Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Сағыныш Намазшамова. Өзіме ыстық өз бақытым, өз қайғым.

20.07.2019 1042

Сағыныш Намазшамова. Өзіме ыстық өз бақытым, өз қайғым.

* * *

Бір аунап түсті Күн тағы,

Тыраулап кетті түндерім.

Қылаулап қардың ұнтағы

Сыр аулап тұр ма, білмедім.

Тоңдырып тұрып қолына

Қондырып жатыр қараша.

Соңғы үміт демей, сорыма

Сендірші мені балаша.

Көз ілгім келмей сандалам,

Сезімнің жерлеп мүрдесін.

Болармын қалай тәнге алаң.

Жаныма балап жүргесін.

Дәл солай, мыңның ішінде

Менікі болар жоқ ешкім.

Мұнара мұңның ішінде,

Тұра алар енді емеспін.

Еміренбе және құшпа да,

Әйнектің арғы бетінен.

...Ұғатын мені құс қана,

Ұнатып қалма, өтінем.

* * *

Мұңым емес шығар, бәлкім, бір менің –

Төгіп-шаштық шіліңгірін шілденің.

Құс жолымен қайтып бара жатыр ма

Қарашықтан қаз боп ұшқан күндерім.

Қалай оның бірі қалып, бірі ұшпақ?!

Көкжиекке көзің тікші дұрыстап.

Қадіріне жете алмаған көктемнің

Қабіріне барам енді гүл ұстап.

Ештеңені еншілемен ендіктен,

Есімімді әйгілемен ерлікпен.

Сырқатымды сыр ғып бүгіп қашқанмен,

Маған қарай ентелейді ем біткен.

Жан-жүйкемнің тазартам деп тозаңын,

Маған келіп таңады күз өз әнін.

Қайран болар ма екен дейтін үмітпен

Қаймана әннің қайырмасын созамын.

Құлағыма сарыны кеп бақсының,

Жайраң қағып жетелейді жас күнім.

Көрінейін демеп едім көмескі,

Бөрідейін білдірмейтін аштығын.

Мұңым емес шығар, бәлкім, бір менің –

Сүйген ерін... күйген ауыз... үрледім.

Бопай батырдың Кенесары жасағына

қосылардағы сөзі

Қайран да қайран, қайран жұрт,

Адуынды жауға айлаң жоқ,

Қапыда кеттің қосақта.

Қайғырғаннан қайран жоқ,

Белімді будым, мұрсат па?

Бұрымды түйдім,

дулыға кидім бұл шақта,

Қопарылып қол бастауға бекіндім,

Ошарылып отыратұғын кез бе бұл

От орнындай ошақта.

Қозы жауырын жебесі

Қойнында қалған қарт далам,

Шиыршық атып шебіңде

Шіреп бір тұрып тартпаған

ұлың бар ма еді,

мойнына атанның жүгін артпаған.

Қомсынар болсаң қатын деп,

Қамшыңды сілтеп, тарт маған!

* * *

Тым ерекше қажет етер күтімті,

Ғұмыр деген ол о баста бүтін-ді.

Қылпып тұрған кездігімен уақыт

Оны да енді жонып-жонып бітірді.

Кемшін түсіп жатпаса да жырлауы,

Тіршіліктің қайдан болсын тұрлауы.

Аяғынан шалып жүрген өмірді

Өз етігі байланбаған бір бауы.

Оған, сірә, жүрмейді екен өкпең де,

Өкпелейтін өзімшіл сөз жоқ менде.

Дүниені дүр сілкінтем алайда,

Жүйкем менің жетер жерге жеткенде.

Тек әзірге легіменен дүрмектің

Еріп келем, қашанғы өстіп жүрмекпін?

Жетегінен босап шығам жүгеннің,

Қалауымша сосын өмір сүрмекпін.

Сонда менің қалауым не? Қалауым...

Тоғышардың бұзсам, шіркін, танауын.

Толағайдай талмай жетсем мәреге

Еңкейтпестен адамдықтың жалауын.

Ырық бермей сан айлалы күштерге,

Өткір ойым, өзекті жар, іште өлме.

Төреші боп тағдыр тұрар ортада

Ақ пен қара итжығысқа түскенде.

Өгейсініп тебе көрмей өзекке,

Әнтек қана сүйеп жібер мезетте.

Сонда бетпақ тіршілікке өліспей

Беріспейді мен секілді бозөкпе.

* * *

Шырайы кем, шапаны да шоқпыт түн,

Шипаң жоғың біліп тұрып, көп күттім.

Маңайына жарық берген май шамдай,

Өзімді өзім жеп біттім.

Күн болам деп көкке қолым созбаймын,

Өзіме ыстық өз бақытым, өз қайғым.

Шарасында шүпілдедім көздердің,

Тамып кете жаздаймын.

Тама жаздап қайта өтемін өңештен,

Көзге түспес көлеңкеден емес пе ем?!

Ақыл-естен ажырамау үшін тек,

Ел жасаймын елестен.

Беймезгілде бас көтеріп бүршік-ән,

Мен де өзімше ерік бермей қырсығам.

Түн...

Түс көрем...

Тұншығам...

Қызғаныш

Баршамызға ортақ Күн де, ортақ Ай,

Сіз де ортақ екенсіз-ау, о, тоба-ай?!

Қызғанышым бұрқ-сарқ етіп ішімде,

Қайнап-қайнап таусыламын сорпадай.

Бірі – ауа, бірі – топырақ, бірі – су,

Қажет шығар бәріменен ұғысу.

Қайталауға жатпайтұғын өмір бұл –

Байқамауға бел байлау һәм тырысу.

Тырысармын, тырысудан кенде емен,

Қызғанышты жылап тұрып жерлегем.

«Есерлігім елігуге бастаса,

Есендігім-сен», - демесең сенделем.

Сенделемін өзімді өзім кінәлап,

(Жолың мұндай болар ма еді, сірә, бақ?!)

Толып тұрар болмағанмен бокалдар,

Жолықтырар бізді ертең жыр-алап.

Сонда біздер жарысамыз жыр оқып,

Өндірдей ғып өшкен күнді түлетіп.

Оқырмандар, отырғандар жыр тыңдап

Сонда бізге қол соғады ду етіп.

Сонда бізге қол соғады тоқтамай,

Екеумізден ынтықтықты жоқтамай.

Сонда ыстық ықыласқа ырза боп,

Шашу етіп шашамыз біз көпке арай.

Ортақ өлең – ортақ әлем, ортақ құт,

Ұсынады сыбаға етіп мол шаттық.

Біз данышпан болмасақ та, бәтірі-ай,

Қызғаныштан құтылатын жол таптық.

* * *

Күнәмді менің отырған жандай бек біліп,

«Қорлама» депсіз жазықсыз жапа шектіріп.

Қорғасын сөзді қауырсын жүрек көтермей,

Ішімде дауыл алай да дүлей кетті ұлып.

Сізді емес, осы сөз мені қорлап тұрды нақ,

Қызғаныш салған лаңнан жаным тұр жылап.

Биікке бірге қол созған қайран күндерім

Көз алдымда тап барады енді құлдырап.

Жанның барына жүр едім сеніп

мені ұққан,

Жүгіре шықтым желдеуіт жаққа сол ықтан.

Бейтаныс көше.

Көтере бердім қолымды,

«Тарт, -деймін – алға»

таксиге бірден жолыққан.

Қалай болса да бағытымды алға белгілеп,

Айтарымды айтам алғашқы және соңғы рет.

Көтеріп қайтем, қуаныштан, иә, қайғыдан

Атылсын жатқан жүрегімдегі зеңбірек.

* * *

«Қарғам» деші,

Толқын-толқын ағылсын арман көші.

Жанкешті боп өтейін жалғанда осы.

Демейсің бе?

Ал онда:

«Қарашаның қол бұлғап қалған кеші

Жалған» деші.

«Тәттім» деуші ең,

Аялауға жаралған ақ гүлдерше,

Маңдайыма гүлдесте таққым келсе,

Тосырқама тосыннан келген кім деп,

жат біреуше.

Үмітті еткен,

Күліп келіп, тағы да күліп кеткен,

Қызық көктем.

...Ойламауым өзіңді мүмкін емес,

Себебі,

Сен жайлы ойлар қаныма сіңіп кеткен.

* * *

Зулайды күндер зымыран,

Өмірдің өзі – тым ұран.

Ұпайы түгел ұраннан

Сынардай миым-құмырам.

Зулайды күндер, тұрмайды,

Артына мойын бұрмайды.

Келешігіміз күні ертең

Толғанады екен кім жайлы.

Зулайды күндер тоқтаусыз,

Жоғалтқандарым жоқтаусыз.

Батырады екен тереңдер,

Қорқытады екен көп даусыз.

Табаны тастан таймаған,

Уақытты жүйрік дейді адам.

Қалып қойдым ба, білмеймін,

Озып кеттім бе? Ойланам.

Ай мен Күн кезек өрмелеп,

Тұрмайды Жер де дөңгелеп,

Қолымыз жетпес жұлдыз да

Құлайды неге Жерге кеп?

Алаңдай берем несіне,

Жүрсемші мен де көсіле?!

Өкшеміз батып жүр ме екен,

Қара жер, сенің төсіңе?

Кешіре көрші, кешіре!

* * *

Берілгем жоқ жорта мұңға,

Бүтінмін бе, ортамын ба?

Жүрек жиі соққанымен

Қуануға қорқамын ба?

Көңіл толқып, тасығанмен,

Жан сырымды жасырам мен.

Маңдайымнан сипап тұр ма

Мен өмірге асыранды ем...

Ішіндегі бір кеменің

Үміт түнеп іргеме мың.

Иілгенде иім бостау,

Сынып кетсем сыр беремін.

Сағынамын, жабырқаймын,

Жай табады жаным қай күн?!

Жансебіл боп жүргенімде

Кімді қайтіп жарылқаймын?

Қыздырумен ой базарын,

Көргенімше беймазамын.

Бұзып кетсем қайтеді осы,

Бұ дүниенің кейде заңын.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар