Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Сайын Мұратбеков. Жастар – әдебиетіміздің ертеңі

02.03.2018 2162

Сайын Мұратбеков. Жастар – әдебиетіміздің ертеңі

Сайын Мұратбековтың 1984 жылы «Жұлдыз» журналына шыққан «Жастар – әдебиетіміздің ертеңі» атты мақаласының жалғасын ұсынамыз. Жастар прозасынан басталған сын мақала поэзия туралы ойлармен өріліп, сол кездегі сын жанры хақында да сөз қозғайды.

«Әдебиет порталы»

Жастар – әдебиетіміздің ертеңі

(жалғасы)

Осы арада жоғарыда аттары аталған жас жазушылардың творчествосындағы өзім байқаған бір жақсы нышанды айта кеткім келеді. Осыдан он шақты жыл бұрын Москваның «Художественная литература» баспасы қазақ әңгімелерінің антологиясын шығарған кезде, құрастырушылар да, баспа қызметкерлері де жинақ бойынан көзге ұрған бір мінді байқаған. Жиырма бес баспа табақ жинақтың ішінде не қала өмірінен, не өнеркәсіпте істейтін жұмысшылар жайлы бірде-бір әңгіме жоқ екен. Шығармалардың бәрі дерлік ауыл тақырыбына жазылған, ауыл адамдары туралы болып шықты. Ең болмаса тақырыбы үшін қала өмірінен жазылған бір әңгіме таба алмай қиналған еді құрастырушылар. Күлерлік те, әрі қынжыларлық жағдай еді. Содан бері он шақты ғана жыл өтті. Енді, міне бүгінгі жастар сол олқылығымызды дәл аңғарған сияқты. Өйткені бұлардың шығармаларында ауыл өмірі де, қала өмірі де кең қамтылып отырады. Және геройларының мінез-құлықтары, тіршіліктері табиғи, нанымды. Әлгінде сөз болған Мейрам Асылғазин әңгімесі, оның «Ауылдастар» (неге «Ауылдастар» деп қойғанына түсіне алмадым) жинағына енген басқа да әңгімелері, Дінәш Нұрмұхамбетовтың «Ең бақытты күн» повесі мен «Соңғы аялдама» әңгімесі, Эрнест Төрехановтың кейбір повесть, әңгімелері, Қонысбай Әбілевтің «Қаладағы бір қыс» әңгімесі қала өмірінен жазылған тәуір дүниелер.

Бәлкім бұл – өмірдің өзінің әдебиетке енгізген түзетуі болар. Егер осыдан он-он бес жыл бұрын қала мен ауыл арасындағы айырмашылық білініп тұратын болса, бүгінде ол айырмашылық болымсыз ғана. Оның үстіне урбанизация кең етек жайған. Қазіргі адамдар қала мен ауыл арасындағы екі жаққа да бірдей сіңісіп жүре береді. Бұл да қала мен ауыл тұрмысының теңесе бастағанының белгісі. Ал жас жазушылардың осы бір жақсы құбылысты тап басып дәл ұстағандары қуантады. Мысалы, «Бекім» деген әңгімені алайық. Мұнда жазушы бүгінгі таңдағы ауыл мен қала арасындағы тұрмыстың қалай астасқанының қызық бір жолын баяндайды. Және бұл көбімізге таныс, көбіміз жақсы білетін, көріп жүрген жағдай. Бекім жетпістің ішіндегі қарт адам. Осы уақытқа дейін «қала шетіндегі ескі үйде тұрғанда құлынды бие мен қасқа сиырды және азын-аулақ қой-ешкіні бір өзі жайлап, мұны (кемпірін С.М.) қазан-ошақ қасынан әріге аттатқан жоқ. Көңілі де сейдін болатын. Биыл, жылдағыдай емес, қасымда сен барсың ғой деп, күн жылынысымен шөп таситын мажарлы арбаның қанатын кеңейткен. Қол шалғының жүзін шыңдап, баптап қайрап, қылшылдатып алды. Айырларды ақ қайыңмен саптаған. Мұның бәрі келер күннен үмітті жанның тіршілік үшін істеген қам-қарекеті еді...» – қала шетінде тұрса да күнделікті тұрмыс-тіршілігі ауыл-үй арасындағы шаруа адамының қалыпты әрекеті болатын.

Міне, осынау жартылай қала, жартылай ауыл тұрғыны сияқты боп келген қазақтың шаруақор шалының тұрмысын кенет арналы өмірдің екпінді ағыны сең бұзғандай ғып жібереді. Қала кеңейіп өсті де, шеттегі атам заманда салынған жаппа үйлер бұзылып, олардың орнына «айналдырған бір жаздың ішінде қақырайтып» «қат-қабат кірпіш үй» еңсе көтерді. Сөйтіп Бекім қарттың өмір бойғы үйреншікті тіршілігінен айрылуына тура келді. «Үкімет жылы үйін өзі салып берді, жүгіне дейін көшірісті». Бірақ Бекім қарт үшін бұл қамқорлық күтпеген ауыр жазадай болса да даланың тұрмыс-салтына үйренген, жаппа үйде тұрса да өзінше бөлек жеке аулада өмір кешкен қарт «сіріңкенің қорабындай үйде тұруды — торға қамалғанмен тең» көреді. Бекім үшін бұл — үй емес, «қуыс» қана. «Осы қуысқа алғаш түнеген күні шеккен мехнатын әлі ұмытқан жоқ. Япырым-ай десейші, жын ойнақ па, немене, түнімен шаңырақ шайқалғанша апыр-топыр жүрістен бір тьнбаған көршілері ұйқы бермеген. Қабырғалары солқылдап, ақыр заман орнайтындай болып еді. Жағынан алғыр, радио да таң атқанша өлең айтып шықты. Жас баланың жылағаны, әлдекімдердің барқылдап сөйлеген дауыстары құлаққа ұрып, мазаны алған. Кейін мұның бәрі саябырсыған-ды. Бірақ сол бір «нобосел» деп аталатын азап түнін ұмыттырмайын дегендей, айғай-шу шығып тұрады». Жетпіске дейін өзімен-өзі боп жеке үйде бейқам тірлік кешкен Бекім сияқты жасы келген қарт адамның көпшілік тұратын үлкен үйге амалсыз көшіп келген күнгі алғашқы түнді жоғарыдағыдай күйде өткізері даусыз. Автор оның әлем-жәлем болған жандүниесін, наразылығын психологиялық тұрғыдан дәл басып, шағын жанр табиғатына лайық дәл бере білген.

Мұнан әрі автор Бекімді ауылға апарады. Өте заңды апарыс. Енді қарт өзінің бір кездегі шыққан ортасынан көңіліне медеу іздейді, бұрынғы ескі ауылды көргісі келеді. Бірақ «дала да танымастай болып өзгерген...» ауылдағы өзі теңдес қарттардың да қатары сиреп қалыпты. «Ой, бауырым, ортамызға кел» деп өзеуреп тұрған жан болмаған соң амалы таусылған Бекім кері қалаға қайтады. Ендігі жерде ұнатса да, ұнатпаса да «сыздаған жүрегін сыртынан сипалап жатып» осы өмірге көндігуіне тура келді. Ескі өмірінің мүлде оралмасқа кеткенін мойындамасқа лажы жоқ. Арналы өмір бұл көнсе де, көнбесе де өз ырқьнан шығармайтынын анық ұқтырады қартқа. Міне, қала тұрмысына ықтиярсыз кеп телінген бір тұрғынның тағдыры осындай. Қала тұрғыны болғанын мойындауы үшін адамның басында қаншама жанкүйзелістің болатынын аңғартады автор.

Шағын ғана әңгімеде қаншама драма жатыр. Жаңалыққа көндігудің драмасы бұл. Урбанизацияның дала адамы үшін оңай құбылыс емес екенін дәлелдейді.

Мейрам әңгімесіне бұлайша тоқталуым, менің байқауымда ол қала өмірі жайлы жаза бастаған басқа тұрғыластарына қарағанда бұл тақырыпқа әзірге өзі ғана аңғарған қырынан келуі, яғни кешегі дала адамының қалаға ауысуының, онан қала тұрғыны болып сіңісуінің драмалық тұстарын зерттеді.

Осы орайда оның «Балалар балалық жасапты» деген әңгімесінің де іштен тынған драмасы көңіл аударарлық. «Облыс орталығы — Н. қаласындағы лауазымды мекеменің қарапайым қызметкері Нағашыбек» те қалаға ауылдан келген адам. Кезінде колхозда «әр жұмысқа бас сұқты... айыр, күрек ұстады, одан кейін пішеншілер бригадирі, бригада есепшісі, қойма меңгерушісі, қырман таразышысы болды», енді, міне, біраз жылдан бері қаладағы лауазымды мекемеде кіреберістегі есік алдында күзетте тұрады. «Орын төмен болғанымен жоғарыдағылардың барлығы да бұған сенім артады. Бұл — сенімді ақтауға тырысады». Міне, осынау кішкене адамның өмірі бір қарағанда көңілге тоқ сияқты. Лауазымды мекеменің басшылары мұны сыйлайды, есіктен кірген сәттерінде сыпайылықпен сәлемдесіп, кейбіреуі бұған көңіл жібітер бір-екі жылы сөз де айтып өтеді. Бәрі де әдепті, бәрі де ілтипатты жандар. «Қолынан келсе жақсылық істеуге құлшынып тұратын қамқор пейілді, тірлігі жоқ Жәкең», елпілдеп тұрған, кішіпейіл Жәкең, жүре тыңдаса да көңіл жықпастыққа епті. Ерекең — барлығы да Нағашыбекті жеңіл күлкімен арқаға қағып еркелете ұстайтын жандар. Алайда солардың сол жеңіл күлкілерінде, сыпайлықтарында, жанашырлық сөздерінде «кішкентай адамға» деген қаншама немкеттілік, мазақ ету, қорлау жатыр. Қызы күйеуге шыққан Нағашыбек аңқылдап кеп тойына шақырғандағы әлгілердің шығарып салма сөздерінде қаншама жалғандық жатыр. Нағашыбек қалада тұрғанына біраз жыл болса да мінез-құлқы әлгі ауылдағы кезіндей тасыр-тұсыр, жетесіз, көп нәрсеге ой жүгірте алмайды, қала адамына тән қылық жоқ бойында. Мәселен оның кезекшісі «шүйкедей қара кемпір» «Нағашыбектің күзетке құр қол келмейтініне, кешке дейін қалай іші пыспайтынына таңырқаса», Нағашыбек болса кемпірді «күні үшін жүрген жан»,— деп іштей жазғырып алды». Байқайсыз ба, Нағашыбек бойындағы керенаулық та оның қаланың дәстүр-салтына үйрене алмағанының белгісі. Осы жетесіздігі — оның драмасы.

Ал оның бастықтары болса бұлар да сез әлпеттерінен аңғарғанымыз, бір кездері ауылда туып, ауылда өскен, ал бүгінде әбден әккі боп алған жандар. Жас жазушы аз сөзбен-ақ олардың әрқайсысының тасқа ойғандай кескін-кейіптерін, мінез-құлықтарын дәл береді.

Мейрамның соңғы кезде жарияланған «Өзгеше бір күн» әңгімесінің көтерген жүгі анау-мынау повестен салмақты дер едім. Бір кездері университетте оқыған курстас екі жігіттің бірі ғылым соңына түскен, дүниеге барынша адал, пәк қарайтын, жеке басы үшін жағдай жасауға ебі жоқ Кемеңгер мен бірді-бірге соғып жүрген жылпос, адал еңбектен гөрі қулық-сұмдықпен ебін тауып екі асап жүрген алаяқ Дәубектің ойда жоқта кездесуін автор асықпай баяндай отырып бүгінгі таңдағы қоғамдық өміріміздің ең көкейкесті мәселелері төңірегінде ой қозғайды. Ғылым жолында жанын сала еңбектеніп жүрген Кемеңгердің баладай аңқау мінезіне езу тарта, сүйіне тұрып, оның Дәубек пысықтығының алдында дәрменсіз қалған күйіне еріксіз күйінесің. Өмірде талай ұшырасатын осындай кереғарлыққа зығырданың қайнап ізгілік пен зұлымдық арасындағы қайнап ізгілік пен зұлымдық арасындағы бітіспес күрестің кеше де, бүгін де,ертең де жалғаса беретінін еске аласың. Егер көктем шығарманың басты міндетінің бірі оқушысына ой салу болса М.Асылғазин осынау әңгімесінде сол мақсатына жете білген. Әңгіменің композоциялық құрылымы тұтас, артық, артық кеткен, кем түскен жері жоқ деуге болады.

Жинақтағы әңгімелерімен салыстырғанда «Өзгеше бір түн» авторының іздену, өсу үстінде екенін танытады.

Әдетте әдебиетші болам деген жас талапкердің көпшілігі-ақ алғашқы қадамын өлеңнен бастайды. Ендеше баспадан шығатын тұңғыш кітаптардың сан жағынан басым жататыны поэзия болуы заңды да. Екі ауыз өлеңнің басын құрамайтын қазақ жоқ дегенді де жиі айтамыз. Яғни халқымыздың ақынжандылығын мақтан етеміз. Олай болса талапкер ақындардың әр жыл сайын лек-лек боп келуін де табиғи құбылыс деп білуміз керек. Тек олардың қайсысы ақын, қайсысы көшке ілескен көлденең – соны дәл танып, дәл ажырату қажет. Ал қазіргідей өлең техникасын жақсы меңгерген, біреуден оқып алғанын өз ойы етіп тігісін айналдырып бере алатын ептілер де шығып жүрген кезде бұл да оңай шаруа емес. Дегенмен нағыз ақындық қасиет бір көргеннен-ақ мен мұндалап тұрады ғой.

Бүгін түнде жаңбыр жауар сиқы бар

Күркіреген күй басталар, күй тынар.

Басылғанша сол бір күйдің солығы,

Саған қандай ұйқы бар,

Маған қандай ұйқы бар,

- дейді жас ақын Әбубәкір Қайранов «Бастау» сериясымен шыққан тұңғыш кітабында. Бұлақ суының сылдырындай мөлдір ырғақ еріксіз селт еткізбей ме? Ерке сезім, ерке наз ойлануға, сырласуға шақырып тұр ғой. Жас ақынның пышақтың қырындай ғана жұқа кітабын оқып шығып сусынымыз бір қанғандай болды. «Өркен», «Жастық шақ жырлары» атты сериямен «Жалын» баспасынан жыл сайын ондаған жас ақынның тұңғыш кітаптары жекелеп те, топтама жинақ та шығып жатады. Осыдан бірер жыл бұрын он төрт жастың «Қарлығаш» деген атпен жарық көрген топтама жинағы жыр сүйер қауымды бір елең еткізгенін білеміз. Бір-біріне жырымен де, сыр-сипатымен де ұқсамайтын, тек балауса жастығымен ұқсайтын өрімталдай жастардың жыр өлкесінің табалдырығын аттардағы сыршыл үндері құлағымызда қалды. Сол «Қарлығашты» ақтара отырып жас қазақ поэзиясының географиясының кеңдігіне және сол жастардың жырына шабыт берген туған өлкеміздің сұлулығына сүйіндік. Қарқаралыда тұратын Серік Ақсұңқарұлы, маңғыстаулық Мырзатай Болатов, Шардарада тұратын Мейірхан Аңламасов, оралдық Сағат Әбуғалиев, жезқазғандық кенші инженер Қуаныш Ахметов, алматылық Ерік Асқаров – міне байтақ республикамыздың қай қиырында қандай жыр самалы есетінін сезінгендей болдық.

Жалпы «Жалын» баспасының осындай топтама жыр жинақтарын шығарып тұруы жақсы дәстүрге айналыпты. Соңғы екі жылдың ішінде ғана «Бал дәурен» «Тың тынысы», «Атырау айдыны», «Дария жыры», «Жыр бесік» тәрізді республикамыздың әр тарапында тұратын жас талапкерлердің өлең-жырларын топтама жинақ етіп шығаруы әдебиетіміздің де, әдебиет сүйер қауымның да өрісін кеңейте түсері сөзсіз. Тек осы жинақты құрастырушылар мен редакторларына айтарымыз, топтаманы әзірлегенде авторларға қатаң талап қойса екен, олардың шығармалары талғампаздықпен сұрыпталса екен дейміз. Бірін-бірі қайталайтын, біріне-бірі ұқсас боп келетін өлең-жырларды бір топтамаға жібермеген жөн. Бір ғана мысал: «Жыр-бесік» кітабында «Сағыныш» деген бес өлең жарияланса, «Дария жыры» мен «Бал дәурен» жинақтарының әрқайсысында «Сағыныш» атты үш-үш өлеңнен жарияланған. Сонда бұл жастар сағыныштан басқаны жазбайтын болғаны ма деген күдік амалсыз көңілге келеді екен.

Бүгінде поэзия туралы сөз болғанда ең алдымен ақынның азаматтық бет-әлпетін діттейміз. Сонан кейін оның лирикалық «менінің» қаншалықты биікке көтерілгенін, уақыт тынысын, заман рухын көкірегіне қалай сыйғызып, оларды шабыт көрігінен қалай қорытып шығарғанын шамалаймыз. Нағыз таланттың көкірегін жарып шыққан әрбір жол – жүздеген, мыңдаған, көкіректерді оятады, олардың жан-сарайына рухани нәр береді, қуантады, мұңайтады, ғашық етеді, немесе ашу-ызаға булықтырады. Нағыз поэзия ешкімді де бей-жай күйде қалдырмайды.

Өткен жылы «Жалын» альманағының әр нөмірінен көптеген жас ақындардың өлең-жырларын сүйсіне оқыдық. Олардың көбі ойлылығымен, сезімтал сырлылығымен, бүгінгі дүниеге қатер төнген беймаза заманда бейбітшілікті, бірлікті достықты ту еткен азаматтық белсенділігімен ұнады. Сонымен қатар бұл өлең-жырлардың философиялық астарын оқушысын ләззатқа бөлер эстетикалық мәнін де атап өтер едік. Ж.Жақыпбаевтың, Т.Рахимовтың, С.Ақсұңқарұлының, Ғ.Құлахметовтың әсерлі жыр жолдары бүгінгі қазақ поэзиясы жас күштерінің өресі мен өрісін танытады дей аламыз.

Сондай әсерлі өлеңнің бірі – жас ақын Жамау Бұқарбаевтың «Балдақты қарт туралы балладасы». Жас ақын «соғыс жайлы сырдастанды ақтармай-ақ пәниден көшкен» қарт солдаттың өмір жолын тебірене еске ала отырып, оның есте қалар әсерлі бейнесін жасаған. Соғыстан бір аяғынан айырылып, кемтар боп қайтса да жасымай, жабырқамай өмірге деген іңкәр көңілмен шаңырағы шайқалған туған жерді қалпына келтіруге кіріседі. «Жетімдердің иықтағы жүгін ап, жесірлерді жан отымен жұбатады». Ақын бүгінгі жас ұрпақ атынан сол бір «бала көңіл аңқылдаған қайран шалдын көкірегін қағып, мақтанбай-ақ» ел үшін қан төккен ерлігіне, қарапайым даналығына, еңбек сүйгіштігіне, ең бастысы тамаша адамгершілігіне сүйсініс білдіреді. Бүгінгі жарқын өмір үшін олардың рухының алдында бас иеді.

Жыр таусылды «Өмір» атты жаттанды,

Құрдас қалды, ауыл қалды, бақ қалды.

Бала болып еркелеген елінен,

Батыр болып мәңгілікке аттанды.

Ер рухы қабірден де тіл қатар,

Тіл қатар да, әмбемізге тыңдатар.

Сыңар балтыр сыздайтұғын сол үйде,

Алтын жұлдыз, ағаш аяқ тұр қатар,

- деп түйіндеген жолдарда жылау, жабырқау емес, «ер рухының» мәңгі өлмейтініне, оның ерлігінің ұрпақтан-ұрпаққа аңыз боп кететіндігіне нық сенім бар. Осынау шағын балладаны жас ақынның аға ұрпаққа соққан ескерткіші деуге болады.

«Жалын» альманағының төртінші нөмірінен жас ақын Несіпбек Айтовтың «Жасынның сынығы» деген поэмасын оқыдық. Ақын Қасым Аманжолов өмірінің бір сәтіне арналған, Абдолла туралы поэмасын жазу үстіндегі ақын тұлғасын көрсетуге талпыныпты. Әрине, Қасымдай ақынның шабытты шағын көрсету екінің бірінің, тіпті бірдің де қолынан келеді деу қиын, дегенмен де жас ақын жүрек жұттылық жасапты. Шағын поэмасының кіріспесінде:

Жалын атсын кеудем кенет,

Үрле, дауыл, көрік басқан.

Көз алдыма кел, дөңгелеп,

Көрікті жер,

Көрікті аспан!..

– деп Қасым дауылына сыйынғандай бір жұлқынып алады да, онан әрі жараланып кеп госпитальға түскен Қасым ақынның Абдолла туралы поэмасының дүниеге қалай келгенін барынша отты жыр тілімен баяндайды. Қасымның арпалысқан жан толқынын, айбарлы шабытты шағын жас ақын хал-қадірінше бейнелі беруге тырысады.

Уа, дүние!

Қайда қалдың, қайда қалдың?!

Кес-кестеп бөгей бермей майдан алдын.

Ақ қанат ақындықтың періштесін

Қалайша көзің қиып қанға малдың?!

- деп алады да, Қасым ақын атынан Абдолла өміріңе араша іздейді. Жалпы жас ақын поэмасын Қасым сынды ақынның дауылды жырынан шабыт ала отырып бір деммен жазғандай әсер қалдырады.

Төндірмей сонда жауға ақыр заман,

Найзағай, қайда қалдың, шатырлаған?!

Байқайсыздар ма, Қасым туралы жаза отырып, жас ақын Қасым жырының қызуынан қуат алғандай болады. Дауылпаз ақынның бейнесін жасай отырып, өзі де азаматтық поэзияның биігіне көтерілгісі келеді. Несіпбек поэмасына бұлайша кеңірек тоқталуымыз, жас ақындардың тақырып таңдауларында өз замандастарының іздену тәжірибесі ой салса екен дейміз.

Іздену үстінде жүрген жас ақындардың өлең-жырларында бүгінгі күннің көкейтесті жайларын азаматтық тұрғыдан жырласам деген, әлеуметтік мәселелерді көтеруге ниет еткен игі талпыныс бар. Осындай жақсы қасиеттерді біз жамбылдық Қуандық Шолақовтың «Жер жанаты» қарағандылық Тілеуқазы Бейсембековтың «Сенім» жинақтарынан, үстіміздегі жылы коллективтік жинақ «Қарлығашқа» енген қызылордалық шәкизада Әбдікәрімов өлеңдерінен, талдықорғандық Әбен Дәуренбековтың «Зылиқа» поэмасынан байқадық.

Мұндай іздену үстінде жүрген жастар жайдақ сезімді малданбай өздерінің көңіл-күйлерін, ой-толғаныстарын бүкіл адамзат басынан кешіп отырған ұлылы-кішілі оқиғаларға астастыра айтқылары келеді. Бәлкім кейде құлаштары жетпей, немесе тәжірибесіздіктен айтамын деген ойлары шашырап жатуы да мүмкін. Бірақ жас автордың таптаурын оңай жолға түспей, қияға өрмелеген альпинистей өз сүрлеуін іздеуінің өзі қуантады ғой.

Жас ақын Ә.Мәкеновтың сөзімен айтқанда:

Биіктерге қадалғанда көздерім,

Бақытына таласпадым өзгенің.

Құс жолындай ағараңдап алдымда,

Көкжиекті көлбеп жатты өз көгім,

- деп, әр жас талант көкжиектен өз көгін іздегенге не жетсін. Біздіңше таланттылық пен талантсыздықтың басты белгісінің бірі де осы өнердегі өз жолын, өз биігін іздеу, іздемеуінде болса керек.

Қазіргідей дүние екіге бөлініп соғысқұмарлар жанталаса қаруланып, ал адал ниетті жандар соған қарсы айбынды үн көтеріп жатқан уақытта жас ақындардың азаматтық белсенділік танытуын да мықты қолдау керек, құптау керек. Кешегі соғысты көрмесе де олар соғыс салған жараның ізін көріп өскендер, соғыс зардабының ащы сарқытының дәмін татқандар. Демек олардың өлең-жырларындағы соғысқа деген қарғыс ана сүтімен бойына дарыған. Мысалы, талантты жас ақын Т.Рахимовтың «Біз ерлік жасамадық» деген өлеңі аға ұрпақтың басына түскен қасіретті жанымен сезінген бүгінгі жастың жүрек жарды сөзіндей:

Отан үшін он сегізде от кешкен,

Комсомолдық билеттерін оқ тескен,

Қыршын кеткен, арманына жетпеген, -

Ерлер жайлы тынбаймыз күй шертпестен.

Мұндай өлең-жырлар қандай басылымның да салмағын арттырып, көркемдік-идеялық дәрежесін көтеріп тұрады.

Әдетте жастардың жастық туралы, махаббат туралы көп жазуы және тебірене жазуы әбден заңды құбылыс. Көп жағдайда жас талантқа еріксіз қалам ұстататын да, оның шамырқана тебіренуіне әсер ететін де лапылдаған алғашқы махаббат сезімі екені даусыз. Сондықтан да жастардың өлең-жырларының негізгі дені жастық, махаббат туралы. Көп жағдайда бұл өлеңдер бір-біріне егіз қозыдай ұқсас боп келеді, бірін-бірі қайталап отырады. Бәлкім, ондай ұқсастықтары үшін қазіргі жастарды жазғыру да орынсыз шығар. Өйткені жазып отырған тақырыптары бір, өмір сүріп отырған ортасы бір, тәлім-тәрбиесі бір болған жағдайда әрқайсысының бастан кешер сезім күйлерінің ұқсас боп келуі де әбден ықтимал ғой. Тек, мұндайда баспа редакциясы олардың өлеңдерін іріктегенде әлгіндей бірін-бірі қайталайтын, бір-біріне ұқсас келетін тұстарын қатты қадағалап отырса дұрыс болар еді.

Бұл тұста қадай айтарымыз баспаларымыз өз авторларының қай тақырыпқа жазылған шығармаларына болса да талапты қаттырақ қойса екен демекпіз. Мейлі көңіл-күй туралы, мейлі табиғат лирикалары болсын бірін-бірі қайталап тұратын өлеңдердің қатар жарияланбауын қадағалау керек сияқты. Әйтпесе ұқсас ырғақтар, ұқсақ ойлар мен түйсінулер, суреттер қатар келгенде бәрін бір адам жазып бірнеше авторға бөліп-бөліп беріп жариялатқандай әсер де қалдырады екен. Мысалы басылымның үстіміздегі жылғы екінші номерінде жарияланған жастардың өлеңдерін оқып көрейік:

Балалық-ай уайымды жасқап көктен,

Қиялыңда хан қылып асқақ та еткен.

Қайда қазір сол күндер —

біз бе, ол ма,

Бірінші боп қайсымыз тастап кеткен.

(Бейбіт Құсанбеков)

Ыстық тартып алыстан отты реңің,

Өткен күндер, кеудеме көп түнедің.

Жылдар бойы шуылы басылмаған

Ақ жаңбырым жауды да өтті менің.

(Шәмші Жұбатова)

Екі өлеңде де бір сезім — балалық шақты аңсаған, соны елжірей сағынған сезім. Рас, екі өлеңнің бойында сәл-пәл өзгешелік бар, ол: бірінші өлеңде балалық шақты аңсай отырып лирикалық кейіпкер бірге өскен досының «бір қызбен бірге кеткенін» еске алады, ал екінші өлеңдегі лирикалық кейіпкер балалық шағын өткінші ақ жаңбырмен салыстыра отырып мұңаяды. Бірақ өлеңдерінің сарыны, ырғақтары бір қолдан шыққандай. Сол сияқты осы номердегі жас талапкер Ғұсман Мұхаметқалиевтың «Қос көкірек енді ғана бүр жарған», — деген өлеңінде де әлгіндей балалық шақтағы арманның орындалмай қалғанына өкініш білдірген сарын бар.

Осындай сарындас ұқсастықтың үшінші номерде жарияланған Т.Жабаев, Р.Балабиев тәрізді жастардың да жекелеген өлеңдерінен ұшыраттық.

Шолпандай таңда туған қарындасқа,

Арнасам асыл жырым ағылмас па.

Көргенде жан жібітер жарқын жүзің,

Дәрмен жоқ жүрекке от жағылмасқа.

Ой, сезім, ақыл, қиял бой биледі.

Қиялға лажым жоқ бағынбасқа

...

Шертемін жүрек қылын саған арнап,

Сүйер жан таба алмадым сенен басқа.

(Тұрсын Жабаев. «Қарындасқа»).

Сені көріп...

Қадалып тұрып қалдым.

Быт-шыт болды тезімім құрып қалғыр,

Қарай берем сен жаққа,

Келгендей-ақ

Жүрегіңнің дүрсілін ұғып қалғым.

(Рахым Балабаев «Сені көріп...»).

Екі өлеңнің де айтайын дегені лирикалық кейіпкердің бір көргеннен қызға ғашық болуы. Егер жеке-жеке оқылса артық-кем кемшіліктеріне қарамастан қабылдап өте шығуға да болар еді, ал екі өлең бірдей, бірінен кейін бірі оқылғанда еріксіз кідіртері анық. «Бұ жастардың жарыса жазатындай осыдан басқа тақырыптары болмағаны ма екен?» деген ой келеді.

Сан жағынан алып қарағанда, бізге жыл сайын ондаған жас сыншылар келіп қосылып жатыр деп айту қиын. Дегенмен КПСС Орталық Комитетінің «Әдеби-көркем сын туралы» белгілі қаулысынан кейін жас сыншылар творчествосының өркендеуіне едәуір қолайлы жағдайлар туды. Қазір әдеби сынның әр жанрында жемісті еңбек етіп жүрген Б.Сарбалаев. Н.Ақышев, Т.Мәмесейітов, Б.Ыбырайымов, Ж.Дәдебаев, А.Егеубаев, Т.Жұртбаев, Ә.Бөпежанова, Т.Сыздықов, Б.Майтанов, т.б. қолынан шыққан мақалалардың біразына идеялық-көркемдік тереңдік, турашылдық, білгірлік тән деуге болады. Баспасөз, баспалар тарапынан да жас сыншылар еңбегіне әжептәуір ілтипат көрсетіле бастады. Мысалы, соңғы жылдарда «Жалын» баспасынан шыққан «Жастар жастар туралы», «Сөзстан» атты жинақтарда жас сыншыларымыздың ондаған мақалалары жарияланса, «Жазушы» баспасынан шыққан «Уақыт және қаламгер» атты 9 кітапқа да жас сыншыларымыз үзбей қатысып келеді. Сондай-ақ соңғы екі-үш жыл көлемінде Б.Ыбырайымовтың «Көркемдік көкжиегі», А.Егеубаевтың «Сыр мен сымбат», Б.Сарбалаевтың «Қызыл алма», Т.Мәмесейітовтің, Қ.Ергөбековтің, Б.Майтановтың тұңғыш сыни жинақтары жарық көрді.

Осының үстіне «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», «Жалын» секілді күнделікті баспасөз беттерінде С.Жұмабеков, Ә.Бейсебаев, Қ.Керейқұлов, С.Шомаев секілді жас сыншыларымыз жазған мақалаларды жиі оқитын болдық. Облыстық газеттерде жергілікті жерде тұратын әдебиетшілердің мақалалардың рецензияларын жиі жариялап тұрады. Бірақ, өкінішке орай, сол мақалалардың сапасы қандай, қандай шығармаларымыз насихатталуда, жалпы қалың қырман ортасындағы әдебиет өкілдерінің таным, білім дәрежесі қалай? Оны біз білмейміз. Бұл да бір кезегі келгенде арнайы сөз етуге тұрарлық мәселенің бірі.

Жастар баспасы «Жалын» әртүрлі ортақ жинақтарды шығаруды жөндеп бастағанмен, жас сыншылардьң тәуір деп танылған жеке кітаптарын жариялау мәселесін әлі де шеше алмай отыр. «Жазушы» баспасынан жыл сайын жарық көретін 10 шақты кітаптың көпшілігі әдеби-зерттеу еңбектері болып жүр. Өткен 1882 жылы бұл баспа жалғыз сыншының (Т.Мәмесейітов) жинағын шығарумен қанағаттанды.

«Жалын» альманағы бетінен жас сыншыларымыздың әртүрлі әдебиет мәселелерін сөз ететін өткір мақалаларын сирек оқитын болдық. Оның есесіне, «Жалын» бетінде орта буын жазушылардың творчестволық портреттері, мүшелтойлық мақалалар көбірек шығады, ал жастар шығармалары жайлы өте сараң жазылады, бірлі-жарым рецензиялар болса мақтау-қошеметтен аспайды.

Бір кезде неқилы әдеби айтыстарға, пікір алысуға мұрындық болған «Лениншіл жас» газеті жас сыншыларды тәрбиелеу ісінде белсенділік көрсете алмай отыр.

Әрине, бір жағынан жас әдебиетшілердің өздеріне артылатын жауапкершілікті де ұмытуға болмайды. Бізде бүгінгі әдеби процеске үзбей қызу қатысатын, жақсы мен жаманның жігін айырып, тенденцияларды айқындаута ат салысатын жас сыншыларымыз саусақпен санарлық қана. Кейде өткір айтудың орнына өтірік айту, қымбаттың бағасын кемітіп, арзанның бағасын асыра сілтеу сияқты біржақтылык та кездеседі. Кейде жеке басының қамын ойлау, жеке басынын арзандығын араластыру секілді ұнамсыз мінездер де бой көрсетеді.

Әдебиеттің тазалығы сынның тазалығынан басталатынын ұмытпайық.

«Жұлдыз» журналы,

1984 жыл, № 3.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: сын, СайынМұратбеков, Муратбеков, Жастарәдебиеті, сарғайғанпарақтардан, әдебисын
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар