Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Рауан Қайдар. Кекілінен сипадың құлын жырдың

27.10.2019 620

Рауан Қайдар. Кекілінен сипадың құлын жырдың

Туған жер

Сан сағыныш санамды буындырдың,

Мен өзіңсіз бұлт басқан бұлыңғырмын.

Бәйгесіне өмірдің баптап қосып,

Кекілінен сипадың құлын жырдың.

Қайта түлер қайманам келді көшің,

Артық көрер өзіңнен енді несін?

Құрсақтағы тағдырым Құдайға аян

Сәби күнгі сырымды сен білесің.

О, туған жер сен едің оққағарым,

Сезінбеппін себебі жоқ хабарым.

Қиял қуып қияға аттанғанда

Қимастықпен қол бұлғап көп қарадың.

Әлпештеген әлдиің әлі есте жүр,

Пендеміз ғой әрнеге әуес көңіл.

Шахарыңнан шарықтап шабыт құсы

Іңгәләді іргеңде нәресте жыр.

Туған жердің сағындым отты кешін,

Жанардағы жасымды кептіресің.

Кіндігімді кескеннен куәгер боп

Менен гөрі мен жайлы көп білесің.

Соқпағына тағдырдың соғылдым-ау,

Соғылдым-ау сондықтан көңіл қырау.

Өзің ғана басып ең бауырыңа

Өзегімнен тепкенде өмір мынау.

Атам айтып жүретін фәниді көп,

Туған ұлын туған жер таниды деп.

Сағыныштан бір күні үзілер ме?!

Алып ұшқан сендерге сәби жүрек.

Мінезінде иісі бар Исламның

(оқиға желісімен)

Танытқанмен тағдырға неше қайрат,

Ахиреттік көрмеген есеп ойлап.

Арқасына дорбасын асып алып

Келе жатты бір ана көше бойлап.

Жастық шақтың үзілсе дәуір жібі,

Тіршіліктің шырқалмас тәуір жыры.

Дорбасының ішінде сол ананың

Тағдырының жатқандай ауыр жүгі.

Әрең-әрең келеді шыдап енді,

Қарттығынан жеткендей сірә белгі.

Үйіңізге апарып салайын деп

Қарсы алдынан бір адам шыға келді.

Бүркеніп-ап ұяттың орамалын,

Әлгі жігіт атқарды жол амалын.

Ауыр жүгін көтеріп қана қоймай

Көңілінде көтерді сол ананың.

Дидарынан дұшпандық байқалмады.

Ана көңіл жадырап жайқалғаны.

Сол кісінің ісіне риза болып

Алғыстан басқа ештеңе айта алмады.

Бірақ,бірақ оны бос қайтармады.

Аяң басып үйіне жақын келді,

Тоқта балам өтейін ақымды енді.

Тыңдап алсаң опынып қалмайсың деп

Ақысының орнына ақыл берді.

«Бұл күнде шырқалмайды шаттанып жыр

Аталар ұстаған дін тапталып жүр.

Мұхаммед деген біреу ел ішінде

Мен пайғамбар едім деп ақталып жүр.

Абайла,сен осыдан сақтанып жүр..»

Мен осыған уайымдап келемін деп,

Ана сөзін бітірді терең үндеп.

Жігіт сонда жымиды апа сіздің

Айтқан Мұхаммедіңіз мен едім деп.

Жүрегіне ананың қонса дәлел,

Жаныңды түсінбепті қоршаған ел.

«Мен бүгін Исламды қабылдаймын

Сен шынымен Мұхаммед болсаң егер...»

Тиеді ғой сәждеге шекем бүгін,

Аңсамайды жәннәттай мекенді кім.

Мұхаммедтің таныды мінезінен

Исламның игі дін екендігін.

Пайғамбарым фәниден мәңгі ұзаған,

Алладан соң қарызбыз ал біз оған.

Қияметте біз үшін дұға қылар,

Тумау үшін пендеге зарлы заман.

Исламға кіргізіп қана қоймай

Жәннәтқада кіргізер жалғыз адам.

Жалындап өткен жас ғұмыр...

(Сұлтанмахмұт Торайғыровқа)

Ақбеттау жақтан арқырап шыққан ақтабан,

Сабынды көлдей сабырын ішке сақтаған.

Баянсыз мынау тірлікте саған тірек боп

Баянтау еді батасын беріп баптаған.

Асыл болса да асатын кім бар тағдырдан.

Өлшеулі күнде өлмейтін мұра қалдырған.

Шабытқа мініп шарықтап кеткен шақтарда

Толқыны қатты Торайғыр көлдей жарды ұрған.

Шуақты күндей шумақтарынан шашты нұр,

Баяулап барып Баянауылды басты іңір

Жалғанға қайтіп жарығын көрсетер ме екен

Жалындап өткен, жарқылдап өткен жас ғұмыр.

Ізбасары едің бименен, шешен, батырдың,

Ізгілік жолға іркілмей елді шақырдың.

Махмұттай ұлы мақтанышына айналып

Әйгілі болды әулеті Әбубәкірдің.

Залалы басым еді ғой заман былыққан,

Мәні жоқ мәнсап қаншама адамды құртқан.

Құрбан боп кеткен Құлагерлердің бірі едің

Құтқару үшін қазақты қараңғылықтан.

Білуге асық, білімге ғашық сері едің,

Өрмелеп шыққан, өшпейтін күнге теңедім.

Шоң менен Шорман, Торайғырлардай топ бастар

Шоқтығы биік Шоқпыттың ұлы сен едің.

Дертіңді ойлап, дегбірім қашып күрсіндім,

Қазақтың қамын өзіңнен артық білсін кім.

Жалынды жолын жалғайық жастар енді біз

Жиырма жеті де қиылып кеткен қыршынның

Ескелдіге барғанда

Жаздың айы. Жапырақ гүлдеп еді,

Бала біткен демалып жүрген еді.

Есімде жоқ екі айдың біреуі ғой

Маусым ба еді, жоқ әлде шілде ме еді.

Біздің ауыл Кереку іргедегі.

Көрген бе едік, біз оны сезген бе едік

Тұрса дағы тарихта безбенделіп,

Барып қайтсақ деп еді Ескелдіге,

Астанадан арнайы жездем келіп.

Ертең жолға шығамыз аттан деді,

Маған қызық Баянтау мақпал белі.

Елдің бәрі білмейді – ау, Ескелді – ол,

Мәртебелі Мәшһүрдің жатқан жері.

Жолсерік боп жездеме келдім дағы,

Көп нәрсеге таңғалдым мен мұндағы.

«Иесі келді деген» жер екен ғой

«Ескелді» деп жүрсе де елдің бәрі.

Жазғанына сын айтпас пешененің,

Жырға жүйрік, тілге бай шешен едің.

Бұл оның өмір сүрген жасы дейді

Жетпіс үш баспалдағы кесененің.

Серік қоспай Алладан сұраса нық,

Қабыл болар мүміннің дұғасы анық.

Керемет оқиғаға кездестік қой,

Кесененің ішінен шыға салып.

Өлімді ойлап, еске алып қияметті,

Шыққан кезде кім қандай зиян етті.

Күн ап-ашық, бұлтсыз боп тұрсадағы

Аспан жақтан ақ жауын құя кетті.

Қоршап алып сол жауын бұл алаңды,

Жуындырып алғандай тірі адамды.

Біз көліктің ішіне кіре сала

Аппақ жауын әп сәтте тына қалды.

Болсадағы күнәңіз қардан қалың,

Тәубе қылсаң кешірер Аллам бәрін.

Әлі күнге есімнен кетер емес,

Кесененің басында жауған жауын.

Мақтаныш

Мамыражай мамырдың тұнық таңы,

Алдымыздан атуда күліп тағы.

Атам онда жетпістің жетеуінде

Мен оқушы бастауыш сыныптағы.

Жыландардай жылжитын иір ізбен,

Араласып жүргендей жиі бізбен.

Әйтеуір оқу жылы бітер кезде

Әкім қара шықпаушы ед үйімізден.

Жапырағын жанымның тербейді леп,

Өкпелеуші ед оларға мендей жүрек.

Бар сыйлықты атама бере бермей

Неліктен бізге тәтті бермейді деп.

Балғын едім кәмпит қой бар қызығым,

Ол болмаса түсердей қан қызуым.

Білмеппін ғой тәттіден тәтті екенін

Тәуелсіздік дейтұғын жалғыз ұғым.

Көрдің ғой деп қария көп әурені,

Құттықтауға асыққан қоғам ба еді.

Атам бар да ат ізін сап тұратын

Ағаларды көрмедім содан бері.

Білмеймін ата сіз үшін не етерімді,

Бар білерім өзіңді етем үлгі.

Мақтанышпен айтушы ем достарыма

Майдангердің ұрпағы екенімді.

Үндемесін сыртыңнан күндемесін,

Халық берген атағың кірлемесін.

Медальіңнің мен үшін қадірі жоқ

Ата сенің кеудеңде жүрмегесін.

Сіз өскен жер ел емес тасадағы,

Серікбайдай батыр ғой бас адамы.

Мүткеновтың ауылында туған ұлдар

Мүмкін емес бір ерлік жасамауы.

Тәуелсіздік-тірегім

Құт дарып құлпырғандар,

Құның да артық елім.

Ғұндардың ғұрпын жалғар

Сақтардың сарқыты едің.

Жолында кіл мазақтың,

Жасадың кемел бағдар.

Ертеңі бұл қазақтың

Ертегі дегендер бар.

Хандық ол – ескі із еді,

Халықтың жауы деп пе ең.

Керуен көш түзеді

Керей мен Жәнібектен.

Иесін адал ардың,

Иманмен некеледі.

Бағыты бабалардың

Бақытқа жетеледі.

Тұлпардай шауып едік,

Тұяғы тас илеген.

Жауынгер халық едік

Жауына бас имеген.

Байқатпай құлдық кейпін,

Болайық бүгін батыл.

Біздің күш - бірлік дейтін

Бір ғана ұғымда тұр.

Намысы асқан елде,

Той міне дүбірлеген.

Намаздан басқа жерде

Тізесі бүгілмеген.

Қос көктем

Көңілімді көктемге көпір еткен.

Махаббаттың ыстық ед оты неткен.

Ес білгелі ерекше елжіретіп

Есімде қалып қойды екі көктем.

Асау сезім арманға асықтырды.

Баспалдағын кеудемнің басып кірді.

Бір көктем кеп айырып сүйгенімнен

Бір көктем кеп басқаға ғашық қылды.

Қайғы әкелген өткен жыл, өткен көктем.

Мұнарасын мұңымның көкке өрлеткен.

Қырық қия, отыз ой, алпыс арман,

Сексен түрлі іске аспай серттер кеткен.

Көңілсіз болады екен көктем бұлай.

Өзгеге шертпеуші едім өкпемді лай.

Көктем бірақ кектеніп қайтем саған

Басқарып тұр емес пе көктен Құдай.

Жадыратты осы жыл осы көктем.

Жабырқау ед жанымның көші көптен.

Толқыныма тосқауыл бола алмассың

Өйткені мен ғашықпын есі кеткен.

Иа ғашықпын, сырымның бәрі мәлім.

Жан сырыңды жасырма жалынамын.

Жаным сені қаншалық жақсы көрсем

Көктем сені соншалық сағынамын.

Біздің бақыт тұр екен биік кімнен.

Ой оқығым келеді тұйық түннен.

Енді қалған көктемді қарсы алайын

Енді ғана қосылған сүйіктіммен.

Сәби сәлемі

Әке-Шеше қуаныштың көбін көр,

Бала кезден бізге қорған едіңдер.

Мамандықты беске бітірмесең де,

Адамдықты беске білші дедіңдер.

Жанұяма жайсын құшақ ырыс күн,

Ұлдарыңа адам бол деп ұрыстың.

Кешір әке дәл өзіңдей болмасам,

Бірақ сендей болуға да тырыстым.

Жаным әке, жабырқап жүр ұлыңыз,

Перзенттердің бағын тілеп жүріңіз.

Тентектігім болса егер бойымда,

Сізден жұққан қасиет деп біліңіз.

Әкелерін сүймегендер сорлы ғой,

Санамды кеп сабалайды сол бір ой.

Артық туған ештеңем жоқ ешкімнен,

Тартып туған ұлың болсам болды ғой.

Алла жар боп алдымнан жол төселер,

Үш тілекті орындаймын десе егер.

Ең бірінші тілегіңді айт деп тұрса,

Аман болсын дейтін едім шешелер.

Ата-анаңды басқалардан кем көрме,

Шамаң жетсе арқалап шық белдерге.

Ал екінші тілегіңді айт десе егер,

Жәннәт қана сұрар едім сендерге.

Ал үшінші тілегімді дос түсін,

Олар менің қолымдағы қос құсым.

Ата-анам арамызда сау жүріп,

Ата-әже деген сөзді естісін.

Тағдыр бізге тарту етпей келте бақ,

Өзегімді бара жатыр өртеп-ақ.

Үш ұлдарың аман жүрсе алдыңда,

Үш тілекте орындалар ертең – ақ!

Қазаққа қазір ауадай қажет бір Баян

Азаттық алып, азанын айтты ел бүгін,

Шекарамыздан шетінеп кетті шерлі күн.

Баяндап тұр ғой керіліп жатқан кең дала

Баяндай батыр бабамның қылған ерлігін.

Баһадүр едің, сақа құл едің саптағы,

Айқаспен өткен, шайқаспен өткен шақтары.

Алысқан жауға арыстан болып атылдың

Тарланбоз елдің тағдырын ойлап арттағы.

Ержүрек едің ешкімге басын имеген,

Жауынгер тұлға жаурыны жерге тимеген.

Сақтығын ойлап, шаттығын ойлап қазақтың

Сардарым едің сауыттан басқа кимеген.

Намысшыл едің, найзасын сертке қайраған,

Қайратын ердің қайталай алар қай балаң.

Даңқына елдің дақ түскен сәтте жақынын

Жауындай көріп, жанын алудан таймаған.

Қадірлі едің, қасқайып тұрып төрді алған

Баяндар барда бақыт кетпеген ордаңнан.

Ізіңді жалғар ізгілер қайта туар ма

Ханына адал, халқына қамал болған жан.

Кемеңгер едің, кескіні бөлек Алаштан,

Ақыл құнымен, батырлығымен бағы асқан.

Бағытын бастар шағында Баянға қарап,

Абадан туған Абылайдың өзі санасқан.

Аттылы жорық атыңды сенің қылды аян,

Тілерім ұрпақ айта көрмесін мұндай ән.

Қалғыған рухын оятып тұрар кей кезде

Қазаққа қазір ауадай қажет бір Баян.

Есен-аман жатсың ба Ертіс Анам!

Серілердің байланып серті саған,

Толқыныңнан толассыз мен күш алам.

Неше заман өтсе де мыңқ етпейтін

Есен-аман жатсың ба Ертіс Анам!

Ажарынан көрінбес алау сағым,

Ғазал тұнған ғажайып ғаламшарым.

Қайта-қайта қол бұлғап шақырады

Қалып қойған жағаңда балауса күн.

Ертіс кейде толғансаң Абай сынды

Екпініңнен қаншама сарай сынды.

Қойын дәптер секілді көрінесің

Қойынына жасырған талай сырды.

Куәсің сен бәріне куәгерсің,

Арайыңнан сарайға шуақ енсін.

Қыран ерлер ұяңнан түлеп ұшып,

Құлагерлер туылған құба белсің.

Білесің сен сұм заман сұмдықтарын,

Ұлтым дейтін ұлдарды кім құртқанын.

Қара Ертістің оқимын қабағынан

Тарихымның айта алмас шындықтарын.

Күллі дүние жырлайды көркіңді әлі,

Тамырындай қазақтың солқылдады.

Қара Ертістің секілді толқындары

Қанат қақты ұлдарың өр тұлғалы.

Ертіс кейде толқиды, толғанады,

Басылады, қайтадан долданады.

Шырқалғандай Жаяудың «Ақ сисасы»,

Естілгендей Естайдың «Қорлан» әні.

Ертіс, Ертіс ирелең жолың нендей,

Күмбірлейсің күй тартқан керімдердей.

«Көмекей әулиенің» көп алдында

Көмейінен жауһар жыр төгілгендей.

Үйіп-төгіп бергесін маған да бақ,

Туған балаң өзіңе ән арнамақ.

Ерлікті де үйрендім саған қарап,

Кеңдікті де үйрендім саған қарап.

Арайланып таңдарың атсын алдан,

Жағасында із қалған жақсылардан.

Әжемнің де әжесі кірін жуып

Атамныңда атасы ат суарған.

Бір өзіңде болғасын бар аңсарым,

Айта алмаймын ешқандай саған шағым.

Өзенімді өлеңге айналдырам

Түскенінше қолымнан қаламсабым.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар