Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Санжаажавын Оюун. Анашым, шапаныңызды киіңіз!

13.05.2019 1434

Санжаажавын Оюун. Анашым, шапаныңызды киіңіз!

Санжаажавын Оюун – ақын, жазушы, Моңғолия жазушылар одағы сыйлығының иегері, Моңғолияның мәдениет қайраткері. Алғашқы өлең жинағы 1975-ші жылы жарық көрген. Көптеген кино-повесть, тарихи драмалық туындылардың авторы. «Дүниеде жалғыз анашым» қатарлы таңдамалы әндері Алтын қордан орын алған, моңғолдың санаулы әйел жазушыларының аға буын өкілі.

Бұл жолғы ұсынылып отырған шағын қихаяты, дүниежүзіне тарыдай шашыраған қазақтардың тағдырына өте-мөте ұқсас, аңдаусызда шекараның екі жағына бөлініп қалған әке мен қыздың бастан өткерген деректі оқиғалары баяндалады. Қазақ оқырмандарына да қызықты болар деген оймен ұсынып отырмыз.

(Хикаят)

Бұл күнді қырық жыл күткенмін. Қырық жыл... балалық, жастық шақтарым артта қалып, кешікпей зейнеткерлікке шығатын аға буынның қатарына жетіп қалдым. Сөйте тұра, шетелге шығатын қып-қызыл паспортты ұстаған қолым оттай ысып, жүрегімнің соншалық аласұрғаны несі?!. Ұзақ жыл кезікпеген алғашқы махаббатын кенеттен кезіктіретін жандай, жүрегім аттай тулап, көкірегімді әлде бір қуаныш кернейді. «Қырық жыл»... Адам ғұмырының өлшемімен қанша уақыт екен?!.

Астанамызға көктем келіпті. Жаңадан қылтыйған жас құрақтың ұштарынан ғажайып жарқыл шуақ шашырап, қала жолдары алыстай сұлап, әлде қайда жеткізіп берейін дегендей көлбеп, жеңіл самал есіп, менің көңілім де желмен бірге желпілдейді.

Анадайда бір адам келеді... Таяп келген қарияны көргенде менің бар қуанышым желмен ұшып, ғайып болды. Қуанғаным сонша, әкемді естен шығарып алыппын...

Әкешім... еріксіз жанарыма жас толды. Негізі, бұл паспорт сіздің қолыңызда тұруы керек еді. Біз екеуіміз де осындай паспортты қалталап жүруді қырық жыл армандаған жоқ па едік?!. Әттең, сіз анау дүниедесіз... Қызыңызды көріп тұрсыз ба? Анасына баратын болды ғой...

Өзгелердің көзіне бала-шағалы, сүйеуі бар бақытты әйел көрінетін шығармын. Шындығында олай емес. Басымнан өткерген өмірім қызыл паспорт қолыма тие бере көз алдымда көлбей берді.

...Мен жеті жаста едім. Әкеммен бірге ағайымның ауылына қыдырып бардық. Жыл бойы көріспеген ағайын-туыстар кездескенде қалай шұрқырасушы еді, айтылар әңгіменің шегі болатын ба еді!.. Әкеме ысытылып ұсынылар қол арақтың да асып-төгілгері белгілі. Дәріғанға елінің арағының кермек исі танауымды жара бастаған тұста әкем маған, сыртқа шығып ойнай ғой, балам деген.

Бала кезгі естелігім обада желбіреген көк қадақ сияқты алыстан қол бұлғайды. Соншама елегізіте еске түсетіні – менің балалық шағым өзгелерге ұқсамайтыны. Мен ғой, балалық жетегінде тетелес балалармен ойын қуып, ауыл арасында тараққұйрық, суыр болып тығылып, қызыққа батып жүрген де шығармын. Әкем туған ағасымен ұзақ шүйіркелесіп, жүйрік ат, сауық-саяттың әңгімесін қоздырып мауқын басқан болар. Әнтек, бұл сауық-сайранның соңы нендей қайғы-қасірет әкелерін ешқайсымыз сезбей қалдық.

«Шекара сызығын тартып тастапты!» деген суық хабар біздің ғана емес, талай отбасы арасына қасірет сызығын орнатты. Әкемнің жүзі солып сала берді. Мен қаншалықты сәби болсам да, бір жамандықтың болғанын іштей сезінген едім. Әкем мен ағам екеуі бір адаммен бірге шекараға қарай аттанды. Қарулы әскерлер жолатпай қойыпты. Мән-жайды қанша түсіндірсе де, «Ағай, бұл екі елдің мәселесіне айналған, сіз үкіметке жүгініңіз. Біз сізді шекарадан өткізіп жіберсек, өз басымыз кетеді. Шекарадан өтуге беттеген кімді болсын, атып тастауға бұйрық алғанбыз... Арыз жазыңыз. Шешіп береді» депті. Аспан – алыс, жер – қатты... деген тәмсіл осындай қиындықтан туған болар. Осылайша әкем екеуіміз шекараның бергі жағында, анам бауырыммен бірге шекараның арғы жағында қала берді. Талай-талай ағайын туыстар тірідей ажырасып, екі айрылған еді. Бұрындары біздің екі көршінің арасында шекара обасы болғанымен, моңғол ағайын туыс – біздер бірде түстіктегі жайлауға беттеп, енді бірде ілгерідегі ойпатты беттеп, шөбі шүйгін қоныс таңдап, еркін көшіп, қонып жүретін едік. Шекара сызығы тартылып, қарулы күзет қойылады деген қаралы күдік ешқайсысының ойына кірмеген. Моңғолдар осылайша мәңгіге екі айрылған еді.

Сол көрші екі ел әлемдік үрдіспен өз-өзінің шекараларын шұғыл белгілеуінің саяси себептері болған. Қазіргідей саяси жағдайларды қарапайым жұрт жетік түсіне алмай, үкіметке ғана сеніп, соның айтқанымен жүріп, айдағанына көнетін. Әкем таныс жамағайындарын жақын тартып, қалаға келіп, арыз-өтініш жазумен айналысты. Сөйтіп жүріп әкем екеуіміз де жылы киімсіз қысты қарсы алдық. Қар қалың жауып, кіріп-шыққан адамның өзінен қара қосымыз пана болудан қалды. Ағайын-туыс, таныстар бізге артық-ауыс киімдерінен берді. Екеуіміз ел ақтап күнелтуге көштік. Бастабында кел деп құшақ жаятындардың өзі соңына ала бізді көрсе, тезірек құтылуды ойлайтын болды. Айтқанға болмаса, олардың өз тірліктерінің де оңып тұрмағаны белгілі.

Бір жылды осылайша әупірімдеп жүріп өткіздік. Күн өткен сайын өмір бойы жүгірсе де, шешімін таппас сергелдеңге түскенін әкемнің өзі де сезе бастады. Тас қамалға тірелген сайын тауы шағылып, «Қызым екеуіміз жалғыз күнде шешесімен қауышамыз» дейтін сергек үні көмекейінен әзер естіліп, «Екі елдің арасында келісім шарт жоқ. Күте тұрыңыз. Сізді жіберу үшін Қытай үкіметінен рұқсат алу керек» деген жауапты маған айта алмай, іштей тынып жүріпті.

Әкемнің сол кезде қаншалықты күйзелісте жүргенін әнтек кеш түсіндім. Менің әкем бәрін де көтере білді. Әкемнің қайғысын кеш түсінгенім, ол ана махаббатынан өзгенің барлығын маған сыйлап, маңдайымнан қақпай, еркін өсіргенінен еді. Сонша ақымақ болған екенмін. Еркелік – өмірдің құны мен адамды түсінуден ада ететіні ақиқат. Соның барлығын мен әкемнен айрылғаннан кейін ғана жайлап түсіне бастадым. Енді қанша өкінгенмен не пайда, уақытты шегере алмайсың!.. Осы өкініштер әпсәтте жүрегімді шарпып өтті. Қалған үміт – қолымдағы қызыл паспорт. Көктемнің самалын жетелеп анаммен жолығатын болдым... Осы бір жылымық мезгілді көру үшін әкемнің бар ғұмыры күреспен өтпеді ме?!. Дәл қазір аспан елінен көріп те отырған болар!..

***

Әкем бір туысының үйінде отырғанында солардың танысы: «Сен маған бір пең[1] тұрғызып бер. Ақысын төлейін»,- депті. Жұмыс пен ақысын естіген әкем дереу келісіпті. Жалпы, әкемнің қолынан іс келетін адам болатын. Сандық, орындықтан бастап ұсақ-түйектің бәрін жасай беретін. Әлгі үйге пең жасап беруге жеті күн жүрді. Отағасы мінезі жайдары жақсы адам, кішігірім басқару қызметін атқарады екен. Әкем де бастаған ісін ұқыппен атқарыпты. Тақтай ағашты ойып қыр шығарып, қиюластырып, жел өтпестей етіп жасағанын көрген бастық, сіз ағаштың шебері екенсіз ғой, деп мақтап, өте разы болыпты. Пең бітісімен, бастық «Мятавжан (менің әкемнің аты) қашанға дейін осылай өзгенің босағасын сағалап, бір қасық тамақ үшін күнелтесің. Жұмыс-шаруа жаса. Алатын айлықты бол. Өзімдікі дейтіндей үйлі бол. Арыз жазып, жауабын күту үшін қалада болуың керек. Балаң оқуға баратын жасқа келіпті. Қызыңның келешек өмірін ойла. Осылай жүріп уақыт өткізуге болмайды. Мен сені жұмысқа орналастырып берейін», депті. Әкемнің олардың үйінен қуанышы қойнына сыймай келді. Біраз ақша беріпті. Дүкенге ертіп барып, маған ақ табанды шеврон етік алып берді.

Ол бастықтың аты Сүрэн еді. Сүрэн ағай әкемді ағаш өндірісіне жұмысқа орналастырды. Ағаш өндірісінің жұмысы ауыр, жоспары көп екен. Жоспарды асыра орындаса, қосымша жалақы ынталандыру сыйлығын береді. Әкем де ұдайы жоспарын асыра орындап, жарты жылдың өзінде озат жұмысшы атана бастады. Біреудің артық киіз үйін жалдап, тағы біреудің қашасының бұрышына біз де әжептәуір тұрақтанып алдық. Бала болғаннан соң, күн өткен сайын анама деген сағынышым азайып, жылауды қойсам да, әкемнің көңілінің алаңы ұлғайып, шешең шекараның арғы жағында аман-есен жүріп жатқан шығар, деп күнделікті ескертіп отыратын болды. Кейіннен білгенімдей, бұл әкемнің мені анасына жатбауыр болып кетпесін деген ойы екен. Әкем жалақысын тұрақты алады. Және де орындық, үстел сияқты ұсақ-түйек бұйымдар жасап әжептәуір ақша табады. Еш нәрседен таршылық көрмедік. Келесі жылдың көктемінде мен сабаққа бардым.

Сөмке арқалап мектепке бару қаншлықты қызықты болғанын айтсаңызшы. Мектеп ауласында шуылдаған балалардың ортасында, әкемнің қолынан тас қылып ұстап алып, қуаныштан жарылардай боп, сап түзеген балалардың қатарында тұрдым. - Мятавтың Нямсүрэні!- деп, шақырған әйел дауысы естілді. Біздің сынып жетекшіміз екен. «Кәне, қызым, сенің ұстазың, ұстазыңның үйреткенін жақсылап ұғып, айтқанын бұлжытпай орындауың керек. Солай етсең, жалғыз-ақ күнде анаңмен кезіге аламыз. Білімсіз адам анасына кездесе алмайды» деген еді. Осылайша әкем ұдайы анамды ауызына алады. Мен бар ғұмырымды анама кездесу үшін ғана өткізгендей өмір кештім.

Анам менің көкірегіме аққұба келген жап-жас келіншек қалпында сақталып қалды. «А» әріпін, сонан «Э» әріпін үйреніп, ана деп жазып үйренгенімде әкемнің қуанғанын көрсеңіз. «Көрдің бе, ана деп жазып үйрендің. Әліппені аяқтағаннан соң анаңа хат жазасың». Сыныптастарыммен танысып, бір байқағанымда менің де көптеген достарым барын аңғардым. Оқу жылының аяғында мен сыныптың озат оқушысы атанып, әкемді қуанттым. Кейіннен ойласам, мен сыныбымыздағы ең қиялшыл оқушының бірі болыппын. Неге десеңіз, мен жақсы білім алып, соның арқасында шекарадан әріде қалған анаммен жолығуға міндеттімін. Мұндай алысты болжаған арман өзге қатарластарымда қайдан болсын. Мен сауат ашып, хат танығаныммен анама жазған хаттарымды жібере алмадым. Өйткені көрші екі мемлекет сондай суық қатынаста болатын.

х х х

Әкем екеуіміз қашаларына қонған үй иесін Цэдэн дейтін. Үш ұл, екі қызы бар. Кішілері мен шамаластар. Әйелі ауруханада медбике болып істейді. Ал, күйеуінің нендей жұмыс істейтінін білмеймін. Сол жылы қатты суық қыс болды. Жалпы, бала кезімде кілең қалың қарлы, суық қыс болған сияқты сезіледі. Етіктің өкшесіне шоқалақ қар қатып, биік өкшелі етік киіп жүрген сияқтысың. Күртік қарды көсіп, із қалдырып жүру де қызық сияқты. Бетіңді аяз қарығанның өзі қызық сияқты.

Әкем бір машина көмір түсіріп алғандықтан, үйіміз жылы, радио сайрап, көңілге соншалықты жағымды. Бір тәңертең әкем: «Мына Цэдэндікі біздің көмірден ұрлап алып жүрген сияқты. Айтып алса ғой. Бір қашада отырып бұлай істеуі ұят нәрсе. Кіріптар боп отырып не айтамын, оларға!», - деді. Ұрлық деген сөзді алғаш естігенім сол. Бұлардың баласы менің қаламсабымды сұрап алып, қайтарып алмақ болғанымда, «Тастап қойғанмын», деп бермей қойған. Барып тұрған жаман бала. Сізге айтпағанмын, онсыз өзімде артық қаламсап болды ғой» деп, едім, әкем: «Е, сөйтіп пе еді...» деп, ұзақ ойға батып, үнсіз қалды. Қаламсаптың өзі қат дүниелердің бірі болатын. Мектепте қаламсап туралы егес үзілмейді. Менің қаламсабымды сындырып тастады. Қаламұшын көзіме сұғып жіберді... сияға малып жазатын 11-дің қаламұшы деген болған. Сол 11-дің қаламұшынан болған әңгіме тартыстар көп-тін. 11-дің қаламұшы өзгелерден ерекше, сәл басып жазсаң, жазуың маржандай болып әдемі жазылатын өте ыңғайлы жасалған дүние. Сия сауыт бар. Оны сындырып алсаң, бар дәптеріңен қоштаса бер. Сондай әдемі 11-дің қаламұшы бар қаламсабымды сұрап алып, қайтармай қойған. Кейін, бір күні сабақтан келсем, әлгі Цэдэн ағай біздің көмірден қаптап алып тұр екен. «Ағай, сіз не істеп жатсыз, бұл біздің көмір ғой...» деп едім, әкең ал деген деді. Солай екен ғой дедім де, қайыра ештеңе айтпадым. Кешкісін әкем келгеннен кейін «Цэдэн ағай сізді ал деп айтқан» деп, біздің көмірден қаптап жатты деп едім, «Бұлардың сырттағы қапталған көмірлері ортаймай тұратынына таңданатынмын. Үндеменге басынып барады. Мен барып айтайын» деп үйден шықты. Сол-ақ екен, айқайласқан дауыстары естілді. «Сіздің балаңыз қандай өтірікші еді, мен өзгенің көмірін ұрлайтындай қалде емеспін. Бізде көмір жетеді, көріңіз, міне» деп Цэдэн ағай айқайға басты. Мен жүгіріп барып, «Сіз әкемді ал деген деп қаптап жаттыңыз емес пе!» деп едім, «Қаршадайынан өзгені қаралап тұрған мына қыз, есейе келе қайтер екен. Үлкен адамдарды...» деп ашуланды. Көпе көрнеу қаралатқаныма қапелімде сөз таппай тұтықтым. Әкем жағдайды түсініп, «Жә, қоялық. Цэдэнім тым ыңғайсыз екен. Сәби бала саған бекер жала жаппас. Сендердің ұрлап жүргендеріңді баяғыдан білгенмін...» деп, мені жетелеп үйге беттеді. Әкемнің ұзаққа дейін ашуы тарқамағандай сезілді. Менің төсегімді салып беріп ұйықтарда, « екеуіміз бұлардың қашасынан көшеміз» деп, маңдайымнан иіскеді. Содан кейін олар біразға дейін көмір ұрлағандарын қойды. Өзіміздің көмірмен қоса, олардың қапталған көміріне көз салып жүретін болдым.

Көктемнің азынағы мен таршылығы басталды. Бір түні қайтадан қалың қар жауыпты. Сөйткенде Цэдэннің үйінен шыққан адамның ізі біздің көмір сарайға барып, қайтқаны ап-анық жазылып қалыпты. Әкем ізді көргеннен дереу Цэдэннің үйіне барыпты.

Сөйтсе, «Сенің көміріңді ұрласа қайтеді екен. Сасық қытай. Ішкі Моңғолдың тыңшысы екеніңді білеміз... Өтірік пе?! Сенен көз алмай, бақылап жүруді маған тапсырған, мен бұйрық орындаушымын» депті. Мұндай сөз естимін деп ойламаған әкем тосылып, үнсіз қалыпты. Үндеместен шығып кетіпті. Үйге келісімен әкем теріс қарап жатып алған-ды. Бір нәрсе болғанын мен де сезгенмін. Сұрасам да айтпас еді. Ертеңінде біздікі сол бір қарлы көктемде солардың қашасынан көшкен едік. Бұл туралы әкем кейіннен айтқан. Мұндай жағдайлардың барлығы менің ерте есеюіме түрткі болған сияқты.

Шаршаған біреуге қол ұшын беру – моңғолдардың салты. Біздің қашаға келіп отыра бер дегенді тағы біреуі айтыпты. Бөтен үйдің қашасындағы қарды күреп біз қоныстанған едік. Олар өте мейірімді, жақсы адамдар болды. Мен мектебімнен алыстағандықтан кешіксем, әкем күтіп алатын. Сол күннен бастап әкеме тағы бір қайғы жамалыпты. Ағайын туыстарына қыдырып жүрген адам аяқастынан үйіне қайта алмай, шекара жабылып, «қытай тыңшысы» атанғанын жан жүрегімен сезінсе керек. Әкем қытайдың елшілігінің есігін күзетіп, оқта-текте ол жақтан келген адамдардан хабар сұрастыруды әдетке айналдырыпты.

Соңынан жеке қашалы болдық. Әкем өте іскер қағілез адам еді. Кішкентай қашамыз қашанда айнадай жарқырап, таза тұрады. Ағаштан жұмыс жасауға шағын тошалүй салып алған. Демалыс күндері сол тошалүйінде орындық, үстел секілді тұрмысқа қажетті дүниелер жасап ақ жоңқа қаптатып, темекісін бұрқыратып жүреді. Мен шай қайнатып, шәугіммен әкемнің қасына дайындап қоямын. «Менің қызым да көмекке жарап қалды. Анаң көрсе қалай қуанар еді. Анаңмен қауышатын күн туады қызым. Ол кезде мен болам ба, болмаймын ба, ол күніміз қашан екен деп, маған елжірей қараған жанарынан неге екенін, ұдайы бір мұң төгіліп тұрғандай көрінетін. Енді ойласам, нендей мәселені айтса да ең әуелі анамды есіне алады екен-ау. Көшеде келе жатқан кезде «Апыр ау, анаңа қатты ұқсайтын әйел екен. Менің қызым да анасына қатты ұқсап барады» деп, немесе дүкенге кіргенде «мына етікті шешеңе кигізсе қалай тамаша жарасар еді» дейтіні – қаршадай қызының есінен анасын бір сәтке де шығармаудың амалы екен ғой.

Сол бір жазда әкем қатты мас болып келген еді. Әкем арақ ішпейтін. Адамдар үйге жеткізіп берді. Келген адам « Айналаңда толған әдемі әйелдер, солардан таңдап жүріп, бас құрап алмайсың ба, қашанға дейін сопиып жалғыз жүрмексін» дегенінде, әкем «Сен менің жүрегімдегіні қалай түсінерсің» деп, сонша бір құсалана жылаған тұста, менің титтей жүрегім де қоса еріп кете жаздаған. Әлгі адам кетісімен, әкем ұйықыға бас қойып, мен ұзақ ойға шомдым. Ертеңінде әкем ұйқысынан бозарып оянды. Темекісін сорып үнсіз біраз отырғаннан кейін, «Анаң өзге адаммен үйленіп алыпты. Әйел адамға жалғыз жүру қиын болады. Бөтен нәсілді адаммен күшпен үйлендірмек болғаннан кейін, әке-шешесі жесір еркекпен үйлендіріпті. Қазір аяғы ауыр сияқты. Менің қызым бауырлы болады екен» деді. Әкемнің өксік атып жылағанын сөйтіп бір көргенмін. Өзгені қателікке қыймайтын адам еді, әкешім. «Қызымның шешесіз өсіп келе жатқаны менің қателігім. Сол күні ауыл қыдырмау керек еді» дейтін. «Сіз қайдан білесіз. Кім де болсын, ағайын туысына қыдырады емес пе?!» деп, қанша айтсам да өмір бойы өзін жазықты санаумен өтті. Әйел алып ал деп қаншама адамдар айтса да, солардың біреуіне де көнбеді. «Қызымды шешесінен тірідей айырғаным да жетеді. Енді өгей шешенің қолына кіріптар ете алмаймын» дейтін.

Ауданның басшысы әкемді өте қатты сыйлайтын. Әкеме «Уақытша куәлігіңді ауыстырып, азаматтық паспорт ал» деген сайын, «оңаты келгенде бәрі де бола жатар» деп, сөзбен жұбататын. Шешемнің үйленгенін естігеннен кейін бір күні Моңғолия мемлекетінің паспортын ұстап келді. «Қашанға дейін азаматтықсыз жүремін. Мына елдің азаматы болмасаң, сыйлыққа да ұсынбайды екен. Сыйлығын да қойшы, сенің келешегің әкенің азаматтығына қатысты. Менің қызым анасымен жолығады. Ал, мен енді көзімнің тірісінде оларды көре алмаспын», деді. Бұл сөзді осыдан кейін жиі айтатын болды. Әкемнің тәуекелге келгенін сезгендеймін. Кішкентай төрт қанатты үйлі бізді ауданға есепке алғанымен қоймай, екеуіміз де моңғол мемлекетінің төл құжатына қол жеткіздік. Ол кездегі құжат алу, тіркеуге тұру мәселесінің жеңіл болғаны да көмек болған шығар.

х х х

Әкемнің ойлаған жалғыз мақсаты – қызын қалайда ел қатарына қосу, анасы барлардан қалдырмау болатын. Соның арқасында мен еш нәрседен таршылық көрмей, балалық шағымды өткіздім. Мен озат оқушы атанып, елбасының жаңа жылдық мерекесіне қатысатын болдым. Сол қуанышымды әкеме жеткізуге асықтым. Кешкісін әдемілеп тамақ жасап қойып, әкемді күттім...

- Әке, мен сізге не айтқалы отырғанымды табыңызшы?

- Беске шықтың ба

- Жоқ, одан да үлкеен... Әкем таппақ болғанымен, райынан қайтып

- Менің саған не айтқалы отырғанымды тауып алшы, деп сұрағыма сұрақпен жауап қатты.

- Сыйлық алады екенсіз...

- Одан да үлкен... Не болуы мүмкін? деп ойланып, ойлап таппады.

- Мен жауабымды айтайын. Сіз де жауабыңызды айтыңыз. Тау ауызындағы елбасы жаңа жылына қатысатын болдым...

- Оо, қызымды құттықтаймын. Әкеңнің суретін Құрмет тақтасына ілетін болды. Соның сылтауымен бірге суретке түсіп алайық. Екеуімізде бірге түскен сурет жоқ екен ғой, деп, екеуіміз суретке түсетін болдық. Сонан суретшіге барып, суретке түстік. Әкем суретке қарап тұрып, «Менің қызым құйып қоғандай, анасынан аумайды-ау, деп терең күрсінді. Біздің жозада ала атқа мінген Дандар мен Самбуу басшының суреті тұратын. Әкем жозадан орын шығарып, сол екеуінің астына екеуіміздің суретімізді орналастырып, әйнегін сүртіп тазалап қойды.

Желтоқсан айының 31-і. Бізді автобусқа отырғызып, Тау ауызына жеткізді. Боғда тауына қарай барып көрмегендіктен автобустың терезесінен көз алмай қарап отырдым. Туыл өзенінің көпірінен өтіп, тау ауызындағы үлкен қашаға бізді түсірді. Тау, айнала көпсіген ақ қардың астында болғанымен қашаның ішіндегі асфальт жол мен ауланы жалтырата тазалап тастапты. Таудың саф ауасы кеңсірік жарардай қарағай, шыршаның иісі аңқыйды.

Зәулім сарай, сәнді құрылысқа қарай беттедік. Қабырғасы толған көркем суреттер. Аяз ата мен ақша қыз жануарларды ерте келіп,

Мұз бен қардың елінен

Ақ шанамызды шағылтып

Балаларымыз өздеріңе асыға

Ұмтылып жеттік, біз... деп, балалар қуана шуылдап, бөлменің тасасынан түрлі жарықтар төгіледі... Күні бүгін көз алдымда. Сонан Ұлы Құралдың басшысы Самбуу келді деген кезде, көзге жылы, жарқын жүзді адам қызыл галстук тағып келді. Сол кісі бізді беске оқығанымызбен құттықтап, балалармен қол ұстаса би билеп, әдемі қағаз дорбаға салынған сыйлықтар берді. «Қызыл тымақты», «Есек құлақты» деп аталатын кілең бір сирек кездесетін кәмпиттер толтырылған дорбаларды құшақтап, қуанышпен қайттық.

Менің мерекем осылай өтті. Әкем жұмысынан тарағаннан соң кеңсеге барып, құрмет тақтасына ілінген суретін көріп, аса бір қуанышпен үйге келіпті. Бүлай қуануының да себебі бар екен.

Жоғарыда мен әкем өндіріске барысымен, жоспарын артығымен орындап жүрді деп жазған едім ғой. Өндірісте партия ұйымының басшысы болғаны сөзсіз. Сол партия ұйымының басшысы біздің озат жұмысшымыздың партия қатарында болуы заңды деп, өмірбаянын жаздырып алып, сонан кейін хабарсыз кетіпті. Әкем де ол жөнінде ештеңе ойламаса керек. Сөйтіп жүргенде әлгі партия ұйымының басшысы ауысып, орынына бір жас жігіт келіпті. Ол да сіз партия қатарында болуға тиістісіз деп, үш атасының өмірбаянын жаздырып алыпты. Жалпы сол кездегі қағида бойынша, озат жұмысшылардың партия қатарында болуы заңды болып есептелетін. Жаңа бастық: «Сіз бақылаудағы адам екенсіз. Сол себепті сізді партия қатарына қабылдамайды екен. Енді бұлай болсын, сіздің суретіңізді құрмет тақтасына қоялық. Оны мен ешкімнен де сұрамаймын. Сіз үлкендеу етіп, суретіңізді алдыртып келіңіз» депті. Бұл неткен әділ, шешімді жігіт еді деп таңырқаған әкем, өзін әлі күнге дейін өкімет бақылауға ұстап жүргенін де біліпті. Ұдайы бақылауда жүрген адам екен. өзгелердің суреттері құрмет тақтасына ілініп, әкемнің суреті қала беретінінің де себебін түсініпті. Сөйтіп өткелектерден өтіп жүріп, зорға дегенде құрмет тақтаға ілінген суретін күнделікті қарап, көңілі көтеріліп жүретін болыпты. Әкемнің жұмыс орыны өндірісте, ал басшылар жеке кеңседе отыратындықтан, сол жаққа әдейілеп барып жүруінде де іштей бір себебі болған да шығар.

х х х

Бір күні әкем тігін машинкасын көтеріп келді. Орталық дүкеннен такси болмағандықтан жаяу көтеріп, жолай қолын демалта-демалта келгені екен. «Қызым есейді. Енді киім, шапаныңды өзің тігетін болып үйрен. Көрші үйдегі келінге айтып қойғам. Тамақ жасауды айтарлықтай үйрендің. Әйел адам киім-кешекті өзі тіккені орынды» деді. Ең әуелі не тіккенімді айтайын ба, ала шүберек алып, іш киім тіктім...

Бір жыл бойы талаптанып жүріп, шапан тігуді үйрендім. Көк дәйлімбіні күлгін сәтенмен жиектеп жасадым. Сәтен демекші, сол кезде сәтенмен тігілген шапан сәндік киім болатын. Қазір ғой, ондай пұлдар көрінбейтін де болды.

Қою қара шашты, сәл мұң ұялаған жанарлы, қыр мұрынды әкемнің судай жаңа сәтен шапанды киіп, қызына күлімсірей қарап тұрған сол бір бейнесі әлі күнігее дейін көз алдымда. Көзге жылы, көңілі кіршіксіз әкемнің өмірі алғашқы махаббатына деген адалдығымен өмірден өтті.

Адал асыл мінезді

Арқау еткен әкешім.

Сүттей әппақ сезімді

Сүле көрген әкешім... деген ән кейіннен туғанымен, маған арналғандай болып сезіле береді. Мятавтың Нямсүрэні дегені мен ғой, әкемнің есімі шетелдік паспортта көзге оттай басылады.

Содан кейін әкем екеуіміз жамаулы киім кимедік. «Сен екеуіміз Сүрэнге кездеспегенде қазір қалай жүрер едік» деп әкем өткенді ұдайы еске алатын. Сүрэн бастық орысқа оқуға аттанып, сонан қай бір елге елшілікке тағайындалды деп еститінбіз. Содан кейін еш кездестіре алмадық. Қазір де мен сол бір ғажайып адамды естен шығара алмай жүремін. Уақыт ағысымен бір бірімізді танымайтындай қалге жеткен де шығармыз.

х х х

Біз Сэлбэ өзенінің бойынан кеше қашалы болдық. Тар жіңішке көшелі, қашалардың ішінде ірге міңгестірген үйлер. Қыста қар бетінен машиналар ізі кетпейді. Біз қашалардың арасынан шұбыра қырындап әзерге өтеміз. Машинаның ізі түскен жолдар көк лай батпақ болып қалатындықтан қашаның шетін жағалап жүреміз. Күн жылына бере жүріп тұруымыз тіпті де қиындайды.

Бір жылы Сэлбэ өзені қатты тасыды. Біздің үйіміз суға батып, ағып кетпей аман қалды. Келесі күзінде біз қайтадан қоныс ауыстырып, басқа жерге қаша салдық. Мен қоныстанған жерімізге жақын мектептерге ауысумен, оныншы сыныпты бітіргенше үш мектепте оқыдым. Оныншы сыныпта азғана бала оқыдық. Сол жылы әкем аяқастынан қарызға батып қалды. Күзде ағаш өндірісінде жұмыс көбейеді. Бір тәңертең жұмысына барып, ағаш тілетін арасын іске қоса бере қақайрылып бөлініп қалыпты. Өндірісте сондай үш ара ғана болған екен. Алдыңғы күні әлде біреуі сол арамен жұмыс жасап, сызат түсіргенін айтпай кеткен сияқты. Соның кесірінен әкем араның борышына қалды. Социалистік мүлікке немқұрайлы қарады деген сөгіс естіп, саяси қателікке ұрынды. Әлгі ұмытыла бастаған бөтен елдің адамы деген «атақ» қайта іліне бастады. Үш жыл бойы бір ғана араның төлемін төледі. Солайша, әкемнің бар еңбегі бір-ақ күнде өшіп, қайғысының үстіне қайғы арқалады. Әкемнің жазықсыз борышқа батуы, алдыңғы жылғы судан тартқан бейнетіміз қосыла келе, біз екеуіміздің тірлігімізге айтарлықтай салмақ салды. Ақшаны үнемді ұстау, барды қанағат ету сияқты қасиеттерді әкеммен қосыла сол таршылық та маған мықтап ұқтырғандай болды. Қыс түсе бере әкем он іші-қарын әкеліп, соларды аздаған етпен қосып, дайындап бірқанша мәнті жасап, қатырып алатынбыз. Ол кезде қалада ет тапшы. Еттің кезегіне тұрудың өзі бір тозақ. Екі келіден артықтау ет алсаң, кезектің соңында тұрғандар айқайға басады. Сұрпы ет алуға болмайды, оған кайткенде сүйек-саяқ қосылуы керек. Адамдардың бар мақсаты социализді тезірек орнатып, коммунизмнің жұмағына жету. Ұланбатыр қаласын тұрғыны аз бола тұра, етпен қанымдай алмағандығы сол кездің басшылары мен алып көршіміздің өктем саясатының кесірі де сияқты.

Және де алдыңғы көршімізбен де қатынасымыз мәз емес. Салқын «соғыстың» өршіп тұрған кезі. Бізді олар, оларды біз жамандаймыз. Ішкі Моңғолияның хабарларын әкем есікті бекітіп алып тыңдайды. Олардың бізді, біздің оларды жамандаған хабарларын тыңдау әкеме де оңай тимейтін шығар. Екі елге де қарасты адам жалындаған өрттің ортасында күн кешкен болар... Сен саясатпен араласпасаң да, саясат сенімен араласды деген сөз әкеме тағдырлас адамдарға қаратыла айтылған да сияқты.

Өнерді үйренген пайдалы ғой. Менің шапан тігіп үйренгенімнің пайдасы тиді. Өзгелерге шапан тігіп беріп әжептәуір табыс табатын болдым. Ол кезде шапан кию азайып, көбісі европа киіміне көшкендіктен, қалада шапан тігетіндер де азайып қалған болатын. Адамдар менің шеберлігімді байқаған соң тапсырыс берушілер де көбейе бастады. Көзім қырағы, жас болғаннан соң ба, бір шапанды екі-ақ күнде тігіп бітіремін. Мақталы шапан, ішік, сәндік шапан, ішкіліктің кез-келгенін тіге аламын. Елтірі күсіп, тыстаудың өзі жеке шеберлікті қажет етеді. «Қызым, өзің тапқан ақшаңды қажетіңе ұстай бер» деп, әкем мені ұдайы ақшалы жүргізеді. Ақшалы жүрудің де кесірін көрдім. Бірде біздің сыныптың қызы он сомын жоғалтып алыпты. Оқушыларды тексерген кезде менің сөмкемнен он төгрөг шықты. Мені ұрлықшы етті. Өз ақшам дегеніме сенер оқушы табылмады. Сынып жетекшіміз «Сен қоңырқай тірлікті бола тұра, мұндай ақшаны қайдан таптың, өзгенің ақшасын қайтарып бер!», - деп, зекіді. «Бұл менің өз ақшам. Шапан тігіп тапқан табысым» деп, жыладым. Соның өзінде мені тәрбиешіге жетектеп апарды. Тәрбиеші әкемді шақыртты. Әкемнің сөзіне тәрбиешіні сендіргенімен қоймай, «Шапан тігетін ісмер оқушы» деген мақтау естідім. Тәрбиешіге де шапан тігіп беріп, суретімнің астына озат оқушы, ісмер оқушы М. Нямсүрэн жазғандарын айтсам-шы! Соны көрген оқушылар тақтаның алдынан өткенде, «ісмер Нямсүрэн» деп келеке етіп өтетіндерін қайтерсің!...

Ержеткен сайын менің киімімнің бағасы да қымбаттай берді. Соның өзінде әкем жалғыз қызын өзгелердің қатарынан қалдырмады. Не кием десем де қолбайлау етпеді, есесіне ішер тамағымызға үнемдік жасайтын. Нендей тамақ ішіп жүргеніңді келіп көрмейді, не киіп жүргеніңе қарайды деп ескертетін. Шындығы да солай еді.

Соңғы сыныпта оқып жүрген кезімде біздің мектепте жайлы пәтерде тұратын бастықтардың балалары көп болды. Пәтерде тұратын ол балалар сән-салтанаттарымен ерекше көзге түсетін. Шет елдерден небір әдемі киімдер алдыртып киінетін олар от жағып, су тасып күнелтетін біздердің қоңырқай тірлігімізден бөлек болмай қайтсін. Оларға еліктеп мен де кіршіксіз таза киінуді ойлаймын. Сыныптағы озат оқушы ұлдардың сондай қыздарға қарай жүгіретіндігі көңілге қаяу түсіретін.

Мұғалімдер мені жақсы көреді. Сабақ үстінде бір жаққа баратын болса, оқушыларға сабақ жасата бер дегенді маған тапсыратын. Оқу үлгерімім мен тәртібімнің жақсы болғанының арқасы.

Оныншы сыныпты бітіріп, мұғалімдер мектебіне студент болдым. Шет елге оқуға бөлінгеніммен, әкем қызымды алысқа жібермеймін деп, өз еліміздегі институтқа бөлісімді ауыстыртып алды. Мектеп бітіргенде әкем қолға тағатын сағат сыйлады. Кісіден сатып алған екен. «Қызым екеуіміз жаман жүрмедік. Уақытыңды жақсы есепте. Өзгелер ойынға айналғанда, сен сабағыңа қара. Алған білімің саған ас болады. Әкеңнен кейін саған қалатыны да сол алған білімің мен мамандығың. Уақыт қымбат болатындықтан, уақытын дұрыс пайдалансын деп, сағат алып бергенім!», - деді. «Әкеңнен кейін дегені несі екен?!.» деп, ойланып қала бергем...

Мен студент болған кезде әкем арыз-өтініш жазуын қойып, қолы босаған кезде елшілік маңын торуылдап, таныс-біліс адамдар кезігіп қалмас па деген үмітін үзбей жүретін. Біз екеуіміз де Моңғол мемлекетінің азаматығын алғандықтан, шет елге шығудың өзі оңай болмайтынын білетінбіз. Оның есесіне бірнеше жоғарғы оқу орындарына Ішкі Моңғолиядан студенттер келіп, солар арқылы сол елден хабар алудың мүмкіндігі туған-ды. Әкем талмай ізденіп жүріп, солардың бірнешеуімен танысып алды.

Бір күні сабақ үстінде мені деканатқа шақырып жатқанын хабарлады. Сабақ үстінде шұғыл шақырғандарына таңданып, жүрексіне орнымнан тұрып, беттедім...

Әкем жұмыс орнында есінен танып құлап қалған екен. Оны жедел жәрдеммен ауруханаға алып кеткенін айтты. Жүгірген қалпымда ауруханаға барсам, әкем есін жиғанымен, беті бозарып, әлі де сұлық жатыр екен. Жүрек талмасынан дер кезінде дәрігерлер көмекке келгендіктен жаны қалыпты. Үш күн ауруханада әкемді күзеттім. Бұл дүниеде екеуіміз ғана екендігімізді сонда ең алғаш түсінген едім. Біз екеуіміздің бір-бірімізге қаншалықты қымбат екенімізді жүрегіммен сезіндім. Ауруханаға жатып, екпе, ем қабылдап көрмеген әкемнің тума денесіне жасаған емдерді дереу қабылдап, тез сауығып кетті. «Әкеңнен кейін...» дегені осы бейнетін алдын-ала сездіргені де ме екен?!.

Көңілдегі ауырлық жүрекке салмақ түсіреді. Ұзақ жыл жарын ойлап, ұзақ жыл «тыңшы», «жансыз» деген жала жүктеп, болмышы нәрсенің өзінен күдіктеніп, қамығып жүрген адамның бейнетін әлсіз жүрегі қалай көтерсін!? Көкірегінде күрмелген ойларды өзгелермен еркін бөлісе алмай, барлығын жүрегіне сақтап, болмағанда бір мәрте есінен танғанша арақ ішіп мас болмай, күні-түні ауыр ой, ащы сағынышты жүктеп жүрген әкемнің көмбістігіне соншалықты қайран қалдым. Сол ауыр тағдырдың кесірінен елуге келмей әкешім жүрек талмасына шалдығыпты. Сол кез... сол кез... Осы бір сөз – бәрін де кешіруге себпші ме екен! Сол кезде мен осыны бұлай ойлаған болсам... сол кезде қайран әкемді аялап, күтіп жүрген болсам... деген қазіргі түсінігім енді еш қажет болмасын да білемін...

х х х

Жастық шақтағы жарқын күндер студенттік күндерім еді. Жалын атқан, қара көз, сәнділеу қыз айнадан күлімдей көрінген сайын мынау менмін ғой деп... қызыға әлсін-әлсін қараймын. Айнаға қарауға құмарлығымды айтсаңыңызшы... Біздің мұғалімдер мектебінде үлкен айна болған. Сол айнаға қарап тұрған кезде, жігіттер көздерін алмайтын... Гүлдей құлпырған, әлде біреуге көңіл ауатын кез де келгені сол жылдар еді.

Плащымды киіп, түймеленіп тұрғанымда әлде кімнің саусағы мойыныма тиіп, ішке қарай қайрылып қалған жағамды дұрыстап берді. Оо! Біздің курстың Тұлға есімді ұлы екен. Еркектің қолы тиіп көрмеген денем ысып сала берді. Екеуіміздің үйіміз бір бағытта еді. Жол бойы нелер бір әңгімелерді айтамыз. Бір ғажап сезім пайда болған сол күннен кейін, Тұлға маған басқаша көріне бастады. Ер адамдарды қызықтай қарайтын болған да сияқтымын. Ол да мені қызықтайтын сияқты. Үшінші курстың көктемі болатын. Кешкісін сабақ жаттап емтиханға дайындалып отырғанда Тұлға біздің үйге кіріп келді. Өсти-өсти әкеммен танысып алмақ екен ғой деп ойлағанымды қайтерсің! Біраз әңгімелесеп отырып, қайтып кетті. Ол кеткеннен кейін мен дәптерімді таппай қалдым. Үтелдің астын, төсегімді ақтарып тұрып іздедім. Амалым құрып ұйықтап қалдым. Оқып отырған сабақ дәптерінің ізім-ғайым жоғалып кеткені таңғалдырмай қоймайды екен. Емтиханымды тапсырып тастап отырғанымда, Тұлға келді. Қойнынан дәптерімді шығарып берді. Мен айтуға сөз таппай қалдым. Оның өзін ғана ойлаған, пасық ойы бір ғана емтиханда солай білінді де, менің оған деген сезімім де суып сала берді. Менің махаббатым әуелден осылай сәтсіздікпен басталған екен.

Сабақ, емтихан, практика деп жүргенде оқуымыздың бітуіне де таяу қалды. Әкем де қарызынан құтылды. Оқу бітіретін жылғы жаңа жыл кеші де қызықты болды. Әнші студенттер ән айтып, тобымен ойын сауық ұйымдастырып, ән сазына елітіп, студенттік соңғы жылымыз екені де сезілгендей... Қалай болатынын сіздер де білесіздер. Мен өзімнің түгел өмірбаянымды жазып отырмын.

Ғажайып сол жаңа жыл кешінде әдеміше келген бір жігіт мені биге шақырды. Ұялуды білмейтін, батыл жігіт екен деп лезімде ойлап үлгердім. Алдында ғана мен би билеуді үйренген едім. Адамдардың аяғын баспа. Денеңді жеңіл ұста деп группалас қыз үйретіп берген. Сол айтқандарын ойлай-ойлай әлгі жігітпен биледім. Ол мені үйге жеткізіп берді.

Ертеңінде су әкеле жатыр едім, әлгі жігіт тағы да кезігіп, суымды үйге жеткізіп берді. Есімін Лхагва деп таныстырды. Біз танысып, әңгімелесе бергенде, әкем үйден шыға қалды да, мен асыға үйге кірдім. Есіме әлгі жігіт түсіп, «Жалғыз сенімен ғана билеймін» деп, кеш бойы менімен билегені, кенет жолай кезіккені көкірегімнен шықпай қойды. Солайша өміріме де баса-көктеп еніп алды.

Алдында өзгені жақсы көріп, опық жегендіктен, мен оны оңайшылықпен жақындата қоймадым. Біздің қашаның сыртында немесе көшеде аңдып тұрғаны. Әкем де сезіп, «Біреудің баласының сыртта тұрғаны ыңғайсыз екен. үйге кіргізсең қайтеді!» десе, «неғылар дейсіз, тұра берсін» деп, қымсынбастан жауап қатам.

Сөйтіп жүргенде ол бір апта бойы көрінбей кетті. Келесі аптада да көрінбеді. Менің көңілім алаңдай бастады. Үйге кіргізбей қойғаныма өкпелеп, басқа қызға кетіп қалды ма деп қорқа бастадым. Аңқау да болған екенмін. Сөйтіп жүргенде әлгі ұл қайта келді. Сағынғанымнан құшақтап алдым. Екеуіміз біздің үйге кірдік. Лхагва ауылға іссапарға барған екен. Әкем онымен танысқанымен, сонша ұнатпағаны да байқалып тұрды. Онысын сезсем де, сіз оны неге ұнатпадыңыз деп, сұрамаппын. Еркін өскен қызының айтқанға көнбей, махаббаты үшін көкиірімге де күмп ете түсуден тайынбасын әкем де білген болар. Ешбір нәрседен тарықтырмай, еркін өсірудің соңы осылай болады. Оны мен ұстаз болып, көп балалармен жұмыстағаннан кейін ғана біле бастадым.

Оқу бітіргеннен кейін қаланың шеткергі мектебіне мұғалімдікке бардым. Онымен қоса әлгі ғашық болған адаммен отбасын құрдым. Менің күйеуім байланыс инженері. Қалада телефоны бар үй аз болатын. Күйеуімнің арқасында біз үйімізге телефон қойдырып алдық. Маңайымдағылар біздің үйден телефонмен сөйлеседі. «Ұдайы біреудің көмегін сұрайтынбыз. Мына телефоның жақсы екен. Бір-екілі болса да өзгеге көмек болу жақсы екен» деп әкем көңілді.

Көп кешікпей алғашқы баламды да тудым. Ауық-ауық күйеуім қызып келеді. Қызу келгендегі мінезі, мінез емес. Ертеңінде бір түрлі кешірім сұрап, мені сүйіп, бәйек болады. Осылай қателігін мойындағанда,маған осыншама ғашық деп қателесіппін.

Баламызды яслиге беріп жұмысқа кіргеннен кейін, біздің үйдің тыныш өмірі бұзыла бастады. Кешігіп мас келгенімен қоймай, мені қызғанып, ұрыс бастайтын күйеуімнің көңілін табуға барымды саламын. Әкем ауыз ашып, үндеместен жақтырмай көзқырын салып қана отырады. Бастабында әкемнен тайсағанымен, соңында «Неге жаман қарап отырсың» деп, ақыратынды шығарды. Әкеме дауыс көтергеніне,қатты сөз айтқанына мен ашуланып, «Саған әкеме сөз айттырмаймын» деп, атып шығамын. Қызымыз бақырады. Күйеуім мені шапалақпенн тартып жіберіп, жатып ұйықтап қалады. Кір қолымен ұстап көрмеген қызын аямай шапалақтағанда, менен гөрі, әкемнің жүрегінің қалай ауырғанын сезінетінмін.

Үйлеріне телефон қойдырмақ болдырған әйелдер оны шақырып, арақпен сыйлап, өзін дүниедегі ең қажетті адамдар қатарында сезінген ол, отбасының шырқын бұзып, онымен қоймай, қыдырысын молайтып, әкем екеуіміз көз сүзіп отыратын болдық. Өне бойым көгеріп қалатындықтан ұялып, кей кезде жұмысқа барудан қалдым. Ол бара-бара үйге қонбайтынды шығарды..

Бір күні үйге қонбаған оны асқанада бөтен әйелмен қылмыңдасып отырғанын көрдім. Асханаға көп бара бермейтінмін. Жалғыз мәрте барғанымдағы көргенім, күйеуімнің қылығы болды. Қасындағысы кім дейсіз ғой, он жылдық мектепте оқып жүрген кезде мені он теңгемді ұрлап алды деп жала жапқан қыз. Шашын қысқарта қыйдырып, боянып алған, апама жездем сай дегендей, біздің қараға жабысып алыпты. Мен де тайсанбастан жетіп бардым. Бардым да ана әйелді бетінен шартып кеп жібердім. Әйел айқайға басып, асхананың адамдары әбігерге түсті. Мен ештеңе болмағандай, шығып жүре бердім. Артымнан күйеуім жүгіріп келіп, кешіріп сұрады, қарамай қойдым. Бір рет шапалақ жұмсағанына ренішім тарқамағанымен қоймай, күйеуіммен ажырасуға мықтап бел будым.

Осы аралықта өмірім тарихын жазып жатты. Шекара асып қашып келген дәрігерлер институтының стундентін әкем тауып жолығып, шешемнің хабарын алыпты. Ол біздің шешемізді жақсы біледі екен дейді. Көп жылдан кейін сүйген жарынан алған әкемнің алғашқы хабары осы. «Шешеңді сау-саламат, жақсы жүр дейді. «Нашар жүр» деп естігенде өмір бойы күйікпен өтер едім. Қызым таңғы шайыңның алдын ілгері қаратып шашып жүр»[2] деді. «Мұны бұрыннан ойламағанымды қарашы!»- дегенінде, әкемді сонша бір мүсіркеген едім. Неткен кең пейіл еді? Өзге адаммен үйленіп, балаларын туып, жырғап жүрген әйелін, жақсы жүр дегенін естіп қуанып отырған!.. Сондағы менің жасап жүргенім мынау. Өзге әйелмен, онымен қоймай маған жаманшылық ойлаған әйелмен отырғанын көріп, күйеуіммен ажырасып жүрген...

Шешемнен хабар әкелген жігіт қандай мекенжай арқылы шешемнен хабар алуға болатынын түсіндіріп, қытай, крилл әрпімен моңғолша жазып бергенін әкем Ішкі моңғолға баратын адамға беріп, кездесіп келуін сұрапты. Ол адам жиырмадай күннен кейін қытайдан оралды. Шешем жарты метр парша, кәмпит, өздерінің суреттерін жіберіпті. Парша десе, Парша екен. Шапан тігетін маған таптырмайтын, қат дүние. Кез-келген адамның қолына тие бермейтіндіктен, парша, қамқа атанған алтын, күміс жіптермен әшекейленген жібек пұл. Сәлемдемесіне қатты қуандым. Ал, суретіне... Суретте бір келкі шалбар, көйлек киінген адамдар. Ортасында отырғаны шешем сияқты. Артында тұрғандарды балалары ғой деп топшыладым. Бір ұл, екі қыз. Қыздың үлкенін әкем, сіңілің осы екен, көзі маған тартқанын байқадың ба, деді. Расында да әкемнен аумайды екен. Ұл шешемнің соңғы күйеуіне еріп келген өзгенің баласы, кіші қызы екеуінен туғаны сияқты. Шешем да шалбар, көйлек киіп, шашын қысқартыпты. Суретке ұзақ қарап отырып әкем, «Қытай киім киіп алыпты» деп, ақырын күбірледі. Осылайша әкем екеуіміз сырт бейне, киімі бөгделік болып кеткен адамды көп жылдардан кейін көрген едік.

Күйеуім ажырасып бермей, мазамызды әбден алды. Әкем қуып жібереді. Кішкентай қызымыз әкесінің артынан жылайды. Әзер дегенде ол ажырасып, мен отбасы тұрақсыз деген атақ алдым. Бейшоралық.

Қасіретінен айыққан әйел, лезде құлпырып, жұмысқа деген ынтасы артады. Мектептің үздік ұстаздарының арасында тұратын өзімнің суретімді көрген сайын әкемнің құрмет тақтаға қойылған суретін барып көретінін есіме алатынмын.

Өз қайғысына менің қайғымды қоса жүктеген әкемнің жүрек ауруы асқынып, қайтадан есінен танып құлап қалды. Аяулы дәргерлерге қанша алғыс айтсам да көптік етпестей. Әкеме дүниенің жарығын көретін күн қайта туды. Әкемнің қалін білуге барғанымда не айтты ғой дейсіз. Мен қызымды алып барғанмын. «Қызым сен енді екеу болыпсың. Жалғыз болған болсаң, әкеңе көз жұмуы қиынға соғатын еді. Қолынан жетектейтін жетегі бар қызымды көру неткен қуаныш еді. Енді ештеңе етпейсің». Әуелден мені жалғыз қалдырып кетуге қыймай, сөзімен жұбатып жүрген екен ғой. Мен де бір адам. Көкірегіндегі сол ақылын дер кезінде түсіне де алмаппын.

Адамның тағдыры деген де қызық нәрсе. Мені партияға өтуге берген өтінішімді отбасы тұрақты емес деп, қабылдамай тастады. Әкем екеуіміз де бұл партияға өту тағдыры бұйырмапты. Алдыңғы қатарлы ұстаз атанып, жұмысыма дағдыланған сайын, мен көре алмастық, қызғаныш, бәсекелес деген әдеттердің адамнан еріп қалмайтынын түсінгендеймін. Партия қатарына мені өткізуге қызғанатын, әйтеу бір қолдау арқылы ұстаз атанып, дереу партияға өтіп, бірте-бірте қызметке көтерілетіндерді қасыңда жүргендіктен білесің. Жұмысымды жақсы жасайын. Халықтың балаларына дұрыс білім, тәрбие берейін деп қанша ұмтылдым. Әкемді ішкі өлкенің адамы деп, шешесі қытай екен деген өсек-аяңды естісем де, естімегендей жүре беріппін. Ол өсектердің қайдан, қандай желмен ұшып жеткенін айтатын адам да шықпас еді. Иә, оны да қоялық. Моңғол кішкентай мемлекет. Ел не деп айтса да, менің моңғол екенім рас.

Әкемнің қасында тағы бір жігіт жатты. Жүруге тиым салынған әкеме ас-суын сол жігіт жеткізіп беріп тұрды. Қал үстінде жатқан әкемді аяп көзімнен жас шыққанын көріп, беторамалын берген. Әкем, қызым андағы жігітке тамағыңнан, шайыңнан құйып бер, дейді. Қызыма тәтті-кәмпит беріп, алдына алады. «Балажан жігіт екен. көп балалы шығар-ау» деп ойлаймын. Әкем ауруханада жиырма күн жатып шықты. Әлгі жігіт бұрын шығып кеткен. Әкеме тамақ әкеліп тұрғанында қайтадан кездестік. Шығып кеткенінен кейін, «Сондай бір адамгершілікті асыл жігіт»,- деп әкем мақтады. «Сізге келетін ағайын-туысыңыздың жоқ екенін біліп келгені ғой».

Ұстаздық ететін мектебімізде менен бірнеше жас үлкен ағай бар болатын. Сол екеуіміз көңілдес болып қалдық. Жетіспей жүрген еркектік махаббатты мен сол кісіден табатынмын. Әнтек әйел бала-шағасы бар кісі. Сол себепті мен әлгі жігітке «ау» деп қарамадым. Арақ құйылған ыдыстың мас болғанын естімегенмін дейді. Қалайда ғашық болған адамыңды кездестіргің келіп тұрады. Сонша сағынатыңды қайтерсің. Керібаққанда мен бала көтеріп қалдым. Алдырып тастауға жолы қиын. Пәлеге қалдым. Ол кісі «Туып ал, екеуіміз екі жақтап қарап жүрейік» дегеніне қуана қоймадым. Бес бала туған немесе ауыр науқасқа шалдыққан әйелдерге ғана түсік жасайтын. Қай-қайсысы да менде болмады. Ол кездегі әйелдер әртүрлі әдістерді қолданатын. Сабынның көбігін жатырға жіберіп, катетар қойғызу сияқты қатерлі айлаларды да жасайтын. Амалдап жүріп әлгі «пәледен» құтылдым. Денем босап қалғандықтан бүйрегім ауырып, ыстығым көтеріліп, әкемді әбігерге салдым. Жасаған қылмысымды қанша жасырғаныммен дәрігерлер жанымды қоймай айтқызып, әкемді де хабардар етіпті.

Өмір бойы алғашқы махаббатына адал жүрген әкеме менің қылығымның қалай сезілгенін айтпаса да, түсінікті. Еш сөз айтпайтын әкем бірнеше күн қатарынан ащы сөздерді төгілтті. «Осылай құтылғаныңа тәубе де. Бірақ, қара да тұр, әйеліне ұсталған кезде әңгіме басталады» деді. Жамандық шақырғандай-ақ, арада бірер күн өтпей жатып, әлгінің әйелі әкеме келіпті. «Қызыңа тиым сал. Қалың баланы жетімсіретіп, жүректеріне қаяу түсірмек. Қандай қарам жүрісті, жезөкше әйел еді»... «Жезөкше әйел» деген ащы сөз көкірегімді тіліп жібергендей болды. «Мен оған мен ғашықпын, ол маған ғашық. Махаббатқа шектеу бола ма», деген асқақ сезім ғана болатын менде. Сөйтіп жүрген адам осындай ауыр сөзді естиді екен. Соңынан барып, «Обал жоқ, осылай айтқызуға тиісті болатынсың. Енді етек-жеңіңді жинап, жүрісіңді тый. Әкеңді ойла» деген байламға келдім.

Сарт та сұрт шешім шығаратын адам екенмін мен. Сөйтіп оған деген сүйінпеншілігіме шектеу қойдым. Кезігіп қалса да, бұрындары бір төсекте аймаласып көрмегендей, кете беретін болдым. Жаман адамның мінезі де шығар. Жалпы, қара басын ойлайтын оғаш мінезім басым болған сияқты. Жалғыз, өз бетіммен өскендіктің кесірі де шығар. Ақиқатында әкеме қалай жетейін.

Осы аралықта әкеммен ауруханада бірге жатқан жігіт те әредік үйімізге келіп жүрді. Оған көздің қырын салмаймын. Бірдеңе сұраса, тиіп-қашып, жүре жауап беремін. «Дүңк-дүңк етіп, адамға қалай жауап қатасың», - деп, әкем ұрсады. Көңіл болмаса, көз де көрмейді дегендей мінез танытамын. Сол жігітті біздің үйде отырғанында әлгі кесірдің әйелі келіп, менің жамандығымның барлығын қазбалап кеткенін қайтерсің.

Махаббат, қызғаныш, адал сезім... дегендер болады, жас кезде осылардың арасында адасып жүріппін. Әкем маған бәрін үйретіп бергенімен, махаббаттың мұндай иірімдерін білмейтіндіктен, ол туралы ештеңе айтпаған.

Көпке дейін мен көңілсіз күй кештім. Бірер ай өткеннен кейін әлгі біздің үйге келіп жүретін жігіп келіп, мені киноға шақырды. Менің бар қателігімді білетін әлгі жігіттің бетіне қарауға да ұялатынмын. «Қайтеді дейсің, барайын» деп шештім. Кино театрға бармағалы да көп болған. «Ленин» клубте толы адамдар, көбісі орыс ағайындар екен. Ол мені сусын печеньемен сыйлады. Махаббат тақырыбындағы фильм ыстық сезілді. Ыстық фильммен қоса, әлгі жігіт қолымнан қысып, жүрегім қайтадан босай бастады. Осылайша мен өмірлік серік, адал махаббатыммен кездескен едім.

Әкем оған жалғыз қызым дұрыс серігін таппай, сопиып жалғыз қалама деп, түгел тарихын жасырмай айтқан екен. Аяп мүсіркеген сезіміне жақсы көруі қосылған шығар, менің жолдасым жақсы адам болды. Сол жылдың күзінде күйеуіме жұмыс жерінен пәтер беріліп, әкем бәріміз жаңа жаңа үйге кірдік. Арада екі жыл өтті. Мен бала көтере алмадым. Түсік тастатқаннан, құрсағыма кінәрат пайда болыпты. «Құжырты» арасанына екі жыл қатарынан барып жүріп, әзер дегенде бала көтердім. Жұмыс жердегілерден үш жыл бойы жасырып жүрдім. Тіл тимесін деп сақтанған түрім.

Келесі жылында біз әп-әдемі ұлды болдық. Жолдасынан ажырасып, жалғыз қалған маған деген әкемнің көңілі сонда бір жадыраған еді. Әке мен шешенің айтқанына көнбей, беталды үйленемін деу бекер екен. Олардың көзі адамдарды қалай таныйтынына мен дәлел бола аламын.

Әкем жиен баласының ұл болғанына ерекше қуанды. Сырттан үйге келерде: «Кәне, менің ұлым қайда!»-деп, дауыстап кіреді. Зейнетақысын тағайындатып, бір мекемеге күзетші болып жұмысқа орналасты. Түнгі кезекке барған күні жиенін сағынып жетеді. Атасы мен жиенінің жасаған «бұзақылықтары» да жеткілікті. Екеуі бір жақ болып алады. Әпкесі бауырын ұрса бастаса, атасы араларына түсіп, ұлын жақтайды. Андағы ұл бала. Ұл болғаннан соң ондай мінез қылықтары болуы керек деп, шаң жуытпайды. Жиен ұлын еркелетіп, сұрағанының барлығын алып береді. Аяғын басқан күннен бастап, жетектеп ертіп алатын болды. Қызықты болатын сияқты. Былдыр-былдыр етіп, не кеңесіп жүретіндері белгісіз. Балалардың саябағына барып, ойыншықтардың барлығына ойнатады. Өмірім осылай өз ырғағына түсіп, «түс ауса кеш, жас ауса байсыз» деген деп үйрететін әкемнің де көңілі орнынығып, өз ырғағымен қартайып, самайына ақ түсті. Әкем мен үшін бар ғұмырын сарп етті. Бас құрап алуды, бақытқа батуды, баланың исін иіскеуді... Ақымақ басым, болмайтын адаммен тұрмыс құрып, мен оны қанша қинадым десеңізші!..

1990-шы жыл келді. Әкемнің жұмыс жерінің жастары демократияны жақтаушылар болатын. Әкем солардың жұмыстарына көмектесіп жүгірумен, қартайғанын да, бір кезде «тыңшы» атанып, күдікке ілініп жүргенін де ұмыта бастады. Жүзі жарқырап, бетіне қан жүгіріп, аяқ-қолы біртүрлі жеңілдеп алды. Кезекке шыққан күні түнімен әлгілермен бірге үгіт қағазын еселеп, ертесінде жұмыстан түскеннен соң түнделетіп, адамдардан жасырынып жүріп, ана жер-мына жерге қағаздарын жапсырады. «Шекараны ашып, шетелдерге шығуға еркіндік береміз. Азаматтарға түгелдей шетелдік паспорт үлестіреміз», - дегенді анау жігіттері айтатын сияқты. Ғұмыр бойғы аңсағаны орындалып, мүмкіндік туа бастағанын әкем де түсініп, жастарды шын ниетімен қолдады. Мен де соларды жақтай бастадым. Үгіт қағазын жапсырып жүргенде әкем ұсталып, абақтыға қамалып, түнеп шықты. Онысына ұялғанның орнына, батырлық іс тындырғандай, мақтан тұтқаны сонша. «Қайран әкем қартайып та қалды-ау. Қуанатындай несі бар екен. Абақтыға қамалып қалып...» деп, ойлаймын мен. Жиындардың түгеліне қатысты. Тек аштық жариялауға отырмады. Сіздің жасыңыз келген адамсыз, аштықты көтере алмай қалуыңыз мүмкін деп рұқсатамапты. Саяси бюро түгелімен жұмыстарынан босап, демократия жеңіске жетіп, жаңа үкімет құрылып, қоғам тұтасымен өзгерді.

Мен шешеме хат жазып, шешемнің де маған хат жолдауына жол ашылды. Әкем бір күні таңертемен бзге келген суретті шығарып: «Қызым, шешеңе шапан тігіп жібер. Темір жол бекетінде анау құмырсқадай ұйысқан біркелкі киімді адамдардың арасынан тануға оңай болсын», - деді. Неткен ақыл еді. Мен де шешемді қалай таныймын деп, уайымдап жүретінмін. Туған қызы бола тұра, шешімді танымай, қасынан өте шықсам, қайтемін дейтінмін. Қанша түн соны ойласам да, шапан тігіп жіберуді ойламаппын. Менің әкем осындай ақылды адам еді. Мен дереу көк түсті торғын алып, шешеме және өзіме бірдей етіп, екі шапан піштім. Әкем шапан тіккеніме қарап отырып, «әкең де бір-екі тепшіп көрсін» деді. Жеңінің ішкілігін қабып отырғанмын. Күлкім келіп кетті. «Сіз тіге аласыз ба!», - деп едім – ағаш шеберімін ғой, көк инені көлденең өткізе алатын шығармын, - деді де, бір жеңінің ішкілігін қабыды. Алғашында әкемнің инені ебдейсіз ұстап отырғанына қарап, күлкім келген. Шешеме баратын шапанға қолын тигізбекші болып отырған түпкі ойын түсінбей, «Әкем де қызық адам. Тігіп үйренбек пе екен. Қалай үйренбекші!» деп ойлап отырдым. Кездесе алмасын іштей сезіп отырыпты-ау!.. Шапанды кісіден беріп жібердік. «Көк торғын шапанды шешеңді көптің арасынан оп-оңай табатын шығармыз!», деп жүрген қайран әкешім, бір-ақ күнде ұйқысынан оянбай қалды.

Ойбайға басып, көз жасымды көл қылып жылап, мен үшін бар ғұмырын жұмсап, жарық дүниеден өткен әкемнің оп-оңай кете қалғанына сене алмай, «Сәл де болсын аялдамады ма, екеуіміз бірге баратын едік қой!» деп, қайғыра дауыс салдым. Күйеуім менің әкемді құшақтаған қолымды зорға ажыратып алды. Қандай ащы өксік еді?! Құдайым-ай, әкемді неліктен шешеме кезіктірмей, алып кеттіңіз!.. Қаншама қасірет шекті?.. Әлі де біраз ғұмыр бермегеніңіз бе?!.»...

Жол жүрудегі қуаныш, аңсаған күнге жеткен арман, асылмас асудың күйреген көзайымын қайран жүрегі көтере алмай да қалды-ау! Кейбір кезде өлімде әділдік болмайтыны, оның да қателесетін тұсы бар сияқты сезіле береді екен!..

Науқаны айтарлықтай атқарылды. Демократия өкілдері мен жастар түгелдей келіп, қатысты. Әкемнің арманын орындап, ең алғашқы шетелдік паспортты да маған ұстатты. Қуаныш пен қайғы қабаттасып, жанымды жегідей жеді. Шапаныңның жеңінің оң жақ ішкілігін әкем сізге арнап өз қолымен қабыған дегенді айтармын...

Халықаралық поезбен шешеме қарай кетіп барамын. Толған моңғолдар. Олардың еркін нарықтың арқасында сауда-саттық жасауға ілгерідегі көршіге бара жатқаны – бұл. «Ана, қайткенде де шапаныңызды киіңіз! Мен сізді танымай қалам ба, деп қорқып келемін!» деп, әлде қашан хат жіберіп қойсам да, шапан киюге рұқсат бермеген болса, қайтемін деген үрей құшағында келемін. Өмір бақи «Ана» деген адамды есімнен шығармай өсірген әкешім, сіз ғана мені ұзақ арманға жетелеп, «жолығатын адамың – ана деген құдайың» деп, бұл күнге жеткіздіңіз. Қайтсем, қызымды шешесімен жолықтырамын деп ойламай ұйықтаған түніңіз жоқ шығар! Сіздің сол ұлы махаббатыңыз мені анама қарай жетелеп келеді. Мен сізге қарыздармын. Қалай қайтара аламын? Сондай құдірет бар ма?!.

Поездің терезесінен көз алар емеспін. Сөйтіп тұрғанда қасымнан екі-үш мәрте өткен адамның түсі таныс адамға ұқсап болмады. Көкірегімнің қуысынан кенет көз алдыма көлбеңдей қалды. Әлгі Сүрэн ағай... Әкемді жұмысқа орналастырып беретін. Қайта көрінгенінде «Сүрэн ағай. Сізді таныдым. Мен ағаш шебері Мятавтың қызы Нямсүрэнмін» дедім. Біраз ойланып барып, «Оо... Мятав... Солай екен-ау! Енді есіме түсті. Әкең...», деді де, мән-жайды түсінгендей, сөзін жұтып алды.

Сүрэн ағай Қытай еліндегі Моңғолияның өкілетті елшісі екен. Неліктен поезбен жүргенін айтып, түсіндірді. Екі елдің шекарасын еркін болдыру, сыртқы сауданы жандандыру... осы жұмыстардың барлығын өз қолына алған екен. Екеулеріңнің бастан кешірген өмірлерің әсер еткен болуы да мүмкін. Көріп келесің бе, қаншама моңғолдар сауда-саттыққа аттанып барады. Тұрмыстың жаңарған көрінісі. Мен өз көзіммен көруге әдейлеп көпшілік поезына отырдым. Биыл елге қайтамын. Сонан зейнетке шығамын», - деп – шашқа ақ түскеннен кейн кезігетін де күн болған екен, - деді. Мен ғой, әкем туралы, оның Сүрэн ағайды ауызынан тастамай, ұдайы сағына есіне алып отыратыны туралы айттым. Әкемнің аспан төрінен бізді көріп, қуанып тұрғанын да сезінгендеймін. Біз – әкесі мен қызымыз емеспіз бе?!.

Поез Эрээн қаласына жетті. Вокзалда иін-тірескен қалың адам. Мен көк торғын шапан киген адамды терезеден көз алмай іздедім. Әне, әне-у жерде... анашым... Шапанын киген менің анам... мың адамның арасынан да айрықша көзге түсетін моңғол шапаным... Мемлекетімнің туындағы көк түс. Анамды құшақтай алдым. Көз жасым көл боп төгіле бетімді жуды. Алтын дүниеге әкелген асыл анашыңмен көзі тірісінде кезігу деген!..

Монғол тілінен аударған Жүкел Хамайұлы


[1] Пең – кигіз үйге қосып тұрғызатын амбар

[2] - моңғолдар таңғы асының алдын күнге қарата шашып, жер-су, табиғат, тәңірге табынатын ырымды әлі күнге жасайды. Мұнда ілгері қаратып дегені, ілгеріде-оңтүстікте шешең жүр, тәңірі соған жол ашсын деген нанымы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар