Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Перизат Алмазқызы: Қырғыз-Қазақ әдебиетіне ортақ мұралар көп

03.02.2020 1428

Перизат Алмазқызы: Қырғыз-Қазақ әдебиетіне ортақ мұралар көп

- Биылғы жыл қазақ елінде «Абай жылы» болып жарияланғанын білесің. Өзіңіз Абайдың қанша шығармасын қырғыз тіліне аудардың?

- Алып Абайдың 175 жылдығы алдында, «Өлөң сөздүн падышасы» атты жинақ шығардық. Осылайша хәкім Абайды Айкөл Манастың тіліне аудардық. Абайдың 170 өлеңі авторлық ұжыммен аударылып (оның ішінде ең көбі менің аудармам) шықты. 45 қара сөзін биыл аударып тәмамдадым. Қазақтың жазба әдебиеті негізін калауышы – Абай. Заңғар жазушы Мұхтардың «Абай жолы» роман-эпопеясын мектепте оқып, көңілге түйіп өстік. Абай әлеміне деген ыстық махаббат пен сүйіспеншілік сол шақтарда бастау алды. Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық университетінің филология факультетінде оқып жүргенімде Орта Азия елдерінің әдебиетіне ықыласым ерекше ауып, қызыға түстім. Қаладағы кітапханалар мен кітап дүкендерінен қазақша кітаптар сатып алып, құшырлана оқыдым. Қазақ әдебиететінің биік алыптары – әл-Фараби, А.Яссауи, Абай, Шәкерім, Мәшһүр-Жүсіп, С.Торайғыров, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров сынды тұлғалардың туындыларын күнделікті оқуды өзіме әдетке айналдырып, дағдыландым. Менің жеке кітапханамда осы қаламгерлердің бәрі бар. Өзім жұмыс жасаған Қырғыз ғылым академиясында Шыңғыс Айтматов атындағы институтта кітап қоры тіптен мол. Міне, қазақ әдебиетіне деген қызығушылығым осылайша тереңдей берді. Өзім ғана оқымай, барша қырғыз халқы да оқыса деген ниетпен өз әлімше аударуды қолға алдым.

– Абайды аударуда қандай қиындықтар кездесті? Мұндай күрделі аудармаға қалай бардыңыз?

– Бауырлас қазақ-қырғыз халықының тілі өте ұқсас көрінгенмен жазба тілі, әсіресе әдеби көркем тілі мүлде басқа. Ауызекі тілде бірін-бірі оңай түсінгенімен екі халықтың жазба тілінде өзгешеліктер мол. Бір-бірінің тілін жазбаша түсіне алмай қиналады. Бұл әлбетте, әрбір тілдің өзіндік көркемдік-танымдық ерекшеліктеріне қарай дамуында.

Данышпан Абайды қиындықсыз аудару мен үшін мүмкін дүние емес. Абайды аудару іштей көп дайындықты талап етеді. Бірінші кемеңгер жазушы Мұхтардың «Абай жолы» романын және Абай жайлы зертеулерді оқып, көңілге көп нәрсе тоқыдым. Абайтанушы ғалымдардың том-том зерттеулерін ақтарып шықтым. Филология факультетінен алған 5 жылдық және аспирантурадағы жиған білімімен қоса бойымдағы бар өнерімді, ақындық талантымды салып аудармаға отырдым. Кейде екі өлеңді бес күн аударуға дейін бардым. Екі-үш айға дейін көкіректе толғатуыма тура келді. Абайды аудару қиынның қиыны. Мысалы, «Қансонарда» өлеңде табиғат бейнесін, ақын сезімін және аңшылықтың қызықты сәттерін суреттеген. Қалада өскен қызға аңшылықтың қызықтарын тап басып жеткізу қиын ғой. Мен осыны сезіну үшін арнайы этнограф, тарихшыларға жүгіндім.


– Түркі дүниесінен шыққан алыпттарды бір-біріне, әлемге таныстырсам, насихаттап халықтың санасына жеткізсем деген арманыңыз бар екен...

- Ия, мысалы, қырғыз елінде жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы арқылы Абайды таниды. Кейде оқырман Әуезов Абайдың туысы деп түсініп, Абайды көркем шығарманың кейіпкері деп қабылдайды. Кітап оқымайтын жастар онша біле бермейді. Абай түгіл Айтматовты танымайтындар кездеседі. Сондықтан осы арман жолында тоқтаусыз еңбек ету керектігін түсіндім.

– Абай шығармалары – адамзат даналығының алтын кені, таусылмас қазынасы іспетті ғой. Абайды оқыған сайын жаңа бір әлем ашқандай күй кешкен боларсыз...

- Оның даналығы мен парасаты, озық идеялары – Қазақстанды әлемге танытады. Бұған дейін ақын Абайды аударған Аалы Токомбаев 1954 жылы 128 беттен тұратын өлеңдері жинақ болып жарық көрді. 1970 жылы ағамыз «Менин элим» атты Абайдың тағы бір жыр жинағын аударды. Бірақ ол жинақтарда Абай өлеңдері толық аударылмаған. Қырғыздың Сооронбай Жусуев, Абдыжапар Эгембердиев атты ақындары да төрт-бес өлеңдерін аударған екен.

Бұл жолғы «Өлөң сөздүн падышасы» атты кітапта жоғары да аталған Аалы Токомбаев, Сооронбай Жусуев және Атантай Акбаров, Абдыжапар Эгембердиев, Мукан Асаналиевтардың аудармалары енді. Және де бұл жинаққа енген ең көлемді аударма менікі екен. Кітапты құрастыру, редакторлау және корректорлық жұмыстарын өз моныма алдым. Кітап 1000 данамен жарыққа шықты.

Бұл кітаптың аударылуына бастама жасаған Семейдегі «Абайдың Жидебай Бөрілі мемлекеттік қорық музейі». Кітаптың шығуына Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігі демеушілік етті. Кәрім Көкірекбаев және де елшілікте жұмыс істейтін Жәнібек Жұмабергенов ағаларға алғысым шексіз.

Абайдың өлеңдерінен бөлік 45 қара сөзін аударып шықтым. Бірақ кітапты шығаруға әзірге қаржының жоқтығы қол байлап отыр. Алда демеуші табылып жатса Абайдың 45 қара сөзін қырғыз тілінде шығармақпын.

- Перизат, қырғыз да қазақ сияқты ақын халық. Дегенмен, ақын болуыңызға кім әсер етті?

- "Еш қазақ, қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды" – деп ұлы Абай, "Қыйлы сөзді чыгарма Қырғыз, қазақ алачтан" – деп Молдо Кылыш, "Қырғыз – тауыдың тарпаңы, Қазақ – қырдың құланы" – деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, қатар қоныс тепкен тағдырлас, тамырлас, рухтас, ділдес, қанаттас, қандас Қырғыз-Қазақ халқыма ақ қызмет етіп жүрмін.

Қолыма қалам алып ең алғаш өлеңді 4-сыныпта жаздым. Өйткені, 6-сыныпта өз нанымды тауып жеуге үйренгем. Атақты жазушы Эрнест Хемунгуей "Мықты жазушы болу үшін білім, ғылымнан басқа бақытсыз балалық шақ қажет" дегені есіме түсті. Балалығым бақытсыз болды деп те айтпаймын. Бірақ, 6-сыныптан қазақтың алтын топырағында нан тауып жеуді үйрендім, әсерлендім, ерте есейдім... Тағдырдың басқа салғанына жан дүние әсерленеді содан өлең жазғанмын десем де болады. Сосын нағашы атам дастаншы, күйші болған екен...

– Қырғыз тіліне қазақ әдебиеті өкілдерінен кімдер аударылды?


– Мұсылман әлеміне аты әйгілі сопылық әдебиеттің ірі өкілі кемеңгер ақын, ойшыл Қожа Ахмет Яссауиндың «Қожа Ахмет Яссауи хикметі» атты кітаптың аударылуы – қырғыз халқының руханиятына қосылған үлкен олжа болды.

Қазақтың батыр жырауы Махамбет Өтемісұлының «Махамбет» жинағы, қазақтың ұлы ақындары Мағжан Жұмабаевтың «Адассам елім деп адастым» жинағы, Мұқағали Мақатаевтың «Өмір-Өзен» қатарлы кітаптарын аударып шығардым. Одан бөлек әл-Фараби, Шәкерім, Мәшһүр-Жүсіп, Шөжелердің топтама өледерімен қатар қазіргі көзі тірі классик ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының өлеңдерін Айтматовтың тілінде сөйлеттім.

Тәуеліздіктен кейінгі бір топ жас буын өкілдері – Ақберен Елгезек, Бауыржан Қарағызұлы, Танакөз Толқынқызы сынды ақындарды аудардым.

- Екі жыр жинағыңыз жарық көрген екен. Қашан, қанша таралыммен шықты? Өлеңдеріңіздің басты тақырыбы не?

- Қазақта өлең десе Қырғызда “ыр” дейді. Қазақ пен Қырғызда 4 жол өлең жазбайтың адам жоқ. Бірақ, 4 жол өлең жазған жандардың бәрі ақын емес. Өлең – арың, бағың, тағдырың, өлең – өмірің... Иә, 2017-жылы "Руханият" атты үкімет бір жыр жинағымды шығарып берген. Өлеңдерімнің басты тақырыбы "Өмір", өмірдегі болып жаткан құбылыстарды көріп кейде жылап, кейде шаттанып сәбише қуанып өлең жазам. Бес-ақ күндік өмірдегі адамзаттық асыл қасиеттерімізді сақтап қалу басты міндет!.. Жалпы өлеңдерімдегі тақырыптар "Түрік бауырлас халықтарды сүю", "Отанды сүю", және "Өлім" жайлы көп тебіренем...

- Оқырмандарымызға өмір жолыңызды айтып өтсеңіз...

- Мен Кочкор деген ауылда дүниеге келгем. 1-сыныпқа Бішкек шаһарының №32 мектебіне барып, сол мектепті аяқтадым. 2010-жылы Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық университетіне түстім. Университетті 2015-жылы тәмамдап, Қырғыз Академиясына Аспирантураға тапсырдым. Сол Академияда Чыңгыз Айтматов атындағы институтта жұмыс жасадым... Ғалымдық жолды таңдағасын шет мемлекеттерге конференция, форумдарға қатысып тұрам. Орта Азиядағы өлкелерден Қазақстанға жиі-жиі келіп тұрдым...

- «Қазағым» деген өлеңіңізде «Қырғыз үшін бір күйініп, сүйінсем, Қазақ үшін мың өртеніп жанамын!» дейсіз. Қазақты мұнша сүюіңіздің сыры неде?

- Абайды тапқан Қазақты сүймеу мүмкін емес!.. "ҚАЗАҒЫМ" деген өлеңді мен Қазақтың алтын топырағына табаным тигенде, Балқаш көлін жағалап жүріп жазғам. Қатты шабыттандым. Қазақстанға келгенде, шекарадан өткенде тілім өзінен-өзі қазақша сөйлей бастады. Қазақша сөйлеуім Қазақ халқына деген құрметім. Қазақ жездем бар, Қазақтан жеңгем бар енді қалай сүймейсің.

- Мағжан Жұмабаев атындағы Халықаралық Жастар әдеби сыйлығының лауреатысыз. Бұны қашан, қандай өлеңдеріңіз үшін алдыңыз?

- Қасиетті Қазақ еліне жиі-жиі барғанымның шығармашылығыма әсері мол. Алматыда "Әлем Халықтары Жазушыларының Одағы" бар. Оны Қайрат Дүйсен Парман ағай басқарады. 2019-жылы қаңтар айында "Темир Казык" атты ақын жазушылардың онлайн конкурс өтті. Сонда үздік шығармаларым үшін ақын Мағжан Жұмабаев атындағы халықаралық сыйлықты тапсырды. Және де Қырғызстандағы әдеби кеңесші етіп тағайындаған болатын.

- Биылғы жылы Нұр-Сұлтанда өткен «Еуразия астаналарының қаламгерлері» форумына қатыстыңыз. Аталған форум сізге не берді?

- Екі айда бірден үлкен-үлкен форумдарды өткерген қазақ елі үшін зор мәртебе деп ойлаймын. Дүние жүзінің мықты-мықты ақын-жазушыларын шақырып, әлемдік деңгейде өткеріліп жаткан осындай форумдар жеке Қазақстанға ғана емес барша халықтарға ауадай қажет.

Нұр-Сұлтан қаласында өткен "Евразия астаналарының қаламгерлері" форумына мені шақырғаны мен үшін үлкен ғанибет болды. Бұл форумда өзіме көптеген тәжірибе алдым, әртүрлі ақын-жазушылармен танысып, пікір алыстым. Мысалға, Мысыр елінен келген атақты Іляс Есенберлиннің "Көшпенділер" романын аударган Доктор Мухамед Рияд деген аудармашымен таныстым. Ол болашақта "Абай жолын" аударам деді. Атақты ақын Мағжан Жұмабаевты түрік тіліне аударған Али Абасс деген аудармашымен таныстым, пікір алыстым, және Түркиялык аудармашы, ғалым Жамиле Кынажымен де таныстым. Қазақ ақындарын азербайжан тілінде сөйлетіп, анталогия кітабын шығарған Әкбер Кошалы ағаймен әңгімелестім. Бұл форумнан өзіме жаңа достар таптым. Өзімнің ғылыми зертеу жұмыстарым "Жаңа дәурдің Қазақ-Қырғыз поэзиясы" болғандықтан қазіргі жас буын өкілдерімен де әңгімелестім. Жас буын өкілдері мұндай форумдарда өздеріне өте үлкен тәжрибе жинап, керемет рух алады. Әдебиеттің ауыр жүгін одан ары ғасырға жалғастыратын жастар. Қазіргі үлкен буындардың жақсы жағын үйренетін де солар. Қоғамда жастардың рөлі өте маңызды. Қазір рухты, білімді, ақылды жастарды осындай форумдарға шақырып тұрған абзал. Өйткені олар ұлттың болашағы, ұлттық шынарлары, ұлттың шам шырақтары!..

Ұлттар мен ұлттардың татулығы жеке адамның қарым-қатынасынан басталады. Осылайша әрбір халықтан жеке тұлғалардың басын қосып үлкен форум жасау үлкен жетістік, үлкен абырой. Қазақстанда басшылардың әдебиетке, мәдениетке көңіл бөлетіні қуантты. Бұл форумдар әлем халықтарына және Қазақстанға не алып келеді? Қазақстанның мықты-мықты ақындары сол 44 мемлекеттен келген халықтардың тіліне аударылады. Мысалы, Испан елінен келген Хосе Хусто Падро менен келісім жасалып Абайды испан тіліне аударуға келісімшартқа қол койды. Біздің төраға Нурлан Калыбеков мықты ұсыныс жасады "Азия жазушыларының одагын түзі" жайлы. Осындай-осындай мықты ұсыныстар жасалып әдебиет өркендеп, халықаралық байланыстар арта түседі.

Азия, Евразия форумы көптеген бауырлас елдерге сабақ бола алады! Аударма саласы жаңа белестерге көтеріледі, жаңа әдебиеттің іргетасы өрге домалайды. Жас буын өкілдерінің көкірегі оянып, көзі ашылады. Жаңа заман! Жаңа күн, жаңа әдебиет өмірге келеді.

- Сүйікті ақындарыңыз кімдер? Поэзияда кімді пір тұтасыз?

- Менің сүйікті ақындарым Абай, Махамед, Мұқағали, Мағжан, Алыкул Осмонов, Токтогул, Жамбыл. Менің сүйікті жазушыларым Чыңгыз Айтматов және Мұхтар Әуезов. Мен поэзияда Абайды пір тұтам!.. Абайды оқып жұбанам бірде куанам.

- Қазақ ақыны Есенғали Раушанов бір өлеңінде: «Әйелден ақын шықпайды, Биші не күйші болмаса» дейді. Әдебиетке келіп жатқан қырғыз қыздары көп пе?

- Атақты Есенғали Раушанов ағайдың бұл пікіріне келісем және келіспеймін. Өйткені, әйел затының түйсігі ерлерден екі-үш еселеп ауыр. Әйел заты үй тірлігімен коса жұмысын, жеке кәсібін де бірдей ұстайды. Әлемді де әлдилеген әйел заты. Батырды да баққан, ақынды да тапқан әйел заты емес пе?! Есімі әлемге танымал Анна Ахматова, Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова, Сюэ Тао, Эмили Дикинсон, Габриэла Мистраль және де 2015-жылы Нобель сыйлығын алған Светлана деген әйел затынан шыққан ақын-жазушыларды мысал етемін... Әдебиетке келіп жаткан қырғыз қыздары бес саусақтай санаулы десем де болады жас буын өкілдері аз сияқты.

- Қырғыз-Қазақ әдеби байланысы, екі елдің рухани алтынкөпірі болған әдебиет алыптары жөнінде әдебиеттанушы ғалым ретінде, аудармашы ретінде кеңінен тоқталып өтсеңіз.

- Сонау ғасырлар тереңінен, қилы қиыншылықтарды басып, бір тамырдан қуат алып, асқақ Алатаудың бауырын бағзыдан жайлап, оның тұнық бұлақтарының суын ұрттап, ауасынан бірге дем алып, бірі жадыраса жадырап, жабырқаса жабырқап күн кешкен Қырғыз-Қазақтың діні, тілі, ділі бір бауырлас халық екені айнымас шындық. Екі ынтымақты ұлы жұрттың дүниелік рухани байлықтары да бірін-бірі толықтырып отырған. Егіз елдің арасындағы егемендік алғанға дейінгі әдеби байланыстары және егемендік алғаннан кейінгі байланыс жоғары деңгейге өсіп отырды десек еш жаңылмаймыз.

Әдеби байланыстың негізін түзген екі елдің өзекті шығармашылығына көңіл аударсақ ондағы рухани көркем дүниелердің ортақ екенін пайымдаймыз. “Ер Төстік”, “Жиренше шешен”, “Алдаркөсе”, “Асан қайғы”, т.б. көптеген елдік жырлардың түрлері мақал-мәтелдер айырым айырмашылықтарын айтпағанда көбінесе ұқсас айтылады. Тақырыбы, негізгі идеясы жағынан үндес туындылар да бар. Маселен, зерттеушілер қазақтардың “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Қыз Жібек” өңді эпостарын қырғыздың «Аксаткын менен Кулмырза», «Олжобай менен Кишимжан» сияқты эпостарына идеялық, көркемдік жағынан ұқсатады.

Мұндай көрініс егіз елдің ұстанған салт-дәстүрі, дүниетанымы, образы бір-біріне ұқсас болғандықтан оларды иық тұтқаны, халық жаратқан рухани асыл байлығы да ұқсас болуы табиғи нәрсе. Әдебиетші ғалым А. Акматалиев бұл туралы былай дейді: “Қырғыз-Қазақ елдерінің мәдени байлықтары өте қатар өсіп, терең тамыр жайған. Айтулы «Манас», «Эр Төштүк», «Курманбек» дастандары қазақтарға қандай жақын сезілсе, «Эр Таргын», «Кыз Жибек», «Кабланды» қырғыздардың сүйікті шығармалары. Қырғыз елінің батырлық эпостары «Курманбек», «Жаныш Байыш» пенен қазақтың «Кабланды», «Алпамыш» дастандарының сюжеттік мотивтерін, образдар системасының оқшаулықтарын оңай көруге болады. Кейбір шығармаларда екі елдің өкілдерінің қаһармандары қатысқаны да жолығады”. Кейбір жырларды бір елдің эпосында екінші бауырластың өкілі негізгі қаһармандардың бірі болып қалғанына де куә боламыз. Мәселен зерттеуші Р.Мылтыкбаева өз еңбегінде төмендегідей жазады: қазақ эпосындағы басты кейіпкер “Ер Тарғын” қырғыз болған. Ол қазақ жерін өз отанындай жаудан қорғады”. Қырғыз халқының рухани биік шыңы болған «Манас» эпосында да қырғыз бенен қазақтың туғандығы, жақындығы айтылады. Мәселен, зерттеуші Сакен Өмүр өз еңбегінде Жусуп Мамайдын вариянты бойынша қарап шығып «Манас» эпосындағы ел достығы жөнінде” – деген жазуында Манас батыр менен байланыста болған елдер белгілі қаһармандар жөнінде сөз қылып келіп айрықша шоролардың әр рудан келген ерлер екендігіне көңіл бұрады:

“Кара ногой Манжиги,

. . . . . . . . . . . . . . . . . . .

Бообек, Шаабек, Шүкүрү,

Аргындын Каракожосу,

Казактардын Борончу,

Каракалпак Турнасы...” –

деп басқа да ру аттарын, ер есімдерін береді. Мұнда да арғын, ноғай, үйсін, руларынан ерлер, қазақ халқынан Бораншы атты шораның болғаны көрініп отырады.

- Көрініп отырғаны бекерден бекер емес қой, басқа да батырлар мен хандардың арасы тығыз байланыста болған ғой.

- Олардың шоғыры бірлікте жүріп ел тағдырын да бірлесіп шешкен. Сол басы біріккен батырлардың арасында “Казактардын кан Көкчөсү” болған. Каблан Манас пен Эр Көкчөнүн туыстық достық, байланысын екі елдің ортақ ақыны Мухтар Шаханов өзі бас болып “Манас” эпосын жазушы Кеңеш Жусупов қара сөз түрінде жазып шыққан нұсқасын қазақ тіліне қотарып ( жазуучу Рахымжан Оторбаев менен бирге) ол кітаптың бас сөзінде екі елдің ежелгі бірлігін және жоғарыдағы батырлардың баянын да сөз қылып өтеді: “Манас отуз эки жашында Алтайды мекендеген кыргыздардын калың көчүн баштап Ала-Тоого көчкөндө, көчтүн оң канатын баштап Эр Көкчө келе жатты. Чоң казакта аттанганда Манастын жанынан дагы казак досу көрүнөт” – деп ақын белгілі Манасшы Сагынбай Орозбаковтың нұсқасын төмендегі жырларменен дәлелдейді:

“Сары-Арканы жайлаган,

Сан казагын айдаган,

. . . . . . . . . . . . . . . . . . .

Айдархан уулу Эр Көкчө,

Көкчөнүн колу көрүндү,

Шаң менен аскер көмүлдү,

Өзөнгө сыйбай буркурап,

Өзүң көргөн көп казак,

Өлөңүн айтып чуркурап,

Баатыр Көкчө келгени,

Аттан түшүп Манаска,

Ал да салам бергени...” –

деген жолдар қазақ елінің батыры Көкчөнүн де бірігіп жаудың жолын тосуға қатысқанын, бауырласының басына күн түскенде өз басына түскендей көріп келіп, қаптаған қалың қолы менен туған елге дем, күш қосқанын байқауға болады.

- Демек, біздің достығымыз бен туысқандығымыз мезгіл мен уақытқа бағынбай тереңге сіңген, тарихтың қалың қатпарында қалған, ұрпақтан-ұрпаққа өтіп келгендігі байқалады. Әсіресе, “Манас” эпосында екі елдің батыры мен батыры, шорасы мен шорасы жанаса жүріп жаудан елді қорғағандығы бірліктің биік шыңындай көрінеді.

- Ынтымақты ұлы жұртымыздың рухани кеніші болған “Манас” эпосына кайырылуымыздың тағы бір өзгеше мәнісі бар. Эпостың бай тарихына бүкіл дүние ілімпаздары қызыққан, олардың ішінде үлкен үлес қосқан кесек ғалым, қазақ елінен шыққан ілімпаздардың бірі Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов. Ол 1856-жылы қырғыз жеріне ғылыми саяхатпенен келіп, Ысык-Көлдө болып, Каркыра,Текес, Түп, Жыргалаң өзендерін бойлата тізілген қырғыз ауылдарын қыдырып, сол жерден “Көкөтөйдүн ашын” қағаз бетіне түсіріп кеткен. Мұнан біз оқымысты Шоқан Уәлихановтың қырғыз еліне өзгеше мән бергендігін, елдік озық шығармаларға өте қызыққандығын көріп отырмыз. Оның қырғыз елінің рухани байлығына жасаған құрмет мәмілесі әлбетте, қазақ елінің өзінен кейінгі ілімпаз оқымыстыларына үлгі болған. Бұл жақта ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың есімін атап, еңбегін айта кету парызымыз дейді елім. Себебі, Шоқан Уәлихановтар кейін қасқайған шындықты жазып, “Киргизский героический эпос – “Манас” деген өз еңбектерін жазып қалдырған. Бұл еңбекте оқымысты төмендегіні ескертеді: “Мен “Манас” эпосы туралы еңбегімді 1935-жылы жазып, 1937-жылы тағы толықтыру кіргіздім...1944-жылы қайтадан сын көзбенен қарап шығып, тіл әдебиет институтына тапсырдым”. Замананың қырына ұшырап қорқыныш тудырған шақта құндылықтан бас тартып артқа шегінбей эпосты іздеп, керек болса эпосқа жан тартып эпосты сақтап қалған ұлы адамдардың қатарынан болғандығын тарих өзі көрсетіп отыр.

“Манас” эпосның тағдырына балта шабылып “эскичил”, “Бай-манапты даңазалайт” деген ақылға сыймас жала менен кеңес өкіметі өзінің саяси жобаларына жат көрініс деп танып, онсыз да ұлттық рухани байлықтың көлеңкесінде өксіп қалған елдің өзінен эпосты да жұлып аларда Мұхтар Әуезов қалыс сөзін айтып сақтап қалғанын жазушы Шыңғыс Айтматов өзі куә болған. Ол оқиғаны өзі былай еске алады: “ – Манастан таза айрыла турган болдук го, – деп журттан таза айла кетип, түңүлгөн кезде трибунага шарт-шурт басып, касиетиңден айланайын, Ауезов калбаспы. – Манаста бай-манапты мактаган жери бар чыгар. Бирок бул бүткүл бир калктын элдиги менен эркиндигин, руханий байлыгы менен улуу маданиятынын урпактан урпакка оозеки поэзия тилинде жатка айтылып, уланып келе жаткан көркөмдүккө ширелген тарыхы го. Эмесе, кыргыз калкынын өмүрүнөн Манасты ажыратуу – бул бүткүл бир улуттун тилин кесүү менен барабар эмеспи? Бөрк ал десе баш алууга умтулган алабарман адатыбыздан качан арылаар экенбиз? – деп саамага токтолуп Боровковго карай берди эле, тигил моюнун ичине каткан күрп тооктой башын салып калды” – дейді заманымыздың заңғар жазушысы Чыңгыз Айтматов.

Мухтар Ауезов “Манас” эпосын сақтап калуыменен ондағы Каблан Манасты, Эр Көкчөнү, Каракожону, Кошой менен Көкөтөйдү, акылман карыя Бакайды ж.б. ғана сақтап қалмастан ең басқысы ол қырғыз бенен қазақтын бір туғандығын, бауырластығын тағы бір рет танытып, ескі салтты байырғы бірлікті сақтап қалғанын баса белгілеп айта кетуіміз абзал. Манастың ұлылығын ондағы тереңдікті, ман-мазмұнын ұлттық кеніші, бітпейтін рухани азығы екендігін аңдап түсінген. Оның “Манас” эпосын сақтап қалуындағы басты мақсаты эпостағы бауырластық, ел достығы, бірлігі, бір-біріне туысқандық жақындығының көркемдік көрінісі. Онсыз да өткенін ұмытып бара жатқан келешек үшін бұл үлкен азық боларын қырағылықпен сезіп тұрса керек.

Баардык элдердин достугу жеке адамдардын байланышынан башталат” – деп ақын Мухтар Шаханов қайыр-қайыра бекер қайталамаған шығар. Маселен, шалқар жазушымыз Чыңгыз Айтматовго Мухтар Ауезов бір-бірін ерекше құрмет етіскен. Оның жазушылық өнерінің өсуіне, шығармашылығының дамуына, әдеби әлемде өз орнын табуына көп жағдайда көмекші болғаны белгілі.

- Уағында ұлы ұстаз жалғыз ғана Ч.Айтматовқа емес, оның шығармашылығының шиырына келіп қосылған қырғыз қаламгерлерімен де арасы алыс болмай, хабардар болып келгенін, олардың шығармалары менен кеңінен танысып, ұстаздық кеңесін беріп жазба әдебиетінің жолына жаңа түскен бауырластарға тәжірибелі дос-туғандық қылып, әдеби дамуына ықпал етіп келгендігі бізге мәлім.

- Әдебиетші А.Акматалиев өз еңбегінде М.Ауезовтың қырғыз профессионал әдебиетінің қалыптасуына көңіл бөліп, ақыл-кеңестерін айтып отырғандығын белгілейді. Айрықша; “Т.Сыдыкбековтың, А.Токомбаевтың, М.Элебаевтың, Ж.Бөкөнбаевтың, Т.Үмөталиевтың шығармашылығына; олардың игіліктері менен кемшіліктерін белгілеп достық байланыста болған” – деп көрсетеді.

Заман ағымының алыптары байырғыдан байланыстарын шыңдап бауырластықты бекем тұтып атқарған ақ ниетті істері менен әзіргі қырғыз-қазақ жастарына үлгі болып, келешек жастардың жүрегіне ұшқын салып, жалынға айналуына себепкер болғанын жасыра алмаймыз. Қырғыз-Қазақ әдеби, мәдени, рухани, экономикалық байланысы мұнан да артып, төбедегі күні жарқырай берсін!

- Әңгімеңізге рахмет!

Сурет: "Әдебиет порталының" меншігі

Сұхбаттасқан: Арман Шеризат


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар