған елі – Көкшетауда, Алматыда кездесулер өтті.

Мәліктің батырлығы мен жеңісі Ұлы Отан соғысы майданындағы азаматтық ерлікпен қоса жауынгерлерді патриоттық сезімге тәрбиелеген үлкен идеяның жеңісі еді. Ол әскери өмірдің қай ортасында жүрсе де жауынгерлерге саяси басшы бола білді. Оларды ерлікке сөзімен, керек жерінде ісімен еліктіре алды. Майдан жағдайындағы саяси-насихат ісінің шеберіне айналды. Оған Мәліктің ғылыми зерделілігі, қазақ халқының және басқа да туысқан халықтардың тарихы мен дәстүрлерін, батырлық үлгілерін жақсы білуі көмектесті.

Қобыланды батыр туралы зерттеу жүргізіп, батырдың Отансүйгіш рухын бойына сіңірген Мәліктің майданға аттанар алдында: «Бұл Отан соғысы – атамыз Қобыланды батырдың елін, жерін қорғау күресінің жалғасы. Соғыста Қобыландыдай ерлік көрсете алсақ жарар еді », – деген сөзін Сәбит Мұқанов еске түсіреді. Майданда да ол халықтық батырлар рухын ту етіп ұстады. Қазақ, қырғыз, өзбек жауынгерлерімен әңгімеде: «Қазақ халқының Едіге батырын, Қобыланды, Ер Тарғындарын кім біледі, олар туралы жырды кім оқыды? Қырғыз елінің Манасы туралы жырды кім оқыды?» – деп сұрайды. Жауынгер Нишанов Манастың көп жерлерін жатқа білетінін, Қалиев Қобыландыны жатқа айта алатынын мойындайды. Сәлден кейін окоп ішінде сол батырлар туралы жырлар айтылады. «Әдемі жырдың екпінді ырғағына беріліп, бабаларының қаһарлы ерліктеріне еліктегендей, өткен өмірдің батырлық бейнелері көзге елестеп, ой тербеп, жүректі қозғағандай болды», – дейді оған қатысушылар.

Осы жолдағы әрқилы сатыларды өтіп барып, ол 1943 жылдан бастап Калинин (кейін 1-прибалтика) майданы саяси басқармасына қызметке көтерілді. Одан Қызыл армияның саяси Бас басқармасының үгіт бөліміне ауысты. Соғысты осы қызметте, Мәскеуде аяқтады.

Бұл тұста атап айтарлық бір нәрсе – Отан қорғау комитеті мен Бас қолбасшы ауыр соғыстың беті қайтып, ұрыс жау жеріне қарай ауысқан кезде соғыстан кейін істелер ұлы істер, халық шаруашылығын қалпына келтіріп, елді ілгері бастайтын кадрларды дайындау жайында осы бастан ойласуға бет бұрған еді. Ғылым, білім қайраткерлерін, шығармашылық адамдарын, жастарды сақтап қалу туралы нұсқаулар берілді. Майданда жүрген жас кадрлардың біразы әскери училищелерге, соғыс өтінен алыстау әскери қызметке ауыстырылды. Мәліктің соғыстан шығып, Мәскеуде Бас басқарманың аудармашы редакторлар тобына бастық бо-лып тағайындалуы да соның бір мысалы еді. Соғыс кезінде қабылданған орыс емес ұлттар жауынгерлері арасында саяси тәрбие жұмысын жүргізу туралы қаулы да осы мәселеге арналған. Саяси Бас басқарманың нұсқауы да Мәліктің жолын жеңілдетіп, оның солдаттар арасында жұмыс жүргізуіне мол мүмкіндік берді. Мәлік осы тақырыпта өткен одақтық, майдандық кеңестерге қатысып, өз тәжірибесі туралы әңгімеледі, бұл саладағы жұмысты жетілдіру туралы ұсыныстар жасады. Майдандарда орыс газеттерімен қоса ұлт тілдерінде газеттер шығару, «Қызыл армия үгітшісінің кітапшасын» басу ісі қолға алынды. Саяси Бас басқарманың Мәлік басқаратын редакторлар тобы соғыс батырлары туралы кітапшалар шығарды. 1944 жылдың 15 қарашасына дейін бұл топ КСРО халықтарының он тілінде 52 кітапша, 260 үндеу басып шығарды. Оның ішінде қазақ тілінде 5 кітапша және 28 үндеу басылды . Кейін бұл іс кең өріс алды. 1944 жылдың 15 қарашасы мен 1945 жылдың 15 ақпаны аралығында 13 тілде 24 кітапша, 32 үндеу (оның екі кітапшасы мен 6 үндеуі қазақ тілінде) қосымша басып үлгерді. Олардың ішінде қазақ батырлары Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Сағадат Нұрмағамбетов, Қарсыбай Сыпатев, Төлеген Тоқтаров, т.б. туралы еңбектер бар еді. Бұл кітаптар мен үндеулердің Отан қорғаушыларды ерлікке тәрбиелеуге, олардың рухын көтеруге қосқан үлесін бүгін де жоққа шығаруға болмайды. Топ бастығы Мәлік Ғабдуллин Белоруссияны, Литваны, Румынияны, Венгрияны, Австрияны азат ету бөлімдерінде болып, майдан газеттерінің жұмысына басшылық жасап, материалдар жинау мен озық тәжірибені насихаттау ісіне белсене қатысты. Сөйтіп , ол майдангерлердің тәрбиеші ұстазы бол-ды. «Оның келуі жауынгерлер үшін бүтіндей бір оқиға болушы еді» – деп жазды Б.Полевой. «Ғабдуллин жолдас – қазір бөлімнің үгітшісі. Оның адамға достық дарытатын жайнақы, ыстық лебізді сөздері әрбір сарбаз бен командирлердің сезімін тербетіп, жанын толқытады. Оның жүрген жерінде өмір, шаттық, жеңетінімізге сендіру», – деп жазды гвардиялық бөлімнің командирі Е.Воропков. «Кішіпейіл, сабырлы, ер және асқан өжет Мәлік Ғабдуллин біздің полкке келген соң, аз уақыттың ішінде-ақ жұрт тегіс сыйлайтын беделге ие болды. Көпшілік оны тегіс жақсы көріп, Мәлік деген сөзді сүйікті атқа айналдырды. Жанындай көретін саяси жетекші Мәлік бастаған сарбаздар қандай қамалға болмасын таймай барып, талай рет жаудың талқанын шығарды», – дейді ол одан әрі.

Ұлы Отан соғысында Мәлік атқарған тәрбие жұмысының қатарында оның өзі мен жолдастары бастан кешкен соғыс өмірі туралы жазбалары да үлкен қызмет атқарды. Оларда Мәлік өзі көрген өмірдің қызықты да қалтарысты сырын, батырлық пен қорқақтық, төзім мен намыс, достық пен қастандық туралы толғанды. Отан, адамзат алдындағы адамдықтың борышы жайлы тебірене сыр шертті. «Егер біз бүгін уақыт талабы ру-хында іс қылмасақ, болашақ ұрпақ, халқымыздың тарихы біз туралы не айтады? …Біз бүгінде қандай іс жасамайық – жақсы болсын, жаман болсын, біз болашақ адамдар алдында жауап береміз», – деп жазды ол. Оның халықтар достығы туралы ойлары құрғақ үгіттен тумайды, соғыста өзі көрген туыстық, достық сезімнен өрбиді, өмір фактісінен туындайды. Ол туған халқы – қазағы жөнінде ойланады. «Қазақпын деген сөзді мен ұлтын сүю, халқын, елін, туып өскен жерін сүю, халқының батырлық, ерлік салтын, дәстүрін сүю, ғасырлар бойына жасалған ұлттық әдебиеті мен мәдениетін сүю, өз ұлтына адал қызмет ету, өз ұлтының басқалардан артта қалмай, солармен қатарлас (кейде олардан асып түсуін) болуын көксеушілік, соған ұмтылушылық, досқа досша көмектесіп, достың жауымен өз жауынша күресушілік деп түсінемін», – дейді. – «Мен, «қазақпын» десем, оным қазақты асыра мақтап, басқалардан ерекше артық жаратылған ұлт дегендік емес. Мен қазақпын дейтінім – менің сол ұлттың ұлы екендігіме дәлел, өз ұлтымның, оның намысын аса қадірлеп бағалайтыныма, ұлтымды (демек халқымды) шын сүйетіндігіме, ұлтымның ілгері өніп-өсіп өрлеуіне жаным ашитындығына – куә». «Ұлтын жасырушылық – өз ұлтын, халқын сүймеушілік, дүниеде ең ба-рып тұрған тексіздік», – деп жазады.

Мәліктің өмір тәжірибесінен туған ойлары кейде нақыл, мақал-мәтел түрінде жинақталып айтылады. «Сүю болмаса, сүйемелдеу жоқ», «Жарың жақсы болса – ырысың, жолдасың жауынгер болса – тынысың. Бұл екеуі нақұрыс болса, Азаматтығың құрысын», «Айлалы адам ажал-ды да жеңеді», «Сақтық та батырлық», «Сыпайылық, сабырлылық – асыл адам белгісі», «Бейнет көрмеген берекесіздік жасайды», «Жүрекке жолдың алыстығы жоқ – бәрі де жақын», т.б.

Мәліктің жазбалары мен очерктері майдандас достары генерал Пан-филов, Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Рамазан Елебаев, Бақтияр Меңдіғарин, т.б. Ұлы Отан соғысының азапты жылдарын бірге өткен жауынгер азаматтар туралы әңгімелейді. «Ерліктің , Отанын сүюдің символы – Төлеген Тоқтаров, – деп жазды ол. – Ондайлар бізде аз емес. Ел үшін, Отан үшін қызыл ерлер жеңе де, өле де біледі . Ел біле берсін. Елдегі еңбек – майдан – тыныс, майдандағы жеңіс – ел ырысы». Ол көргенін тізуші емес, ойлы суреткер есебінде соғыс эпизодтары арқылы адамды, оның тұлғасын тануға, жан дүниесін түсінуге ұмтылады. Мәліктің бұл жазбалары әуелде «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланып, алғаш рет «Менің майдандас достарым» деген атпен 1947 жылы басыл-ды. Кейін толықтырылып, «Алтын жұлдыз» (1948), «Майдан очерктері» (1959), «Сұрапыл жылдар» (1972) атты кітаптарда жарық көрді. 1985 жылы алғашқы атымен толықтырылып қайта басылды.

1946 жылы Мәлік әскери қызметтен босап, елге оралды. Елінің абыройын көтерген ұлын халқы шын жүректен қуана қабылдады. Сол жылы өткен КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаттығына майдан батырлары алдымен ұсынылды. Солардың ішінде Кеңес Одағының батыры атағын екі рет алған Талғат Бигелдинов пен Мәлік Ғабдуллин бар еді . Ол кезде депутаттыққа кандидаттар партияның тізімімен анықталып, сайлауға түсетін округтан ұсынылатын. Округтік сайлау комиссиясы кандидаттан сайлауға түсуге келісім сұрайтын. Мәкең бірден келісім бермепті. «Менен де батырлығы үлкен Бауыржан Момышұлы неге тізімде жоқ? Мен жолымды сол кісіге беремін. Менен гөрі халық қалаулысы болуға Бауыржан лайық», – депті кішіпейіл Мәлік.

– Ертеңіне Орталық партия Комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов шақырды, – дейтін Мәкең. – Ол кісі: Біз «Бауыржанды білмей отырғанымыз жоқ. Ол өзінің жолын өзі кесіп жүрген жігіт қой, қазақша айтқанда, бұл – басқа қонған бақты тепті деген сөз», – деп ұрысты.

Мәлік КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаттығына 3 рет (1946, 1950, 1954) сайланды. Халық қалаулысы болып үлкен одақтық, республикалық шараларға қатысты, көптеген шетелдерде болды.

Мәлік мансапқұмарлығы жоқ, кішіпейіл азамат еді. «Батырмын» деп кеудесін көтергенін көрген емеспіз. Әскерден абыройлы қайтқан оған лауазымды қызметтер де ұсынылды. Бірақ ол ғылым жолын таңдады. Қазақстан Ғылым академиясының тіл және әдебиет институты директорының орынбасары, кешікпей директоры қызметіне кірісті. Негізінен аяқталып, қорғауға үлгере алмай кеткен кандидаттық диссертациясын қорғады (1947). Ол «Қобыланды батыр» жырын зерттеудің проблемалары» деп аталатын.

Халықтың батырлық эпосын және дәстүрін зерттеу Ұлы Отан соғысы кезінің ең бір өзекті мәселесі болатын. Соғыстың қиын кездерінде ел басшыларынан бастап, жұрттың бәрі батыр аталарымыздың аруағынан қолдау тілеп, олардың рухына сиынды. Қазақтың батырлық дәстүрі мен батыр аталарының аттары қазақ халқының майдандағы жауынгерлерге жолдаған хатында аталды . Солардың ішінде Қобыланды батыр аты да бар еді. Сондай жағдайда Қобыланды батыр туралы арнайы зерттеу жазған Мәлік Ғабдуллин жырдың жиналу, зерттелу тарихын, әртүрлі нұсқаларын салыстыра отырып, оның ұлттық сипатын, ерекшеліктерін толық қамтыған елеулі ғылыми еңбек жасады.

Содан басталған Мәліктің ғалымдық жолы түгелдей қазақ ауыз әдебиетін, оның тарихы мен жанрларының дамуы жолдарын зерттеуге арналды. Ол жоғарғы мектепте «Қазақ ауыз әдебиеті» курсынан дәріс оқыды. Дипломдық, кандидаттық диссертацияларға жетекшілік жасады. Осы саладағы ұзақ жылдық еңбегі – «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» (1959) атты монография оның докторлық диссертациясына негіз болды. Мәліктің фольклорист-ғалымдығы жолында және қазақ ауыз әдебиеті тарихын зерттеу ісінде бұл еңбектің айрықша маңызы болды. Мұнда қазақ халқының бұрынғы дәуірлерде ауызша шығып тараған әдебиетінің үлгілері жинақталып, бір жүйеге түсіп зерттелді. Ол ертерек жазылған М.Әуезовтің, Х.Досмұхамедовтің, С.Сейфуллиннің фольклор тарихына арналған алғашқы зерттеулерін толықтырып, тереңдетіп, жүйелі тарихи еңбекке айналдырды. Онда қазақ ауыз әдебиетінің зерттелуі жолына, жанрлары мен олардың даму ерекшеліктеріне, көркемдік өзгешеліктеріне жан-жақты талдау берілді. Академик И.И.Мещанинов оған үлкен баға берді. Қазақтың фольклорлық мұрасымен Ұлы Отан соғысы кезінде Алматыға эвакуациямен келген тұста танысқанын айта келіп, ол: «Бүкіл батырлық эпосты, ерлік пен тұрмыстық жырларды, тіпті кейде шамандық мистикаға бой алдырып және одан тазара бастаған кездің шындығын танытатын мақал-мәтелдерге шейін тұтас бір талдау беретін ғылыми еңбек керек еді. Ондай талдау ұлттық мәдениеттегі демократтық элементтерді анықтайтын зерттеуге негіз болуға тиісті. Мұндай жауапты жұмыс зерттеушіні фольклорлық бай материалды тарихи зерттеулерге пайдаланатын халық тарихшысымен де жақындастырады. Қазақтың халық шығармашылығы жайындағы дәл осындай жұмысты Мәлік Ғабдуллин орындап шықты. Оның зерттеуі жоғарғы мектеп көлеміндегі ең биік талапқа жауап бере алады», – деп жазды. Бұл жерде аспирант кезінде Мәлік Мәскеуге барып жолығып, кеңес алған атақты фольклорист академик Ю.М.Соколовтың «Ғабдуллин Мәлік халық әдебиетін (фольклорды) жақсы көреді. Қолынан іс келетін жастың бірі» деген бағасын, көрегендігін еске түсіру де артық емес.

Бұдан кейінгі еңбектерімен де Мәлік қазақ халқының ауыз әдебиеті жайлы зерттеулерді толықтырып, жаңа көзқараспен байытып отырды. Ол ескі мұраны жаңа заман игілігіне, халық мүддесіне пайдалану ісіне белсене қатысты. Қазақ әдебиеттану ғылымының фольклорлық зерттеулерінде көзі тірі кезінде (1973 ж. дейін) Мәлік араласпаған сала, зерттеу болған жоқ. Ол ауыз әдебиеті үлгілерін жаңадан жинау, жариялау ісін басқарды, жаңа зерттеулер, әдебиет тарихына тараулар жазды. Әдебиет және өнер институтының фольклор бөлімінің зерттеулеріне жетекшілік жасады. Сол зерттеулер бойынша құрастырылған жинақтарға редактор болды, өз еңбектерін қоса жариялады. Орта және жоғарғы мектептер үшін «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» курсынан оқулықтар жазды. Оның Т.Сыдықовпен бірігіп жазған «Қазақ халқының батырлық жыры» (1972) еңбегі Қазақстан Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығына ие болды.

Қазақ фольклор саласындағы еңбектері арқылы Мәлік бұрынғы одақ көлеміндегі үлкен фольклорист-ғалым екенін ғылыми жұртшылыққа әбден танытты. Қазақтың халық әдебиетін, әсіресе, батырлық жырларды халық тарихының негізгі кезеңдерімен байланыстыра қарау, тарихи болған қаһармандар өмірінің эпостық туындымен қатынасын ашу, түркі тектес халықтар әдебиетімен жалғастықты дәлелдеу, халық әдебиетінің тарихи әдебиетпен, жаңа заман әдебиетімен байланысын тереңдете тану

– Мәліктің фольклорлық зерттеулерінің негізгі сипаты болып табылады. Фольклорлық шығармалардың туу, қалыптасу, даму жолдарын салыстыра зерттеу арқылы ол әр дәуірдің өзіндік қоспаларын анықтауға ұмтылды.

Ғалымдығымен бірге Мәлік үлкен ұстаз еді. Ол ұзақ уақыт қазақтың Абай атындағы педагогтік институтында, Қазақ университетінде дәріс оқыды. Біз соғыстан кейін жаңа ғана кандидаттық диссертациясын қорғаған жас ғалымның фольклордан алғашқы дәрісін тыңдаған едік. Со-дан кейінгі дәуірде Мәлік алдынан қазақ әдебиетшілерінің талай ұрпағы тәлім алды. Ғылымға аяқ басқан жастардың Мәліктен үлгі алмағаны, ақыл-кеңес тыңдамағаны кемде-кем. Өзіміз білген кезді еске алсақ, қорғалып жататын кандидаттық, докторлық диссертациялардың шаршамайтын, талмайтын оппоненті Мәлік болатын. Бұл – жалпақ шешейлік емес, кеңпейіл, ешкімге «болмасын» деп ойламайтын (қазақ «болмасын» деген «оңбасын» деген ғой) адамның ғылым кадрларын тәрбиелеуге деген ынтасы мен талмайтын төзімділігінің белгісі еді.

Мәлік ғылымды жасаушы, жас ұрпақтың ұстазы ғана емес, оны ұйымдастыру жұмысын да көп атқарды. Ол Ұлттық академияның Тіл және әдебиет институты директорлығынан (1946–1951) кейін ұзақ жылдар Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогтік институтының ректоры (1951–1963) болып істеді. 1960 жылы РСФСР Педагогика ғылымдары академиясының академигі болып сайланды. 1967 жылы сол академия КСРО Педагогика ғылымдары академиясы болып қайта құрылғанда, оның академигі ретінде ұйымдастыру комитетінің құрамына кірді. Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер атағын алды. Мұның бәрі Мәліктің ғалымдық, ұстаздық, ұйымдастырушылық еңбегіне берілген зор баға еді. Осындай үлкен атақ дәрежесі, биік мансабы бола тұра, Мәлік адамгершілігі жоғары, тіпті қарапайым, өте кішіпейіл жан еді. Мен Мәліктің студенті болып бастап, ол басқарған кафедрада аспирант болған, кейін ұзақ мерзім бірге қызмет еткен, араласқан, інісіндей болған адам есебінде Мәліктің адамсүйгіш, үлкен жүректі жан болғандығына куәлік бере аламын. Ол ректор кезінің өзінде екі қабат есігі бар, кірген адам жүрексініп тұратын үлкен кабинеттің төрінен емес, халық ортасынан табылатын. Студенттер жатақханасында, кафедралар зертханасында жиі болатын. Олармен шахмат ойнап, отырып та қалатын. Кімді де болса, әзіл-қалжыңмен, қарапайымдылығымен өзіне тез тартып алатын. Кісі көңілін қалдырмайтын Мәліктің әркімнің шаруасымен жалықпай жүретінін талай көрдік. Соның бәрі де қарапайым адамдарға қол ұшын беруге ұмтылған кеңпейілді, үлкен жүректі азаматтың ісі екенін Мәліксіз қалған күндерде әбден сезіндік.

Оның өзімен сеніскен, араласқан адамдардың бәрін үлкейтіп, ағай, апай деп сөйлейтін әдеті бар еді. Бірде институтта студенттерді қабылдау комиссиясының отырысы кезінде Нағима есімді бір қызды «Нағима апай» деп қалғаны бар. Бала қатты қысылып, қып-қызыл боп кетті. Досы Төкен Әбдірахмановтың әйелінің аты – Нағима еді. Оны «Нағима апай» деп үйренген Мәлік баланы да солай атап қойғанын байқамай, өзі де ыңғайсызданып қалды. «Қайниса апай», «Әлия апай» деп, өзінен кіші әйелдердің өзін көтермелеп, бір жағын әзілге сүйеп қоятын.

1968 жылы КСРО Педагогика ғылымдары академиясына мен корреспондент-мүше боп өткен соң, екеуіміз Мәскеуге де ылғи бірге барып, сапарлас та болып жүрдік. Театрларға билет алу, стадиондардағы ойындар сияқты кіруі қиын жерлерге Мәкеңді ертіп баратынбыз. Әсіресе, менің Мәскеуде оқитын балам Мәліктің келгеніне қуанып қалатын. РСФСР академиясы құрамында әуелде президиум мүшесі болған Мәліктің беделі де үлкен, таныстары да көп еді. Ол барған сайын өзі кіретін жерлерге мені ерте барып, көп адаммен таныстырды. Одақтық академия болып қайта құрылғаннан кейін оған ұлттық республикалар өкілдері де кірді. Солардың бәрі Мәлікті қатты сыйлайтын. Мәліктің арқасында мен де көпшілігімен дос болдым. Жолдасы Нәзия да өзім деген достарына ашық, жылы жүректі болды. Бізді бір қонағынан қалдырған емес. Нәзия дастарханының басында біз талай ағалармен, ғылым қайраткерлерімен дәмдес болдық.

1973 жылы Мәлік қайтыс болған соң да біз қатынасымызды үзбедік. Нәзияның «Мәлікке хат» деп аталатын естелігінің бір жерінде бұрынғы достарының көбінің алыстап кеткенін айтып, «баяғы өзің жақсы көретін Әлия мен Серік әлі де жиі келіп, мені жұбатып кетеді» деген жолдар бар.

Мәлік есімі, өмірі – үлгілі, ғибратты өмір. Ол жастай көзге түсіп, халқының сүйіспеншілігіне бөленді. 16 жасында ҚазПИ-ге оқуға түскенде студенттердің ішіндегі ең кішісі, ең сүйкімдісі Мәлік еді дейді көргендер. 20 жасында жоғарғы білім алып, жазушылық, журналистік, ғалымдық жолға түсті. Батырлық, ғалымдық атақтарды да ерте алды. Бірақ , ол соның бәрінде де асып-таспады, масаттанбады, қарапайым, елгезек күйінде дүниеден аттанды.

Ел оны «Біздің Мәлік» дейтін еді. Ол Батыр атанғанда Алматыда осы аттас кітап шыққан (1943). Қазақстан жазушыларының Мәлікке арналған шығармаларынан құрастырылған бұл кітапқа Мәліктің өмірі мен студенттік кезі, қызметі жайлы естеліктер, Ұлы Отан соғысындағы оның ерлігі мен майдандас достары туралы әңгіме-очерктер, мақалалар кірген. Кітапты жазуға қазақ ақын-жазушыларының барлық ұрпағы қатысты. С.Мұқанов Мәліктің өмірі мен оның майданнан жазған хаттарына шолу жасады. Мәліктің ұстаздары Х.Жұмалиев, М.С.Сильченко, Н.С.Смирновалар оның студенттік, аспиранттық кездерін, талабын, ізденісін құптап жазды. Б.Кенжебаев пен Е.Ысмаилов оның халық әдебиетімен рухани байланысының зор екенін еске алды. Ақындар Батырға өлең арнады. А.Тоқмағанбетов, Ғ.Орманов, Ә.Тәжібаев, С.Бегалин, Қ.Бекхожин, Д.Әбілев, И.Байзақов, Қ.Сатыбалдин, тағы басқалардың жырлары басылды.

Бұл туындылар тек Мәліктің ғана емес, қазақ жауынгерлерінің, әсіресе, Мәлік қызмет еткен Панфилов дивизиясының ерлік жолы туралы тарихи және көркем шындыққа толы еді. Бүгін ол қолға тимейтін, сирек ұшырасатын қазынаға айналды. Қазақ әдебиетінде майдан батырларын жырлау дәстүрі де осы кітаптан басталады. Оларды эпостың батырла-ры сияқтандырып суреттеуден бой тартып, жаңа соғыс ерлерінің нақты кейпін танытуда да Мәлік туралы жырлардың өзіндік орны бар. Ғали Орманов «Мәлік» өлеңінде Батырдың балғын жастығын, «балалықтың ерке табы арылмаған» бейнесін суреттей келіп, оның бойында батырлық туғызған отансүйгіштік сезімді әдемі ашқан еді. «Қыз әдептің қауызын ашу ашқан» шақтарда көрінген батыр қайраты мен «бүкіл ғаламды ойына сыйғызған» парасатын қоса танытқан.

Тоқтатты Мәлік сонда, айтты бір сыр.

– Ойлама қорықпайды деп өлімнен құр.

Тәтті өмір, жар, достарды сүйгені үшін

Ажалмен інің батыл шайқасып жүр, –

деп жазды Ә.Тәжібаев. Мұнда да батырды ерлікке бастаған адам сүю сезімі баса көрсетіледі. Шын Мәлікті, кішіпейіл Мәлікті замандастары осылай түсінген.

Ерлік жолы – Мәлік өмірінің мән-мағынасына айналды. Ол халық батырлығынан өз тіршілігіне қуат, нәр, шығармасына шабыт алды.

Мәлік өмірден ерте озды. Оның алпыс, жетпіс, сексен жылдық тойлары да өзінсіз өтті. Ел-жұрты оның есімін есте қалдырар шаралар ұйымдастырып, мұражайлар ашты. Мәлігін, батырын сүйген ел ағылып-төгіліп , оны еске алуда. Бұл – ер есімінің өлмегені. Сондықтан елі бар жерде, Мәлік аты ұмыт болмайды. «Біздің Мәлік» Алаштың ардақтылары қатарынан құрметті орын алып, жасай берері даусыз.

2004


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(1)

Пікірлер

Шина

07.05.2019 22:28
Керемет!

Тәкен

11.05.2019 22:27
Адам туралы жазылған асыл туындылардың бірі екен!
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар