Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Өтен Ахмет. Той дегенде... (Абай-150)

23.08.2019 882

Өтен Ахмет. Той дегенде... (Абай-150)

Облыс әкімінің орынбасары Нұралы Бектұрғанов телефон шалды:

- Оператор дайында, аты-жөнін айт, ресми делегация құрамында Абай тойына барады, - деді, кейінгі кезде пайда болған мінезбен, дікілдей сөйлеп.

Нұралы күні кешеге дейін сонау жерден жаяу шапқылап маған академик Ібіней Бөкетовтің қағаздарын әкеп беріп жүретін жақсы інім ғой. Ізетті еді. Лауазымға келіп жалы өсті екен деп, ләпбайлап алдында қалай ықпақпын, менің де өз қырсығым өзіме жетеді.

- Оператордың бір өзін қалай жіберсек екен. Үлкен тойдың жай-жапсарын әңгімелеп беруге шамасы келмейді ғой. Оның қайдан, не түсіріп келгенін мұнда отырып біз де айыра алмаспыз. Босқа төгілген арамтер болады.

- Тойға баратын адамдардың құрамын барынша ықшамдап жатырмыз. Өзің барғың келсе, киноны да өзің түсіретін бол. Басқа жол жоқ.

Қойшы, жеме-жемге келгенде, операторыма да орын табылды. Ресми делегация құрамы бекітілді. Олар: облыс әкімі Петр Нефедов, оның орынбасары Нұралы Бектұрғанов, Абай қаласының әкімі Владимир Фролов, Қарқаралы ауданының әкімі Темірболат Мәжитов, Халық Қаһарманы, тың игеруші Александр Христенко, орыс драма театрының директоры Владимир Борисов, «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы Төлеубай Ермекбаев, пединститут ректоры Сұлтан Досмағамбетов және Қарағанды телерадиокомпаниясының төрағасы, яғни мен.

Жол ұзақ. 8 тамыз күні сағат 11 кезінде шығып кетпекпіз. «Той дегенде қу бас та домалайды» деген, айтқан уақытқа бір кісідей жинала қалдық. Бірақ қозғалар түріміз жоқ. Сол екі ортада әкімшіліктің бөлім меңгерушілері Сәлкен Дәрібеков пен Фарид Сақаевтың өңештері бүлкілдеп тұрған соң, жолға алған шампаннан құйып бердім, еріндерін жаласып, риза болып олар кетті.

Сонымен, неге кешігіп жатырмыз десек, жасы сексенді орталаған, Сталиннің түрмесін көрген, коммунистердің суық қабағы астында ұзақ жыл үркектеп ғұмыр кешкен, жазушы Жайық Бектұров ақсақалды күтіппіз. Ол Нұралыға телефон соққан:

- Жолға жиналып жатырсыңдар ма?

- Иә, қазір шығамыз.

- Барыңдар. Теріс батамды беремін.

Нұралының қазақшылықтан иісі бар. Шошып кетеді...

Таяғына сүйентіп Жәкеңді алып келгенше үш сағаттай уақыт өткізіп ап, ақыры желдей ескен ылғи «Волга» құйрық тістестіріп жөнеп бердік. Біздің облыстың жолдары тәп-тәуір еді. Семейдің жолдары кедір-бұдыр, шұқанақ-шұңқырлы екен. Халық қаһарманы Христенконың машинасы, бензин түтігі жарылып, сыр беріп қалды. Жамау салып, изолентамен орап, әйтеуір ілдебайға келтірген болдық.

Абай қаласының әкімі Фролов Қарағанды мен Қарқаралы арасындағы Ащысу бойында қой сойғызып, ет асқызып қойыпты. Ащысуда ащы су ішіп, ет жеп, қарынды бір сипап әрі аттандық. Одан Қарқаралыда жалғастырып, жол үстінде тәп-тәуір-ақ болатынбыз. Енді машина тоқтаған сайын Христенко батыр жүк салғыштың қақпағын айқара ашып тастап арақ, шарап, коньяк шөлмектерін көзінен тізеді-ай келіп. Қауын, қарбыз, жүзімі де мол екен. Ал іш, же... Әкімдер де ешкімнен қалысар емес. Өңеш деген тік қой, шіркін. Жоғарыдан тастағаның төмен қарай тоқтаусыз сырғи береді...

Семейдің бізбен іргелес ауданы Абыралының орталығы Қайнардан өтіп, Қарауылдың жолына бұрылғанымызда түннің бір уағы болған еді. Машина легін тоқтатқан Нұралы:

- Тым кеш болып кетті. Қарауылда қонып береке таппаспыз. Рымбала екеуміз (Омарбекова – облыстық Мәдениет басқармасының бастығы - Ө.А.) барып қарағандылықтардың жалпы тойға дайындығын көріп байқайық. Ал қалғандарың кері қайтып, үлкен асфальт жолмен Семейге бір-ақ тартыңдар, -деді.

Жол бастаушымыздың мұнысы үлкен қателік болғанын кейін байқадық. Қарауылдың үстімен кеткенде Семей әрі жақын, әрі жолы жақында ғана жөнделген айнадай екен. Ал біз айналма ұзақ әрі тозақ көпіріндей қиын жолға түсіп, Семейге жеткенше көп азап көрдік. Алдымызда ғана сар даланың үстімен өте сирек болатын құбылыс – нөсер жүріп өткен. Асфальттың қос қапталын тасқын су орып кетіпті. Кей тұста 4-5 метрдей тік ор. Кей тұста асфальттың шет-шетін ағын су жеп, ортасы жеңіл машине әрең өтетіндей боп қылдырықтай ғана болып қалған. Жолдың қайсыбір тұстарын сел тасқыны ені 10-15 метрдей, тереңдігі 4-5 метрдей қылып орып жіберген. Үлкен табиғат апаты болғаны туралы той күндері ешкім үндемегенімен, кейін ресми ақпарат құралдары «ақсақ қой түстен кейін маңырайдының» керімен пәлен мал ырғын болды, өндірістік желілер үзілді, бүлінді, ауылдар қирады, деп там-тұмдап айтып жатты...

Табиғат дүлейінің салдары жайында тиісті хабар уақытында берілсе, біздің тозақ отына өз еркімізбен барып түсетіндей не жынымыз бар...

Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырып, Христенко машинасының сөндіргіш түтігі босап, салдырлап, жіппен бе, сыммен бе ілдебайлап, ауық-ауық тоқтап, тоқтаған сайын арақ-шарап ішіп, күн шыға Семей қаласына да жеттік-ау, әйтеуір. Қонақтардың қайда барып, кімнен жөн сұрайтыны жайында не жол көрсеткен, не жол тосып қарайлап жүрген жан баласы болмады. Онда-мұнда бас сұға жүріп, біреулерді ұйқысынан оятқандай ғып мән-жай білістік-ау, ақыры. Төлеубай Ермекбаев екеумізді мал шаруашылығы институтының «Аңыз» деп аталатын сауықтыру үйіне белгілепті. Қалғаны қонақ үйіне жайғасты. Тамыздың тоғызының кешіне қарай қонақтардың қарасы көбейе бастады. Дәмге барғанымызда төр жақтағы үстелдердің бірінде Тынышбай Рақымов отыр екен. «Алтайдың ар жағынан келген ару» деген әнінен кейін аты аспандап тұрған кезі. Жақсы танимын. Әдейі көрмеген боп өте бердім. Әжептәуір қызу көрінді. Қызулығы ғой, даяшы жас қызға қол бұлғап, жұрт естісін дегендей дауысын көтеріп:

- Өй, сен оларды қайтесің. Мұнда ұлы ақын мен отырмын ғой. Бері кел. Қызметіңді алдымен маған көрсет, - деп, жатты өзінше «ірілігін» білдіріп...

Ертеңінде, тамыздың оны күні, қала орталығында Абайға арналған ескерткіш кешен ашылды. Мешіт, көрме залдары... Кешен әдеттегідей шойын шарбақпен қоршалған. Қолымыздағы құжаттарымызды көрсетіп жүріп, онда да облыстан келген ресми өкілдер болғандықтан, әупірімдеп ішке өттік. Көп нөпір халық шарбақ сыртында қалды.

Радиожурналист Сағат Батырханова, оператор Қайрат Әлиев, сосын әрине, мен өзім хабар дайындау қамымен де зыр қағып жүрміз. Жазушылардың сүт бетіндегі қаймақтарының біразы шарбақ ішіне кіріп алған екен. Көбі жас жағынан өз тұстастарым. Кейбірі кекірейіп, мардымсып, сырт бергенсиді. Кейбірі жүзі күлімдеп, амандық сұрасу іздейді. Ақын Қайрат Жұмағалиев:

- Осындай жақсы жерде кездесетін болып жүрміз-ау, Өтен, - деп қауқылдады.

Шерхан Мұртаза ағама өзім барып сәлем бердім. Ол мені облыс ұсынысымен Қарағанды телерадиокомпаниясының төрағалығына бекіткен кісі ғой.

Ә дегенде байқамай қалды ма, бұрылып кете бергенімде:

- Әй, батыр, - деді. Тоқтадым.

- Жағдай қалай, батыр?

- Рахмет, Шераға, жаман емес.

- Ім... Дұрыс. Тілектеспін...

Өз облысымыздың әкімі П.Нефедовты сөйлеттім. Ол қарағандылықтардың Абай тойын көркейтуге қосқан үлесі жайында айтып берді. Архиепископ Алексийді сөйлеттім. Ол, әрине, діндердің тамырластығы, ұлттар достығы жайынан әңгімеледі. Жантақты жердің түйесіндей шауланып, маңғазданып Әбіш Кекілбаев жүр екен. Оны да бірер ауыз сөзге тарттым. Шығыр салып тартсаң да суы таусылмайтын шегенді құдықтай ойы терең кемеңгер ғой. Ғибратты сөздерін төгіп-төгіп жіберді. Маған арасында «айналайын» деп қояды. Сірә, екеуміз жастымыз. Және жақсы таныспыз. Бірақ әлгі сөзін әбестік көрмедім. Ойының ірілігінен, биіктен сөйлеп қалыптасқан паң мінезінен болар дедім де қойдым...

Күннің кешінде қонақтардың орналасқан жерінде ас берілді. Ашығыңқырап қалған ақын-жазушылар жұпыны дастарханды күйедей жалмап жатты. Ұзақ-сонар мылжың сөздер айтылды...

Шалақұрсақ күйімізде Ертіс жағасындағы пристань басындағы гала-концертке келгенбіз. Кеме палубаларын тіркеп сахна жасалыпты. Түрлі-түсті шамдар, өрнектер, айнала әсем-ақ. Семей қаласы, кәрі Ертіс арнасының иірімдері сырлы саз әуендерімен үндесе тербеліп тұрды. Су бекетінің балконына Нұрсұлтан Назарбаев көтерілгенде, концертті тамашалауға жиналған ондаған мың халық орындарынан тік тұрып, қол шапалақтап, айқайлап марапат сөздер айтып, ерен құрмет көрсетті. Елбасы қатты толқыды білем, балконның ана басына бір, мына басына бір шығып, қол бұлғап халқына қатты риза болған мезіретін білдірді. Байқауымда, халық сенімі мен ықыласын алу үшін айлалы, ақылды саясаткерге пәлендей көп қиналудың қажеті жоқ сияқты; тек аш-жалаңаш, рухани жүдеген осы халқының түбінде үмітін ақтаса болғаны ғой...

Абай тойының ашылу салтанаты

Жар жиегінде іркес-тіркес машиналар. Төменде қарауытқан Ертіс. Жар табаны да ығы-жығы халық. Машина ығында екі-үш бойжеткен үрпиісіп тұр. Жағалаудан, Ертіске бетін жуған болу керек, ақкөйлекті, бойы екі метрдей қазақ жігіті көтерілді. Келді де жаңағы шоқ қыздың ішіндегі үф десең ұшып кететіндей боп тұрған қауырсын денелі қызға тап берді. Аяғын сермеп, жұдырығын жұмсап жатыр. Қызды құрбылары қорғаштап, жігітті жолдастары ұстап, жағдайды ұшықтырмауға тырысқан. Бойы екі метр жігіт сәл саябырсып, бір жағына қарай кеткендей болып еді, сәлден соң алақ-жұлақ етіп, екпіндеп қайта оралды. Жаңағы қауырсын денелі қызға аңдаусыз тұрған жерінде бірер мәрте қол жұмсап та үлгерді... Милиционерлер қаптап жүр. Елбасы анадайда биік балкон қоршауының ішінде той қызығын тамашалауда. Мына бейбастақтық та тойдың бір рәсім-бөлшегі іспетті ме, қалай? Жоқ, бұл трагедия ғой. Нақұрыстық. Бірақ онымен ешкімнің шаруасы болған жоқ...

Ертеңінде шопырымды өліп ұйықтап жатқан жерінен оятып алып, көппен бірге біз де ақыры Абай елі Қарауылды бетке алып жүріп кеттік. Асфальттің ой-шұңқыры жамалған, кедір-бұдыры тегістелген. Кезінде КСРО-ның дүлділі болған, нарық келіп қарабайырланып қалды десек те, «Волгамыз» құстай ұшып, екпіндеп-ақ келеді. Мұхтар Әуезовтың талант құдіретімен «Абай жолында» бедерлене суреттелген жерлер. Таныс та бейтаныс. Ералы жазығы. Әне, Шыңғыс таудың сілемдері. Еңлік пен Кебек жасырынған үңгір тас...

Еңлік-Кебек ескерткіш кешенінің басы қаптаған қарақұрым халық. Машиналарын асфальт жиегіндегі арнаулы орынға қалдырып, біреулер ескерткішке қарай аяңдаса, енді біреулер одан кері қайтып келеді. Сауда-саттық, әжет орны – бәрі жақсы ескерілген. Қазақтың Абай заманындағы тұрмыс-салтын бейнелейтін көріністер: ұлт дәстүрінде киінген шалдар, кемпірлер, бойжеткен қыздар, келіншектер. Жол жиегіндегі темірқазыққа тайлақ па, қоспақ па, тұрқы шағындау, жүдеулеу түйе тұқымын байлап қойыпты. Арқасында плакат іспетті әлеміш жазу. Қасынан өте бергенде, сонша үздігіп бақырсын, жарықтық. Тілі жоқ мақұлық қой, сірә, шөлдеген соң бақырған болар. Алайда осынау тарғыл да зарлы үн менің сай-сүйегімді сырқыратты. Сана қатпарларындағы ой қозасын үрледі. Иә, жетпіс жылға созылған бәлшебектік идеология кезінде жақсыны жаманға балап, керісінше, жамандардан ақылға сыймас жауһарлар жасадық емес пе. Өнерлі жігіт, бірақ барымташы тентек Мәдиді кедейлердің теңдігі үшін күрескен революционер деңгейіне көтердік. Орыстың қарапайым қызы Мариямды, болмағанды болғызып, сазгер дәрежесіне апардық. Оның қазаққа тұрмысқа шығуын интернационализмнің жетістігі деп дәріптедік. Қазақтың соңғы ғасырлардағы тарихында мұндай мысалдар мың-мың ғой.

Біз ғой қазір осы күнгі адамдардан ынсап кетті, жан-дүниені имансыздық жайлады, үлкен кішіге үлгі болудан қалды, кіші үлкенді сыйлау түгіл, тыңдауды қойды; әке тұрып ұл сөйлейтін, шеше тұрып қыз сөйлейтін болды дейміз. Жеті атаны ауызбен айтқанымыз болмаса, бұл екіарадағы жыныстық қатынастардың қақпасы баяғыда ашылып кеткен. Оны айтасыз, бір туған аға мен қарындастың, әкенің өз қызымен, шешенің өз ұлымен етек жалғасуын ақпарат құралдарымыз дүңкілдетіп күнде айтады. Әйтпесе, «Өз апам, өз апамның қасына өзім жатам» деген мәтелсымақ шығар ма еді...

Еңлік-Кебек оқиғасын адамзат табиғатына, оның ішінде қазақ болмысына өте-мөте керағар маркстік-лениндік таптық идеология қалыбымен өлшеп, одан жалған романтика тудырып, талай ұрпақтың санасын улап, жан-жүрек нәрін суалтқаннан не ұттық? Ұтқанымыз – бүгінгі талай жанның адам нанғысыз боп азғандығы ма? Аш қарынды тойғызуға болады екен. Жыртық иінді бүтіндеуге болады екен. Бірақ неге жан азғындығы сонша тереңдеп, тоқтаусыз өрши түседі. Әріден айтсақ «Қалқаман-Мамыр», берідегі «Еңлік-Кебек», Қодар мен Қамқа тарихында, кезінде аталарымыз жақсы түсінген, ал бәлшебектер тұсында әдейі бұрмалаған, шындық пен өтіріктің қойыртпағындай оңайлықпен сүзілмейтін, ажыратылмайтын қатпар-қатпар сыр жатыр-ау. Мәселен, қалың елдің ішіндегі жалғыз-жарым арамза азғынды көру де, тезге салу да аса көп қиындық келтіре қоймас. Ал егер ел-жұрт жаппай бұзыла бастаса ше? Бұл күнде қазақтың бойжеткен бикештері, жас уыз келіншектері, тіс қаққан қатындары, сарқарын бәйбішелері, тіпті әже-кемпірлерге шейін қайқаңдап еркектердің алдына түсті. Күйеулерінің қолындағы стақанды жұлып алып: «Қалжаң шамалы, көтере алмайсың, одан да мен ішейін», - деу сөздерінің мәтеліне айналды. Мұндай сұмдықтарға неге назар аудармаймыз. Қазақ аналардың кемтар-жарымжан балаларды көбірек туатыны неліктен? Қазақ жігіттері арасында үйленер алдында немесе үйленгеннен кейін өзіне-өзі қол салу оқиғасы кездесетіні неліктен? Халқының 85 пайызына дейін өзге ұлт өкілдері құрайтын кейбір қалалар мен аймақтарда ақыл-есі кемістерге арналған ауруханаларда дені қазақтар жататынын немен түсіндіруге болады? Құрт ауруымен ауыратындардың басым көпшілігі тағы да қазақтар болуына не себеп? Экология дейміз, атом сынағы дейміз. Сөз жоқ, олар бар. Олардың сұмдық зардаптарын, алдағы уақытта қазіргіден гөрі көбірек тартатын шығармыз. Сөйтсе де ұлттық генефондымызға арақтың тигізген сойқаны басымдау ма деп ойлаймын. Неге десеңіз, бізбен қоян-қолтық отырған ұлттар мен ұлыстар да ортақ судан ішіп, ортақ ауамен тыныстайды ғой. Ендеше олардан санымыздың аздығына қарамастан кеселіміз сонша неге көп?

Және бір құбылыс, тергеу қапастары мен түрмелерде де қылмыскерлердің дені қазақтар. Және өңкей шіріктердің ішіндегі «Сен атайын, мен тұрайын» дейтін таңдаулылары. Жігерлілер, қайраттылар, алымдылар. Үлкен іске тұтқа бола алатындар. Ел шетіне қойсаң, жаудан қалқан болуға жарайтындар. Бұлардың ішінде шын бұзығы, тексіздері жоқ демеймін. Алайда көбінің қазіргі қазақ жастарының элитасы екенінде күмәнім жоқ. Ащы қалжың бар ғой, қазақтың ұлттық киімі қандай? Милиция формасы. Қазіргі ата кәсібі қандай? Милиционер, тергеуші, прокурор, сот... Атуға болады деп еді, әне, Қостанайда қазақ милиционер кәмелетке толмаған бозбаланы серейтті де тастады. Бейшара, тоңған ғой, күрте ұрлап қашқан екен... Сенікі дұрыс деп есіртсең, мылтығы бар адам хайуаннан да жаман. Отызыншы жылдардың қырғын аштығы, мылтықтыларды есіртіп, ақыры қолдан жасалды емес пе? Тарих бізге ештеңе үйретпеген-ау. Ақылымыз неткен шолақ еді. Жер құрлығының алтыдан бір бөлігіне жасалған бәлшебектік тәжірибе халық игілігі үшін деген желеумен атқарылған болатын. О, маңдайының соры арылмаған қара халық, балшықсың ғой. Былай илесе кірпішісің, былай илесе нанысың. Жә, әңгіме желісінен ауытқыңқырап барам білем, тоқтайын...

Бұған дейін газет-журналдағы суреттерден, теледидар жаңалықтарынан көзге қанық болып қалған ғимарат – Абай мен Шәкәрімнің ескерткіш кешені алыстан мен мұндалайды. Найза ұштана мұнартып көк күмбезін түрткілеп-ақ тұр. Шәкәрім кесенесі Абай кесенесінен сәл-пәл аласалау, сәл-пәл жұқалау сияқты. Кейінгі ұрпақтың оған: Абайдан артық емессің, дегені-ау, сірә, деп іштей қыңыр ойлап қоямын.

Машинамызды той алаңынан тым алыс қалдырды. Сол жерден Жидебайдағы қыстау тамға дейін құмырсқадай қаптаған халықты автобуспен тасымалдап жатыр. Ал қыстаудан ескерткіш кешенге дейін жаяу барасың. Семей облысының жас әкімі Ғалымжанды бизнесмен болған деп еститінбіз-ді. Онысы ә дегеннен байқалды. Автобусқа төлейсің. Күн болса жазушы Дулаттың қарғасының миын қайнатқандай ыстық. Әу дегенше-ақ шөлден тілің аузыңа сыймай кетеді. Шүкір, жолдың қос қапталы қаптаған саудагер. Сыра керек пе, шырын керек пе, мінекиіңіз. Тек бағасы удай демесең...

Қыстау мен ескерткіш кешен аралығындағы жол үстінде бозбала күннен адал досым жезқазғандық Шынболатқа кездесіп қалдым. Құшақтасып, сүйісіп жатырмыз ғой. Шынболат тілін менің аузыма салды да жіберді.

- Соңғы кезде осындай мода шыққан, - деп қарқ-қарқ күледі, айтулы серің. Біздің сағынысқан түрімізді көрген басқалар да күлкіден қыран-топан...

Нұралы Бектұрғанов болса, ауық-ауық қадала тұрып ескертеді:

- Біздің делегацияны түсір, басқаларды қайтесің, - дейді. Иә, деймін, бас шұлғимын. Бірақ облыс басшыларының олай өтіп, былай жүргенін түсіре бергеннен жұрт қызығатындай мазмұнды хабар шықпайды ғой. Сондықтан бастығымның білместік нұсқауына көнер жайым жоқ. Іштей «баспасөз – төртінші билік» деген желікпенің басыла бастағанын, биліктің ақпараттық қызметке айтқандарын істету үшін журналистерді бағынышты етуге кіріскенін сеземін. Тыңдамасаң, жазалайды. Бірақ әзірге мен де оларға дес бермеуге тырысып жүрмін.

Иә, сонымен, телеарнадан, газеттерден жұртшылыққа кең мәлім болған жайларды тәптіштемей-ақ қояйын. Өз көңілімде оянған кейбір түйткілдерді ғана баяндайын.

Бірінші, Жидебайдағы қыстау. Әрі кеңейтілген, әрі биіктетілген. Әдемілендіру мақсатымен жаңа бедер қосылған. Осы күні әбден байып меншік үй салып жатқандардың талайы-ақ қызыққандай. Мен осыған екі ойлы болдым. Дұрыс дей де алмадым, бұрыс дей де алмадым.

Екінші, Абайдың шешелері Зере, Ұлжан жатқан қабір басы жақсы көтерілген, мұнда артық-ауыс әшекей-мүшекей жоқ. Шыңғыс тауының тастарынан өрілген. Архитектуралық тұрқы жағынан да қазақ көзіне таныс, жүрегіне жылы. Осылай десем де, ісләм діні бейітті жөндеуге болмайды дейтіні ойға орала береді. Өйткені ісләм дін ұстанымы бойынша адам топырақтан жаралған, топыраққа айналуы керек. Бірақ біз не нәрсені де қазақшылыққа салып, ақыры іске алғысыз етіп боғын шығаруға әуес, әрі сондайға үйренген халықпыз ғой.

Үшінші, әрине, менің өз түсінігімдегі ең бастысы да, Абай мен Шәкәрімге соғылған ескерткіш кешен туралы. Жерден пәлен метр биіктетілген төрт бұрышты қорған. Кешенге келген беттегі оң жақта Абай кесенесі, сол жақта Шәкәрім кесенесі. Дәл маңдайда аркалы қақпа. Қақпадан кіріп метро туннелі сияқты қуыспен жүріп отырып қорған ортасындағы амфитеатр сияқты алаңға шығасың. Амфитеатрдың мәрмәр басқышымен жоғары көтерілесің. Енді өз еркің, әуелі кімге бет бұрарың. Абайға ма, Шәкәрімге ме. Қазақ даласында өртелгендері мен қиратылғандарының орны болмаса, көнеден бүтін жеткен қалалар жоқ. Бірақ атақты адамдарға тұрғызылған бейіт-ескерткіштерінің кейбір үлгілерін білеміз. Мына кешен солардың ешқайсысына ұқсамайтын да, солардың ешқайсысынан тамыр тартпайтын да сияқты. Тіпті ХХ ғасыр молаларының ішіндегі ең кереметі саналатын Ленин мавзолейінің өзі мұның қасында жәй әшейін баланың ойыншығыма дерсің.

Халық жадындағы қайсыбір әруақтың басын көтереміз, жаңғыртамыз деп жүріп, маңайындағы басқа әруақтардың моласын таптап кететін надандықтан туатын жаман әдет шықты ғой. Бұл жексұран әдет Қожа Ахмет Иасауйдың кесенесін жаңартамыз деген алғашқы талпыныс – сонау кеңес заманында басталған еді. Ал қазір жаппай етек алып кеткендей. Жарайды, бәлшебектер, коммунистік идеология өз мүддесіне сай келмесе, ешкімнің әруақ-пәруағына қарамады делік. Дінімізді, ділімізді қайта тауып жатқан бүгінгі таңда әлгіндей келеңсіздікке енді өзіміз неге жол береміз? Мысалы, Бұхар жыраудың басын көтереміз деп қанша әруақтың сүйегінің үстінен цемент құйып, тас бастырып жермен жексен еттік... Жидебай басы да аяқ аттасаң, асты толған арғы-бергі Құнанбай әулетінің сүйегі емес пе. Бірін көркейтеміз деп екіншісін өшіріп алмасақ жарадық қой.

Той тарқайды, төрде отырып бас мүжігендер де, тобықтай есе тимегендер де бірі мәз болып, бірі көңілі қоңылтақсып үйді-үйлеріне қайтады. Жаңбырын алып күз келеді, қар боратып қыс түседі. Алда көктемгі лайсаң күндер тағы бар. Айдала, ашық аспан аясында қысы-жазы жел өтінде тұратын ескерткіш кешеннің жай-күйі қалай болар екен? Одан гөрі ықшамдау салынып, әрі тот баспайтын құрышпен күмбезделген Бұқар жырау кесенесі де, аз уақыт ішінде, жұлым-жұлымы шыға бастады ғой....

Абай-Шәкәрім кесенесі

Сонсоң Абай мен Шәкәрім ескерткіштері бір мезгілде соғылды, қатар тұр. Бірақ той Абайдікі болып өтті. Ертең Шәкәрімнің туғанына 150 жыл толғанда не істейміз? Тағы да Шәкәрім деп Қарауылтөбе мен Жидебай басын шулатып, Абайды ұмыта тұрамыз ба?..

Ат жарыс, палуан күрес, ақындар айтысы, ішіп-жеу, өлең айту. Осының бәрі Қарауылтөбе баурайында өтті. Етекте сахна, сахнаға қарсы Президентке, оның құрметті қонақтарына арнап шатыр тәріздендіріп баспана тұрғызған. №1 деп аталатын бұл басты той алаңы екі-үш қатар етіп темір шарбақпен қоршалған. Шарбақтың ішінен де, сыртынан да бір-біріне қол созымдай жерден милиция күзеті қойылған. Кілең жасөспірім. Әрине, бүкіл Қазақстаннан жинап әкелген. Жалпы, кешегі совет милициясы дегеніміз мемлекеттің жендеті де, құлы да болды ғой. Шаш ал десе, бас алатын. Кісінің түймедей кінәратынан түйедей қылмыс жасайтын. Сөйтіп құл болған кезіндегі ішкі намыс қыжылын және өшін жендет болған кезінде баста еркі жоқ қауқарсыз сорлылардан еселеп қайтаратын. Ал мыналар тәуелсіз ел милициясы... Ми қайнатқан ыстықта Семейден Қарауылға жеткенше ұзын жолдың өн бойында әрбір шақырым сайын жансыз жандай қақайып тұрды. Тірі адамнан қойылған шақырымдық белгі қазық секілді. Енді қожыр тасты Қарауылтөбенің ең ұшар басында бір-бірінен он қадамдай ара қашықтық ұстап, автоматтарын безеніп селт етпестен сіресіп тұр, бейбақтар. Осы көрініске қушыкеш біреу әзіл шығара қойыпты: «Бұл төңіректің қазақтары Қытайға қашып үйренген, тобымен тағы қашып кетпес үшін әдейі қойылған қарауыл күзет», - деп...

Тойдың басты алаңына мәртебелі шағын топ болмаса, былайғы қара халық бас сұға да алмай қалды. Дыбыс күшейткіштерден естілген дабыра дауыстар болмаса, кіммен кім күресіп жатыр, кіммен кім айтысып жатыр, ат жарысының барысы қалай, біліп болмайсың. Сонда да жұрт көріп қалғысы, естіп қалғысы келеді. Қарауылтөбенің қырқаларына қарай қара құртша өрмелеп шығып алған. Пай-пай, Қарауылтөбе десе, дегендей-ақ. Оң жағың, сол жағың, маңдай алдың – кедір-бұдырсыз кең жазық, бәрі алақандағыдай көрінеді. Жидебайдың желкілдеген жиделері, ондағы Құнанбай әулетінің қыстауы, Абай, Шәкәрім ескеркіш кешені көз алдыңда сайрап тұр. Ертеректе, күн жарықта, төбе басына шыққан адамға қай ауылдың түтіні қалай шалқиды, қай ауылдан жолаушы жолға шықты, ат басын қайда бұрды, қай ауылдың малы қай жерде жатыр, – бәрі айнадағыдай көрініп тұрады екен ғой... Бірақ етектегі бүгінгі той қызығын тамашалау қиындау болды. Қабат-қабат бірнеше қоршау, сіресе қатып қатар тізілген милиционерлер, қаптаған қарақұрым халық. Анық жақсы көргеніміз – бір-біріміздің желкеміз ғана.

Ежелден той десе шашылып-төгілетін қазақ мұндай күндері тіпті есалаңданып кететін болды. Бұрындары бәйгеге ат-шапан, одан қалды кілем тігеді екен. Бұлардан асқан асылзат мүліктері болмаған ғой. Қазір қаздай тізілтіп тек шетелдік машиналарды көгендейді. Ыңқылдап-мыңқылдап әркімге аян бірдеңелерді қойыртпақтағандарға да машина, одан-бұдан құрастырып тәуірлеу кигіз үй жабдықтағанға да машина. Қысқасы, тойдың кәдесі деп 50-60-тай машина таратқанды көзіміз көрді.

Абай-Шәкәрім ескерткіш кешенін Президент ашып сөз сөйлеген салтанаттан кейін, сағат күндізгі үште, арнайы ас беріледі деген. Онысы жәй сөз болды. Өзіміздің қарқаралылықтар тіккен үйден дәм таттық. Кешінде де сол үйде болдық. Облыс әкімі Нефедов пен оның орынбасары Бектұрғановтан басқамыз өстіп бишарадай болып, бір үйге кіріп, бір үйден шығып жүрдік. Сонау жер түбінен әкелген дәм-тұзымыз жетпей қала ма деп, үй иелері қуыстанады. Артық жеп, артық ішіп қоймайық деп өз үйімізге өзіміз қонақ боп – біз ыңғайсызданамыз.

Абайдың 150 жылдық тойынан көрініс

Халық Қаһарманы Христенконың мінез-қылығы Қарауылға келген соң да өзгерген жоқ. Ешқайда шықпады, той салтанаттарына қатыспады. Арағын ішіп, қызара бөрткен қалпынан бір аумады. Шіркін-ай, қазақтың қарасы түгіл ханынан да қыңбайтын орыс болудың өзі бір бақыт екен ғой...

«Тойға ала кетпесеңдер теріс бата беремін» деп қорқытқан Жайық Бектұров ақсақал да жатып алды. Жүріп-тұруға жарамсыз болғандықтан, қалжасы біткендіктен. Бұл мазаң шал Семейде де ешқайда шыға алмаған еді. Келген күні-ақ қалпақтай түсіп ауырған. Ем-доммен, онда да Абай қаласының әкімі Фролов ала шыққан аса күшті шетелдік дәрінің арқасында ес жиып, жан шақырған болатын. Иә, Жәкеңді түсінуге болады, жарық күнді, жамыраған ортаны қимай жүрген көңіл ғой. Өмірге құштарлық десек те артық болмас.

Мен 11 тамыздың кешінде, той алаңынан қайтып келе жатып, көрші киіз үйдің жанында біраз қарағандылық жерлестерге жолыққанмын. Президенттің біздің облыстағы өкілі, сырт келбеті сүйкімді жігіт Нұрлан Омаровты кездестірдім. Киіз үй «Қырғызия» совхозыныкі-ау деймін. Өйткені директоры Қайдар Бурабаев та жүр екен сол жерде. Сусын ішуге бас сұққанбыз. Жағалай үстел қойылып, үстін алуан түрлі тәтті тағамдармен жайнатып қойыпты. Арақ-шараптың небір кереметтері... Әкімдер қонақ күтуге дайындалса несі айып, жөн-ақ екен деймін ішімнен.

Әр ауылдың ұйымдастырған қызықтарын тамашаладық, би биледік, түннің бір уағында көз ілдіргенбіз, мен машина ішіне жатып, таң қылаң бере тұрып кеткенмін. Жыларман болып белгілі флейташы музыкант Бекболат Байсағатов жүр. Осыдан біраз жыл бұрын Алматыдан қалап шақырылған бағалы маман. Қарағандыдан консерваторияның бөлімшесін ашамыз, сен соның бастығы боласың деп.

- Оу, бауырым, не болды? – деймін, кәдімгідей елегізе көңіл бөліп.

- Адам сыйлауды білмейтін безбүйректер. Ит екеш ит те итаяғын тап бүйтіп қызғанбас.

Қойшы, әйтеуір, ызаланып, өкпелеп отырып түсіндіргені: әлдекім сені де шақырыпты дегенге сеніп, әкімдер тамақ жеп, арақ ішіп отырған үйге ақылсыз бала күшіктей арсалаңдап кіріп бармай ма. Ел төбесінде отырған бектердің қалай ас ішкенін көру де – айып, мемлекеттік құпияның үстінен түскенмен бірдей болса керек, Нұралы Бектұрғанов:

- Сені мұнда кім шақырды?! - дейді ғой тіксініп. Қазақстанға белгілі музыкант, әкімдердің қолжаулығында жүрген өнер азаматы маңдайынан тарс етіп оқтау тигендей тұрған жерінде есінен тана сілейіп қалады. Ес жиып, өзіне-өзі келген соң, тірі жан емес пе, ашу-өкпесін білдірген болып, дастарханға шақырылмаған күйі сүтке тиген күшіктей кінәлі сезініп, үйден әзер шығып кетіпті...

Күн көтерілгенше тойшылар да тегіс тұрып, жинақталып алған-ды. Станиславский атындағы орыс драма театрының қырық жыл бойғы директоры, Қарағанды облысының мәдениетіне айтарлықтай еңбек сіңірген құрметті, сыйлы ақсақал Владимир Кириллович Борисов, бір қарасам, бұлқан-талқан: «Бүйткен тойы құрысын, кетемін», - дегенге басып жүр.

- Ау, не болды, ақсақал?

- Сақал-мұртымды қағайын деп электр желісін іздегем. Көрші үйде бар деген соң, барсам, үлкен әкім маған албасты көргендей әкіреңдей жөнелді:

- Неге келдің? Жоғал бұл жерден! - деп ақырды. Өмір бойы ел-жұртқа адал қызмет істеп, жақсы атымды шығарып, азды-көпті абырой таптым ғой деп жүрсем, қартайып келген шағымда жазықсыздан-жазықсыз мұндай сұмдық ащы сөз естігенше, сол жерде өле қалғаным артық еді...

Кейін естідім, үлкен әкіміміз қатты шамданып, ашуланып жүріпті. Неге десеңіз, Семей әкімі оны арнайы шақырып қонақ қылмаған, жөнді ықылас көрсетпеген. «Өмірден түк көрмеген боқмұрын, ол не білуші еді», - деп күйініпті-міс.

Жарайды, Семей әкімі әлі өмір көріп ысыла қоймаған шала екен дейік. Өзі ше? Қарағандыдан өзі бастап алып шыққан ресми делегация өкілдерінен: «Қалайсыңдар?» - деп жағдайларын сұрай салса, тағынан түсіп қалар ма еді? Онсыз да шала желініп шашылып-төгіліп қалатын көл-көсір дәмнен ауыз тиіңдер десе, қазаны ортайып қалар ма еді? Өйтудің орнына елге қадірлі өнер азаматтарына көрсеткен «құрметі» анау ғой. Осы күнгі көп әкімнің әдепсіздігі мен мәдениетсіздігін ХІХ ғасырдағы Ресей империясы губернаторларымен ғана салыстыруға болады-ау деймін.

Қариялар Христенко, Бектұров, Борисов «Қарағанды қайдасың» деп ертелетіп тартып кетті. Той соңының кейбір көріністерін түсіргенше бөгеліп, артынша біз де дереу қозғалдық.

Абай тойы. Ертіс жағасында. (фотосурет күнделік авторының архивінен алынды)

Бірақ біз, өнер адамдары, әкімдерге қанша өкпелеп жүрсек те, ел-жұрт алдындағы парызымызды әрқашан бірінші кезекке қоямыз. Абай тойынан әрқайсысы 45 минуттық екі үлкен хабар дайындадым...

Күнделіктен. Тамыз айы, 1995 жыл.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар