Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Сәкен тойы Көкшетауда жалғасты

18.10.2019 535

Сәкен тойы Көкшетауда жалғасты

Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл.

Қазақтың ұлы перзенті С.Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойы «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» деп кезінде өзі жырлаған Көкшетауда жалғасын тапты. Дүйім жұртты елеңдеткен мерейлі күн аяулы ақынның ұлы Аянның ескерткішіне арнайы барып, рухына тағзым етуден басталды. Ел құлағын елеңдеткен айтулы мерейтой Көкшетау қаласы Ш.Уәлиханов атындағы университетте "КЕРБЕЗ КӨКШЕНІҢ АҚИЫҒЫ – СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН" атты республикалық ғылыми конференциямен жалғасты. Конференцияға Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықбаев, Мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрім, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Сәкен Сейфуллин музейінің директоры Несіпбек Айтұлы, Мемлекет және қоғам қайраткері, «Арқа ажары» газетінің редакторы Жабал Ерғалиев, филология ғылымдарының докторы профессор, сәкентанушы, Тұрсынбек Кәкішовтың жары Күләш Ахметова, Сәкен Сейфуллиннің туысы Сәкен Орынбекұлы Сейфуллин, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Марат Сырлыбаев, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, айтыскер ақын Аманжол Әлтай, актер, драматург, әнші Қанат Жүнісов, сәкентанушы ғалымдар және жастар қатысты.

Конференцияда көптің көкейінде жүрген өзекті ойлар ортаға қойылды. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Марат Сырлыбаев сәкентануға ерекше үлес қосқан Кәкішевке арналған орталық ашылатынын хабарлады. Мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғали әйгілі ақынның ел үшін істеген орасан еңбектерін атап өтті. Сәкентанушы Күләш Ахметова Сәкеннің есімі мәңгілік ел жүрегінде сақталатындығын және бар ғұмырын Сәкенге арнаған ғалым Тұрсынбек Кәкішовтің жанкештілік еңбегін жеріне жеткізе айтты. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы баяндама жасап, Сәкенге және ұлы Аянға арнаған өлеңін оқыды. Сәкен Сейфуллин музейі «Сырсандық» сериясымен шығарған «Үш Бәйтерек» кітабының 30 данасын университет кітапханасына сыйға тартты. Сондай-ақ, «сыйға-сый» дегендей облыс әкімі Ермек Баранбайұлы Сәкен музейіне Бірнеше компьютер сыйламаққа уәде берді. Аманжол Әлтай Сәкеннің қазақ әдебиетіндегі алар орнына тоқталды. Қанат Жүнісов Сәкен «жазды» деген хатттың жалғандығын нақты дәлелдермен ашып берді.

Мерейтой «Сыр сандықты ашып қара» атты аймақаралық мүшәйрамен түйінделді. Жыр сайысына төрағалық жасаған ақын Несіпбек Айтұлы тарихи тұлғаға өлең арнаған жас ақындарға шығармашылық табыс тіледі. Көкшетауда Сәкен есімі көкке шырқала жаңғырды.

Мұқият Қойшыбайұлы

С.Сейфуллин музейінің

экскурсия және тарихи таным

бөлімінің меңгерушісі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар