Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Сағыныш Мұхитқызы. Ғашықтығымды жаңа ұқтым

21.09.2019 1547

Сағыныш Мұхитқызы. Ғашықтығымды жаңа ұқтым

Утеулиева Сағыныш Мұхитқызы - Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Майдакөл ауылында 1986 жылы 9 қаңтарда дүниеге келген. Өлеңдері 2017 жылы Алматы қаласында жарық көрген Республикалық жас ақындардың «Жастық – жалын жыр» антологиясына және Республикалық «Мәртебелі мамандық» журналына, облыстық «Ел тілегі» газетіне бір топ өлеңдері шыққан. Аудандық мұғалімдер арасындағы Рүстем Жанай, Алмагүл Қаржаубаева атындағы жыр мүшәйралары мен Мұхтар Шаханов, Оралхан Бөкей, Абай, мектепішілік Фариза Оңғарсынова, Мұқағали Мақатаев оқуларының жүлдегері. Жақында Астана күніне орай Астана қаласындағы Қалқаман Сарин басқаратын қазақтың «Шалқар» радиосының «Қауырсын ғалам» бағдарламасының қонағы болған.

***

Кезіктің...

Сыр айтқың кеп оқталғаныңды сезіппін,

Жабырқау тартқан жұмбақты жанарым

Жүр ме екен біздей тағдырға төзіп кім?

Сыр ашпа...

Мен емес, жүрегім езіле жыласқан,

Үлбірлі сезім ғой лебін іздеген ,

Көгім де сарылып, егілді мына аспан.

Жабықтым...

Көңілден мөлтілдеп тамып мұң,

Дүнием елжіреп ерекше езілді

Ғашықтығымды жаңа ұқтым.

Өтінем...

Тірлікке төзгенмен жүректе жетім ем,

Баһадүр шығармын әрдайым сынайды,

Бірінен құтылсам, бірі шығып шетінен .

Оралма...

Қажыған күйім бар тоналған

Серпіліс сәтімен сапарға жол шектім

Күткейсің, алғаусыз ақ арман !..

***

Бір сәт бар

Үздірмей үмітті жалғайтын,

Бір сәт бар

Қиялмен құлашың талмайтын,

Бір сәт бар

Танытар жалған мен арды айқын,

Бір сәт бар

Лауларға сенгенмен, жанбайтын.

Бір бақ бар

Келетін күттірмей уағын,

Бір бақ бар

Көремін ... жетуге мың адым,

Бір бақ бар

Қарайлап мен дәйім тұрамын,

Бір бақ бар

Болғаның үшін де ұнадың.

Бір жан бар

Жаныма, көңілге дем берер,

Бір жан бар

Рауанды ақ таңға тең келер,

Бір жан бар

Жабыққан сәтіме көнбеген

Бір жан бар...

Сол үшін жанар –от сөнбеген.

Өмірге кеткен есем көп,

Жүректе кеткен ақым бар.

Тіршілік, сені ұнатам ,

Болса да баста жүз қайғы

Дүние сондай тым ыстық

Атса да тағы жаңа таң,

Сонда да жан мұздайды.

Біз жүрген із, сапар жол,

Бірде бел, бірде құздайын

Төбемнен күнім нұр төкті

Түнектен қорғану үшін де

Көзімді күннен жазбайын.

Тірлікте егес сәт көп қой ә?

Татсам да дәмін аздайын,

Тағдырым маңдайдан сипап

Тіршілік еркелеткенде ...

Жабыға, босқа тозбайын.

Ғұмырға құштарлық болар,

Жүректен ұшты жазбай үн,

Маздасын десең,бер үміт

Жалыны сөнгенше маздайын.

Көңіл бар тұрар сетінеп ,

Толқыса теңізге айналар

Өмірге кеткен есем көп,

Жүректе кеткен ақым бар.

***

Маңайым бақ, айналам толы гүлзар.

Соқса да самал ,келсе де жерге неше күз

Ғаламның бәрі ғаламат желек киіпті...

Мен ғұмырға ғашық екем ...

Неге десеңіз?!

О, Өмір, маған қарашы күліп, жымия,

Сырыңмен жанды емдерсің сенем,

Жырым, иә?!

Қатталған мұңды өзіңе ғана төккен ем

Құрбыма айнал, атайын сені, «Сырұя»!

Сыр

Шертілер Сізге сырымды,

Кеше емес, бүгін ұғындым

Сіз де бір жұмбақ әлемсіз!

Мен де бір жұмбақ ғұмырмын.

Біздегі өлке - мекен түз,

Тілдеспей үнсіз өтерміз,

Шерімді шерттім самалға

Одан өзге енді не етерміз?!

Перзент сыры

Армандарым бет алғанда қияға,

Ой- сапармен барам өрген ұяма,

Аңсап барған ақ көңілге дем беріп

Жақындарым құшақ ашар жиі алдан.

Беттегенде күй кешкмін «ертегі»,

Қас –қағымда сыйым болған ертеңім,

Бал күндерді балдай етіп еске ала,

Жүрегіммен үнсіз әуен шертемін.

Іздейтінім – төрдегі әкем бейнесі,

Көрген сәттен кештім бақты күйді шын,

Менің мұнша аңсарымды түсінген

Қыз балаға теңдесі жоқ сый десін.

Ендігі «сый» жанға таныс тосын үн,

Ғұмырыма берер дәйім шешімін,

Жайсаң анам – тағдырымның бағдары

Перзент үшін биік сенің есімің !

Міне осылай жанның шөлін нұр еттім,

Іңкәр күйлі үр жаныма гүл ектім,

Бәз біреуге сыр алдырмас түнекпін,

Ал, біреуге жүрекпін.

Ай

Көтеріліп келеді ай дөңгеленіп,

Мұндай сәтті көп болды көрмегелі,

Толған айды қызықтап қараушы ем

Ауылдағы биіктеу дөңге келіп.

Ғажайып сәт далама нұрын төкті,

Айды көріп кенеттен күлімдеппін,

Айды көріп «бұл менің мұңім» деппін,

Үнсіз ғана «айлы уақ - сырым» деппін.

Бала күннен ұнайды ай бейнесі,

Ай тудырар адамға ой күймесін,

Көрген айды теңеймін ақ аруға

Жұлдары жарасқандай һәм түймесін,

Есейсем де тосамын айдың нұрын,

Ай туғаннан бүр жарар ойдың гүлі,

Айлы түнде жол алар ойдың легі,

Айсыз аспан- мен үшін жәй түндерім.

Үнсіз бейне нұр төге жымияды,

Сұлбасынан тілекші досты көрем,

Аспан айсз болса мен мұңаямын,

Айлы аспанды , әйтеуір, жақсы көрем.

Досыма

Ақтарғым кеп тұр, өзіңе досым, бұла сыр,

Сағынғанымнан тізбек тізіліп жыр асыл,

Досым деп сен ардақ тұтамын, ардақтым

Жазған лебізім жүректегі үннің расы.

Біздегі достық белгісі іспетті көктем ғой,

Іздесең егер жанымның жарты жақұты,

Күйімді ұғар сен барда қалмас бөктерде ой

Есен жүрші, мендік әлемнің бақыты!

***

Мен Сізді әр сәт күліп қарсы алам,

Күліп қарсы алам, Замандас!

Қаламың қолдан түспей жүрші аман,

Жүрші аман дәйім, Қаламдас!

Кейінгі толқын дәл Сіздей бола алмас,

Бола алмас өзімдей көргенмен,

Құшақты Сіздердей ашуға жаралмас,

Сеземін шынайы сенгенмен.

Көңілден төр беру достық хақым ғой,

Жүректің кірбіңін Сен көрме,

Үнсіз кейіпте тілдесу датым ғой,

Ойыңды оқыдым өзіңді көргенде.

Ғұмырға ғашықтық

Көңілімді көшіре алшы көшкін қып,

Жүрегіме жәй жіберсең тосқын қып,

Көкке қарап бой түзеген әз жаным,

Үнсіздікпен тылсым күйде өссін тік.

О Тәңірім, тірлік бердің бағым ең,

Жалындайын аз ғұмырға жалын бер,

Сын кезеңді сый деп тарттым өзіме,

Жүрегіммен сыр төкпекші тағы мен.

Сындарыңды сертімдей тостым құп,

Жанарымды жасытпадың бос құм қып

Тіршілікке тоймай бәлкім өтерміз,

О ,Тіршілік , Сені сүйемін, бес күндік !

Құс боп ұшып кетеміз...

Ғашықтар ек таусылмас жыр дастаны,

Сырласудан білмейтін еш басқаны,

Көріспесек іздейтінбіз жүрекпен ,

Қайран, уақыт қас қағым!

Қимаушы ек қимастардай біз деген,

Еш уақытта үміт жібін үзбеген,

Қоңыр күзде қоңыр көңіл орын ап

Мұң құштырған күзгі өлең.

Содан бері орта маған тас ғалам,

Жүрек сырым арнасынан аспаған,

Мен ғаламды бұрнағыдай сүймеймін

Сүйе алмай, жасқанам...

Сол уақтан соң тәтті мұңға ғашықпын,

Тағдыр тіпті еңсені езсін, жасытсын,

Ғұмырымның жазған жолын кешейін

Бекер бақыт тосыппын...

Сен де, Мен де армандарға жетерміз,

Кезігіп жолай ,изеп те басты өтерміз,

Өткен күндер түскенмен еске амал не ?!

Біз түбінде құс боп ұшып кетеміз...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар