Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Поэзия мәтініндегі мифопоэтикалық таным

01.01.1970 1880

Поэзия мәтініндегі мифопоэтикалық таным

Көркем әдебиетте кейде автордың еркімен, кейде еріксіз тұрмыстық константаның (тұрақталған тақырып) тақырыптық өрісі маңызды орын алады. Яғни бұл – әлемдік және табиғи бастаулардан, универсалийден тұратын өмір құбылыстарының онтологиялық (өмір мен ажал, жарық пен түнек, от пен су) және адам тіршілігінің антинологиялық,рухани бастауларын қозғайтын онтропологиялық негіздері болып табылады (Жатсыну мен кірігу, тәккапарлық пен бас ию, жасампаздық пен күйреткіштік, күнәһарлық пен тақуалық).

15a8d9fcde77f0b52046c22aeb05eca4.jpg

Рухани аңсарлары мен көркемдік негіздерін ұлы Абайдан алатын қазақ лирикасында бұл негіздер әсіресе Мағжан мен Бернияз поэзияларында жарқырай көрінді. Көркем әдебиеттің негізін құрайтын бұл мәңгілік тақырыптармен қатар мәдени-тарихи және экзистенциалдық көңіл-күйді қозғайтын жеке авторлық таным аспектілерін де атай кеткеніміз жөн. Аталмыш ақындарда әсіресе жеке авторлық таным ретінде көрінетін экзистенциалды көңіл күйді білдіретін жырлар ерекше көрініс табады. Сонымен бірге Мағжан жырларында мәдени-тарихи құбылыстардың да айрықша өрнек табатындығын айта кеткеніміз жөн.

Поэзияда жалпы айтқанда әдебиетте адам болмысына қатысты от пен су, жарық пен түнек, өмір мен ажал мәселелері мәңгілік тақырыптар болып келе жатыр. Арғы тамыры ғарыштық болмыспен астасқан адам рухының тәжірибесі бұл мәселелерді өз болмысының көркемдік көкжиегінде терең игерген. Жан-жақты сипатын, оның иірім-қайырымдарын нәзік тұспалдап молынан қарастырған. Осы бір онтологиялық сипатты Мағжанның мына бір жырынан көруге болатын секілді:

Есіл жазым өтті ! » - деп,

«Бәйшешегім кетті !» - деп,

«Санадан жүз сарғайып,

Қасіретті мол жас зайып

Қараңғы ұзын түндерде

Үстіне қара жамылып,

Күрсініп жер жылайды.

Бұзылып түсі аспан-көк,

Ашуы ауыр үһілеп,

Бүркеніп сұр бұлттар,

Жүрегі жара алыс жар

Қайғы басып, қиналып,

Жерге қарап жарына

Көзінің жасын бұлайды…

12cf5c018937acc7b7b397e2f25315e0.jpg

Ғарыштық субстанциялар ретінде табиғат құбылыстары мен жыл мезгілдері жел, боран, дауыл, бұлт, тұман, жаз, қыс, күз алынады. Әлемдік антиномиялар адам ғұмырының қайшылықтары мен қатар алынады. Жарық пен түнек, өмір мен ажал бірінң орнын бірі алмастырып жатады. Әлімсақтан бері келе жатқан, сарқылып бітпейтін мәңгілік құбылыстар.

Құласа күшті қара ағаш,

Қыс өтіп тағы жетсе жаз,

Жас балапан – қайыңдар,

Оларда не уайым бар,

Өткендерді еске алып,

Бұралып жас сұлудай,

Қосылып ән салар.

Дүниедегі қара бояулар шоғыры Б.Күлеевтің бейнелі (символ) өлең жолдарында да орын алған:

Қаптап тұр қара бұлт көктің бетін,

Көрсетпей тым болмаса көктің шетін.

Күркіреп жыны келсе,қаһар жауып,

Мейлінше жүргізіп тұр үкіметін.

Қазақтың талантты ақыны М.Мақатаев осы күйді:

Естілмей құстың әні,

Естілмей құстың үні,

Жалғанның кетті сәні,ұшты гүлі.

Сырғасынан айрылған ақ қайыңның

Басына бар ғаламның түсті мұңы, –

деп жырлайды.

Табиғат құбылысындағы осындай мұңлы бояулар адам жанының да мұңлы әуендерімен іштей астасып жатыр. Психологиялық параллелдер тіршіліктің,өмірдің де философиялық мәніне айналып кеткен.

Адам ғұмырының осындай мәңгілік тақырыптары ежелгі дәуірлерден жырланып келе жатқандықтан олар қазіргі кезде ерекше бір мифопоэтикалық астарлар арқылы түсіндірілетін архаикалық сипаттарға толы архетиптік (прообраз) қабаттарды құрайды.

061b57b45020ee914fd6b184ae6fd7ec.jpg

Мәтіннің осындай мифопоэтикалық астары мен құпия қабаттарын түсіндіретін мифопоэтикалық мектептерді атай кеткеніміз жөн. Бұл мектептің негізгі өкілдері: Ағайынды Гримм, Ф.И.Буслаев, Н.Фрай, З.Фрейд және Н.П.Юнг болып саналады.

Кейінгі кездерде әдеби шығармашылықтағы мифопоэтикалық архаиканы зерттеп жүрген зерттеушілердің қатарында Е.М.Мележинский, В.Н.Топоров және Д.Е.Максимовтардың еңбектерін мысалға алуға болады.

Мағжан жырларында осындай сырлы да жұмбақ, түйсік-түсінігімізді «жер шетіндегі дариядай» тартатын тылсымы терең сырлар мол-ақ. Ақын:

Тұңғиықтың түбі толған тамаша

Дарияның сыры жоқ қай жария – дей келіп:

«Дария астында – алпыс ақ отау,

Ақ отаулар алтын уық,жібек.

Отау сайын судай сұлу толқын шаш,

Толқын тербеп: «Әлди-әлди ! –

деп тұспалы мол жұмбақ әлемге сана болмысыңды терең иірімдей тартады. Осы терең иірімдер мол сыр айтқысы келгендей. Сана қабаттарының тереңіндегі ішкі бір түйсігіңіз арқылы ақын жырларының архетиптік болмысына үңілгіңіз-ақ келеді.

Ақын жырларындағы «түс көретін мәңгі мылқау кәрі арман», «Әнсүн ақын үшкірген жел» қандай мифопоэтикалық астарларға шақырып тұр екен? Нені тұспалдап, неге мегзеп қол бұлғап шақырады? Тұспал – белгісі қандай? Ақынның өзін сөйлетейік:

Мәңгі мылқау қара орман

Былқ етпейді түс көрер

Жел мінезді ессіз жан –

Маған түрлі ой келер.

Ақын жырларының мифопоэтикалық аңсарлары қай қиырлардан қол бұлғайды? Сананы тұмшалап тұрған шеңбер-құрсаулар алынып тасталса, тылсым сырдың ұштығы нені меңзеп, нені сөйлейді екен? Әлемнің өзіндей мәңгілік, көктегі күнмен шамалас мәңгі мылқау кәрі орман ұшы-қиырсыз шексіздіктен жалыққандай талығып қалың ұйқыға батады. Табиғаттың бір бөлшегі мәңгі мылқау кәрі орман әлемнің өзіндей мәңгілік, әлемнің өзіндей шексіз. Өзінің осындай ұлылық қалпын сезінген ол тыныштық құшағын жөн көргендей. Қалың ұйқы құшағына берілген оның түс көруі де заңдылық. Бір мезгіл тыныш құшағына берілген оны мазасыз желдің «әпсүн» оқып үшкіріп, азалауы да заңдылық. Ұйқыға кеткен материяның, әлемнің азашысы – жел.Оның әпсүн оқып үшкірген ызыңы тыныштық идиллиясын үстемелеп тұр. Мынау баяны жоқ, ащы өмірден әбден запы көріп, жаны да тәні де салыққан лирикалық қаһарман жанға жайлы бір тыным, тыныштық іздегендей. Мәңгі мылқау кәрі орман мәңгілік әлемнің тыныштық құшағына кіргісі келсе, табиғаттың ол да бір бел баласы болғысы келген лирикалық кейіпкердің жаны да тыныштықты аңсайды.

Ұйықтасам мен орман боп,

Тәтті-тәтті түс көріп.

Бетімнен тұрса жел жүріп,

«Әпсүн» оқып үшкіріп.

Өмірден, алдамшы өмірден безінген, тыныш іздеп аласұрған ақын көңілі ұйықтаған орманға айналып, өмірдің тәтті қызықтары түс боп көрініп,жанын әлдилесе, ал «әпсүн»ақын үшкірген жел жанын азаласа, ақын мұраты тыншу табатындай.

Мөлдіретіп көз жасын,

Жасымен жуып жартасын,

Сүйіп сылқ-сылқ күледі.

Жылағаны – күлгені,

Күлгені оның өлгені,

Жылай, күле өледі.

Сылдыр-сылдыр сылдырлап,

Бірінің сырын бірі ұрлап,

Толқынды толқын қуады.

Жарына бал береді,

Береді де өледі,

Өледі толқын тынады –

деген өлең жолдарындағы астарлы мазмұн қай қиырдағы тылсым сырды ішіне бүгіп тұр екен? Сырдың ұшығына жетіп,толымды жауап айта қою қиын. Мұқағалидің мына өлең жолына үңілейік:

Аспан да абыр-сабыр шамын жағып,

Құс жолы да төселді сағымданып.

Бар дүние тұрғандай дамыл бағып,

Тауым қалғып,ойымда бағым қалғып.

Түн мені күйзелтеді жынды қылып,

Бақты басып жатқандай,гүлді жұлып.

Күміс қанат бір құсқа мініп алып,

Кетсем бе екен артынан күнді қуып.

Неге мен үрейленем түнге қарай,

Маған солай, білмеймін, кімге қалай.

Күнде – өмір,түнде – дамыл,түсінбеймін,

Мойнымды бұрсам екен кімге қарай?!

Күнге құштар ақын көңілі түнді қабыл алмайтын секілді. Нұрлы сәулеге ғашық лирикалық кейіпкер сол нұрлы дүниенің соңынан «күміс қанат құсқа мініп, қуғысы да» келеді. Күн – өмірді қуған сол ғашық жүрек іздегенін тапты ма, таппады ма біз білмейміз. Бірақ жол айрықша лирикалық кейіпкер екі ұдай таңдауға кезігеді. Күн – өмірді қанша жақсы көргенмен, аласұрған өмірден шаршап салыққан кейіпкер бір тыным, тыныштықты да іздегендей. Ол тыным – түн-дамыл. Міне ақын жанын екі ұдай сезімге салған өмір диллемасы дегеніміз осы.

bc6c00d658b6c80f4fdc36bf89e1f826.jpg

Поэзиядағы мифопоэтикалық ойлау жүйесінің белгілері мифологиялық санаға, мифологиялық символикаға ұштасып жатады. «Кез келген талантты ақын әлемнің өзіне көрінген бөлшегін тұтас әлемге айналдыруға және сол әлемнің материалынан тек өзінің мифологиясын жасауға мүдделі», - дейді Шеллинг. Мифологиялық символиканы поэзиядағы өзекті көркемдік тәсіл деп білуіміз керек.Ал символикалық ойлаудың негізгі құрылым-нысандарына, тіректеріне архетиптер жатады. Көркем шығармадағы,поэзиядағы архетиптер образдық мағына-мәннің ядролары, негізгі тудырушысы, алғашқы болмысы болып табылады.

Әр халықтың салт-сана, әдет-ғұрып, тұрмыс-тіршілігі, наным-сенімі, діни түсінігіне байланысты архетиптер әр қилы мағыналық болмыс пен мәнді иеленеді. «Мифтік архетиптер ешқашан жоғалмайды, тек өзгерістерге ұшырап отырады. Әдеби талдаудың бір міндеті – оларды таба білу», - депжазады У.Б.Фрай.

Тыныштықбек Әбдікәкімов поэзиясындағы мифопоэтикалық ой өлшемдерінде де терең сырлар, мифологиялық символика мен мистикалық элементтер жеткілікті. Ақын жырларында түнгі кезең ерекше бір құпиясы мол тажал болып суреттеледі.

Мына түн қандай суық қорқынышты,

Жүзінде жатқандайсың зор қылыштың…

Миымды бүре-бүре бұлты ажалдың,

Жұртқа еріп,

Мың ластандым,мың тазардым.

Міне,енді…

Қала қара, ай сап-сары,

Сарғайып жалғыз тісі тұр тажалдың.

Өлең жолдарындағы тажалдың сарғайып тұрған жалғыз тісі – ай, ал тажал – түн. Жалпы Тыныштықбек поэзиясындағы архетиптердің көпшілігі шаманды ұғымға қатысты жын, албасты, пері, дию, тажал, әзірейіл, әзәзіл, ібіліс болып келеді. Ақынның образды әлемін құрайтын архетиптердің көпшілігі ұлттық тұрмыс-тіршілік, шаруашылықтың негізі болған төрт түлікпен байланысып жатады. Мысалға: «Сөз құлынды, көз боталы», «желге ілесіп күнұзақ дала кезер, желкілдетіп шудасын түйе-сағым…», «Марқа-көңіл маңырап болмай қойды, Терезеден ай қарап теке мүйіз», «Не деп саған жазайын, қой қоздаған, Тау мөңіреп, аспанда ай боздаған…», «Бүгін аспан боталап, тау тамсанды», «Дем алармын желіні сыздап Таңның, қозы бұлттар жамырап емген кезде». «Ботасынан айрылған боз інгендей, боздайды кеп көшеде боз бағана…», «Көгілдір нұр төгіп тұркөкте жұлдыз, Қой көзіндей сәулеге шағылысқан» т.б.

2fbd8a906b4cae30709edfbc3d6de6d3.jpg

Осындай мифопоэтикалық ойлау нышандарының бір ұшығы Бернияз Күлеевте де жатыр.

…Қалғыған арыстандай асқар таудың,

Төбесі тіреледі көкке жетіп.

… Айбатпен аузын ашқан айдаһардай,

Алыстан көрінеді терең жарлар («Әдемі түн»)

//Мап-майда аспан беті мөлдір судай// //Қалған жоқ айналада жұлдыз тумай// //Теңселіп тұнық суда қалықтаған// //Алтын ай көрінеді аппақ құдай// десе, енді бірде: //бірінен-бірі жарық сансыз жұлдыз// //Көрсетер көкті бейне күндіз// //Жарқылдап жалақ ойнап жүрген қыздай// //Жалт берер жымық қағып қалдырып із// - деп өрнек салады. Қалғыған арыстандай асқар таулар,айбатпен аузын ашқан айдаһардай терең жарлар, аппақ қудай ай, жалақ ойнап жүрген қыздардай, жымың қаққан жұлдыздар ақынның мифопоэтикалық санасының терең қиырларын,мифологиялық ойлау жүйесінің символикалық- нышандарын паш етіп тұрғандай.

Ұлықбек Есдәулетов те өз поэзиясында табиғат нысандарын ұлттық нақышпен өрнектеуден қағыс қалмаған.

Аспанның қиғаш қасындай,

Дидарын бұлтқа жасырды Ай.

Шашырап жатыр жұлдыздар,

Терілмей қалған шашудай…

Жұлдыздар күміс бауырсақтай,

Теректер соны терсем деп,

Созылып тұрған саусақтай.

448e25730f5126ff3d09d4ec536e2838.jpg

Аспанның қиғаш қасындай дидарын бұлтқа жасырған Ай жаңа түскен келіндей сызылады.Терілмей қалған шашу, күміс бауырсақтай жұлдыздар, оны терсем деп ұмтылған теректер қол созған саусақты елестетеді. Осының барлығы жиылып келіп,ұлттық салт-дәстүріміздің бағзыларынан саналатын келін түсіру тойын еске түсіреді. Архаикалық символ нышандар дегеніміз осы. Ұлықбек жырларында кездесетін «Құбыладағы қом бұлттың күнгейін күптеп өрт алған» немесе «Иектің жатыр астында иірген қойда Алматы» деген тіркестер де ұлттық ойлау нышандарының көне сілемдерін еске түсіреді. Сана болмысының көркемдік танымдарын сүзгілеп жүрген қазақ ақындарының бірі – Керім Елемес. Оның мына жырына құлақ түрелік:

Сімірген сайын күйедей түнді,

Күмістей жырды босанады ақын.

Келтірсем еске түйе кейпіңді,

Ботадай арман бошаланатын.

Ғажап бұл қандай үлдірік үлпіл,

Діліңнің тілін көзіңмен көрген.

Емгендей жанды езуде бүлкіл,

Өз түнегіңді өзің меңгерген?!

«Күйедей түнді сіміру», «күмістей жырды босанған ақын», «ботадай бошаланған арман», «діліңнің тілін көзімен көру», «өз түнегіңді өзің меңгеру» ақынның таным қабаттарының тереңіндегі мифопоэтикалық иірімдерден хабар берсе керек.

Түйіндей айтқанда қазақ поэзиясындағы мифопоэтикалық қатпарлар, мифологиялық ойлау жүйесі, оккульттік түсінік-пайым, әр түрлі символикалық нышан белгілер, оның эзотериялық табиғатын күшейте түсірері сөзсіз. Біздің мақсат осындай тақырыптардың өрісін болашақ күндерде аша түсу керек деп ойлаймыз.

Әдебиеттер:

1. Топоров В.Н.Миф.Ритуал.Символ.Образ: «Исследования в области мифопоэтического»Избранное,М.1995 г.

2. Максимов Д.Е. «О мифопоэтическом начале в лирике Блока. «Предварительные замечания» Максимов Д.Е. «Русские поэты начала века.Л.,1986г.»

3. Мелетинский Е.М. «О литературных архетипах »,М.1994 г.

4. Жұмабаев М. «Шығармалары» Алматы «Жазушы»,1989 ж.

5. Мақатаев М. «Жырлайды жүрек» Алматы «Жазушы»,1989 ж.

6.Жәмбек С. «Бернияз Күлеевтің ақындық мұрасы» Көкшетау, 2002ж.

7.Борев Ю. «Эстетика»


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар