Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
«Роман-Драма» журналы шыға бастады

23.06.2021 2449

«Роман-Драма» журналы шыға бастады

Биылғы жылдың басынан бері елімізде «Роман-Драма» деген өзгеше сипаттағы әдеби журнал жарыққа шыға бастады. Сонау Одақ кезінен танымал «Роман-газета» журналының дәстүрін ұстанған бұл басылымның өзіндік ерекшеліктері де бар. Журналдың әрі құрылтайшысы, әрі бас редакторы Жолтай Әлмашұлы.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының кандидаты, Қазақстан жазушылар одағының пленум мүшесі, бірқатар әдеби сыйлықтардың лауреаты, жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлы жаңа журналды оқырманға былайша таныстырды:

«Осындай бір журнал шығару көптен ойда болатын. Оған алғашқы себеп – бізде прозалық және поэзиялық шығармаларды жариялайтын журналдар баршылық, ал драматургиялық туындылар еш жерде жарық көрмейді, сол олқылықтың орнын толтырсақ деген ниет көптен көкейді кернеп жүр еді. Сосын да басылым атын осылай айқайлатып атадық. Екінші себеп – көп жағдайда қазақ басылымдары көлемді дүниені толығымен жариялауға аса ынталы емес, сол себепті кейбір романдар мен повестер жұлмаланып жарық көріп жатады, осы жағын да ескеріп, жақсы дүние болса, көлем жағын да қысқартпауға тырысып бағамыз.

Бүгінгі күнге дейін үш нөмірін шығарып үлгердік. Әдебиетшілер арасында өте жақсы қабылданды-ау деп ойлаймын. Өйткені, күнбе-күн хабарласушылар баршылық. Бірқатар қаламгерлер «бұл уақыт талабынан туған журнал болды, енді ғұмыры ұзақ болғай» деп ықыласты пейілін де айтуда. Шамаға қарай жалғастыра береміз, әрине!

Журналдың ұстанған принципі – бір прозалық, бір драмалық туынды жариялап отыру еді. Қазірдің өзінде Төлен Әбдіктің, Дулат Исабековтің, Тынымбай Нұрмағанбетовтің повесть-драмалары жарыққа шықты. Сонымен бірге біз мұнда тек қазақ қаламгерлерін ғана емес, алыс-жақын шетел қаламгерлерінің шығармаларын жариялауды да мақсат еткенбіз. Негізінен түркі тілдес елдер жазушылары мен драматургтерін қамтимыз. Жарық көрген үш нөмірде қырғыз Сұлтан Раевтың «Кашаба» повесін, башқұрт Флюр Галимовтың «Песнь о Салават батыре» деген тарихи пьесасын жарияладық. Ал алдағы сандарына Алдан Смайыл, Сайлаубай Жұбатырұлы, Қуаныш Жиенбай, Ақылбек Шаяхмет, Мәди Айымбетов, Нұрғали Ораз, Мағира Қожахметова секілді қаламгерлердің туындыларын жариялау жоспарланған. Әрине, түрік, әзербайжан, татар, өзбек, қарақалпақ, түрікмен, ұйғыр, ноғай, құмық, қарашай, малқар, қырымлы, қарақалпақ, алтай, хакас, тыва, шуваш ағайындардың да қалам иелері назардан тыс қалмақ емес. Сонымен бірге, алдағы уақытта журнал бетінен жас таланттарға да молынан орын беретінімізді айта кетелік».


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар