Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ретбек Мағаз. Күнәсі көп тәніме оранды мұң

24.02.2019 1514

Ретбек Мағаз. Күнәсі көп тәніме оранды мұң

АЛА МЫСЫҚ

Қыз деміне, ып-ыстық тынысына,

Түн өртенді, айырылды тынышынан.

Ала мысық керіле көтерілді,

Үйдің көрдей қараңғы бұрышынан.

Марғауынан ас беріп асыраған,

Өз мысығы, жуытпас қасына адам.

Қыз да аунақшып керілді, жастығына,

Қара шашы шырмалып шашыраған.

Қыстың түні ысқырған далада үсік,

Қозғалады қос алма жаңа пісіп,

Аппақ тәннен домалап кете жаздап,

Шықты есіктен баспалап ала мысық.

Шықты мысық мамықтай қимыл-ісі,

Қарашыққа қиялы ұйлығысып.

Қараңғылық астында жатыр үнсіз,

Пырылына үйездеп үйдің іші...

Қонақ жігіт жатқан үй есігі ашық,

Ала мысық бір басып, екі басып,

Қасына кеп жайғасты, көрпесінің,

Тырнағымен ақырын шетін ашып.

Пыррр, пыррр...

СЕМІЗ МЫСЫҚ

Иен тауда, қойшының қисық тамы,

Төбесінен төнеді түн сұқтанып.

Қарды алысқа айдайды салт атты жел,

Өрме тілі ысқырған бишікті алып.

Бөріні де жүректен түйреп атқан,

Ал, қойшыға бәрі бір үйде жатқан.

Сол баяғы жалғыздық, жалшы тірлік,

Сол баяғы ақ тонын киген ақпан.

Үй ішінің белгісіз күндіз, кеші,

Күңгірт сәуле, тыныштық тұр мінгесіп.

Қабырғада жарнама – жалаңаш қыз,

Ескі жылдың сарғайған күндізбесі.

Айнымайтын әр күні, әр күнінен,

Қойшы көзі сұлудың балтырымен,

Арбасқанда, көрінер семіз мысық,

Көлеңкесі ұлғайып шам түбінен.

Тау арасы, қанша жыл қысыр қалып,

Ісінген бұл мысық қой іші ырғалып.

Тері сіңген көрпесін құшағына ап,

Қойшы ұйқыға кетеді құшырланып.

Қиялында шарықтап көңіл құсы,

Түс көреді сол қойшы теңіз құшып.

Әлдекімнің есімін қайталайды,

Тырмалайды көрпесін семіз мысық.

ХАЛЫҚ ӘНІ

Ең алғаш аттың жалында туды мүмкін бе?

Шырылдап жатты бауыры баяу бүлкілдеп.

Шырылын алғаш шалып қап шықтың құлағы,

Тостаған гүлден есі ауып жерге құлады.

Таңдайға салып тамсана берді топырақ,

Қара жер сонда бусана берді жеті қат.

Ұлыды көкжал іліп ап үнді қыр асқан,

Кеудесін тесіп өтерін біліп тұр аспан.

Есімі қайда? Есіл үн кетті жаңғырып,

Көлдерге тұнып, таулардың белін талдырып.

Ең алғаш аттың жалында туды мүмкін ғой,

Дәл соның өзі қанымда желген бүлкілдеп.

Даланы кезіп қырларға жетті қырлардан,

Жалғыздың үні ғаламның өзі тыңдарман.

Тек қана оған селт етпей кеткен қалқасы,

Тек қана оған қайырылмай кеткен бұл жалған.

***

Ақпанның түні бедірейген,

көпірдің темір жақтауы,

ақ қырау мұрты едірейген.

Сұғыңды маған қадама.

Ақ қырау еді тылсым дем,

дүние жаңа күрсінген.

Күрсінген демі ақ қырау,

қона алмай жатып кір сіңген.

Деміңнен тұрған қыраудай,

сұп-суық мына өмірге -

оны да, жалған, аяшы,

кір шалған аппақ көңіл ғой...

БҮЛДІРГЕН

Өшірмейсің ең бір аңғал шақты ойдан,
Кімдер екен бүлдірген деп ат қойған.
Мен біреуді ойладым ба білмеймін,
Бал дәміңдей таңдайымда қап қойған.

Мүмкін соның бетіндегі ұят па ең,
Құлағымда сыңғыр-сыңғыр күй, әттең.
Мазам неге кете берді дүние-ай,
Мен ештеңе бүлдірмеген сияқты ем.

Қымыз сезім, қызық дәурен көкпардай
өтті бастан, айтыңдаршы тоқталмай,
Тобылғының түбіне кеп бүлдірген,
Төгілгенде үркіп ұшқан топ торғай.

Бүлдіргенін төгіп алған тегештен,
Мен құрбымды ойлай бердім тел өскен.
Тобылғы сап қамшың қайда, Әрбибек,
Бере тұршы арылайын елестен.

Бұл күндері қаладағы гүлге тең,
Көңілімді енді кімге үлгі етем,
Аңсатының бүлдіргені сені әлі,
Бүлдіршіндер жинай алмай жүр ме екен...

ТАҢЕРТЕҢ

Түргенде шымылдығын желекті аспан,
Естілді тірлік үні жел ап қашқан.
Бұрқырап буы аспанға жатқан қойдың,
Серкесі ерте оянып серектастан.

Түнімен тамған сәуле далаға айдан,
Шық болып шөп басына тұнады ойнап.
Қойшы аға шыға келді кердөненін,
Жетелеп қапталдағы қарағайдан.

Дидары жеңешемнің таңша ағарып,
Отырды тас ошаққа арша жағып.
Түтін-қыз тірлік иісін қалдырды да,
Аспанға сіңіп кетті аңсары ауып.

Ер салып жатқан ағам ысқырығы,
Секілді таңда оянған құстың үні.
Жеңгем жүр, бұрымында арша иісі,
Бүлдірген ерінінде қыстырылып.

Төр жайлау, сен де мендей, мен де сендей,

Көңілім кермедегі кердөнендей.

Телмірдім шаңырағымнан шексіздікке,

Аспанды бұдан бұрын көрмегендей...

ЕС БІЛГЕН ШАҒЫМДАҒЫ КҮЗ ЕДІ

Күзгі кеште Ертістің жағасынан,
Құлағыма жететін адасып ән.
Құстың әні секілді қыстыққан үн,
Тұрақ таппай көк пен жер арасынан...

Ертіс бойын кезетін жел жүгендеп,
Жазалмаған ғазал-үн мезгіл емдеп.
Әлде қандай шадыман шақтарды аңсап,
Әлде нендей қанбаған шөлді меңзеп.

...қыстыққан үн құс емес пенде білем,
Топырақтың исі бар жердегі дем.
Батар күннің шоғына бастырылып,
ертіс болып аунаған шер де күрең.

Сол ән қалды әкемнің тілегінде,
Сол үн қалды анамның жүрегінде.
Шертілмеген домбыра тиегінде,
Жыламаған сәбидің иегінде.

Қарындастың бұйығы жанарында,
Ағалардың мызғымас қабағында.
Сылдыр-сылдыр қамыстың сырғасында,
Бұйрат-бұйрат құмдардың табанында.

Артта қалған елімнің арасында,
Сондай бір ән бар еді нанасың ба?!
Әпекемнің анамдай бейнесінде,
Ерте есейген інінің санасында.

Маған салып береді сол әнді кім,
Күнәсі көп тәніме оранды мұң.
Бұйра құмда бой тартқан қаңбақ едім,
Ықтасынға ығысқан боранды күн.

ЕСКІ ЖҰРТ

түн.
Алтайда біздің ескі көшкен жұрттың,
Ошағы әлде қашан өшкен жұрттың,
Шеңберің бір құйын жел шыр айналып,
Жүреді от жаққанша Ұмай барып.


Содан соң рухы кезіп бес енемнің,
Жазуы айқындалып пешенемнің,
Төрт түлік сүті сіңген жер ошақтың,
Басынан иісі аңқиды болашақтың...

Адасып жұртта қалған балалығым,
Астынан топырақ жеп табанының.
Топырақ арасынан тартқылайды Ол,
Кесілген тұсауының ала жібін.

Бөрілер Ол ойнайтын тасқа шығып,
Шулайды, бұрынғыдан басқаша ұлып.
Ескі жұрт, жәутеңдейді балалығым,
Бұл жалған көзіндегі жасқа сіңіп.

Қара тау қара нардай белге берік,
Зарлайды қарағайы желмен еріп.
Алтайда, ай астында, дөң үстінде,
Жұрт жатыр бұ жалғандай дөңгеленіп.

Таңбасы ол жеті атамның жерге басқан.
Ол жайлы айта алмайсың сен неге, аспан.
«Барады ауылым көшіп белден асып,
бұлттармен араласып белден асқан»...

Суреттер ғаламтордан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Ретбек Мағаз
(0)

Пікірлер

Нұрбек

24.02.2019 11:00
Недеген тәтті, Рекең жасасын!!

Имангали.К

24.02.2019 14:29
Рекемай жарайсың өрнектей төгілген, сулу қыздың жугындей Әп-әдеммі таспадай тускен сулу жырларыңмен қуанта бер өз оқырмандарыңды.Жазарың көп болсын.....ішу......Керек...Ау.....А

Серік

24.02.2019 16:36
Өте керемет

Қуанышбеу

30.05.2019 09:53
Тәтті сағыныш, өте керемет
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар